Сондықтан да мен Қазақ ССР Ғылым Академиясының жалпы жиналысынан мені президенттік міндеттен босатуды қатты өтініш етемін, сөйтіп менің бұдан былай өзімнің сүйікті геология ғылымы саласында бірыңғай қызмет етуіме мүмкіндік берулеріңізді өтінемін.
Қазақ ССР Ғылым Академиясының жаңа президенттігіне өз тарапымнан – кен орындарын өңдеудің ірі маманы, қазақстанның ауыр өнеркәсібінің даму мәселелерінің білгірі, мемлекеттік және ғылыми-өндірістік тәжірибесі мол, жас, денсаулығы жақсы, қуатты Димаш Ахметұлы Қонаевтің кандидатурасын ұсынамын әрі қолдаймын, оның жоғарыдағы қасиеттері Қазақ ССР Ғылым Академиясының ғылыми өмірі мен қызметін тиісті деңгейде басқаратынына үмітпен қараймын. Академик Сәтбаев»,– делінген.
Сөйтіп, төрт жылға «өндірістік демалыс» алды. Әрине, мұның астарында үлкен жүректің үлкен күйзелісі жатты. Д.А.Қонаев Ғылым академиясының Президенті ретінде өзінің №1 бұйрығымен: кеңес өкіметіне зиянкестігі үшін, академиямен байланысты үзгені үшін М.П.Русаковты, А.Қ.Жұбановты, Қ.Жұмалиевті Ғылым академиясының толық мүшелігі және корреспондент-мүшелігі атағынан айырды, №2 бұйрығымен Қ.Сәтбаевті геология институтының директоры қызметіне тағайындады.
Иә, бәрі де амалсыздың амалы еді.
ІІ.
Бұл кезде Мұхтар Әуезовтің де жеке басы таразыға тағы да тартылып жатты. Кенесары қозғалысының дауыл толқыны көтеріліп басылар деген үмітте болды ма, әлде Абайдың рухына сенді ме, кім білсін, сол көктемде Әуезов ағысқа қарсы жүзді. 1951 жылы 9 наурыз күні Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылыми Кеңесі Қ.Мұхамедхановтың «Абайдың ақындық мектебі» деген тақырыптағы диссертациясы туралы мәселе қарап, Қ.Жұмалиев пен С.Нұрышевтің қарсылығына қарамастан, 6 адам жақтап, 1 адам қарсы болып, Тарих, этнография, археология институтымен біріккен кеңесте қорғауға жіберілді. Диссертация 7 көкек күні қорғалды. Кеңестің төрағасы М.Сауранбаев, оппоненттері Сильченко мен Әуезов, талқылауға қатысқандар: Қ.Жұмалиев, Тастанбеков, С.Нұрышев, Е.Бекмаханов, С.Аманжолов, Балқашев, Усанович, Тұрғамбаев, Б.Сүлейменов, М.Ғабдуллин т.б. Оппоненттердің пікірінен соң сөз алған Қ.Жұмалиев:
«Қызық, диссертант Әуезовтің бұл қателігін қатты сынаудың орынына оның жетегінде кеткен. Ал Әуезов жас ғалымға дұрыс бағыт берудің орынына, ғылыми Кеңестің алдында оған ғылыми дәреже беруді ұсынады... Бұл диссертация ғылымға қарсы ұстанымда жазылған. Мұнда Кенесары Қасымовты әспеттеген ақындардың шоғыры топтастырылған, пантүркизмнің, панисламизмнің идеяларын жаңғыртады, өзінің көзқарасы жағынан халыққа қарсы, жат ақындарды ақтауға тырысады»,– деп диссертантты да, оппонентті де, Көкбай, Әріп, Тұрағұлды да да жерден алып, жерге салды.
Ал әйгілі кер азу С.Нұрышев тура Әуезовтің жағасына жармасты:
«Сонымен, Әуезов, Абай мектебі дегеніміз – бұл негізінен араб-парсы әдебиетінің ықпалының негізінде қалыптасқан шығыстық софылық мектебі деп қарайды»,– деген сыңарезулей жөнелді.
Н.Сауранбаевтің: «Сөйлеушілерді Мұхтар Әуезовтің жеке басы туралы емес, диссертация жөнінде пікір білдіруге шақырамын. Ғылыми мәселені талдауға көшейік»,– дегеніне жоғарыдағы екі адам ырық бермей, диссертацияның беталысын басқа арнаға – әшкерелеуге бұруға ұмтылды.
Оларды сыналап кіріп сөз алған Тұрғамбаев, Б.Сүлейменов, С.Аманжоловтың пікірлері көзге ілінбей қалды. Ақыры М.Әуезовтің өзі екінші рет мінбеге көтеріліп, диссертацияның ғылыми мәнін түсіндіре келе:
«Сіздерді бұл қырқылжыңға итермелеп отырған ғылыми мүдде емес, 12 жыл бойы адал және байыпты зерттеу жүргізіп, бүгін ғылыми Кеңестің алдында қорғауға шығып отырған жас ғылыми қызметкерді мұқату пиғылы. Ол сөзсіз алғыр ғылыми қызметкер, талантты және ұқыпты зерттеуші.Оның қатесі де бар шығар, бірақ оны сіздер түзете білулеріңіз керек, біздің партиялық принцип дегеніміз қайда, ғылымның мүддесіне обьективті түрде қарайтын ғылыми көзқарас қайда? Сіздер Абайды шәкірттерінен бөліп ұстағыларыңыз келе ме, сіздер Абайда ешқандай шығыстық нышан мен қайшылық жоқ дейсіздер ме?... Жоқ, сіздердің бұл әрекеттеріңіз ешқашанда жүзеге аса қоймас! Сіздердің бұл сыңарезулеулеріңіз ғылыми мәселені, диссертацияны талқылаудың шегінен шығып барады. Сіз екеуіңіз, осы диссертацияға зиян келтіру арқылы Әуезовті мұқатқыларыңыз келіп, алдын-ала қамданып келгенсіздер, ал бұл дегеніңіз барып тұрған жікшілдік, одан басқа ештеңе де емес!»,– олардың бетін қайырды.
Дауысқа салғанда: 10 адам – қостап, 7 адам – қарсы дауыс берді. Сөйтіп, шартты түрде М.Әуезовтің ұстанымы уақытша үстемдік құрды. Алайда «Абайдың ақындық мектебі» мәселесінің нағыз талқысы алдағы күндерге қалып еді.
Абайтану ілімі мен Абайдың ақындық мектебі Жазушылар одағының партия ұйымы мен қалалық партия ұйымының 1951 жылғы 13-маусым күнгі біріккен мәжілісінде және 20-маусым күнгі Ғылым академиясы мен Жазушылар одағы бірігіп өткізген жиналыста шұғыл да шөгел талқыланды. Ол үшін сол тұста «Абай» романының орысша аудармасы мен журналдық басылымын өңдеу үшін Мәскеуде жүрген М.Әуезовке 15 мамыр күні Қ.Сәтбаев:
«Сіздің шақырылуыңыз тек қана абайтану туралы дискуссияға қатысты... Сіздің дәлелді себептеріңізге байланысты дискуссия 15 маусымға қалдырылды»;
М.Ғабдуллин 23 мамыр күні:
«Сіздің баяндамаңыз дикуссияның бағдарламасына енгізілді, қай тілде сөйлейтініңізді хабарлаңыз. Абайдың ақындық мектебі – баяндамашы С.Мұқанов, Орыс әдебиетінің Абайға ықпалы – баяндамашы С.Нұрышев. Жеке жолдастар да сөзге дайындалып жатыр»,– деп жеделдете хабар жіберді.
Екі жиналыста қаралған мәселе де және онда сөйлеген адамдар да, олардың пиғылдары мен пікірлері де бірдей. 14 маусым күнгі Ғылым Академиясының президиумындағы Қ.Сәтбаев жүргізіп отырған алқа мәжілісінде де М.Әуезовке сөз берілген болатын. Сондықтан да қайталау мен шашыраңқылыққа ұрынбас үшін екі мәжілістегі сөздерді қосарлай жарыстыра пайдаландық.
Жазушылар одағындағы жиналыс стенограмма бойынша Қ.Жармағамбетовтің:
«Енді Абай мектебі туралы мәселеге көшемін. Бұл туралы кандидаттық диссертация қорғатуға дейін барған Әуезовтің ұстанымы бар, сондай-ақ оған қарсы Жұмалиевтің және оны қостайтын өзге де әдебиетшілердің пікірі бар, бұл мәселе туралы мен де пікір білдіргемін. «Шындық таласта туады» – деген, сондықтан да бұл мәселені жолдастық, ашық пікір, ғылыми-талап тұрғысынан талдап, бір шешімге келуіміз қажет»,– деген сөзімен басталады.
Осы арада М.Әуезов орынында отырып:.
«Әуезов: Бірақ сілейтіп (охаиваниия) салу тұрғысынан болып жүрмесін»,– деп реплика (сонда, 36 іс, 97-бет) тастапты.
Жазушының шыдамсыздық көрсетуі тегін емес болатын. Осының алдындағы Кенесары туралы талқыда қазіргі жиналыс жүргізушінің өзі ескертіп өткендей, алаңы мол пікір ұсынған болатын. Онда Қ.Жармағамбетов:
«Диссертация қорғаушы Қ.Мұхамедханов Абай мектебінің шәкірттеріне балаларының ішінен Ақылбай мен Мағауияны, достарының ішінен Көкбай мен Әріпті, тағы басқаларды қосады. Осы шәкірттердің шығармашылығын талдай келе диссертация авторы: Абай үнемі оларға тақырып ұсынып отырды, шығармашылығына күнделікті көмек көрсетіп отырды, – дейді. Бұл жорамалға өзінің «Абай және оның орыс достары» атты кітабында Жиреншин де оп-оңай қосыла кетеді. Бұл пікірді өзінің «Абай Құнанбаевтің өмірі мен шығармашылығы» атты 1945 жылы Мәскеуде орыс тілінде шыққан Абайдың бір томдығына жазған алғысөзінде Әуезов те қостайды. Әуезов жолдас онда: «Абайдың ақылымен жазылған Мағауияның ең озық дастаны – «Медғад – Қасым», ондағы оқиға Нілдің бойында өтеді, құл мен қожайынның арасындағы қақтығыс суреттеледі, ал екінші дастаны – «Шәміл» дастанында Кавказдағы патшаға қарсы көтерілістің белгілі көсемі Шәміл туралы баяндалады... Абайдың тапсырмасымен және оның етене қатысуымен Көкбай атақты Кенесары көтерілісі мен оның пашамен ұзаққа созылған қарулы күресін тарихи дастан етіп шығарды»,– деп (18-бет) жазады.
Менің ойымша, Әуезов те, Жиреншин де, Мұхамедханов та бұл арада екі бірдей қателік жіберген.
Бірінші, Шәміл мен Кенесарыны көтерілісшілердің көсемі етіп көрсеткен, өз халықтарының тәуелсіздігі жолындағы күрескері ретінде бейнеленген дастандарды жазуға Абай ұсыныс берді деп, оған телуге болмайды. Жолдас Әуезов Абай жөнінде кімнен болса да жақсы біледі, оған Абайдың өзінің батыр-қарақшыларға арналған, ал Шәміл мен Кенесары шындығында да солардың қатарына жататыны анық, сөздері белгілі. Абайдың өзі:
Батырды айтсам, ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап.
Әншейін күн өткізбек әңгімеге,
Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап,–
демеп пе еді.
... Сондықтан да біздің әр қайсымыз осы күнге дейін нәр алып жүрген бүкіл қазақ әдебиетінің классигінің шәкірттерінің қатарынан балалары мен діндар-реакционерлерді алып тастасақ, одан оның беделі кемімейді. Абай өз балаларының жақсы әкесі, өзінің жолдастарының жақсы досы болған шығар, бірақ, ақын ретінде, қазақ әдебиетінің классигі ретінде революцияға дейінгі демократиялық әдебиеттің және қазіргі қазақ кеңес әдебиетінің тұтас бір талантты ақындар шоғырының ұстазы әрі өнегесі болып табылады»,– деп бір Абайды екіге бөліп тастаған еді.
Яғни, жалған идеология мен аяр саясаттың құрбандығына қасым етіп, баласынан, досынан айырып, «моласындай бақсының жалғыз қалдырды. М.Әуезовті де алаңдатып отырған түйткіл де осы еді. Өйткені, бұл екі мәселе ушығып кетсе, өзінің бүкіл ғұмырының мәні болып табылатын «Абай» романына да қауіп төнетін. Бірақ үміті ақталмады, Құнанбай айтқандай, «қаупі неден болса қатері де содан еді».
Ғылым Академиясындағы ғылыми мәжілістің «төрағасы М.Ғабдуллин бұл жиналыстың мақсатын:
«Жолдастар! Ғылым академиясы мен Жазушылар одағының бірлескен кеңесінде абайтану ілімі туралы пікір таласына кейбір қорытындылар шығару туралы комиссия құрылған болатын. Екінші, абайтану саласында атқарылатын алдағы жұмыстардың бағыт-бағдары жасалуы тиіс. Соның ішінде Абайдың ақындық мектебі төңірегіндегі пікірлерді қорытып, кімді Абайдың шәкіртінің қатарына қосу керек, кімді қоспау керек, сол жөнінде обьективті шешім қабылдауға тиіспіз. 1954 жылы Абайдың қайтыс болғанына 50 жыл толады. Осыған орай ҚК(б)П Орталық Комитеті Абайдың шығармаларын екі тілде шығару туралы шешім шығарды. Абай поэзиясын кезеңге бөлу мен оның кейбір өлеңдерінің текстологиясы жайында даулы пікірлер қозғалып жүр. Абай шығармаларын жариялауда қандай дайындық жұмыстарын жүргіземіз, соны осы кеңесте анықтап алғанымыз дұрыс. Үшінші: бұрмалаудан, жалған талдаулардан тазарған Абайдың жаңа ғылыми өмірбаяны жөнінде де пікір алысуымыз қажет. Соған байланысты Абай шығармашылығын зерттеу мәселелерінің бағыт-бағдарын да анықтауымыз қажет шығар. Соңында, біздің шешімімізде Абайдың әдеби мұражайы немен айналысу керек деген мәселе қамтылу керек»,– деп (сонда, 34-іс, 26-бет) таныстырыпты.
Бұл Мұхтар Әуезовке бағытталған идеологиялық кезекті бір шешуші соққы болатын. Ол екі кеңестің де стенограммасынан анық аңғарылады. Бас баяндамашылар Сәбит Мұқанов пен Қажым Жұмалиев, қосымша баяндамашы С.Нұрышев. Сонымен бағыт пен басты қарауыл анықталды, «мергендер» белгіленді.
Қарауыл, қазақы атауға жүгінсек қарақшы, әрине, Абайды «бұрмалап, жалған талдаған», «Абайдың ақындық мектебін ойлап тапқан», Абайға «исламият туралы өлең жаздырып» (солай демеске лаж да жоқ), оны жинаққа кіргізген, Абайға рухани опасыздық жасаған және оны зерттеуге дәрменсіз адам – Мұхтар Әуезов болып шықты. Бұл науқан үш жыл қатарынан жүргізіліп келе жатты. Сонда да «алып бәйтерек» шайқалса да құламай, теңселіп тұрған. Басты әшкерелеушілер – сол тұстағы Мұхтар Әуезовтің «жеке дұшпаны» (өз сөзі) Қажым Жұмалиев және орталау мектептің білімімен «Абай шығармаларының алғашқы кезеңі» деген абайтану ілімінің «шаңын шығарған» кандидаттық диссертация қорғап, онысы кейін әшкереленген жалаңтөс С.Н.Нұрышев – жиырмасыншы жылдардың соңында «Абайдың буржуазиялық-ұлтшыл философиясының тамырына балта шауып, қазақ руханиятын қоқыстан тазартайық» деп шу шығарған І.Қабыловтың мақаласының атын сәл өзгертіп алды да «Абайдың шығармашылығын зерттеудегі буржуазияшыл-ұлтшыл бұрмалаушылықтың тамырына балта шабайық» деген тақырыпта баяндама жасады.
Кейіннен анықталғанындай және өзінің мойындауынша, бұл білімсіз жалаңтөстің айтақшысы – Орталық Комитеттің жазалау қызметін бағыттап отыратын идеология бөлімі мен партиялық бақылау комиссиясы, қауіпсіздік мекемесінің идеологиялық қарсы күрес бөлімі, «Правда» газетінің Қазақстандағы тілшісі А.Черниченконың маңына топтасқан «жұмыс тобы», оның ұйымдастыруын қадағалаған Сақтаған Бәйішев, орындалуына жауапты адам Қажым Жұмалиев екені анықталды. Қазақстандағы «қызыл науқанды» «Правданың» бас редакторы Л.Ф.Ильичев, сын және библиография бөлімінің меңгерушісінің орынбасары В.Озеров бақылар, кеңес беріп отырған. «Гүлденген Қазақстанның саяси-экономикасының идеологиялық негізін қалаған», ерекше бөлімнің әскери комиссары, 1946–1954 жылдардың арасындағы саяси қысымның бас идеологі, 1947 жылы «Профессор М.Әуезов өткеннің шырмауында» деп мақала жазып, ашық күнде найзағай ойнатқан С.Бәйішевке қарсы М.Әуезов ешқандай уәж айта алмайтын. Ол – кеңес идеологиясына қарсы шығумен бірдей болатын.
Ал Мұхтар Әуезовтің қара тілдің шешені, азулы Қажым Жұмалиевке жалын тістеткенімен, үйіріне жолатпайтындай айбары бар болатын және оған қарсы нәтижелі түрде күресе білді. Жек көрініштің тамыры қайда жатқанын кім білсін, адам ретінде де олар бір-бірінің тіршілігін тілемеген, Абайдың ақындық мектебі олар үшін айқас алаңы ғана болған сияқты. Ауыр сөз, бірақ, шара қайсы. Бұл – талқылауды, дәлелдеуді қажет етпейтін, шиін шығармай қалдыратын тылсым тақырып.
Ал ешқандай білімі мен ғылыми салмағы жоқ С.Нұрышев «күштінің қолжаулығы», бар ғылыми мақсаты: «Мен Әуезовтің өзін былай сүмірейткемін!»,– деп (Қ.Мұхамедханов) атын шығаруға ұмтылған қазақтың Геростраты ғана. Мүмкін, өмірінің жалғыздықпен аяқталуына да сол жанығудың зауалы тиген шығар, кім білсін.
Әуезовтің қара басын қарауылға алған баяндаманы толық келтірудің, тіпті ішінара келтірудің ретін таппадық. Үш жыл бойы Мұхтардың басына қамшы үйірген С.Нұрышевтің ұстанған пікірін тұжырымдап қана түйіп береміз және ойымызды ширақтай дамыту үшін қосымша баяндамадан бастадық.
С.Нұрышев: «1. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін буржуазияшыл ұлтшылдар, пантюркистер, панисламистер Абайдың атын бетқап етіп жамылып өздерінің дұшпандық, кеңеске қарсы көзқарастарын қазақ әдебиеттануына бүркемелеп енгізді. Мұндай саяси, идеологиялық ұлтшыл қоқыстан арылтпай Абайды зерттей алмаймыз.
2. Абайдың шығармаларын таптық қайшылықтардан, шығыстық реакциялық ықпалдан тазартуымыз керек.
3. Абайдың ақындық мектебі деген маркстік, лениндік, сталиндік ілімге қарсы тас-талқаны шығарылып талқандалған қылмыстық тұжырымдаманың тамырын мәңгілікке отап тастауымыз керек. Ол үшін:
4. Өткендегі буржуазияшыл, ұлтшыл, феодалдық, пантюркистік, панисламистік идеясын бүгінге дейін бүркемелеп келген;
5. Абайтанудан дәріс өтетін, «Ақын аға» атты романы арқылы теріс тұжырымды насихаттаған;
6. Алаш идеясын «Абай» журналы арқылы насихаттаған;
7. Контрреволюцияшыл «алашордашыл жастардың көсемі»;
8. Орыстарға қарсы үгіттейтін «зар заман» теориясы мен «Хан Кененің» авторы;
9. Абайдың буржуазиялық-панисламистік, шығыстық реакциялық шығармаларын бұрмалап талдаушы;
10. Пушкинді, Лермонтовты еркін аударды деп Абайдың орыс әдебиетінен үйренгенін жоққа шығарушы, сөйтіп, Абайдың жалақоры болып отырған, онымен де шектелмей,
11. Әдебиет тарихын зерттеуде контрабандалық жолмен айналысып, А.Байтұрсыновтың «Қаздар» атты мысалын Абайдың атынан жариялатқан;
12. «Қазақ ССР тарихы» мен «Қазақ әдебиетінің тарихына» Кенесары туралы талдауларды «сана ағымын» ұстана отырып енгізген;
13. Өзінің ғылымға жат, дұшпандық идеологиялық марксизмге қарсы ұстанымын М.Дүйсенов, қазір халық жауы ретінде әшкереленіп, ғылыми дәрежесі алынып тасталған Қайым Мұхамедханов сияқты шәкірттері арқылы өткізіп жіберуге тырысқан;
14. Сөйтіп, қоғамдық ойды адастырған;
15.З.Кедринаға өзі туралы зерттеу жаздырып, одақтық деңгейдегі әдебиеттану ғылымын жалған жолға салған;
16. Абай мұражайына жалған деректер мен мұрағаттар жинау арқылы халық жауларының идеясын насихаттаған,
бұл айтылғандардың барлығы да оның отыз жылдан бері әдебиет саласына енгізген бұрмалаулары мен саяси қателігін, оның нағыз бүркемеленген бет-бейнесін толық ашып бере алмайтын М.Әуезовтің ұлтшыл-буржуазиялық, дұшпандық ұстанымын әшкерелеп, әдебиеттану ғылымын ұлтшыл көзқарастан тазартқанда ғана ілгері баса аламыз,– деген мазмұнда айып тақты.
Мұндай тармақ-тармаққа бөлініп, уытты тілмен тұздықталған, «неғылайынсыз әшкерелеулер» М.Әуезовтің тергеу ісінде де кездеспеген. Қазір езу тартқызғанмен, ол кезде жағыңды айыратын айыптар еді. Үш жыл бойғы талқы осы бағытта өрбіді. Талқылау мен сілкілесу барысында бұл тармақтардың өзі бұдан да ұсақ және шетін тақырыптарға бөлініп кетті. Біз сол кездің ауа райын аңдату үшін ғана үш жылға созылған бұл айтыстардың жекелеген тұстарындағы шарпысуларды жинақтай қамтып, қорытынды отырыстағы хаттаманы ықшамдап назарға ұсынамыз.
Қ.Жұмалиев: «Мұхамедхановтың диссертациясында… бірінші оппонент ретінде Әуезов сөз алды, ол бұл жұмысты өте мақтап, аспанға көтерді. Мен бұл диссертацияны бізге жат ұлтшыл, панисламистік идеяны көпе-көрінеу өткізіп жіберу деп есептеймін. Неге?
Біріншіден, Абайдың шәкірті ретінде Тұрағұлды ұсынады, ал ол болса кезінде халық жауы ретінде Қазақстан территориясынан қуылған болатын. Диссертанттың пікірі бойынша, Абайдың екінші шәкірті – коллективтендіруге қарсы шығып, Шыңғыстауда қарулы бандылар көтерілісін басқарып жүргенде қызыл армия бөлімдерімен атыс кезінде өлген Шәкерім Құдайбердиев екен, ал оны Әуезов 1933 жылы-ақ Абайдың шәкірті есебіне қосқан болатын (Абай шығармалары, 1933 жыл, 383-бет).
Мұхамедханов: Абайдың ең жақын досы және талантты шәкірті – аса ірі дін өкілі, ірі феодал, орыстарды, өзбектерді, қырғыздарды және қазақтарды қырған, бүгін партия мен кеңес бұқарасы әшкерелеп отырған Кенесары мен Наурызбай туралы дастан жазған Көкбай еді, – деп есептейді.
М.Әуезов өзінің 1933 жылы ұстанған Көкбай туралы қате пікірін тұрақты түрде табандап қорғап келеді және Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы большевик партиясының орталық органы «Правда» газетіндегі мақаладан соң да, ҚК(б)П Орталық Комитетінің ол туралы шешімінен кейін де бізге жат осы тұжырымды Мұхамедхановтың диссертациясы арқылы өткізіп жіберуге тырысып келеді. М.Әуезов Абай мектебінің үздік өкілі деп бағалаған Көкбайдың «Кенесары – Қаншайым» дастаны қандай екен, тыңдаңыздар:
Қылышын суырып алып қынабынан,
Адамның дауысын естіп құлағынан.
Шаһарға «Абылайлап!» кіріп кетті,
Кем болмай түлеп ұшқан қыранынан.
Көп қойға бір көк бөрі жүрген кіріп,
Басына қалқан ұстап, сауыт киіп.
Бәрін де тыстағының қырғаннан соң,
Көшеге жан шықпады ауызы күйіп.
Көшеге еш бір адам шықпаған соң,
Шаһардың өрт қояды бір шетінен...
Дастанда Наурызбай кімді өлтіреді? Орыстарды. Кімнің қаласын өртке орайды? Орыстардың. Көкбай Кенесарыны неге мадақтайды? Бір жолда 99 өзбекті өлтіргені үшін. Қасымовтарды ақын не үшін мақтайды? Қырғыз бен қазақ елінің бейбіт тұрғындарын қатыгездікпен аяусыз қырғаны үшін.
Міне, Әуезов кімді Абайдың шәкірті, досы, халық ақыны деп есептейді. Әуезовтің осы пікірімен келісеміз бе? Жоқ, ешқашанда. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, өзінің Абай туралы соңғы зерттеулерінде оның шығармашылық қайнар көзі, орыс әдебиетімен байланысы туралы дұрыс талдағанына қарамастан, бәрібір, Мұхамедхановтың еңбегі туралы пікірінде диссертанттың: оның өзінің `(Әуезовтің – Т.Ж.) «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы №11-12 сандарында жарияланған, онда М.Әуезов Абайды Гаспиринскийдің, Ауғанидің, Ғабдукудің және басқа да таза панисламистердің идеялық жалғастырушысы ретінде көрсеткен пантүркістік, панисламистік мақаласына жасаған сілтемесімен ымрыраластық білдірді.
Үшіншіден, 1951 жылы ақпандағы «Правданың» мақаласынан кейін де М.Әуезов доцент Смирнованың «ХҮІІІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің очерктері» атты еңбегіне маркстік зерттеу деп баға берді, ал бұл еңбекте идеологиялық тұрғыдан жат, зиянды сілтемелер келтірілген, олардың қатарында халықтық шығарма деп бүркемеленген «Алашорданың» көсемдерінің бірі Жұмабаевтің шығармасынан үзінді келтірген. Бұл Әуезов үшін масқара жағдай.
Исмаиыловтың, Кенжебаевтің, Қоңыратбаевтың және басқалардың еңбектерінде жіберілген ұлтшылдық қателер Әуезовтің мадақ пікірлерімен тікелей астасып жатқаны ешкімге құпия емес.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Нарманбет Орманбетовтің өлеңдер жинағы шықты, Исмаиылов оны да демократ халық ақыны деп Абайдың шәкірттерінің қатарына қосты, Әуезов ол жинаққа жақсы баға берді және оның редакторы болды. Ал бұл «ақын» «Алашорданың» мүшесі болды және өлерінде өзінің барлық мүлкін контрреволюциялық ұйымның пайдасына қалдырды. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінде 1919 жылы жазылды.
Әуезов мұны шынымен білмеді ме? Менің ойымша мұны оның білмеуі мүмкін емес.
Бізге жат осындай идеологияны өткізіп жүруін кездейсоқтық дейміз бе? Жоқ, кездейсоқ емес. Бұл қандай да бір жүйеге түсірілген, нақты бір мақсаты бар тұжырым.
М.Әуезов өзінің осы қателерін батылдық танытып, шын жүректен мойындаудың орынына, қасарысып, өзінің осындай саяси зиянды тұжырымдарын өзінің шәкірті-міс деп есептейтін – Исмаиылов, Қоңыратбаев, Мұхамедханов, тағы басқалар арқылы табанды түрде дәлелдеуін жалғастырып келеді, өзімен пікірлес тарихшылардың қатарына Сүлейменов сияқты әдебиеттен хабарсыз адамдарды қосып алды, сөйтіп, олар Әуезовтің қолындағы шоқпарға айналды, өзінің өрескел саяси қателерін көрсетуге ұмтылғандарды Әуезов солардың көмегі арқылы есеп айырысады» (сонда, 36 –іс, 74 -75- беттер).
Сәбит Мұқанов өзінің «Абайдың шәкірттері туралы» баяндамасының негізгі пікірлері біз қысқарта пайдаланып отырған мына мәселелерді қамтыды және оның барлығын тек қана М. Әуезовке қарата айтты:
«1) Абайдың шәкірттері немесе жолын тұтушылар кімдер? Бұл сұрау бірінші рет бұдан 40 жыл бұрын туды. 1911 жылы Орынборда шығатын «Қазақ» газетіндегі мақалаларында байшыл- ұлтшылдар Абайды өздерінің рухани атасы ғып көрсетпек болды.
2) Екінші рет бұл сұрау 1918 жылы қайталанды. «Алашорда» партиясының Семейдегі облыстық комитеті сол жылы Семей қаласында «Абай атты революцияға қарсы журнал шығарды... Журнал паназияттық ұран шақырып,шығыс атаулының алдына млитарстік Жапонияны үлгіге тартты. Осы шектен шыққан реакциялық журналдың бесінші санында бас мақала боп «Абайдан соңғы ақындар» деген мақала шықты, авторының псевдонимі – «Екеу». «Екеудің» кімдер екені бізге мәлімсіз, ал мақаланың мазмұны – революцияға қарсы, сонымен қатар, халқымыздың ардақты ақыны Абайға жапқан жала, жаққан күйе. Өйткені, бұл мақалада «Екеу» революцияға дейін ашықтан-ашық байшыл-ұлтшылдық бағытта болған, революция жылдары совет өкіметіне сөзбен ғана емес, іспен қарсы шығып, «Алаш полктарын» құрып, қызыл армиямен соғысқан Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты алашордашыларды Абайдың шәкірті еді – дейді.
3) «Абайдың шәкірттері кімдер?» деген сұрауға, үшінші рет, советтік дәуірде Ташкент қаласында шыққан «Шолпан» атты журнал жауап бермек болды. Журналдың 1923 жылы шыққан 2-3 және 4-5 сандарында «Қоңыр» атты псевдониммен біреу «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген мақала жазды. Мақаланың авторы, жоғарыда, «Абай» журналында жарияланған «Екеудің» пікіріне түгел қосылып, ондағы революцияға қарсы пікірді тереңдетті, Совет өкіметіне қарсы құралды күрес жүргізген Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтан бастап, «Абайдың шәкірттері» деген тізімге он ақын, жазушының атын тіркеді, солардың жетеуі – Октябрь революциясына, Совет өкіметіне ашық қарсы боп, қазақ халқының тарихында қара тақтаға жазылғандар.
Достарыңызбен бөлісу: |