Төлеубаева күлжазира мейрамқызы қазақ және Орталық Азия халықтарының отбасы, отбасылық әдет-ғұрып, салт-саналары


КІРІСПЕ Жұмыстың жалпы сипаттамасы



бет2/21
Дата02.05.2024
өлшемі0.74 Mb.
#500318
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
КІРІСПЕ


Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Жұмыста қазақ және Орталық Азия халықтарының ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы отбасы, отбасылық әдет-ғұрып, салт-саналары сипатталып, олардың стадиалдық, этногенетикалық, этномәдени түп-тамырларын анықтау мақсатында салыстырмалы түрде сараланып талданады.
Тақырыптың өзектілігі. Бұрынғы Кеңестік дәуірдің қыспағынан шығып, өз егемендіктерін алған қазақтар мен Орталық Азия халықтары өздерінің ұлттық құндылықтарын қайта жандандыруға ерекше мән беруде. Кеңестік тоталитарлық жүйе жағдайында біз қарастырып отырған аймақ халықтары көптеген ұлттық құндылықтарынан айырылып қалды, ал сақталып қалған ұлттық салт-дәстүрлердің бет-пішіні, мазмұны өзгерістерге ұшырады. Ұлттың этникалық қасиеттерінің ең бір құндыларына оның әдет-ғұрыптары жатады. Әдет-ғұрыпсыз ұлт, ұлт емес. Әдет-ғұрып, салт-санасы өзгерген ұлттың ішкі қасиеттері өзгереді, ұлттық рухы әлсірейді, сөйтіп бара-бара басқа этникалық, қасиеттерді қабылдап, трансформацияға ұшырайды.
Әдет-ғұрыптар өмірдің қай саласында орындалуына қарай бірнеше топқа бөлінеді. Олардың ішіндегі ең ірілері: шаруашылыққа байланысты ғұрыптар, үй-тұрмысына байланысты ғұрыптар, қоғамдық-әлеуметтік ғұрыптар. Шаруашылық әдет-ғұрыптары өз кезегінде – егіншілікке, малшылыққа, әртүрлі кәсіптерге байланысты болып бөлініп кете береді. Үй тұрмысына байланысты ғұрыптар, отбасылық ғұрыптар, үй шаруашылығына байланысты ғұрыптар, т.б. болып бөлінеді.
Әдет-ғұрыптардың ішінде «отбасылық» ғұрыптар деп аталатын бөлігі, әдетте «Отбасын құруға байланысты ғұрыптар», «Бала туып оны өсіруге байланысты ғұрып-ырымдар», «Өлген адамды жерлеуге байланысты ғұрыптар» деп үш топқа бөлінеді. Жалпы отбасы ғұрыптары әдет-ғұрыптардың ішіндегі ең толымдысы, құрамы жағынан ең күрделісі. Саяси идеологиялық өзгерістер бұл саладағы ғұрыптарға көп жағдайда тікелей әсер ете алмайды, жанама әсері болады. Сондықтан бұл саладағы ғұрыптар өзгеріске аз ұшырайды, тұрақты келеді. Отбасылық әдет-ғұрыптардың тағы бір ерекшелігі – той жасау, өлікті жерлеу сияқты қалың көпшілік қатысатын ғұрыптық шаралардан басқалары көбінесе шектеулі адамдар ортасында іске асады. Бұл ғұрыптық шаралардың көпшілігі отбасылық ауқымда іске асқанымен, түптеп келгенде олар қоғамдық – әлеуметтік мәні бар шаралар. Бұл ғұрыптар адамдардың рухани кеңістігін толтырады, өздеріне түсініксіз құбылыстарға осы ырым-жоралғылар арқылы олар жауап береді, алдын-ала «шара» қолданады.
Сонымен, этностың негізгі қасиеттерінің бірі болып табылатын әдет-ғұрыптар, оның ішінде отбасылық ғұрыптарды зерттеу этнография ғылымының қай заманда болса да өте маңызды мәселесі болып есептеледі.
Біз Орталық Азияның тұрғылықты халықтары өзбек, түркімен, тәжік, қырғыз, қарақалпақ және бұлармен ежелден аралас жатқан қазақ халықының отбасылық әдет-ғұрыптарын салыстыра отырып зерттемекшіміз, олардағы осы саладағы ортақтастықтар мен этникалық ерекшеліктерді анықтамақшымыз. Аталған регион халықтарының әдет-ғұрыптарын осындай тұрғыда әлі ешкім арнайы зерттеген жоқ.
Жұмыста Орталық Азия халықтары мен қазақтарды тарихи-мәдени ерекше аймақтың суперэтносы (мегаэтносы) деп аламыз. Солардың ортақ мәдени үрдістерінің қалыптасуын біз олардың отбасылық ғұрыптарын салыстыра саралау арқылы анықтауға тырысамыз. Аймақ халықтарының отбасылық ғұрыптарында өте көне тәңіршілдік, зороастрийлік, үнді-ирандық, дейтүркілік, көнетүркілік, шамандық, ортағасырлық мұсылмандық қалдық-қабаттардың бар екендігі шындық, соны біз өз зерттеуімізде анықтай түсуді мақсат еттік.
Орталық Азия және Қазақстанның тұрғылықты халықтарының әдет-ғұрыптарын осындай тұрғыда зерттеу мәдени-тектік (культурогенез) проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Біздіңше, әдет-ғұрыптар тарихын осы форматта, осы аспектіде зерттеу жақсы нәтиже береді және бұл бұрын соңды аса мән берілмеген бағыт.
Б.Н. Путилов өзінің зерттеулерінде салт-дәстүлердің типологиялық ұқсастықтар мен ерекшеліктер дәрежесіне дейін көтерілуі этнография ғылымының өзекті мәселесінің бірі деп көрсетті [1]. Типологиялық ортақтық пайда болу үшін жалпы шарттар, жалпы тарихи-әлеуметтік және тұрмыстық ахуалдар жеткіліксіз. Дәстүрлердің және олардың дамуының ұқсастығы, айырмашылығы заңдылық байланыстары қажет. Қоғамдық даму шарттарының ұқсастығы дәстүрлердегі тарихи типологияны анықтайды.
Қазақтар мен Орталық Азия халықтарының отбасылық дәстүрлерінің біртұтастығы, кейбір ерекшеліктері мен оның себептері зерттеушілердің назарына аса ілікпеген мәселе. Қазақ халқының салт-дәстүрлері көрші халықтар дәстүрлерімен жалпы нұсқасы жағынан бірегей болғанмен, өзіндік ерекшеліктерімен де, әдет-ғұрыптарындағы кейбір өзгешеліктермен де орындалады. ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басындағы қазақтар мен Орталық Азия халықтары өздерінің ортақ этногенезі территориялық орналасуы, жер жағдайы, қоршаған ортаға негізделген әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық типі, тұрмысы, өзара және сырт елдермен қарым-қатынастары, отарлау саясатының әсері, т.б. факторларға байланысты, бір жағынан, ұқсас, ортақ салт-саналар қалыптастырып, екінші жағынан, әрқайсысы өзіндік жергілікті этномәдени дамуға, жоғарыда аталған факторларға байланысты өзіндік әдет-ғұрыптар жүйесін құрды. Біз жұмысымызда регион халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптарын салыстырмалы – типологиялық әдіс арқылы зерттеуге тырыстық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет