Тарау. Одғұрмыш Өгдүлмішке бұ дүниеден
жүз үйіріп о дүниеге бейіл беруді айтады
Берді жауап Одғұрмыш та: «Жөнді сөз,
Мен тыңдадым, сен де тыңда енді сөз.
Сен айтқанды үйрену – жұрт парызы,
Іске асады сонда тілек-арызы.
Жетем деген бұл өмірге мәуелі,
Мына жайды біліп алсын әуелі:
Бейнет көріп, мал жию – бір далбаса,
Неме керек ұзақ жасай алмаса!
4580. Адам байлық қуып кетсе жоқты алып,
Ісі қалар ғибадаттың тоқталып.
Сен келгелі бүгін маған ырғалып,
Міне отырмын ғибадаттан құр қалып.
Бір кісіге кетті уақыт – ұстама,
Мұнша зиян келер іске қыстама.
Мен қалаға бардым-ақ деп ұғалық,
Сонда ағылып келеді ғой бұ халық.
Ғибадатқа қалай бос кез табылар,
Маған жолы табынудың жабылар.
4585. Жас қартайды, түстім бүгін бұ жайға,
Тәуба қылып, табынамын Құдайға.
Қайта оралу бос өмірге қарай да,
Ей, бауырым, енді маған жарай ма!
381
Тыңда, жақсы айтқанды бір қария,
Білім берер, білімі – бір дария:
«Кәріліктің ісін жүрсең жаста етпей,
Қартайғанда күш кетеді, жас жетпей.
Жігіт кезде көп құлшылық ете біл,
Қартайғанда мұң баспайды, – жете біл.
4590. Құлық түзе жас ұлан бір кезіңнен,
Ұлғайған соң от кетеді көзіңнен.
Қандай жақсы жігіт кезең бұл есті,
Ал өзіңе жақсылықтан үлесті.
Жігіт шағын бос өткізген көргенсіз –
«Бейшара ғой қартайғанда дәрменсіз».
Өмір үшін барлық нәрсе, басқалар,
Өмір бітсе, барлығы да бос қалар.
Өмір бойы мал жиярсың аяр боп,
Дем үзілсе кімге қалар даяр боп!
4595. Сен айтқан соң – білдім «патша», «Сарайды»,
« Халық құлқын», «дос-жаранды», жарайды!
Кісі өледі, не пайда бар құр сөзден,
Басқа түк жоқ екі бөлек бір бөзден.
Адам арып, әбігерге түседі,
Екі тілек үшін күйіп–піседі:
Бірі – малмен мәртебе алып бір өсу,
Бірі – сөзін заң етем деп күресу.
Бұл екеуі келсе жақсы асталып,
Бақи болсаң өлім келмей бассалып.
382
4600. Менен өлім мұны бөліп шектенді,
Бұ Дүние неме керек текке енді?
Белгісі бар бақтың жұртқа білінер,
Жақсылығы күнде көзге ілінер.
Өте жақсы айтқан екен бір дана,
Тыңда, мұны сен өзіңе сыр сана:
«Сол бақытты: ер қартая бастаса,
Жақсы болып, жамандыққа баспаса.
4605. Бұл адамның бақытсызы сол болар, –
Қартайғанда құмарлығы асса аса!»
Кәне әлемді билеп тұрған жалғыз жан*,
Өзіне кент, темір қорған салғызған?
Кәне жаулап дүниені қысқан ит*,
Қарақұсқа мініп көкке ұшқан ит?
Кәне «Құдай – мен!» –деп айтқан күбіне*,
Тәңірі оны тыққан теңіз түбіне?
Кәне жиып бар байлықты жұтынған*,
Байлығымен жер түбіне жұтылған?
4610. Кәне «Шығыс, Батыс бер, – деп, – жол маған*,
Елді, жаулап, дүниені жалмаған?
Кәне асасы жылан болып кететін*,
Қақ айырып көк теңізді өтетін?
Кәне үстемдік еткен пері, диюға*,
Күші жеткен құеты, адамды жиюға?
Кәне өлгенді тірілтетін пақырың*,
Бейгүнә боп өзі де өлген ақыры?
383
Өлім, міне, ең таңдаулы досты алды*, –
Кең дүние жеміріліп бос қалды.
4615. Айдады өлім – кетті бұлар саналған,
Қояр ма екен сені де өлім жан алған?
Бұ дүние заңы осылай – керіспе,
Ұста заңды, ұстамасаң – кіріспе!
Қара жердің қойыны – өмір қақпаны,
Қаншама адам кірсе, тоймас оқпаны.
Қара жерді ашып көрсең, батыр-ау,
Талай ерлер қанжылаған жатыр-ау!
Не бір бектер болып жатыр қара жер,
Не білімдар, даналар да «дара» – дер!
4620. Бекті құлдан айыра алман өзім де,
Бай, кедейді айыра алмас көзім де.
Ауырмай-ақ, кердең қағып, шұрқ кетпей,
Жер астына кірді, жатыр тырп етпей.
Жер жастанды бұлар тауып ретін,
Сонда сен бе, мен бе тірі жүретін?
Жүріп-тұрған жол шегеді, қалмайды,
Ұлы жолда ешкім үй-жай салмайды.
Қам-тілектен алыс етті ой мені,
Нәпақамды Құдай берер, қой мені!
4625. Құл қылады ашкөзділік, сөзім жоқ,
Тәрік қылдым ашкөздікті, көзім – тоқ.
Дүниеден ер көңілі қайтыпты,
Тәрік етіп сонда кісі айтыпты:
384
«Не қаласам – таптым енді өзім де,
Тоймайтұғын сұғын қойды көзім де,
Дүниенің қам-тілегін тәрік еттім,
Тілек бітті, аяқталды сөзім де!»
Дүниенің іші егінжай есебі,
Ексең нені – ертең өніп-өседі.
4630. Езгі ұрықты ексе – езгілік өнеді,
Жеп, киетін нәрсе ғой ол – жөн еді.
Жаман ұрық ексе – өнеді жамандық,
Мойынға жүк, ертең болса амандық.
Бұ қызықтың бәрін қойдым, жақсы ұлық,
Өйтпей ертең таба алмаспын жақсылық*.
Сен өзің қой – Жалған сені қоймаса,
Сен өзің той – Жалған саған тоймаса.
Сен қоймасаң – Жалған сені қояды,
Сен тоймасаң – Жалған саған тояды.
4635. Неме керек – өтер жалған қаржала,
Қойса сені – сен өзің қой біржола.
О Жалғанды енді тіле сақи боп,
Жан рахат сонда жаса бақи боп!
Бұдан жақсы тілесең ой сендірген,
Тілей көрме екі өмірді сен бірден.
Сен тілегін екі өмірдің Иесін,
Ақыретте соған басты иесің.
Жаратқанның жаратқаны – сенікі,
Жасағанның жасағаны – сенікі.
385
4640. Жаратылған жаннан, сірә, қорықпа,
Сүйеніш тұт, Жаратқаннан қорық та.
Жаратқанға табынуды қалдыру, –
Жаратылған жанға бойды алдыру.
Екі түрлі қызметті өтер ер:
Бірі – еңбекпен кісі басын көтерер.
Бірі – еңбекті жарамайтын етеді,
Күн, уақыт, өмір босқа кетеді.
Бек көтерер қызыметі ұнаса, –
Мәз болады қызметші тым аса.
4645. Ашты-тоқты – тиылмасын жүгіріс,
Бек жатқанда – біте берсін не бір іс.
Егер еңбек жарамаса түк өнбей,
Өмір босқа кетеді ғой түгелдей.
Несі пайда қызыметтің ішінде,
Қандай пайда қызыметші үшін де?
Ыла адамы айтқан, тыңда, сөз дайын*,
Ол айтады жұмыскердің өз жайын:
«Тым қиын-ау бектер ісі нақ осы,
Қанша істесең тез ақталмас бағасы».
4650. Ұнаса ісің – өз еркің жоқ бір ерсің,
Ұнамаса – көз түрткі боп жүрерсің.
Сене көрме: қызыметтің сүргіні
Басыңды жер ақырында бір күні.
Бір сүйінсе, сөгер – басың иілер,
Бір ашылса – зіл қабағы түйілер.
386
Бар қылығын біліп болмас, сірә да,
Сырын білу мүмкін емес бұрада!»
Бұ Дүние – борандатқан жел, аза,
Құр көлеңке бермейтұғын ол маза.
4655. Ол – бір сағым, көрінеді тек енді, –
Жоқ болады сен ұстайын дегенде.
Дәулет-бағы келер кезі келгенде,
Тез қартайтар фәни өмір желгенде.
Керек емес маған өмір безегі,
Кездесуі бақтың келіп кезегі.
Ием жады – қуанышым қуанар,
Жарлығы оның – жуанышым жуанар.
Сүймесе ешкім – Ием сүйсе, сол жетер,
Жалғыз жауым сайтан болды, ол да өтер.
4660. Бір Иемнен тілегім де үмітім,
Сыйынатын, қуанатын күні-түн.
Асым – арпа, бар кигенім – қой жүні,
Бар дүнием түгел болды, қой мұны.
Тыңда, айтыпты бір мейірбан мұратын,
Тақуа адам таза үңгірде тұратын:
«Алдым бәрін дүниеден керекті:
Қой жүн – киім, жейтінім – сөк, кебек-ті.
Қамқа, жібек тендес маған бөз киім,
Күріш ботқа – бал-шекердей қорек-ті!»
4665. Ішім, жемді тойғанша же бас тық та,
Арпа ботқа басса болды аштықты.
387
Ішіп көже, ылғи нан же, арайым,
Сиыр болма – бұзылар іш-сарайың.
Тәтті қума, тәтті азабын ерен көр,
Тәтті жесең – орның болар терең көр.
Ащы, тәтті ас, бұ – құлқынның ләззаты,
Құлқын қуған адам болар мал заты.
Қамқа, жібек – киімі елдің көбінің,
Қыл жетерлік жан мен тәннің кебінін.
4670. Бір тойса адам – екі күнге жетеді,
Бір киінсе – екі жылға кетеді.
Бұл екеуін табам деп мен малайша,
Біреу ісін істеп жүрем қалайша?
Заңғар көк пен сызды жердің арасы, –
Бәрі бірдей мұңлы боп тұр шарасыз.
Тіпті мұңсыз жалғыз Құдай, жар – осы,
Мәлім оған бар қайғының жарасы.
Көңіл беріп, «бір Құдайды бар» дейім,
Мен жүремін ойлап соны әрдайым.
4675. Соның бәрі – күмәні жоқ, ойға дөп,
Дәл келеді, көңіл сенген жері көп.
Көрмей ұйқы сенем – жоқ қой хабарым,
һәм белгісіз оны қайдан табарым.
Иемді іздеп мен ұйықтамай бүлемін,
Өзін көрмей, нышандарын білемін.
Тынба, ұйықтама, ізде – «жоқ» деп айтпағын,
Таппадым деп жатпа, жолдан қайтпағын.
388
Ылғи тынба, талмай ізде жол бастап,
Таппадым деп жатып алма жамбастап.
4680. Іздегендер жүгіріп жол таптайды,
Босқа жатқан іздегенін таппайды.
Әр нәрсені тынбағандар үлгерер,
Тыныш жатса іздегенін кім берер?
Құдай мені жаратқан-ды ағатсыз,
Енді оны мен іздеп жүрмін тағатсыз.
Ол әуелі мен тусын деп қалады,
Содан өзі мені баурап алады.
Сол Иемді сүйетұғын сезімде
Асығамын табуға іздеп өзім де.
4685. Жалғыз жүрген зар күнімді ақтайды ол,
Қайғы, бәле келсе қорғап, сақтайды ол.
Мені тілеп жаратты да сайлады,
Содан менің көңілімді байлады.
Ол жаратты, бұл – шын сөзім, бұл – қайғым,
Тәрбиелеп өсірді, өзім ұлғайдым.
Бездім елден, Алла сынар бағымнан,
Ол сақтайды мені барлық жағымнан.
Ием жады жетер жалғыз қалғанда,
Сөйлесемін Иемді еске алғанда.
4690. Жұбанарым, сыйынарым, таяныш,
Тойынарым, себер мейір, аяныш.
Бір кісі айтқан пәктігі тым әрі асқан,
Иесімен пиғылы шын жарасқан.
389
«Сырымды ашып саған айтам аңсаған,
Арыз-тілек алып ұшам мен саған.
Қуанатын, сыйынатын Ием – сен,
Бәрін тастап асығады жан саған!»
Оның үшін бұ жалғанды таста оңай, –
Онда орын жоқ бұл орынды тастамай.
4695. Бәрін басып тастамасаң тізеге, –
Төрт нәрсені асырмайсың жүзеге:
Бұ Жалғанды таста бастан асырып,
Ақыретпен жымдас соған бас ұрып.
Бұ Жалғаннан қалмай қойсаң жармасып,
Мәңгі өмірге жете алмайсың қармасып.
Бұл өмір – у, іздеме оның азасын,
Сен іздегін ішім, жемнің тазасын.
Бұ Жалғанның бүтіндеме жапсарын,
Іздеу керек ақыреттен жақсы орын.
4700. Бұл – ақиқат, ей, Өгдүлміш қандасым,
Білгенді айтам, оны халық аңдасын.
Жалған ісін тәрік етпей әрқайсың,
Ақыреттің ісін істей алмайсың.
Алыс болмай адамдардан жырақтап,
Құдай жолын ұстау қиын тұрақтап.
Қам-қызығу талабын кім істейді, –
Жолына кеп туралықтың түспейді.
Шығар естен дүние үшін күюді,
Сонда Құдай береді шын сүюді.
390
4705. Бұ дүние – мұсылманға бір түнек,
Бейрахат өтетін жер бір түнеп.
Ерік берме қу нәпсіге, бұ – сесің,
Сол арқылы тура жолға түсесің.
Бос өткізбе бұ күніңді, ой-талап,
Өткен күнді таба алмайды қайталап.
Бос кетсе күн – өкінесің, қасқа-ау бір,
Бос кетсе өмір – таба алмайсың басқа өмір.
Көр, білімі теңіз адам не депті,
Өзі момын, ойы биік, әдепті:
4710. «Елден елге кісі көшпек болғанда,
Жөн істейді көшін алға салғанда.
Көшпей тұрып, көш жіберсе ең бұрын,
Көшіп барып, қандырады көз нұрын.
Жібер көшті, құй жіберме – таң қалма,
Ақырында сен көшесің – аң қалма.
Бек те, құл да тірі қалмас деседі,
Бәрінің де жолын өлім кеседі.
Он сегіз жас, мың жас та өтер тыз етіп,
Өлесің ғой, жақсы ат қалдыр із етіп.
4715. Бай, кедейлер өмірден не ұтады,
Бұл өмірді өткен ай, күн жұтады.
Ұлы атақпен көкке тисе ер мойны,
Кіріп жатар орны – қара жер қойны.
Адам туып, болса босқа жататын,
Ол – хайуан өзін отқа ататын!»
391
Адам аман жасаса құр еріксіз,
Өмір болар, ей, туысқан, көріксіз.
Сен ойлама менің қайғы, басымды,
Же қайғыңды төгіп көзден жасыңды.
4720. Бұ тұзақшы Жалған шалар ұзақтан,
Сен ілінбе – жібермейді тұзақтан.
Келген дәулет қалауынша саяды,
Сен иланба – және жылдым таяды.
Қапы қалма, өлім, әсте, таңдаусыз,
Бір тасадан шыға келер аңдаусыз.
Өлім мыңдап қапы өмірді қиған-ды,
Өлім шашқан талай-талай жиғанды.
Зерек кісі айтқан – құлақ сал-дағын,
Сен өлімнен, байқа, қапы қалмағын:
4725. «Өлім талай адам тобын таратқан,
Өлімді ойлап, көзімнен жас-зәр атқан.
Қару, әскер – бәрі пайда қылмады,
«Мен-мен!» деген қуларды алды Жаратқан!»
Қалма қапыл – өтер өмір белгісіз,
Өтер күндер, өмір қайта келгісіз.
Құр өтеді рахат күн, уақытың,
Сенбе опасыз сұрқия ғой бақытың.
«Мен күштімін, дәумін!» десе – жұтты өлім,
«Мен ұлықпын!» дегендерді ұтты өлім.
4730. Өлім бұзды ұлыс, кент, орданы,
Өлім бұзды қорған, сарай, ортаны.
392
Неше мың жан астында бұл сыз жердің,
Жатыр күтіп келер күнін біздердің.
Көзіңді ашып, қарашы бір қайыра:
Құлдан бекті білесің бе айыра?
Өлім келіп көп ұлықты таптады,
Бұ қашқандар өлімге амал таппады.
Өліп кетті қасиетті пайғамбар,
Кімде дәру, қару, енді қай қам бар!
4735. Бұ сенімсіз Дүниеге асық кім? –
Арам – құлқы, қылығы да пасық тым.
Не де болса, өтер күндер, заман да,
Тура, қисық, не бір жақсы, Жаман да.
Өтеді өмір ашты-тоқты, бос текке,
Өлім төнер байға, құлға, не бекке.
Бұ Жалғанда ләззат, бейнет керек пе,
Мұншалықты айқай мен шу өрекпе?
Дана айтыпты жақсы сөзді ұғатын,
Қылығы мен ісі бірге шығатын:
4740. «Аз табысқа мас болатын қалып бар,
Содан сөзі көк үстінде қалықтар.
Кеуде керген күпілдектер – өлім кеп,
Кеуде қаусап, көзі шығып шалықтар!»
Бұ сөзімді мейірімге балау ет,
Міне, саған айттым енді салауат!
Шын білетін ерге халді, ол жайды,
Бұ Дүние оған жақын болмайды.
393
Жігітшілік өтіп, жетті жасым да,
Қарасы азып, ақшыл тартты басым да.
4745. Енді маған құру жоқ қой сайындық,
Ендігі кез – тек өлімге дайындық.
Меңдеп өлім, қайғысы кеп қысқандай,
Өлімнен соң болады екен іс қандай?
Қайғы-уайым тартып жүрмін төзімді,
Патша ісіне бағыштамай өзімді.
Сөз шешімін патша маған тіресе, –
Пайда, жәрдем болмас менен тілесе.
Десе мені «о Дүние қосшысы»,
Ол ойласын «қасымда» деп достысы.
4750. Адамзатты Құдай өзі бар етті,
Екі ісі үшін ат беріп ол жаратты:
Болуға бек тозақ я жұмақта,
Құрмет үшін я сорлы тым – ақ та.
Қадір-құрмет жолын берер қанық қып,
Сорлылықтың жолын берер анық қып.
Құл өзінің құлдық ісін орындар,
Бір Құдайға табынса егер – орын бар.
Болса Құдай таупығының өз құлы,
Жол ашылар жақсылыққа езгі ұлы.
4755. Болса қатты ғибадатқа берілер,
Түмен түрлі ізгілік жол өрілер.
Міне менің білгендерім – енді осым,
Айттым саған, сен тыңдадың, ей, досым!
394
Жұртқа менен бір пайдалы сөз керек,
Менен гөрі сөзім осы езгірек:
«Жөн-жорығы ақыреттің осындай,
Бұ Жалғанды білесің өз қосыңдай.
Құт қонады жолың болса, сен егер,
Не тілесең – бәрі болар, сене бер!»
4760. Не бар менде ізгі ісімнен басқа бір,
Пайда қылсын осы істерім досқа бір!
Тәңірі үшін патша тапса қолайын,
Ізгі ісіне мен дұғагөй болайын.
Егер білім сұрар болса ол менен,
Айт сөзімді саған айтқан жолменен.
Бұ сөзімді тыңда, боп тұр сен де есен,
Ертең көзің жетеді ғой сенбесең.
Жақсы айтыпты білім жиған теңіздей,
Жүзеге асыр бұ сөзді екі дегізбей:
4765. «Бүгін бұ сөз көрген түстей табы бар
Ертең онда шындық болып табылар*.
Қалма ғапыл, сөзді орында – құт болар,
Іске аспаса бұл өзіңе жұт болар!»
Үзірім бар, патшаға сен барасың,
Ол кешірсін – істе ылажын, шарасын.
Бейнет тарттың көп боп келім, барымың,
Берсін Құдай күн жайнатып қарымын.
Мен үшін сен жүрегіңді сыздатпа,
Қақпа шетке, көңіліңді мұздатпа!»
395
Достарыңызбен бөлісу: |