Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет8/13
Дата15.06.2016
өлшемі0.98 Mb.
#137669
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Шындап келгенде, тергеу орындары 1921 жылы Орынбор мен Ташкентте өткен мәжілістер конреволюциялық астыртын ұйымның бас қосуы емес, Орынбор қаласында өткен Бүкілқазақтық құрылтай екендігіне, онда «кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйымның платформасы» емес, аштан қырылып жатқан қыр еліне көмек көрсету туралы баспасөздерде ашық жариланған Үндеу қабылданғанына, осы ділгір шараны ұйымдастыру үшін жан-жаққа жіберілген адамдар – көтерілісті ұйымдастырушылар емес, аштарға жылу жиюшылар екеніне ықылас қойып, бас ауыртып жатпады. Тек тағылатын айыптың неғұрлым көп болуына тырысты. Оған 1929 жылы мамыр айында тұтқынға алынған Жүсіпбек Аймауытовқа: 1921-1922 жылдары қырда қарулы көтеріліс ұйымдастырмақ болған - деген төмендегі айып дәлел.


Ж.Аймауытов 1922 жылы Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға Семей Губерниясынан мал жиып, оны сонда айдап барады. Жол-жөнекей аштан қырылып жатқан ел-жұрттың үстінен түсіп, ішінара мал үлестіреді. Қолхат алады, бірақ ауылдық советтің мөрі жоқ деген айып тағылып, «мемлекеттің, мүлкін талан-таражға салғаны үшін» сотқа тартылды. 1927 жылы Қызылорда қаласында қаралған сотта ол “айыпкерден” айыптаушыға айналып, өзін-өзі ақтап шығады. Ж.Аймауытовтың сол сотта сөйлеген сөзі (мәтінді марқұм Бейсенбай Байғалиев тапқан):

Бұрынғы берген жауабыма менің артық қосарым жоқ. Мені айыптайтын жері: 1) Мал үлестірген комиссияда болуым. 2) Кейбір оқыған азаматтарға деп мал беруім екен. Бұған менің айтарым мынау:



1) Маған малды тез тапсырып қайту керек болды. Себебі: мал айдауға жалданған бақташылардың бірсыпырасы Ақмолаға шейін, бірталайы Торғай жерінің шегіне шейін келісіп жалданып еді. Олар Торғай жеріне аяқ "басқан соң-ақ, қайтар деп арпалысты. Күз түсіп, салқын болып, бақташылар киімі жоқтықтан тоңа бастады. Жолдағы елдерде оба ауруы болып, талай жерде бақташылар қашпақшы да болып, оның үстіне Торғай аштары кісі етін жеп жатыр деп, үрейлену болды.

2). Менің мал үлестіргенше бас-көз болуымды Торғай қаласында жиналған аш қазақтар шулап тіленіп еді, өйткені бұған шейін Торғай азаматтары аштарға жәрдем бере алмаған, берген жерлерінде қиянатпен үлестірген; аштар қызмет адамдарына өшіккен. Кіндік өкіметтің берген жәрдемін қызмет адамдары оларға бермей тұрған сықылды. Жұрттың, жалпы аштардың рухы сондай екен. Оның үсіне Торғайдағы қызмет адамдарының ішінде ру, ел таласы сықылды негізге тірелген алалық, бірін-бірі көрсету, қуғын-сүргін бар екен. Арғын, қыпшақ жігі бар екен. Сондықтан Торғай аштары өз елінің адамдарына сенімсіз қарайды екен. Бет-ауыздары көнектей іскен, көздері үңірейген, өлім аузында сенделген топты аш қазақтар зарлап, қақсап тұрған соң, дәтім шыдамады. “Мал үлестірген жерде ішінде бол» - деген тілегін орындадым. Міндетім ол емес еді, бірақ адамшылығым, арым аштарды аятқызды. Әуелде де аштарға жаным ашығандықтан, сезімім күштіліктен осындай ауыр міндетті, зор бейнетті мойынға алып, жан ұшырып едім.

3) Мен комиссиясына кірмей, малды Торғай адамдарының қолына беріп қоя берсем, малды қол қойып жіберіп, талап алатұғын еді, үйткені малға шапқан елдің беті қойға шапқан аш қасқырдан бетер еді. Ол талау екінші топ мал үлестіргенде болғаны көрініп отыр.

4) Торғай еліндегі бір ғана шет кісі, алыс жерден мал әкеліп, аштарға жақсылық көрсеткен кісі мен тәрізді көріндім. Мен басы-қасында болсам, бәрі де кенелетіндей, әділдікпен үлестіретіндей көрінді.

Ал енді әрбір оқыған азаматтарға мал берілді деген тақырыпта менің айтарым мынау:

1) Мен Торғайдың кейбір оқығандарын ғана білемін, көбіи білмеймін. Сондықтан оқығандардың бәріне мен мал бере алмасам керек.

2) Ол азаматтардың кейбірі Орынборда, кейбірі басқа жерлерде қызметте болса, олар малды алуға мүмкін де емес.

3) Малды сол адамдардың аш ағайындары алды, мәселен, Жангелді ұлының ағайындары: он бес шақты үй ашпыз - деп арыз қылды, тағы сондайлар болған. Ол аштардың ауылнайларына мал берілмейтіні де болғаны бар, себебі елді аш дегенде, болыс, ауылнай аймағынан қарап, жалғыз-жарым аштар елеусіз қалған, сондай елеусіз-санаусыз, аштар Жалдама, Қараторғай болыстарынан да шұбырып келіп жатты. Соңғы екі болыс (Жалдама, Қараторғай) Торғай азаматтарының тоқ ел деп тапқан елдері. Сондықтан оқыған азаматтарының аты атальш, аш ағайындарына мал берілген, оны маған айтып түсіндірген тағы Торғай жігіттері, беруге ұйғарған - комиссия. Әйтпесе, Міржақып, Ахмет, Жангелді баласы сықылдылар мал алды деп есептеуге болмайды. Алған ба екен, олардан сұрауға болар.

Мен өз бетіммен ешкімге мал үлестіргемін жоқ. Өйткені Торғай елінің бай, кедейін білмеймін. Комиссиясына кірсем де жаным ашығандықтан, аяғандықтан, жақсы ниетпен істедім. Пайда, мақтан есімде болған жоқ. Садық деген молданың үйінде болдық, бізге бір тоқты сойған-ды, 30-40 аштар келіп, өтіштерін айтып, жығылып кетіп, талып кетіп есеңгіреп отырғанда, алдымдағы ет тамағымнан өтпеді. Аштарды шақырып алып, бәріне үлестірттім, тағы сондай ауыр әсер берген аштар болды. Сондай аш елді көргенде, бұрынғы істегендерім анық болған соң, тоқ елдің жегені арам екен деген ойлар келді.

Заң тарапынан қарағанда, мүмкін, менің қаталарым бар да шығар. Азаматтық, адамшылық жүзінен қаралса, бір кісі аштарға жан салып, қызмет көрсетсе - мендей-ақ көрсетер деп шүкірлік етемін. Мүмкін, менің еткен еңбегім себепті ондаған, жүздеген аштар ажалдан қалған болар, қалмады деп Торғай елі айта алмас.

Еңбегім салауат, ниетім арам, жүрегім қара, қазаққа зиянды адам болып табылсам, бұ да бір уақыт шығар, жазаға мойнымды ұсынамын, аштар үшін мен-ақ құрбан болайын. Елімнің заңына көнемін.

Жүсіпбек Аймауытұлы. Тергеуші Сейдалыұлы».

Есіл азаматтың аузына «мен-ақ құрбандығың болайын” деген сөз қайдан ғана түсті екен.Араға жыл салып, сол «тілегінің қабыл боларын» қайдан білсін.

Ал, шынтуайтына көшкенде, алашордашылардың өкiмет тарапынан алған кешiрiмiн бұлар «кешiргiсi» келмедi, жазықсыз құтылғандарын әдiлетсiз шешiм деп бағалап, қалайда сот арқылы үкiм шығаруға ұмтылды. Әрине, олар жазаның ең ауыр түрiне кесiлуге тиiстi сияқты көрiндi.


«Сонымен, Орынбор және Ташкент қаласында контрреволюциялық ұйым құрылды-мыс деп тағылған айыпты мойындататын қандай да бір нақты объективті қылмыс дәлелденбеген. Сондай-ақ, здерінің Орынбордағы “келіссөзінен» кейін Әділев пен Болғамбаевтың онда қайтып оралмағандығын, жүргізген келісімдерінің қорытындысы жөнінде өздерінің жетекшілерінің бірде-біреуіне хабарламағаны тергеу барысында анықталды.

Сонымен қатар, тергеу орнының қолында Орта Азиядағы контрреволюциялық ұйымға саяси немесе әскери көмек, көрсеткен дегенде дәлелдейтін айғақ болмаған».
Ақиқат анықталды. Тергеу тығырыққа тірелді. ОГПУ-дің арандатулары күткен нәтижені бермеді. Енді жазықсыз жандардың жарық дүниеге шығуы тиісті іспетті. Іс жүзінде бәрі де керісінше жүргізілді. Тергеу созыла берді. Куәға тартылғандардың барлығы да қамалды. Сонымен, астыртын контрреволюциялық ұйым ашылмады.

Енді тергеушілер де тәсілді күрт өзгертті. Арандаудың ең нәзік әрі жүрек шошытарлық тәсілін тауып, Голощекиннің өзін “қарауылға” алды. Әсірелеу емес, нақ солай. «Кіші октябрьдің» авторын — Голощекинді қастандықпен өлтіруге әрекеттенді», «далада көтеріліс ұйымдастыруға әрекеттенді» деген айып аяқ астынан табыла кетті. Бұл идеяның авторы кім? Егер де, Филипп Исаевичтің өзі мақұлдамаса, тергеушілердің бірде біреуі басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел байлауы мүмкін бе? Қайдам. Ал, Голощекин бұл лақап арқылы өзінің беделінің өсетінін білді. Біріншіден; бұл бұлтартпайтын ашық жаулық. «Айыпкерлердің» кез-келген пікірі айғаққа жарайды. Өйткені Голощекин — өзіне қастандықтың жасалатынын жиі еске алуы, тіпті мәжілістерде де қайталауды ұнататынын қалай түсінуге болады. Екіншіден, социализм дамыған сайын, тап күресі шиеленісе түседі деген Сталиннің пікірін «дәлелдей» түседі.

Сонымен, Байтұрсынов бастатқан «контрреволюционерлер» Голощекинге қарсы қастандық ұйымдастырды ма, жоқ па? «Ұйымдастырған» екен. Оны да «айтып қойған» — Д. Әділев боп шықты. Бұл жолғы салмақ, яғни, тағы да қорғану кезегі — Жүсіпбек Аймауытовқа түсті.

Айғақ табылмаса да қылмысты айып күшін сақтады. Керісінше тағы бір айып - ең басты айып қосылды. Ол — Жүсіпбек Аймауытовтың атылып кетуіне тікелей себепкер болған Голощекинге «жасалған жасанды қастандық әрекеті» және оның Д.Әділевтің көрсетіндісін мойындауы. Ол оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай:



1988 жылғы ақтау шешімінің анықтамасынан: «Аймауытов, 1928 жылы көктемде Шымкент қаласында Әділевпен кездескенін мойындады. Ол (Д. Әділев) бұған Ж. Аймауытовқа) өзінің шет елге кетіп қалуды ойластырып жүргенін айтады және Қожанов арқылы ретін тауып шетелдік паспорт алып беруін өтінді. Содан кейін өзінің (Әділев) Голощекинді өлтіруді ойлап жүргені жөнінде айта бастайды, бірақ Аймауытов оған бұлай істемеу туралы кеңес береді”.
Жүсіпбекке тағылған айыптың бар-жоғы осы. Оның тіпті «контрреволюциялық астыртын ұйымға» да, «қарулы көтеріліске» де қатысы болмаған. Ал, жүзеге аспаған қылмыс үшін де жауапты ма! Қайта, Әділевті бетінен қайырғаны үшін алғыс айтылуы керек қой». Ол кезде Жүсіпбек Шымкенттегі Педагогика техникумының директоры болатын. Ал, түрмеге жабыларда, ЦКАКА-да әдеби қызметкер екен.

Жиырма жеті жасар жас жігіттің аптығын басу үшін айтылған ақылы үшін, өзінің ату жазасына бұйырылатынын Жүсіпбек білген жоқ. Білсе, Әділовке басу айтқан ақылынан бас тартып, мойындамас па еді, кім білсін.

1988 жылғы Сот анықтамасынан: «ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің секретары Голощекинге қарсы террорлық қастандықты ұйымдастырғаны жөніндегі айыптау да қызыл сөзге құрылған. Тергеудің осы саладағы қорытындыларында Әділевтің өзінің ойын жүзеге асыруға тырысқан іс-әрекетін және оған Аймауытовтың қатысқандығын дәлелдейтін айғақтар жоқ.

Иә, «бір жанға екі өлмек әділет» (Абай) емес еді. Қайтеміз, орны толмайтын азамат опат- боп кетті.

Енді үшінші айып тығылды — контрреволюциялық үгіт-насихатты таратып, идеологиялық саботаж жасайтын жаңа үйірме... «Алқаның» әрекеті “әшкереленді».

Бәрі де қисынды. «Астыртын ұйым», “қарулы көтеріс”, “Голощекинге қастандық”— қалайда идеологиялық арандатумен аяқталуы тиіс. Сонда ғана тергеудің төрт құбыласы түгелденеді. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаев сияқты өте қауіпті, творчество иесін, азулы ақынды еркіндікте қалдыруға болмайтын. Ал оған себеп дайын, тек қара күйені жағып, тонын теріс айналдыратын протокол ғана керек. Ілік - «Алқа» атты әдеби үйірме. Оны ұйымдастырған — Мағжан Жұмабаев, ар жағы түсінікті.

Түсініктісі сол, бұл үйірме - Совет Одағындағы жүздеген әдеби-творчестволық үйірменің бірі. М.Горькийдің өзі «ОПОЯЗ»-ға жетекшілік етті. Пролетар жазушыларының қазақ ассосациясының құрамына тек қана кедей табынан шыққандар қабылданды. Олар Мағжан, Мұхтар, Жүсіпбек сияқты «оқып туған байшыл-буржуазиялық идеологияның құйыршықтарының тамырына балта шабу үшін» шабуылға шықты. Тіпті Сәбит Мұқановтың балтасының жүзі Абайдың өлеңдерін отап тастады, ұлы ақын есімі «қара тақтаға жазылды». КазАПП-тың жанкешті қарсылығына ұшыраған «байшыл, өткенді көксеген ұлтшылдар»- өздерін де, өнерді де қорғау үшін «Алқа» атты үйірме ашты. Өз шығармаларын талқылады. Мағжанның “Батыр Баяны”, Мұхтардың «Кексерегі», Жүсіпбектің “Күнікейдің жазығы» іспетті туындылары сол жылдары жазылды. Үйірме — өз алдына саяси мақсат қойған жоқ. Таза өнерді қолдап, таптық мүддеден гөрі көркемдік шеберлікті жоғары қойды. «Жалаң ұраннан арылып, саф өнермен сусындауды” (М. Әуезов) мақсат тұтып, «Шолпан» журналы арқылы сол идеяларын жариялады. 1927 жылы шыққан КазАПП мүшелерінің «Құс жолы» атты жинағында «Алқа» мүшелерінің «жон терісін сыпырғані» бес-алты мақала басылды.

Саяси айып тағуға соның өзі жетіп жатыр еді.

Солай болды да. Өнер туралы пікір таластары ушығып келіп, өлім жазасына ұласты. Тергеу ісіндеігі неше түрлі жала мен арыздардың, ғайбаттаган қолхаттардың, жасанды «доностгардың» дәлелсіз қыздырмамен айтыла салған айыптаулардың барлығы да қызыл сөзге, даурықпаға құрылған. Ондағы беттесулердің ішінде аты-жөні кездесіп қалатын ақын-жазушылардың куәландырған көрсетінділері—олардың абырой-атағына көлеңке түсірмесе, көңілді көтермейді. Өкінішті.

Бірақ шындық солай. Жаланың жалынына қанатын күйдірген жалғыз Мағжан емес еді.



1988 жылғы сот анықтамасынан: «...Жұмабаевты, Омаровты, Байтасовты және Жәленовты “Алқа” атты жасырын, ұлтшыл бағыттағы әдеби үйірмені ұйымдастырды және оның жұмыстарына қатысты деген айып та негізсіз. Бұл әдеби үйірме болғандықтан да, өзінің алдына совет өкіметін құлатуды, немесе оған қастандық жасап, күшін әлсіретуді мақсат етіп қоймағаны, сондай-ақ контрреволюциялық қылмыстарды жасауға шақырмағаны тергеу материалдарынан-ақ көрініп тұр. Аталған үйірме мүшелерінің әдеби шығармаларында да мұндай іс-әрекетке шақырған үндеулер кездеспейді. М.Жұмабаев осы үйірменің жетекшісі болғанымен де, өзінің алдына контрреволюциялық мақсат қойған жоқ».

“Алқа” - алқадан тұзаққа айналды.

Дінше Әділевтің тергеу ісіне тіркелген және топты адам түскен суретке қатысты жауапқа тартылып, түрмеге қамалған «Алашорда» қайраткерлері, міне, осылар. Енді ішінара аталмай қалған екі-үш адам жөнінде мәлімет бере кетейік. Солардың ішінде тергеу барысында ерекше белсенділік көрсеткен және қиыннан қиысып келіп «сұранды» болған адам - Әбдірахман Байділдин. «32 жаста, қазақ, Петропавл уезінің “арғын” руынан шыққан, үйленген, орта білімі бар, ВКП /б/ қатарынан шығарылған, бұрынғы алашордашы». Омбыда Смағұл Сәдуақасовпен бірге оқыған. Қызметке тартқан да осы сабақтасы. Тергеушілер «Қалам» деп ат қойған. Барлық көрсетінділері тек Смағұл Сәдуақасов пен Мұхтар Әуезовке қарсы бағытталған. Іске көрсетіндісі тіркелген, оның кейбіреуінің көлемі машинкамен басылғанда беттен асады.Айыптап жазған сөздерін алып тастаса сол күндердің шежіресі десе де болғандай. Әр сөзін құжатпен растап отырған. Еркіндікте жүргенде өзі туралы: «Алашорда» жасағының қаруын вагонмен тасыдым, Колчактың барлаушысы болдым – деп айтып жүреді екен. Голощекиннің С.Сәдуақасовты қалайда түрмеге түсіру бағытындағы тапсырмасын орындау үшін тергеушілер Ә.Байділдинді басында алдарқатып қолға түсіріп, кейіннен арбау, арандату, қорқыту басталған сияқты. Оған төмендегі құжат куә.

«Хаттама

6 шілде 1929 жыл. Алматы

Мен, Байдилдин, Логачев жолдасқа жауап беруге ешқандай құлқым соқпай тұр. Себебі, кеше ол мені жолдастыққа жатпайтын мінез көрсетіп, менің намысыма тиді. Ол маған: сенің қамаққа алынуың өзіңді-өзің әшкерелеген аса қомақты құжаттарды қолға түсіруге мүмкіндік берді, сенің партиялығыңның түкке де керегі болмай қалды, мен ГПУ-да істеп жүргенде сенен де биік самғап жүрген “қырандарды” торға түсіргемін, - деп кіжіңдеді. Осыдан үш-төрт күн бұрын мені тергеуге алғандағы жұмсақтығын ұмытып, кеше өзінің маған деген қас-қабағын мүлдем өзгертті. Алдыңғы жолдары ол адам айтқысыз кішіпейілділік танытқан еді. Сөйтсем бұл тергеуші барып тұрған көзбояушы екен әрі мені жек көретін болып шықты. Міне, сондықтанда мен оған қандай да болмасын жауап беруден бас тартамын”.


Ә.Байдилдин «өзін-өзі әшкерелегенін» кеш біліп, содан кейін өзін-өзі ақтауға барынша жанталаса кіріскен. Тергеуге қызмет еткен адамды тиісті дерек жинап болған соң көзін құртуға тырысарын қайдан білсін. Бұл жолы да солай болды. “Мен Колчактың барлаушысы болдым” - деп партия жиналысында айтып қалған Әбдірахманды әуелі де достары “барлаушы!” деп кекетіп күліп жүрсе де сол аңыздың өзін ГПУ ұтымды пайдаланды. Ең бірінші боп ату жазасына кесілді. Ә.Байділдиннің көрсетінділерінің ұзына мазмұнынынан мағлұмдар ету үшін оның берген бір жауабының ара-арасынан үзінді келтіреміз. Өйткені бұл жауаптар «Алашорданың» М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ә.Ермеков, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгеров, М.Әуезов сияқты қайраткерлерін (жиыны 30 адам) түрмеге қамауға себепкерлік еткен.

«Байдильдиннің жауабы.

25/ҮІІ-І/ҮІІ№-1929 жыл.

Мен өзімнің бір жолғы көрсетіндім арқылы сәдуақасовшылардың бүкіл тарихын толық айтып шыға алмаймын. Оған қазір қажетті жағдай жасалмай тұр, ең бастысы, керекті құжаттар қолымызда жоқ. Мен бұл арада осы ағымның бұрынғы жақтаушысы есебінде оның жалпы даму сатысының нобайын түсіремін және өзімнің есімде қалған кейбір деректерді айтып беремін. Сонымен қатар, кезінде дос-жарандарымнан естіген деректерді де пайдаланамын, әрине, ол деректердің дәлдігіне кепілдік бере алмаймын. Сәдуақасовшылдық ағымы партияға қарсы бағыт ретінде ҚССР-нің құрылған күнінен бастап ұйымдасусыз-ақ қалыптаса бастады».
Ә.Байділдиннің жауабының «тыңғылықты» екені және «тақырыпты игеру» үшін барынша күш салғаны осы сөздерден-ақ байқалады. «1920 - жылы І Қазақ сьезі өтті. Оның негізі сонда анықтала түсті. Әртүрлі көзқарастардың өзара үйлеспеуі жікшілдікке негіз қалады» - деген пікірді сабақтап келеді де оны рушылдыққа әкеп телиді. Біздің ойымызша, ол көзқарастардың астарында ұлттық мүдде жатты. Тек қазақ қайраткерлерінің арасындағы саяси күрестің тәжірибесі жетпегендіктен де, олардың өзара пікір таласы жеке бастарының ымырасыздығына жол ашты. Өкініштісі сол, мұның барлығын хаттап, қағазға түсіріп отырған большевиктер де, кейіннен Голщекин тергеушілері де өте шеберлікпен пайдалана білді. Бұдан әрі:

... Ол сьезде, ұмытпасам, Әділев Байсеиіт пен Мыңбаев (Ақмолалық) және басқалар сөйледі. Әрбір жақ өзінше сьездің шешіміне әсер етуге, әсіресе, үкіметтің құрамына ықпал жасауға тырысты. Әрбір топ өзінің көсемін жетекшілікке ұсынды, яғни, КЦИК-тің төрағалығына Байтұрсынов пен Жангельдинді ұсынды.”- дейді Ә.Байділдин.


Бұл өзі тасқа басылған 45 беттік кәдімгі кіші-гірім кітапшаның көлеміне пара-пар көрсетінді, яғни, ең басты айыптаушы сөздің бірі. Сондықтанда оның бәрін қамту мүмкін емес. Ойымыз шашырап кетпес үшін әкімшілік пен партиялық жіктелуге қатысты кейбір тұстарын ықшамдап пайдалануға тырыстық. Күндердің күнінде бұл көрсетінді толық жариялана қалса, ондағы оқиғалар арқылы көптеген пікірлерді қайтадан сараптап, кейбір жақсы атты боп жүрген қайраткерлердің халқына не жеке адамға жасаған қиянатына көз жеткізер едік.

... Сәдуақасовшылардың сол кездегі басты бағыты сұрыптап келгенде мынаған саяды:



  1. Партияның ұлттық бағдары (Бұл программаны жүзеге асыруға тырысты. Мұны қалай түсініп, қалай талдағаны белгілі).

  2. Қазақтардың арасындағы жұмысты жандандыруды ұсынды.

  3. Төңкерісшіл жастарды жоғары қызметке тартуға тырысты.

  4. Отарлаушыларға қарсы күресуді қолдады.

  5. Жұмыссыз солшылдарға қарсы күресті нығайтайық- десті.

Бұл бағдардың негізгі пікірлері сол жылы жарық көрген Смағұл Сәдуақасовтың “Жастардың жаңа жолы” атты кітапшасында толықтай қамтылған”.
Егерде, 1920-жылы Смағұл Сәдуақасовтың жиырма жаста ғана екенін ескерсек, оның өз құрбыларынан қаншалықты ілгерілеп кеткенін және өресінің олардан анағұрлым жоғары екенін аңғару қиын емес. Ол елінің мүддесі ерте есейткен азаматтың бірі болды. Ә.Байділдин бұдан әрі Смағұл мен өзінің арасындағы қарым-қатынас пен қайшылықтарды айта келіп, өзінің 1920-1929 жылдар арлығындағы өмірін жалықпай саяси астар бере хатқа түсірген. Бұдан аңғарылатыны: тергеуші де және жауап беруші де нысанаға Смағұл Сәдуақасовты алған. Ішінара Мұхтар Әуезовті де шаншып, екеуін қосақабаттап “ұлтшыл” етіп шығаруды көздеген. Біз Смағұл мен Мұхтарға қатысты тұсын ғана іріктеп алдық.

«Жиналыс барысында “жойылсын ұлтшылдар!” деген айқай бір жақтан, “сөйлесін!”, “отаршылдар бөгет жасамаңдар!”- деген қарсы жауап екінші жақтан естіліп, оның сөзін жиі-жиі бөліп жіберіп отырды. Ол өзінің сөзін аяқтап болған кезде мәжілісте отырған барлық губерниялардың қазақ өкілдері ду қол шапалақтап қошамет көрсетті. Бұдан кейін екі жақтың арасындағы айқайлар одан әрі өрши түсті. Оны қорғап сөйлегендер де, қарсы тұрғанадр да қатты-қатты сөз айтып, ара-тұра дөрекілік мінездер көрсетті. Мысалы: Сәдуақасовты қорғаған Х.Нұрмұхамедов (Атбасардан келген өкіл) бірнеше рет төралқалар отырған столды қолымен түйіп-түйіп қалып, аяғымен жер тепкілей сөйледі.

Іс былай аяқталады: дауыс беру барысында дауыс ұлттық белгісіне қарап екіге тең бөлінді. Қазақтардың кейбіреулері ғана болмаса бәрі де “иә” деп, ал орыстардың қалыс қалғандарынан басқалары “жоқ” деп дауыс берді. Сөйтіп, мәселе ашық - шешілмеген күйі қалды. Кейіннен Сәдуақасов 3-4 дауысты артық алып, бәрібір КЦИК-тің мүшелігіне сайланды.
Иә, жалындап тұрған жас жігіттің кеудесіндегі өртін “отаршыл-коммунистер де ” (С.Сәдуақасовтың өз сөзі-.) өшіре алмаған. Бұдан әрі Әбдірахман Байділдин былай жалғастырады:

Біз кеңестердің ІІ өлкелік құрылтайына бардық. Сәдуақасов бізден ерте кетті, қалған губерниялық өкілдер кейіндеу барды. Осы құрылтайда өзге де саяси және шаруашылық мәселелерімен қоса Сәдуақасовтың жеке басы мен оның іс-әрекеті туралы пікірлер негізгі талқылаудың өзегіне айналды. Семей мен Ақмола губернияларынан европалық ұлт өкілдері өздерінің сөзінде Сәдуақасовты іліп-шаншып сөйледі, олар оның теріс әрекеттерін сынап, ұлтаралық қарама-қарсылықты, өштікті туғызды, орыс қызметкерлерінің барлығын отарлаушылар деп атайды - деген тағы басқа да айыптар тақты. Ал аталған губерниялардың қазақтары керісінше Сәдуақасовтың ісін ақтап, европалық ұлттан шыққан қызметкерлерді қатты сынады. Осынау өзара кіналасу мен талас КЦИК-тің құрамын сайлау кезінде ең шарықтау шегіне жетті. Біз Сәдуақасовты КЦИК-тің құрамына ұсындық, ал европалық жолдастар оны ысырып тастап отырды. Қарама-қарсы топтардың арасындағы бұл дау-дамай өте көп уақыт алды. Пікір таласы барысында Сәдуақасовтың өзі қорытынды сөз алып ұзақ сөйледі. Ол өзін: қазақ халқы үшін күрескен нағыз ер ретінде және сол үшін қасірет шегіп жүрген азамат ретінде көрсетті, ол европалық ұлт қызметкерлерін саналы түрде отарлау саясатын жүргізіп отырсыңдар, партияның шынайы ұлттық саясатын жүзеге асыруға кедергі жасап отырсыңдар - деді. Солай дей отырып, ол сөзінде ұлт мәселесі туралы өткен партияның 8- сьезіндегі сөйлеген Сталиннің сөзінен үзінді келтіріп өзінің іс-әрекетінің жоғарыдағы үзіндімен сәйкес келетінін дәлелдеп, орыс отарлаушылары партияның сол бағдарын жүзеге асыртпауға тырысып, мені қудалап отыр - деді. Сонымен қатар ол Қазақстанның өткендегі тарихына шолу жасап, кешегіні бүгінгі күнмен салыстырып, өзінің пікірінің дұрыстығы туралы тұжырым жасады.



Жоғарыдағы топтық мәжілістің жабылар кезінде М.Әуезов барлық қазақ өкілдерін өте маңызды мәселені талқылау үшін арнайы жеке жиналу керектігін, олардың қай жерде жиналатынын және қай уақытта басталатынын хабарлады. Өкілдер айтылған уақытта айтылған жерге жиналды. Тек Меңдешев, Мырзағалиев т.б. жауапты қызметкерлер ғана кешікті, оларды арнайы шақыруға адамдар жіберілді, олар содан кейін барып келді. Әуезов жиналысты ашып, оның мақсатын түсіндірді. Ол: біз жергілікті жердегі жағдайлар туралы, оның ішінде қазақтардың арасындағы істің барысы туралы өзара толық мәлімет алмасу үшін және соған сүйене отыры шешім қабылдау үшін жиналдық-деді.

Содан кейін жергілікті жердегі жағдай туралы пікірлер алмасылды. Әр губерния өзінің баяндамашысын тағайындады, солар жергілікті жердегі жағдай туралы хабарлама жасады. Ол: Семей облысында, әсіресе, қазақ ауылдарына аштықтың төніп келе жатқан қаупі байқалады-деді. Жергілікті жердегі жағдайдың нашарлығы туралы қара бұлтты төндіре сөйлеген Әуезов, мұның барлығы - біздің енжарлығымыздың, ұйымдастыра білмейтіндігіміздің, өзара тәжірибе алмаспай томаға-тұйықтық танытуымыздың, ең бастысы – отаршылдардың кедергісі мен іріктеушілік (большевик және ұлтшыл деп – авт.) әрекетінің кесртінен болып отыр –деді. Ол мұндай көріністерімен қарсы аянбай күресуге шақырды».
Бұл мәселе Смағұл Сәдуақасовпен алдын-ала келісіліп алынған сияқты. Істің бәрі де соның ықпалымен және соның күрес жолының бағытымен қақпайланып отырған. Бұл - өте бір ауыр кезең еді. Қазақстанның үш түрлі өкімет билігінде (Батыс облыстар – Орынборға, солтүстік облыстар – Батыс Сібірге, оңтүстік облыстар – Түркістан өлкесінде) қалуы - өзара түсініспеушілікті тудырды және ұлттық мүдденің тұтастығын сақтауға кесірін тигізді. Әсіресе, Сібір төңкеріс комитетіне қараған Шығыс және Солтүстік губерниялардың ахуалы өте нашар еді. Жаңа орыстандыру мен қоныстандыру саясаты жүріп жатқан.Төңкеріс тек орыстарға ғана қатысты сияқты көрініп, қазақтар қызметтен шеттетіліп жатыр еді.

Әбдірахман Байділдин бұдан кейін мәжілістің мәнісін былай түсіндіреді:



«Әрі қарай өзге губерниялардың есебі тыңдалды. Айтылған пікірлардің барлығы да Әуезовтің берген бағасымен үйлесіп жатты. Барлығыда істің енжар жүргізіліп жатқанына тоқталып, бір ауыздан отаршылдардың қойып отырған тосқауылына тоқталды. Сондықтанда, өкілдердің сөзінде тың пікір аз болды. Алайда өзінің сөзі арқылы Меңдешев сәл-пәл өзгешілік әкелді. Ол: жергілікті жерден келгендердің пікірін негізінен қостайтындығын білдірді. Отаршылдардың бөгет жасап жүргендігімен де келісті, алайда сөйлеушілердің жергілікті ұлтшылдықтың тигізіп отырған кері ықпалына тоқталмағанына реніш білдірді. Бұл туралы айта келіп, мәжілістің қорытындысында осы мәселеде көрініс тапсын - деді. Біраз адамдар бұған қарсы болды, алайда ол ұсыныс көпшілік дауыспен қабылданды.

Сонымен, негізгі шешім қабылданды. Әуезов өзінің алғашқы сөзінің сарынымен мәжілісті қорытындылады».
Қазақ халқының мүддесін қорғауға тиісті шешуші сәтте Өлкелік партия ұйымының хатшысы Меңдеңшев ымырашылдық танытты. Бұдан кейінгі Орал, Торғай облысының қазақтары аштан қырылып жатқандығы туралы мәжілісте де шара қолданудың орнына «Алашорданы» әшкерелеп, оған Смағұл Сәдуақасовты теліп, Байтұрсыновты биліктен шеттетуді талап етумен шектелген. Екі жиналыста да Меңдешев қазақ халқының тәуелсіздік күресін «коммунист-колонизаторлармен» ымыраластыруға тырысқан. Соңғы жолы, ашаршылыққа қарсы комиссия құруға қарсы болған. Байтұрсынов табандап тұрып алған соң оның қазақ халқына арнап жазған Үндеуін шығартпай, комиссияға өзі төрағалық етуге мәжбүр болған Ел-елді аралаға адамдардың соңына тыңшыны қосып жіберген.

Әбдірақман Байділдиннің көрсетуі бойынша:

«Бұл жиналыстағы екінші мәселе ретінде күн тәртібіне Смағұл Сәдуақасовтың мәлімдемесін талқылау ұсынылды. Ол: отаршылдар менің соңыма түсіп қудалап жүр, облыста мені көзіме шұқып, шеттетіп келеді, тексеру жіберіңдер – деп мәжіліске қатысушылардан бұл жөнінде өз пікірлерін айтуды және көмек көрсетуді өтінді. Жиналыс оған қалайда көмек көрсетілсін - деп шешім қабылдады. (Бұл жиналыстың хаттамасының көшірмесі менде сақтаулы болатын, оны ГПУ тергеушілері тінту кезінде алып қойды).

Міне, сәдуақасовшылар бүкілқазақстандық деңгейде осылай қалыптасты. Алайда бұл шешім оның басты шабыттандырушысы - Сәдуақасов Смағұлды қанағаттандырмады. Сьездің қорытынды нәтижесінде ол бәрібір жүнжіп шықты. Бұрынғысындай КЦИК-тің төралқасына мүшелікке ілінбеді, оны жауапкершілікке тартуды жалғастыра берді, оның өзін қанағаттандыратындай оңтайлы үлкенді-кішілі жұмыс берілмеді. Соның нәтижесінде ол не істерін білмей сенделіске ұшырады. Күндіз қабағынан қар жауып жүрді, ал кеш болса Әуезовтің бөлмесінде ұзақ әңгімелесіп отырып алатын».
Бұл арадағы сөздер дәлелсіз де түсінікті сияқты. Сондықтан да созбалап жатпаймыз.

«Қаулы

1929 жылдың 20 шілде күні. Алматы.

Азамат Әбдірахман Байділдин студент кезінде большевиктерге қарсы қарулы күрес жүргізу үшін ұлтшыл жастардан ұйымдастырылған ақгвардияның жасағына өз еркімен кірген, сонымен қатар ол Колчактың 3-армиясының қарсы барлау тобының құпия тыңшысы міндетін қоса атқарған, яғни, азамат Байділдин Қылмыс Ережесінің 58-7, 58-11, 58-13, және 59-3 баптарының тиісті тармақтарына сәйкес қылмыс жасаған, сондықтанда Қылмысты Істер жөніндегі Ереженің 128 және 147 баптарына сәйкес мынадай Қаулы қабылдадым:

Азамат Байділдин Әбдірахман, 32 жаста, қазақ, Петропавл уезінің “арғын” руынан шыққан, үйленген, орта білімі бар, ВКП /б/ қатарынан шығарылған, бұрынғы “ алашордашы”, қазір еш жерде жұмыс істемейді - жоғарыда көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін айыпкер ретінде жауапқа тартылсын.

Байділдинге алдын-ала сақтандыру шарасы қолданылып, оны ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша комендатурасынның жанындағы түрмеге отырғызу үшін тұтқындалсын.

Шығыс бөлімінің бастығының көмекшісі - Саенко.

Бекітемін” ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша өкілі - Альшанский.



Қаулы маған оқылды, өзімді кінәлімін деп санамаймын. Ә.Байділдин.
Иә, өзін кінәлімін деп санамайды. Бірақ та өзгелерді “кінәлі” деуге қандай қақысы бар еді? Әбдірахман Байділдиннің “партизан, большевик, мектептес досы” Дінше - Дінмұхамед Әділевтің ГПУ-дің тергеушісіне берген жауабы:

Мен Байділдинмен патшаның тұсында Омбыдағы оқушы кезімде таныстым. Өзге де оқыған қазақтар сияқты ол да ұлтшыл болатын. 1918 жылдың басында, мен халықаралық пролетарлық 2 - Омбы партизан отрядына ерікті жауынгер боп жазылған кезімде өзге де ұлтшылдар сияқты Байділдин де менің бұл әрекетіме қарсы болды, мені майданға аттанудан бас тартуға үгіттеді. 18- жылдың күзінде Омбы қаласына жеттім, онда ұзақ уақыт жасырынып жүрдім, Сәдуақасов Жанайдар маған үнемі қатынап тұрды. Бірде маған Байділдин де келді. Жанайдар Байділдинге сенімсіздікпен қарайтын, алайда одан қандай да бір қастандықты күтпейтін. Ол уақытта Байділдиннің белгілі бір саяси бет-бағдары қалыптаспап еді. Ол екі ойлы болып жүретін, кәдімгі ұсақ буржуазияның өкілі ғана қалпын сақтады. 1918 жылдың соңына ала Омбыда Колчакқа қарсы большевиктердің көтерілісі ұйымдастырылды, оған қазақтардың арасынан мен және Жанайдар қатысты. Көтеріліс жанышталды да маған Омбыда қалуға мүлдем болмайтын болды. 19-жылдың қаңтар айында ауылына демалысқа кетіп бара жатқан Байділдинге ілесіп Петропавл арқылы мен соның ауылына жүріп кеттім”.



Бұдан кейінгі көрсетінділер екеуінің ауылға барғаны және Колчактың әскеріне кезігіп қалып, қызылдар көрінсе біздерге айтыңдар – дегені баяндалады.
Тергеудің ІІІ томына Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен өзінің шәкірті Қ.Бекдуллаев берген бұл көрсетінді бойынша Ж.Аймауытовқа «көтеріліске шығуға шақырып үндеу жазған» деген айып тағылып, жазықсыз атылып кеткен. “Ұстаз” өзінің ұстазы Жүсіпбек Аймауытовты “халық жауы” ретінде әшкерелеп ГПУ-ға түсінік берген. Көрсетіндісінде Абайды да “халық жауының” қатарына қосыпты. Соған қарағанда кәдімгі көп можантопайдың бірі екені байқалады. Мұнда Тәжібаев деген студент те куәға тартылған. Алайда оның көрсетінділерінің “ізі өшкен” – кейін жойылған. Айбақ-сайбақ жазуының табы іс қағаздан байқалып қалады.

«1929 жыл, 26 маусым.

Қалабай Бекдуллаев, 22 жаста, Қызылорда қаласындағы Атбасар көшесінің 2 үйінде тұрады, 1921 жылдан комсомол, қазақ, батырақ, мектеп мұғалімі, үйленген.

Аймаутов Жүсіпбекті 1921” жылдан (-?- мүмкін 1927-жылдан шығар, жазу бедері өшіңкіреп қалған – авт.) білемін, өзінің айтуы бойынша оның әкесі Ақмола (-?- Семей губерниясы, Павлодар уезі болуы керек - авт.) губерниясындағы аса үлкен діншіл-молла екен.

Ол 1926 жыл мен 28-жылдың аралығында Шымкенттегі педагогикалық техникумның оқытушысы болды. Аталған оқу орынында сабақ берген кезінде ол өзін барып тұрған ұлтшыл - алашордашы ретінде көрсетті, барлық жерде және үнемі студенттердің миына ұлтшылдық сананы егуге тырысты. Мысалы, арнайы әдеби бақылау орындары (цензура – авт.) басып-шығаруға рұқсат бермей қайтарып жіберген әдеби шығармаларын, кітаптарын шәкірттерге оқуға береді. Әсіресе, жоғары класс оқушыларына оқу үшін таратып берген кітаптарының ішінде “Үрбек” («Ақбілек» - ? – авт.) атты шығармасы ерекше көзге түсетін. Бұл кітап “алашордашылардың” рухында жазылған, онда ескі қазақ зиялыларын бірігуге шақырған. Кеңес өкіметінің олармен күресуге шамасы келмейді - делінген.

Сондай-ақ, ол студенттерге “Ақ жол” газетінің ескі тігіндісін (1923-жылғы ғой деймін) әкеліп, ондағы өзінің “Қилы, қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды”- деген мақаласын оқытты. Ол бұл мақаласында қазіргі қоғамға деген өкпесі мен сенімсіздігін білдірген.

Жоғарыдағы аталып өткен әдеби шығармалардан басқа педтехникумның студенттерінің арасына өзінің “Сылаң қыз”, “Мансапқорлар” т.б. кітаптарын оқуға таратып берді. Бұлар студенттерге қосымша құрал ретінде қолдануға ұсынылды, бірақта мазмұны жағынан алғанда (ұлтшылдық рухта – авт.) жазылғандықтанда ондай кәдеге жарамайтын. Ол туралы “Еңбекші қазақ” газетінде сын мақала жарияланды, а онда бұл кітаптар кеңес өкіметіне қарсы бағытталғандықтан да қазақ әдебиетіне ешқандай қажеті жоқ - делінген.

Педтехникумда әдебиет пәнінен сабақ беріп жүрген кезінде сол пәннің мұғалімі ретінде студенттердің назарын әр түрлі қажетсіз нәрселерге аударып, түкке де пайдасы жоқ Мағжан Жұмабаев пен Абайдың өлеңдері мен поэзиясынан мысал келтіріп, үзінді оқитын, жалпы алғанда оның оқыған дәрісінен студенттер ешқандай да пайда алды деп айта алмаймын”.

(Дейді сабазың! Бұдан кейін Қалабай мырзаға кінә тағуға да болмас).



«1928 жылы көктемде педтпхникумның студенттері оқу бітіргелі жатқанда белгісіз біреу Шымкент қаласының көшелеріне алашордашылардың үндеуін желімдеп жапсырып кетті. Менің пайымдауымша және оның ықпалындағы (Аймауытовтың – авт.) студенттердің және Губерниялық соттың қызметкері Досовтың (СО ОО ГПУ тұтқынға алған) қолымен істелген іс.

Бұл үндеу шыққанға дейін Аймауытов Ербазаров Әлімбек (қазір шет елде жүрген қазақ ұлтшылы Мұстафа Шоқаевтің бауыры) және Хамитов Әлиайдар (Оның да Шоқаевпен туысқандық байланысы бар) сияқты студенттермен ерекше дос болып жүрді. Бұл студенттерді Аймауытов жиі-жиі үйіне қонаққа шақыратын. Үйіне тек молдалар мен байдың баласын ғана қонаққа шақырады. Ленинге арналған қаралы жиында оны мазаққа айналдырған (күліп қойған –авт.) студенттерді оқудан шығарған соң оларды Жүсіпбек Аймауытов қайтадан оқуға алдырды.

Егерде ішінара кейбір студенттер оған: Неге сіз бізбен саяси тақырып жөнінде әңгімелеспейсіз - деп сұрақ қоя қалса, ол үнемі: біз саясатқа араласпаймыз, ол жөніндегі біздің құқығымыз шектеулі – деп жауап беретін» –дейді.
Енді шәкірттердің айналасынан шығып, «ұлтшылдардың» ауқымын кеңейте түседі. Қалабайдың өзінің ұстазы жөніндегі жинаған мағлұматтарының тиянақтылығына қарап, сол оқып жүрген кезінің өзінде «үндеместің тыңшысы болмады ма екен?» - деген күдік ұялайды.

«Аймауытов әсіресе қазақтың ұлттық театрының артистерімен тығыз байланыста болды және олардың арасында беделі зор еді, оның ішінде мемлекеттік ұлттық театрдың директоры Шанинмен, Жандарбеков Құрманбекпен (Аймауытов кезінде сабақ берген Ташкенттегі Қазақ институтының бұрынғы студенті), Байзақов Исамен және Әміремен (екеуі де ұлттық ақындар) ерекше жақын еді. Бұл артистер жақын достары ретінде Шымкент қаласына келген бетте-ақ Аймаутовтың үйінің төрін бермейтін».
Театрдың драматургсіз өлі ұғым екенінен хабарсыз дегенге сену де, мына сөзіне қарап, сенбеу де қиын. Иса мен Әміре, Жұмат Жүсіпбектің бозбала кезінен бері келе жатқан достары. Оның үстіне өзі да әнші, сері адам. Ұстазы жасаған скрипка мен домбыраның үнін, ол шерткен күйді «шәкірті» естімеді дейсіз бе? Сол кезде Шымкентте бастауыш баспалдақта оқыған Бауыржан Момышұлы марқұм мұны бізге сонау кездің өзінде ерекше ілтипатпен айтқан еді.

«Сонымен қатар Аймауытов Қызылорда қаласында тұратын белгілі ұлтшылдар Байтұрсыновпен, Дулатовпен және басқа да өлкелік оқу орындарының оқытушыларымен тығыз байланыс жасап, сол қалаға барып тұратын. 1926-1927 жылдардың арасында Шымкентте тұрған кезінде ол 4 рет Қызылордаға барып келді».
Осы ретте Жүсіпбектің өзгелерден бұрын атылып кетуіне себепші болған Қалабайдың көрсетіндісі мынадай:

«1928 жылы Шымкент қаласының көшелеріне ілінген Үндеу туралы педтехникумның студенттеріне ешкімге айтпау туралы ескертілген болатын, сонда да олардың арасында бір-жар ауыз әңгіме айтылып қалып жүрді, ол үндеудің авторы кім екені маған белгісіз, алайда жазу үлгісіне қарап мұны жазған Аймаутовтың жақын араласатын адамдары - Сырдария Губерниялық сотының қызметкері Досов пен студент Ерназаров Әлімбек деген тоқтам жасады».
Мұндай үндеуді Жүсіпбек Аймауытовтың жазуы мүмкін бе? Голощекин қара бишігін сусылдатып «ұлтшылдардың» басына үйіріп тұрған кезде Жүсіпбектің ондай арандатуға бара қоюы екіталай. Алайда, Ғабит Мүсірепов марқұм көтеріліске шақырған үндеуді өз көзімен оқып шығып, бұл - Жүсіпбектің жазу мәнері емес, басқа бір ірі жазушының қолы дегенді айтқан.

Міне, ІІІ томда тіркелген тергеу ісінің реті мен ұзына мазмұны осындай.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет