Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет5/13
Дата15.06.2016
өлшемі0.98 Mb.
#137669
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Зады, ОГПУ тергеушiлерi тек қана сұрақ-жауаппен ғана қанағаттанбай, «қылмысты мойындатудың тиiмдi» тәсiлдерiне де жүгiнсе керек. Өйткені Д.Әділевтің жауаптары күн сайын бұлдыр тартып, қарама-қайшы пікірлер білдіре бастайды. Бiресе – кешегi берген мағлұматына қарсы шығады, бiресе мүлдем басқа оқиғаны мазмұндап бередi, үшiншi күнi – алдыңғы екеуiн де мойындайды. Бұл жөнiнде Қазақ ССР Жоғарғы сотының 1988 жылғы 4 қарашадағы мәжiлiсiнде: «Д.Әдiлев тұтқындалғаннан кейiн ... оның тергеу iсiнде осыдан 8 жыл бұрынғы, яғни, 1921 жылғы бұрынғы алашордашылардың „қылмысты әрекеттерi» туралы күмәндi және қарама- қайшы пiкiрдегi сөздер пайда бола бастады. Әдiловтен бiрнеше рет сұрақ- жауап алынған (iсте ол тергеудiң стенограммасы ғана сақталған) және әр жолы шым-шытырық шатасқан, жүйесiз әрi қарама-қайшы жауаптар берген»,- деп (бұдан кейiн 1988 жылғы сот коллегиясының тұжырымынан алынған сөздердi сiлтеме жасамай, тырнақшаға алып беремiз – автор) қорытынды жасалған.

Жоғары сот «тергеудiң стенограммасы ғана сақталған» деп неге ерекше ескертiп отыр?


Мұның тергеу, сот iсiнде үлкен мәнiсi бар. Қылмысқа қатысты жауапқа тартылған әрбiр айыпкер (немесе куәгер) өзiнiң iс әрекетi туралы (егер мойындаса) өз қолымен жазып беруi тиiс. Сондай-ақ сұрақ-жауап стенограммасына: «Танысып шықтым. Тағылған айыпты мойындаймын», не «мойындамаймын» деп қолын қоюы шарт. Егер, айыпкер адам хат танымаса, бармаған басып куәландырады. «Бармақ басудың» Дiнше үшiн ешқандай қажеттiгi жоқ. Көзi ашық, сауатты. Ал сұрақ-жауап стенограммасында тергеушi айыпкерге қылмысты қалай таңамын десе де – ерiкті. Қалайда Дiнше Әдiлевке қысым көрсете отырып, оның жеке басының „Алашордаға” қатысын мойындатуға тырысқан. Сол мақсатта бұдан бұрын жүргізілген Ә.Бөкейхановтың, Е.Омаровтың, Х.Ғаббасовтың тергеулерін осы іске әкеп қосып, жоғарыдағы көрсетінділерге сүйене отырып олардың бәріне ортақ:

1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн астыртын ұйым құрған. 2. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған. 3. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған деген айып тақты.

Көрсетінді де аты аталғандарды бірінен соң бірін тұтқындап, жауапқа тарта берді.

Сондықтан да тергеу ісіне хатталған сұрақтар мен жауаптарды рет-ретімен келтіріп, жүйеге түсірудің өзі мүмкін емес. Өйткені, бір мәселені, мысалы 1921-1922 жылғы Орынбордағы немесе Ташкенттегі оқиғаларға 40 адамнан, Бетпақдаладағы және Торғайдағы астыртын қарулы көтерілісті „дайындаған” 32 адамнан 2 жыл бойы ілгерінді-кейінді екі жүзден астам жауап алынған. Жауаптың бiр-бiрiне қайшы келуiн де сол себептен деп түсiнген лайық. Сондықтан да біз тергеу барысында тағылған айып пен анықталған-мыс делінген айыптау желісін Қазақ ССР жоғары сотының 1988 жылғы анықтамасы бойынша таныстырып барып, әр адамның тергеу ісіне жеке-жеке тоқталамыз. Сонымен, Д.Әділевтің жоғарыдағы көрсетіндісіне жүгінсек, Нағима Арықованың үйелменімен бірге Семейге (неге екені белгісіз), келіп Жүсіпбек Аймауытовпен танысады. Сол кезде:



«...Ол (Д. Әдiлев –автор) 1921 жылы Орынбор қаласынан өзiнiң КирЦИК-ке мүше болып сайланғаны туралы телеграмма алады да, сонда жүрiп кетедi. Iшкi iстер халық комиссариатында iстейдi, онда КирЦИК-тiң жатақханасында танысы Болғамбаевпен бiр бөлмеде тұрды. Сол арқылы бұрынғы алашордашылар Бөкейхановпен, Байтұрсыновпен, Омаровпен, Сәрсеновпен жиi қарым-қатынас жасайды. 1921 жылы аталған адамдар Омаровтың бөлмесiне жиналады, онда Байтұрсынов шифрмен (бүркемеленiп) жазылған Валидовтың хатын оқып бередi. Соңғы адам (Валидов – авт.) Бұхара қаласында мұны қолдайтын үлкен күштiң тұрғандығын хабарлап, өзiмен келiсiм жүргiзу үшiн арнайы адам жiберуiн өтiнген. Бұл хатты талқылаудың барысында өздерiнiң жасырын ұйымын құру туралы шешiм қабылдайды және Валидовпен келiсiм жүргiзу үшiн – мұны, Әдiлевтi, ал шетелмен байланыс жасау үшiн – Болғамбаевтi жiберу керек деп келiседi. Соңғы адам (Болғамбаев - авт.) «Алашорданың» Торғай бөлiмшесiнiң мөрi басылған арнайы мандатымен (ол кезде «Алашорда» партиясы таратылып кеткен. Барлық iс қағаздары, мөрi өкiметке тапсырылған – авт.) шетел державалармен келiсiм жүргiзуге кепiлдiк алады, ал Әдiлев болса Орта Азиядағы ұйымдармен байланыс жасайтын өкiл боп бекiтiледi».

Содан кейiн оны (Әдiлевті) Оқу-ағарту халық комиссариатына жұмысқа ауыстырып, оқулықтар әкеледi деген сылтаумен Ташкент қаласына командировкаға жiбередi. Ол онда Болғамбаевтан бұрын барады, Дулатовты, Досмұхамедовты iздеп тауып, өзiнiң келудегi мақсатын оларға айтады. Дулатов оған: өзiнiң қызметкерi Бiрiмжановты Бұхарадағы Валидовқа жiберiп қойғанын бiлдiредi. Соңғы адам (Бiрiмжанов - авт.) Бұхарадан қайтып оралған соң, олар Болғамбаев пен Битiлеуов (және Әдiлев - авт.) үшеуi тағы да Валидовқа барады. Валидов оларға Совет өкiметiне қарсы бiрiгiп күресу үшiн бiзге қосылыңдар деп ұсыныс жасайды. Болғамбаев пен Битiлеуов ол арадан керi қайтып кетедi де, бұл (Әдiлов –авт.) қалып қояды. Содан кейiн Валидовтың тапсырысы бойынша ол Ферғана маңындағы Жанұзақовтың басмашыларына аттанады. Алайда сол күнi қызылдар отрядқа шабуыл жасайды, отряд тарап кеткендiктен, Әдiлев тағы да Ташкентке қайтып келедi. Өзiнiң Валидовпен арадағы жүргiзген келiссөздiң қорытындысын ол Байтұрсыновқа да, басқа да адамдарға айтпаған.

1927 жылы СССР-дiң Англиямен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасты үзуiне байланысты олардың бәрi де соғыс басталады деп күтеді. Сондықтан да осымен (Әдiлевпен) кездескен кезде, Дулатов оған: ендi бұрынғы алашордашыларды қуғындап, қысым жасауы мүмкiн - деген пiкiр айтады. Осыған байланысты ол: Байтұрсынов, өзi, Есполов және басқалары соғыс бола қалған жағдайда, қарулы көтерiлiс ұйымдастыру үшiн, қырға кетуге келiскенiн айтады.

Ол, Әдiлев Голощекиндi өлтiрудi көптен берi ойластырып жүрген екен-міс. Бұл турасында ол Дулатовпен, сондай-ақ Аймауытовпен пiкiр алысқан. Содан кейiн бұл тақырыпқа қайтып оралмаған» (1988 жылғы ақтау туралы сот шешімінен көшірме).

Міне, «Алашорда қайраткерлерінің» үстiнен қозғалған „қылмыстың”, яғни, лақап – аңыздың ұзын-ырғасы мен мән – мазмұны осындай.


Дінмұхамед Әділевтің тергеушіге берген бұл деректері айыпкерлер жағынан расталды ма, жоқ па? Енді соған келейік.

ДУЛАТОВ


Әрине, жоғарыдағы: „1.Кеңес өкiметiн құлату үшiн астыртын ұйым құрған. 2. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған. 3. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған» деген айыпттаулар, шындығында да, ақылға сыя қоймайтын еді.

Өзгені былай қойғанда, 1916 жылғы самодержавиеге қарсы азаттық көтерілістің өзін әуеліде реакцияшыл қозғалыс деп атап, Голощекин Шапиро мен Брайнин деген идеолог-тарихшыларға теріс тұжырымдар жасатып, „ұлтшылдықтыан туған, орыс халқына қарсы көтеріліс” екенін дәлелдеп мақала жаздырды. Тек ұлт азаттық көтерілісті көтерілісін жаба алмайтын болған сәтте және Аманкелді Имановтың қаза табуына „Алашорда” жасағының қатысы барлығы туралы күдікті растату арқылы ежелден тісін басып жүрген алашордашылардың көзін құртудың мүмкіндігі туғанын білісімен, Аманкелдіні „барымташы, бунтарь” „дала қарақшысы” етіп көрсеткен әлгі екі тарихшыға енді Аманкелді Имановты „большевик”, ұлттық қаһарман ретінде баяндайтын монография шығартты. Бір халықтың ұлттық, азаматтық күрес тарихын бар мен жоққа тели үкім айтып, тағдырын тауқыметке итермеледі. Сол кезде Сталиннің «партия ішіндегі оппортунистер» деп атаған Каменев, Зиновьев, Троцкийлерге қарсы науқаны лап ете қалды да, соны арқаланған Голощекин бетіне еш жанды қаратпады.

Тергеушілер де мұны әккілікпен пайдаланып, Дінмұхамед Әділовтің көрсетіндісінде аты аталысымен, 1928 жылы 29 желтоқсан күні „Алашорданың” ең белсенді көсемсөз көсемі, „Алашорда” жасағының әскери кеңесінің төрағасы болған Міржақып Дулатовты тұтқынға алды.

1929 жылы І/І күні тергеуге алынған Міржақып Дулатовтың жауабының хаттамасы.



Мен, 1885 жылы Торғай обылысының Торғай уезінің Сарықопа болысына қарасты №1 ауылда тудым. (Бұл қазіргі Қостанай облысының Наурызым ауданы). Ата-анам мал шаруашылығымен айналысады, ортадан төмен дәулеті болды. Анамнан емшектегі кезімнен айырылдым, ал әкем 12 жасымда қайтыс болды. Ауыл мектебінде 2 жыл оқыған соң, 1897 жылы Торғай қаласындағы 2 кластық орыс-қазақ мектебіне түстім де оны 1901 жылы бітіріп шықтым, одан кейін Қостанай қаласындағы бір жылдық мұғалімдік курсты 1902 жылы тәмамдадым. 1902-1904 жылдың арасында (аздаған үзіліспен) Торғай уезінде мұғалімдік қызмет істедім. 1904 жылы сонау Қытай шекарасынының түбіндегі Семей облысының Зайсан уезіндегі ауылдық мектептердің біріне ауыстырылдым, онда 1907 жылға дейін болдым... “.
Бұдан кейін жалпыға мәлім “Қазақ” газеті мен “Алашорда үкіметі тұсында істеген қызметтері баяндалады. Олар жалпыға мәлім кейінгі жауаптарда нақтырақ қамтылатындықтан да, осы үзіндімен шектелдік. Өзге хаттамаларға қарағанда Міржақып Дулатовтың анкеталық-өмірбаяндық жауаптары машинкаға басылған. Майталман журналист Жақаңның-Міржақыптың өзі басты ма, жоқ, тергеушілер тасқа түсірді ме, ол жағын ажырата алмадық. Айыптау санкциясы мен Д.Әділевтің көрсетіндісіне қарағанда алғашқы сұрақ-жауап: 1). Міржақып Дулатов пен Дінше Әділев және де басқалар бірігіп түскен суреттің тарихы, не 2). 1921-1922 жылғы Ташкентте құрылған-мыс делінетін астыртын ұйым, не 3). Голощекинге қарсы қастандық жасау әреті-міс делінетін мазұнда қойылуы тиіс болса да, мұнда бірден 1918-1919 жылғы Торғайдағы азакматтық соғыс кезіндегі оқиғалар, оның ішінде Аманкелді Имановтың қазасы туралы қойылған. Торғайдағы оқиға туралы М.Дулатовтың жауабы:

Бірде біздің назарымызға: Иманов бізді тұтқындағалы жүр екен, оның үйінде Қостанай жақтан келе жатқан әлдебір отрядтың барлаушысы тұрады екен деген мәлімет түсті. Осы мәліметті алысымен біз Имановты және оның үйінде жатқан белгісіз адамды тұтқындадық та, өзіміз жасақтың бір бөлігін ертіп Торғайға беттеп келе жатқан отрядтың қарсы алдынан шықтық. Қауесет шын болып шықты, бұл Таранның партизан отряды екен, ал Имановтың үйінде жасырынып жатқан белгісіз адам – Таранның өзі екен. Торғайдан отыз шақырымдай шыққан соң отрядпен бетпе-бет келдік, ешқандай қарулы қақтығыс болған жоқ, оларды казак полкінің қуғындап келе жатқанын сол жерде білдік. Біз, алашордалықтар, бұл отрядты қайтпек керек деп өзара кеңестік, егерде оны Торғайға қарай өткізіп жіберейік десек, Имановтан сескендік, өйткені олар бізден көрі соның сөзіне сенеді де Иманов ойындағысын жүзеге асырып тынады. Бұл бір. Мәселенің екінші жағына келетін болсақ, егерде біз отрядты Шалқарға қарай ешқандай ұрыссыз әрі шығынсыз өткізіп жіберсек, онда оларды өкшелеп келе жатқан казак полкі жергілікті халықты сөзсіз қырып–жояр еді де, ең бірінші кегін бізден алар еді. Осының барлығын ақылға салып, біз отрядты қарусыздандырып, адамдарын өз еркімен қоя берейік дегенге бәтуаластық және солай істедік те. Шарасыздықтан мәжбүр болған бұл әрекетті сол арада отрядтағыларға түсінірдік. Келесі күні Торғай қаласына кештетіп жеткеннен кейін ғана бізден бөлініп қалған жастар аласапыран кезінде Иманов пен Таранды мерт етіпті. Осыдан кейін біз казак полкінің келуін үрейлене күттік, себебі, біздің жасағымыздың саны 400-дей ғана адам еді, оның көпшілігі әлі әскери шайқасқа қатыспаған тәжірибесіз жасақтар еді.



Бір күні таңертең белгісіз бір отряд Торғай қаласын қоршап алды да жан-жақтан оқ жаудырды. Біз кешке дейін тосқауылда тұрып қорғандық та, кешке қарай шабуылға төтеп бере алмай Торғай қаласын тастап шықтық. Бұл Жиляевтің отряды екен. Ол Торғайда бір тәулік қана болды да әрі қарай Ырғызға бет алды. Олардан кейін үш күннен соң Торғайға капитан Могилев бастатқан казак полкі келіп кірді. Біздің барар жеріміз қалмады да Торғайға қайтып оралдық. Могилев полкі біздің барлық қуат-күшіміз бен жарақтарымызды өзінің қол астына жиып алды Бұдан кейінгі біздің әрекетіміз жоққа тән болды, ешқандай еркін қимыл жасауға мұршамыз келмеді, тек казак полкі мен тұрғындардың арасындағы делдалдық қана міндет атқардық. Бір, бір жарым айдың ішінде казак полкі Ырғыз бен Шалқарды өзіне қаратты. Алайда аз уақыттан соң қызыл армияның шабуылы басталды да тас-талқаны шыққан оңтүстік армия бей-берекет қаша жөнелді. Алашордалықтардың тобы (Есболов, Сейдалин, Бірімжанов, Тоқтабаев, Шонанов және мен) біраз уақыт Торғай мен Атбасар уезінде тұрдық та, қаңтар айында Семей уезіне келдік, сонда қыстап шықтық

Сол кезде маған кеңес өкіметіне қарсы күрескеніне қарамастан алашордашыларға ВЦИК- тің кешірім жасағаны туралы мәлімет келді. Мен 1920 жылдың қыркүйек айында Омбы қаласына келдім де бірден губерниялық атқару комитетіне кірдім.

Міне, тура сол кезден бастап менің кеңес өкіметінің жағында істеген үздіксіз еңбек жолым басталады. Өзімнің атқарған лауазымдарым мен істелген жұмыстарымды тізімдеп шықпай тұрып, мына жайды айтқым келеді: мен Омбы қаласында шығып тұратын “Кедей” газетінің бетінде (1920 жылғы 7 қараша күні) өзімнің кеңес өкіметіне деген көзқарасым баяндалған және біздің өткендегі қайраткерлігіміздің тұсында жіберілген кемшіліктерімізге тоқталған мақаламды өз атыммен жарияладым. Бұл мақаланы ешкімнің зорлауынсыз, еш қай жақтың мәжбүрлік ықпалынсыз және қорқып емес, арыма жүгіне отырып жаздым. Өз сөзімнің шын көңілден шыққандығын бұдан кейін іспен дәлелдеуге тырыстым.

Омбы да мен бар-жоғы екі ай ғана болдым, онда Ақмола ГуОНО-сы мен Сібір ОНО-ның нұсқаушысы қызметін атқардым. Қараша айында Ташкентке ауыстым, онда “Ақ жол” газетінің жауапты хатшысы боп орналастым. “Ақ жолда” 1921 жылдың мамыр айына дейін істедім және өзіме көрсетілген сенімді толық ақтадым, кей кездері бас мақала жаздым, оларды қазір санап бере алмаймын, алайда Кронштад оқиғасы туралы бас мақаланы менің жазғаным есімде. “Ақ жол” газеті және оның ішінде саяси мазмұндығы ұстамдықтар туалы, көп сөз қозғалып, баспа сөздерде түрлі таластар жүріп жатыр, оның барлығының мен істеген кезге ешқандай қатысы жоқ.

1921 жылы үйелменімнің соңынан Семейге бардым да, үй-ішімнің жағдайына байланысты сонда қалуымы тура келді. 1921 жылы Семей уезінің халық тергеушісі боп істедім, ал сол жылы күз айында заң қызметкерлерінің губерниялық құрылтайында Семей губерниялық халық сотының төрағасының орынбасары боп сайландым. 1922 жылдың мамыр /май/ айына дейін осы міндетті атқардым. Асырып айтқандық емес, осынау қысқа мерзім ішіндегі менің жігерім мен адал еңбегім губерниялық сот мекемелерінің беделін қазақ тұрғындарының арасына ерекеше көтеріп кетті. (Мен қазақ бөлімін басқарған болатынмын) Бұл жайды сол кезде Семейде істеген жолдастардың бәрі де жақсы біледі.

1921 жылы Торғай, Ырғыз, Қостанай уездері мен Орал губерниясының бір бөлігі жаппай ашаршылыққа ұшырады. Мен Семейдегі “Қазақ тілі” газеті арқылы ол туралы ең бірінші боп мақала жазып, мынадай ұсыныстар жасадым: темір жолдан 400-500 шақырым шалғай жатқан әрі шашыраңқы қоныстанған далалық аудандарындағы елді мекендерге мемлекеттің көмегі дер кезінде жетіп үлгермейді, сондықтан губерниялардағы қазақ қызметкерлерін жаппай іске тартып, оларды ел арасына жіберіп, жұрттан ерікті түрде мал жинауға жіберу керек, сөйтіп, жылудан құралған малды ашаршылыққа ұышыраған аудандарға жеткізу қажет деген ұсыныс жасадым. Мен бұл ұсынысымды көпшілік қауым қызу қолдады және осы мәселе туралы шығарылған мәжілісте де менің жоспарым мақұлданды, кейіннен оны губерниялық аштарға көмек комитеті мен ашаршылыққа ұшырағандарға көмектесетін орталық топ қолдап, іске кірісу туралы нұсқау берді. Осы жұмыстың нәтижесінде 2-3 айдың ішінде 15 мыңға жуық ірі қара мал жиналып, олар ашаршылыққа ұшыраған аудандарға жеткізіліп, тұрғындарға таратылып берілді. Ұйымдастырушы әрі үгітші ретінде үш уезді жаз бойы аралап шықтым.

Қырдан Семей қаласына қайтып келісімен тұтқынға алындым да, іле Орынбордағы ПП ОГПУ – дің Қазақстан бойынша өкілдігіне жіберілдім, ұзамай абықтыдан босатылдым. Орынборда қазақ мемлекеттік баспасына жұмысқа тұрып, бөлім меңгерушісі болып істедім, 2 жыл қазақ халық ағарту институтында оқытушы болып сабақ бердім. ГПУ мен Мұғалімдер курсына дәріс оқыдым. Төрт жылдан бері “Еңбекші қазақ” газетінде қызметкер болып істеп келдім, 1922 жылдан бастап мен қазақ тіліне 20-дан астам кітап пен кітапшалар аудардым.

Осы уақытқа дейінгі істеген қызметімнің ешқайсысында кеңеске қарсы бірде–бір әрекет жасалған емес. Тек соның ішінде өзім ашық түрде қарсы болған бір мәселе – қазақ әрпін латын қарпіне көшіру жайы болды. Мен өзімнің бұл пікірімді кеңеске қарсы бағытталған іс деп есептемеймін. Мәселе әлі толық шешіліп болмағандықтан да мен өзімнің пікірімді білдірдім, себебі, латын қарпіне көшуге әлі ерте, оған қаржы қажет, одан да сол қаражатты бұдан көрі ділгір қажеттіліктерге жұмсау керек деген ойымның дұрыстығына өте сенімді болдым. Сұрақ алған - Шығыс бөлімінің бастығы – Петров”.
Тергеушілердің Брайнин мен Шапиро дайындаған, Ораз Исаев редакциялаған “Алашорда” туралы жинақтардың қолжазбасына сүйенгені анық байқалады. Сол жинақтың ішіндегі құжаттарды тергеу ісіне айғақ ретінде тіркеген.

Стенограмма.



1929 жылы 3 қаңтар күнгі Міржақып Дулатовтан алынған жауаптың хаттамасы.

Төмендегі құжаттардың мазмұнын білемін бе, жоқ па деген маған қойылған сұрақтарға беретін жауабым мынау:

(Бірінші құжаттың мәтіні): Министрлер Кеңесінің Төрағасы /Колчакқа/ “Алашорданың” Торғай бөлімінің мәліметінен:

Орынбор Әскери Округының ұсынысымен және қолдауымен Торғай облыстық бөлімі Бүкілодақтық 2 – атты полкті жасақтауға 1918 жылдың қараша айынан бастап кірісті, ал Бүкілқазақтық І-атты полк 18-жылдың жаз айында жасақталған еді. Қостанай уезінде І-полк дербес Урал корпусының қарауында болды және барлық жарақты қазынанадан алды, 2 - полк "Алашорданың" Торғай облыстық бөліміне қарады. Торғай мен Ырғыз уезі Сібір Уақытша Үкіметіне, Дербес Урал корпусының қолбасшысына, чехословактарға көмек сұрап хат жазып еді, алайда ешкімнен көмек ала алмады. Сәуір айында “Алашорда” бөлімі Торғай қаласын алды, әскери комиссарын тұтқындады, ол кейінен атылды. Сөйтіп, Торғай уезіндегі Кеңес өкіметі құлатылды, қалалық және жергілікті басқару жүйесі қалпына келтірілді және бұл арада Адмирал Колчак бастатқан Уақытша үкіметтің өкілдігі жарияланды.. 22 көкек күні құрамында 337 адамы бар Таранның отряды түгелдей қарусыздандырылды, оның ішінде Таранның өзі бастатқан 30 сарбазы да ұсталып, бәрі де атылды. Таранның қарусыздандырылған отрядының барлығы да Атбасарға жіберіледі. Одан қалғандары Атбасарға бара жатқан жолда құртып жіберілді. Таранның отрядының қарусыздандырылғаны және олардың көзі жойылғаны жөніндегі оқиға туралы мәлімет беру үшін біздің өкіліміз Кенжеғали Ғабдуллин Дербес Орынбор Армиясының штабымен хабарласу үшін мен оны сонда жібердім, ол Армия штабына барды...”.

Бұл “Алашорданың” Торғай бөлімінің 1919 жылғы 11 мамыр /май/ күні Министрлер (Сібір) кеңесінің төрағасына (Колчакқа – авт.)) жіберген мәліметі. Қолжазбасы Омбыда сақталған, 1919 жылдың 24 маусым күні қол қойылған.

Міржақып Дулатовқа ұсынылған екінші деректі құжат-айғақ мынадай:

Алашорда” Уақытша қазақ үкіметі.



Торғай облыстық Әскери кеңесі.

19 жыл. Шілде.

441.



Торғай қаласы.

Шобан болысының болысынайына

Торғай қаласы маңында Жильяевтің бандыларымен болған ұрыстан соң “Алашорда” жасағы шегінген кезде ұрыс майданында қалған көптеген аттарды, ертоқымдарды, винтовкаларды, оқ-дәрілерді, қылыштарды және киімдерді қыр елі жиып алыпты. Барлық киімдерді, аттарды жекелеген жарақтарды жиып, қалаға алып келіп, “Алашорда” жасағына тапсыруыңыз керек. Мұны орындамағандардың жауапқа тартылып, әскери кезеңге сәйкес қатаң жазаланатынын елге түсіндіріңіз. “Алашорданың” Торғай облыстық әскери кеңесінің осы жарлығын хабарлай отрып, барлық болыс тұрғындарына өз тарапыңыздан ықпал етіп, аталған қару мен жарақтарды қалаға жеткізуді қамтамасыз етіңіз. Ат пен қару, басқа да заттарды алған адамдардың тізімін жасап “Алашорда” әскери кеңесінің үйіне әкеп беріңізӘскери кеңестің мүшелері – Сейдалин, Қадырбаев” .
Жоғарыда келтірілген құжат-айғаққа Міржақып Дулатов былай деп жауап береді:

Менің беретін жауабым мынау:

Алашорданың” Шығыс бөлімінің жетекшісі Бөкейханов және басқалары 1919 жылдың жаз айларында Омбы қаласында тұрған еді. Біздің оларға Кенжинді қандай тапсырмамен жібергенімізді қазір есіме түсіре алмай тұрмын. Мына құжатты маған көрсеткенде ғана оны амалсыздан алдарқату /тактикалық/ тұрғысында жазғанымызды есіме түсірдім. Себебі қалыптасқан жағдай мынадай болатын: біз ол кезде Колчактың өкіметімен де, Орынбордағы Әскери Үкіметпен де қарым-қатынасымызды үзіліді-кесілді доғарып, Торғайға келіп орналасып, кеңес өкіметі жағына шыққан едік те Байтұрсыновты Москваға келісімге жіберген болатынбыз. Алайда менің жоғарыдағы тергеуге берген жауабымдағы жағдайларға байланысты кеңес өкіметі жағына толықтай қосылып кете алмадық, сөйтіп, шарасыз күйге түстік. Барар жеріміз қалмады, оның үстіне Торғайға және Торғай арқылы Шалқарға казак отрядтары үздіксіз ағылып жатты. Мұндағы жазылған сөздер біздің шын ниетімізді білдірмейтін, Колчак өкіметі жағынан қысым мен қуғын жасалмас үшін, жай ғана көз бояу үшін ғана жазылған еді. Ондағы біздің басты мақсатымыз: қалайда қазақ халқын қырғыннан сақтап, оны қорғап қалу болатын. Біз өзіміздің күшіміздің аз екенін, ешкіммен де соғысып шекеміздің қызбайтынын жақсы білдік. Тек сол мақсатты жүзеге асыру үшін ғана осы құжат жазылған болуы мүмкін.

Өткен өмір жолымды жасырып қалудың мен үшін ешқандайда мәнісі жоқ. Кеңес өкіметіне қарсы қолыма қару алып күрескенімді, Уақытша үкіметті қолдағанымды жасырмаймын. Мұның барлығы 19- жылғы оқиға болғандықтан да көптеген жайлар менің жадымда қалмапты. Әрине, Иманов пен Таранның өліміне байланысты әдептік тұрғыдан алғандағы жауапкершіліктен мен де құтыла алмайтынымды білемін. Біздің жасағымыз екіге бөлінді. Оның бір бөлігін басқарып мен Торғай қаласынан сыртқа шығып кеттім, ал біз қайтып келгенде олар тірілердің қатарында жоқ еді. Біздің жасақтың бір бөлімі Торғайда қалған болатын, оның сардары Қасымов еді. Ал бізге бұл істі басқарған Мақатов деп мәлімдеді.

Дәл осы мағынадағы құжаттың Сібірдегі Министрлер Кеңесінің Председателіне жіберілуін мен жоққа шығара алмаймын, бірақта ол кезде Торғай мен Омбының арасында ешқандай да почта қатынасы жоқ болатын, сондықтан да ол құжатты сол кезде үкіметтің атынан мәлімдеме жасауға арнайы Омбыға жіберілген Кенжин ғана жеткізуі мүмкін. Колчактық өкіметтің көңілін тыныштандыру үшін бояуды қалыңырақ жағып, ату жазасына кестік деп көрсеткен болуымыз керек”...
Осы түсініктемелерден кейін барып Д.Әділевті тінту кезінде табылған, ішінде М.Дулатовтың бейнесі бар бір топ адамның суреті көрсетіліп: мына фото кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйымның бағдарламасын талқылаған соң түстіңіздер ме, жалпы сіздер жиі бас қостыңыздар ма, мұндағылардың қайсысын білесіз - дегенга саятын сұрақ қойған. Жауап стенограмма ретінде қағазға түскендіктен сөз арасында қойылған сұрақтардың мазмұнын жобалап қана аңғаруға болады:

Біз бәріміз басымызды жиі қостық, бірақта кеңес өкіметіне қарсы және онымен күресудің бағдарламасын ешқашанда жасағамыз жоқ, ондай мақсат та қойғамыз жоқ.



Болғамбаев Хайретдинді мен оның Орынбордағы Хұсайыновтар медресесінде оқып жүрген кезінен білемін. 1921 жылы Орынбордан Ташкентке келіп, Қожановқа жолығып жұмысқа орналаспақ болғаны есімде. Болғанбаев Ташкентке Әділев Мұқышпен бірге келді-ау деймін, кейінгісі әуелі коммунистік партияның қатарына мүшелікке өтіп, содан кейін еріктілердің қатарында қызыл әскерге кіріп, Қиыр Шығыстағы қызыл партизандар отрядының құрамында болған, 1920 жылы Орынборда Ішкі істер халық комиссариатында істеді. Бұл жерге ол Ташкенттен келген болатын, онда не істеді, ол жағын білмеймін. Бірімжанов та ол кезде Ташкентте болатын. Әділев Ташкентте нақты ештеңемен айналыспады-ау деймін, әйтеуір институттағы студенттерді жиып алып, сөз сөйлеп жүретін. Ол уақытта жастардың біразы оқыған мектептеріне көңілі толмайтын. Содан кейін ол бір жаққа кетті, қайда кеткенінінен хабарсызбын.

(Әділев туралы қайталанып сұрақ қойылған):Айттым ғой жаңа, осыдан екі үш жылы бұрын Әділев бір жаққа кетті, қайда кеткенін білмеймін деп. Әділев туралы осыдан басқа ештеңе айта алмаймын.

(Бұл арада М.Дулатовтың Ташкентке қашан келгені және Бөкейхановтан алған хаты туралы сұрақ берілген): Мен Ташкентке Орынбор арқылы бардым, сонда “Алашорданың” көрнектi қайраткерлерінің біразы – Бөкейханов Әлихан, Байтұрсынов, Әуезов Мұхтар, Сәрсенов Биахметтер сонда тұрады екен. Ташкент пен Орынбордың арасында почта байланысы болғанымен, курьерлік арнайы жүйе әлі жоқ еді. Болғамбаев маған іскерлік тұрғыдағы емес, кәдімгі аман-саулықты сұрасқан Бөкейхановтың жазған хатын табыс етті, оның мазмұны тек қана жеке бастың амандығын қамтитын, Болғамбаевтың әкеп берген хаты сол ғана .

(Тағы да Д.Әділевтің көрсетіндісіне жүгініп сұрақты нақтылай түседі): Әділевпен кездесіп жүрдім, бірақта біздің арамызда іскерлік мақсаттағы пікіралысулар болған емес. Әділевпен мен көбінесе Ташкенттегі Қазақ университетінің ішінде, оның өзінде кездейсоқ кездесіп қалып жүрдім. Кейде редакцияға соғып кететін. Онымен Кауфманның ескерткіші алдында ұшырасқаным бар, бірақ не туралы сөйлескеніміз есімде жоқ. Әділевпен ТурЦИК-тің жатақханасында кездестім бе, жоқ па, қаперімде қалмапты, мүмкін ғой алайда. Мен Әділевпен “Шолпан” журналын ашу туралы жиналған мәжілісте жүздестім, өзгедей ресми жиналыстар мен жиындарда оны көргенім жоқ...



Ташкент қаласында Әділевті ертіп Рысқұловқа жолыққан емеспін. Сондай-ақ, оның тұтқында жатқан ағасы Байсеит туралы менімен ақылдасқанын есіме түсіре алмай тұрмын. Ешқандай Нұрланды білмеймін, дүрбі мен құбылнама дегенді де естіген емеспін.
(Осы арада бұдан кейін тергеудің басты әшкерелеуші бағытана айналған 1918-1919 жылдары тұңғыш тәуелсіз Башқұрт мемлекетінің төрағасы болған, “Алашорда”, Қоқан, Самарқан, Хиуа үкіметтерімен бірігіп жалпыға ортақ Түркістан мемлекетін құру туралы ұсыныстың белсенді авторының бірі, Кеңес үкіметін мойындамаған, ашық майданда күрескен. қызыл әскерлер Уфаны басып алғаннан кейін Түркістан үкіметін құру мақсатында Самарқанға барған Заки Уәлиди Тоған туралы сұрақ қойылған): Валидов Башқұрт Үкіметінің басшысы болатын. Оның кейінгі кезде кеңес үкіметіне қарсы шыққанынан хабардармын, бұрын ол партия мүшесі болатын, кейін одан бас тартты. Қазір шет елде жүр деп естідім”...

(Осы арада Заки Уәлидимен кездестіңіз бе және қашан? – деген мазмұнда сұрақ қойылған): “Валидовпен мен бірінші рет төңкерістен бұрын Орынбор қаласында кездестім, онда не үшін келгенін білмеймін. Ол сол кезде Байтұрсынов шығарып тұрған “Қазақ” газетінің редакциясына келді. Ол бізбен бір-бір жарым сағаттай әңгімелесті. Бұл – 1915 не 1916 жылдардың бірі еді. Әңгіме – түркі әдебиеті мен тарихы, түркі терминдерін ортақтастыру туралы қозғалды.

Екінші рет 1918 жылы күз айында Орынборда екінші рет кездестім. Башқұрт Үкіметі ол кезде Орынбордағы Керуен-Сарайда орналасқан еді. Бұл кезде ол Башқұр Үкіметін басқаратын, әрі Кеңес өкіметіне қарсы еді, мен онымен байланыс жасап тұрдым. Оның Керуен-Сарайдағы пәтерінде мен екі рет болдым және ең өзекті мәселелер жөнінде әңгімелестім. Ол кезде мен “Қазақ” газетінде істейтінмін, сондықтан да пәлендей беделім болмады. Валидов сол кездің өзінде кеңес өкіметін жек көретін. Оның басты мақсаты – қазақтар мен башқұрттардың күшін біріктіріп, кеңес өкіметіне қарсы жұмыс істеу еді. Міне, осы мәселенің төңірегінде әңгіме өрбіттік. Мен оның пікірін қостадым. “Алашорда” мен Валидовтың арасында тығыз байланыс бар еді. Башқұрт үкіметі мен “Алашорданың” арасындағы байланысты Бірімжанов жалғастырып тұрды, бұл оқиға 1919 жылы, жылдың аяғында ма, жоқ 1920 жылдың басында өтті ме, оны ұмытып қалыппын. Бірімжановты Валидовке жіберген кезде мен жолсапарда жүр едім. Бірімжанов Валидовқа хабарласу үшін және әрі қарай байланысты үзбеу үшін жіберілді. Оны жібергендер облыстық бөлімнің жетекшілері – Есполов, Қадырбаев және Байтұрсынов еді. Бұл сапардың ешқандай нәтижесі болмады. Валидов өзінің қандай күшке ие екендігін айтыпты. “Алашорда” үкіметі мен Башқұрт үкіметінің арасында тығыз байланыс болды. Ал Башқұртстаннан бізге бір татар келіп тұратын, оның атын да, түрін де білмеймін. Содан қайтып Валидовты еш жерде, ешқашан көрген емеспін.

Тек ол туралы: тығылып жүр екен, ТурЦИК-ке кешірім жасау туралы хат жолдапты, Бұқара жақта тығылып жүр екен – деген іспетті алыпқашты сөздерді естідім, бірақ оған барып жолыққан кім, ол жағынан мақұрыммын. Бірімжановпен Ташкентте кездестім, ол ол кезде “Ақ жол” газетінде істейтін, ол Валидовпен таныс болатын, бірақта менің ойымша ол Ташкенттен аттап шықпаған сияқты, бұл жайдың жай-жапсары маған бимағлұм.

(Сталиннің арнайы жарлығымен жабылған, Ташкентте шығып тұратын) “Ақ жол” газетінің жабылу себебі: астана Қызылордаға көшті, ал оның орнына “Еңбекші қазақ” газетін қалдыру туралы шешім қабылданды. “Ақ жол” газетінде мен істеп жүргенде ешқандай идеологиялық ауытқушылық болған жоқ сияқты”.


1929 жылы 3 қаңтар күні Міржақып Дулатовтан екінші рет жауап алынған. Мұнда тағы да “Алашорда” тұсындағы оқиғалар қайталана алдыға тартылады. Тергеудің хаттамасы:

Сұрақ: сіз өз жауабыңызда: Колчак Үкіметінің “Алашорданы” тарату туралы ұсынысымен келіспегендіктен де Торғай қаласына аттанып, үкіметтің жұмысын сонда жалғастырдық - деп жаздыңыз. Торғай қаласындағы осы ұйымның қалай деп аталғанын менің білгіп келіп отыр.



Жауап: Ол – Торғай бөлімі деп аталды. Семейде – Шығыс бөлімі, Оралда – Батыс бөлімі болды. сондықтан да, біздің бөліміміз – “Алашорданың” Торғай бөлімі деп аталды.

Сұрақ: “Алашорданың” Торғай бөлімінде атап-атап айтқанда кімдер болды?

Жауап: Мен, Испулов, Қадырбаев және Байтұрсынов.

Сұрақ: Сіздер өз араларыңыздағы міндеттерді қалай бөлістіңіздер?

Жауап: Біз жұмысты жұмыла істедік, ешкім де нақты бір саланы бөліп істеген жоқ, өйткені біз көшпелі өмір сүрдік.

Сұрақ: Дегенмен де сіздерде қандай да болмасын белгілі бір бөлім болды емес пе?

Жауап: Генерал Дашкин басқарған әскери бөлім болды. Екінші бөлім - Әскери Кеңес деп аталды.

Сұрақ: Азаматтық істерді кім басқарды?

Жауап: Әскери Кеңес.

Сұрақ: Торғайда сіздерге бағынышты қандай әскери бөлімдер болды?

Жауап: Генерал Дашкин кеткеннен кейін біздің жасақты Қасымов басқарды, ол оққа ұшты. Бізге тек өзіміздің жасағымыз ғана бағынды.

Сұрақ: Ол қалай деп аталды және оған кім қолбасшылық етті?

Жауап: Ол – “Алашорданың” жасағы деп аталды және оған Қасымов басшылық етті. Өзге әскери бөлім болған жоқ. Казактардан (орыстардан) құралған Могилевтің полкі болды.

Сұрақ: Басқа әскери бөлімдер, яғни, тек қана қазақтардан құралған жасақ болған жоқ қой?

Жауап: Жоқ. “Алашорданың” жасақтарынан басқа қазақтардан құралған әскери бөлім болған жоқ.

Сұрақ: Сіздің берген жауабыңызға қарағанда Колчакқа бағынғыңыз келмей Торғай даласына кетуді ұйғарыпсыз. Демек, Сіз Колчак үкіметімен ешқанадай да байланыс жасамаған болып шығасыз ғой?

Жауап: Ол түгіл біз Шығыс және Батыс бөлімдермен де байланыс жасағамыз жоқ. Ал Колчак үкіметімен не менің өзім, не өзгелердің ешқайсы байланыс жасаған жоқ. Алғашында, “Алашорда” құрылтай мәжілісінің Комитеті мен Колчактың үкіметі бірлесіп жұмыс істеген кезде “Алашорданың” олармен байланысы болды. Бірақ та, мен Торғайға кеткен соң байланыс та, хабар алмасу да болған жоқ, яғни, кәдімгі әскери отрядтармен тікелей қарым-қатынас жасалған жоқ.

Сұрақ: Демек, Торғай қаласындағы “Алашорда” үкіметі Колчак үкіметімен ауызша да, жазбаша да байланыс жасаған жоқ қой?

Жауап: Жоқ, кейіннен біз кеңес өкіметіне (совдепке) қосылған соң оларға өзіміздің өкілімізді жібердік.

Сұрақ: “Алашорданың” Торғайдағы бөлімі сот-тергеу ісімен айналысты ма?

Жауап: Жоқ.

Сұрақ: Сіздің өзіңіз немесе “Алашорда” Үкіметінің жекелеген мүшелері сол кезде Торғайда тұрған қызыл әскерлердің отрядының жекелеген адамдарын атуға қандай да бір ықпал еттіңіздер ме?

Жауап: Жоқ, кеңес өкіметінің жекелеген өкілдерін атуға ешқайсымыз қатысқамыз жоқ. Могилевтің полкі біздің рұқсатымызсыз-ақ өздері атып жатты.

Сұрақ: Сонда да сіз оған қарсы болған жоқсыз ғой?

Жауап: Оған біздің дәрменіміз жетпеді, өйткені, Могилевтің полкі келісімен барлық билікті өз қолдарына алды.

Сұрақ: Атардың алдында сіздермен ақылдасты ма?

Жауап: Жоқ.

Сұрақ: Сіз өзіңіздің қай уақытта Торғайда болғаныңызды есіңізге түсіре алмайсыз ба?

Жауап: 1919 жылдың наурызының аяғында, не көкектің басында келдім де, шамамен шілдеде не тамызда ол арадан кеттім.

Сұрақ: Сіздің жауабыңызға қарағанда Сіздің кеңес өкіметі тұсындағы үздіксіз істеген еңбек жолыңыз 1920 жылдың 20 қыркүйегінен, яғни, Омбы қаласына барып губерниялық атқару комитетіне кірген сәттен басталады екен. Содан бері Сіз кеңес өкіметінің мүддесі үшін қызмет етіп келесіз. Осы 1920-1929 жылдардың арасында Сіз қандайда бір болмасын кеңеске қарсы әрекет етуге ниеттенген жоқсыз ба?

Жауап: Кеңес өкіметі тұсындағы атқарған қызметімнің бәрінде де оған қарсы бағытталған әрекеттерге қатысқамын жоқ, ешқандай жасырын жұмыс жүргізгемін жоқ.
Осыдан кейін Міржақып Дулатовтың өз қолмен жазылған мынадай сөз бар:

Өзімнің берген жауабыма қосарым мынау: Торғай бөлімінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі барысында “Алашорданың” Шығыс бөлімінен бір адам келді, бұл 1918 жылдың аяғы не 1919 жылдың қыс мезгілі болатын (Келген адам Сәрсенов Далиль еді), содан кейін біз Торғайда тұрған кезде 1919 жылдың жазында Кенжин біздің атымыздан соларға барды.



Қолы қойылған.

Сұраған ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша орынбасары – Саенко”.
Зады бұл сұрақтар стенограммадан тыс қойылғандықтан да алынған айғаққа жалған мағлұматтар қосылып кетпес үшін өзі қол қойып растаған сияқты. Себебі аталған адамдар жөнінде жалған мәліметтер келтіріп, М.Дулатов сіздің үстіңізден мынадай көрсетінді берді – деп айғақ есебінде падалануы әбден мүмкін.

Сұрақ-жауаптың келесі кезегі Ташкентте суретке түскен топты кісінің ішіндегі Дамолла Битілеуовке келген. Ол кезінде “Алашорда” әскерінің жасағының сабында болғандықтан да тергеушілер сұрақты бірден Торғай оқиғасына қатысты қойған: . Міржақыппен бірге тұтқындалған.

Дамолла Битілеуовтің тергеуінің хаттамасы.

1929 жыл. 3 қаңтар.

1918 жылы “Алашорданың” жасағына жігіттер жинау үшін біздің ауылымызға Кенжин мен Қаратілеуов келді, олардың қасында ақтөбелік Абдуллин бар екен. Мен ол кезде 18 жаста едім, еш жерде оқымайтынмын, орысша білмейтінмін, тек қана “Қазақ” газетін ғана оқитынмын, сол жолы олар мені “Алашорда” жаққа шығуға үгіттеді. “Алашорданың” жасағына енген соң мен алты ай бойы жай ғана жасақ (милиционер) міндетін атқардым. Колчак үкіметі “Алаш” автономиясын мойындамайтынын мәлімдегеннен кейін біздің ақтөбелік жігіттер ауылдарына қайтып кетті. Біз Торғайдан мамыр айында кеттік, алашордалықтар сонда қалды. Қыс бойы Орынбордағы қазақ ревкомында істедім де, көктем шыққан соң ауылға қайттым, онда ауылшаруашылық жұмысымен айналыстым. Күзге қарай Ташкентке аттандым. Есполов, Дулатов, Бірімжанов менен кейін келді, ал Досмұхамедов Жаһанша мен Халиль, Жәленов Кәрім, Иса Қашқынбаевтар маған дейін осында келіп алыпты, мен оларды танымаушы едім. Дулатовты, Есполовты, Бірімжановты бұрыннан “Алашорданың” тұсынан білетінмін. Ташкентке Қазақ институтына түсу үшін барып едім, алайда қабылдау уақыты өтіп кетіпті де мені сол институттың жанындағы үлгі-тәжірибе мектебіне мұғалім етіп алды. Мен сол кездің өзінде жастардың арасында әлдебір салқындықтың барын аңғардым. Ол кезде Әділев пен Болғамбаев жоқ еді.



Күндердің бір күнінде Дулатов маған: сен бүгін редакцияға келіп кет, онда Торғайдан, Ақтөбеден, тағы басқа да жерден Ташкентке келген бауырларымыз жиналады, ақылдасатын мәселе бар - деді. Мен оның бұл шақыруына қатты таңданып қалдым, зады мен “Алашордада” қызмет еткен деп ойлап қалса керек.

Шақырған жеріне барғанда ол арадан Есполов пен Досмұхамедов Халилді көрдім. Алайда бұл кеш босқа өтті, себебі ешкім де жиналмады. 2-3 күннен кейін тағы да кездесу мезгілі белгіленді. Бұл жолы Досмұхамедов Халилдің үйіне жиналдық. Олар әлдебір ұйым құру, оның жарғысын қабылдау, мүшелікке алу т.б. туралы пікір алысты. Олар ұйымның жоспарын тияақтап, Орынбордан нұсқау алуды не Дулатовқа, не Есполовқа, әйтеуір екеуінің біреуіне тапсырды. Досмұхамедов Халиль мен Дулатов екеуі бұл арада ерекше ықпал жасап, ынта танытты, қысқаша айтқанда, бар істі сол екеуі шешті. Содан кейін Болғамбаев пен Әділев келді. Одан бұрын Әділевті білмейтінмін, ал Болғанбаевті төңкеріске дейін Орынбор қаласында бірінші рет көргемін. Ол сол күні түнде келіпті, бұған дейін Досмұхамедов Халилдің үйінде, не Дулатовтың үйінде болып, Болғанбаев пен Әділев өзара кеңес өткізіпті, мен ол жиналыста болғамын жоқ. Ол кезде Дулатов ТурЦИК – тің жатаханасында тұрды.

Арада 3 күн өткеннен кейін тағы да бас қостық, Әділев пен Болғанбаевтің Орынбордан кедгенін, олардың біреуі осында қалатынын, ал Болғанбаевтің шығыс жақтағы бір елдің шекарасынан өтуі керектігі жөнінде айтылды. Мен көп нәрсені түсінгемін жоқ. Болғанбаевті Жетісуға жібермеді. Ол кезде Валидов Бұқарада еді, сондықтан да олар Бұқарадағы Валидовқа бір өкіл жіберу туралы шешім қабылдады. Болғамбаев пен Әділев барсын десті. Ол кезде менің дәрістерім де бітіп еді, сондықтан да Бұқараны көргім келіп, олармен бірге мен де барып келсем қайтеді – дедім, олар келісімін берді, неге екенін білмеймін олар жолға шығуға үлгере алмай қалды, мен қай жерде кездесетінімізді айттым да, жолға шықтым. Мен Қоқанға (Бұқара болуы тиіс, өйткені Қоқан шаһары мүлдем басқа бағытта – авт.) түн ішінде келдім де әскери нәзір Арифовтың үйіне бардым. Келесі күні сол араға Әділев пен Болғамбаев та келді. Сөйтсем, Арифов Валидовты біледі екен.

Сол жерде 2-3 күн тұрған соң өзбек арбамен Валидовке бет алдық. Мен, Әділев және Болғамбаев үшеуіміз аттандық. Валидов қаладан тысқары 15 шақырымдай жерде тұрады екен, қалған екеумізді танымайтын еді. Біз оның үйіне келдік, ол үйінде екен. Үстіне өзбектің ақ халатын жамылып, қысқа дамбалын киіп, кішкене башмақты аяғына іліп, басына шалма орап алыпты, сынық көзілдірігі бар екен. Біз ең алдымен шай іштік. Валидов әуелі тек Болғамбаевпен ғана сөйлесетінін, біздің топтанып келгенімізді құптамайтынын білдірді. Содан кейін екеуі бақшаға барып оңаша сөйлесті. Қайтар жолда біз оған Валидовтың не айтқанын естіп-білдік... Сөйтсек: біз қазір ең сенімді ұйым - басмашылармен байланыс жасауымыз керек екен, сондай-ақ, Ташкенттегі ұйым оған зерек те қабілетті бір адамды өздерінің өкілі етіп жіберсін және бұған көмектесіп отыратын болсын - депті.

Валидовтен шыққан соң біз Арифовқа қайтып бардық, ол үйде үшеуміз 15 күндей бірге тұрдық. Содан кейін Болғамбаев пен Арифов тағы да бір рет барып қайтты. Іле мен Ташкентке қайттым да, Әділев сонда қалып қойды. Бұл мамыр айының не маусым айының басы, әйтеуір, көктем айы болатын. Ташкентке келген соң мен демалыс алдым. Мен қайтып келгеннен сәл ғана бұрын Дулатов үйелменін іздеп Семейге кетіпті. Ол жеке вагонмен кетіпті. Менен ешкім ештеңе сұраған жоқ. Өйткені, Досмұхамедовтер өте тік мінезді адамдар, ал Дулатов аса сақ кісі еді. Олар қазір де менімен сөйлеспейді. Ауылда мен ауыл шаруашылығымен шұғылдандым. Бұл кезде ашаршылық болып жатыр еді.

(Осы арада Д.Битілеуовтен оның Германияда оқуда болған кездері сұралған сияқты). Германиядан қайтып келгеннен кейін мен Дулатовпен кездестім. Мұңайтпасовтың (Ол да Германияға оқуға барған – авт.)менен бұрын келуіне байланысты мұндағылар Валидовтың Германияда тұратынын біліп алыпты. Менен: Валидов қалай тұрып жатыр екен? – деп сұрады. Жаман тұрмайды, бірақ менен ешнәрсе беріп жіберген жоқ”- дедім... Кейбір жайларды ұмытып кетуім мүмкін, бірақ та ол туралы келесі жауабымда толық жазып беруге уәде беремін” – деп, Дамулла Битлеуов қол қойған.


Мұндағы айтылған оқиғаларға жоғарыда келтірілген ҚазақССР жоғары сотының 1988 жылғы шешімінде баға берілгендіктен де оны тарқатып жатпаймыз. Алдын-ала ескерте кетеріміз, Башқұрт үкіметінің төрағасы Заки Валидовтің 1921 жылы Бұқарада жасырынып жүргені және онымен кездесуге бірнеше адамның барғаны рас болатын, оны өзінің “Қатиралар” атты 1967 жыл Стамболда шыққан естелігінде жазып қалдырған. Онда Д.Есполовтің есімі аталмайды.

Дамулла Испуловтың 5/1-29 жылғы кезекті жауабында алдыңғы Торғай оқиғасына қатысты көрсетінділері толықтырылып, бұрынғы жауаптарын өңдеп, шетіне “аударма” деп қол қойған. Зады осында аты аталған адамдармен қалай танысты, олармен қандай қарым-қатынаста болды, соныбаяндаған. Сондай-ақ тергеушілер өздеріне күдікті көрінген жайларды, әсіресе Абдуллин мен Бірімжанов жөнінде тәптіштей қазбалаған сияқты.



“1929 жылғы 3 қаңтар күнгі жауабыма толықтыру ретінде мыналарды хабарлаймын:

1915 жылы жәдитше бала оқыту үшін біздің ауылға өз болысымыздың ішінде тұратын Абдуллин Кенжеғали мұғалімдікке келді.Абдуллин бізге келісімен мен ескі медресені тастадым да, Абдуллиннің мектебіне ауыстым. Ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовты бәрінен жоғары қоятын. Одан дәріс ала жүріп мен соның ықпалында кеттім де ұлтшылдық дертіне шалдықтым.

Бұдан кейінгі менің “Алашорданың” Торғайдағы бөлімшесі туралы не білетінім жөніндегі сұраққа байланысты менің білетінім мынау: бұл бөлім Торғайға кетіп бара жатып Ор қаласының айналасындағы ауылдардан жігіттерді жинап Торғайға бет алды, ол жерге көктемге қарай келіп жетті. Ол кезде Торғай қызылдардың қолында болатын, әуеліде “Алашордашылар” қызылдарға қосылды, алайда біраз күн өткен соң “Алашорда” жасағы қызылдарды қарусыздандырды да әскери комиссар Аманкелдіні тұтқынға алды. Бұдан кейін Торғайдағы өкімет билігі “Алашорданың” Әскери Кеңесінің қолына көшті. Қызыл командирлердің ішінде үш түрік бар еді, оларды “Алашорда” әскери Кеңесі қызылдарды қарусыздандырмас бұрын өз жақтарына шығарып алып еді. Бұл туралы жігіттермен әңгімелесіп тұрған сәттерінің бірінде Дулатов айтып беріп еді, жаңағы түріктерді мақтады. Оның сөзіне қарағанда, бұл командирлерді (түріктерді) “Алашорда” жағына шығуға көндірген адам – Дулатовтың өзі екенін аңғаруға болатын.”.

Содан кейін бізге: Қостанайдан бізге қарсы қызылдардың бір отряды шыққан екен, оларға жолығу үшін “Алашорда” жағынан А.Теміров пен Алмасов қарсы аттаныпты – деген дақпырт жетті. Бұл хабарды естіген соң адамдардың барлығы әбігерге түсіп, өздерінің заттарын Торғай өзенінің арғы бетіне тасыды. Келесі күні қызылдармен болған соғыста “Алашорда” жасағының тас-талқаны шықты да Торғай өзенінің арғы бетіне өтіп кетуге мәжбүр болды. Осы шайқастың алдындағы түнде “Алашорда” әскери Кеңесінің шешімімен әскери комиссар Аманкелді атылған болуы керек деп жорамалдаймын. Бұл туралы бізге осы ату рәсіміне Буртинский болысының Керей /аты жөні белгісіз/ деген адамы айтты. Керейден естуім бойынша ату рәсіміне үш адам қатысыпты: олардың екеуі қостанайлық Ақжолов пен Мақатов екен де, үшіншісі Керейдің өзі екен. “Алашорда” Торғайда тұрған кезінде істің барлығын әскери Кеңес шешті. Ол Кеңестің құрамындағылардың ішіндегі ең белсендісі – Дулатов болды”.
Бұдан кейінгі берген жауаптарын тергеушілер қайта-қайта өңдетіп, әр нәрсені нақтылай түсіп, Міржақып Дулатовты нысанаға ала түзеттірген сияқты. Ташкенттегі үй-ішілік немесе мекеме жұмысына қатысты бас қосулардың өзін (Міржақып Дулатовтың Семейге жүруіне байланысты жиналып, суретке түскен) Д.Битілеуов астыртын ұйымның мәжілісі ретінде мәлімдеген. Мысалы:

Бірде мені Дулатов редакцияға кел деп шақырды, онда барсам, мұнда ұмытпасам Есполов, Досмұхамедов Халил және Дулатовтың өзі отыр екен, соңғысы мені оларға өз адамымыз деп таныстырды. Мен, ақымақ басым, олардың қойған көпшігіне масаттанып олардың айтқанына көне бердім. Бұл күні шақырылған адамдардың біразы келмегендіктен де бір күнді белгіліп, сол күні Х.Досмұхамедовтің үйінде жиналатын болып тарасты. Келісілген күні олардың барлығы Досмұхамедов Халилдің үйіне жиналды, олардың ең бірінші талқылаған мәселесі ұйымның бағдарламасы мен жарғысын дайындау болды. Егерде жаңылмасам ұйымның жарғысы мен бағдарламасын тиянақтау Дулатов пен Досмұхамедов Халилге тапсырылды. Ондағы айтылған сөздердің барлығы есімде жоқ, бірақ та олардың бәрі де: “Кеңес өкісетінің өмір сүруіне санаулы ғана уақыт қалды” – дегенге саяды, олар мұны ана жерде анадай оқиға, мына жерде – мынадай оқиға өтіп жатыр деп түсіндірді. Талқылай келіп, Орынбордағы ұйыммен жалғасқан байланысты тереңдете беру керек деп шешті. Олардың бірде маған: “Егер де Зәки (Валидов) келгісі келсе, онда оны міндетті түрде Ташкентке шақыру керек” – дегені бар. Бұдан кейін тағы да бір жиналыс өтті. Бұл мәжілісте жарғы мен бағдарлама талқыланды, онда кімді қалай ұйымға мүшелікке тарту керек, ұйым үшін қаражатты қайдан және қалай табу керек екендігі көрсетілді. Оның көбі есте қалған жоқ. Ташкенттегі ұйымның жетекшілері – Досмұхамедов Халил мен Дулатов болды”


Емін-еркін түзетілген мәтіннің ішіндегі саяси астары бар деген сөздердің асты сызылып, барынша батыра өңделіп, астарлы сөздер қосылған. Мұны аударған адам түзетті ме, әлде аударма деп тергеуші Петровтың өзі өңдеп жазды ма, белгісіз. Осыдан кейін тергеушілер 1929 жыл 8 қаңтар күні Дулатов пен Битілеуоты беттестірген.

Битілеуов пен Дуолатовтың бетпе-бет жауаптасуының хаттамасы. 8 қаңтар. 1929 жыл.



Сұрақ: (Битілеуовке Қай уақыттан бері Сіз Дулатовты білесіз?

Жауап: 14-жылдан бастап газет арқылы білетінмін. Содан кейін 18 жылы Орынборда өткен құрылтайда көрдім, тек 18-жылдың күзінде “Алашордаға” қосылғаннан кейін ғана онымен көзбе-көз таныстым. 1920 жылы күзде Ташкентке барғанда Дулатовпен тағы да кездестім.

Сұрақ: Сіз онымен қандай жағдайда кездестіңіз?

Жауап: Біз мен жұмыс істейтін институтта кездесіп тұратынбыз.

Сұрақ: Дулатов ол кезде қайда жұмыс істейтін еді?

Жауап: “Ақжол” газетінің редакциясында.

Сұрақ: Ол кезде оған келіп-кетіп жүрген адамдар болды ма?

Жауап: Ол Бірімжановпен және Юсуповпен бірге ТурЦИК-тің жатақханасында тұратын, анда-санда мен де сонда барып жүрдім.

Сұрақ: (Дулатовқа) Сіздің бөлмеңізде Битілеуоов болды ма?

Жауап: Келіп кетуі мүмкін.

Сұрақ: Оның келгенін не келмегенін нақты айта алмайсыз ба?

Жауап: Иә, келіп тұрды.

Сұрақ: (Битілеуовке) Сіз бен Дулатовтың арасында қандай да бір астыртын ұйым туралы сөз болды ма және қандай жағдайда өтті?

Жауап: Менің білетінім: Ташкентте астыртын ұйымның болғандығы ғана.

Сұрақ: Оны кімнен білдіңіз?

Жауап: Мен оны әуелі Дулатовтан, мені кешке қарай редакцияға келіп кет деген күні естідім. Мұны ол институтта айтты ма, жоқ, көшеде айтты ма, ол жағы есімде жоқ.

Сұрақ: (Дулатовқа) Ол оқиға сіздің есіңізде ме?

Жауап: Жоқ, онщдай әңгіме болған емес .

Сұрақ: (Битілеуовке) Сонымен Сіз әлгі жиналысқа келдіңіз, әрі қарай не болды, соны айтыңыз.

Жауап: Иә, мен сонда болдым... Ол мәжілісте Дулатов мені өз адамымыз деп таныстырды.

Сұрақ: (Дулатовқа)Азамат Дулатов, мұндай жайдың болғаны рас па?

Жауап: Бұл адамды жиналысқа шақырып, өзгелерге мұны таныстырғандай жағдай болған емес.

Сұрақ: Мәселен, Битілеуовпен бірге Халел Досмұхамедовтың үйінде болдыңыз ба?

Жауап: Ондай жағдай болған емес.

Сұрақ: (Битілеуовке) Мүмкін сіз кейбір жайларды нақтылап айтып, оны Дулатовтың есіне түсірерсіз?

Битілеуовтың жауабы: Дулатовтың ол үйде болғанын мен білемін. Ол үйде орындықтар жоқ болатын, сондықтан да біз қазақша малдас құрып отырдық. Бұл мәжілісте ұйымдастыру мен ұйымның бағдарламасы мен жарғысын талдау мәселесі қаралды. Бағдарламаны бірнеше адамның бірігіп жасауы мүмкін емес қой, сондықтан оны Дулатов пен Халел Досмұхамедовке тапсырды, әлде біреуіне ғана тапсырды ма екен...

Сұрақ: (Дулатовқа) Мүмкін мұндай жайды енді есіңізге түсірген шығарсыз?

Жауап: Ондай мәжіліс өткен жоқ. Менің Битілеуовке қоятын сұрағым бар: қандай ұйым туралы айтып отырсың?

Битілеуовтың жауабы: Бір кезде “Алашорда” болды емес пе, мен мұны сол ұйым ғой деп ұқтым, “Алашорданың” бағдарламасы деп түсіндім, мен бұрынғы “Алашордашы” ретінде, бұлардың қатарындағы сарбаз – жігіті есебінде бұрынғы жетекшілерімнің айтқанына көніп, соңдарынан ере бердім.

(Қандай жиналыс екенін өзі білмейді, білмесе де астыртын ұйымның мәжілісі өтті деп сендіре айтқан).



Дулатов: Мұның сөзінен менің түсінгенім мынау: біз ол жиналыста “Алашорда” ұйымының мәселесін және сол ұйымның бағыты мен жарғысын талқыға салыппыз. Бұл ешқандай да қисынға келмейді, өйткені кезінде “Алашорданың” өзінің бағдарламасы болды, демек оны талқылайтындай ешқандай да қажеттілік жоқ.

(Иә, “Алашорданың” бағдарламас мен жарғысы бар, баспасөзде жарияланып, жинақта басылған. Оны қайталап жазудың не талқыға салудың ешқандай қажеттіліг жоқ болатын. М.Дулатов Д.Битілеуовтің бұл долбарынның өтірігін шығарып, нақты тойтарыс бергеніне қарамастан Дамолла сондай бір “сауатсыз білместікпен” қарсы сұрақ қойған).



Битілеуов: Әйтеуір астыртын ұйым құрғылары келді. Егерде оның ещқандай құпиясы болмаса, онда неге бұл мәселе пәтерде оңаша талқыланды (Мұның да логикасы дұрыс – авт.).

Сұрақ: (Дулатовқа) Демек Битілеуов өтірік айтып тұр ғой?

Жауап: Иә.

Сұрақ: Оның сізге жала жабатындай қандай өкпесі бар еді?

Жауап: Ондай өкпе біздің арамызда болмаған сияқты.

Сұрақ: (Битілеуовке) Сіз Болғанбаев пен Әділевтың Орынбордан неге келгенін білесіз бе?

Жауап: Білмеймін.

Сұрақ: Олар қандай мақсатпен келді?

Жауап: Менің ойымша оларды мұнда жіберген Орынбордағы дәл осындай ұйымның адамдары.

Дулатовқа қойылған сұрақ: Бұл туралы сізге мәлім бе еді?

Дулатовтың жауабы: Ол: не солай болуы керек деп жорамалдап соғып отыр ма, әлде, нақты солай болды деп отыр ма?

Битілеуов: Мен ол туралы білетінмін. Орынбордағы ұйым Болғамбаев пен Әділевті байланыс жасау үшін Ташкентке әдейі жібергенін анық білемін.

Дулатовқа қойылған сұрақ: Олардың келуінің мақсатын білдіңіз бе?

Жауап: Жоқ.

Сұрақ: Жиналыста болдыңыз ба?

Жауап: Жоқ, ал Досмұхамедов Халилдің үйіне барып тұрғаным рас.

Сұрақ: Әділевтің де неге келгенінің мәнісін сіз білесіз бе?

Жауап: Жоқ.

Дулатовқа қойылған сұрақ: Болғанбаев пен Әділевтің Бұқараға баруының себебі Сізге белгілі ме?

Жауап: Олардың қандай мақсатьпен кеткенін білу былай тұрсын, мен олардың онда барғанынан да хабарсызбын. Сол кезде мен Ташкентте ме екем, соны білгім келеді?

Битілеуов: Мен кеткен кезде сіз Ташкентте болатынсыз, ал мен қайтып келгенде Сізді үйіне кетіп қалды деді.

Сұрақ: Демек сіз Бұқараға барып қайттыңыз ғой?

Битілеуов: Иә, барып қайттым. Мен бір кезде өзімнің ұстазым болған Арифовке жолығуға бардым.

Сұрақ: Ал Дулатов ол кісімен таныс па еді?

Жауап: Оны ашып айта алмаймын.

Дулатовқа қойылған сұрақ: 1921 жылы сізбен байланыс жасау үшін Валидовтан бір башқұрт келіп жолықты ма?

Жауап: Ешқандай да башқұртты білмеймін.

Битілеуовке қойылған сұрақ: Бір башқұрт адамның келгені сізге белгілі ме, жоқ па?

Битілеуов: Ол адамды менің өзім көргенім жоқ, бірақта Дулатов пен Есполовтың әңгімесінен ол башқұрттың келіп-кеткенін анық білемін.

Сұрақ: Ол әңгіме қандай жағдайда қозғалып еді?

Жауап: Әлде редакцияда ма, әлде пәтерде ме, есімде жоқ, бірақ та Дулатовтың Исполовқа: “Сен оны қалай көрмей қадың, оның басында үлкен қалпағы бар еді” – деп айтып жатқанын естіп қалдым. Мен олардан кім туралы әңгімелесіп тұрғанын сұрадым, сөйтсем бір башқұрт келіп кетіпті, әрине ол Валидовтың адамы, оның қайдан келгенін білмеймін. Менің өзім оны көргемін жоқ, бірақ та ол адамның башқұрт екенін анық білемін.

Дулатовқа қойылған сұрақ: Башқұрт туралы Испуловпен сөйлескеніңіз есіңізде жоқ па?

Жауап: Жоқ”.

Осыдан кейін екеуі де қолын қойған (128-132 беттер). Бұған қосымша түсініктер беріп жатудың пәлендей қажеттілігі шамалы сияқты. Д.Битілеуовтің жауабынан нақты шындықты аңғару мүмкін емес. Олар кездесіп, бірге отырыста болған күннің өзінде де қандай ұйым туралы сөз болғанын айтып бере алмауы қисынға келмейді. Өзге-өзге, Д.Битілеуовтің мұны түсінетіндей сауаты бар болатын.


Тура сол күндері Д.Әділевтен де жауап алынып жатқан. Оның жауаптарынан қатты қысым көрген адамның сыңайы байқалады әрі ретті-ретсіз ойына түскен нәрсені айта берген. Бірді айтып, бірге көшуінің себебі, тергеушілер де әр нәрсені қузай берсе керек. Сөйтіп отырып өздеріне керекті және кейіннен ондаған адамды ату жазасына бұйыртқан, ал нақты төрт адамды (Діншенің өзі де бар) аттырған өтірік-шыны дәлелденбеген көрсетінді жасаған.

Стенограмма.



Әділев Дінмұхамедтен алынған жауаптың хаттамасы.

3 ақпан. 1929 жыл.

(Тергеудің басында Д.Әділев террор туралы ұзақ толғайды. Іске тікелей қатысы болмағандықтан да келтірмедік).

Айтпақшы, Есполовтің үйінде Голощекин туралы әңгіме болды. Онда Голощекиннің өміріне тікелей қауіп төндіру жөнінде мәселе қозғалған жоқ. Тек Голощекин қақында ғана сөз болды. Онда қатысып отырғандардың барлығы да: егер де реті келсе оған қастандық жасаған артық болмас еді, бірақ та бұл өте қиын дүние, бұл біріншіден; егер қастандық жасала қалған жағдайда бүкіл халыққа қатты күйзеліс әкеледі – деген қорытындыға келді. Сөйтіп, біз үшеуіміз осы тақырып төңірегінде әңгімелестік, алайда бұл мәжілісте нақты шешім қабылдағамыз жоқ.

Менің ағайым тұтқындалғаннан кейін екінші рет келгенімде ол әңгімеге қайтып оралғамыз жоқ.

1928 жылы жаз айында мен Шымкент қаласына келіп Аймауытовпен жолықтым. Әңгіме арасында Голощекин жөнінде сөз қозғалды. Оған дейін мен одан: Шымкент губерниялық атқару комитетінің предаседателі кім деп сұрағанымда, Аймауытов: “Макин. Ол жерде оңбаған бір бұзықты қойды” – деп жауап берді. Содан кейін: Жетісу губерниялық атқару комитетінің председательі кім – деп сұрады, бұрын ол орында Әбілевтің отырғанын білетінмін, оған да бір бұзақы қойды – деді Аймауытов. Ташкентке бару-бармауым туралы Аймауытовпен ақылдасқаным туралы да айтқанмын. Ол сол жолы қатты мазасызданып: Әйтеуір бір қара түнек төніп келеді, дүниенің астан-кестеңі шығып, асты-үстіне төңкеріліп барады, айналаң толған тыңшылар мен “үндеместер”, тынысыңды тарылтып, алға бастырмайды, барлық жерде де тыныштық кеткен, қайда барсаң да аңдудан құтылмайсың – деп мұңын шақты.

Қазақстанды шыңырауға тастап, қатты күйзелтті, соның барлығына Голощекин кінәлі. Сол келгеннен бастап дүние асты-үстіне төңкерілді – деп мұңын шақты.

Сөйтіп, біздің әңгімеміз Голощекин жөнінде болды . Әңгіме арасында не ол екені, не мен екенім есімде жоқ, әйтеуір біреуіміз оған қастандық жасамаса болмас па екен дедік. Аймауытов өзінің мұны - қастандықты қолдайтынын білдірді. Ол маған: “Ол қолдан келе ме, жоқ па, білмеймін. Сен өзіңнің ауылыңа қайта бер, мен жолай Ташкентке соғамын, одан Қызылордаға барамын, сонда Қожановпен, Дулатовпен ақылдасамын, сен өзіңнің адамыңды жібер, барлық сұрағыңа жауапты сол арқылы беремін” – деді.

(Д.Әділевтің осы көрсетіндісі Жүсіпбектің басын жұтып тынды).



Сондықтан да, 28 жылы күзде Нұрланды Қызылордаға жібердім де, оған Голощекиннің қазір қайда екенін Дулатовтан сұрап біл – деп тапсырма бердім. Осыдан-ақ ол істің мәнісін айтқызбай түсініп, не істеу керектігін айтар деп ойладым. Нұрланның не деп және қалай жеткізгенін білмеймін, бірақта мен Нұрлан арқылы Голощекиннің өміріне нақты қандай жолмен қастандық жасаймын деген сөзді қадағалап сұрағамын жоқ. Тек Дулатовпен әңгімелесе қалған кезде Голощекиннің қайда екенін біл деп қана айттым.

Қайтып оралғаннан кейін Нұрлан маған, Дулатовтан Голощекиннің қайда екенін сұрағанын, сонда ол: Голощекин қазір Қызылорда қаласында тұрады, бірақта, Голощекиннің өміріне қастандық жасау мәселесі әзірше ашық қалды, себебі, біреуінің көзін құртқанмен бәрібір екіншісі келеді. Сөйтіп, жаппай жазалау басталады, ал біз мұнда үй-ішімізбен тұрғандықтанда қол-аяғымыз байлаулы, сондықтан да бұл әрекет өзінің кері нәтижесін беруі мүмкін, - деп жауап бергенін айтты.

Ол кеде Аймауытов Шымкент қаласында тұрса да Қызылордаға жиі-жиі барып – келетін. Мен онымен 28 жылдың жазында жүздестім, ал Дулатовпен және Есполовпен 27 жылдың (28 жыл деп жазылып, қайтадан 27 деп түзетілген – авт.) көктемінде әңгімелескемін. Нұрлан Дулатовтан Голощекиннің қайда екендігін сұрағанда, Дулатов: өзінше Голощекинді жолдан ысырып тастайтын кез келдіме деп сұраған болуы керек деп түсінген болуы мүмкін. Голощекинді қай жерде, кім, қалай өлтіреді деген мәселе ашық қойылған емес. Ал тек қана өзімнің күшіме сеніп, тәуекелге баруға менің шамам жетпейтін. Әңгіме тек Голощекинге ғана қатысты еді, өзгелер жөнінде сөз қозғалған жоқ.

Сұрақ: Сіздің Голощекиннің өміріне қастандық жасау ойыңыз бар екендігін Нұрлан білді ме?

Жауап: Әрине, біздің Голощекинді жек көретінімізді, барлық қазақ ұлтшылдарының оған өшпенділікпен қарайтынын, оны жолдан тайдырып жіберу әрекетінің ойымызда барлығын Нұрлан біледі.

Мен өзімнің бұрынғы жауаптарымда бұл оқиғаға тоқталмап едім, өйткені бұл мәселе қозғалмаған болатын. Өзімнің өмірімнің еңіске қарай құлдырай бастаған кінәлі кезім туралы қысқаша баяндап бергенімде Сіздер Орынбордағы, Ташкенттегі және Орта Азиядағы астыртын ұйымдарға байланысты жайлар жайына қатты назар аударып, соны сұрай бастадыңыздар. Соңғы оқиғаға кезек бермедіңіздер және нақты сұрақ қойылған жоқ. Мен Голощекин туралы әңгімені айтпай- ақ қояр едім, бірақ та мен еш нәрседен қорықпаймын, оны айтудан сескеніп те тұрғамын жоқ, өйткені мен ақырына шейін тек шындықты айтуға бел будым.

(Бұдан кейінгі әңгіме күрт басқа жаққа ауысқан. Осы арада үш адамның басы қосылға әңгімені мәжіліс деп көрсету үшін тергеушілер Д.Әділевтен қайталап сұрақ қойған сияқты).



Біздің жиналысымызға Мен, Дулатов пен Есполов, сондай- ақ, маған Ағабек Байдуллаев қатысқан сияқты көрінеді де тұрады. Ол әңгімеге араласқан жоқ, бірақта осы әңгімелердің куәсі болды. Мен Шымкентте болған кезімде бұл тақырып туралы оған ештеңе айтқакмын жоқ, Сарыарқада жүргенде де оған айтпадым. Ағабек бұл әңгіменің шет жағасын білуі тиіс.

(Өзінің қылмысы дәлелденбегендіктен де істі жабу туралы арыз берген Ағабек Байдуллаев сөзге тарту арқылы енді ел ішіндегі адамдардан қылмыскер іздеуге көшкен. Онда – тарақты Битембай, Бақай, Мәдібектердің Әубәкіровтің ісіне қатыстылығы айтылады. Содан кейін қайтадан М.Дулатовқа көшеді):



Сұрақ:Нұрлан арқылы сізге берген Дулатовтың соңғы тапсырмасы не туралы еді?

Жауап: Нұрлан арқылы ол бізге: Ел жұрттан бір күншілік жердей алыстап саяқ жүрсін, адамдарды үнемі шолғыншылыққа жіберіп тұрсын. Бұл – уақытша ғана құбылыс. Дегенменде Қытай жаққа қарай ақырын жылыстай берсін – депті. Оның мәліметіне қарағанда Қарқаралы округінде шамамен 80 адамды біріктірген қарулы топ бар екен. Ол топта оның жақсы танысы бар көрінеді., кім екенін ол айтқан жоқ, алайда бізде осы топпен байланыс жасап, Қытай шекарасына қарай өтіп кетуге тырысыңдар деп кеңес беріпті. Ол: өздерінің де тұтқындарын күтіп отырғанын, егер де олар жаппай қамауға алу жөнінде бір нәрсе сезе қалса- ақ болды Қызылордадан қашып шығып, біз қырда болайық, не Қытай өтіп кетейік, бәрібір бізді тауып алып, бірге болатынын айтыпты. Ол – ең дұрыс жол – Қытайға өтіп кету депті. Содан кейін тағы да: Смағұл Сәдуақасов Москвадан Қызылордаға келісімен онымен жолығып, одан біз туралы сұрап біліпті де біздің жайымызды естіген соң: оның өзінің де бізге қосылатын күнінің алыс қалмағандығын айтыпты. Дулатов сонымен қоса біздің өте берік болуымызды, өзімізді-өзіміз қатал ұстауымызды тапсырыпты. Шынын айтсам, Смағұл Сәдуақасовтың жаңағы сөзі мені қанаттандырып жіберді, көңілім көтеріліп, еңсем биіктеп қалды. Мұны өзге емес, анадай беделді қызметке, өзі Москвада істейтін, Қазақстанның тарихында аса үлкен роль атқаратындай аса беделді қайраткер, үлкен коммунист айтып отырса қуанбағанда қайтесің. Егерде Сұмағұл Сәдуақасовтың өзі осындай мәлімдеме жасаса, онда жағдайымыз шынында да төзгісіз екен ғой деп ойлаймын.

Қазақстан – түрмеге айналыпты, бұдан ебін тауып құтылу керек екен деп шештім.

Қазақстандағы астыртын әдебиет үйірмесінің бар екендігі туралы мен ештеңе естігемін жоқ. Ұлтшыл көсемдердің жанама аттары маған белгісіз. Мен Ташкентте жүрген кезімде бір күні маған Байтасов па, әлде басқа біреу ме, ұмытып қалдым, маған Жұмабаевтің бағдарламасын көрсеткені есімде. Өзімнің әдеби үйірмеге тікелей қатысым болмағандықтан да оған қатысқан жоқпын, ол жөнінде ештеңе айта алмаймын.

Д. Әділев.

Сұраған: ПП ОГПУ- дің КССР бойынша шығыс бөлімінің бастығы –Петров.
Тергеушілер Дінмұхамед Әділевтің көрсетіп отырғанындай, ол өзін тікелей кінәлімін деп есептейтін «Қараноғайдың» ісіне емес, «Орынбордағы, Ташкенттегі және Орта Азиядағы астыртын ұйымдарға байланысты жайларға қатты назар аударып, соны сұрай бастағандағы» басты мақсатына жетіп тынды. М.Дулатовты, Ж.Аймауытовты, Ағабек Байділдаевті, Нұрлан Кәрібаевті Голощекиннің өміріне тікелей қастандық ұйымдастырушы террорист етіп шығарды. Сондай-ақ қылмысты іске енді шығармашылықпен айналысатын зиялыларды тарту үшін әдеби үйірмелерді де астыртын ұйымның қатарына қосқан.

Ал әзірше Ташкентте суретке түскен топты адамның бірі, сонау Гурьев қаласынджа тұратын Кәрім Жәленовті қамаққа алды. К.Жәленовтің жауабынан суретке түсудің тарихы, Д.Әбілев пен Д.Битілеуов «астыртын ұйым» деп көрсеткен Ташкенттегі бас қосудың мәнісі, Бірімжановтың Бұқараға бару себептері толық ашылады.



Жәленов Кәрім Жәленұлы - 40 жаста, ең соңғы тұрған жері –Гурьев. Орал губерниясы Жымпиты уезі Байғожа болысының №4 ауылында туған. Білімі орта. Ауыл шаруашылығы институтының курсын бітірген. Әйелі ...(аты танылмады – авт.) Сергеевна Жәленова, 33 жаста, мұғалім. Гурьев қаласында тұрады. 1916 жылға дейін шәкірт. 1917 жылдың І/ІІІ дейін тылдағы қара жұмыста болған. 23/24 жылдары ауыл шаруашылық курсында оқыған. 1924 жылдан бастап Киринпростың жоспарлау саласында жұмыс істеген. 1929 жылы 8 қаңтар күні ОГПУ-дің Гурьев округтік бөлімі тұтқынға алған (ордер № 49). Сұрақ ақпан айында алынған. Ресми айып тағылмаған. Істе суреті бар.

«Жәленов Кәрімнің жауабының хаттамасы. 6 ақпан. 1929 жыл.

...1916 жылы майданда болдым, Ол арада мені Орал қаласындағы Қазақ ұйымдастыру комитеті шақырып алды. Бұл Уақытша үкіметтің тұсы еді.

Ол кезде жалғыз мен емес, бүкіл қазақ зиялылары өтіп жатқан оқиғаның аласапыранын түсінбеді, бәріміздің жалғыз мақсатымыз автономия алуға қол жеткізу болды. Белгілі бір саяси бағыт-бағдарлама, партия жоқ еді, тек 1917 жылы Семей қаласында “Алаш” партиясы құрылды, алайда олардың бағдарламасы бізгі жеткен жоқ, ол туралы біз ештеңе де білмедік. Бұл партияны ұйымдастырғандар, менің ойымша, Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов болуы керек. Біз «Алашорда» құрылтай жиналысы арқылы автономия жарияланатын шығар деп ойладық. Қазан Төңкерісінен кейін Орынбор қаласында бүкілқазақ құрылтай өтті, бұл анығында нағыз құрылтай емес еді, тек шақырылған адамдар ғана қатыст. Бұл құрылтайдың ұйымдастырушылары – Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов болды, егер қателеспесем. Бізге кейінірек жеткен хабар бойынша, осы құрылтайда автономия құру туралы қаулы қабылданыпты.

Орталықтағы екі дүниенің аласапыраны туралы біз ештеңе де білгеміз жоқ, ол туралы түсінігіміз де жоқ болатын. Ол кезде: “Қазақ халқын казактардың қарақшылығынан қорғайық!” деген ұран тасталған болатын, сол ұранның ықпалымен халықтық жасақ (милиция) ұйымдастырылды. Алайда іс барысында халқының мүддесі мен оны қорғау және аман-есен сақтау үшін казактармен, Орал облысында ұйымдастырылып жатқан Казак әскери үкіметімен байланыс жасалды, оны жүзеге асырған Жаһанша Досмұхамедов басқарған “Алашорданың” батыс бөлімі еді. Мен ол кезде облыстық Земство басқармасының мүшесі едім. Біз қазақтарды казактардың бейбастақтығынан құтқаруды мақсат еттік. Казактармен арадағы келісіміміздің басты тегершігі мынау болды: олар бізге ерікті түрде жасалған қамқорлық ретінде қару-жарақ беретін болды, ал біз оларға ат бермек болдық және т.с.с. Ол кезде Земство “Алашорданың” меншікті органы тәрізді еді. Сол кезде халық жасағы /милиция/ құрылды. Біз Орал казактарымен келісім жасадық. Келісім барысында екі жақта: “Қызыл әскермен күресеміз!” – деген ұран тасталды, алайда айтып өткенімдегідей, казактармен келісім жүргізе отырып оған қоса қазақ халықын тонау мен зорлық-зомбылықтан қорғау үшін жасақ жасақтадық. Мұның барлығы 1918 жылы жүргізіліді.

1919 жылдың басында Оралы қаласы қызыл әскердің қолына көшті, содан кейін 1919 жылы Түрфонттың өкілі Лежава Мюрат пен оны білетін Жаһанша Досмұхамедовтың арасындағы келісім рәсімі басталды. Досмұхамедов халық жасағын ертіп облыстың солтүстік бөлігін аралап шықты, бірақ қандай мақсатпен шолып шықты, ол жағын білмеймін. Ол кезде терістік жақта қызылдар жоқ болатын. Әскерлердің арасында қақтығыс болды ма, білмеймін, алайда аралап шыққаны анық. Лежева Мюрат казактарға қарсы аттаныңдар деп ұсыныс жасады. Біз ол жөнінде ештеңе естігеміз жоқ, тек Ойылды 3-ші татар полкі басып алғаннан кейін ғана хабарландық. Осы армиямен келісімге келгенен кейін ғана халықтық жасақ Қызылқоға ауданына бекінген казактардың полкі мен дивизиясына қарсы соғысуға аттанды. Полктің штабы басып алынды, отряд қарусыздандырылды, тек үшінші күні ғана татар полкі келіп жетті. Содан кейін ғана Түркфонттың өкілі, аты-жөнін ұмыттым, және Қазақ Ревкомының өкілі Бегімбетов келді.

Бұл 1920 жылдың қаңтар айы еді. Біз татар полкімен 1919 жылдың аяғында қосылдық. Дәл сол кезден бастап бұл арада кеңес өкіметі орнады. 1920 жылдың қысында көптеген қызметкерлер Орынборға аттанып, Кирревкомның қарауына алынды. Орынборға келісімен бес адамды: қос Досмұхамедовтерді, Әбішевті, мені және Қашқынбаевты ВЦИК-тің қарамағына жіберді. Маусым айының басында бізді қайыра Кирревкомның қарауына жіберді, мен онда хатшы болып істедім. Бұл Орынбор қаласында болды.

Мен онда қазан айының ортасына дейін істедім. Содан кейін ТурЦИК- – тің өкілінің Киринпросқа шақыруы бойынша Ташкентке жүріп кеттім. Менімен бірге онда Есполов барды және Семейден бірнеше мұғалім келді. Ташкентте мен Киринпросқа сабақ бердім. Қос Досмұхамедовтер мен Қашқынбаев ол кезде Ташкентте еді, кейін оларға Дулатов, “Ақжол” газетінде істеген Бірімжанов кеп қосылды. 1921 жылы жазда жікшілдік мәселесі бойынша Байтұрсынов пен Мырзағалиев келді. Болғамбаевпен Киринпроста істейтін Әділев Дінмұхамед те сонда болды. Әділев Орынбордан келген еді. Оның келу мақсатын мен білмеймін. Болғамбаевпен сирек ұшырастым, ал Әділевпен жиі кездесіп тұрдым, өйткені екеуімізде Киринпроста бірге істейтін едік.

Бір жолы аштарға көмек көрсету мәселесі жөнінде мәжіліс өтті. Сол жолы Досмұхамедовтермен қоса Дулатов, Қашқынбаев, Есполов, Диваев, оның қайда істегенін білмеймін, Жер жөніндегі халық комиссариятында істейтін ұлты қазақ ...танылмады – авт.) болды.,Біз суретке Дулатовты шығарып салуға байланысты түстік-ау деймін. Оны ұйымдастырушылар не Болғамбаев, не Бірімжанов болды. Бірімжановпен жиі кездесіп тұрдым. Қысқасын айтқанда, жоғарыдағы аты аталғандамен жиі жүздесіп тұрдым. Аштыққа ұшырағандарға байланысты мәжіліс институтта өтті. Бұл өте үлкен жиналыс еді. Ал Домұхамедов Халилдің үйіне жай ғана қонақ ретінде жиылдық.

Мен Валидовты 1920 жылы алғаш танысқан кезімде көрдім. Оның 1922 жылы Ташкентке жасырынып келгенін, бірақ та партияның ОК-нен кешірім сұрау үшін келгенін білемін. Мен онымен сол жолы кездестім, оны маған Бірімжанов алып келді де тағы да таныстырды, өйткені мен оны бір рет көрсем де ұмытып қалыппын. Валидов маған: парияның Орталық Комитетіне өтініш бергенін, өзінің (кеңес өкіметіне) берілетіні туралы мәмілеге келісу үшін келгенін айтты. Бірімжанов оны маған институтқа алып келді, онда менен басқа ешкім жоқ болатын. Мен оның Самарқан облысында жасырынып жүргенін, бірақ та өкіметке берілмегенін білетінмін, бірақ та оның (жасырынып жүргенінің – авт.) себебін анық білмеймін. Кейін тағы да бір рет институтта жалғыз отырғанымда көрдім. Ол маған: жауапты қазметкерлермен тіл табыса алмадым, енді Персияға кетемін – деді. Кіммен келісім жүргізетінін ол маған айтпаы. Содан кейін ол Бірімжановта болды.

1921 жылы Бірамжанов Бұқараға аштарға көмек-жылу жию үшін барды ғой деймін, оның басқа ойы болса оны білмеймін. Ол уақытта жұрттың біразы кеңес өкіметінің бағытын қостай қоймайтын. Мен ол кезде социализмнің орнайтынына сенбедім, белсеніп қарсы шықпасымда, 85 проценті қайыршыланған шаруалардан тұратын елде социализм орнату мүмкін емес сияқты көрінді. Ешқандай саяси ұйымның мүшелігіне кіргемін жоқ. Социализмнің орнауына деген сенімсіздіктен мен 1923 жылға дейін, қашан Ташкенттен кеткенімше арыла алмадым.

Алайда кеңеске қарсы қандай да бір астыртын ұйымның бар екендігін мен білгемін жоқ. Валидов туралы әңгімелерді де естігемін жоқ. Менің білетінім, Бірімжановтың Бұқараға аштарға көмек жиып қайту үшін барғаны ғана.

Торғай ісі қаралып жатқанда мен Оралда болатынмын. Ол соттың барысы жөнінде ештеңе естімедім, тек Байтұрсыновтың ісі жөнінде мағлұмат болды. Байтұрсынов пен Дулатовты аштарға жиған дүниелерді өздері сіңіріп алды деген желеумен іс қозғаған болатын.

Ташкентте жүргенде Досмұхамедовтың үйінде және институтта Есполовтың қатысуымен өзара әңгімелескеніміз бар, бірақ ол жекеше сөз ғана болатын. Онда Досмұхамедов: жерге орналастыруды жеделдету керек, содан кейін өзбектердің Шымкент облысын отарлауын тоқтату керек, қазақтардың арасындағы оқу жүйесін кеңейту керек деген пікір білдірді. Бұл – 1922 жылы еді.

Оның өмірлік жалғасы табылмады, өйткені Есполов Жер жөніндегі халық комиссариатының алқа мүшесі, ал Табынбаев Оқу ағарту халық комиссары болатын.

Мен Оралда тұрған кезде ондай мәжілістер өткен жоқ. Қолы қойылған. Жәленов.

Жауап алған Шығыс бөлімінің бастығы – Петров. 6 ақпан. 1929 жыл».
Кәрім Жәленовтің ашық және турасын айтқан жауабының нәтижесінде: 1921-1922 жылы Қазақстанның солтүстік батыс облыстарындағы 1,5 миллион адамды қамтыған, 500 мыңнан аса адам аштықтан қырылған (Орталық комитеттің құпия анықтамасының мәліемті бойынша авт.), ашаршылықтан зардап шеккен қазақ еліне көмектесу туралы Орынбордан жолданған үндеуге орай Ташкенттегі зиялылардың бас қосып, аштарға жылу жию үшін Бұқараға өкілдер жіберілгені анықталды. Алайда бұл шындық тергеушілердің қаперіне де кірмеді. Соның өзін қылмыс көріп, К.Жәленовке ресми түрде қамақ санкциясын шығарды:

«Қаулы.

1929 жыл, ақпанның 10 күні, Қызылорда қаласы.

Мен, ПП ОГПУ- дің Шығыс бөлімі бастығының көмекшісі, ҚССР бойынша өкілі – Саенко, бүгінгі күні №6 іс бойынша тергеуде жүрген Жәленов Кәрімді Қылмысты Істер Кодексінің 58-7, 58-11, 59-3 баптарына сәйкес айыпқа тартылғандықтан былай деп тауып:

Кәрім Жәленов – кеңес өкіметін құлату үшін құрылған астыртын конт-революциялық ұйымның мүшесі және Орта Азиядағы басмашылар қозғалысына көмек көрсеткені үшін Қылмысты Істер Кодекстінің 128 және 147 баптарына сәйкес мынадай

шешім қабылдадым:

Жоғарыда жазылған айыптардың негізінде Жәленов Кәрім айыпкер ретінде тергеуге тартылсын. Қылмыстың алдын-алу мақсатымен ол – ПП ОГПУ-дің ҚССР дегі түрмесіне қамалсын.

Шешімнің көшірмесі орындалу үшін ҚССР бойынша ППОГПУ-дің РСО-на жіберілсін.

Шығыс бөлімінің бастығының орынбасары – Саенко.

Келістім” Шығыс бөлімінің бастығы – Петров.

Бекітемін” ОГПУ-дің ҚССР бойынша төтенше өкілі – Волленберг.

Бұл айып маған таныстырылды. Өзімді айыптымын деп есептемеймін. “Не” деген сөз ерекшелену үшін сиямен жазылған. Айыпкер – Жәленов».
Тура сол күні дәл осындай айыппен:

Ахмет-сафа Юсупов, Міржақып Дулатов, Хайретдин Болғамбаев, ал ақпанның 11 күні Есполов Мырзағазы, Битілеуов Дамолла, Бірімжанов Ғазымбек туралы шешім шығарып, оларды тұтқындауына байланысты қызметтерінен босату туралы қатынас жолданған. Бәріне ортақ жалпы үлгісі мынадай:

Азамат Міржақып Дулатұлы 3 қаңтардан бастап, яғни тергеу ісіне тартылған күннен бастап “Еңбекші қазақ” газеті редакциясындағы әдеби қызметкер міндетінен босатылсын, бұл жағдай Дулатовтың қызмет орны – “Еңбекші қазақ” газетіне хабарлансын”.
Соңына жоғарыдағы үшеуінің қолы қойылған. Бұған қарағанда тұтқынға алынған барлық адамдарға айыптау санкцисы кейіннен қойылған. Д.Әділевпен бірге 1928 желтоқсанның 14 күні тұтқындалған Байдуллаев Ағабектен 1929 жылы 4 ақпан күні бір-ақ жауап алынған.

«Тергеу хаттамысының стеонограммасы. Ауызба-ауыз жазба.

Әділев Дінмұхамедпен 1922 жылдан бастап таныспын. Мен өз ауылымнан шыққан емеспін, сондықтан да жұмыссыз жүрдім. Тамыр- танысым аз болды. Содан кейін 1925 жылы мен Дінмұхамедке бардым, бұл кезде ол Шымкенттің губерниялық сотында хатшы болатын. Оның танысы көп болғандықтан да одан мені жұмысқа орналасуыма көмектесуін сұрадым. Ол: мен таяуда Қызылордаға барамын, сонда сен менімен бірге жүр - деп ұсыныс жасады. 1925 жылы шілде айында мен, Дінмұхамед, оның бауыры Асқар және оның әйелі Бәрәмәз Қызылодаға келдік, онда Қожановтың пәтеріне орналастық.

Дінмұхамед маған және өзінің бауыры Асқарға Қылмысты Іздестіру бөліміне орналастыру туралы өтініш жазып берді. Бізді сол арада қызметке алды да, мені Әулие-Атаға жіберді, ал оның інісі Асқар онда барғысы келмеді. Мен ол жерде 1927 жылға дейін қызмет еттім, қызмет орнының қысқаруына байланысты жұмыстан босап қалдым.

Наурыз айының басында біздің ауылға Әділев келді. Жайылма деген жерде ол өзінің ағасы Байсейіттің ұсталғаны туралы хабарды естіді де, ол сол арада қалып, қазір Тама ауданында милиционер немесе шабарман болып жүрген Оразбек Наубаевті Шымкентке жіберіп, Байсейітті ұстаған кім және не үшін ұстады екен, соны біліп кел деп тапсырма берді. Ол (Наурызбаев – авт.) ауылға қайтып келген соң: Байсейітті Қызылордаға жіберіпті - деген хабар айтты. Содан кейін Аймауытовқа жолыққанын, оның Дінмұхамедтің өзі осында келіп кетсін - деп тілек білдіргенін айтты. Дінмұхамед маған өзімен бірге Қызылордаға барып, ағасының жағдайын біліп қайтуды ұсынды. Мен оған борыштар болғандығымнан да жігіттің серігі болайын деп келісімімді бердім , шешем мен туыстарымның алдынан өтейін деп рұқсат сұрадым».

(Бұдан кейін бей-берекет шашыраңқы, қиылыспайтын сөздер айтылған. Мұны А.Бәйділдаевтің өзі қате баяндады ма, не стенограммаға түсіруші жаңсақ жазды ма, белгісіз. Ә.Байділдаевтің көрсетіндісіне сенсек: Қызылордаға барған соң Д.Әділевтің өзі далада сексеуілден күрке жасап алды да, мұны Есполов арқылы Смағұл Сәдуақасовқа жібереді, ол арқылы Сәкен Сейфуллинмен хабарласып, хат жолдайды. Олармен Есполовтың үйінде кездеседі. Қанша партизан болса да С.Сәдуақасов пен С.Сейфуллинді жұмсайтындай бедел Д.Әділевте ол кезде жоқ болатын. Ал келесі бетте ол М.Дулатов боп шығады):



...Дінмұхамед Голощекинге қастандық жасау туралы сөз қозғады, Есполов ештеңеде айтқан жоқ, ал Дулатов: “Голощекинді жолдан тайдырғанмен оның орынына басқаны қояды, одан қандай пайда бар?” – деді. Оның сөзін Есполов та қостады».
Содан кейін өзінің Д.Әділовпен бірге қалай ұсталғанын, Д.Әділевтен Міржақып Дулатовқа қалай хат әкелгенін айтады. Әңгіме ұсталуымен тәмәмдалады. Бұдан кейін тергеу ісінің осы томында Д.Әловтің бір көрсетіндісі екінші көрсетіндісіне қарсы келетін, бір жолы осы айтқаным шындық деп, келесі жол ол көрсетіндісінен бас тартып, ішінара «мен ешқандай күш көрсетуден қорықпаймын» - деп толтырған ұзақ сонар жазбалары кездеседі. Ол жауаптар екінші, үшінші, төртінші, алтыншы томдарға да ұласады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет