Түркі халықтарының әдебиетіндегі сопылық ағым өкілдері және Қожа Ахмет Йасауидің ақындық мектептері



бет1/3
Дата09.06.2016
өлшемі423.93 Kb.
  1   2   3
Түркі халықтарының әдебиетіндегі сопылық ағым өкілдері және Қожа Ахмет Йасауидің ақындық мектептері
Қожа Ахмет Йасауи негізін салған хикмет жанры Орта Азиядағы түркі халықтары діни поэзиясының бастауы әрі негізгі жанры болып табылады. «Түркі тілді діни поэзия» дегеніміздің өзі сопылық поэзия болып табылатындықтан, тек йасауийа жолының ғана емес, нақшбанийа тариқатының түркі тілді өкілдері де хикмет жанрымен жырлауды үрдіс етіп алды. Діни бағыттың бүкіл ортағасырлық поэзиядағы басты бағыт болып саналатынын, ал «түркі халықтарының лирикалық позэиясы сопылық поэзия негізінде туындағанын (А.Бомбачи) ескерсек, көрнекті ғалым Ә.Қоңыратбаев атап көрсеткендей, Әлішер Науаиге дейінгі Орта Азиядағы ақындық мектеп Қожа Ахмет Йасауи мектебі болғанына көзіміз жете түседі.

Сүлеймен Бақырғани. Йасауидің ақындық мектебінің ең көрнекті өкілі - Сүлеймен Бақырғани (Хакім ата). Йасауидің тікелей шәкірті болып табылатын бұл тұлғаның өмірімен шығармашылығы бірқатар зерттеулерге арқау болды. Бақырғани жайлы аңыздық деректер өте көп, біршама нақты мәліметтер де кездеседі. Хакім ата 1104-1186 жылдары өмір сүрген деп саналады. Ақын өмірінің алғашқы кезеңіне қатысты аңыздардың назар аударуға тұрарлық тұспалды мәні бар. Солардың бірі Құл Сүлейменнің Йасауиге мүрид болып, қызмет етіп жүрген кезімен байланысты. Бірде Қызырмен сұхбаттасып отырған Йасауиге тамақ әзірлеу үшін шәкірттері отын әкелуге шыққанда, жаңбыр жауып кетеді де, балалардың әкелген отыны су болып, тұтанбай қояды. Тек өз тонына орап жеткізген құл Сүлейменнің отыны ғана құрғақ болып шығып, тұтанып, ас дайындалады. Шәкіртіне разы болған Қожа Ахмет оған: «Хакімдік іс қылдың, сенің атың Хакім ата болсын» дейді. Осы сәтте балаға Қызырдың да назары түсіп, батасын бергендіктен, сол күннен бастап Құл Сүлейсменнің бойына бөлекше дарын бітіп, хикмет айта бастайды.[1.3б] Аңыздағы осы деталь ерекше назар аударуды қажет етеді: Йасауидің хикмет айтуы «Хактан пәрмен» арқылы болса, Бақырғанидің хикмет айта бастауы да Қызырдың батасымен байланысты болады. Шегініс жасап айта кету лэзім: «Киелі ілім, қасиетті өнер тылсым күштердің қолдауы нәтижесінде дариды» деген ұғым - қазақы ділдің де темірқазық құндылықтарының бірі. Ұлтымыздың арқалы ақындарының көпшілігінің өлеңге қадам басуы түсіне енген ақ сақалды қарияның (оны әдетте Қызыр деседі): «Өлең аласыңба, көген аласың ба?» деп таңдауды өзіне тастауынан басталады. Талапкер дарын ерікті-еріксіз өлеңді таңдайды да, ұйқыдан оянысымен өлеңдетіп жүре береді». Мән берілуге тиіс тағы бір нәрсе: Қызырдың назары түскен жан не өлеңді, не көгенді таңдауы керек, яғни өнер мен байлықтың бірін ғана алуға хақысы бар. Мұның өзі өнер жолына түскен жан дүнияуи игіліктерден бас тартып, рухани құндылықгарды насихаттау жолында барлық азап пен тауқыметке дайын болуға тиіс деген ұғымды білдіреді. Бұл да рухани кемелдікке жету үшін мал мен бақты тәрк етіп, саналы түрде кедейлікке - ғаріптікке түсетін, ел-жер кезіп, жоқшылық көріп, Хақ жолдағы уағыздайтын сопы-дәруіштердің жолы. Осы дүниетанымдық сәйкестіктерден қазақ даласындағы ақындық өнер мектебінің Йасауи дәуірінен бері үзілмей келе жатқаны, оның өкілдеріне заманалар бойы ортақ тағдыр, ортақ құндылықтар, ортақ ұстанымдар тән болып келгені аңғарылады.

Құл Сүлеймен ұстазы Йасауидің нұсқауымен Хорезм төңірегіндегі қыстақтардың біріне келіп мекендеген, тариқат ілімін таратады. Қыстақтың «Бақырған» аталып, осы лақаптың Сүлеймен есіміне қосылуы, оның Боғра хан қызы Анбар анамен некеленіп, үш ұлды болуы, ақынның отбасындағы оқиға-хикметтер мен дүниеден өтуі жайлы аңыз-әңгімелер оның өмір дерегінен де едәуір мағлұмат береді (Бұл аңыздар басқа зерттеулерде жазылып жүргендіктен тоқталмай отырмыз). Шығармашылығы тұрғысынан келгенде С.Бақырғани хикмет дәстүрін жалғастырушылардың көшбасшысы, Йасауи шәкірттері арасындағы ең мол әдеби мұра қалдырған тұлға peтінде ерекшеленеді. Автордың «Бақырған кітабы», «Ақырзаман кітабы», «Расул миғражы», «Бибі Мәриям» дастаны, «Жарты алма» қиссасы» секілді шығармалары бар. Соңғы үш туынды бір ғана оқиғаға кұрылған дастандар ретінде жазылған. «Ақырзаман кітабы» - қиямет күнінің белгілерін поэзия тілімен суреттеген туынды. Ал «Бақырған кітабы» «Диуани хикмет» секілді бертініректе құрастырылып, XVIII ғасырға дейін толықтырылумен келген, хикмет жанрында жазылған көптеген шығармаларды қамтыған жинақ болып табылады. Сүлеймен Бақырғанидің ақындық мұрасын зерттеген Н.Мәтбек 1901 жылы Қазанда жарық көрген «Бақырған кітабын негізге ала отырып, 135 хикметтен тұратын еңбектегі қай авторға неше хикметтің тиесілі екендігін санамалап көрсеткен.[ 2.10 b] 2000 жылы Қазан қаласында «Бақырған кітабының» 1847 жылы жарық, көрген ұсқасы қайта жарияланды.[3] Біз қарастырғалы oтырған осы нұсқада Н.Мәтбек зерттеген басылымнан едәуір өзгерістер бар боллғандықтан, накты мәлімет беруді жөн көріп отырмыз. Аталмыш жинақта Бақырғанидің 36 хикметі мен 3 қиссасы, Хатаидің 1 қиссасы, Йасауидің 12 хикметі, Ражидің - 1, Машрабтың - 10, Шәмсатдиннің - 27, Құл Шарифтің - 5, Худайдадтың - 5, Иқанидің – 19, Убайдидің - 16, Шаха Шаһудидің -1, Гидаидің - 2, Fазалидің – 1, Нәсимидің - 1, Фақиридің -1, Рафидің- 1, Қасым шайхтың- 1, Ғарибидің - 1, Кәрім Хуббидің - 1 хикметі қамтылған. Барлығы 141 хикмет пен 4 қисса, яғни 145 поэзиялық туынды бар.

Белгілі өзбек ғалымдары И.Хаққул мен С.Рафиддиновтар 1848 және 1898 жылдары Қазанда жарық көрген «Бақырған кітабындағы» тек Бақырғани қаламына тиесілі хикметтер мен қиссаларды іріктеп, 1991 ж. Ташкент қаласынан жеке жинақ етіп шығарды.[1] «Бақырған кітабының» Қазандық толық нұсқаларының бірі ҚР Ұлттық Кітапханасының Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы тұрғанымен, бұл еңбек қазіргі әліпбиімізге транскрипцияланып немесе қазақ тіліне аударылып, жарық көре қойған жоқ.

Құл Сүлеймен хикметтері мазмұны жағынан да, өлең құрылысы жөнінен де көп ретте Иасауи туындыларына ұқсас болып келеді. Мұның өзі қос автордың шығармаларын шатастырып, бір-біріне телуге себеп болып келді. Дегенмен бір жанрда жырлап, бір идеяны уағыздаса да, әр шығармашылық иесінің өзіндік қолтаңбасы болатыны айқын. Йасауи мен Бақырғани хикметтерінің басты айырым белгілерін үш жағдайдан көруге болады: Біріншіден, түркі сопылық поэзиясының негізін салып, тың жанр калыптастырған Йассауи туындылары мазмұн тереңдігі, тіл көркемдігі жөнінен Бақырғани хикметтерінен оқ бойы озық тұрады; екіншіден түрліше өлкеде ілім таратқан ақындардың шығармаларында тілдік тұрғыдан біршама өзгерістер калыптасқан; үшіншіден, ортағасырлық Шығыс әбиетінде қалыптасқан үрдіс бойынша әрбір туындының соңында автор есімі беріледі және ол көп өзгеріске ұшырай бермейді. Екінші тұжырымды айтар болсақ, Йасауи хикметтері Сыр бойындағы оғыз-қыпшақ тайпаларының тілдік ерекшеліктерін таза сақтаған болса, Бақырғани поэзиясында Хорезм өлкесіне тән болған ұйғыр-қарлұқ диалектісінің кейбір белгілері байқалады. Бір ғана ньюансқа тоқталайық. Йасауи хикметтерінде қаратпа «-а» шылауы негізінен есім сөзге («мен-а», «достларым-а»), ал сирек жағдайда I жақ, келер шақтағы етістік тұлғасына («көшерміз-a») жалғанса, Бақырғани шығармаларында ол үнемі ІІІ жақтың өткен шақ тұлғасындағы етістікпен қолданылады. Нәтижесінде етістіктің соңындағы -ы, -і жалғауларының әсерінен «-а» қаратпа мәнді шылауы «-йа» тұлғасына өзгереді («келді-йа», «барды-йа», «дейді-йа»; жазылу түрі «келдия», «бардия», «дейдия» болып беріліп жүр). Осы ерекшелік Мауараннахр өңірінде өмір сүріп, шығармашылық із қалдырған барлық хикметші ақынға тән. Көрсетілген тұлғадағы етістіктермен келетін Йасауиге телінген хикметтердің кейбірі Сүлеймен Бақырғаниге, кейбірі Құл Шариф Бүхариге тиісті екендігі біздің зерттеулеріміздің барысында айқындалып отыр. Аталған ерекшелік сондай-ақ бүгінгі тұрғындары - өзбек халқының әдебиетінде де кеңінен көрініс тапқан.

Белгілі бір ілімді ортақ ұғымдар арқылы бірдей жанрда насихаттап отырғандықтан, Бақырғани шығармаларында Йасауи хикметтерімен мазмұндық ұқсастықтардың көп болуы заңды да. Пішін тұрғысынан келгенде де Құл Сүлеймен ұстазы салған қалыптан көп ауытқи бермейді. Бұл біріншіден ұстазға, ол қалыптастырған дәстүрге деген құрмет пен адалдықтан туындаса, екінші жағынан Йасауи хикметтерінде сол тұстағы түркі поэзиясына тән белсенді қалып-өлшемдердің өңделіп, түгелдей дерлік қолданылуымен байланысты. Оның ішінде Йасауи бірінші болып түркі поэзиясына енгізген ғазал жанры да бар. Пішін түрінің молдығы эмоциялық реңкі бай мазмұнды қамтуға мүмкіндік беретіні белгілі. Демек, Йасауи негізін қалаған көп өлшемді хикмет жанры сопылық поэзияның көп қырлы мазмұндық қабаттарын, аса бай сезімдер палитрасын бейнелеп жеткізуге мүмкіндік беретін бірегей қалып-үлгі қызметін атқарған. Хикмет жанрының көлемді уақыт пен кеңістікте жалғасын тапқан өміршең болмысы осыны делелдейді.

Бақырғани туындылары көп жағдайда Йасауи хикметтеріне стильдік еліктеу немесе оларды қайта жырлаудан гөрі нәзирагөйлік үрдіспен жалғастыру, жауаптасу секілді әсер қалдырады. Осы тұста айта кететін бір мәселе - отандық әдебиеттануда нәзирагөйлік - эпикалық туындыларды қайта жырлауға қатысты дәстүр болып саналса, түрік ғалымдары ғазал секілді таза лирикалық жанрда да нәзира үлгілері болады деп есептейді. Түрік әдебиетінде мұның көптеген көрнекі мысалдары да бар. Йасауи «Диуанында» он торт буынды қос тармақты ғазал үлгісімен жазылған «Пейіш пен тозақ айтысы» деп аталатын хикмет бар. Бақырғани де осы өлшемді сақтай отырып, «¥жмақ пен тамұқ айтысын» жырлаған. Екі хикметтің басталуы мен аяқталуы бірдейге жуық, соңындағы автор есімінде ғана айырма бар. Шығармалардың негізгі мазмұндық желісі де сәйкес келеді, өзара мәндес сөздермен арнайы қайта жазылғандай әсер қалдырады. Осындай сәйкестіктер Йасауиге телінетін «Дәруішлер сұхбатында» хикметі мен Бақырғани жазған «Еранлар махфилінде» хикметтерінде, Йасауидің «Қаһһар атлығ қаһрында» туындысы мен Бақырғанидің«Рахман атлығ рахматың-да хикметінде, сондай-ақ Йасауидің «Йол үстінде олтуруб», Бақырғанидің «Йол башыға келибан» атты шығармаларында және қос автордың да «Не хош татлығ Хақ йады» деп басталатын хикметтерінде молынан кездеседі. Ұйқас түзуші компоненттердің «бар», «йоқ», «ерміш», «керәк» көмекші етістіктерімен келуі, әрбір жұп тармақтың сұраулы сөйлем ретінде берілуі, «достларым», «дәруішлер», «илаһим» қаратпа сөздерінің тұрақты түрде қайталануы секілді ерекшеліктер де екі автор туындыларына ортақ.

Құл Сүлеймен өз хикметтерінің негізгі өлшемі ретінде ұстазы қолданған 12 буынды, төрт тармакты құрылымды таңдаған. Бірақ пішінге аса ұқыпты емес, бәлкім өлең техникасын игеруі жеткіліксіздеу шәкірт ақын шығармаларында 12 буынды тармақтар 11 буынды жолдармен жиі араласып отырады. Бұл бір жағынан осы тұста түркі әдебиетінде 11 буынды өлшемнің басымдық ала бастағанын байқатса керек. 7 буынды, аааб ұйкасымен келетін Йасауи қолданысындағы өлшемді Бақырғани әсіресе өзінің қиссаларында барынша дамытқан. Баяндау әдісіне құрылған діни қиссалар үшін үдемелі кимылды суреттеуге ыңғайлы әрі белсенді етістіктерді өнімді қолдануға

мүмкіндік беретін осы ықшам түр қолайлы болған тәрізді. 7 буынды өлшемнің шұбыртпалы ұйқасқа негізделген түрінің бертінгі қазақ поэзиясында жыр өлшемі ретінде орнығуы да айтылған ерекшеліктерден туындаса керек. Түркі поэзиясына Йасауи таныстырған әрбір жұп тармағы ұйқасатын қостармақ бәйіттерден құралған ғазалды Бақырғани жиі пайдаланған. Ұстаз ақын стиліне тән редиф-ұйқастар мен редиф-тармақтар да шәкірт хикметтерінде дамытылған.

Соңында қомақты мұра қалдырған Бақырғаниді көрнекті зерттеуші Ф.Көпрүлү «біршама ақындық қабілеті бар» деп олқысына бағалай келіп: «Хакім атадан бастап, Ясауи және нақшбанди шайтары дәруіштерінің көбі сол пішінде хикметтер жазды. Бұл хикметтердің тақырыбы жағынан болсын, түрі жағынан болсын, бір-бірінен ешқандай айырмашылығының болмауы ұлы пір қалыптастырып кеткен түрге киелі деп қарап, одан алшақтамауға байланысты деп жазады.[4 228 b] Ғалымның киелілік жөніндегі пікірімен

толық келісуге болғанымен, хикмет дәстүрінде жазылған бүкіл шығармаларды «бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ" деп табуы артықтау айтылғаны анық. Мұның өзі ортағасырлық түркі әдебиетінің дамуында ерекше орны бар хикмет жанрының маңызы мен мүмкіндігін тұтасымен жоққа шығару болып табылады. Аталмыш дәстүрді жалғастырған әрбір ақынның өзіндік мәнер-машығы дара қолтаңбасы, қалыптасқан стилі болды. Жанрды дамытуға әр автор өз кабілет-қарымына сай үлес қосып отырды. Мұндай ерекшелікке және тек өзіне тән көшбасшылық тұғырға Бақырғани хикметтері де ие. Ақын түркі жазба әдебиетіндегі айтыс үлгілерінде бұрын-соңды қолданылмаған өлшеммен - аааб ұйқасына құрылғанған 12 буынды төрт тармақты үлгімен «Рух пен нәпсі айтысын» жазып қалдырды.[1.26-27 b] Он шумақтан тұратын айтыстың әр шумағы бір қайырым жауаптасу болып табылады. Бақырғаниге дейінгі түркі әдебиетінде жасалған айтыс үлгілерінен Қашқарим сөздігіндегі «Қыс пен жаздың айтысы» 7 буынды, 4 тармақты үлгімен, Йасауидегі «Пейіш пен тозақ айтысы» 14 буынды, қос тармақты өлшеммен өрнектелген болатын. Құл Сүлейменнің соңғы үлгімен де қалам тербеп, сол сарындас айтыс туындатқаны мәлім. Бақырғани жазған үшінші бір айтыс үлгісі Ібіліс пен автопсихологиялық типтегі лирикалық кейіпкердің сөз сайысына кұрылған. Хикмет 16 буынды, қос тармақты қалыппен хатқа түсірілгенімен, ішкі ұйқасының толық сақталуы түпнұсқа өлшемінің дәстүрлі 8 буынды, 4 тармақты үлгіде болғанын пайымдауға мүмкіндік береді. «Ман айтурман маазаллаһ» редиф-қатары әрбір шумақтың төртінші қатарында қайталанып отырады.[1.24 b]

Сүлеймен Бақырғани - түркі жазба әдебиетінде діни қисса-дастандары өнімді жырлаған авторлардың бірі. Бұл тұрғыда ол Йасауи қалыптастырған үлгіні дамытушы болып табылады. Йасауи «Диуанында» бірқатар сопылық эпос немесе дастан-толғаулардың кездесетіні жоғарыда айтылды. Ал Сүлеймен Бақырғани жекелеген хикметтерімен бірге орта көлемді, толық аяқталған «Расул миғражы», «Исмаил қиссасы», «Жарым алма хикаясы», «Бибі Мәриям», <Ақырзаман кітабы» секілді бірнеше қисса-дастан жазып қалдырған. Зерттеуші Н.Мәтбек аталған қиссаларды Құран сюжеттерінің жаңғырта жырлануы ретінде бағалап, «Сүлеймен Бақырғани қисса-дастандары – нәзира дәстүрінің қайнар көзі» деп тұжырымдайды.[2.15b] Бұл пікірмен келісе отырып, нәзирагөйліктің түркі әдебиетінде Бақырғаниге дейін де біршама қалыптасып қалған дәстүрі бар екенін, Йасауи дастандарының аталмыш үрдісті ілгірілетуде өзіндік өрнегі бар хикмет жанрының да белгілі бір дәрежеде нәзира үрдісіне бейім екендігін атап айтқымыз келеді. Мұның өзі нәзире дәстүрінің аясын тек қисса-дастандармен шектейтін тұжырымдарды қайта қараудың қажеттілігін негіздейді. Анадалы түріктерінде сюжетті шығармаларға ғана емес, лирикалық туындылар – ғазалдарға да жазылған нәзиралардың аста-төк үлгісі бар екенін, түрік әдебиеттануында мұның қалыпты құбылыс саналатынын осы орайда айта кеткен жөн. Жалпы нәзирагөйлікті тек өнер таластыру, шығармашылық жарыс, тақырып жаңғырту талпынысы ғана емес, нәзираға негіз болған туындыларды дәйектеу, насихаттау, дамыту мақсатын көздейтін үрдіс ретінде де қарастырған жөн секілді.

Йассауи хикметтерінде негізі қаланған тағы бір дәстүр – Құран аяттарынан, пйағамбар хадистерінен үзінді келтіріп отыру тәжірибесі де Бақырғани назарынан тыс қалмаған. Шәкірт ақын өзінің «Ишим, хошым, мағишатым» атты бір ғана хикметінде 38 жол ішінде Құраннан 10 түрлі аят келтірген.

Тұтастай алғанда Йасауи хикметтерінде психологизм терең болса, Бақырғани туындыларында дидактизм басымырақ. Ақынның ғибратқа толы қисса-дастан жанрына жиі қалам тартуына да осы насихат сарынына бейімділігі әсер етсе керек. Дегенмен ұстаз ақын хикметтерінде бар бояуымен бейнеленген автопсихологиялық типтегі лирикалық кейіпкердің Бақырғани туындыларында өзіндік әсерлі, қайталанбас үлгілері бар:

Мәнім бұ көңілімнің азары бар,

Йаратқан Мәулімгә йазары бар.

Қыямат атлығ ол базары бар,

Мәнамма көңлім ічра мұңларым бар.

Дариға, бу рұзғар мендән кечар,

Сүйгәнім, достларым мендән қачар.

Құл Сүләйман дүнйадан бір күн кечар,

Мәнамма көңлім ічра мұңларым бар.[1.12 b]

«Бақырған кітабында», сондай-ақ «Диуани хикметтің» бірқатар нұсқаларында Құл Сүлейменнің ұстазына арнаған «Шайхым – Ахмад Йассауи» атты хикметі кездеседі.[3.39 b] Тілі ширақ, пішіні жұп-жұмыр, көркемдігі келісті бұл туынды ақын шеберлігінің барынша жетілген тұсында жазылса керек. Харезм өлкесіне тән тілдік ерекшеліктер («Шариадта араста, тариқатда пәйваста, хақиқатда шаиста») , географиялық кеңістікті білдіретін қолданыстар («Түркістанға баралұқ») , өткен шақтағы оқиғалар арқылы мерзімдік шекті белгілейтін қатарлар («Баба Мачин ол сұлтан, Мүрид болды бегүмән») аталған хикметтің бертінде, Бақырғани шығармашылығының Хорезм кезеңінде жазылғанын аңдатады. Ақынның «машайықтарсарасы» - ұлық піріне деген махаббат-құрметі осы туындысында көрініс тапқан. Сондай-ақ «Диуани хикметтегі» авторы көрсетілмеген «Хошламайдур алымдар» деп басталатын хикмет те Бақырғани қаламына тиесілі болуы әбден мүмкін. Бұл туындыдан Йссауиді жақын таныған, сұхбаттас, замандас болып, оны пікір тұтқан, хикметтерін көкейіне түйіп өскен тұлғаның қолтаңбасы танылады. Сөз қолдану ерекшеліктерінен («оқуйа билмай», «гулистан-э мағрифат», т.б.) оғыз-қыпшақ диалектісінен алшақтау, араб-парсылық әсерге көбірек ұшыраған ортаның (Хорезм өлкесін назарға алывп отырмыз) ықпалы сезіледі.



Жүсіп Байдауи. «Диуани хикметтің» көптеген нұсқаларында Хорасан өлкесінің атақты машайығы Баба Мәшіннің басынан өткен хикая баяндалатын шағын көлемді хикмет-дастан кездеседі. Барлық нұсқа соңында дастан авторы ретінде Жүсіп Байдауидің есімі келтіріледі. Хикаяның қысқаша мазмұны төмендегідей: төрт жүз жыл жасап, талай мүридті кемелдікке жеткізген Хорасан әулиесі Баба Мәшін бір күні Түркістан өңірінде Ахмет атты бір шайхтың пайда болғанын, оның алқа зікір мәжілісіне ерлер мен әйелдердің бірге қатысатын естиді. Мұндай «жүгенсіздікке» тыйым салмақ болған Баба Мәшін дереу жолға шығып, Түркістанға жетеді. «Халайықты азғырып жүрген сенбісің?» деген Хорасан піріне Қожа Ахмет: «Ия, сол күнәһар менмін» деп жауап береді де, мүридтері Хакім Қожа Сүлеймен мен Сопы Мухамед Данышпанға Баба Мәшінді екі-ақ адам байлап тастап, дүрелей бастайды. Бес жүз деген дүреге сыр бермеген Хорасан пірі арттық соғылған бір дүреге жан дауысы шығып, зарлап қоя береді. Жұрт таңғалып, мұның мәнісін сұрағанда Қожа Ахмет. «Мұнда келгенде арқасына дйю-пері орнап алған еді, бес жүз қамшы соларға тиді. Бес жүз реттен кейін «Енді ұрмайды» деп дйю-пері кетіп қалған еді, соңғы қамшы Баба Мәшіннің өзіне тиді» деп жауап береді. Қожа Ахметтің әулиелігін мойындаған Баба Мәшін зар еңіреп кешірім сұрап, оған қол тапсырып, мүрид болады. Пірімен бірге үш рет қылуетке кіріп, кемелдікке жетеді. «Мұрат мақсатқа жетпек пірден болар» деп түйіндеген автор хикаяны былай деп аяқтайды:

Иад еталик Құл Қожа Ахмет әулияны,

Мүридлары Баба Мәшін ол сұлтанны.

Қоллағай муасы Иусуп Бейдауаны

Назым айладым бухикаят білің достар.[5.324b]

Осы шумақтың үшінші тармағында келтірілген тахауысты араб әріпті түп нұсқа мәтін ішінде «Жүсіп Бейдауа» деп те, «Жүсіп Байдауи» деп те оқуға болады. «Байдауи» нұсқасын дұрыс деп тапсақ, хикмет авторын Йассауидің туған қаласы – Саурамнан екенін болжауға болады. (Орта ғасырларда Сайрам қаласы «Мәдинат әл-Байда» - «Ақ шаһар» деп аталған). Йассауи дәуіріне дейін Сайрамда өмір сүрген Жүсіп Байдауи атты дін ғұламасының есімі тарихқа мәлім. Дегенмен Йассауимен замандас немесе одан кейін дүниеге келіп, хикмет дәстүрімен жырлаған осы аттас ақын болғаны жөнінде әзірге мәлімет жоқ.

Йассауиге қатысты аңыз әңгімелерде шайхтың Жүсіп атты рухани кемелдікке жеткен шәкіртті болғаны айтылады. Бір аңызда Йассауидің ұстазы Хамаданидің ұлдары келе жатқанда қарсы алуға шыққан Жүсіп өзінің кереметімен дария суын қақ жарып, қонақтарға жол ашып береді. Су ішіндегі жолмен өтуге жолаушылар жүрексінгенсоң Жүсіп дария суын орамалына түйіп алып, оларды өткізіп жібереді де, суды қайта орнына төгіп қоя береді. Бұл кереметті көрген Йассауи шәкіртіне сүйсініп: «сені енді «Жүсіп» деп емес, «Ғашық Жүсіп» деп шақыратын болсын» деген екен. Сонда ғашық отының жалынынан Жүсіп бір сәтте қап қара болып күйіп кеткен деседі. Құл Шарифтің «Хубби Хожа қисасында» өз ұлының дәрежесін қабылдамай, ажалына себеп болған Құл Сүлейменге шайхы Ахмет Йассауи бұйырған жазаны Ғашық Жүсіп орындайды. Демек, жасы жөнінен ол Сүлеймен Бақырғалимен шамалас немесе ересектеу болса керек. Жүсіптің өлең жазғаны туралы ешбір мәлімет жоқ. Сондықтан Баба Мәшін хикаясы жайлы Хикметтің оған тиесілі екенін дәлелдеу қиындау. «Хикаятта білің мұндағ келтүрділәр» деп басталатын хикмет мазмұнына сүйенсек автор өзі көзбен көрген оқиғаны емес, аузы екі айтылудан естіген әңгімені жырға қосқан болып шығады. Бұл оқиға тұсында Жүсіптің әлі Йассауиге мүрит болып үлгермеуі, хикаядан кейінірек хабардар болып жырға қосуыда мүмкін. Ал С.Сапабекұлы жазып қалдырған аңызда Баба Мәшінге дүре соғушыны Мырза Жүсіп деп көрсетіп, екінші бір тұста оны «ғашық Жүсіп Бадауи» деп атайды.[6.130 b] Мырза Жүсіптің «Самал ата» атанған мүриді туралы да осы жазбада дерек келтіріледі.

«Баба Мәшін хикаясы» авторының тегін жоғарыдағы екінші нұсқа бойынша «Бейдауа» деп қабылдасақ, бұл да сопылық ұғымнан алшақ кетпейді. «Ғариб» («ғаріп»), «Мискин» («міскін»), «Фақири» («пақыр»), «Гидаи» («кедей»), Хазини («қайғылы») деген лақаптарды иенленген басқа да сопылар секілді, Аллаға деген дауасыз ғашықтық дертіне ұшыраған ақын «Бейдауа» есімін арнайы таңдаған болуы мүмкін. Сондықтан «Ғашық» атанған Жүсіптің «Бейдауа» лақабымен танылуы да қисынға келеді (Ғашық Жүсіптің қабірі Түркістан қаласына жақын орналасқан Иқан аулында).

Сөз қолдану мәнерінің, бейнелеу құралдарының Йасауи стиліне жақындығы, көлемінің шағындығы, мазмұны мен пішінінің қарапайымдығы, «Диуани хикметке» тән 12 буынды қалыптан ауытқымауы секілді ерекшелітер жоғарыда аталған Жүсіп атымен берілетін хикметтің Йасауи дәуіріне жақын кезеңде дүниеге келгенде аңғартады. Жүсіп Байдауиге (немесе «Байдауа») телінетін сөзге ешбір туындының сақталмауы да аталған хикметті жанрдың алғаш қалыптаса бастған көнерек кезеңіне тән деп санауға мүмкіндік береді.

Камалиддин Иқани (ХV). Хикмет жанрында қалам тартқан екінші бір автор рухани сабақтастық шежіресі Қожа Ахмет Йасауидің өзінен бастау алатын Камалиддин Иқани болып табылады. Хикмет дәстүрімен жырлаған ақындар туралы бірден-бір зерттеу иесі А.К.Бороков ортағасырлық автор Муфти Зинда Алидің «Самарат әл-машаих» атты еңбегіне сүйене отырып, Иқанидің рухани ұстаздары жайлы бірқатар мәлімет береді.[7.238 b] Осы және өзге деректердегі шежірелік мәліметтерді саралай отырып, Камилиддин Иқанидің рухани сабақтастық шежіресін шамамен төмендегіше көрсетуге болады: Йасауи – Мансұр ата - Әбділмәлік қожа – Тәж қожа – Зеңгі ата – Садр ата - Әмин баба Әли шайх – Маудуд шайх – Камалиддин Иқани. Шайх Камалиддин Түркістан төңірегіндегі Иқан деген жерде дүниеге келіп, Самарқанд маңындағы Алиабадта өмір сүрген, қайтыс болғаннан кейін сол жерде жерленген. Мұхаммед Алимнің «Ламахат...» атты еңбегінде Иқанидің көптеген хикметтер жазып қалдырғанын айтсақ, «Рашахатта» оның атақты нақышбандийа шайхы Қожа Ахырарға йасауииа тариқатына тән «ара зікірін» салып көрсеткені жайлы жазылған.[7.238 b]

Өмірбаяндық деректері қысқа қайырылатын Камалиддин Иқанидің артында қалған әдеби мұрасы едәуір қомақты. Бір ғана «Бақырғани кітабында» Иқанидің 19 хикметі қамтылған. Өкінішке орай, хикмет дәстүрінде жырлаған өзге де авторлар секілді Иқанидің шығармалары да біге араб жазулы түпнұсқа түрінде емес, татар зерттеушілері транскрипциялаған мәтін күйінде жетіп отыр. Барлық ортағасырлық мәтіндерді игеру барысында тек транскрипциялау әдісінің ғана емес, туындылардың грамматикалық құрылымының да қазіргі татар тіліне бейімделгені аңғарылады. Осы тектес субьективтік факторлар «Бақырған кітабындағы» хикметтер жайлы ғылыми ізденістер үдерісін едәуір күрделендіріп отыр. Зерттеу біз мүмкіндігінше орта ғасырлық түркі әдеби тіліне тін ерекшеліктерді назарда ұстауға тырысқанымызбен, түпнұсқа немесе соған жақын мәтіннің қолда болмауынан қате тұжырымдарға жол беріп қауіпіміз жоқ емес.

Хикмет дәстүрінде жырлаған өзге де авторлар хикметтерімен бірге топтастырылғандықтан, Камалиддин Иқани туындылары жеке реттік санымен берілмеген, жинақтағы жалпы ретпен белгіленген. «Бақырған кітабындағы» 90-108-хикметтер Иқани қаламына тиесілі. Авторлық негізінен хикмет соңында көрсетілген есім-тахаллус (махлас) арқылы анықталады.

Алдыңғы буын ұстазы Қожа Ахмет Йасауи негізін қалаған түркі сопылық поэзиясына тән барлық тақырыптар Камалиддин Иқани шығармалаларында да кеңінен қамтылған. Иқани хикметтерінде лиризмнен гөрі дидактизм басым. Тілі өзге хикметшілерге қарағанда анғұрлым жеңіл, Йасауи шығармаларына көбірек жақын. Йасауидің «көздің жасы, жүректің қанымен» жырлаған жан сезімдерін Иқани парасатпен көмкеріп жеткізуді жөн көрген тәрізді. Туындыларын түйсіне отырып, туындыгердің байсалды, ойлы болмысын тану қиын емес:

Оянғыл, йатмағыл көп ғафилана,

Көзіңнің йашыны қылғыл равана.

Һәмише хауфе бахрыңдын чықыйбан

Сачлырсын дүррү-инжі данә-данә.[3.113 b]

Автордың кейбір өлеңдері Йасауи хикметтерін жолма-жол қайталайды: «Өтті ғафлат бірлә өмрің, әй, дариға, билмәдің, Зар йығлап әй, Иқани, тұтқыл аның матамы», «Бу ажиз жан үшбу тәнде күнә миһман ирур», «Бивафадыр үшбу дүнйа һич аның пайаны йоқ», «Қылып тәубә йақаң тұтқыл» секілді қолданыстар Йасауи стиліне тән ерекшеліктер болатын. Қалыпқа құйылған айтылымдарды қайталай отырып, автор оларды жаңаша жалғастырған. «Кил әй, мумин, ғибадат қыл, сахар вачтыда ойғанып» хикметінен Йасауидің «Бидар болғыл, әй, момын, сахар вақты ічіндә» хикметінің, ал «Өлүм келді йавуқ, өлмәк керәктір» деп басталатын хикметтен ұстаз ақынның «Неча йыллық мехрибаным айрыладүр, достларым» атты қоштасу жырының сарынын аңдауға болады. Бұл тектес сәйкестіктер қос шығармашалық мысалында ұшан-теңіз.

Түркі тілінде түзілген йасауилік тіркестердің парсыша нұсқалары Иқанида көптеп кездеседі: Йасауи «Хақтың йады» тіркесін жиі қолданса, Иқани «Хұда йады» тұлғасындағы синонимді көбірек пайдаланған. Йасауидегі «көз йашы» Иқаниде «дидәи гирйан», «чашм гирйан» түрінде, «ерте-кеш» қос сөзі «рузи-шәб», «шами-сахар» тұлғасында, «жаның білән» тіркесі «ба жан» күйінде қолданылған. Йасауидің сөздің қорына тән емес «муқтада», «мухаййа», «мунис», «фил масал ки» сияқты жаңа кірме сөздер Иқаниде көптеп кездесуі түркі сопылық поэзиясының ұғымдық қоры едәуір кеңігенін, бұл үдерістің, өкінішке орай, түркі тілін араб-парсы сөздерімен шұбарлай түсу арқылы жүзеге асырылғанын аңғартады.

Бағу дил (жүрек бағы), михнат нәһалы (бейнет бұтағы), көңіл үйі, өлімнің елчісі, ажалның иилі (ажалдың қолы) секілді қайталанбас ауыстырулар Иқанидің көркем ойлау, болмысты бейнелі түрде қабылдау ерекшелігінен туындаған.

Біздің қолымызда бар Иқани шығармалары арасында дәстүрлі жеті буынды хикметтер кездеспейді. Сегіз буынды хикметтің бір ғана мысалы бар: «Айа ғафыл...» деп басталатын 99-хикмет он алты буынды қостармақ түрінде берілгенімен, ішкі ұйқасының толық сақталуынан сегіз буынды төрттармақ үлгісінде жазылғандығы аңғарылады:

Өлүм келгәй сәңә көзләп,

Құтұлмассың өзүң кизләм,

Үкүш йалған ғайып сөзләп,

Тақыймы тәубә қылмассан? [3.113 b]



Абаб вввб гггб ұйқасына құрылған хикметтің әрбір шумағы «Тақыймы тәубә қылмассан?» редиф-тармағымен аяқталып отырады. Йасауи орнықтырған редиф-ұйқастар мен редиф-тармақтар хикмет жанрын дамытқан өзге авторлар мен қатар Иқани поэзиясында да айрықша жиі қолданылған. Араб жазулы түпнұсқа мәтін қолымыз да болмағандықтан, аруз өлшемімен жазылған өзге хикметтердің нақты қай үлгіні негізге алғанын тап басып айту қиын. Жоғарыда көрсетілген 8 буынды жалқы хикметтен басқа Иқанидің барлық туындылары аруз өлшемімен, ғазал ұйқасына (аа ба ва га) құрылған қостармақ бәйіттер түрінде жазылған. «Бақырған кітабында» 100, 105-реттік санымен берілген ақынның қос хикметі төрт тармақты шумақтарға біріктірілгенімен, олардың де негізге алған ұйқас түрі ғазал ұйқасы болып табылады. Синтаксистік құрылымы ұқсас жолдардың біркелкі аяқталуы әлсіз ұйқас түзетіндіктен, бірқатар тармақтары өзара үйлесіп келген хикметті транскрипциялаушылар төрттармақ түрінде қабылдаған тәрізді.

Каталог: files
files -> Мазмұны мамандық бойынша түсу емтиханының мақсаттары мен міндеттері
files -> І бөлім. Кәсіпкерліктің мәні, мазмұны
files -> Програмаллау технологиясының көмегімен Internet дүкен құру
files -> Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты «Сот кабинеті»
files -> Интернет арқылы сот ісі бойынша ақпаратты қалай алуға болады?
files -> 6М070600 –«Геология және пайдалы қазба кенорындарын барлау» 1 «Пайдалы қазба кенорындарын іздеу және барлау»
files -> Оқулық. қамсыздандыру: Жұмыс дәптері
files -> «2-разрядты спортшы, 3-разрядты спортшы, 1-жасөспірімдік-разрядты спортшы, 2-жасөспірімдік-разрядты спортшы, 3-жасөспірімдік-разрядты спортшы спорттық разрядтарын және біліктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы
files -> Регламенті Негізгі ұғымдар Осы «Спорт құрылыстарына санаттар беру»
files -> Спорттық разрядтар мен санаттар беру: спорт шеберлігіне үміткер, бірінші спорттық разряд, біліктілігі жоғары және орта деңгейдегі бірінші санатты жаттықтырушы, біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты нұсқаушы-спортшы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет