Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет7/13
Дата15.06.2016
өлшемі0.98 Mb.
#137669
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13

Сонымен қатар, Байтұрсынов Әдiлевпен бетпе-бет кездесiп, куәласқанда, ол (Байтұрсынов) соңғы адамға (Әдiлевке): «Алаш» партиясы құрылған күннен бастап, оның (Әділевтің) ағасымен пікір араздығы бар екендігі, сондықтан да бұған (Әдiлевке) еш нәрсенi сенiп тапсырмайтындығын айтты. Өз кезегінде Әдiлев өзiнiң ағасының Байтұрсыновпен қырғи қабақ, дұшпандық қарым – қатынаста болғандығын мойындады.

Дулатов та, Омаров та, Есполов та, Болғанбаев та, Бiрiмжанов та, Жәленов те және басқалар да контреволюциялық ұйым құрғандығы жөнiндегi Әдiлевтің сөзiнiң жалған екендiгiн дәлелдедi. Содан кейiн аталған адамдардың барлығы да тұтқындалып, олардың бiрнешеуiн ерiксiз түрде «мойындаттырған жауап» алынды.

...Соның iшiнде, бiрiнеше рет қатарынан жүргiзiлген тергеуден соң, Болғанбаев мынадай жауап бердi: Валидовтан келген хатты Сәрсеновтiң бөлмесiнде оқыған Бөкейханов, ал Байтұрсынов онда мүлдем жоқ болатын. Жасырын ұйым ашу туралы әңгiме қозғалмады. Валидовқа мұны (Байтұрсынов) жiберудi ұйғарды, ал Әдiлев болса – мұнымен бiрге баруға өз бетiнше тiлек бiлдiрдi, өйткенi ол (Әдiлев) Валидовтың көмегi арқылы шет елге өтiп кетудi көздедi. Оған да мандат берiлдi, бiрақ ешқандай да мөр басылған жоқ. Валидовқа қандай да бiр уәде беру туралы ұсыныс жасалмады.

Сонымен, тергеудегi жауаптан көрiнiп отырғандай бiр ғана оқиға туралы Әдiлев пен Болғанбаевтiң жауаптарына үлкен қайшылық бар, бұл Әдiлевтің берген барлық жауаптарының дұрыстығына күмән тудырады, сондықтан да бұлар қылмысты іске негiз бола алмайды».


Ал Германияда бірге болған « айыпкер Битілеуов Дамолланың қосымша тергеуде берген жауабы.1929 жылғы 26 маусым /июнь/ мынадай:

Менің есіме маған берілген сұрақтан кейін мына жай түсті, мен Берлиннен қайтар кезде Дулатовқа мәлімет – хабар беру үшін Бірімжанов пен Валидов хат жазған кезде мен ол хаттың ішіндегі шартты белгілерді қойын дәптеріме көшіріп алдым ба, әлде бетін жыртып ап бере салдым ба білмеймін, ал тері өңдеу ісі жөніндегі кітаптың ішіндегі сөзді көшіріп алдым. Әйтеуір, сондағы жазылғандардың барлығын Дулатовқа бердім, оны есіме жақсы сақтадым. Мұның барлығын Бірімжанов пен Валидовтің көзінше және олар қай жерге не деп жаз десе – солай жаздым. Сондықтан да кітаптың беттерінің арасына шашырап жазылған сөздер рет-ретімен және мазмұнына сәйкес орналастырылды ма, жоқ, басқаша оқу тәртібі болды ма, оны білмеймін. Тері өңдеу ісі жөніндегі кітаптағы сөздерді қандай тәртіппен көшіріп бердім, ол да қаперімде қалмапты.”


Осыдан кейін: “аптаж”, “хадрез”, “сашгаф”, “каклем”, “нуги”, “латиф”, “Загиди”, “Загид”, “Л кадак” – деген сөздерді жазып, әр бетін, әр күнін көрсетеді. «Шифр» деп жүргені осылар. Міржақыпты, Ғазымбекті қалайда шет елдің шпионы етіп көрсетуге тырысқан. Бұл өтірікті тергеуші Саенко құрастырды ма? Әрине, оның тырысуынсыз бұл іс дәл осылай бет алмас еді.

Бірімжанов Ғазымбектің қосымша тергеуде берген жауабы: 26 маусым /июнь/ 1929 жыл.

«Шет елде жүрген кезімде “Ақжол” газетіне екі-ақ рет мақала жаздым. Біріншісін Берлинге келісімен-ақ жаздым, онда өзімнің жол-жөнекей көргендерімді, алған әсерімді баяндадым. Екінші: шет елде оқып жүрген өзбек студенттерінің үндеуі еді, соны қазақ тіліне аударып, “Ақ жол” газетіне жолдадым. Ол газетте жарияланды ма, жоқ па, білмедім.”

Өзбек студенттерінің көмек сұрап үндеу тастауының себебі, біз шет елге оқуға кеткен кезде қаражатты бір жылға лайықтап алған едік, алайда, СССР-дағы және Германиядағы ақшаның құнсыздануының өсуінен біздің қалтамыз қағылып шыға келді. Міне, сондықтан да өзбек студенттері ашық хат арқылы үндеу жариялауға шешім қабылдап еді .

Ол (Валидов – авт.) маған университетте оқып жүрген кезімде келіп жолықты. Ол бірден менің пәтеріме келді. Менің мекен-жайымды қалай білгенін білмеймін, ол кісімен хат жазыспағаным анық есімде. Менің адресімді ол Париждегі Мұстафа Шоқаевтан біліп келуі мүмкін, өйткені біз онда барғаннан соң біраздан кейін ол (Шоқаев – авт.) Берлинге соғып, бізге Түркістандықтарға жолыққан болатын, алайда мен ол адаммен таныс емеспін, мүмкін, Мұңайтпасовты танитын шығар, себебі екеуі де бір жерден болатын. Біз Шоқаевпен бірнеше рет кездестік және оның пәтерінде де болдық. Ол өзінің қаражатының жоқтығына шағынып жүрді...

Кеңес өкілдігінің жағынан оған шет елден Отанына қайтып келу туралы, оның бостандығына толық кепілдік беретіні жөнінде ұсыныстар жасады, бірақ одан Шоқаев бас тартты.

Оның жалған деректерге сүйеніп жазған мақалаларына байланысты мен оған: неге бұлай еттіңіз?- деп сұрақ қойдым. Ол жадағайлап қана нақты көкейкесті мәселелер жөнінде әзірше жаза алмайтынын білдірді. Мен оның себебін былай деп түсіндім: ол ақтардың шығарып тұрған шет елдегі газеттерімен байланыс жасағандықтан да оларға қарсы діттеген, көкейін тескен және даулы мәселелерді жазуға дәті жетпей жүр екен ғой - деп түсіндім. Өзінің СССР-ға қарсы тікелей ұйымдастырып жүрген әрекеттері туралы маған ештеңе де айтпады. Берлинде бір аптадай тұрды да қайтадан Парижге кетіп қалды.

Валидов әуеліде менің пәтерімде тұрды, мен сол күні-ақ оған лайықты пәтер тауып бердім, сол үйде қашан өзі Константинопльге кеткенше тұрды. Мен Валидовтің, Валидов менің пәтеріме барып келіп жүрдік. Ол кеңеске қарсы әрекет жүргізді ме, жоқ па, онысын маған айтқан жоқ. Әр әңгіме сайын еркін Түркістан туралы үзбей айтумен болды, бірақ оны қалай жүзеге асырмақшы, бұл жағынан мағлұмдар етпеді. Ол Шоқаевтың ақ орыс эмигранттарымен істес болғанын ұнатпайтын. Битілеуов Дамолланың Берлиннен СССР-ге жүрер кезінде Валидов те Берлинде болатын, Битілеуовтің қайтар кезінде ол менің пәтерімде болуы да мүмкін. Ал соңғысы (Битілеуов – авт.) қайтар алдында менің пәтерімде тұрды, мен оны вокзалға жалғыз өзім шығарып салдым. Битілеуов арқылы Валидов Дулатовқа және басқа адамдарға хат беріп жіберді ме, жоқ па, ол анық есімде қалмапты. Егерде Битілеуов солай деп көрсетіп отырса, онда хат бергені ғой. Ал шифрланған хат жазуға менің қатысым болды деп Битілеуовтің көрсетуі негізсіз, өйткені, мен шифрдің тілін білмеймін. Маған көрсетілген шифрланған хаттағы жазу – Битілеуовтің жазуы. Әріптердің түсіне қарап, кейбір сөздерді Валидовтің жазуы мүмкін деп есептеймін. Мүмкін, шифрлау үшін жазу үлгісі мен сөздің мағнасы онша қажет те емес шығар”

Қолы – Ғазымбек Бірімжанов.

Сұраған – Саенко».
Заки Валидов өзінің естеліктерінде Ғазымбек Бірімжановтың Германияға оқуға келгенде онымен кездескенін жазады. Алайда онда Әлихан Бөкейхановқа, не Ахмет Байтұрсыновқа, не Міржақып Дулатовқа шифрмен хат жолдағаны туралы ештеңе де айтылмайды. Бұл тергеудегі басты мақсат – «Алашорда» қайраткерлерін шет елде эмиграцияда жүрген Заки Валиди мен Мұстафа Шоқайдың іс-әрекетімен қалайда байланыстыру. Осы тұста Әлихан Бөкейханов тағы да тергеуге алынады. Алдыңғы жолы түрмеге түсіре алмаған тергеушілер бұл жолы қатты кіріседі. Алматы мен Мәскеу тергеушілері бір-біріне ескерту хат жазысады. Келісіп тор құрады.
«Халық комиссарлары кеңесінің жанындағы Біріккен Саяси Басқарманың Шығыс бөлімі. 7 маусым /июнь/ 1929 жыл.

ПП ОГПУ – дің ҚССР бойынша орынбасары Ж.Алшанскийге. Алматы.

Бөкейхановтың үстініен түскен / жинақталған құжаттардың /материалдардың/ шұғыл тұтқындауға жеткіліксіздік жасауына байланысты, біз тергеу жұмысын мынадай есеппен, егерде ол біз таққан айыпты жоққа шығарып жауап берген жағдайда, оны тұтқындамай босатып жіберетіндей етіп жүргіздік.

Бөкейхановтың 26/Y- 29 күнгі жауабының хаттамасын қоса жіберіп отырмыз.

ГПУ –дің шығыс бөлімінің көмекшісі – қолы».
Шындығында да Ә.Бөкейхановтың жауабы нақты және аса ыждахатты. Өзіне түскен күдіктің көлеңкесін өзгеге түсірмеген. Сұрақ-жауап Мәскеу қаласында алынған да көшірмесі Алматыға жолданған сияқты.
«1929 жылғы 27 мамыр күнгі Әлихан Бөкейхановтың берген жауабы.

Алаш орданың” ұйымдастырылған күнінен бастап оның тарқаған күніне дейінгі атқарған ісі туралы мен Каширин жолдасқа жауап берген болатынмын.



Ал, менің Валидовпен арадағы қарым-қатынасыма келетін болсақ, онда мен онымен соңғы рет Уфадағы Мемлекеттік кеңесте кездесіп, әңгімелескен едім. Онда біз өзіміздің жауларымызға қарсы қалай бірігіп күресетініміз жөнінде ақылдастық, оның ішіне кеңес өкіметі де кіреді, әрине, оның ішінде Дутов туралы нақты талдадық, ал кеңес өкіметі жөнінде арнайы сөз болған жоқ, жоғарыда айтқанымыздай, ол өзінен өзі түсінікті жай еді. Мен де, Валидов те дәл осылай түсінді. Біздің әңгімеміз бен жасаған жоспарымыз жүзеге асқан жоқ, өйткені Уфа кеңесінде сайланған Үкіметті Сібір Үкіметі тұтқынға алды. Бұдан кейінгі қалыптасқан жағдайға байланысты екеуіміз кездесе алмадық, ешқандай байланыс орнатудың да реті келмеді.

Байтұрсынов пен Ермеков туралы: олар 1920 жылы (жазда) Мәскеуде болды. Олар мұнда Қазақ Автономиялы Республикасын құру туралы Комиссияның мәжілісіне қатысу үшін келді. Олар мұнда Валидовпен кезікті ме, жоқ па, оны айта алмаймын, бірақ та білетінім, Ермеков Қазақ Республикасының құрылтай жиналысына 1920 жылдың қазан айында келді, ал Валидов болса 1920 жылдың қыркүйек айында Бакуде өткен Шығыс халықтарының құрылтайына қатысты. Сондықтан да, олар Валидовпен ешқандайда байланыс жасаған жоқ деп ойлаймын. Қалай дегенменде олар бұл туралы маған еш нәрсе айтқан жоқ.

Мен мына жайды үзілді-кесілді бас тарта отырып мәлімдеймін: Уфадағы мәжілістен кейін мен Валидовпен ешқандай байланыс жасағаным жоқ, оған Болғамбаевті жолығуға жұмсағаным да жоқ және Валидовтен ол арқылы хат та алғаным жоқ.

1919 жылы “Алаш орда” тарқаған соң, біздер, бұрынғы ұлтшылдар, бұрынғы алашордашылар қандай да бір арнайы ұйым құрып, кеңес өкіметіне қарсы күресуге талаптанған жоқпыз. Ұлтшылдық іс-әрекет туралы ешкімменде ой бөліскен жоқпын, өйткені, мен ұлт туралы ұлтшылмен ұлтшыл ретінде пікір алысатын екі-ақ адам бар, ол - Байтұрсынов пен Дулатов, ал бұлармен ұлттық күрес тәсілдері жөнінде әңгімелескен емеспін, егерде ұлт жөнінде олармен сөз қозғай қалсақ, біздің “ұлтшылдығымыз” тек тағдырға налып “көз жасын төгумен” шектелетін.

Мен Жер туралы саясат жөніндегі пікірім мынаған келіп саяды: жерді орыстармен (қоныс аударып келушілермен) қазақтарға тең бөліп беруге болмайды, өйткені, орыстар жерді өңдеу мәдениетін жақсы меңгерген, олар қалайда ұтымды пайдаланады да кезі келгенде қазақтарды қанауға кіріседі. Жер туралы менің “ұутшылдығым” осы мәселеге келіп тіреледі».
Зады бұл түске дейінгі тергеу болса керек, себебі, сол күні жазылған тағы да бір жауап бар. Әлде, тергеуші Бөкейхановты тұтқындай аларлықтай себеп таппаған соң үзіліс жариялап, арасында түрме бастықтарына барып ақылдасып келуі де мүмкін. Бұл сұрақтың соңында қолы жоқ, кейінгі тергеумен қосып бір-ақ қол қойған. Соған қарағанда үзіліс ұзаққа созылмаған. Іске тігілген жауаптардың біразы ілгеріде келтірілді, ал басқа жауаптарында қамтылатын мәселелер арнайы тақырыпқа орайластырылған тарауларда талданатын болғандықтан да бұл арада таратып жатпаймыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет