Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет48/61
Дата13.07.2016
өлшемі3.54 Mb.
#196689
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   61

1932 жылы Әуезов республикалық баспасөз арқылы контрреволюциялық ұлтшылдықтан бас тартатынын және кеңес өкіметіне қызмет ететінін жариялады. Алайда өзінің мәлімдемесінен кейін іле-шала контрреволюциялық «Хан Кене» пьесасын сақнаға шығарып, қазақ пен орыс халқының қарғысы атқан жауы Кенесары ханның даңқын шығарды, оны халық батыры етіп көрсетті. Әуезовтің берген уәдесі орындалмады. Ол өзінің ескілікті қателерінен бас тартудың, оны түзетудің орынына, керісінше, шиеленістіре түсті. Бұған оның «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы №11-12 сандарыында жарияланған мақаласы дәлел. Бұл мақалада ол Абайдың шығармашылығы жөніндегі өзінің ертеректегі айтылған барлық пікірлерін «бір жүйеге» түсіруге тырысқан. Соның ішінде, ақынның тек қана мұсылмандық шығыстың реакциялық дәстүріне еліктеген-міс делінетін алғашқы кезеңді – «Абай шығармашылығының бірінші кезеңі» деген жалған кезеңге бөлген және оны негіздеуге ұмтылды. Өзінің «жаңалығын» дәлелдеу үшін Әуезовтің өзі тауып алған-мыс делініп, үш қысқа өлеңді Абайға тели талдайды.

Сөйтіп, М.Әуезовтің өзінің айтуынша Нұрышев осы мақаласында:



«Әуезовтің ғылыми-зерттеумен айналысқан отыз жылдағы мұқым өмір жолын ала отырып, оны мүлдем жоққа шығара үкім айтқан».

«Абайдың шығармашылығының алғашқы кезеңі-міс» делінетін шартты ғылыми жүйелеуді «ұлтшыл-буржуазияшыл» деп бағалаған Нұрышевтің өзі «Абайдың алғашқы ақындық кезеңі» деген тақырыпта қалай кандаидаттық диссертация қорғап жүр? Егер оны жоққа шығарса, онда өзінің де ғылыми тақырыбы жалған, өзі – ұлтшыл-буржуазияшыл, жалған ғалым болып шықпай ма? Абайдың: «Досын келіп досына жамандайды, Шіркінде ес болсайшы сезед дегеніндегі» – Көжекбайдың кейпін киіп отырғанын «сезетін» «ғылыми түйсіктің» жетпегені ме, сонда. Соған қарамастан «қиялай шауып, қисынын табады»:

С. Нұрышев (жалғасы): «Бұл өлеңдерді Абайдың алғашқы өлеңдері ретінде талдай келе, оларды шығыстық ықпалдың бастапқы кезеңіне жатқызы келе Әуезов: «Бас осы. Содан әрі балалық күннің еліктеу үлгісін тастағанмен, өмірінің ақырына шейін Абай осы жағдан қол үзбейді. Абай ақындығының ішінде Шығыс арқауы ұзыннан ұзақ тартылған желідей болып сөзыла келіп, ең ақыры 1902 жылы жазылған «Алланың өзі де рас, сөзі де распен» аяқтайды», «...енді ақын Шығыстағы «тассауап» (сопышылдық) поэзиясының ұрығын, ішкі-тысқы үлгісін, негізгі сарынын терең түсіне бастаған» (13-бет).

... Абайдың шығармашылығындағы шығыстық бағыты туралы өзінің ойын жалғастыра келе, ақырында Абайды панисламист етіп шығарады. «Сонымен,– деп жазады Әуезов, – (Абай) өзө тұсында , ХІХ ғасырдың екніші жарымында, шығыс ілімінде майданға шыға бастаған жаңашыл, рационалшылдар дін реформашыылдарының шеніне араласады. ... Мұсылман ғаламынан шыққан рационалшылдар 60-жылдарда өз елдерінен қашып Парижге орнаған Жалаладдин Ауғани, Мұхаммед ҒабдуҺи еді... Кезі келіп өріс ала алса, әлеуметтік жұмысқа ру мен ауыл шегінен шығып, мемлекеттік масштабта араласса, Абайдың шындап тоғысатын кісілері осылар мен Қайым Насырилер болар еді... Осыған жетпесе де ескіден аяқ кезде сытылып шыға бастады, сол жаңағыға қарай бой ұра бастаған Абайды біз ақынның Еуропаға қараған жүзінен байқаймыз, көре аламыз. Осы айтылғандай, рационалшылдық пен салт-сана, ой-өнер жүзіндегі жартылаған жаңашылдыққа бейім болмаса, Абайдан Еуропа жағасының белгісін көре алмас едік» (15-бет).

Сөйтіп, осы арқылы Әуезов, Абайдың идеялық-шығармашылық бағыты – ол панисламизм деп дәлелдеді. Ол аздай, Абайдың орыс мәдениетіне мойын бұруының өзін Әуезов панисламизинік көзқарасымен түсіндірді, яғни ол: Абайдың жүзінің Еуропаға қарауына панисламистер жетекшілік еткен рационалшылдардың жолына бейім болғандығында – деп түсіндіреді

Сірә, А.Фадеевке қаратыла жазылған М.Әуезовтің сын мен өзара сын туралы:



«Сонымен қатар,... менің өзіме де көмек етуді мақсат еткен, мендей қазақ, кеңес жазушысына да қамқорлық ойлағаны деп бағалаймын. Бұл – мен сияқты кеңес қайраткері, халық пен Ленин-Сталин партиясының сенімі мен құрметін, өз еңбегімен және әлеуметтік мінезімен дұрыстап ақтай білсін дегенді аңғартады.

Негізді, салмақты сөзбен менің қателерімді өзіме танытқысы келген партиялық әділ сыннан өз еңбектерімде мен қорытынды шығара білуге міндеттімін. Ол сын, менің еңбегімді халық үшін пайдалырақ, бағалырақ ету талабымен айтылған, идеялық-саяси әралуан олқылықтар мен қателіктерден сол еңбектің сау болуын ойлаған сын деп түсінемін.

Бізде – тіршіліктің бар саласына және бар майданындағы адамдардың бет-ажарына қарамай айтылатын сын мен өзара сын бар. Оны халқымыздың, Отанымыздың ұлы оқытушысы және тәрбиешісі Ленин – Сталин партиясы қайратты даналықпен қолданады. Менің өзіме бұдан бұрын да пайдалы, бағалы әсері болған сондайлық сынды аса зор бағалаймын. Өзімнің жазушы болып қалыптануым мен кеңес қайраткері атану жолында мен Коммунистік партия мен кеңестік Отанның тәрбиелік әсерін, жақсы ықпалын көре отырып өскенмін. Сол үшін өзімді оларға моральдық тұрғыдан өмірлік қарыздармын деп санаймын»,– деген пікірі Нұрышевқа қаратылмаған іспетті.

Өйткені, реніштің дығы қаншама сезіліп тұрғанымен де анадай шабынды шаптығуға тым жұмсақ қайырылған жауап. Бұдан көрі «Казпрвдадаға» жазған қайтармасындағы:



«Бұл мақала , бұдан бұрынғы жарияланымдар сияқты, сынауды емес, адамның көзін жоюға (изничтожить) бағытталған»,– деген жолдар лайықты уәж сияқты.

С. Нұрышев (жалғасы): «... Абайға осындай жала жапқан Әуезов өзінің бұл пікірін: А.Пушкиннің «Евгении Онегинінен» еркін аударма жасады-мыс – деп дәлелдегенсиді. Осы арқылы Әуезов: Абай Пушкиннің ұлы мұрасын игеруге қатыспады және оны менсінбеді – дегенді баса көрсетпек болады. Ең соңында Әуезов Абайдың ақындық мектебі жөніндегі алашордашылардың тұжырымдарын Абай шығармаларының шығыстық негізімен байланыстырады...



....Әуелде Абайға Пушкинді менсіндірмегенімен кейіннен Абайдың Пушкинмен әуестенуін бекітуі, өзінің абайтанудағы ұлтшыл-буржуазияшыл ұстанымын бүркемелеуге ұмтылған Әуезовтің кәдімгі қулығы...

... Жоғарыдағы талданған мақаладағы Әуезовтің зиянкес көзқарасы 1951 жылдың маусым айына дейінгі абайтану жөніндегі дискуссия өткенше сақталып келді... Әшкереленбегендіктен де оның зиянды «тұжырымдар» суфизм мен панисламизмді ашық насихаттауға қызмет етті... Мысалы, жиырмасыншы жылдары Абайдың шәкірттерінің қатарына «Алашорданың» көсемдерін жатқызса, ал отызыншы жылдары ол (көсем – А.Байтұрсынов – Т.Ж.) өтпейтін болғандықтан да, оны алашордашылардың елеусіздеу өкілімен (Көкбаймен – Т.Ж.) алмастырды.

Абайдың шығармашылығына арналған Әуезовтің «зерттеулерінің» бәріне ортақ бір ерекшелік бар. Ол зерттеулердің бәрі де Абайды Шығыстың реакциялық дәстүріне, жалпы ескілікке қарай кейінге шегереді. Сол мақсатқа жету үшін Абайдың айналасына «шәкіртә есебінде қайдағы бір моллаларды, бар топ алашордашыларды және халық жауларын жинақтайды, Абайдың өзіне реакциялық өлеңдерді таңады. Мұның барлығы Әуезовке не үшін керек? – дейсіз бе, ол – Абайдың шығармашылығын неғұрлым ескілікке қарай бейімдеп шығарып, солғұрлым орыс мәдениетінен алыстату үшін, сол кезде Россияда өтіп жатқан ұлы оқиғалардан бөліп алу үшін керек. Сондықтан да, Әуезов жол беріп отырған абайтану саласындағы жекелеген бұрмалаушылықпен ғана емес, ең бастысы, Әуезов өзінің әдебиеттанудағы тұжырымдарына негіз етіп алып отырған буржуазиялық-ұлтшылдық идеологиясына қарсы қатаң күрес жүргізу қажет. Жекелеген фактілердің соңынан еріп кетіп, оны талдау және жоққа шығару барысында, соның қатпарындағы қайнар көзін көрмесең, адасып кетуің де ғажап емес. Біз сөз етіп отырған мәселенің қайнар көзі – М.Әуезовтің ескі қателері, ескі идеялары. Тек солар ғана оны: Абай мектебі жөніндегі мәселені көтеруге, оның әдеби дәстүрін қазақ қоғамының даму үрдісінен, 1905 жылғы революциядан, Абай дәстүрінің тікелей жалғасы болып табылатын ХХ ғасырдың басындағы революцияға дейінгі қазақ әдебиетіндегі демократиялық көңіл-күйден оқшау, ең соңында қазақ халқының тағдырындағы бетбұрысты кезең болған октябрь социалистік революциясынан бөліп қарастыруға алып келді»,– деп абайтануға қатысты .айыптауларды бір түйіп тастайды.

С. Нұрышев (жалғасы): «М.Әуезов жіберген қателер мен бұрмалаушылықтар, оның тек абайтану төңірегіндегі еңбектерімен шектеліп қалмайды. М.Әуезовтің әдебиеттанудағы өзге де еңбектері тура осындай идеялық дертке ұшыраған. 1944 жылы ол қазақтың аударма мысалдарының контрабандалық жинағын құрастырды, өйткені авторының атын атамастан алашорда көсемі Байтұрсыновтың көптеген мысалдарын кіргізіп жіберді. Байтұрсыновтан басқа авторлардың барлығының атының көрсетілуіне қарағанда, Әуезов мұны қасақана істеген. Сонымен бірге Байтұрсыновтың «Қаздар» деген мысалын Абайдың атынан жариялап жіберген...



... М.Әуезов – буржуазияшыл-ұлтшылдықтың рухы өзегінен өткен «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томының редакторы. М.Әуезовтің басты айыбы сонда, бұл кітаптың авторлары БК(б)П-ның идеология мәселелері жөніндегі шешімдерін және ҚК(б)П Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтындағы өрескел саяси қателер туралы» қаулысындағы қазақ әдебиеттануындағы зиянкес «теориялар мен тұжырымдарды», соның ішінде М.Әуезовтің «зар заман тұжырымын» қатаң сынға алып, айыптаған шешімін көзге ілмеген.

Республикалық баспасөздерде М.Әуезовтің: орыс тілінің араласуы қазақ әдеби тілін шұбарлайды, сондықтан оны дыбысталуы бойынша (түпнұсқада – искаженным виде – Т.Ж.) қолдануы керек – деген «теориясы» сыналды. Әуезовтің бұл пікірінің тамыры тереңде. 1918 жылы Әуезов редакторлық еткен «Абай» журналы: егерде орыс сөздері қазақ тіліне кірігетін болса, оған қазақтың тымағын кигізіп, яғни, оны дыбысталуы бойынша (искаженным виде – Т.Ж.) бұзып алу керек деп жазған болатын...

... Жоғарда келтірілген фактілердің барлығы да М.Әуезовтің әдебиеттанудағы кейпін толық әшкерелеп береді, бұдан оның 30 жылға созылған әдебиеттану саласындағы барлық әрекеті өрескел саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтарға толы болғаны анық көрінеді.

Еріксізден еріксіз: М.Әуезов өзінің қателіктеріне сын көзімен қарады ма, қарай ала ма?, – деген сұрақ туады.

Бір мысал келтірейін... 1951 жылы ақпан айында «Лениншіл жас» газетінде осы жолдардың авторының «Абай шығармашылығының бірінші кезеңі туралы» деген мақаласы шықты. Онда М.Әуезовтің абайтанудағы идеологиялық бұрмалаушылықтары жөніндегі қажетті пікірлердің бір бөлігі ғана қамтылды. Бірақ та ол бұл сынға кеңес жазушысы әрі ғалымы ретінде қарамады. Өзінің маркситік ілімге қарсы көзқарасының әшкереленіп қалу қаупінен сескеніп (редакцияның өтініші бойынша оның аты мақалада аталмаса да), М.Әуезов мерзімді бспасөзде біраз мақала жариялады («Қазақ ССР Ғылым Академиясының Жаршысы, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас»), онда ол өзінің жоғарыда талданған 1934 жылғы мақаласындағы қателіктерді өктемдікпен қорғап, өзінің қарсыласына шабуылдаумен болды.

Әуезов әдебиеттанудағы өзінің көзқарастарын насихаттау және оны тарату үшін ғылыми кадрларды пайдалануға тырысады...

Өзінің зиянды идеялық ұстанымын күшейте түсу үшін М.Әуезов қазақ әдебиеттануындағы «ғылымға қарсы тұжырымын» нығайтуға тырысады. Осы мақсатпен ол Қ.Мұхамедхановтың Абайдың ақындық мектебі туралы диссертациясын сондай мұқият дайындатты, онда М.Әуезовтің өткендегі қателері мен бұрмалаушылықтары барынша жинақталған. Диссертация ашық және көлегейлеп жеткізілген маркстік ілімге қарсы материалдарға лықа толып тұрған болып шықты. Алайда Әуезовтің бұл ретте жолы болмады. Ғылыми кеңестің Мұхамедхановка берілген ғылыми дәрежесі қайтарылып алынды, ал оның авторы халық жауы ретінде әшкереленді. М.Әуезовтің осы диссертацияның тарихына байланысты ұстанымы өте өрескел. Ол тек қана идеялық шабыттандырушы ғана емес, осындай зиянды жұмыстың жетекшісісі ғана емес, сонымен бірге оппоненті де болды. Ол Тіл және әдебиеттану институтының әдебиет секторында, институттың Ғылыми кеңесінде және Қазақ ССР Ғылым Академиясының қоғамтану ғылымдарының біріккен Ғылыми кеңесіндегі қорғау кезінде де оны қорғап сөйледі. Мұның барлығы, осындай барып тұрған зиянды диссертацияны қорғаштауы, М.Әуезовтің онда аса үлкен жеке мүддесі болғандығын байқатады...

Соңғы уақытта М.Әуезовтің бір кезде әшкереленген «теориялары мен тұжырымдарын тірілтуге ұмтылушылық байқалады. Міне, тура осыған орай партиялық баспасөзде З,Кедринаның М.Әуезовтің шығармашылығы туралы кітапшасы әділ сынға ұшырады. Оның өткендегі қателерін ақтауға, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы оның ұлтшылдық ашық әрекетін бүркемелеуге ұмтылуына дәлел ретінде мына жолда мысал бола алады: «Өзінің әдеби және қоғамдық қызметінің алғашқы жылдарында жас М.Әуезов революция ісіне шын жүрегімен пайдалы болуағ тырысты... Оқу мен әкімшілік жұмысты қатар атқарды (21-бет). Бұл шындыққа сай дәлел емес. Бұл жылдары Әуезовтің кеңес өкіметінің жауы болғаны ешкімге құпия емес, оны өзі де мойындайды. 1950 жылыбасылып шыққан «Абай» романына қосымша берілген «Өмірбаянында» ол «1932 жылдан кейін ғана кеңес жазушысы» есебінде қызмет істей бастағанын жазды. Содан кейін З.Кедрина өзінің кітабында М.Әуезовтің баяғыда ұмытылып кеткен зиянды туындысын ақтауға және Абай мектебі туралы жалған «тұжырымы мен теориясын» тірілтуге тырысады. Ол абайтанудың біраз мәселелерін бұрмалап баяндайды. Мұның барлығы М.Әуезовтің тікелей жетекшілігімен немесе үнсіз мақұлдауымен жүзеге асырылып отыр...

... Мұхтар Әуезов ұзақ уақыт бойы халық жауларының идеясын насихаттап, олардың өзін қолпаштап келді, сол үшін ешқандай жауапкершілікке тартылған жоқ...

... М.Әуезовтің тарапынан және оның жанашырларының тарапынан жіберілген, әр түрлі форма мен тәсілдер арқылы көрініс берген әрекеттердің барлығы да буржуазиялық ұлтшылдықты ашық немесе бүркемелеп насихаттау болып табылады. Қазақ әдебиеттануындағы ұлтшыл көзқарастар әлі де соңына дейін әшкереленіп біткен жоқ және біздің күресті қарқынды дамытуымызға үлкен тосқауыл қойып отыр.

Біздің мақсатымыз буржуазиялық ұлтшылдыққа қарсы күресті ақырына дейін жеткізу».

Яғни, Мұхтар Әуезовті түрмеге қамап, жер аударту, яғни, Мұхтар Әуезовтің өз тілімен айтсақ, бұдан артық «тірідей теріңді сыпырудың өзге жолын табудың өзі қиямет» Нұрышевтің «ақырына дейін, тамырына балта шабылғанға дейін күресуге» ант берген мақаласына М.Әуезов .



Бір адамның 30 жыл бойғы еңбегін тұтастай талақ етіп, дөрекі сыңар езулей мазақ етудің сорақы нұсқасын елестету үшін «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Хабаршысының» №4 санында басылған С.Нұрышевтың мақаласындағыдан артық тірідей теріңді сыпырудың өзге жолын табудың өзі қиямет. Ғылыми мекеменің көшбасшысы бола тұра, алдына «Абай творчествосын зерттеудегі буржуазиялық-ұлтшыл бұрмалаушылықтың тамырына балта шабайық» – мыс-деп байсалды ғылыми міндеттер қоя отырып және өзінің деректерінің нақтылығы мен пікірінің дұрыстығына еш күдіксіз сендіре сөйлесе де, бұл мақала Абайдың еңбектері мен өмірін зерттеу жолындағы ең сенімді, тарихи тұрғыдан мойын бұрғызбастай дәлелдермен дәйектелген маңызды деректерді қасақана бұрмалау және қасақана теріс пікір туғызу пиғылы мен арандатуды көздеген»,– деп баға берді..

Үзіндісі ғана алынып отырған бұл «Литературная газетаның» редакциясына жолданған «Ашық хат» СССР Жазушылар Одағының мамыр айының екінші жартысында өткен басқарма жиналысында арнайы талқыланды. Оған Қазақстаннан Ә.Жаймурзин ресми шақырылды және Ә.Әбішев қатысты.

Сол мәжілісте М.Әуезов «Менің қателерім жайында» атты «Литературная газетаға» арналған бұрынғы ашық хаттың мәтінін қайтадан өңдеп, оқуға дайындап апарды. Тағдырының қыл үстінде тұрғандығына анық көзі жеткен М.Әуезов бұл хатында «Абай» романының негізгі желілерінен бас тартуға дейін барды.

Бұл хаттағы пікірлер: өмірден түңілген, жанталаса жаныққан, рухы ұшып, сүлдері қалған пенденің алдыңғы сөзіндеріндегі ойлардың жаңғырығы, Мұхтар Әуезовтің ант мезгілі еді.



«Литературная газетаның» редакциясына ашық хат.

Қалың қауымның дана ұстазы мен тәрбиешісі Ленин-Сталин партиясы біздің өміріміздегі кез-келген саласында, ешкімнің бет-жүзіне қарамастан барлық қызметкерлердің арасында сын мен өзара сынды жан-жақты өрістете отырып, кеңес халқын социализм мен коммунизмге қарсы және оған жат пиғылдармен ымырасыз тұрақты түрде күресуге баулып келеді. Дәл осындай сынның менің бүкіл өміріме тигізген әсері зор болғандықтан да мен оны өте жоғары бағалаймын. Менің жазушы ретінде, қайраткер ретінде қалыптасуыма Кеңестік Отанның және коммунистік партияның тәрбиелік әсерінің игі ықпал еткеніне жандүниеммен де, өміріммен де қарыздармын деп есептеймін.

Жоғарыдағы айтқандарымның айғағы есебінде, «Правда» да жарияланған «Сынау орнына мадақтау» атты мақаланы, ондағы көтерілген нақты мәселелермен менің творчествома қатысты айтылған сынның шеңберінде ғана ой қорытқам жоқ, сонымен қатар мақалада сыналған жайларды ойша тағы бір сүзіп шыға отырып, өз шығармаларымда жіберген басқа да қателіктерімді санамда саралап шықтым.

Менің атыма қатысты жекелеген әдеби деректерді, идеялық бұрмалаушылықтарды өзім үшін де, оқырман үшін де өзімнің бойымдағы барлық іріп-шіріген керітартпалық, зиянды қасиеттерімді айыптап, сыртқа лақтырып, өзімді өзім жазғырамын.

Өткендегі өзімнің қателіктерімді осы бас тартуым арқылы кеңес оқырмандарының алдындағы бұдан былайғы жауапкершілігімді бұрынғыдан да терең сезінуге және социалистік қоғамның игілігіне қызмет етіп келген ілгері еңбектеріме қоса тың дүниелер беру арқылы кеңес жазушысының Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге тырысамын.

Сондай ойдың түйінді ұшығы есебінде мен «Правданың» мақаласында сыналған З.Кедринаның мен туралы кітабына тоқталамын. Бұл кітап «Правданың» мақалада әділ атап өтілгеніндей ең басты көкейтесті мәселеге жауап бере алмайды. Барлық кеңес жазушылары сияқты, М.Әуезов те мадақтау мен сылап-сипауды дәме етпейді, керісінше, табысы мен кемшілігін қатар көрсететін принципті және әділ сынды күтеді.

Кітаптың ең басты кемшілігі – менің өзім 1932 жылы қатты сынаған ұлтшылдық бағыттағы әркеттерімді жұмсарта көрсеткен, сол арқылы қате пікірлер білдіріп, оқырманды алдаған.

Менің қателігім Кедринаның бұл еңбегінен өзімді өзім шеттеткеніме, ал байыбына салсақ, тірі автор ретінде, менің өмірімнің алғашқы кезеңі туралы жазылған тұсты партиялық қатаң, сыншыл-әшкерелеу тұрғысынан жауапкершілікпен қарап шығып, З.Кедринаны өрескел қателіктерден сақтандыруым керек еді.

Менің Абай туралы романымдағы кемшіліктерді ескерткен «Правданың» мақаласына орай өзімнің тарихты тануымдағы бір-біріне тізбектеліп, өзара үйлесіп жатқан, романда суреттелген бір ғана жайға тоқталамын. Бұл жай, бірінші, Кенесары Қасымов қозғалысына байланысты мәселелер, екінші, «Абай мектебі» дейтін мәселе қақында және үшінші, осы аталағандарға жалғас патриархалдық-феодалдық салт-сананың өкілдері болып саналатын кейбір тарихи тұлғалардың әсіреленіп суреттелуі.

Абайдың ақындық мектебі туралы қате болып шыққан көзқарасымның ықпалымен жүре «Абай» романының жалғасы «Ақын аға» атты кітап жаздым. Бұл кітапта мен ескішіл, реакционер Көкбайды романның жағымды бейнелерінің бірі, ақын Абайдың озық өнерін бойына сіңіре білген адам етіп көрсеттім. Ал Көкбай болса, қазақтың еңбекші халқының қас дұспаны болған Кенесары Қасымов жайында мадақтап поэма жазған ақын еді.

1951 жылы жарияланған «Правданың» «Қазақстан тарихы мәселелері марксшілдік-лениншілдік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаласы Кенесары қозғалысының қазақ еңбекші халқына жау мазмұнын әшкереледі. Оны мадақтаушы буржуазиялық-ұлтшыл тарихшыларды таңбалады. Осының артынан Қазақстан Ғылым академиясы мен Жазушылар Одағы бірігіп «Абайтану» жөнінде дискуссия ұйымдастырды да, сол дискуссияға қортынды жасады. Осы аталған жайлардың барлығы «Ақын аға» романындағы менің қате, залалды түсініктерімді түгелімен қайта қарап түзеуіме шешуші себеп болды.

«Абай мектебі» жөніндегі өз қателерімді тереңдеп сезінудің нәтижесінде ғана мен романымның біраз жерін қайтадан өңдеуге мүмкіндік алдым. 1951 жылы «Знамя» журналының беттерінде «Абай жолы» деген атпен романның жаңа нұсқасын жарияладым, сол нұсқаға сегіз баспа табақтай түзетулер кіргіздім. Осы соңғы кітапта мен Абайдың атынан Кенесары қозғалысы мен оның өміріне, ол туралы поэманың авторы Көкбайға да қатты сын айтқыздым.

Осыған байланысты «Абай мектебі»деп айтылыр жүрген қателіктерімнің түп тамыры туралы айта кетуді қажет деп санаймын. Бұл мәселе баяғыда, 1933 жылғы абайтану жөніндегі менің қате, бір жақты пікірімнен басталды. Істің жайы былай: Абайдың бұрын жарияланбаған өлеңдері мен өмірбаяндық деректерін кешігіп барып жинағандықтан да, пуыз екі тілде айтқан уәлік сөдер мен естеліктерді сын көзбен қарамай, олардың мәліметтеріне қалтқысыз сеніммен қарадым. Мен олардың маған жеткізген деректеріне дер кезінде қатал сыншылдықпен қарай алмадым. Көкбайдың және Абайдың өзге де замандастарының мұрасындағы халық мүддесіне қарсы және бізге жат екендігін анықтай алмадым.

Сол Көкбай алуандас кейбір адамдар жөніндегі менің теріс түсінігім 1939 жылы мен жариялаған Абайдың өмірбаянына да араласты. Және «Правданың» 30-ақпанда жариялаған мақаласында дұрыс көрсетілгеніндей, дәл осы жағдай, кейбір жалған «шәкірттер» туралы айтқан менің жағымды пікірлерім Абай шығармаларының орысшаға аударылған басылымында да орын алды. Сол сияқты бұл жағдай осы тақырып жөніндегі кейбір жұмыстарым мен рецензияларымда да қайталанды.

Абайдың өмірі мен ақындығы жөніндегі зерттеулеріме және ол туралы романыма Қазақстандағы әдебиеттану ғылымында кең орын алған бірыңғай ағым теориясының ықпалынан да шыға алмадым. Мұның салдары «Абай» романының алғашқы тарауында, Абайдың бала кезін суреттегенде Бұқар, Шортанбай сияқты керітартпа ақындарды жағымды жақтарынан көрсетуіме әкеп соқтырды. Халықтың мұрат-мақсатын жырлайтын халықтық ақынның образын жасау үшін ешқандай да тарихи дерекке сүйенбестен, өзімнің ойымнан шығарылған Дулат деген кісі атын пайдаландым. Мен бұл арада оқу құралдарында, жекелеген басылымдарда орынсыз мадақталып жүрген, халықтық ақын делініп келген Дулаттың атына көрсетілген құрметке сеніп қалыппын, орынсыз құрмет көрсетіппін.

Жоғарыда атап өткенімдей, әдебиет зерттеушісі есебінде бірыңғай ағым теориясының маған жасаған ықпалы осы тұста «Абай» романының алғашқы тарауларына теріс әсер етті.

Абай туралы жазылған шығармаларымды бұдан әрі ұқыпты және қатал түрде қарап шығуды, сондай-ақ қажет болған жағдайда оны барынша қайтадан өңдеуді өзімнің парызым деп есептеймін. Романдардың жаңа басылымында, Абай туралы романдар жүйесін қорытындылайтын соңғы «Абай жолы» атты кітабімда идеялық-көремдік жағынан барынша толыққанды дәрежеге жеткізу барысында бұл міндетті орындаймын деген ойдамын.

Қазақ және орыс тілдерінде жарияланған менің басқа дазерттеу мақалаларымдағы идеялық-саяси қателіктерімді «Правда» гзетінің мақаласы орынды атап өткен. «Правда» да басылған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» атты мақаланы талқылау барысында және одан кейінгі кездегі талқылауларда қателіктерімнің бір қаншасын атап-атап бергемін. Бұл мақалада өзімнің зерттеулерімдегі қателіктерімнің барлығын түсіндіріп беру мүмкін емес болғандықтан да, осы тектес жұмыстарымның барлығына ортақ және ең басты жайды ғана мағлұмдаймын.

Бұл мәселенің түп төркіні мынау: мен әдебиеттану ғылымына маркстік-лениндік методология саласынан хабарым аз және білмейтін кезде араластым. Отыз жылдан астам уақыт ішінде өмірімнің әр белеңдерінде көп мақалалар, пікірлер, зерттеулер жаздым және кейбір мәселелер жөнінде баспасөзде бірінші боп пікір білдірдім. Соның барлығын екшей келе менің 1932 жылға дейінгі буржуазияшыл-ұлтшыл идеяны ұстанған көзқарастарымды былай қойғанда, одан кейін де, өзімнің осы өткен күндерімді қатты айыптаған соң да идеялық-творчестволық тұрғыдан ілгері серпіле ұшқан едім, бірақ та мен ұзақ уақытқа дейін (1948-1950 жылға дейін) аса жоғары бағаланып келген, жоғары оқу орындарында, оқулықтарда, жоғары оқу орындарындағы әдебиеттану саласындағы оқу құралдарында идеялық-методологиялық тұрғыдан қате тұжырымдалып келген, ғылымға жат буржуазиялық обьективті бірыңғай ағым теориясын кеңес ғылымының нағыз жетістігі деп түсініп келдім.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   61




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет