Қазақ халқының Кенесары соңына ермей, Россиямен бірге болуды тілеуінің тарихи зор мәні бар еді: 1) Кенесарыға еріп кеткенде, қазақ еңбекшілері орта ғасырдың шырмауында, қол-аяғын жаза алмай отырған, қаусаған шірік хандықтардың біреуіне тәуелді болып, ақыры ағылшын жыртқыштарының құлдығына түсетін еді. 2) Қазақ елінің быт-шыт болып тозу қаупі болды. Өйткені, Кіші жүз қай жағынан болса да Россиямен біріккен. Ол, сөз жоқ, одан айырылмайтын еді. Олай болса, тұтас қазақ елі бірнеше хандықтарға бөлініп, Қытайдың, Орта Азия хандықтарының, Россияның қол астына бытырап кетіп, халықтығынан айрылатын еді. 3) Шаруашылық тұрмыс құру жөнінен шығыс хандықтары қазақ халқының отырықшылануына, егіншілік кәсібіне айналысуына жол бермейтін еді. Өйткені, оның өзі ескі ортағасырлық тұрмыста болды. Ал бұл кезде қазақ елінің ұлы жүзден басқасында Россияға қосылу арқылы егін, отырықшылық, сауда қатынасы күшейді. 4) Россия тек патшалық Россия емес еді, халықтық-бұқаралық Россия да бар болатын. Орыстық халықтық-бұқаралық мәдениеті де өсті. Бұқаралық Россия өзімен отырған елдердің болашақ Абай, Ыбырай, Шоқандарын туғызуға әсер етіп отырды.
... Кенесары генерал Горчаковқа жазған бір хатында: «Орта жүзден кетіп барамын, өйткені бастықтардан да, қол астында отырған халықтардан да ешбір мейрім таппадым, бәрі де жаулық етеді»,– деп мойындаған. Бұдан корытынды Кенесары Орта жүзге сия алмай, халық қаһарына қарсы тұра алмай, зытып отырған.
Бірақ, оның Орта жүзден, Кіші жүзге ауысуы тегін емес. Өзінің ескі достары Хиуа, Бұқар хандықтарына жақындап көмек алу болған. Өйткені, ол орыс патшасына қарсы халықтық азаттық күресіне басшылық етем десе, сол кезде шыңына жеткен нағыз халық қозғалысы Исатай – Махамбеттің күресіне қосылу керек еді. Керісінше, ол – оған жау болған. Жаппастың ішінде Наурызбай тобы Махамбетке қарсы оқ атқан. Ал оның керісінше ел талаушы Жанғожамен бірігіп кеткен. Жанғожа екеуі тізе қосып алып, бейбіт өмір сүріп отырған қазақ ауылдарын Созақ, Сайрам қалаларын шапқыншылыққа ұшыратқан.
Кенесары Кіші жүздің жеріне келіп орналасқаннан кейін өзінің «әскери күшін» молайтып алу үшін неше түрлі сұмдық айла-амалдар істеген. Орынбордың генерал-губернаторы Перовскиймен, Хиуа, Коқан хандығымен Жанғожа Нұрмағамбетұлы сықылды ел тонаушылармен жақсы қарым-қатынас жасаған. Перовскийге жазған бір хатында:«Бастықтарға қарсы келе алмаймын, қарсы тұрғым да келмейді...»,– деп жағымпаздана келіп, осы келіп отырған жерінен қозғамауын тілейді»,– баян етті.
Ал осы Кенесарының рухани саладағы Кенесарының келтірген кесірі «Әдебиет және искусство» басылымының №8 санындағы «Әдебиетіміздің идеялығы үшін» атты редакциялық бас мақалада әшкереленді. Онда:
«Көркем әдебиетіміздің өркендеу жолында қолымыз жеткен осындай табыстарды айтумен қатар, біз бұл салада соңғы уақытқа дейін орын алып келген идеологиялық бұрмалаушылықтарды, өрескел қателіктер мен елеулі кемшіліктерді де ешбір жасыра алмаймыз. Өткен жылдың декабрінде «Правда» газетінде жарияланған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала және бұл мақалаға байланысты Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің осы жылғы 10 апрельдегі қаулысы жалған тарихшы Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» деген кітабында Қазақстан тарихы мәселелерін буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғыдан баяндағанын, халық бұқарасының қас дұшпаны сұлтан Кенесарының феодалдық-монархиялық қозғалысын «халықтық», «бостандық» қозғалысы болып еді деп дәріптегенін әшкереледі. Бұл мәселені талқылау үстінде Қазақстанның кейбір тарихшыларының еңбектерінде ғана емес, сонымен қатар кейбір әдебиетшілері мен ақын-жазушыларының кітаптарында да буржуазиялық-ұлтшылдық бұрмалаушылықтардың, өрескел саяси қателіктердің орын алып келгендігі анықталды.
Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысында, әдебиетшілер Е.Исмаилов пен X.Жұмалиевтің буржуазиялық-ұлтшылдық бағыттағы қателері атап көрсетілгеніне қарамастан, бұлар өздері жөнінде болған қатаң сындар мен ескертулерден сабақ ала білмеді, соңғы кезге дейін олар әдеби зерттеулерінде, мақалаларында Кенесары мен Наурызбайды жер-көкке сыйғызбай дәріптеумен болды, халықтың бұл дұшпандарын мақтап өлең жазған хан маңындағы ақындар мен жыршылардың зиянды шығармаларын барынша насихаттап, оларға оқу кітаптарынан, оқу программаларынан, әдебиет тарихына арналған еңбектерден кең орын беріп отырды. Жазушы М. Әуезов Қазақ әдебиеті тарихының бірінші томында, «Хан Кене» деген арнаулы пьесасында Кенесары мен Наурызбайды, олардың маңындағы феодалдарды үнемі мақтаумен, оларды бұқараның «көсемдері» етіп көрсетумен болды. Қазақстан жазушылар одағының председателі С.Мұқанов та сұлтан Кенесарыны дәріптеушілердің буржуазиялық-ұлтшылдық пікірлеріне кезінде тойтарыс берудің орнына, қайта ондай зиянды пікірлерді өзі қостап отырды.
БК(б)П Орталық Комитетінің органы «Правда» газеті осы жылғы 2 июльдегі «Әдебиеттегі идеологиялық бұрмалаушылықтарға қарсы» деген редакциялық мақаласында және 16 июльдегі «Совет әдебиетінің маңызды міндеті» деген бас мақаласында кейбір жазушылар мен ақындардың шығармаларынан ұлтшылдықтың сарқыншағы байқалатынын көрсетті, бұл жөнін ақын В. Сосюраның «Украинаны сүй» деген ұлтшылдық сарында жазылған өлеңін мысалға алды. Ұлтшылдықтың мәнісі, - деп жазды «Правда» - оқшаулануға және ұлттық тар өрісті шеңберде томаға тұйықтануға тырысушылықта, Совет Одағындағы ұлттардың еңбекшілерін жақындастыратын және біріктіретін істерді көрмеушілікте екені мәлім. Қазіргі заманның тақырыптарынан қашықтап, алыста еткен заманға бой ұру, ескілікті дәріптеу - ұлтшылдықтың жеке жазушыларда кездесетін ерекше бір түрі»,- деп атап өтілді.
Кенесары туралы дау-дамай мен жаулық іздеу мұнымен де тоқталмады. Қазақстан Компартиясы бұл кезде үлкен саяси қарар дайындап үлгерді. Тарихшы Ә.Тәкеновтің мағлұматы бойынша:
«1951 жылы 14 тамызда ҚК(б)П Орталық Комитеті «Қазақстан совет жазушылары Одағы жұмысындағы ірі қателіктер мен кемшіліктер және оларды жою шаралары туралы» қаулы алды. Тек 1951 жылдың көкек-қазан айлары аралығында 30 пьеса мен 174 ән текстері репертуардан шығарылды».
Тарихта көркем шығарманың сотталған жайлары кездескен, ал әннің сотталуы тек кеңес тұсында ғана орын алды. Сол әндердің сазы қалғанымен де сөздері уақытпен бірге тылсымға сіңіп кетті. Ұмытылды. Оның өзі жеке бір дербес әңгіме.
Міне, осы «Жазушылары Одағының жұмысындағы ірі қателіктер мен кемшіліктерге және оларды жою шараларына» байланысты 1951 жылы 24 тамызда Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов қатысқан Жазушылар одағының қалалық жиналысы өтті. Оны қалалық партия комитетінің хатшысы Т.Ысқақов басқарып отырды. Одақтың төрағасы С.Мұқанов «Қазақcтан Жазушылар одағындағы өрескел қателер мен кемшіліктер туралы және Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті бюросының 1951 жылғы 14 тамыздағы қарарына байланысты міндеттер» атты баяндама жасады. Екі-үш ауыз сөзбен әдебиет жетістіктеріне жеделдете тоқталып, сол бір қызылөңеш кезеңнің дәстүріне сәйкес бірден саяси-идеологиялық әшкерелеуге көшті. Әрине, тағы да «дәстүр бойынша» алдымен Мұхтар Әуезов және оның «Хан Кенесі» нысанаға алынды. Қара дауылдың демімен «үш бәйтерек» бірін-бірі тағы да тамырларын солқылдата ырғады.
С.Мұқанов: «Алайда қазақ совет әдебиетінде, сондай-ақ кейбір жеке ақын-жазушылардың творчествосында өрескел саяси қателер, бүгінгі өміріміздің шындығын бұрмалау, совет халқының мүддесіне зиянды ұлтшылдық сарындар орын алып келді. Қазақтың көптеген ақын-жазушылары өздерінің шығармаларында қазақ халқы мен орыс халқының қас жауы сұлтан Кенесары Қасымовтың монархиялық, кертартпа бағыттағы көтерілісін ұлт-азаттық жолында болған күрес деп дәріптеді. Жазушы Мұхтар Әуезов бір кезде «Хан Кене» атты пьеса жазып, онда қанішер Кенесарының бауырлас қырғыз халқына жасаған зұлымдығын, жыртқыштығын оның ерлігі етіп көрсетті. Сөйтіп, бұл зиянды шығарманы жазу арқылы жазушы Мұхтар Әуезов сұлтан Кенесары Қасымовты дәріптеумен тынбады, ол жүздері жарасқан бауырлас қазақ, қырғыз халықтарының достығын бұрмалап, олардың арасында ұлт араздығын қоздыруға әрекеттенді. Бірақ, Октябрь революциясы арқылы қайта туған, Ленин-Сталин партиясының ұлт саясаты негізінде тәрбиеленген қазақ еңбекшілері М.Әуезовтің бұл жат оймен жазылған, зиянды шығармасын қабыл алмады.
Халқымыздың мүддесіне опасыздық жасаған Кенесарыны дәріптеуде жазушы Әуезовтен басқа кейбір ақын, жазушыларымыз да қалыса қоймады. Ақын Қалижан Бекхожин Кенесарының баскесер інісі, қанішер Наурызбайды мадақтап «Батыр Науан» деген поэма жазды. Бұл поэмасында ол қазақ халқының қас жаулары Кенесары мен Наурызбайды азаттық туын көтерген, еркіндік аңсаған, халық қамын жеген көсемдер, ел үшін еңіреп туған ерлер етіп суреттеді. Сөйтіп, Қ.Бекхожин совет ақыны деген атты бетке ұстап, халқымыздың мүддесіне опасыздық жасады, халықтың қас жауларын дәріптеуден ол тайсалмайды. Кенесары Қасымовты дәріптеу басқа да көптеген әдебиетшілердің еңбектерінде, оқу құралдары мен хрестоматияларда, сондай-ақ қазақ әдебиеті тарихының профессоры М.Әуезовтің басқаруымен шыққан бірінші томында да орын алды. Профессор Х.Жұмалиев пен Е.Исмаилов жолдастар өздерінің «ғылыми-зерттеу» еңбектерінде маркстік-лениндік методологиядан қол үзіп, өрескел қателіктерге ұрынды»,– деп қызылкеңірдек айтыстың тамағын қырнап берді.
Қатарластарының арасында аса сақ әрі аңғал: «Өзім де қумын. Он жетінші жылғыдан әріге аяқ баспаймын»,− деген сөзі мәтелге айналып кеткен Тайыр Жароков та осы науқанның тұсында атой салып шықты. Еркімен шықты ма, жоқ, тобырға ілесті мен, қайдам, алайда оның сөзінің астары Сәбит Мұқановтан бастап Қасым Аманжолов пен Халижан Бекхожин сияқты қазақ поэзиясының майдангер ақиықтарын найзаның ұшына іліп берді.
Тайыр Жароков (мазмұны): БК(б)П ОК-нің жазушылар одағындағы ұйымдық және шығармашылық жұмыстардағы осы уақытқа дейін жіберіліп келген өрескел саяси қателер туралы қарары өте орынды және оның түп тамыры Қазақстан жазушылар одағының басшыларының ұйымдастыруда жіберген селсоқтығында жатыр. Оның басты себебі, Мұқанов, Әуезов, Мүсірепов және басқалар сияқты сияқты аға жазушылар ұйымдық және шығармашылық жұмыстан өздерін шет ұстайды. Бірін-бірі іш тартқан таныстық қарым-қатынастар, селсоқтық, әсіресе аға буынның арасындағы сын мен өзара сынның жоқтығы, марксизм-ленинизммен жеткілікті қаруланбауы, Мұқанов, Әуезов, Мүсірепов қатарлы жетекші жазушылардың бойынан идеологиялық өрескел бұрмалаушылық пен буржуазиялық ұлтшылдықтың орын алуы, тым масаттанып кетуі, менменсуі, одақтың жұмысына, шығармаларды талқылауға араласпауы, өзінің туындыларын талдауға ұсынбай, бірден баспаға өткізуі осындай қателіктерге жол берді.
Соның нәтижесінде Бекхожиннің, Аманжоловтың, Тәжібаевтің туындыларындағы өрескел қателіктерді БКАП(б) ОК-і орынды сынады. Сын мен өзара сынның, саяси-тәрбиелік жұмыстың жоқтығы Бекхожин мен Аманжоловтың өмірден қол үзуіне, Аманжоловтың жалаң эстетикаға, Тәжібаевтің символизмге, Бекхожиннің буржуазиялық ұлтшылдыққа ұрынуына алып келді. Соның нәтижесінде идеялық жат туындылар, топшылдық пайда болды. Тез өсіп келе жатқан ақын Бекхожин 1940 жылы бәрімізге белгілі «Науан батыр» дастанын жазды, онда Кенесары Қасымов пен оның інісі Науан барынша дәріптелді. Кенесарыны қазақ халқының көсемі ретінде асқақтата жырлады, ал біз оның тек қазақ халқының ғана емес, орыс пен қырғыз халқына да қарсы күрескенін білеміз. «Науан батыр» дастанында Бекхожин: Наурызбай өзінің қаһарлы ағасын сүйді, туған тауларын сүйді, халқын сүйді,– дейді. Бұл жолма-жол аударма әлсіздеу болуы мүмкін. Бірақ оның ойы айқын.
Батырлар сүюші еді Кене ағасын,
Кененің кең пейіштей Сарыарқасын,– дейді. Немесе:
Қазақ ек ала киіз туырлықты,
Такаббар, менсінбеуші ек басқа жұртты,–
деп Бекхожин бұл сөзді Кенесарының бауыры Науанның ойымен жеткізеді.
1944 жылғы «Шеру» жинағына енген қазақ жауынгеріне арналған өлеңінде:
Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп,
Кешегі Кенекеме тартып туған,– дейді.
Ол қазақ жауынгерлеріне осылай бағыт береді.
1948 жылы Бекхожин өзінің жинағында колхоздың шопаны туралы: «Отарлы қой итарқада жатыр күйсеп»,– деп жазды. Ақын Бекхожин – кеңес азаматы, ұлы отан соғысының қызған кезінде бір жауынгерді өзінің өлеңінде Кенесарыға ұқсаңдар деп үгіттейді, ал екінші өлеңінде колхоздың қойшысын «софыға» теңеп, әулие жасағысы келеді. Сөйтіп ол қазақ даласын қалай сүйсе де, Бекхожин сүйген дала – революцияға дейінгі кейбір ақындар суреттеген дала, міне, Бекхожиннің бұл туындысы осындай боя арқылы ұлтшылдықпен үндесіп жатыр. Бұл туындылар еліміздің қоғамдық өмірімен, өндіріспен, колхоз құрылысымен байланыспайды, керісінше, революцияға дейінгі Қазақстандағы өлеңдерде айтылатын қайдағы бір діни ағымдағы софымен жалғасып жатады.
Мұның барлығы бізге, Бекхожин жолдастың дұрыс жолмен жүрмегенін, Қазақстанның тарихын бұрмалап, Кенесарыны дәріптегенін, өзінің соңғы туындыларында бүгінгі күннің шындығын боямалағанын айтуға мәжбүр етеді. Бекхожин «Мариям Жагорқызы» дастанында да өрескел қателер жіберді. Алайда, кейбір жолдастар, орыс қызының тағдырын мұсылмандықты қабылдаумен аяқтайды – дейді, ондай жағдай бұл дастанда жоқ, ондай өрескел ұлтшылдық та жоқ!
Бекхожиннің ақын замандасының бірі Аманжолов, оның да фамилиясы ҚК(б)П Орталық Комитетінің шешімінде аталып өтеді. 1951 жылы 14 тамыздағы осы қаулыда Қасым Аманжоловтың фамилиясы ұлтшыл қателіктер жібергендердің қатарында аталады... Қасым Аманжолов «Жалған дүниеге менің де бабам кетті», − деп өкінеді. Бұған автор ғана емес, оны қарап шыққан адам да кінәлі. Ал 1951 жылы жазған өлеңінде бұрынғы азиялық шығыстың аңызға айналған құдіретін жоқтады. Сондықтан да Аманжолов БК(б)П-ның қаулысына тегін аталып отырған жоқ. 1940 жылы ол Кенесары туралы дастан жазды. Оның жарияланбағаны жақсы болды. Бұл арада ол өзінің сол кездегі жанқияр досы Бекхожиннан кем түскен жоқ, дастан жарияланбағанымен, егер жаны, миы елжіреп тұрмаса, былай жазбас еді. «Сарыарқа» жинағында қазақ даласы орыс жерінен, қазақ халқы орыс халқынан бөлек алынып көрсетілген. Бұл мәселеге С.Мұқанов жолдас тиянақты түрде тоқталғандықтан да, назар аударып жатпаймын. Сол жинаққа кірген «Ертіс» атты «ол өзен менің кеудемде толқын атып жатыр» дейді. Егер Ертіс өзені болмаса, сол Арқа болмаса, социалистік құрылысты орнатып жатқан қазақ халқы өзінің батырларын, ғалымдарын, жігіттерін тудырмас па еді? Бұл арада ол Сосюра сияқты қазақ даласын біздің Отанымыздан бөліп алу арқылы саяси қателік жіберген (уақытыңыз бітті),− деп айып таққан.
Иә, туған жеріңді жырлаудың өзі де «саяси қателік» болған заманды біз де бастан өткіздік-ау! Артында отаны, жері, туған елі туралы бір шумақ өлеңі қалмаған талантты ақынның тегеуіріні осындай үрейдің салдарынан еш кетті.
Бұл науқаннан партияда жоқ жазушы, бірақ сол кезде оны мүшелікке қайтадан қабылдау мәселесі көтеріліп жатқан, сөйтіп уақытша алдарқатуға түскен Ғ.Мүсірепов те қалыс қалмады.1932-1937 жылдары Мирзоянның тұсында М.Әуезовтің «жеке рецензенті» (бұл міндет кейін Қ.Жұмалиевке жүктелді) болған Ғабит Мүсірепов «қолына қалам алды». 1947 – 1953 жылдардың арасындағы Ғ.Мүсірепов араласқан сөздері үнемі төмендегі сипатта өтті және осындағы аталған шығармаларға қарап әңгіме қай тақырыпта қозғалып отырғаны (проза, драма, эпос, т.б.) туралы бірден аңғаруға болады. Біз сол пікірлердің бір парасын ғана берумен шектелеміз.
Ғ.Мүсірепов: «Қазақстан К(б)П партиясы Орталық Комитетінің кеңестік жазушылар одағының жұмысы туралы соңғы шешімінде: біздің әдебиет майданымыздағы буржуазиялық ұлтшылдықтың қалдықтарын түбірімен жойып, тазалауды және оның жаңадан өршуіне мүмкіндік бермеуді заңды талап етіп, қатаң ескерту жасады. Қазақ әдебиетінің даму жолы – жас әдебиетті артқа тартып, кеңес әдебиетінің революциялық жолынан бөлектенуге жетектеген осынау бір басты зиянкестікке қарсы күресумен қалыптасты. БК(б)П және Қазақстан К(б)П Орталық Комитеттерінің соңғы жылдардағы идеология саласындағы көптеген мәселелер бойынша қабылдаған шешімдері, бізге, Қазақстан жазушыларына, көпшілігіміздің көптеген зиянды, идеясыз, буржуазиялық-ұлтшыл шығармаларымызды әшкерелеуге көмектесті».
Партиядан тысқары қалса да, ол кімді қолдаса, сол жақтың пікірі басым түсетін Ғабит Мүсірепов өзінің қашанғы әдетімен тура осы науқанда да тұлғалардың сілкілесуін сырттан бақылап, миығын тартып, соңында өзі де араласқансып сыздықтай сөйледі. Бұл – мысқыл емес, нақты өмір көрінісі. Соның нәтижесінде бейбіт өмірде – батыл, саяси науқанда – баспақ, Мұқанов пен Әуезовті теңшей салмақтаған «талқы таразысы» қалпын 1947 – 1953 жылдар арасындағы аласапыранда да сақтап қалды. Мысалы, 1952 жылғы 11сәуірдегі драматургия туралы мәжіліс те сілкілесусіз өткен жоқ.
Ғ.Мүсірепов: «Алайда, Жазушылар одағы тарапынан ұлтшылдықпен күресу барысында кеткен өрескел қателер мен үлкен кемшіліктерді Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің соңғы шешімі орынды көрсетіп отыр. Егерде, біз өзімізге өзіміз сын көзімен есеп берсек, өкінішке орай, біз ұлтшылдықпен күресе отырып, сол ұлтшылдықтың жандануына жағдай жасаппыз. Бұған, ең бірінші Одақтың төрағасы ретінде Мұқанов кінәлі, сонымен қатар, коллегиялды түрде басқаруға атсалысуға тиісті Төралқаның мүшелері – біздің де кінәміз аз емес».
Ол М.Әуезовке қосып С.Мұқановтың өзін де қармаққа іле кетті. Әр сөзін есептеп, терең саяси астар беріп, нығызданып тұрып, нығыздап сөйледі.
Ғ.Мүсірепов: «Қазақстан жазушылар одағы бір уақытта ұлтшылдықпен күресе отырып, оның жандануына жағдай жасауы кездейсоқтық па? Жоқ, бұл кездейсоқтық емес. Бұл біздің күресіміздің әлсіздігін, қатаң партиялық тәртіпті сақтай отырып жүйелі түрде, батыл және ашық күресе алмағанымызды танытады... Ұлтшыл қателікті сынаудың орынына сынды мещандық күрестің құралына айналдыру дегеніміз, біріншіден, сынның бүкіл саяси мәнін жою болып табылады, екіншіден, бұл пайда болып келе жатқан топшылдықтың отын қоздырудың жасырын амалы, егерде топшылдық жоқ болса, оны қолдан жасайды!», – деді (263 – іс, 29-30 бет).
Бұл жолы да екі арыстанның жұлқысуын қостамағандай көрінгенімен, «партияны және көпшілік бұқараны» жаңа қауіптен «сақтандырды».
Ғ.Мүсірепов: «Өткеннің мәдени мұраларын игеру мәселесін әлі қозғағамыз жоқ. Соған қарамастан, өткен күн мен фольклор тақырыбына арналған біздің біраз туындыларымыздағы идеялық жағымсыздықтар туралы хабарлар одаққа түсіп жатқан сыңайлы. Біз, бұл тұрғыдан алғанда Мүсіреповтің – «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері», Әуезовтің – «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр», «Айман – Шолпан», «Бекет», «Ақан сері – Зайра», «Қобыланды, Хұсайыновтың – «Шаншарлар», «Алдар Көсе», Тәжібаевтің «Ұшқыш кілем», «Біз – қазақпыз», «Күмбез», Жұмалиевтің – «Едіге» сиқты тағы да басқа пьесаларды қайта қарап, қайта бағалауға міндеттіміз. Өткеннің мұрасын сыни көзбен игеру тұрғысынан қарағанда бұл туындылардың бәрінің де кінәраттары бары анық. Мысалы, «Қозы Көрпештің» Мәскеу драма театрындағы қойылымы барысында маған Қодар бейнесін жаңаша шешу керек болды, оның санасы оянып, белгілі бір дәрежеде өзінің кінәсін жуғысы келеді. Сонымен қатар, осы жанрдағы біраз туындыларда эпосты қайта қорытуда ұлтшылдықтың тиірменіне су құятын тұстардың бары анық. Осы орайдан алғанда, менің ойымша, Тәжібаев жолдастың шығармашылығы ерекше көмек күтіп тұрғандай»,– деп келер күндерде алдарынан тосып тұрған эпос пен фольклор туралы талқылы жаңа науқанды емеуірін ете сөйледі.
Бұл – Ғабит Мүсіреповтің жеке басының ғана «көрегендігі» емес, кеңес өкіметінің партияның басшылығымен қақпайлап әкеле жатқан идеологиялық арандату саясаты еді.
Ғ.Мүсірепов: «Мұндай жайсыз жағдайға душар болудың басты себебі, одақтың басында отырған жетекші жазушылардың өздерінің біразының ұлтшылдық пен идеясыздықтың дертіне ұшырап келуі және қазір де сонымен ауырып жүр. Сондықтан да бізде принципті-партиялық біртұтас ұстаным жетіспеді, қазір де жетісіп отырған жоқ, соның кесірінен сын мен өзара сынға үрке қараймыз. Осыған орай ұйымның алдына бір сұрақ қойғым келеді: осындай жағдайсыз жағдайға олар тосқауыл қоя ала ма? Қазақстан Орталық Комитетінің соңғы қарарында көрсетілгеніндей, әдебиет майданын ұлтшылдықтан және одан басқа да идеясыздықтың қоқсығынан тазалау қолдарынан келе ме? Әрине, сөзсіз қолдарынан келетіні даусыз. Алайда ол үшін біздің одағымыз, оның ішінде басшылар, кеңес әдебиетінің жоғары идеялық-көркемдік талабының деңгейіне көтерілуі тиіс. Ол үшін, бірінші, партиялық сын мен өзара сынды принципі түрде жүзеге асырып, іс жүзінде төзіп болмайтын ақсақалдық өктемдікті доғару қажет.
Большевиктік сын қазір ұлтшылдық пен идеясыздықтың түп-төркінін терең ашып беріп отыр. Бұған тек осы дертке ұшырағандар ғана емес, сонымен қатар өзге де өзімшілдік пен тағы да басқа қасақаналықты мақсат еткендер ғана таласуы мүмкін. Партиялық сын мен өзара сын біздің көпшілігіміздің бойымыздағы ұлтшылдық пен өзге де қателіктеріміздің қыртысын ашып беді. Мұны жоюға бағытталған сынның аса пәрменді күшінің орыны үлкен. Біздің уақытымыздың көпшілігі бұрыннан белгілі, дәлелденген, таптауырын болған нәрселерді мыжғылаумен өтеді, ал одан шығудың жолы аз айтылады.
Большевиктік сын нені ашып берді? Большевиктік сын кейбір жазушылардың пікірі Кенесары Қасымовты дәріптеуде буржуазияшыл-ұлтшыл Бекмахановтың пікірлерімен ұштасып жатқандығын көрсетті. М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасында, қазақ әдебиеті тарихының бірінші томында, С.Мұқановтың «Балуан шолақ» повестінде, «XVIII-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктерінде», Жұмалиев пен Исмаиловтың оқу құралдарында, Бекхожиннің шығармаларында Кенесары халықтың көсемі ретінде, ал, оның көтерілісі прогрессивті болып көрсетілді. Олардың бұл еңбектерінде ұлтшылдықтың екінші беті − орыс халқына қарсылық көп орын алды. Бұл Исмаиылов пен Бекхожиннің ұстанымы ғана емес, сонымен қатар олардың ондаған жалдар бойы жүргізіп келе жатқан жүйелі әрекеті. Әуезов жолдастың соңғы жылдардағы ұлтшылдық сарындағы қателері, сөз жоқ, оның өткендегі идеялық тұрақсыздығымен, адасуларымен тығыз байланысты. Ол аз десеңіз, жазушы ретінде, ғалым ретінде жинаған барлық беделін әдебиеттің жас мамандарын тура сондай ғылыми ұстанымда дайындап келгені де даусыз. Басқа ешкім емес, тура Әуезов жолдастың өзі әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыздың ішінде ең бірінші рет халықтың зұлым жауы Кенесарыны жер-көкке сыйғызбай дәріптеп, аспанға көтерді. Мұқанов жолдастың өрескел қатесі де бұдан кем соқпайды. Ол өзінің «Очерктерінде» Едіге мен Қобландының, Кенесары мен Наурызбайдың, Көтібар мен Есеттің арманы Аманкелді Имановтың Октябрь революциясындағы күресі арқылы жүзеге асты деп жазды. Бұдан большевик комиссар Аманкелді Иманов Едіге мен Кенесарының арманы мен мақсаты үшін күрескен болып шығады. Сөйтіп, Сталин жолдас қазақтың Чапаевы деп атаған Аманкелді Иманов Социалистік Октябрь революциясының жемісі емес, Едігеден бері келе жатқан феодалдық қоғам батырларының ұрпағы болып қана қалады»,− деп бұларға тарихшылар Толыбеков пен Қыстауовты да қосақтап қойды.
Сөзінің соңында «ақсақалдықтың дертіне» қайтып оралып, сын мен өзара сынның «үлгісі» ретінде өзінде іліктіріп:
«Ең соңғы жазылмай келе жатқан дертіміз, біздің барлық таластарымыз бен шығармашылық талқылауларымыздың шылауына оралып қалмай келе жатқан ауруымыз, ол − жекелеген жазушы жолдастардың ұлтшылдық қателіктерді өзінің әдебиеттегі бірінші орында екенін дәлелдеуге ұмтылған күрес құралына айналдырып отыр. Жолдас Тәжібаевтың пайымдауынша: Мұқанов қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы деген атқа ие болуы үшін Әуезовпен бақталастырып жүрген көрінеді, ал Саин болса, Орталық Комитеттің отырысында ешқандай шімірікпестен: Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов үшеуі әдебиеттің ақсақалы атану үшін өзара бақталастырады − деді. Сын мен өзара сынды өрістету барысында топшылдықтың көрініс беретінін жоққа шығармаймын, керісінше, өзімді де, өзгені де осы бір ұлттық дерттен сақтануға шақырамын. Бұл − ондай дерт менде жоқ дегендік емес»,− деп ойын қорытты.
Бұл да сол қызылөңеш кезеңге тән тақыс тәсіл. Мұндай қыздырмадан қалыс қалу, еруліге қарулы көрсетпеу өзіңнің «жаулығыңды мойындаумен» пара-пар. Сондықтан да «жанр заңына байланысты» М.Әуезов те мінбеге көтерілді. Ол ұлтшылдық деген не және оны қалай тану керектігі жайлы ұзақ толғап, айтарын әріден бастады:
М.Әуезов: «Осында қатысып отырған жолдастардың бәріне де белгілі, соңғы он күнде, соңғы бір айда мерзімді басылымдар мен республикалық газеттерде БК(б)П Орталық Комитетінің «Звезда» мен «Ленинград» журналдарындағы қателіктер туралы тарихи қарарының қабылданғанына бес жыл толуы аталып өтіп жатыр. Соған орай осы біз талқылап отырған мәселе бойынша одақтас республикаларда да мәжіліс өтіп жатыр. Мұның үстіне «Правда» газетінде «Әдебиеттегі идеологиялыық бұрмалаушылықтар» жөнінде мақала да жарияланды. Біздің әдебиетімізге қатысты үлкен жиналыстар өзімізде де өтті. Бұл өзіміздің Орталық Комитеттің 1951жылғы 14 тамыздағы қаулысынан да көрініс тапты. Қазір барлық жерде және бәрінің алдына бір ғана өте үлкен, өте маңызды, өмірлік мәні зор идеология майданын тазалау, соның ішінде, әдебиеттегі ең үлкен олқылық – бүкіл бір ұйымды, жекелеген жағдайда – көптеген жетекші жазушыларды – ұлтшылдықтан арылту мәселесі қойылып отыр. Буржуазиялық ұлтшылдық дегеніміз – тарихи, саяси тұрғыдан алғанда да оның сүлдесін ысырып тастап, мәңгілік бас тартқаннан соң да жекелеген жазушылар мен ғылым қайраткерлерінің санасынан оңайшылықпен кетпейтін өміршең құбылыс. Ұлтшылдық дегеніміз саналы түрде болсын, не санасыз түйсік арқылы болсын, бүкіл қоғамның ағзасына зиян келтіретін күйдіргі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |