Түркілердің әлемдік мәдениет пен өркениеттің дамуына қосқан үлесі мен ортағасырлық Ренессанстың қалыптасуындағы рөлін бағалау.
Әлемдік мәдениеттегі түркілердің орны әлі де толықтай өз бағасын алып болған жоқ. Олардың шынайы тарихы неғұрлым толықтай және жан-жақты зерттелсе, солғұрлым әлемдік тарих, мәдениет пен өркениеттегі алатын орны анық әрі дәлелді бола түсері хақ.
Біздің ойымызша, прототүркілер мен түркілер ғаламат зор территорияларды жаулап алып, үлкен империялар құрып қана қойған жоқ, сонымен бірге, өздерінің соңына ұлы өркениет пен мәдениет қалдырды. Осы қазына қазір негізделе зерттеліп, толықтай бағасын алып, көпшілік қауымға ұсынылып отыр.
Бүгінде бүкіл қоғамтанушы ғалымдар алдында үлкен міндет тұр. Ол – тарихи, мәдени-өркениеттік негізді меңгеру мен көтеру міндеті Қазіргі қоғамдық ғылымдардағы жаңалықтарды, түркілердің әлемдік өркениетке қосқан үлестерін тек айтып, жазып қана қоймай, соның негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетінің жаңа концепциясын құруымыз қажет. Біздіңше, мұның өзі Қазақстан жастарын патриоттыққа тәрбиелеуде, шындыққа негізделген жаңа тарихты бүкіл білім мен тәрбие жүйесіне енгізуде өте зор маңызға ие болмақ.
– Прототүркілерден бастау алатын төл тарихымызды тануымыз қажет. Атақты ғалым-түркітанушы, белгілі қоғам қайраткері Садри Мақсуди 1917 жылы былай деп айтқан болатын: «Біздің аталарымыз ұлы өркениетті тудырған. Түркі халықтарындағыдай мәдени потенциал ешбір халықта жоқ. Біз бұны бүкіл әлем алдында дәлелдей аламыз».
Бұл тұрғыда біз батыстық ғалымдардың деректеріне жүгінсек дейміз. Француз антропологі Леви-Строс тек Еуропа ғана әлемдік өркениеттің дамуына үлес қосты деген концепцияны терістей отырып, былай деп жазады: «Батыстың барлық ғылыми және өнеркәсіптік революциялық кезеңі – адамзат жүріп өткен мыңдаған жылдың жартысын ғана қамтиды. Батыс өркениеті екі-үш ғасыр бұрын тек адамды күшті механикалық құралмен жабдықтауға арнады. Егер осы критерий тұрғысынан қарайтын болсақ, онда адамзат қоғамының даму деңгейінің индикаторы тұрғындар рухына жұмсалған энергияға айналмақ. Американдық негіздегі батыс өркениеті мұның басында тұрады. Егер қауіпті географиялық жағдайларды бағындыру тұрғысынан алсақ, эскимостар мен бәдәуилер алдыңғы орынға шықпақ. Басқа өркениеттермен салыстырғанда, Үндістанда алдыңғы қатарлы философиялық-діни жүйе жасалынса, Қытайда демографиялық күйзелістің психологиялық салдарымен күресетін өмір сүру стилі дамыды. Осыдан үш ғасыр бұрын Исламда батыс мәдениеті осы уақытқа дейін таба алмай келген, адам өмірінің барлық: техникалық, экономикалық, әлеуметтік және рухани формаларына қажет теория жасалынды» деп тұжырым жасайды. Одан ары қарай Леви-Строс Батысқа түркілердің, жекелей алғанда якуттардың қосқан үлесі туралы айтады. Оның пікірінше, бұл тарихи- технологиялық дамудағы сирек кездесетін жағдай: «осы кезеңде (адамдар 15–20 мың жыл бұрын Беринг бұғазы арқылы Америкаға өткенде) әлем тарихында ойға келмес іс-әрекеттер жасалды. Мәселен: солтүстік пен оңтүстік арасындағы табиғи ресурстарды зерттеу, жабайы жануарлар мен өсімдіктерді үй жағдайына баулу, оларды тамаққа, дәрі-дәрмекке пайдалану.
Біз түркілердің әлемдік деңгейдегі бай тарихы ба екендігін енді ғана біліп жатырмыз. Бұл еуроцентристік және таптық концепциялардың ұзақ жылдар бойы үстемдік құруынан. Біз оқитын ресми тарихқа келетін болсақ, онда төл тарихымыздан гөрі басқалар туралы көп жазылған.
Тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен соң, өз тарихымызды толықтай қайта қарастырудың арқасында ондағы еуроцентристік және таптық әдіснаманың тасасында қалып қойған талай ақтаңдақтарымыздың беті ашылды. Түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың да лайықты бай тарихы болғандығын білдік. Бүгінгі таңда олардың әлемдік мәдениет пен өркениетке сүбелі үлес қосып қана қомай, сонымен бірге әлемдік тарихтың дамуына да белгілі бір мөлшерде ықпал еткендігі белгілі болып отыр. Бұл тұрғыда қазақ халқы, Ұлы Даланы тарихи мекені еткен түркі халықтарының бір бөлігі ретінде, әлемдік тарихи дамуға ықпал еткен түркі тарихының, түркі халқының лайықты мұрагері ретінде саналуы тиіс. Сондықтан ол бүкіл түркілердің барлық тарихи жетістіктері мен кемшіліктерін теруге құқы бар. белгілі ресейлік тарихшы-түркітанушы, академик А.П.Окладников та мойындап кеткен. Ол былай деп жазады: «Көне түркілік Сібірдің Батысқа қарағанда, Шығыспен байланысы тығыз болған. Оның тарихы өте терең. Байкал мен Ленаның жағалауында Шығыс пен Батыстың көне мәдениеттері біте қайнасып жатты, осының арқасында сол кездегі күшті мәдени ошақтар өмір сүрді. Бұларсыз біз Еуразияның тарихын толық тани алмаймыз. Байкалдан табылған археологиялық мұралар бұл байланыстарды Дон мен Дунайға дейін алып барады
Түркілер керемет рухани мұра қалдырып қана қоймай, материалдық мұралары арқылы да адамзатты таңдай қақтырды. Түркілердің Қытайдағы Вэй династиясына үстемдігі кезінде Юньган және Лунмэня үңгірлерінде керемет скульптуралық мектеп қалыптасқан. Азиядағы керемет монументтерді түркілер еншісіндегі дүниелер деп айтуға болады, олар: Исфахандағы үлкен Жұма мешіті, Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесі, Аградағы Тәж-Махал, Самарқандтағы Регистан және Стамбулдағы Сүлеймен мешіті.
Үндістанның әлемге әйгілі перзенті Джавахарлал Неру түркілердің қала салу өнерін айта отырып, Үндістан үшін түркілер тек жаулаушылар ғана емес, сонымен қоса өз заманындағы керемет архитектура қалыптастырушы құрылысшылар болғанын айтады. Д.Нерудің пікірінше, Ұлы Моғолдардың архитектурасында үнді халқының рухы, парсы поэзиясы және түркі халқының күші мен жігері бар.
Ш.Монтескье өзінің «Парсы жазбалары» атты кітабында түркілердің жеңісі жайлы жаза келе: «Әлемдегі бірде-бір халық өзінің жаулап алуы мен жеңісі жағынан татарларды (түркілерді) басып оза алмайды. Шын мәнінде бұл халық әлемді билеуші, басқа халықтар оларға бағыну үшін жаралғандай. Сонымен қоса, ол империяларды жоюшы және оны қалыптастырушы. Олар барлық уақытта да, ғасырларда да үстемдікке жетіп отырды. Олар Моғол империясы атты иелікке ие. Олар Персияның билеушілері және Кир мен Гистасктың орнына отырушылар. Олар Московияны бағындырушылар. Олар түркі есімдерімен Еуропада, Азияда, Африкада жорықтарын жүргізді және үш бөлікке үстемдік етті. Ары барсақ, Рим империясын құлатушыларға тірелеміз. Шыңғыс хан жорықтарымен салыстырғанда Александр жорықтары қандай? Бұл халықтың тарихын жазуға тарихшыла да жетпейтін шығар. Қанша ерліктер тарих тылсымына айтылмастан кетті! Олар біз білмейтін қанша империя құрды! Бұл үнемі жеңіске жетуші ержүрек халық, өздерінің ерліктері жайлы болашаққа қалдырмаған халық». Басқаша айтсақ, түркілер өздерінің жаулап алуларымен әлем тарихы мен саясатын бір рет өзгертпеді.
Достарыңызбен бөлісу: |