Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


«ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша өкілі Воленбергке /Жеке өзіне/ №3 камерадағы тұтқын Ғаббасовтан



бет22/42
Дата25.02.2016
өлшемі2.62 Mb.
#21342
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   42

«ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша өкілі Воленбергке /Жеке өзіне/ №3 камерадағы тұтқын Ғаббасовтан

Өтініш

Мен, 1928 жылдың 15 қазанынан бастап түрмеде отырмын. 1928 жылы 10 қараша күні маған – байлардың малын тәргілеу науқанына кедергі жасады – деген Қылмыстық Ереженің 58/ бабының 13 тармағы бойынша айып тағылды.

1928 жылдың 10/ХІ күні басталып, 1928 жылдың 28/ХІ күні аяқталған тергеу барысында қойылған сұрақтар негізімен менің бір кездегі, бұрынғы “Алашорда” тұсындағы іс-әрекетіме қатысты болды, ал тергеушінің сұрақтарының арасында екі не үш тармақ қана маған тағылып отырған айыптың айналысын жалпылама қамтып: І. Малды тәргілеуге деген менің көзқарасым қандай және 2. Кооперация туралы байлармен кеңес өткіздім бе деген т.б.с. сауалдар қойылды. Осы тектес сұрақтардан басқа ешқандай нақты айғақтары жоқ. Қашан, қайда және қандай қылмас жасадым, менің қылмыстарымның нәтижесінде қандай зиян келтірілді – бұл туралы менің табанды түрде талап еткеніме қарамастан тергеушілер маған ешқандай да жауап бермеді.

Дәл осы жағдай сұрақ-жауап аяқталғаннан кейінгі бір айдан соң тағы да қайталанды, яғни, 1928 жылдың ХІІ.29 күні тергеуші маған істің аяқталғанын және оның ГПУ-дің коллегиясына тапсырылғанын хабарлады, алайда тергеу материалдары маған таныстырылған жоқ. Тегеушінің маған берген сұрақтарының барлығы да жалпылама жағдай болғандықтан, менің іс-әрекетім туралы толық мағлұмат алу үшін мен тергеушіге бірнеше адамға жолығып, пікір алуын өтіндім, оның ішінде Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің бұрынғы төрағасы Құлымбетов жолдастың, Халық Комиссарлар төрағасы Нұрмақов жолдастың атын атадым, өйткені менің Мемлекеттік Жоспарлау мекемесіндегі жұмыстарым олармен байланысты болды, сондықтан да олар менің жалпы саяси бағдарым мен менің жеке басым туралы толық мінездеме бере алар еді. Алайда тергеушілер бұдан да бас тартты.

Тергеушілердің ауызша айтып беруіне қарағанда (жазба түріндегі қорытындының нұсқасын көрсетумен ғана шектелді) менің негізгі айыбым – ауылды жерлерді кеңестендіруге үнемі кедергі жасап келді дегенге саяды, олар негізінен мынадай:

І. Маған дәрігер Павлов дегеннің күнделігінен үзінді оқып берді де, сондағы айтылған сөздерді – менің қазақ қызметкерлерін коммунистік партияға қарсы үгіттегенімнің, сол арқылы “тұрақты түрде арандатушылықпен шұғылданғанымның” айғағы ретінде айып қып тағыпты. 1921 жылы жазылған бұл құжатта (барлық тергеу құжаттарының ішіндегі маған көрсетілген жалғыз айғақ) мен: “біз коммунизмның қыр еліне тарауына қарсы күрескеміз-мыс” – деп айтқан көрінемін. Павловтың кепілдемесіне қарамастан мен қолымды жүрегіме қойып тұрып айтарым – мұндай жайдың ешқашанда болмағанын мәлімдеймін. Екінің бірі: не дәрігер Павлов әлдекімдермен шатастырды, не менің жадымнан мүлдем шығып кеткен болып шығады ғой. Бұл мәселені жасырудың, оның үстіне күнделікке жазылған жайды (әрине мен Павлов қастандық оймен жала жапты дей алмаймын) бүгіп қалудың ешқандайда қажеттілігі туып отырған жоқ. Мен дәл қазіргі уақытқа дейін ол адаммен таныс емес екеніме сенімдімін және сол пікірде қаламын. Маған түсініксіздігі сол, егер де ол адаммен (Павловпен) өзінің күнделігінде жазылғанындай “екі сағат бойы шай ішіп, әңгімелескен” болсам, онда оны неге жасырамын. Оның үстіне Павлов қонаққа барған Үкібаевтар 1919 жылдың жазынан бастап Семей қаласында тұрған емес, сондай-ақ, бір рет кезігіп қалған көлденең көк аттыға (Павловқа) қандай мақсатпен және қандай жағдайда оған сырымды ашуым мүмкін. Егер де бұл айғақ рас болса, онда ол кездесу 1919 жылы (Колчак үкіметінің тұсында) өткен шығар? Бұл сөздің анық дәлелі ретінде мынаны айта аламын: мен 1919 жылы Үкібаевтардың үйінің бір бөлмесінде пәтерде тұрдым, сол жылы қыс бойы мен Губерниялық Земствоның бастығының орынбасары міндетін атқардым, оны қысқартып, “Губзем” дейтін. Сондықтан да Павлов “Губзем” дегенді “Завгубземотделмен” – Губерниялық жер бөлімінің меңгерушісі дегенмен шатастырып отырмаса. Бұл жағдайдың түсініксіздігі менің ойымша дәрігер Павлов мені әлдебіреулермен шатастырды немесе менің әр кездегі істеген қызмет орынымды (1919 жылғы мен 1921 жылғы) жаңылыстырып жазып отыр деген күдікке итермелейді. Қалай дегенмен де, мен бұл құжатқа ешқандай саяси мән бермеймін, себебі, саясаттан сәл-сәл хабары бар адам өзі танымайтын, кездейсоқ ұшырасқан көлденең көк аттыға мына тергеушінің “белгілі бір саяси топтың ұйымдастырылған әрекеті” деп айыптап отырған мәселесі жөнінде айта қоюы екіталай.

2. Маған тағы да мынадай (тергеушінің ауызекі әңгімесі бойынша, әйтпесе, жазба құжаттарды мен көргемін жоқ) айыптар тағыпты:

а/. маған: 1924 жылы өткен Алаш (Қазіргі Жаңа Семей – Т.Ж.) аудандық-ауылдық одақтардың (мойынсеріктерінің – Т.Ж.) өкілдерінің құрылтайының сайлауын басқарғансың – дейді. (Мен ол мойынсеріктіктердің құрылтайына қатысқамын жоқ және сайлау өткен жерден 200 шақырымдай қашық жерде демалып жатқамын). Ал 1925 жылғы құрылтайдағы менің жасаған баяндамама келетін болсақ, онда мен қыр еліндегі қосшылар одағының мойынсеріктіктерінің (кооператив) құрылысына ғана тоқталғамын. Менің мойынсерік туралы пікірімді және ондағы баяндамамның мазмұнымен Қосшылар одағының қаулысының хаттамасынан танысуға болады.

б/. Мені осында – Қызылорда қаласында отырып-ақ, 1925-26 жылдары Семей уезіндегі Медет /Медеу-?/ болысындағы ру таласына басшылық етті, яғни, “ру басыларын тағайындады” – дейді. Мұны кәдімгі тіршілікпен қалай байланыстыруға болады өзі... Біздің өлкедегі уездік, болыстық мекемелерді былай қойып, орталықтарымыздың өзі губерниялық орталықтармен әзер байланысып, өзінің міндетін әзер атқарып отыр (Оның барлығы жердің тым қашықтығынан ғой). Жалпы алғанда, кейбір жеке адамды белгілі бір әлеуметтік топтың іс-әрекеттері үшін кінәләудің өзі әділеттілікке жата ма?

Мені сонау Медет болысындағы рулық тартысқа байланыстыру үшін де бір түйсікке түсінікті, ақылға сыйымды сылтау керек емес пе: ол үшін айғағы толық айып тағылып, уақыт пен ара қашықтықтың арасын есептеп барып кінә айтпай ма.

Ондай жағдай болған да емес және болмайды да. Медет болысында өткен оқиғалардың бәріне мені кінәлай беретін несі? Аталған рулардың өзара талас-тартысына менің ешқандайда қатысым жоқ екенін ашық мәлімдеймін және одан үзілді-кесілді бас тартамын.

Мені бұл ру таласына байланыстырып тұрған оқиға 1917 және 18-жылдары болған. Облысытық қазақ комитетінің (оның құрамында мен де бар едім) сол болыста 40 жыл бойы үзбей болыснайлыққа сайланып келген Молдабаевтарды билік тізгініне енгізбей қоюы болса керек. Біз ол кезде тек қана елдік, төңкерістік мақсатты көздедік, ешқандай да рулық мүддені көзге ілгеміз жоқ. Содан бастап заманның ығына қарай жығылып, әр қилы жолын тапқан Молдабаевтар өзінің қас жауы ретінде тек қана мені қарауылға алып (мен де сол болыстың адамымын, ал қазақ комитеті болса сол кезде-ақ тарап кеткен) аңдумен келеді. Ең бастысы – бұл арандату оған емес, сол Молдабаевтармен етене араласқан және араласып жүрген менің кейбір “достарыма” қажет болып отыр. Міне, бүкіл істің мәнісін түсіндіріп беретін жай осы. Басқаша болуы мүмкін емес.

3. Бұған қосымша мені тағыда: әлдебір жер туралы ерекше саясатты жүргізушілердің көсемі деп айыптаптды. Оған “көсемдік кесте” ретінде қалалық бақшада кешкі ас ішіп отырғанда Омаров жолдаспен әңгімелескенім алыныпты /Менің Омаров жолдасқа жазған хатымды қараңыз/.

Менің жер мәселесі туралы пікірім тергеудің хаттамасына баяндалған. Мен 1921-22 жылдан кейін жер мәселесімен айналысқан емеспін».

Осыдан кейінгі сұрақта тағы да жер мәселесіне баса назар аударылған. Кейбір жауаптардың ішінара қайталанатындай көрінгеніне қарамастан, тың деректер мен дәлелді қисындар келтірілгендіктен де қысқартпай ұсынамыз.



«Сізден өтінерім: менің Омаровпен, Сұлтанбековпен бетпе-бет кездестіру туралы тілегіме қарсы болмасаңыз екен, себебі, тергеушінің айтуы бойынша, мені Омаровтың (және) болыстың көрсетуі бойынша жауапқа тартқан екен, сондай-ақ жергілікті газетке менің Омаровқа жазған ашық хатымды жариялатуға мүмкіндік берсеңіз екен.

Маған тағылған негізгі айып бойынша (малды тәргілеуге арналған науқанға кедергі жасау) ешқандай да нақты айғақтар (қашан, қайда мен нендей кедергі істедім және қандай зиян келді) келтірілімеді, жоғарыда айтылған (тергеу жауабының хаттамасын қараңыз) жалпылама қойылған 2-3 сұрақтан басқа тергеуші маған ештеңе көрсетпеді. Ол туралы мен көп ештеңе айта алмаймын (өйткені ешқандай нақты айғақ келтіріген жоқ). Менің ойымша, жер-көктегі жаланы үйіп-төккен пәлеқорлардың жаласынан көрі, менің өзім қатысқан Тәргі туралы Заң жобасының бірнеше тармақтарын экономикалық негізге түсіру барысында істеген жұмыстарымды қарап шыққан абзал болар. (Ол құжатты тергеу ісіне тіркеуіңізді өтінемін), ал менің жалпы саяси көзқарасым туралы мәлімет керек болса, онда оны 1925 жылы Семей Губерниялық комитеніне жазған менің мәлімдемем мен тергеушіге беген жауабымнан біле аласыздар.

Менің бұл жауабыма қанағаттанбаған тергеуші (менің жауабымды медальдің жарқырауық жағы ғана деп ойлайды-ау деймін) маған (26, 27 және 28 қараша күні) барлық негізгі мәселелер бойынша баспасөзге пікір білдіру жөнінде ұсыныс жасады, мен оған үзілді-кесілді қарсы болдым, себебі, мен ең алдымен өзімнің азаматтық ар-намысымды таза сақтауды мақсат еткенмін, сондықтан да менің іс-әрекетімнен екіжүзділік байқалмауы тиіс, оның үстіне, мен “темір тордың ар жағында отырып” баспасөзге пікірім арқылы өзімнің “кінәмді” жууға ұмтылған сияқты екібетті боп көрінгім келмеді. Шындығына көшкенде, менің бұл қасарысуым түбегейлі қасарысу емес, мен темір тордан тыс, басқа жағдайда баспасөз арқылы пікірімді ашық білдіруге әрқашанда дайынмын.

Бұл тергеуге тән бір сәйкессіздік сол, жоғарыдағы келтірілген тармақтардың барлығы да бір-бірімен жалған желеу арқылы жалғанған, еш нақты айғақсыз жалаң сөзге құрылған. Бұдан келіп мынадай заңды сұрақ туады: егерде 1919-1929 жылдардың арасындағы іс-әрекетім үздіксіз зиянкестікпен астасып жатса, онда мені неге дер кезінде ұстамады, неге осы уақытқа дейін мені қызметімде тыныш жүргізді? Қандай адам (бақылау органдары жағынан) менің сондай аса қауыпты қастандығымның өршуіне жол беріп, ішмерездік жасаған?!

Жоғарыда баяндалған жайларды талдасақ, онда бүкіл тергеу барысының бір жақты үстірт жүргізілгенін, менің ешқандайда айыбымның, “үздіксіз жасаған зиянкестігімнің” жоқтығы туралы айтпағанның өзінде, өзімнің арымды өзімнің қорғауыма ешқандайда мүмкіндік берілмей отыр. Айыбымды айғақтайтындай ешқандай нақты деректер мен құжаттар маған көрсетілген жоқ, шындықты қалпына келтіру үшін тергеушілерге көмек көрсететіндей болмашы мүмкіндік жасауға да мұрсат бермей, істі ГПУ-дің коллегиясына жіберіп қойды.

Менің сенімім бойынша, мұндай сыңаржақ тергеудің жүргізілуіне, біріншіден: тағылған айыптың барлығы арам, жалақор адамдардың өсегіне құрылған (Біздің Қазақстанда мұндай жайлар өте жиі кездеседі) көрсетінділер болғандықтан да, ГПУ-дің өзін жаңсақ жолға салып жіберуі; менің өткен кезеңдегі бұрынғы “Алашорда” тұсындағы қайраткерлігім туралы, реті келгенде айта кетейін бұл іс-әрекетіміз ВЦИК Президиумының қаулысы (1919 жылғы және 1920 жылғы) арқылы кешірім жасалған, бір жақты пікір түюі болса керек. Тіпті мен бүгінгі қызметім үшін емес, сол өткен уақыттағы қайраткерлігім үшін айыпқа тартып отырған жоқ па екен деп те күдіктенемін, себебі, мен соңғы 9 жылда кеңес өкіметіне адал қызмет еттім.

Жоғарыдағы мәліметтеріме орай және 86 күннен бері ешқандай кінәсіз тұтқында отыруыма байланысты: сіздің жеке өзіңіз тергеу ісімен танысып, тиянақты әрі әділ тексеріп, менің әділетті талаптарымнан тиісті қорытынды шығаруыңызды сұраймын.

Менің бұл мәліметтерімді менің тергеу ісіме тіркеп қоюыңызды өтінемін.

Қосымша ретінде Омаровқа жазылған ашық хатты салып отырмын.

9.І. 1929 жыл. Қызылорда».
Сұрақ-жауап барысында Халел Ғаббасов тергеушілердің істі сауатсыз жүргізіп жатқанына ашық наразылық білдірумен болып, оларды өзіне қарсы қойып алғандығы аңғарылады. Арызда көрсетілген Елдес Омаровқа арналған ашық хат пен жергілікті газетке жариялауға ұсынылған Мәлімдеме іске тіркелмеген. Істің ендігі барысы «Алашорда» тұсындағы тарихи оқиғаларға қарай ойысады.

«1929 жыл. Қаңтар. Ғаббасов Халелдің тергеу хаттамасы.

Сұрақ: Сіз Малеевпен неше рет кездестіңіз?

Жауап: Мен оны 1917 жылы желтоқсанда көрдім, одан кейін кездескен емеспін.

Сұрақ: Онымен арадағы қарым-қатынасыңыз қандай еді?

Жауап: Ешқандай да.

Сұрақ: 1917 жылы әскери бөлім оқшауланып қалды. Сол кезде…

Жауап: Онымен ешқандай да маңызды байланысым болған емес. Сәрсеновтің үйінде ғана көрдім дедім ғой.

Сұрақ:1919 жылы Валидовпен байланыс жасадыңыз ба?

Жауап: Бұл туралы мен ештеңе айта алмаймын. Мүмкін сырттай байланыстардың болуы.

Сұрақ: Сәрсенов Валидовке жете алды ма?

Жауап: Нақты айта алмаймын. Мен Валидовтің кеңес өкіметі жағына шыққанын 1919 жылы білдім.

Сұрақ: Дулатовтың әскери …туралы ұсынысын қалай білдіңіз?

Жауап: Дулатовтың өзінен естідім. Омбы мен Семей жағынан қолдау көрсетілді.

Сұрақ: Мәселе қай тұрғыда талқыланды?

Жауап: Маған Ермеков, Байтұрсынов, Дулатов талқылады деп хабарлады.

Сұрақ: Оны Байтұрсынов білді ме?

Жауап: Нақты білмеймін. Одан бас тартты.

Сұрақ: Нақты не деп бас тартты?

Жауап: Демек Байтұрсынов, Дулатов тағы басқалар бас тартан.

Сұрақ: Басқалардың бас тартқанын сіз білдіңіз бе?

Жауап: Қазір есімде жоқ. Ескі қызметкерлердің бәрі де…

Сұрақ: Сізді сырттай іске тартқанын кімнен білдіңіз?

Жауап: Айтқым келмегендіктен емес, тіпті есімнен шығып кетіпті.

Сұрақ: Жасақтауды қандай дәрежеде жүргіздіңіздер?

Жауап: Мен сізге айттым ғой, біреу ананы, біреу мынаны ұсынды.

Сұрақ: Жасақтаған адам ретінде сізге нақты ұсыныстар жасалды ма?

Жауап: Маған ешкімде ұсыныс жасаған жоқ.

Сұрақ: Сәдуақасов қандай ұсыныс жасады?

Жауап: Сәдуақасовты мен Қазаткомның Омбыдағы кеңесінде көрдім, одан кейін онымен кездескен емеспін.

Сұрақ: Онда Валидов туралы сөз болған жоқ па?

Жауап: Жоқ.

Сұрақ: Бұл бағытта (Сұрақ пен жауаптың мазмұны бұлыңғырлау. Әңгіме 1917-1919 жылдар арасындағы Алаш идеясы мен „Алашорданың” құрылуы, автономия жариялау және «Алашорданың» кеңес жағына өтуі туралы болып отырған сияқты. – Т.Ж.) не істедіңіз?

Жауап: Бұл бас ауыртатын мәселе емес. Егерде сіз маған қысым жасай берсеңіз, онда мен бұл идея туралы пікір таласына дайынмын.

Сұрақ: Бұл идеянның кең тарағаны сізге қалай мәлім болды?

Жауап: Бұл идея жастардың арасында кең таралған.

Сұрақ: Ол кімнен басталды?

Жауап: Айта алмаймын, есімде жоқ.

Сұрақ: Қайдан білдіңіз, нақтылай түсіңіз.

Жауап: Білмеймін, бұдан басқа ештеңе айта алмаймын.

Сұрақ: Оларды әшкерелеу керектігін қалай білдіңіз?

Жауап: Бұл туралы кеше сізге айтқамын. Бұл біздің ұлтымыз үшін өліммен тең. Өзара пікір алыстық, тарихи деректерді келтірдік, Колчак тұсындағы оқиғаларды мысалға алдық. Бұл тарихи кезең үшін жастар да жауап беретін болады дестік. Егерде олар ол жолмен (кеңес жағына – деген емеуірін сияқты – Т.Ж.) кететін болса, біз оларды сөзсіз әшкерелейміз дестік. Бұл біздің тарихи міндетіміз дестік».

Бұдан кейін сұрақ-жауап берушілерге ғана мазмұны мәлім мәселелер туралы айтылады. Онда жастардың жауапкершілігі, кімнің қайда екендігі, Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Ермековтің, Бірімжановтың, Семейдегі, Орынбордағы, Қызылордадағы іс-әрекеттері, 1918-1921 жылдар арасындағы Семейдегі мәжілістердің мазмұны, алаш қайраткерлерінің Семейге жиналуының себептері, Ғазымбек Бірімжановтың Семейдегі ағасы Ахмет Бірімжановқа дейін сұралады. Олардың бәріне Х.Ғаббасов қысқаша:

Есімде жоқ, білмеймін”, – деген мазмұнда екіұшты жауаптар қайтарады.

Осыдан кейін тергеу ісіне „Алашорда” үкіметінің Семейдегі іс-әрекеті, Сібір үкіметімен байланысы, большевиктермен арадағы қақтығыстар туралы қолмен жазылған құжаттар тіркелген. Мұнда „Сарыарқа” газетінің редакторы Имам Әлімбековтің ақгвардияшылар тарапынан тұтқындалғаны, оның большевиктерге қарсы бағытталған астыртын жұмыстары, алаштың әскери жасағын құрудағы еңбегі баяндалған хаттаманың соңына Саенко:



«Имам Әлімбеков осы уақытқа дейін Семей өңірінде еркіндікте жүр. Оны біздегі құжаттарға сүйеніп тұтқындау керек», – деген ескерту жазған.

Тергеу ісіне қатысты өзге де жанама айғақтар тіркелген. 1929 жылы 25 қаңтар күні Халел Ғаббасов Волленбергтің атына тағы да қосымша хат жолдаған, онда:



«Осы жылғы 9-10 қаңтар күні сіздің атыңызға жазылған өтінішті және Омаров жолдасқа жазылған ашық хатты ГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығы Петров арқылы сізге жолдап едім. Олар сіздің қолыңызға тапсырылмаған сияқты. Өйткені олардың бірде-біреуінің нәтижесі туралы мағлұмат алмадым. ОГПУ – кеңес одағындағы бірден-бір әскери және ішкі тәртібі қатаң мекеме болғандықтан да, маңызды құжаттардың жоғалуы мүмкін емес. Сондықтан да тиісті адамдарды жауапқа тартып, мен үшін аса маңызды мәлімдемелерді оқып шығып, жауабын беруіңізді өтінемін. Бұл тек менің ғана басымнан өтіп отырған жоқ, көпке ортақ жай», – деп талап қояды.

Әрине, бұл мәлімдеме де Петровтың қолына түсіп, ол Х.Ғаббасовқа өзінің „өкпесін” айтып, қателігін мойындап хат жазуға мойынсындырса керек. Төмендегі:



«ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығы Петров жолдасқа. 25/І.29 жыл.

1929 жылы 25 қаңтар күнгі менің идеологияма әрі сенімсіздікпен қарайтындығыңызды білдірген сіздің ескертуіңіз маған төмендегідей түсінік беруге мәжбүр етіп отыр. Мен өзімнің саналы өмірімнің барлық кезеңінде өз халқымның азаматы болуға тырыстым және оны тарихи қаналудан азат етудің жолын іздестірдім. Өз ұлтыма нақты көмектесудің мүмкіндігі 1917 жылдан кейін ғана туды. Менің ол кездегі идеологиям сол дәуірдің психолгиясынан туындады. Тарих толқынында езілген барлық қазақ халқын мәдениетке, экономикалық жетістікке жеткізуді мақсат еттім. Менің негізгі идеологиямды анықтаған жай да осы. Менің мақсатым да, саяси қайраткерлігім де соған бағытталды…”, – деп басталатын түсіндірмесі көп күдікке жол береді.
Тергеушілер Халел Ғаббасовқа өзінің қателерін мойындап республикалық баспасөзде ашық хат жариялауды қайталап ұсынған және соған қысым көрсетудің нәтижесінде «мәжбүр де болған» сияқты. Жауаптың жалғасынан сондай салқындық байқалады.

«Әрине, сіздің “жалпы ұлттық ерекешелік” дегеніңізді – оның ішінде (халықтың) әлеуметтік теңсіздік пен қоғамға тән ерекшеліктердің бар екендігін мен мойындауға мәжбүр болдым және оны анық түсіндім.

Сонымен қатар айтылып отырған жағдай мен Қазан Төңкерісінің жасампаздық күшіне деген сенімсіздік те сол мәселеге тікелей байланысты, оның ішінде біздің қазақ халқының жеке мемлекеттігін құру мүмкіндігінің туғандығы. Сол арқылы оны езгіден құтқарудың қажеттігі және алдағы уақытта оны мәдени–экономикалық дамуына негіз қаланатындығы туралы “ізденістеріміз де” содан туындап отыр.

Қазан төңкерісі – менің идеяларымның негізгі нысанасы бойынша ұлттарды қанаудың темір шынжырын үзді, олардың жеке мемлекет болуына мүмкіндік ашты, идеологиядан (отарлаушы – Т.Ж) туындайтын ескі қоғамдық экономиканың негізін жойды, сондай-ақ тіршілік етудің жаңа негізін қалады және қалап та жатыр. Ол өзінің бұдан кейінгі мақсатты қозғалысына, қатыгез таптық шайқасына қадам басты, мұны қоғамның мазмұны ретінде өзіне сіңіріп алды, барлық “құндылықтарды” да сондай бағытпен қайтадан бағалай бастады, сөйтіп, өзінің алған бетінен қайтпайтын творчестволық ерік-күшіне түпкілікті көз жеткізді.

Осынау ауқымды қозғалыс жаңа қоғамдық қарым-қатынасты талап етеді және ол сол қозғалыстың тұсында өмір сүріп отырғандар үшін тағдырдың тауқыметінсіз өтпейді. Тіпті, өлгендердің өзі үш күннен кейін көрге де үйренеді дейді ғой, ал адам – зат емес, сондай-ақ идеология дегеніміз де – күрестің қатып қалған түрі емес. Жұрттың бәріне ортақ қасиеттен менің тыс қалмауым табиғи нәрсе.

Менің ой-санамдағы шешуші өзгеріс ертерек, 1918 жылдың күзі мен 1919 жылдың жазында: біз бірнеше саяси жүйені, біз іш тартқан қоғамды басымыздан кешкен соң, еліміздің басына түскен қоғамдық қиыншылықтарды шеше алмайтынымызға, біздің мақсатымыздың орындалуына табиғаттың өзі сәтті үйлесімділік танытпағанына іс жүзінде көзіміз жеткен соң – басталып еді. Бірақта, менің санамдағы бұл өзгеріс пен сенім – кеңес қызметінде істеген соңғы 9 жылда, әсіресе, кейінгі 4-5 жылда, өткен өмірімнің мән-мағынасын қорытындылап, көргендерімді санамда салмақтап, талдау жасап, жаңа қоғамдық өзгерістер мен нақты жетістіктерді сезінген соң барып нықтап орныға бастады. Ең соңында, менің ұлтымның негізгі мәйегі, ең өнімді және көпшілік бөлігі (орташалар мен кедейлер) жұмысшы, шаруалар тобының құрамдас жігі ретінде кеңес өкіметінің оң көзіне ілінгенін және өзінің тағдырын соңғысымен (кеңес өкіметімен) байланыстыратынын көрген соң барып нықтап орныға бастады.

Менің шын жүректен шыққан пайымдауым бойынша, кімде-кім өзінің халқын сүйсе, кімде-кім оған адал қызмет етуді өзінің өмірлік мақсатым деп түсінсе – бұл адамның таңдайтын жалғыз- ақ жолы қалды, ол Кеңес үкіметінің шешімін орындау және соған адал қызмет ету. Менің сіздерге талмастан-айнымастан; тоғыз жыл бойы кеңес өкіметіне адал қызмет еткенімді, бұл өкіметке қарсы бағыттаған ешқандай топқа қосылмағанымды және қосылмайтынымды қайта-қайта тәптіштеп айтып – айта беруімнің себебі осы.

Менің бұл “кредомның” (латын қарпімен жазылған – Т.Ж.) негізгі мазмұнын 1925 жылы Семей губерниялық комитетінің атына жазылған мәлімдемемнен, тергеу барысында қойылған кеңестік құрылым туралы сұрақтарға берген жауабымнан анық байқалады, қысқасын айтқанда, менің осы “толғау – мінәжатымның” өзі де соны көрсетеді.

Менің бұл мәлімдемемді Волленберг жолдасқа – оның атына 29 жылы 9/І күні жазылған мәліметіммен бірге тіркеп, соған табыс етуді, ал арыздың көшірмесін РСФСР-дің бас Прокуроры Крыленко жолдасқа оның атына жазылып, 29-жылдың 14/І күні №3 камераға келген Республика Прокурорының көмекшісі Мусин арқылы беріп жіберген мәлімдемеге қосымша ретінде салып жіберуіңізді өтінемін.

25/І-29 жыл Халел Ғаббасов (қолы қойылған)».
Халел Ғаббасовтың бұл мәлімдемені қысастықпен жазғаны анық танылады. Астарлы кекету де бар. «Алашордашылардың халық үшін кеңес өкіметіне қызмет істейік» деген «идеясының» ұшқыны бар. Тергеу барысында Бас Прокурордың көмекшісі келіп кеткен. Сондай-ақ әділдік дәметіп СССР-дің Бас Прокуроры Крыленкоға да хат жазған.

4.
Осыдан кейін іле-шала, яғни, екі күннен кейін, 1929 жылы 27 қаңтар күні, Қызылорда қаласында үштіктің қаулысы шығып, оны айыпты деп тапқан. Оның соңына:

Мен өзімді айыптымын деп санамаймын. Х. Ғаббасов”, – деп қол қойған.

Сөйтіп, Халел Ғаббасовтың сұрақ-жауаптары «кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс дайындаған» өзге де 71 адамның ісіне қоса тіркелді. Этаппен Мәскеуге жіберілді. 7-томның 373-бетіндегі:



«17/VІІ – 29 ж. № 1675 Бутырка түрмесінің бастығына. Төмендегі 8 тұтқын айдауылмен жіберіліп отыр. 1. Ташекенов Қаби Кентаевич 2. Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынович 3. Дулатов Міржақып Дулатович 4. Аймауытов Жүсіпбек Аймауытович 5. Исполов Мырзағазы Исполович 6. Бірімжанов Ғазымбек Қорғанбекович 7. Болғанбаев Хайретдин Әбдірахманович 8. Ғаббасов Халел Ахметжанович – айдауылмен апарылсын және бір-бірінен оңаша ұсталсын. ОГПУ- дің әскери бөлімі» ,– деген бұйрық бойынша тұтқындар Мәскеуге жөнелтілді.

Тізімдегі Ташекенов Қаби деген кім? Оны індете алмадық. Араға көп уақыт өткізбей Қазақстанда қалған тұтқындар да Мәскеуге жеткізіледі. Ол туралы ОГПУ-дің әскери бөлімі:



«Бутырка түрмесінде Міржақып Дулатовпен бір камерада жатқан төмендегі тұтқындарды: Байтұрсынов Ахметті, Аймауытов Жүсіпбекті, Исполов Мырзағазыны, Болғанбаев Хайретдинді, Бірімжанов Ғазымбекті, Жұмабаев Мағжанды, Юсупов Ахметсафаны, Байтасов Абдулланы, Омаров Елдесті, Жәлелов Кәрімді, Міржақып Дулатов № 14 үйге ауыстырылғаннан кейін оларды Ғаббасов Халелге және № 54 камерада жатқан Қазақстаннан келген 33 адамға (Әділов және басқалар) жолықпайтындай етіп әр камераға бөліп-бөліп орыналастыруды өтінемін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет