Төкеев Бертай Есмаханұлы Қайырымдылық пен қатігездік


- Шектен тыс ақкөңіл болу да адамды адал жолынан адастырады



бет3/3
Дата01.07.2016
өлшемі197.5 Kb.
#171353
1   2   3

- Шектен тыс ақкөңіл болу да адамды адал жолынан адастырады. Жақсылық жасап, жапа шегіп, жанын жаралаған қаншама жан бар. «Жақсылықты қадіріңе жететін жанға жасау керек»-деген сөз де бар. Көзсіз сенімді бола беру де түбі сергелдеңге келтірер. Өз басын ғана күйттеп, алға өрмелер тасын, өз жеке пайдасын, оны іске асыру жолындағы барлық айласын ойлап жүрген жандар жетерлік. Ал бауырлық, адамгершілік, мейірімділік, адалдық, тазалық, имандылық ұғымдары бірте-бірте өмірден өшіп, жүректен көшіп, қайырымдылық семіп, қатыгездік жеңіп кете ме ???

Қара нанды қақ бөлген,кесапатты жат көрген, көзге айтар кеселді, кесірді қуар нақ төрден ел емес пе едік?!

Кімдерге еліктеп, қайда тартып барамыз, жазылар қашан жарамыз? Оятар биік санамыз ...

* * *


Манап сол түнде шошып айқайлай оянған. Бүкіл денесі терге малшынып, бастырылып қалған екен. Түсіндегі сұмдық қорқынышты оқиғаны еске алып, біразға дейін өзіне келе алмай қойды. Жан жағындағы бейқам шаршап ұйықтап жатқан студет достарын оятып алмайын деп, еппен қимылдап, ауасы тар ыстық бөлмеден сыртқа қарай теңселе шыққан.

Асхана жанындағы ілінген шам жан жағына жарық беріп тұр. Жуынатын жерге дейін Манап зорға жетіп, мұздай сумен шайынып, өзіне әзер келді. Көктегі толық айға қарап, өзінің аруын көргендей тұрып қалған. Жан жағындағы сұп-сұр ,қап-қара бұлттарды көріп, түсі көз алдына елестеді.

Балнұр екеуі қол ұстасып айдын көлдің жанында серуендеп жүр екен. Құшақ-құшақ гүлдерді қызға сыйлаған оның қуанышында шек жоқ. Өңіндегіден тіптен керісінше болып көрінген Балнұр өзін жақсы көретінін айтып, сезімін жеткізе алар емес. Суға шомылуға түскен олар, бір-біріне су шашып, үйлесім мен үндестік тауыпты. Кенет көл астынан көрінген қара дүлей қорқынышты құбыжық Балнұрдың аяғынан шап беріп ұстап, жез тырнақтарымен су түбіне тұңғиыққа ала жөнелген. Жанұшыра шыңғырғанмен ару қыз алпауыттың қолында кете барған. Су астында қанша іздеп таба алмаған жігіт өзі де тұншыға бастағанда Балнұрды айқайлай шыңғыра іздеп оянған еді.

Бұл түсті шешем деп Манап ой түбіне жете алмады. «Сүйіктіме бір нәрсе болып қалмаса екен»-деген уайыммен жігіт таңды көз ілмей атырды.

* * *

Ертесіне Манап жүзімдікте Балнұрды көре алмады. Алаңдаулы жігіт көңіліне көрік берер жанды іздей берген.



Ал Балнұр болса ойнақтап жүріп от басып, енді ғана есін жиып, төсегінде дел сал күйде езіліп жылап жатты. Төңірек тұманданғандай, көңіл көкжиегі күңгірттеніп, көпке дейін өзіне келе алмады.

Еркінбек ерен ерлік жасағандай масаттанып, өзіндей су жұқпас достарына айтылмас сырды жайып салған.

* * *

- Өсек те бір қаулаған өрт, өңменіңнен өтіп, өзекті өртер.

Болған жайт бұрмаланып, жұлмаланып, тіптен керісінше баяндалып, қаншама жанды жылатты, қаншама адамдардың арасын ажыратты. Өсекшінің тілін кесетін, тыңдаушы әрі жеткізушінің құлағын шабатын заң жоқ. Өсек айтпақ түгілі өзге туралы өзгеше пікірді анық білмей тұрып ойлаудың өзі күнә екенін, күнәні өзіне жамайтынын көп адам білмейді де. Бәсекелестік барлық салада жүріп жатыр. Әйелдер қауымының арасында тыңдалмаған өсек жеткізілсе олардың беделін көтеріп әкеткендей, қуат алғандай күй кешер. Сондықтан да олар құлаққа жағымды, жүрекке жақын өсекке асық. Кей еркектердің өзі майдаланып кетіп, бұл абыройсыз тірлікке үлес қосып жүргені қынжылтады. Бір қызығы бүкіл әлемді аралап, армансыз шарлап қайтқан өзгеріп жеткен өсек айтқан адамның өзіне қайта оралғанда сенерін де, сенбесін де білмей, естігенін не естімегенін білмей өсекшінің миы айналып, тілі байланып, таң қалар.

* * *

Қаулаған өсек қаптап, лаулап жанып, өрши түсті. Ойына ешнәрсе кіріп шықпайтын Еркінбек Балнұрдан бойын алшақ ұстап, тіпті ұмытып кеткендей. Жаралы жанды жабырқаулы күйде көрген Манап көздері қанталап, жүрегі жылап, өзін қоярға жер таппай бүкіл әлемді кезген дауылдай дамыл таппай, аспанды кескілейтін найзағайдай күркіреген.



«Балнұр үшін өш аламын, ессіз Еркінбектен есесін қайтарамын»- деп күні-түні жаттығулар жасап, жекпе-жекке дайындалып, өзін тағы да шыңдай түскен. Жоғарғы курстастарынан бір елі ажырамайтын жылпостың Манапты көргенде мазақ етіп, кекесінмен кердең қағатыны жігіттің қанын қайнатып, ызаға булықтырған.

Сексенінші жылдардағы шығыс жекпе-жек өнері өте құпия түрде үйретілетін. Қалада жер астындағы бөлмелерде өте сақтықпен ауыр да қиын жаттығулар жүргізілетін.

Ай жарығымен әбден қара терге түсіп, жаттығуларын жасаған Манап балалық күндері мен жекпе-жекке үйреткен ұстазын емірене елжірей көзіне жас ала еске алды.

Өрістен қайтпаған сиырын іздеп, тоғайда шарқ ұрып, іздеп келе жатқан жеті жасар бала Манап кенеттен құлақ тұндыра шыққан қысқа айқайға селт етіп, қалың шеңгелдің ар жағына жетуге асыққан. Күн әлдеқашан батып, жар астына түсіп, көрінбей , төңірек қарауыта бастаған. Қара трусиімен ғана жүрген ойын баласы шеңгелге денесін сырғызып, масаға таланып, әппақ киінген адамға білдірмей барынша шеңгел арасымен жақындаған. Толық ай көтеріліп, тоғай ішіне сәулесін шашып, талдар талдырмаш қыздай майысып, самал желмен иіле түскен. Анадай жерде қисық мүйізді ала сиырының жайылып жүргенін көріп, кеудесін қуаныш кернеп, қасына жүгіріп барайын деп қалған. Бойын тез жинап, құпия адамның көз ілеспес шапшаң қимылдарына таң қалған. Жігіттік жылдамдықпен, қыранша қайсарлықпен аспанда қалықтаған адам көзінен от шашырағандай, дауысынан найзағай күркірегендей жас балаға керемет әсер қалдырған.

Ұзын таяқтарды сусылдата айналдырып, аяқтары аспанға найзадай қадалып, секіргенде, бала жүрегі қызыға дүрсілдей соққан. Ай сәулесімен алаңқай айқындалып, кішкентай, кішкентай Манапқа көрші тұратын қытай қария екені анық көрінген.

Ұзын таяқ бір сәтте ұзын сыбызғыға айналып, жан жүректі еріткен әуен өзен сыңғырымен үндесіп, әуезімен табиғатпен табысып, үйлесім тапқан.

- Ата, мені де өнерлеріңізге үйретіңізші . Мен де сіздей мықты болғым келеді!

- Айналайын Манап сенбісің? Шырағым қалай қорықпай жүрсің? Жүрегің бар нағыз жігіт екенсің құлыным!

- Ала сиырымды іздеп, ата сізді де, ала сиырымды да тауып алдым. Жақсы болды енді бірге қайтамыз!

Баланың бал үні мен сыңғырлай шыққан күлкісіне, қайтпас қайсарлығы мен еңбекқорлығына қария риза болған. Аяқтарына тікендер кіріп, жүре алмай келе жатқан баланы арқасына салып алып, немересіндей елжіреген. Манапқа сиыры табыла қалғаны қандай жақсы болды. Кейде бүкіл тоғайды араласа да таптырмай күйдіретін де түн ортасында өзі келіп тұратын. Жаттығудан соң «Манап балам іздеп әуре болып жүр-ау»-деп шеңгел арасынан қалдырмай айдап қайтар қамқоршы қарияның бар екенін бала жүрегі қайдан сезсін?

Шығыс жекпе –жегі атадан балаға мирас болып берілетін өнер. Ал қарияның ұлы бұл өнерге жақындамай , өскенде ішкілікке жақын болды. «Бұл құпия да тылсым, дұрыс қолданбаса қауіпті өнерді кімге қалдырам»-деп қария ұзақ жылдар ойланған.

Көрші болып тұрып, туылған сәтінен біліп, таныған Манапты сырттай бақылап, жақсылығына қуанып, жылы сөздеріне жұбанып жүретін Ақыры міне өнерге талпынған балдырған алдынан шығып, сексеннің сеңгірінде үміт сәулесі сезіліп, барлық өнерін осы жас өркенге беруге ұйғарған. Ажарланған ай сәулесімен көріктенген тоғайдағы көк майса шөпте бір-біріне қарама қарсы отырған екі жан байқалады. Кенет сәби дауыспен шыққан «Ант» мәтіні оқылды:

«Мен бұлақтай таза, қиын да қызықты, ауыр да болса аңсап жететін, әр таңың өн бойыңа тазалық пен жаңалық әкелетін, алыстаған сайын жақын боп көрінетін, жақындаған сайын алыстай беретін, жаныңа мөлдірлік пен әсемдік беретін,күшіңе күш қосатын, жүрегіңді тек жақсылыққа жандыратын, өзіңді мәңгі жас боп қалдыратын, сабырлылыққа, адамдыққа, төзімділікке, инабаттылыққа, мейірімділікке, кішіпейілділікке, ақылдылыққа, қарапайымдылыққа үйрететін, жаныңды жадырататын, сәбилік пәктікке әкелдіретін, табиғатпен, аспан әлемімен біріктіретін, ерік пен жігерді шынықтыратын, ешқашан шаршатпайтын, жалықтырмайтын, тынықтыратын, әр күні беймәлім сыр ұқтыратын, жүрегімнен қан боп таралған, «Мәңгілік құдірет күш»-деп саналған, өкпеме ауа боп енген, өзіне жаныммен сенген «Шығыс жекпе-жек өнерлері мен тіріде адамзат баласына қорған болу үшін тамырларыммен бірге жасайды» -деп ант етіп, сенім білдіремін.

Ауылы «Қытай шал»-деп атап кеткен қарияның қазақтың нағыз шыңдалған қайсар, қыран ұлы екенін Манап өсе келе түсініп, ұстазынан «Мың жауынгер» мектебінің мың тәсілін жігіт болғанша ерінбей,жалықпай үйреніп, уақыты келе шеберлікке жетіп, таза меңгерген.



Адамда арман таусылған ба ?

Арқасында көтеріп жүріп небір биік шың, құз, жарларда жаттығуларын үйреткен қарт- қыран бұл күнде жоқ. Ауылға барғанда ерекше езіліп, мейіріммен күле қарайтын ұстазының өмірден түп-түзу жігіт қалпында аттанғанына ел таңдана жыр еткенде Манаптың жүрегі тілімденіп, жанардан жасы жаңбырша жауып, ақ дидарын жуып жатты.

* * *

Еркелеген Еркінбек еркіндігін сезініп, тіпті есіріп кеткен. Төменгі курстағы сұрауы жоқ, момын студенттерді ұрып, соғып, қоқан- лоққы көрсетіп, ақшаларын тартып алып та жүрді. Қасындағы сумаңдаған су жұқпастары мәңгілік бірге болардай бір елі ажырамай отты дауылдай үрлеп үдете түскен. Ызаға булыққан Манап «Асқанға тосқан» мақалы бар екенін есіне салғысы келіп, тастай түйіліп келе жатты.



Көз алдында қолдарын қайыртып, ақшаларын тонатып жатқан курстас досын көргенде шыдамай жүгіре жеткен. Сабыр сақтап «Ақылға келер»-деп Еркінбекке сұрау салған:

- Бұларың не ? Тез арада қоя беріңдер! Әйтпесе сүйектеріңді жинай алмай қаларсыңдар!

- Немене? Сүмелек, саған тіл бітейін деген бе, мақұлық?

Еркінбек жүгіре жеткен жігітті шоқпардай жұдырығымен бар пәрменімен соғамын дегенде көз ілеспес жылдамдықта айналып тепкен Манаптың аяғы құлақ шекесіне тиіп, мойыны сынып, кескен теректей теңселе түсіп, аяғы әлдебір шұңқырға кіріп, порт кетіп, ес түссіз талып түскен. Мұны көріп өре ұмтылған, жабылып үйренген құзғындар көзді ашып жұмғанша қанаттары қырқылып, аяқтары сынып, мойындары шығып, жер құшып жатты.

* * *

Басы оңбаған тірліктің аяғы оңбас. Ауыл шаруашылық жұмыстары бітіп, студенттер оқуға кірісіп те кетті. Ал Балнұр бірте-бірте шеттей түсіп, етене араласа алмай қатар құрбыларынан бөлініп қалды. Өзі институтты тастап кетті. Жоғарғы курстас қыздары сауыққа салынып, қызық қуып, сабақтан көп қалып, үлгерместен институттан шығарылды.

Ессіз Еркінбек көрсеткен қиянаттарының қайтарымын ауыр соққылармен алып, мойыны қисық бітіп, аяғын сылтып басатын, қолдары өмір бақи дірілдеп тұратын жарымжанға

айналды. Ешкімді көзге ілмейтін көзсіз батыр, кесапат, сылқым әрі тәкаппар бір түнде мүсәпір болып, қиянаттың арты өкінішке ұрындырып, ешкім де оған жоламады.

Балнұрдың артынша оқу орнынан қуылған құрбы қыздары жұптарын жазбай Балнұрды тауып алып, жаралы жанды шарап пен өмір ғажабына мас етіп, өксік пен өкініші мол өрге сүйреп, қайта шыға алмас қызықты құрдымға құлдилатты.

* * *

Арада бірнеше жылдар өтті. Манап үйлі, жайлы, балалы, шағалы, жоғары лауазымды қызметкер болса да баяғы жүрек түкпіріндегі Балнұрды ұмыта алмады. Жігіттің құлай сүйгенін білсе де: «Саған қиянат жасап, босағаңды аттай алмаймын»-деп Балнұрдың жылай жүгіріп кеткені Манаптың көз алдында, сол қалпында қалған. Содан бері қаншама жылдар өтті. Үлкен мекемені басқаратын оған хатшы қыз күлімдей кіріп, өзгеше хатты жеткізген. Ашып қалғанда: «Сен бұл хатпен танысқанда мен бұл өмірде жоқпын. Сені бақытты ете алмадым. Бақытыңа тосқауыл болғым да келмеді. Қайырымдылықтан қашып қатігездікке ұрындым. Мені кешіре алсаң кешір және бәрін ұмыт. Мен тағдырымды өзім тәлкекке салған жанмын. Ешкімге де кінә арта алмаймын»деген сөйлемді оқыған. Көз алдына Балнұрдың мөлдіреген жүзі елестеп, Манаптың төгілген жанардағы жасы ақ парақтағы жазуларға түсіп, дірілдеп, өзі шайқалып кетті. Балнұрдың қолын айнытпай таныған. Хаттың мәтіні жүрегін аяусыз тілгілеп жатты.


Сені ойласам өртенеді жүрегім,

Күндіз түні өзің болып тілегім.

Сұлулықтың сиқыры мол болғанмен,

Сол сұлулық таба алмай жүр бір емін.

Жаным жүдеу, жылап тұрып күлемін,

Сені сүйіп, көзді сирек ілемін.

Сұлулыққа бас игенмен бар әлем,

Сыры да мол, соры басым , білемін.


Сұлумын мен, қарар маған сынап та ,

Әр ісімді шебер таңар ұятқа.

Көсемсінген көр соқырлар кездессе,

Бір көз салмай өте алмайды бірақ та.


Сарғайғанмын үміт етіп күзімнен,

Көп достарым шығарыпты тізімнен.

Қой терісін жамылған бір қасқырдан,

Алданғанмын, гүлдей болып үзілгем.


Жаралымын, сезінгенмен кінәлі,

Шын сөзімнің кеткендей ме құнары?

Миым мұңда, қадалады мың ине,

Қалай болдым сұмпайының сыңары?


Кінәлімін, мен ғана ма кінәлі?

Алдау, арбау, ұрлық, зорлық мың әлі.

Жақсылықты жаным қалап ұғады,

Қиянаттан тек қиянат шығады.


Қателессең түзелу де қиын-ақ,

Бүкіл әлем сұлулыққа сиынады.

Пәк сәбидей иманды да ибалы,

Болшы Адам Алла соны бұйырады.


Қателеспе, қате ілессең сор басар,

Алды артыңнан өсек, жала жармасар.

Түні бойы жаныңды жер ұят, намыс,

Күні бойы көлеңкеңдей қалмас ар.


Сені аңсадым, жалын құшып жүрегім,

Күндіз-түні өзің болып тілегім.

Сұлулықта құдірет мол болғанмен,

Сол сұлулық таппай жүр ғой бір емін ...

* * *

Тағдырға не шара ? Қайырымдылық пен қатыгездік айқасқан заман –ай...

Қайырымдылық пен қатыгездік...

Қатыгездіктің қадірі кетіп, аяушылығы жоқ жандардың баянсыз ғұмыр кешкені , тарихтан өшкені, соңы қайырымдылықтың самалы ескені, мейірімділіктің мерейінің өскені белгілі.

Қайырымдылық қараңғылықты жарық етсе, мейірімділік адамдарды біріктіріп, халық етер.

Әрбір жан қолынан келсе қайырымдылыққа құштар, көмектесуге әзір, күнделікті мейірімге зәру.

Қатыгездік адамдардың жанын жараласа, қайырымдылық көңілдерін көркейтіп, жан дүниесін жадыратар.

Қатыгездік қараңғылықта қалды. Қайырымдылық жарықта жарқырап, адамдардың жүректерінің төрінен орын алды.



Сұлулық бүкіл әлемді сақтаса, ғажап өмір қайырымдылығымен, мейірімділігімен қымбат....

06.10.2007ж-15.03.2008ж






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет