«Ең алдымен, 1822 жылдың заңы шығып, қазақ халқын өзіне біржола бағындырып, қазақ феодалдарынан өзіне сенімді кісі тауып, ауыл арасына үкіметке сенімді мықты әкімшілік аппаратын құрғаннан кейін, патша үкіметі халықты ашықтан-ашық талау жолына түсті. Н. Тимофеев, Е. Федоров, «1837-1847 жылдары қазақ халқының өз тәуелсіздігі үшін күресуі» деген мақалаларында («Большевик Казахстана» № 4 1940 жыл) халықтың сол кездегі күйзелушілігіне мынадай мысалдар келтіреді: «қазақ халқын патша үкіметінің бүлдіруінде өте зор рөлі болған «репрессия» дейтін заң, екінші сөзбен айтқанда, қарулы орыс әскерінің қазақ ауылына шабуыл жасауы, талауы, малын айдап алуы, қазақтың балаларын тартын әкетуі т. т. Бұл зорлық пен талауда олар, қазақ халқы керуенді талапты-мыс, орыс қалаларына шабуыл жасапты-мыс деген өтірік жалаларды сылтау қылды. Бұл «репрециялар» көбінесе, хан мен сұлтандардың ұлықсатымен болды, олар өздеріне қарсы шыққандарды осылай талатып, ықтырып отырды...
«Қазақ халқының хәлі ауырлағандығы сондай, сол кездегі Россия патшасы І Александр, 1808 жылы, 25-майда Оренбург губернаторы Волконскийге былай деп жазады: «Оренбург төңірегіндегі көшіп жүрген қазақтардың хәлі ауырлағандығы сондай, олар бір жақтан, амалсыз талау жұмысына кіріссе, екінші жақтан Хиуаға апарып, балаларын сатады» .
«Орта жүз қазақтарының кедейленуі сондай, - деп жазды Тройцкий қаласындағы таможня 1802 жылы сауда министрі Румянцовқа, - олардың көбі осы маңда жалаңаш-жалпы, еркегі, әйелі, балалары қаңғырып қайыр сұрап жүреді. Бұлардың хәлі аянышты, көзге ерекше түседі» .
1819 жылы, І Александр, қазақ балаларын сатып алуға, балаларды алып сатармен сауда жасауға заң шығарды. 1832 жылы «Қырғыз-қазақ ордаларының тарихы» атты кітап жазған Алексей Левшин, «базарда қазақтың еркек баласының сатылатын құны 4 иә 5 қапшық арыш бидай еді, қыз баланың бағасы 3 иә 4 қап арыш еді» - дейді және бір айда қазақтан жүз бала сатылғанын айтады. Халықты осылай талаған патша үкіметі, екінші жақтан, өзіне арқа тіреу болған қазақтың феодалдарын көтермелейді. Даланың қайдағы шұрайлы жерінен қазақ феодалдарына кең жер береді, оларға «дворян» деген атақ береді, сән-салтанат жасайды, қазақ феодалдарын орыс князьдары мен орыс дворяндарының дәрежесінде ұстайды.
Кенесары мен Наурызбайдың халық көтерілісін бастаудағы мақсаты туралы соңғы кезге шейін қата ұғым болып, оларды: «хандықты көксеушілер, қара басының пайдасы үшін, хан болу үшін көтеріліске қатынасушылар» - деп бағалады. Бұндай қата пікірден, бір кезде, осы очеркті жазушы автор да сау болған жоқ. Кенесарыны демократтық идеядағы адам еді деушілер бар, ол, әрине, асыра бағалағандық. Кенесарының мақсаты − хандықты сақтау. Хандық − қанаушы таптың қолындағы құралы. Бірақ, осы хандықтың өзі адам баласының өркендеу дәуіріндегі белгілі бір сатыда халықтың елдігін сақтауға қажет және прогрестік құрал. Кенесары заманында қазақ ауылында, хандықтан басқа әлеумет билеу формасы болуы мүмкін емес, басқа форманы ол кездегі қазақ ауылының саяси-шаруашылық жағдайы көтермейтін еді. Сондықтан, егер, мемлекет басындағы хан патшаға сатылмай, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрессе, бұндай хан объективтік жағынан, халықшыл хан еді. Кенесары осындай хан, Кенесарыны одан артық көтермелеу − орынсыз идеалдау боп табылады.
Мәселе, Кенесарының хандық құрылысты қолдануда емес, отаршылық саясатқа, екі жақты талауға халық қарсы шығып көтеріліс жасағанда, Кенесарының халық жақта қалуында, халық көтерілісін бастап, казақ халқының тәуелсіздігін қарулы көтеріліспен қорғауға тырысуында» - деп жазып еді.
Ал редакциялық есепті мақалада бұл сөздер:
«Бұдан әрі «С.Мұқанов жолдас «Қазақ ССР тарихының» бірінші басылуындағы редакциясын басқарған Әбдіқалықовтың өрескел қателігін, дәлірек айтқанда, Кенесарыны халықтың жауы деп тауып, дұрыс жазылған пікірді өзгерттіріп, мадақтата жаздыртқанын айтты», – деп («Әдебиет және искусство», 1951, №8) жазылды.
Осыған қарап академик Сәбит Мұқанов та дербес ғылыми көзқарас болды ма, жоқ па, соған күмәнданасың. Бірақ оған қысылып-қымтырылмастан «екінші мәселеге» – Әуезовке «жайлап қана ауысып» кетеді. Сол арадан қос тұлғаның шарпысуы басталады. Әңгімені М.Әуезовтің ең жанды жері – «Абай» романынан бастайды:
С.Мұқанов: «Мына бір жаңа көріністі қараңыздар: Кенесары туралы лап ете қалған өртті өшіріп үлгергеміз жоқ, Әуезовтің айналасынан тағы да өрт шықты. Ендігісі – Абай мектебі туралы мәселе. Мен бұл мәселе төңірегінде көп ойландым. «Ақын аға» атты тамаша романыңыздағы ең тамаша тұс Абайдың ақын шәкірттері суреттелетін кез. Сіз: бүркіт өзінің жұмыртқасын жылдың ең суық маусымында шайқайды, содан кейін тастүлек етіп құздан лақтырып жібереді. Сол тастүлек балапандар сияқты Абай да өзінің шәкірттерін қанаттандырып ұшыруға дайын,– деп жазасыз. Ал сіз ол балапандардың қалай қарай ұшатынын өз романыңызда көрсетпейсіз.
Әуезов: Пәлі, олар әлі балапан ғой (күлкі).
Мұқанов: Жоқ, олар онда ұшып жүр, бірақ Абай араласқан өмір тартысына белсенді қатыспайды, олардың әзірше халық өмірімен байланысы жоқ, заманынан оқшау тұр. Әуезов жолдас, менің ойымша, сіз оларды шәкірт болғандықтан ғана оқиғаға араластырмай отырған жоқсыз, сіз реалист жазушы есебінде жөндемі ештеңе ойлап табуға дәрменсіздік көрсеткенсіз.
Әуезов: Олардың өздері ойдан шығарылған кейіпкерлер емес пе.
Мұқанов: Жолдас Әуезов, сіз Абайдың шәкірттері деп көрсеткен адамдарыңыз сол атты ақтай алмайды-ау. Әй, сол күдігім шын боп шығатын сияқты. Өйткені, олар мұны іс-әрекетімен де, шығармашылығымен де, басқа да қасиеттерімен де өтей алмайтындай боп көрінеді маған, сондықтан да еріксіз сіз оларды Кенесарымен байланыстырғансыз, енді келіп оларды қорғамақ боласыз... Соның бір мысалы, Көкбайға Кенесары туралы дастан жаздыруға мәжбүр болғансыз.
Әуезов: Оның бұдан да басқа өлеңдері бар емес пе, (Әріп) төрт өлең (Ленинге) арнаған. Және мен Абайдың шәкірттерінің барлығы әулие деп айтып отырғамын жоқ қой» (сонда).
Романдағы тастүлектерден Кенесарыны жырлаушылар шығатынын қиыннан қиыстырған бұл қисынын С.Мұқанов алдағы екі жылда одан әрі ұштай түсті.
Бұдан кейін мінбеге Мұхтар Әуезов көтеріліп, «өткендегі қателері мен ескі ойынан арыла» ұзақ сөйледі.
М.Әуезов: «Правда» газетіндегі мақалаға байланысты ҚК(б)П Орталық Комитетінің қабылдаған шешімі республикамыздың идеологиялық майданындағы жаңа, кезеңді және маңызды оқиға. Біздің қателерімізді түзету арқылы партия бізге қайта-қайта көмек қолын созумен келеді және кеңестік ғылымды жалған антимаркстік, антилениндік жолға түсіп кетуден сақтандырды. Осы шешім арқылы біздің әрқайсысымыздың және осы уақытқа дейін адасып келген өзге де жолдастардың терең бойлап кеткен қателіктерін мойындап, түсінуді талап етуі заңды тілек.
Бұл қателік ауыр болды және ұзаққа созылды. Өйткені бұл қанатын кеңге жайған және өзінің шеңберіне тарих, әдебиет тарихымен қоса республикамыздың басқа да қоғамдық-саяси өміріне қатысты әр түрлі саларды қамтитын адамдардың басын қосты. ҚК(б)П Орталық Комитетінің шешімі мен баспасөздегі, соның ішінде «Правда» газетіндегі мақала арқылы тарихшылардың қателіктерін нақты көрсетті. Ал әдебиет пен әдебиеттану саласындағы кінәларіміз бен қателіктерімізді ашу біздің – әдебиет тарихшылары мен жазушылардың міндеті.
Мектеп оқушыларынан, студенттерден бастап көпшілік қауымның санасына дейін улаған зиянды тамырларға балта шабуға деген партиямыздың қарымды бастамасы мен ұмытылысына көмектесу – біздің парызымыз.
Мен сөзімді өзімнің қателерімнен бастаймын.
Менің «Хан Кене» деген пьесам болды. Қазақ Ғылым Академиясы ұжымындағы жиналыста да, ғылыми-зерттеуден тыс әдеби шығармашылық қызметімде де өзімнің бұл шығармама тиянақтап тоқталғам жоқ. «Хан Кене» пьесасы мен сол кездегі өзімнің саяси қателіктеріме бүгінгі өтіп жатқан әдебиетшілердің арасындағы осы мәжілісте кеңірек түсінік бере кетуді жөн көріп отырмын.
Бұл пьеса 1928 жылы жазылды және онда автордың ұлтшылдық ұстанымына баса көңіл бөлінді. Алғашқы нұсқасы саханада қойылған жоқ, жарияланған да емес, сол қолжазба күйінде қалды. Тек бес жыл өткеннен соң, 1933 жылы менің «Еңлік-Кебек» деген пьесам саханалық қалыпқа түскеннен кейін ғана театр қызметкерлері «Хан Кене» пьесасын қою туралы әңгіме қозғай бастады. Әртүрлі деңгейдегі мекемелермен кеңестім, олар бірқатар өзгерістер мен өңдеулер жасауымды ұсынды. Мен бұл талапты орындадым, сөйтіп, 1939 жылдың басында оның премьерасы өтті, сол премьерадан кейін тоқтатылды. Оған екі түрлі сыни пікір білдірілді. Қатты сынаушылар да және жағымды баға берушілер де оны репертуардан алып тастау туралы емес, қойылымды уақытша тоқтата тұрып, ішінара өзгерістер енгізіп, содан кейін қойылымды саханада қайта жалғастыру туралы ұсыныс айтты. Пьесаның ішкі құрылымы қойылымнан соң сыншылардың сол кезде көрсеткен саяси қателіктеріне сай өңдеуге келмейтінін түсіндім. Пьеса сол саяси қате күйінде және кеңестік көрермендерге керексіз дүние болып жабық қалды. Сыншылардың ауызша және баспасөз бетінде айтылған тілектеріне қарамастан, оған қайтып оралудан бас тарттым.
Осыған орай айта кетерім – менің пьесама және ондағы рөльдер мен Кенесарының жеке басына қатысты ең әділ сынды Ж.Мүсірепов айтты. Мысалы, өзге сыншылар маған пьесаның мазмұнын Патшалық Ресейдің режиміне қарсы күрес бағытында өрістетуді ұсынды. Ал Ғабит Мүсірепов: қазақ еңбекшілерінің патшаға қарсы күресін Кенесары қозғалысына қатысты емес, 1916 жылдың оқиғалары негізінде көрсету керек – деп дұрыс бағыт берді. Ал Кенесарыға: халықтың тілегі мен іс-әрекетіне қарсы реакционер хан – деген қатулы баға берді. Сөйтіп, ол пьесаны былай ысырып қойдым, қайтып оған оралғамын жоқ.
Пьесаны тастап, енді оған қайырылып соқпау туралы шешім қабылдағаннан кейін, сол 1934 жылы Оқу ағарту комиссариатының тапсырмасы бойынша «ХІХ және ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихы» атты ұжымдық оқулыққа қатыстым және сол оқулық бойынша «Хрестоматия» құрастырдым. Соңғы екі еңбектегі: Бұқар жырау, Махамбет, Нысамбай, Шортанбай, Мұрат және Абай туралы тараулардың авторы – мен болдым және (олардың шығармаларын хрестоматияға) мен енгіздім.
Бұл мағлұматтарды, яғни, аталаған тараулардың авторы мен екенімді біле тұрып, Жұмалиев жолдас өзінің еңбектерінде, ХІХ ғасыр әдебиеті туралы оқулықтары мен ол жасаған оқу бағдарламаларында менің авторлығымды ескертпестен, Махамбетті бағалау жөніндегі менің пікірлерімді қате деп көрсетіп, жүйелі түрде сынаумен келді. Ал ол кітаптарда Бұқардың, Шортанбайдың, Мұраттың, соның ішінде ең бастысы Нысамбайдың (Кенесарының жыршысы) шығармаларына дәріптеуші тұрғыда емес, әшкерелеуші бағытта, таптық-саяси ұстаныммен, барынша дұрыс түсінік берілген. Бұл туралы кейінірек барынша толық тоқталамын.
Өзімнің 1934 жылғы сол еңбегімді естеріңізге сала отырып, қазіргі күнде Кенесары мен оның мадақшылары және осы кітаптар туралы әдебиеттермен тиянақты түрде айналысып жатқан тарихшылардың, әдебиет тарихшыларының назарын аудара кеткім келді. Сондай-ақ, бұл жолдастар менің «Хан Кенедегі» қателігімді жою үшін 1916 жылғы оқиға туралы «Түнгі сарын» пьесасын жазғанымды да ескерер деп ойлаймын, ол 1935 жылдан бері жақсы бағаланып келеді. Мұны айтып отырған себебім, осы жағдайлардың барлығы, яғни, қателіктер мен оны жою жолындағы күрестің өзіндік ішкі тарихи және табиғи байланысы болғандығын көрсете кету».
Көркемдік талаптың деңгейінің тым қарабайырланып, әдебиеттің саясаттанып кеткені сондай, Т.Жароков та кейіпкердің өміріне араласып, тумаған сиырдың уызын қорғаштап:
«Бұған қосымша мен Әуезов пен Мұқанов жолдастардың тоғыз томдық басылымдар туралы айта кетпекпін. Әрине жақсы шығармалардың болғаны және олардың көп томдық басылымын шығарғаны жақсы, алайда олардың қалтарысында қатерлердің бұғып жатпауын қадағалау қажет. Әуезов пен Мұқанов жолдастар көптеген қателер, ұлтшылдық қателер жіберді, сондықтан да ең алдымен олардың өзі сақ болғаны жөн. Олар өздерінің шығармаларын өздері тиянақты қарап шығуы тиіс. Онсыз болмайды. Мынадай мысал келтірейін: а/ Осы уақытқа дейін жақсы пьесалардың қатарына жатқызылып келген Әуезов жолдастың «Түнгі сарынды» қайтадан қарап шығуы тиіс. Себебі, оның басты кейіпкері, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі Мұғалім – ұлтшыл «Қазақ» газетінің оқырманы ретінде көрсетілген. Дәл қазір пьесаны мұндай күйде жіберуге болмайды. б/ Сондай жағымсыз шығармалардың бірі Мұқанов жолдастың «Балуан Шолағы». Онда Кенесарыға байланысты жіберген қатесін Мұқанов жолдастың өзі де мойындады. Бұл туындыны шығармалар жинағына қосу дұрыс емес»,– деп кейіпкерлерден де марксиз-ленинизм ілімі бойынша өмір сүруді талап етті.( 37-іс, 182-бет).
Соның нәтижесінде «Түнгі сарын» пьесасы да тиым салынған 30 шығарманың қатарына ілінді. Театрдың сақнасында ойналатын да спектакль қалмады.
М.Әуезов (жалғасы): «Жоғарыда айтып өткенімдей, әдебиет тарихшысы және жазушы ретінде де 1934 бастап 1947 жылдар аралығында Кенесары тақырыбына қайтып оралғаным жоқ.
1934 жылдан кейінгі өзімнің жеке еңбектерімде Кенесары тақырыбына жолағамын жоқ, алайда, соңғы жылдары ұжымдық еңбектің редакторы ретінде үлкен, аса үлкен қателік жібердім. Әңгіме – 1948 жылы жарияланған «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы туралы болып отыр. Мұндағы лиро-эпостар тарауына – «Наурызбай-Ханшайым» және тарихи жырлар тарауына – Кенесары, Наурызбай, Саржан, Ағыбай туралы мақалалар енгізілді. Біріншісін институттың сол кездегі қызметкері Қоңыратбаев, екіншісін – институттың сол кездегі директоры Исмаилов жолдас жазды.
Ондағы басты қателік – мақалалар тек мадақтауға ғана құрылды. Феодалдық, хандық құрылымның және Кенесары Қасымов пен Наурызбайдың қозғалысын жырлаған бұл жырауларды әспеттей мадақтады, әрине, бұл мақала авторлары Исмаилов пен Қоңыратбаевтың қателіктерін ақтай алмайды. Сол қателіктің үлкен салмағы, әрине, маған тиесілі. Сондай-ақ, оны қолдап рецензия жазған Бәйішев, Дүйсенбаев, Сағындықов жолдастар, құрастыруға қатысқан Сауранбаев пен Мәлік Ғабдуллин де жауапкершілікті бізбен бірге көтеруге тиісті.
Сондықтан да, бірінші томның қайта басылымында бұл қателіктерді жою – менің басты парызым екенін мойындаймын. Ал сіздерден: тиісті кеңестеріңіз бен ұсыныстарыңыз, орынды сындарыңыз арқылы бізге көмектесулеріңізді өтінемін».
«Жаздым, жаңылдым» дегізіп алып, дегеніне көндіретін не сөндіретін сталиндік идеологиялық тәсілдің айла-амалын Мұхтар Әуезов өзгелерден көрі жақсы білетін.
М.Әуезов (жалғасы): «Сөйтіп, өзімнің соңғы уақыттағы қателіктерімді мойындай отырып, ойлана отырып, Кенесары жөніндегі және Кенесарының идеологі, алғашқы насихаттаушылары, тамсана табынушылары болған ХІХ ғасырдағы ақындар – Досқожа мен Нысамбай туралы әдебиеттерді ақтарып шықтым. Ол ақындар – Кенесарының қозғалысын қостаушылар Кенесары жөніндегі мадақтаулар мен жоқтаулардан басқа ештеңе жазған жоқ, демек, олар туралы жағымды сөз айту – Кенесары туралы да жақсы пікір білдіру деген сөз. Қазақ авторларының тұтас бір кітап шоғырын қайталап оқығанымда мынаны байқадым: 1939-жылдан бастап 41, 42, 43, 46, 47, 48 және 49-жылдарға дейін шыққан және қазір де пайдаланып жүрген қазақ әдебиетінің тарихы туралы оқулықтардағы көптеген еңбектерде, очерктерде, зерттеулерде, мақалаларда, ең аяғы жыл сайын шығып тұратын Жоғары оқу орындарына арналған бағдарламалардан бір бағытта, шырматыла тізбектеліп, табанды түрде жалғасып келе жатқан жағымсыз бағалар мен қателіктерді аңғардым. Әрине, солардың арасында буржуазиялық-ұлтшыл ұстанымдағы Бекмахановтың кітабі ерекше дара көрінеді.
ҚК(б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы Тіл және әдебиет институтындағы идеологиялық қателіктер туралы тарихи шешімі Кенесарының жеке басы мен оның орыны және оның нөкерлері Досқожа мен Нысамбай ақынның мұралары туралы пайымдауларға өзгеріс әкелмеді. Үнсіз келісімнің негізі бойынша: айтылған сын тек «зар заман» ақындарына ғана тиесілі сияқты көрініп, Кенесары мен оны жырлаушылар сын көзінен қағыс қалды. Сондықтан да, бұл зұлымдықты тамырын анықтап, зиянын анықтап, оны тамырынан отап тастау үшін жоғарыда аталған еңбектердің барлығын талқыға салуымыз керек. Одан да әрі көз салып, Абайдың және оның шәкірттерінің қателіктерін олардың қайшылығы ретінде қарастыру керек.
Мен, 1939-жылғы еңбектерді атап өттім. Мұның қатарына жоғарыда мен атап өткен бірінші томнан басқа (менің редакторлығыммен шыққан): Исмаиылов жолдастың оқулықтары, мақалалары, баяндамалары, профессор Жұмалиевтің 1941 жылдан бастап 42, 43, 46, 48, 50-жылдары басылған оқулықтары, Марғұлан жолдастың мақалалары, Мұқанов жолдастың «Очерктер» кітабы, Мұқановтың , Ғабдуллиннің, Кәрібаевтің және Оқу министрінің орынбасары Ә.Шәріповтің қатысуымен жасалған профессор Жұмалиевтің ХІХ ғасыр әдебиетінің жоғары оқу орындарына арналға бағдарламалары жатады.
Жұмалиевтің 1941-жылдан бері шығып келе жатқан ХІХ ғасыр әдебиеті бойынша жоғары оқу орындарына арналған бағдарламаларында тек қана Кенесарыны шексіз мақтаған, дәріптеген, жоқтаған пайымдаулар орын алған. Досқожа мен Нысамбайды дәріптеген жоғары бағалар берілген, бұл ақындар туралы жоғарыда: Кенесары жөніндегі мадақтаулар мен жоқтаулардан басқа ештеңе жазған жоқ, демек, олар туралы жағымды сөз айту – Кенесары туралы да жақсы пікір білдіру екендігін айтып өткен болатынмын. Жоғары педагогикалық оқу орындарына және мүғалімдер институтына арналған ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихының бағдарламасының 1948 жылғы басылымында тура оның 1941-42 жылғы оқулығында айтылғанындай:
«Соңғы ақынның дастанында (әңгіме Нысамбайдың «Кенесары–Наурызбай» дастаны туралы болып отыр) – Кенесары, Наурызбай бастаған көтерілісі ... дұрыс, өмірлік шындыққа сәйкес жан-жақты көрсетілген. Наурызбай, Бұқарбай, Бұғыбай, Ағыбай, Ораз сияқты т.б. батырлардың образын эпостық деңгейде ақындық шеберлікпен сомдаған»,– деп баға береді. Міне, Нысамбайды дәл осылай сөзсіз біржақты, жағымды, әрі жоқтаушы жыршы ретінде суреттейді, демек, ол арқылы Кенесарының да әрекетін әспеттеп отыр. 1949 жылы басылған «Қазақ әдебиеті» атты оқулығының І бөлімінде де автор өзінің осы ұстанымын қостайды. Ол осында 144-бетте Ломоносов, Карамзин және Пушкин жөніндегі Белинскийдің пікіріне сүйене отырып: «Біз Бұқар жырауды жазба әдебиетіміздің басы дегенде, Бұқар жыраудан бастап Абайға дейін үзілмейтін алтын өзек, байланыс бар – деген тұжырымды қуаттаймыз. Егерде Бұқар ең алғашқы атақты ақын болса, солардан кейін Дулат, Махамбет, Шернияз, Нысамбай, Шортамбай, Мұрат, т.б. жалғасын табады»,– деген ақылға симайтын тұжырым айтады. Демек, Абай мен Махамбет феодалдық хандықтың жыршысы Бұқармен, Нысамбаймен, , Шортамбаймен, Мұратпен бір қатарға қойылған, зерттеуші үшін бұданда сорақылығы, бұл пікірлер бұл ақындарды сөзсіз реационер, халық мүддесіне жау ретінде бағаланған ҚК(б)П Орталық Комитетінің шешімінен кейін жазылып отырғаны. 30
Бұдан артық барынша шектен шыққан, барынша ғылымға қарсы, маркстік танымға қарсы деп сыналған буржуазиялық бірыңғай сана ағымы теориясымен жазылған пікрдің болуы мүмкін емес.
Кенесары мен Нысамбай және басқа да ақындар туралы ең үлкен, ең өрескел қателікті Исмаиылов жолдас жіберді. Турасын айтайын, 30-жылдардың соңынан бастап таяу уақытқа дейін Исмаиылов жолдас өзінің мақалаларында, кітаптарында, баяндамаларында Кенесарының ең белсенді насихаттаушысы, әспеттеушісі және жоқтаушысы болып келді. Ол аздай, Кенесарыны әспеттеуде ол халық ақындарына, жазушыларға өте зор ықпалын тигізді.
Мұқанов жолдастың «ХҮІІІ және ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің очерктері» атты кітабінда да өте өрескел қателер көп. Жиырмасыншы жылдары Кенесарыға дұрыс баға беруден бастаған Мұқанов жолдас сондай таңқаларлық әрі түсініксіз себептермен құбылып түсті де Кенесарының нағыз қарсыластарының жағынан оның нағыз қолдаушыларының жағына өтіп кетті.
Енді, тағы бір тарихи шындық пен әділетті қалпына келтіру үшін өзімнің 1934 жылғы жоғарыда аталған «Оқулық» пен «Хрестоматияға» кірген Нысамбай мен Кенесары туралы авторы мен болып табылатын сыни мақалама оралайын. «Хан Кене» пьесамдағы қателіктен кейін сол кездегі талапқа сай кеңес ғалымының ұстанымына көштім. 1934 жылғы ХІХ және ХХ ғасыр «Хрестоматиясында»:
«Нысамбай сол жолды таңдап алды және өзінің жырын жоқтауға айналдырды. Бұл жоқтау Нысамбайдың таптық сыпаты мен бағытын көрсетеді. Ол өз билігін ханмен бөліскен адам емес. Алайда ол ханның билігінен табылатын ақын. Ол – жұбатушы, көңіл көтеруші, әміршіні халық алдында мадақтап өлең шығарушы ақын. Ол ханның көңілін табуға ұмтылды, үстем таптың жақтаушысы, жыршысы болды»,– деп жаздым (11-бет). Ал сол 1934 жылғы Кенесары туралы очеркте: «Айналып келгенде, барлық байлам – Кенесарының жеке хандығын қамтамасыз етуге, таққа отыруға, даңққа жетуге әкеліп тіреді, міне, қандай сәттер болған. Мұны Кенеге жақын батырлар тобы қостаған. Олардың мақсаты – Кенені хан сайлау, сөйтіп өздерінің билігін жүргізу (31-бет).
Міне, менің осы пікірім кейін Жұмалиевтің оқулығында бірнеше қайталанып сыналды. Жұмалиевтің сол оқулығының 22-бетіне назар аударуларыңызды сұраймын. Онда ол кітаптың авторының атын атамастан бағдарлама мен хрестоматиядағы пікірді сынап: «Ол материалдарда көтерілістің халықтық мәні, халықтың тәуелсіздік үшін күресі, халықтың басын қосып, осы көтерілісті ұйымдастырған, бастаған Кенесарының орыны көрсетілмеген, керісінше, қозғалыстың прогрессивті маңызы көмескіленген»,– деп жазған.
Мұны өзге де авторлар қайталап пайдаланды».
Арасында Абайдың ақын шәкірттеріне тоқтала кетіп, содан кейін негізгі тақырыпқа – Кенесарыға қайтып оралған бұл пікірлердің де өз астары болатын. Алдағы «аламан науқанның» ұзақ талқысы тұсында әркім бір бетіне баса бермес үшін «өзін өзі әшкерелеген». Сонымен қатар «идеологиялық майдандағы» жалғыз «жау» болып көрінгісі де келмеген. «Көппен көрген ұлы той» болсын деген пиғыл да қылаң беруі мүмкін.
М.Әуезов (жалғасы): «Міне, мен Кенесары мен Нысамбай туралы 1934 жылы жазған соңғы мақаламнан соң 1947-1948 жылдарға шейін, қашан «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томына редактор болғанша үндемей жүрген кезде осындай да оқиғалар болды.
Ал Ж.Жұмалиев Нысанбай туралы ғана емес, сонымен қатар Бұқар, Шортанбай, әсіресе, Мұрат туралы бұрынғы өрескел қателіктерін ҚК(б)П Орталық Комитетінің шешімінен кейін де жалғастырып келеді. Бұл қателіктер мынадан көрінеді, Ж.Жұмалиев жолдас ҚК(б)П Орталық Комитетінің шешіміне орай оларды феодализмнің ақындары, қанаушы таптың идеологтары ретінде атай келіп, тікелей әдеби талдауға көшкенде оларды шебер ақын ретінде жоғары бағалап, шығармаларын бір ыңғай мақтай жөнеледі. Соңғы оқулығында ол Бұқарды шектен тыс әспеттеп, жыраулардың атасы, жазба әдебиеттің басы деуге дейін барды. Хандықтың бас идеологы, феодалдық сарай ақыны жөнінде осындай пікір білдірген.
Әрине, Ж.Жұмалиев оқулықтарды құрастырушы ретінде белгілі және онымен бұрыннан айналысып келеді. Осы арада оның өте елеулі кемшілігін айтпасқа болмайды. Оның саяси қателіктеріне әділ сын айтсаң, Ж.Жұмалиев сол арада өзгенің қателіктерін термелей жөнеледі. Өзінің қатесін өзгелердің өткендегі қатесімен бүркемелегісі келеді. Басқасын былай қойғанда, осы арада ең бір заңды және түйінді сұрақ туындайды: өзінің кешегі қатерлерін осылай жуғысы келген, өткендегі қателерін мойындаған сол автордың кітабына сілтеме жасадыңыз ба? Ол сілтеме жасаған жоқ. Оны өзінің пікірі ретінде көрсетті. Ендеше сол пікірлер мен қателерді, өзінің кінәсін ашық мойнына алсын.
Осы айтылғандардың барлығын – біздің әрқайсымыздың қатеміз бен кемшілігімізді обьктивті түрде көрсетіп, партия көрсеткен саяси қателерімізді жоюға көмек қолын ұсынып, бағыттап отыратын көпшілік қауым да ескеруі тиіс.
Сонымен қатар, партия мен ауқымды да әділ көпшілік қауым кейбір сөйлеушілердің (Мен Тіл және әдебиет институтының қызметкерлері арасындағы пікір таласын айтып отырмын): жеке адамның мұқым еңбек жолын жалаң сөзбен келеке етіп, өткендегі жіберген жекелеген қатерлері мен сілтемелерді бетіне шіркеу ете отырып, соңғы жылдардағы қол жеткізген нақты табыстарды мүлдем өшіріп тастағысы келген жойымпаздардың, қайталап айтамын, БК(б)П Орталық Комитеті мен «Правда» газеті, Кеңес одағының жалпы көпшілігі қатал сынаған, ниглист Белик сияқты айқайшыл, раппшыл жаңа жойымпаздардың сөздерін байыппен талдап, тиісті шешім шығарады деп ойлаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |