4) Әуезов жолдастың Шәкәрім мен Көкбай туралы сөздері саяси қате пікір екендігіне, бұл айтылғандардың көпшілігі Абайдың таза бетіне күйе жағу болатындығына кейінірек толық ораламыз. Әзірге айтарымыз, осы пікірін Әуезов кейінгі мақалаларында да қолдап, халық жауы Шәкәрімнің атын 1940 жылы Москвада орыс тілінде шыққан «Абайдың өлеңдері мен поэмалары» деген кітапта да (18-бет) қайталайды. Абайдың 1940 жылы басылған Шығармаларының толық жинағына жазған мақаласында, Әуезов жолдас Абай «шәкірттерінің» тізімінен Шәкәрімді шығарады да, оның орнына саяси бетінде Шәкәрімнен түк айырмасы жоқ Тұрағұлды қосып, ол туралы: «Шыныда да Абайдың уағыз-өсиет айтып, адам болсаң сен ғана боласың, үміт қылатын сендер ғана дейтін ет-бауыр, жақын жастары да осы Көкбай, Тұрағұл болатын»,– дейді (269-бет). Тұрағұл Абайдың 1948 жылы шыққан Толық жинағында өте сүйкімді сөздермен аталады, осы кітаптың 121-бетінде, Абаймен түскен фото-суреті басылады.
1951 жылы, 6-апрель күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі» деген Қайым Мухамедхановтың диссертациясына Әуезов мақтап пікіp айтады, соның ішінде де Тұрағұл мақталып жүр. Осы жылы баспаға берілген «Абайдың шәкірттері деген өлеңдер жинағына Әуезов ұзақ кipicпe cөз жазады да, «Абайдың шәкірттepi» деген тізімге, Абай ауылында әр кезде молда боп, қадым жолымен бала оқытқан Мүрсейіт, Махмұд, Самарбай деген адамдарды кіргізеді. Сөйтіп Әуезовтің әр жылда жазған мақалаларында, «Абай шәкірттері» деген адамдардың тізімдері кеңейе береді.
5)Бірінші – Шәкәрім Құдайбердин. Бұл адам революцияға дейінгі діншілдік-ұлтшылдық бағытта жазған адам. 1917 жылы pеволюцияға қарсы ұйымдасқан «Алашорда» партиясының Семейдегі Облыстық съезін «Алаш ақсақалы» боп ашқан адам, революцияға қарсы бағыттағы «Абай» журналы мен «Сарыарқа» газетіне октябрь революциясына қарсы мақалалар жазған адам. 1929 жылы бай-кулактарды бастап, Шыңғыстау ауданында совет өкіметіне қарсы құралды көтеріліс жасап, жазықсыз талай адамды өлтіріп, өзi атыста оққа ұшқан адам. Бұндай бандитті, ол атылып өлгеннен кейін де, Мухтар Әуезов жолдастын 1934 жылы да, 1940 жылы да «Абай шәкірттері»нің тізіміне қосып мақтауы oйға сыймайды.Әуезов жолдастың, Шәкәрім бандит боп өлгеннен кейін де, оған мейрімді көзбен қарауы, ең жеңіл тілмен айтқанда – ұят.
Әуезов жолдастың былтыр басылып шаққан «Ақын аға» деген романында, Абай шәкірттерінің бірі боп Шұбар деген жүреді. Оның Шәкәрім екені өзінен-өзі көрініп тұр, өйткені, ол, Мағауиямен жарысып, «Еңлік-Кебек» атты поэма жазып жүреді, сонда ол Шәкәрім болмағанда кім? Олай дейтініміз кітап боп шығып елге тараған «Еңлік-Кебек» – Шәкәрімдікі. Мағауия «Еңлік-Кебекті» жазыпты деген сөзі әлі дәлелденуі керек. Өйткені, Мағауияның өзге өлеңдері әртүрлі жазбаларда сақталғанда, ол «жазыпты» деген «Еңлік-Кебек» ешқайда сақталмай, тек, Мұхамедхановтың айтуынша, Мұхтардың Семейдегі архивынан табылыпты-мыс. Ол не қылған архив? Және ол архивті 1934 жылғы мақаласына дейін Әуезов жолдастың өзі неге білмеген?!. Одан бұрынғы мақалаларында неге атамаған?!. Бұндай бандиттың шығармаларын біз талқылап жатпаймыз.
6) Екінші – Тұрағұл. Жақсы көретіндердің еркелетіп қойған аты – Тұраш. Абайдан туған бала болғанымен, бұл да совет қоғамына жат, жау кісі. Ол да «Алашорда» партиясының ардақты адамының бірі боп, «Сарыарқа» газетіне cовет өкіметін жамандап мақала жазған. 1928 жылы cовет өкіметінің ерекше декретімен, қазақтың бес жүз бай-феодалдарының мал-мүліктері конфискацияға алынғанда, Тұрағұл да сол тізімде болған. Осындай жолда өлген адамды да 1951 жылға дейін Әуезов жолдастың, оны қуаттап Жиреншин, Мұхамедханов жолдастардың дәріптеуіне қайран қаламыз!
7)Үшінші – Нармамбет Ормамбетов. Бұл адамның да «Алашорда» партиясында болған сырлары ашылып, архив документтерімен дәлелденіп отыр. Сондықтан ол туралы да ешкіммен бұл жолы айтысқымыз келмейді.
8)Ендігі сөз Кәкітай Т.Ысқақов туралы. 1909 жылы шыққан Абайдың 6ipiнiшi өлендер жинағын құрастырып бастыруда Кәкітайдың еңбегі болғаны рас. Бipaқ, жинаққа басылған «Абайдың өмірбаяны» оның еңбегi емес, 1907 жылы, «Записки Семипалатинского отделения Западно-Сибирского отдела, императорского русского географического общества. Выпуск — ІІІ» деген атпен шыққан кітапта, ұлтшылдардың атаманы Әлихан Бөкейханов жазған мақаланың дәлме-дәл аудармасы. (1-8 немесе 156-164-беттер). Сондыктан да мақалада байшыл-ұлтшылдықтың исі айқып тұрады. Бұлардан басқа «Кәкітай жазыпты» деген eкi өлеңінің не автордың шығармалық бетіне куә боларлық, не қазақ әдебиетінің тарихына ешкандай пайдасы тиерлік құны жоқ. Сондықтан, Абай өлеңдерін жинап бастырғанын атап айтып, шығармалық eшбip бeтi жоқ Кәкітайды «Абай шәкірттері» деген тізімнен шығарған жөн.
9)Биографтардың айтуынша, Мағауия, «Абайдын тапсыруымен» үш поэма жазған: «Шамиль», «Еңлік-Кебек», «Медғат-Касым». Биографтар «Шамиль» сақталмаған деседі. «Сондай поэма болыпты-мыс» деген мәліметті Әуезов жолдас әр жылдарда жазған мақалаларында айтып жүр. Осы мақалалардың бәрінде де Мұхтар Әуезов Шамильді:«Кавказ елдерінің бостандығы үшiн күрескен халық көсемі еді» – дейді. Шамильдің ағылшын разведкасына агент болғанын, көтерілісті сол разведканың тапсыруымен жасағанын, сондағы ұраны панисламистік пен пантуркистік болғанын 1949 жылы большевиктік баспасөз бетінде жарияланған мақалалар ашып берді. Содан кeйін баспаға берілген «Абай шәкірттері» деген жинаққа жазған кipicпe сөзінде профессор Әуезовтің:«Мағауия Абайдың мәслихатымен және материал бepyiн пайдаланып, бірнеше поэма жазды. Ол жазған поэмалары – «Еңлік-Кебек», «Абылай», «Шамиль» және «Медғат-Қасым». Шамиль поэмасы жоғалып кеткен (қолжазбаның, 14-6eтi)»,– деуі eшбip ақылға сыймайды.
10) Абай шәкірттері аталатындардың ішінде Көкбай Жанатаев та бар. Бұл адам 1862 жылы туып, 1925 жылы, совет тұсында, 63 жасында өлген. Биографиялық материалдарға қарағанда, Көкбай жас күнінен, совет өкіметі құрылғанға дейін, мешіт ұстап, өзі сонда жиырма жылдай имам боп, мешіт қасынан діни медіресе ашып, өзі сонда дін сабағынан жиырма жылдай дәріс оқыған адам.
11) Әріп Тәңірбергенов (1856-1924). «Абай шәкірттері» деген тізімге оны қосып жүрген Мұхамедханов. Біз Әріппен де таныспақ боп, жиналған шығармаларын түгел оқып шықтық, олардың біразы «Абай шәкірттері» деген жинаққа қосылған, біразы қолжазба күйінде, Ғылым Академиясының архивында сақталған. Солармен танысқаннан кейін келген қорытындымыз: шығармаларының не идеялық, не көркемдік жағынан оның Абаймен ешбір байланысы жоқ. Ол өз бетімен өрістеп жүрген ақынның бірі көрінеді.
12) Біздің заманның Абайды зерттеушілері өнебойы турадан-тура ислам дінінің үгітшісі болған Көкбай, Әpiп, Әсет сияқты барып тұрған керітартпа адамдарды дәріптеп, XIX ғасырдағы казақтың ең прогресшіл ақыны Абайдың қауымына қосқысы келеді. Бұл - өтпейтін жарлық. Бұған қазақтың «өтпес жарлық, бойға қорлық» деген мақалы тура келеді.
13) «Абай шәкірттері» аталып жүрген консерваторлар мен реакционерлердің шығармалары совет баспасөзінің бетінен орын ала алмайтынын, соларды жоқтаушылар түсінген сияқты да, бар шығармаларын бастыруға болмағанымен, біраз шығармаларын майлап өткізуге көп жыл даярлық жасаған сияқты. Большевикше турасын айту керек, осы даярлық жасаудың алдында Әуезов жолдас жүреді. Осыған сенудің кесірі Хажым Жұмалиев пен, мен қол қойып, 1950 жылы орта мектептің 9-класына арнап шығарған әдебиеттік оқу кітабына да тиген. Кітаптың алғашқы жартысын (107-бетке дейін) жазған Жұмалиев жолдас, кітаптың 6, 36, 83-беттерінде Ақылбайды, Мағауияны, Көкбайды «Абайдың шәкірттері» дейді, «Абай оларға тема берген еді» дейді. Сонда Әуезов жолдастың мәліметіне сүйенген. Әуезовтің мәліметтерін первоисточник қып сүйенетіндер тағы да толып жатыр.
14) Әуезов: «Абайды Қарамола съезінде сабатады, бұл жаулардың өceгi, саяси қате», – деп Жиреншинді кіналайды, өзi «Абай» пьесасында – Абайды сахнада сабатады, «Абай» киносында – экранда сабатады, «Абай» Шығармалары толық жыйнағының 1932 жылы, 1940 жылы, 1945 жылы шыққан кітаптарында жазған мақалаларында сабатады. Рецензияда солардың бәрін ұмытады. «Акын аға» романының 6ipiнiшi кітабының алғашқы 6ip редакциясы Абайды сабатумен бітетінін, Абайдың құнын әпереміз деп,
сол маңдағы рулардың барлық «игі жақсылары» Семейде жиналатынын, бұлай жазудың категе соғуын Мұстафин, Әбішев сияқты жазушылар дәлелдегеннен кейін, Мұхтар Абайды сабатқан беттерін алып тастағанын, ... Базаралы бастаған кедейлер қырып алған Тәкежан жылқыларының құнын жоқтап, кедейлерден үш есе ғып төлетіп беретінін де, Әуезов Жиреншиннің кітабына жазған рецензиясында ұмытқан болады.
15)«Қазақ әдебиеті тарихының» екі томында рушыл-феодалдық ескі өмір дәріптелсе, «Абай шәкірттері» деген мәселенің төңірегінде ескілік дәріптелсе, ескілікті дәріптейтін бірнеше ғылми диссертациялар мақталса, осылардың басында жолдас Әуезов отырса, бұлай дәріптеулер бір емес, бірнеше жылға созылса, Әуезов жолдас олай деп ойласын, ойламасын, мұның аты ұлтшылдық, бұрмалаушылық, ал мына аталған залалды шығармалар халқымыздың, әсіресе, жастардың сана-сезімін улайды.
Бұл былықтан қалай аршыламыз? Әрине, большевиктік қатаң, әділ сынның жәрдемімен ғана аршыламыз. Ондай сын болды ма? Әрине, болды. Соңғы бес-алты жылдың ішінде, Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті 1945 жылы «Қазақ ССР тарихының» екінші рет басылуы туралы, 1947 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және Әдебиет институтының жұмыстарындағы саяси өрескел қателіктер туралы қаулы алды. Осы қаулыларда байшыл-ұлтшылдық идеологиялық көріністері большевиктік тұрғыдан қатты сыналып, оларды түзетудің жолдары көрсетіледі.
Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің тілі «Социалистік Қазақстан» газетінің 1947 жылғы 14 наурыздағы 52-санында С. Бәйішев жолдас «Профессор М. Әуезов өткендегі қателіктерінің шырмауында» деген атпен мақала жазып, Әуезовтің 1932 жылы басынан кешкен саяси кателігін баспасөз бетінде мойнына алғаннан кейін де, ecкi қателіктерінен шырмалып шыға алмай жүргені талассыз документтермен дәлелді. Біз Әуезов жолдасты да, оны бұл мәселеде қолдаушыларды да кателігін большевикше мойындап, түзетудің шарасын қарастыруға шақырамыз.
Түзетудің жалғыз-ақ жолы бар, ол – барлық еңбекте де марксизм-ленинизм ғылымына сүйену. Кімде-кім осы ғылымға бepiк сүйенбесе, оның кателікке ұшырауы даусыз. Бұл жөнінде Сталин жолдастың төмендегі сөздерін естен шығармауымыз керек: «Дәрігер маманның, – дейді Сталин жолдас, – онымен қатар, физика немесе ботаника маманы болуының, иә, оның кepiciншe болуының қажеті жоқ. Біpaқ ғылымның бip саласы бар, ғылымның бұл саласын білу, ғылымның барлық салаларындағы большсвиктерге міндетті болуы тиic, ол – қоғам туралы, қоғамның даму заңдары туралы, пролетариаттық революцияның заңдары туралы, социалистік құрылыстың даму заңдары туралы, коммунизмнің жеңуі туралы марксистік-лениндік ғылым» (Ленинизм мәселелері, Қазақтын мемлекеттік баспасы, 1940 жыл, 511-бет). Осы ғылымға сүйенсек, біз зерттеу жұмысында да, творчестволық жұмыста да қателіктерді жоя отырып, тек өсу жолында боламыз» (Әдебиет және искусство», 1951, № 7).
Бұл дәлденіп көзделген қарауыл болса да, оғы бытыра еді. Кейін бұл бытыра қайта құйылып, қорғасынға айналды. Өзге де шешендер сөйлегенімен, олардың демеушілік қана демі бар еді. Сондықтан да бұл шешендердің сөздерін келтіріп жатпаймыз.
М.Әуезов «Енді Абай мектебі мен оның шәкірттері туралы мәселеге тоқталайын. Тоқтала отырып: баяндамашы бұл мәселені күн тәртібіне дұрыс қоя алмады, яғни, баяндамашы Мұхамедхановтың Тіл және әдебиет институтында қорғаған дессертациясы кезіндегі жанығу мен даңағазаны қайталай жаңғыртуға тырысқанын мәлімдеймін.
Әйтпесе, алпыс жыл өмір сүрген Абайдың өз ортасын қалыптастырғанына күмәндануға бола ма? Меніңше, бұған күмәндануға болмайды. Оның ақындық мектебі туралы мәселе дәл қазір тар шеңберде ғана күн тәртібіне қойылып отыр, яғни, оның өзінен кейінгі ақындар мен қазақ әдебиетіне әсері қозғалып отырған жоқ. Соңғы мәселе өте ауқымды және бұдан кейін де айтыла бермек. Ал шәкірттеріне келетін болсақ, бұл нақты және қарапайым ғана мәселе. Дәл қазіргі әңгіме – оның айналасындағы және өзі жақын араласқан әр деңгейдегі шығармашылық тұлғалар жөнінде қозғалып отыр. Алайда ұстаздың жөні бір басқа, шәкірттің жөні бір басқа. Олар Абайдың өзі сияқты талантты да емес, шығармалары Абаймен салыстырғанда әлдеқайда төмен, егерде Абаймен теңдесетіндей болса, онда шәкірт емес, олардың өзі жаңа бір мектептің ұстазы ретінде танылар еді, бірақ олар бұл деңгейге көтерілген жоқ, сол шәкірт күйінде қалып қойды.
Сіздер: олардың кейбіреуінің қателескені үшін, идеялық, саяси қайшылықтары бар туындаларды жазғаны үшін шәкірт қатарынан шығарып тастап, сол арқылы Абайды қорғағыларыңыз келетін сияқты. Шындығына келетін болсақ, мұндай қайшылықтар мен кемшіліктер, идеялық-саяси қателіктер Абайдың өз басында да болғанын назардан шығарып алғансыздар. Біз Абайды бір жақты емес, оның жеке басындағы кемшіліктерді көрсете отырып, жан-жақты зерттеуіміз керек. Маркстік ойлау жүйесіне дейін өмір сүрген барлық ақындар сияқты Абай да қоғамдағы өмірді өзгертетін басты фактор – адамгершілік бастауы деп білді, Абайдың өз діні болды, тағы басқа да қателіктер жіберді.
Әрине, оның шәкірттері үлкен-үлкен қателіктер жіберді. Мысалы, Көкбай Кенесарыны мақтап дастан жазды. Дәл қазір бұл оның басты кінәсі және Абайдың да қателігінің түп тамыры ретінде қаралып отыр. Алайда Көкбай Кенесарыны жырлаумен тоқталып қалған жоқ, бұдан өзге де дүниелер жазды.
Жазушы-зерттеуші жолдастар, сіздер Көкбайдың өзге шығармаларын біле бермейсіздер, басқасын былай қойғанда, Абайдың өзі оған 4 өлең арнады және өзінің төл шәкірті деп есептеді, қоғамдық өмірдің өзге де құбылыстарына арнап көптеген өлеңдер жазды. Абай көтерген мәселеге арнап оның шәкірті Әріп те өлең жазды. Мысалы, соңғы аталған шәкірт (Әріп) Абай қозғаған тақырыпты жалғастырып, еңбек, әйел тағдыры, орыс мәдениеті туралы жазды. Көкбай да, Әріп те контрреволюцияшыл, ұлтшыл Дулатовты өлеңмен сынады, бұдан кейін және ең бастысы Әріп В.И.Ленин туралы бірнеше өлең мен дастан жазды. Әріп 1924 жылы маусым айында қайтыс болды. Сондай-ақ Көкбай да өзінің соңғы өлеңін Ленинге арнады. Ол 1923 жылдан бастап төсек тартып ауырып, 1926 жылы дүниеден озды.
«Абайдың шәкірті Мағауия Шәміл туралы дастан жазды», – деген сөз қазір сондай үрейлі естіледі. Алайда, құр аталып өткені болмаса, нақты ештеңе жоқ, өйткені ол дастан із-түссіз жоғалып кетті. Анығына көшсек, 90-жылдардан бастап Шәміл туралы жаппай жазылып келді, кезінде Лев Толстой да қалам тартқан болатын.
Сонда, өткен ғасырдың 90-жылдары Көкбай Кенесары туралы немесе Мағауия Шәміл туралы дастан жазды деп, оларды бүтіндей сызып тастауға бола ма, сонымен қатар Абай мектебін жоққа шығаруға бола ма? Анығын айтсақ, қазақ кеңес жазушылары мен зерттеушілері күні кешеге дейін Кенесарыны мадақтаған, таң қалған ыңғайда еңбектер жазып келді, сонда оларды да мәңгілікке біржола сызып тастаймыз ба?
Жоғарыдағы айтылғандарды негізге ала отырып, Абай мектебі мәселесін ойланып барып, Кенесарыға араластырмай дербес қараған жөн. Бұл мәселені кеңінен кеңесіп, кімді Абайдың шәкіртінің қатарына қосу керек, кімді сызып тастау керек – деген мәселені олардың шығармаларын талдай отырып шешу керек. Әрине, Абайдың айналасында өте жағымсыз адамдар да болғанын ескеруге тиіспіз. Бұл мәселелердің барлығын Кенесарының қозғалысымен араластырмай, пайымды түрде жеке зерттеу қажет».
Иә, бұл келешектегі Абай төңірегінде қозғалатын бетбұрысты талқылардың басы, Абайға емес, жеке М.Әуезовке бағытталған үлкен саяси науқанның екінші соққысының желқағары болатын. Мұнда абайтанушы Әуезов әлі де Абайдың шәкірттен тұл емес екеніне, ол шәкірттерінің мүлдем оңбаған емес екеніне, С.Мұқанов ишара еткен тастүлектердің ұшатын бағытынан жаңылмағанына сенім бар, сондықтан да қорғай сөйлейді.
Мәжіліс қорытынды шығаруға ойысады.
Нұрышев: «Абайдың бұл өлеңдерінің мұндай дәрежеге көтерілуінің себебі, ол тұпнұсқадағы автордың идеясын пайдаланған. Абайдың кейбір аударма өлеңдері бар, онда Лермонтовтың көзқарасының ықпалымен Абай өзінің туындыларынан да да биік деңгейге көтерілген.
Әуезов: Мұны үйрену дейді. Ол өте дұрыс.
С.Нұрышев: Бұл – орыс әдебиетінің ықпалы неден көрінді деген тура бізге керекті мәселенің бір саласы. Қаныш Имантайұлы Ғылым академиясының біріккен президиумында біге берген нұсқауында: осы талқылаудың қорытындысы бойынша Абайтану» туралы барлық мәселенің шешімінің жобасын 1-шілдеге дейін Президиумға әкеп беріңдер деген. Алайда ол шешімді 15 шілдеге дейін созатын болса, онда бұл мәселе күзге ысырылып қалады. Ал кім де кім бұл мәселенің күзге қалғанын қаласа, ол адамның шешімді аяқсыз қалдыруға тырысқаны, сондыықтан да ол адам бұл мәселенің созыла беруін табандап талап ететін болады. Менің ойымша, Ғылым академиясының біріккен президиумындағы басшылыққа алу керек. Ал абайтану бойынша талқының қорытындысы бойынша әрі қарай жұмыс істей беруі мүмкін. Қаныш Имантайұлы шешімнің жобасын 1-шілдеге дейін беруді тапсырған. Қаныш Имантайұлы: «Саяси шапкасын кигізіп беріңдер»,– деген болатын. Соның ішінде мектеп мәселесі мен Мұхамедхановтың диссертациясы және тағы да бірқатар мәселелер туралы шешім анық көрсетілуі тиіс деген.
Дәл қазір осы мәселелерді жеке-жеке талқылауға көшу керек. Ал Абай мұражайын тексеру үшін: онда жұмыс қандай жолға қойылды, ол Абай мұражайында Абайдың шығармашылығын қандай деңгейде бұрмалап үлгерді, ол қанша мөлшерде жалған құжаттарды жинап, оны насихаттап үлгерді, қаншама сұлтандар мен хандардың портреттерін ілді, осының барлығын білу үшін арнайы арнайы адам жіберу керек, үлкен комиссияның қажеті жоқ.Бұл мәселені осы арада талқылап, бір шешімге келеміз.
Мәтін мәселесі жөнінде де қысқа уақыт ішінде бір шешімге келеміз. Абайдың мерейтойы мәселесі туралы комиссия 1954 жылы Абайдың бір томдығын шығаруды ұсынды. Бұл мәселелер пәлендей қарсылық туғызбайды, біз бір шешімге келеміз.
Мені қатты алаңдататыны – Абайдың ақындық мектебі туралы мәселе. Ақылбайды Абайдың ақын шәкірттерінің қатарында қалдыруға болар. Ол принципті мәселе емес. Ең басты принципті мәселе – сіздің (М.Әуезовтің – Т.Ж.): тарапыңыздан жүргізіліп келген Абайдың ақындық мектебі туралы түсінікті маркстік тұрғыдан зиянды бағыт деп шешім қабылдауымыз керек және оны тереңдете қайта қарастырып, Абайдың дәстүрін зерттеуге тиістіміз. Мұны Абай мектебі деп атамау керек, ол дауысқа салу арқылы емес, ғылыми негізде мүлдем жабылуы керек. Біз тек Абайдың ескі мектебі туралы мәселені шешіп алып, ол мектепті әшкерелей отырып, Әріптің тағдырын шешуіміз керек. Оларды..
М.Әуезов: Мен де ол мәселені комиссия шешсін деп отырмын.
С.Нұрышев: (Әріпті, Көкбайды) хрестоматияға қосу керек пе? Комиссия: мына шығармалары хрестоматияға қосылсын, мына шығармалары қосылмасын – деп айта ала ма? – Бұл алдағы зерттеулердің міндеті. Олардың көзін жоғалтсын деп кім айтты? Көкбайдың архивінің көзі жойылсын деп кім айтты?. Мәселе, Біздің мектептерде дәріс ретінде өтіліп, Абайдың шығармашылығын дұрыс игеруде үлкен идеологиялық зиян келтірген ақындық мектептің антимаркстік-идеологиялық бағытын әшкерелеуде. Міне, шешетін мәселе осы. Беделді мүшелерден құрылған комиссия аса жауапкершілікпен қатаң түрде қарап, мұндай құбылыс қалай пайда болды деген сұрақтың жауабын анықтау үшін осы мәселелердің барлығын саяси тұрғыдан жүйеге түсіріп, теориялық тұрғыдан кеңейтіле талдануы тиіс. Бұл зиянды теория жиырма жыл бойы қалай мектептерде оқылып жүр, бұл жалған теорияны ойлап тапқан кім, оны таратып жүрген кім, әлі де сол танымды ұстанып, насихаттап жүрген әдебиеттанушы ғалымдар кімдер?
Міне, менің ойымша, комиссия осы мәселені нақты шешуге дәл қазірден бастап айналысуы керек. С.Мұқановтың: Абай мектебі шәкірттерінің шығармаларын орыс тіліне аудартып, содан кейін комиссияда талқыға салайық дегеннің астарын Мүсірепов пен Уәлиев жолдастар түсіне алмай-ақ отыр. Оның мәнісі – ескі, жалған идеяны қалдырайық, сол идеяны жалғастыру үшін жаңа бір әдісін табайық – дегенге әкеп тірейді».
Бұл арада С.Нұрышев Қаныш Сәтбаевқа сүйеніп: «шешімге келеміз» – деп бұйрық райда түйіп тастап, жеки сөйлеу арқылы Әуезовті халық жауы ретінде әшкерелеу туралы ұсынысты қаулыға кіргізуге тырысып отыр. Шешім кейінге қалдырылса, мәселенің басқаша бет бұрып кетуі мүмкін. Абайдың ақындық мектебінің авторы кім? Әрине, Әуезов. Ендеше, соны қаулыға кіргіз, сөйтіп, соттатып жіберейік деген емеуірін. Қауіпсіздік комитетінің тапсырмасы да, күткені де, Қ.Мұхамедхановты тұтқындап: «Қалайда Әуезовті әшкерелеп бер», – деп (Қ.Мұхамедханов) бопсаға салып жатқан тұсы да осы күндер еді. Әуезов те жандәрмен сұрақ қойып үлгереді:
«М.Әуезов: Жаңа ғана сенің өзің зерттеуді жалғастыру керек дедің емес пе?
С.Нұрышев: Зерттеу керек, бірақ ол үшін Ақылбай, Әріп сияқты қарабайыр ақындармен Фадеевтің басын ауыртудың қажеті жоқ. Мәселе оларда емес, олардың шығармаларын дұрыс бағытта талдауда. Міне, солай жұмыс істеу керек.
Ғ.Мұстафин: Аға (халықтың – Т.Ж.) әдебиеттанушыларынан үлгі алайық. Александр Сергеевич Пушкиннің жасы Абайдан үлкен емес пе. Орыс әдебиеті де жас қазақ әдебиетіне қарағанда әлдеқайда көне, бірақ ұлы Пушкиннің еңбектері туралы орыс әдебиеттанушылары мұндай дау көтеріп жатқан жоқ қой, Мұқанов: Абай мектебі деп емес, Абайдың айналасындағы ақындар – деген атауды алайық дейді. Егерде орыс әдебиетіне сүйене отырып тағы бір шолып өтсек, мұндай бағыттағы еңбектерді таба алмаймыз. Қырқыншы жылға дейін, ұлы отан соғысына дейін Пушкиннің шығармашылығы туралы пікір таластары болған. Ол орыс топырағынан нәр алды ма, әлде Батыс Еуропа әдебиетінің ықпалы болды ма?Соның ішінде Байронның Пушкинге, Лермонтовқа әсері тиді ме? – деген... Мысалы, А.С.Пушкинді 1920 жылы жазған атақты «Ода» өлеңі үшін патшалық үкімет қуғынға ұшыратты, патшалық аракчеевтік реакция декабристерді қуғындады,ал оларды Пушкиннің шәкірттері деген жоқ қой. Әрбір қоғамдық көзқарас, қоғамдық құрылым өзінің таланттарын, өзінің өкілдерін алға шығарады, алайда олардың барлығын ақынның бір мектебіне тіркеуге болмайды ғой, бұл Абайдың беделіне нұқсан келтірмейді. Сондықтан да Абайдың ақындық мектебін және оның Ақылбай, Әріп, Көкбай, Мағауия сияқты шәкірттерін айта отырып, бұл мәселені кейінге қалдырмай, күн тәртіне қоя отырып, шешуіміз керек.
Қаныш Имантайұлы комиссия құруды ұсыныпты. Комиссия құрып, жұмыс істеп, пікір алысуды қостаймын. Мен Нұрышевтің ұсынысымен келісемін. Абайдың ұлылығын дәріптеу үшін біреуіне екіншісі бөгет жасамайды. Бірінші шілдеге дейін (Абай мұражайына – Т.Ж.) лайықты бір адамды жіберейік, комиссия да жұмыс істей берсін, Ғылым Ауадемиясының президиумына ұсыныс жасау кезінде тиісті адамдар қатыса алатындай болсын.
Қ.Жармағамбетов: Мұқановтың бұрын Абайдың шәкірттерінің қатарында аталып келген 4 шәкірттің шығармашылығын түбегейлеп зерттейік деген ұсынысына келсек, онда шығармаларының 99,99 пайызы ислам дінін насихаттаған Көкбай туралы мәселе анық, оны талқылауға салмаймыз. Көкбайды Абайдың мектебінің қатарына жаңсақ қосылған деп есептеу керек. Ал Әріпке келсек, оған тереңдеп көз жеткізгіміз келсе, онда мәскеулік жолдастардың келгенін күтпей-ақ қояйық, комиссияның бірнеше мүшесіне тапсырайық, олар Әріптің шығармалары туралы пікірін айтсын.
Қ.Жұмалиев: Мен қарап шығайын.
Қ.Жармағамбетов: Егерде талас туа қалған жағдайда біз өзіміз нақты шешім қабылдайтын боламыз. Оны, мысалы, Мүсірепов жолдасқа, Әбішев пен Т.Ысқақовқа тапсыруға болар еді, сөйтіп, комиссияның келесі отырысында нақты ұсыныстарын айтсын.
Мүсірепов: Бұл сонша шұғыл емес қой.
Қ.Жармағамбетов: Тіпті шұғыл бомаған күннің өзінде, бұл екі ақынның шығармаларын (Ақылбай мен Мағауия) сандықтың түбінде жасырып қалуға болмайды.
Мүсірепов: Менде екі түрлі ұсыныс бар. Бірінші ұсыныс – Абайтану туралы талқы осымен аяқталды деп есептелсін. Екінші, ұсыныстарды хатқа түсіру үшін арнайы топ құрылсын. Әйтпесе бәрі бос сөз боп шығады.
Мұқанов: Мен бұл мәселені анықтағым келеді. Абайтанудың талқысы аяқталды дейсің бе, онда Абай мектебі мәселесі қайда қалады?
Әуезов: Әңгіме ақындық мектеп туралы болып отыр.
Мұқанов: Жекелеген адамдар Әріп пен Ақылбайдың шығармаларымен танысып шықсын дегеніміз қайда қалады?
Достарыңызбен бөлісу: |