«Осыдан 15 күн бұрын менімен түрмеде бір камерада отырған Бітімбайға орыс тілінде жазылған (!?- авт.) хат келді. Ол маған оқытты. Онда: сотталған Еркебаевтан 10 килограмм май, ақша беріп жібердім. Мен Түркістанға барамын. Сот маған өзіміз хабарлаған кезде келемін - депті. Бітімібай хатты өзінде қалдырды. Ол - сауатсыз. Сондықтан мен оқып бердім. Ол есіктен бауырларына адам аттарын айтып, Түркістанға кеткен адам мұны құтқарамын- деп уәде берді деді және қылмысты «мойындамаймыз» десіп уағдаласты. Андағы «көк шапанды адам бәрін айтып қойыпты»- деп сонымен төбелесті»- деп көрсетінді беріпті.
Бітімбай бір ауыз орысша білмесе, сауаты жоқ болса, оған хат жазатын ағайындары да сондай екені анық, ендеше бұлар бір-біріне қалайша орысша хат жазысады? Бұл жалған «көрсетіндінің» мақсаты сыртта жүрген әлдебіреуді торға түсіру. Екіншіден: барлық айыпкерлер кінәсін мойындамаған соң, Кәкен Мұқановтың сөзін қалайда шындыққа шығару үшін қасақана жасалған шырға. Тергеу ісі 1929 жылдың 6 қаңтары күні басталып, 6 көкек күні аяқталған. Тергеуші өзінің қорытынды мәліметінде айыпкерлердің кінәсін жеңілдететін мына бір жайды ескерте кетеді. Ол сотқа:
«Бұл іс бойынша айыпталғандар Сарысу ауданына аттанған округтік экспедицияға өз еріктерімен келіп беріліп, қаруларын тапсырған. 1929 жылы 6 қаңтар күні Сарысу аудандық милициясы оларды қамаққа алған. 28 ақпаннан бастап айыпкерлер ОГПУ-дің Сырдария округтік бөлімінің түрмесіне ауыстырылды, олар қазір де осында жатыр»,- деп жазыпты.
Осы арада барымташылардың қыр қазағына тән тосын бір мінезі түрме бастықтарын қатты састырыпты. Оған себеп: тергеу аяқталған соң Бақай Тоқманбаев пен Бітімбай Әбдікеевтен басқаларын ОГПУ-дің түрмесінен Әулие-Атадағы еңбекпен түзету үйінің абақтысына ауыстырыпты. Соған қарсы болған екеуі тек саяси тұтқындарда жиі кездесетін қарсылық белгісін қолданып, аштық жариялапты. Бұл жөнінде Бурдаков:
«Мамыр айының 18 күнінен бастап Тоқмамбаев Бақай мен Әбдікеев Бітімбай аштық жариялады, олар өзінің бұл әрекетін: екеумізді ғана ГПУ-дің түрмесінде өзгелерден бөліп алып қалуы жақсылық емес, ісіміздің бетінің теріс болғаны, демек бізді бұлар атады. Сондықтан да біз аштық жариялаймыз және бізді де еңбекпен түзету үйіне ауыстыруды талап етеміз»- деп мәлімдепті.
Азаматтық құқығын пайдалана білген Бақай мен Бітімбайдың бұл әрекеті олардың да өжет, бір шешімді адам екенін көрсетеді. Өзгелерден бөліп алып қалуының себебі, тергеу барысында «бір сөзді болайық» деп басқаларға ақыл қосқан және тергеушінің ырқына онша көне қоймаған осы екеуі еді. Ал ГПУ-дің түрмесінде жатқан адам күн сайын қылпылдап, қашан ату жазасын береді деп елегізумен өткізеді. Кейбіреулер осы соттың өкімін күтіп жатып-ақ жындықанадан бір-ақ шығатын көрінеді. Адамның рухын езіп, еркін жаныштайтын тылсым қорлықтың нағыз өзі. Бұл арадан аман-есен шықпайтынына өзге түгіл қырдың барымташыларының да көзі жеткен. Олар да бетінен қайтпаған, түрме қызметкерлері де қасарысып отырып алған. Барлық іс-қағаздары жоғарыға жөнелтілгендіктен де енді олардың өздері қашан рұхсат келгенше шешім қабылдай алмайтын күйге түсіп еді. Шарасы қалмаған Бурдаков пен Игидов ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша республикалық тергеу бөліміне қатынас жолдайды. Онда:
«Біздің 23/Ү-29 жылы жіберген №01729 қатынасымызға қосымша мынаны хабарлаймыз: біздің тарапымыздан қолданылған шаралардың барлығына қарамастан Әдікеев Бітімбай мен Тоқмамбаев Бақай аштық жариялауын тоқтатпай, өздерін еңбекпен тәрбиелеу үйіне ауыстыруды табанды түрде талап етіп отыр. Біз оларды тәрбиелеу үйіне ауыстыруға болмайды, еңбекпен тәрбиелеу үйіндегі күзеттің нашарлығынан олар ол жерден қашып кетеді- деп пайымдаймыз. (Аштық жариялау арқылы олардың көздеп отырғандары да сол). Баяндалған мәселе бойынша сіздерден нұсқау күтеміз» - деп жазылған.
Мамыр айының 27 күні жазылған бұл мәліметтің жауабы қандай болды, барымташылардың аштық жариялауы нәтижесін берді ме, жоқ па, оны анықтаудың мүмкіндігі болмады. Себебі, әлгі қатынаспен тергеудің 4-томы аяқталды. Ал 5-том дәл осындай ауылдағы қарапайым адамдардың тағдырын тәлкекке салумен басталады. Дінше - Дінмұхамед Әділевтің туған жерін «халық жауынан» тазартып шыққан соң, енді, Міржақып Дулатовтың ауылына көшкен. Әрине, жоғарыдағы аталған адамдармен әлі де кездесеміз. Олар да «Алаш орданың» қайраткерлерімен бірге тиісті жазасын алып тынды.
Ү том: «Қылмысты істер Ережесінің 58-10, 58-7 баптары бойынша және басқа да қылмыстары үшін айыпталған Қостанай округінің Наурызым ауданының №10 және №18 ауылының байлары Дулатовтың және басқалардың тергеу ісі. 4/Ү-29 жылы басталған»
- деп томның сыртына жазылғанымен де 21 қаңтар күні алғашқы хаттама қағазға түсіп, жоғарыдағы айыптар тағылып қойыпты.
Қазақстанның сот, прокуратура, тергеу орындары 1929 жылды асқан тегеуірінді қарқынмен қарсы алған. Қылмысты істер қауырт әрі жаппай жүргізіліп, тек қана қаралау бағытын ұстанған. Егерде сол жылдардағы тергеу істерін саралай қараса, ауылды жерде жүргізілген ауқымды әрі атышулы «халық жауларының» дені «Алаш орда» қайраткерлері мен қазақ зиялыларының туған жеріндегі болыстар мен ауылнайлар, олардың туыстары болып шығады. Демек, голощекиндік жазалау таза саяси тұрғыдан ғана емес, игі жақсылардың тұқым-тұянын құртуға бағытталғаны байқалады.
Қазақ даласына «коммунистік-колонизаторлық» (С.Сәдуақасовтың қойған атауы) басыбайлы, мәңгүрт мемлекет орнатуды мақсат еткен «ұлы октябрьдің ұлы көсемі» мен «кіші октябрьдің кіші көсемі» мұны жоспарлы түрде жүргізді.
Дәлірек түйіндесек, Қазақстандағы «кіші октябрь» - ең үлкен қырғынның – отыз екінші жылғы ашаршылықтың, ең үлкен жазалаудың - отыз жеті-отыз сегізінші жылдың алдындағы дайындық еді. Сол «үлкен қасаптың тиірменіне жем болып қазақтың оқығандары мен оның туыстары ілікті. Абайдың:
Не болады өңшең ноль,
Единица кеткен соң,-
дегенінің кері келді.
Қаймағынан айырылған халықтың мәйегі сұйыла бастады. Ең ақырында өзінің ұлтын қорлап, оның өткенінен бас тартып, жалпылама мақұлық еді деп баяндама жасайтын және дәл сол араға келгенде ауызын толтырып, дауысын нығарлап шығаратын мемлекет қайраткері шықты. Сонымен , «кіші октябрьдің» лаңды дауылы ауылға бет алды. Ең бірінші боп, алаш азаматтарының туған жерін құйындатты. Оның ішінде, Міржақып Дулатовтың, Халел Ғаббасовтың, Ахмет Байтұрсыновтың ауылдары ілінді. Соның бірі Асқар Дулатов. Зады, өзге-өзге, дәл осы ауылда тергеу мен тәргілеудің дүмпуі ерекше болған сияқты. Мысалы, Ахмет Байтұрсыновтың ағайындарын тепкілеп өлтірген де сол өзінің туған туыс, көрші-қолаңдары, жекжат-жұраттары еді. Ол туралы Ақаңның қызы Шолпан Ахметқызы ашына жазды.
ОГПУ үшін бұл пәлендей өрескелдік саналмаған. “Алашордашылардың” ісін тергеп жатқан Саенконың көзіне Қостанай округінен жолданған Асқар Дулатов бастаған 13 адамның ісі түседі де, іле ол мынадай ұйғарымға келеді:
“Мен, ПП ОГПУ- дің Шығыс бөлімінің ҚССР бойынша бастығының көмекшісі Саенко, 1929 жылы 12 мамыр күні ОГПУ-дің Қостанай округтік бөлімі жүргізген Наурызым ауданының Дулатов Асқар бастатқан байларының қылмысын тергеген істі қарап шығып, мынадай ұйғарымға келдім.
ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің өндірісінде (иә, кәдімгі өнім шығаратын өндіріс – авт.) Әділев Дінмұхамед пен Міржақып Дулатовты және басқаларды айыпқа тартқан №6 қылмысты іс бар. Алдын-ала жүргізілген тергеу ісінің қорытындысына қарағанда №3 және №6 қылмысты оқиғалардың бір екендігі байқалады. Сондақтан да; Қылмыс ережесінің 117 бабына сәйкес:
ОГПУ-дің Қостанайдағы округтік бөлімі жүргізген Дулатов Асқарды және басқа да жиыны 13 адамды жауапқа тартқан тергеу ісі №6 іске тіркелсін деп ұйғарым жасадым.
Осы қатынастың көшірмесі ОГПУ-дің ҚССР-дегі республикалық тергеу бөліміне және ОГПУ мекемесін бақылайтын прокурорға жіберілсін.
ПП ОГПУ –дің ҚССР-дегі Шығыс бөлімінің бастығының көмекшісі - Саенко”, - деп қол қойған.
Сөйтіп, “Алаштың” ісіне тағы бір қылмысты топ бүйірден кеп қосылды. “Кіші октябрь ісі” осылай торын жоя берді. Ал Голощекин болса әрбір жолы мінбеге шыққан сайын тағы да бір қылмыстық топтың ашылғаны туралы шабыттана хабарлап жатты.
Асқар Дулатовтың ісінің мән-жайы мынадай. Бұл тергеудің себептері, яғни даудың басы – қазақтың дәстүрлі күрес тәсілі – бақталастықтан өршіген. Мұны ілікке себеп іздеген тергеу орындары өте сәтті пайдаланған және қашан кемеріне келіп, асып-төгілгенше, бірінің ішегіндегі қырындыны екіншісі қырып, су жіберіп тазартқанша бақылап отырған. Иі қанған соң барып, таспа тілген. Біз сол жүлгемен баяндап шығамыз. Істің саяси астар алған тұсында ғана оны кеңірек түсіндіруге тырысамыз. Мәселе былай өршіген...
Тәргілеудің қарсаңында кеңестік мекемелер ауылнайлар сайлауын өткізеді. Міне, ежелден келе жатқан қазақы текетірес сол кезде сұр жыландай басын көтеріп шыға келеді. Жерімізді алғанда оянбайтын, намысымызды таптағанда шыдаудай- ақ шыдап бағатын ел-жұртымыздың жуастығы –билік десе басын көтеріп алып, тік шапшитын әдетіне басып, Голощекинді кейін ысырып қойып, үйренген майданға кірісіп кетеді. Сайлау жөніндегі уәкіл Хамза Жүнісов те жоғарыға мәліметін дайындай қояды.
Сайлау барысында екі рулы ел таласқа түседі. Ақырында мадьяр руынан Сәтбаев сайланады, ақсақалдар өзара келеге түсіп, келесі жолы өтей руынан Оспанбаев сайлансын деп шешеді. Олар:облигация сатып алмауға еріктіміз. Бізді зорламаңдар – деп өкілдің айтқанына көнбейді. Міне, осы жайды хабарлаған Хамза Жүнісовтің мәліметі тергеуге арқау болған. Ол келе салысымен құжат толтырып, айыпкерлерді анықтауға кіріскен. Хамза Жүнісов – 31 жаста, 1916 – жылғы ұлт азаттық көтеріліске, 1918 –1919 жылдардың арасында азамат соғысына қатысқан ысылған, өлім мен өмірдің мағынасын айырып қалған көзі қарақты азамат болса керек. Әрине, Аманкелді мен Әлібидің сарбазы “Алаштың” туы тігілген ауылға барғанда оған іштартпағаны анық. Ол мынадай мәлімет жасаған:
“Мен Хамза Жүнісов, ауылдық жердегі кеңес сайлауын өткізу үшін, №10 ауылға жіберілдім. №10 ауылға келгенде жікшіл топтардың бар екенін көрдім, оларды басқаратын мынлар:
1. Бұл топты Оспан Бөлтіріков басқарады, оның әкесі бұрын 30 жыл болыс болған, патшаға адал қызмет еткені үшін шен-шекпен алыпты.
2. Нақып Тілеуов – бұрынғы бекетші, 6 жыл болыс болған, оларды қостаушылар өзінің жақын туыстары – М.Сырғабаев, Н.Түлкібаев, Х.Нақыпов, Дарқан Кеншімбаев. Бұл адамдар байларды тәргілеу науқанында тұрғындардың арасында үгіт жүргізіп, кеңес өкіметі 28-29 жылдарға дейін ғана өмір сүреді, содан кейін оның көзі құриды деп өсек таратқан. Мұны №10 ауылдың азаматы Мақатбай Оспанов пен батырақ А. Мұқаметжанов растайды, ол туралы олардың қолқаты бар, ол осы құжатқа қоса тіркеліп отыр.
З. Асқар Дулатов, “Алашорданың” бұрынғы көсемдерінің бірі Міржақып Дулатовтың інісі. Асқар да ұсақ рудың басын қосып жікшіл топ құруға тырысты және соларды үгіттеді, ол жөнінде Буманов А. мен батырақ, “Қосшы” одағының мүшесі Сейтқазы Алпысбаев жолдастар куәлік бере алады” – дейді.
Тергеу ісі 1928-жылдың аяғында басталған. Куәлардың айғақтарының барлығын теріп беру мүмкін емес, тек кейбіреулеріне ғана тоқталамыз.
«29/ХІІ – 28 жыл. Наурызым ауданының №8 ауылының азаматы. А. Бекжановтың 29/ХІІ – 28 жылғы көрсетіндісіне қосымша айғақтар.
Мен бұдан бұрын берген А.Дулатов туралы көрсетіндіме қосарым мынау: А.Дулатов “Алашорданың” тұсындағы ең белсенді қанішерлердің және кедейлерді атқызғандардың бірі әрі ұйымдастырушысы. Барлығымызға белгілі оның ағасы кеңес өкіметінің нағыз жауы болды, А. Дулатов та кеңес өкіметінің дұшпаны. М.Дулатов “Алашорданың” көсемі ретінде 18-жылы жендеттік көрсетіп, кедейлерді дарға асты және атты. Мысалы, Асқар және Міржақып Дулатовтар және олардың сыбайластары, №8-10 ауылдардың ақсақалдары мен байлары Бірмағамбет Бөлекбаев, Сеит Сүйменбаев т.б Мырзағазы Испулов арқылы Қызылордадан келген Таранның отрядындағы қызылдарды алдап, олардың барлығын Бірмағамбет Бөлекбаевтің үйінде атып тастады. Олардың соңынан қызылдарды іздеп Жангелдиннің жасағы келді, олар тек қызылдарды дарға асқан жерді (шұңқырды) ғана тапты, ал сүйектерін таба алмады, сөйтсе “алашордашылар” әлгілерді дарға асқан соң денесін көлге тастап жібергені кейін белгілі болды” - дейді
Алаштың аяулы азаматы турасында мұндай қатыгез де жан түршігерлік теңеуді А. Бекжановтың өзі тауып қолдана ма, жоқ па, оны анықтау мүмкін болмас. Бірақта бір күнде екі рет көрсетінді жазған адамның соңғы сөзі тергеушінің үйретуі арқылы жазылғаны анық. Бұл көрсетінде араб қарпімен жазылған. Сондықтанда оның түпнұсқа екендігіне сенуге болады. Біз орысша аудармасын тәржімәлап беріп отырмыз. Хамза Жүнісов ескі сарбаз ретінде Міржақыпты айыптайтын дерек алып келу үшін соның ауылына жіберілген болды. Ол өзінің мақсатына жетті. Жоғарыдағы көрсетіндіні жазып отырған Бекжанов Абайділда да Хамзаны бұрыннан танитыны байқалады. Ол – 47 жаста, 1916 жылғы көтеріліске қатысқан, 18-19 жылдары ақтарға қарсы соғысқан. Үйінде бағып отырған 7 жаны (адам) бар. Бұдан кейін куәлік берушілер өздерін “кедей”, “құл” деп таныстырған. Бір ауылда соншама күң мен құлдың қайдан жүргені белгісіз, мүмкін, “жалшы” десе әлдеқайда сенімдірек шығар еді. Бір-біріне арыз айтудан басталған куәліктер бірте-бірте “Алашқа” ауыз салды. Зарды тергеушілер (Ү том. 135-бет) арыздың тым қазақы әрі ауыл арасындағы басараздыққа ойысып бара жатқанына онша разылық танытпаған сияқты. Сондықтанда, “Қазақ”, “Ауыл” газеттеріндегі қиындыларды да осы іске тіркепті. “Жаңа торғайлық” деген “сөз шеберінің” 1929 жылы 11 көкек күнгі мақаласында Аманкелдіні өлтірген – “Алашорда” – деп жазып, осы тергеудің дерегін пайдаланған. Демек, жергілікті қылмысты тергеу орындары мен ГПУ-қызметкерлері, және партия басшылары мұны үлкен облыстық дәрежедегі науқан ретінде өткізген. Тергеу барысында Иманғали Қарпықов деген азамат та жауапқа тартылған. Ол “Алашорданың” бұрынғы атты жасағының сарбазы екен. Жасы 36 да, арғын руынан. Реті келгенде айта кететін жай, тергеуде жауап берген адамдардың руы ерекше мәнге ие болған сияқты. Өйткені жаңағыдай өзара жауласқан рулардың адамдарының бірінің үстінен бірі арыз беру, жала жабу онша қиынға соқпаған. Оны тергеушілер өте ұтымды пайдаланған. Иманғали Қарпықовтың жауабының мазмұны қысқаша баяндағанда мынадай: Ол:
«1918 жылы наурыз айында “Алашордашылар” тобы Майқара ауданына келді. Бұл жерде – мадияр, шымболат, өтей рулары тұратын. Келгендердің ішінде Есполов Мырзағазы, Байтұрысынов Ахмет, Дулатов Міржақып, Қадырбаев Сейтазым, Кенжин Аспандияр, Мұзафар Қасымов (офицер), Қаратілеуов, молла Әбідрахман Мұртазин, Теміров Абдолла, Сейдалин Қырымкерей тағы басқалар бар. Қастарында 200 жасағы бар. Елден әскер жиды. Елді үгіттеген – Міржақып Дулатов. Олар: біз – ақты да, қызылды да жақтамаймыз, тек қазақтың мүддесін қорғаймыз деді. Содан кейін де соларға қосылдым. Таран әскерінің қалдығын Есполов Мырзағазы атқызды. А. Қасымов көмгізді - дейді.
Тергеушілердің ойынан шыққан куәліктің бірі осы. Бұл айтылған мәселелер жөнінде аталған адамдардың әрқайсысының өз жауабы бар. Асқар Дулатовты және басқа да ауылдың қарапайым байларын “Алашорданың” ісіне қосу әрі таңдандырады, әрі таңдандырмайды да. Өйткені, оларға бүкілқазақтық қылмыскер керек болды және оны осындай қосымша істер арқылы толтырып отырды
«Айыптау қорытындысында: №3 тергеу ісі бойынша айыпқа тартылған “Алашорда” қозғалысына қатынасқан, Міржақып Дулатовқа көмектескен, тәргілеуге қарсы науқан жүргізген, Наурызым ауданынының азаматтары: 1. Дулатов Асқардың 2. Тұйғымбеков Дүзеннің 3. Бөлтіріков Оспанның 4. Тілеулиев Нақыптың 5. Оразбеков Абдолланың 6. Кеншінбаев Дарханның 7. Жұрқанов Құлахметтің 8. Балыбаев Жанахметтің 9. Исмағамбетов Теміржанның 10. Есполов Дүйсенбайдың 11. Мұратов Т. және 12. Сәтбаев Ибрагимнің тергеу ісін қарап, айыптау қорытындысы ісінің қылмыстық мазмұнына сай деп есептеймін.
Айыптау қорытындысымен толық келісе отырып, қазақ ауылының артта қалуының және рулық сарқыншақтарының жойылмауының салдарынан айыпкерлер қазан төңкерісінің жүзеге асқанына он екі жыл өткеніне қарамастан жылма-жыл өздерінің іс-әрекеттері арқылы ауылдық жерлердегі кеңестік қоғамның дамуына кедергі жасап келгендігін, қазақ кедейлерін байлардың басыбайлылығынан құтылуына тосқауыл қойғандығын ескеріп, бұл істі ОГПУ-дің коллегиясының қарауына жіберіп, соттан тыс негізде үкім шығару керек деп ұйғарым жасаймын.
Қостанай округтік прокуроры – А Безденко”- деп шешім шығарды.
“Соттан тыс негізде үкім шығару” – дегеннің мәні әйгілі үштік арқылы бірден жазаға тарту дегенді білдіреді. Мұнда тек саяси қылмыскерлердің ғана істері қаралады. Олардың шешімі ең соңғы және қайта қарауға жатпайтын үкім болып есептеледі.
Міне, сондай кергіге қостанайлық қыр қазақтары да тап келді. Тергеу ісін оқып отырып та олардың нақты қандай айыбы бар екендігіне жіп таға алмадық.
ҮІ том: “Әділовті және басқа да 44 адамды айыптаған қылмысты іс”
Бұл томдағы тергеу істері Мәскеу қаласында жүргізілген. Қызылорда, Алматы, Ташкент түрмелеріндегі сұрақ-жауаптардың барлығының басы біріктіріліп Бутырькаға жөнелтілген. Тергеу Дінше – Дінмұхамед Әділевтің 3-томдағы “Алашорда” ұйымының әр қаладағы бөлімшелерін көрсеткен сызбасына берілген түсінікпен басталған. 1988 жылғы Қазақ ССР жоғары сотының шешімінде Д.Әділевтің сұрақ-жауаптарынан бұлыңғырлық, логикалық қисынсыздық, күдікті психикалық шалық байқалады. Соған қарағанда түрмеде қысым жасалып, күш қолданылып, мәжбүрлікпен жауап алынуы мүмкін деген күмән білдірілген. Ал Заки Валидовтің естелігіндегі деректерге жүгінсек Діншенің ұстамалы жүйке шалығы болған сияқты. Лепіріп сөйлеу, өзін-өзі «партизан» ретінде сезіну, көсем көріну Д.Әділевтің бойына сіңісті мінезі екені бәріне белгілі болған. Оның мұндай ұстамасы Бұқарада жүргенде байқалып, бір ай бойы жатып қалған. «Мен өзіме қол салуға дайынмын, бірақ шындықты жазу үшін тірі қалдым» немесе «М.Дулатов пен Х.Досмұхамедов және басқа алашордашылар жасырын ұйымның жиналысын мен түсінбесін деп орысша өткізді» - деген сияқты сөздер қалайда күдік тудырады. Мұғалімдік курста оқыған және екі жыл партизандардың ішінде жүрген адамның орыс тілін білетінін М.Дулатов аңғарса керек-ті.
Жас жігіттің психикасына 17-18 жасында партизандық майданда жүргенде зақым келді ме, ол арасы бимағлұм. Түрмедегі істі тергеген Павлов оның бұл осалдығын өзінің мүддесіне пайдаланған сияқты. Бұл көрсетіндінің стилінен-ақ байқалады және Мәскеу түрмесіндегі жауаптарды бір ізге түсіріп баяндаудың өзі мүмкін емес. Астыртын ұйымның сызбасында алаш қайраткерлерінің бәрін сыпыра тізіп шығып, мінездеме береді. Соған қарағанда әуел бастағы Дінше Әділевтің ұсталуына себепші болған “Қара – Ноғай” туралы айғақтар мүлдем ұмыт қалдырылып, тек саяси айыптауға көшкені байқалады.
1929 жылы 2 қараша күні тергеуші Павловқа берген Дінмұхамед Әділевтің қосымша көрсетіндісі.
“Астыртын қазақ ұйымы туралы сызып берген №1 сызба 21- жылдың көктемі мен жазындағы; ал №2 сызба – 21-жылдың аяғы мен 24-жылдың арасындағы құрылымдарды қамтиды және оған ерекше түсініктің керегі жоқ, өйткені астыртын ұйымдардың сол кездегі іс-әрекеті туралы Қазақстандағы тергеуде тәптіштеп жазып бергенмін. Ал қазір тек 1925-28 жылдардың арасын қамтитын №3 сызбада көрсетілген астыртын ұйымның ісіне талдау жасап, түсіндірме беру қажет шығар.
Орталықтан бастайық: ұйымның бұл кездегі орталығы – Қызылорда қаласы болды. Сонау 21-23 жылдардың арасында-ақ астыртын ұйымның жетекшісі болған адам осы қалады тұрады. Енді сол адамдардың әрқайсысына жеке-жеке мінездеме беріп, олардың біздің контр-революциялық ұйымымыздағы жүргізген ұлтшылдық және ұйымдастыру жұмыстарын әшкерелеуге көшемін.
Байтұрсынов Ахмет: арадағы ұзақ үзілістен кейін мен онымен Қызылорда қаласында (25-жылы) кездестім, ол бұл кезде әдеби іспен пейілін сала шұғылданып жүрген. Мен оның жеке өзімен ешқандай да әңгіме өткізбедім, мұндай сұрақпен оның назарын аударуды қажет деп таппадым, өйткені, оның жасы келіп қалған, сыйлы адам, ал біз болсақ қатардағылардың біреуі ғанамыз. Бірақта өзгелер арқылы білетінім, ол ұлтшылдық және ұйымдық іскерліктен бас тартпаған. 25-28 жылдардың арасындағы ондай деректерге мынаны жатқызамын: бірінші, біздің ұйымның мүшесі Байсейітов... (беттің осы арасы жыртылған, сөйлемнің ыңғайына қарағанда, оны былай оқуға болады: Байтұрсыновпен және басқалармен бірге)... Бакудегі түркітанушылардың құрылтайына барды. Қайтып келген соң Байсейітов маған мынаны айтты: олар – Байтұрсынов пен Байсейітов түрік профессоры Купрелло-Задамен кездесіп, Валидовтың жағдайы туралы әңгімелеспек болыпты. Байсейітовтің айтуынша Купреллоның да жүздесуге ықыласы қатты ауыпты, алайда олардың соңына тыңшылар қойылып, аңдып жүргендіктен де қаншама тырысса да ыңғайлы сәтін тауып әңгімелесе алмапты.
Сөйтіп, менің Байсейітов арқылы білгенім, Байтұрсынов – баяғы Байтұрсынов күйінде қалыпты. Ол түрік профессоры арқылы шет елде Константинопольде жүрген Валидовпен тікелей байланыс жасай алмағанымен де пікір алысқысы келгені анық.
Екінші айғақ: мен қырда жасырынып жүруге мәжбүр болған кезімде 1928–жылы өзімінің жігіттерімнің бірі Нұрланды Қызылордаға жібердім. Ол менің тапсырмам бойынша Дулатовқа жолығыпты. Ол (Дулатов - авт.) Аймауытовпен екеуі Нұрланды ертіп Байтұрсыновқа барыпты. Онда барған соң Дулатов: “Ақа, міне, Дінше Әділевтің жігіті келіп тұр, қандай тапсырма береміз” – деп сұрапты. Оған жауап ретінде Байтұрсынов: “Сендермен сөйлестік емес пе, соны айтыңдар” – депті. Демек, Байтұрсынов 1928 – жылдың өзінде біздің астыртын ұйымымызда үлкен ұйымдастырушылық – жетекшілік қызмет атқарған”.
Көрсетінді осылай жалғаса береді. Д.Әділев бұл арада “кәдімгі кәнігі конспиратордың” міндетін атқарап, астыртын ұйымның жетекшілерінің бірі ретінде әрқайсысына берген мінездемесін өзі қызуқандылықпен талдайды. Тергеуші бұрынғы сұрақтарды қайта қойып, оны неғұрлым саяси бағытқа қарай қақпайлап, бір ізге түсіруге тырысқан.
Дінмұхамед Әділев бұдан кейін Міржақып Дулатовқа “мінездеме” берген. Әрине, оның Валиди мен Шоқаевқа деген ішкі ықыласын айтқан. Жай ғана адам бір сүзіп шыққанның өзінде Дінмұхамедтің “қара суды теріс ағызып, қара тонды теріс аударғаны” бірден аңғарылады. Тіпті миға сыймайтын жайлар бар. Оның бәрінің ешқандай мән-мағынасы жоқ сөздер болғандықтан да, кейбір шетін деректерді ғана ұсынамыз. Ескерте кететініміз, жауаптың мазмұнына тергеушінің өзі де тұздықтап, өз жанынан қосымша “куәлік” қосқаны бірден байқалады. Өйткені Қазақстанның жағдайын білмейтін адамның сөзі екені көрініп тұр. Сөйтіп, бір кезде «Омбының көшесінде қаңғып қалған 11 жасар Дінмұхамед Әділевті» (М.Дулатовтың мақаласынан - авт.) адам қатарына қосқан Міржақып Дулатовты, енді есейген Д.Әділев мырза өзінің көрсетіндісінде оны былай деп “азаптан құтпармақ” болған. Дінмұхамед Әділев:
“...Содан кейін мен Нұрлан арқылы, әлде басқа біреу арқылы ма, нақты есімде қалмапты, өзімнің осында келгенімді Дулатовқа білдірдім. Біраздан кейін жақсы атқа мінген, басында әдемі қалпағы бар Міржақып өзі маған келді. Бөлмеде екеуміз ғана қалдық. Дәл осы уақытта Англия мен кеңестің арасындағы қарым-қатынас үзілді. Біз сол туралы әңгімелестік, Дулатов жалпы жағдайды және Қазақстандағы жағдайды сондай бір қара бояу жаға қатерді төндіре баяндады. Ол маған: бізге әзірше тиісе қоймағанымен, түбі тұтқындауы мүмкін, өйткені, соғыстың не әскери қыспақтың басталып кетуі, тіпті, кеңес өкіметінің құлауы да мүмкін – деді. Оның өзінің де көңіл-күйі түсіңкі еді, сол арада ол тағы да:
-
Қаладан кетіп қалуды ойластырып жүрмін. Мен өзімінің Торғайыма қарай бет алмақпын. Сонда барған соң 50-60 жігіттің басын құрап, жасақ жасақтаймын, киіндіремін, қолына қару беремін де іске кірісемін. Егерде соғыс бола қалса дәл осылай істейтінім анық, оны ешкім де тоқтата алмайды. Соғыс болмаған жағдайдың өзінде де елге барып, жасақ ұйымдастырамын. Дәл осындай пікірді Есполов Мырзағазы мен Байтұрсынов Ахмет және Ғаббасов Халел де ұстанып отыр. Олар да қаланы тастап өз ауылдарына кетпекші. Сөйтіп, біздің бәріміз ауылға барып (жоғарыда аталғандар Торғайға барып) іске кіріскенше ешқандай байланыс жасаспау керек. Тек дала арқылы “тірі байланыс” (хабаршы арқылы – авт,) жасап, бүкіл қазақ елін қарулы көтеріліске шақырамыз. Қайталап айтамын - қарулы көтеріліске шығамыз, менің бұл ұсынысымды қосып, қаладан ауылға кетуге Есполов Мырзағазы, Байтұрсынов Ахмет пен Ғаббасов Халел қостап отыр” – деп айтты».
Достарыңызбен бөлісу: |