Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


ОГПУдің әскери бөлімі – қолы», –



бет23/42
Дата25.02.2016
өлшемі2.62 Mb.
#21342
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   42

ОГПУдің әскери бөлімі – қолы», – деп (7 том, 379- бет) нұсқау берген.
Сөйтіп, алғашқы 41 адам Мәскеуде бас қосты. Осыдан кейін олардың бір-бірін аман-есен көрісуіне тағдыр жазбап еді. Х.Ғаббасовтың түрме бастықтарына жазған мынадай арызы бар:

«Корпусоной жолдасқа! Бұрынғы жатқан №72 камерада, Ақболат жолдаста менің ішкиімдерім (көйлек пен кальцон) қалып қойды. Жуғаннан кейін кептіріп қойғамын. Соны маған беріп жіберуіңізді өтінемін. №4 палатадағы сырқат – Ғаббасов. 3/ҮІІІ – 29 ж.».

Бұған қарағанда Х.Ғаббасовтың түрме лазертіне жатқызылғаны байқалады.Сондай-ақ іске:



«Бутырь түрмесінің комендантына тұтқын Ғаббасовтан өтініш

Осы жылдың 28 қыркүйек күні 20 сомның мөлшерінде менің атыма аударылған бланкінің түбіртегі маған почта арқылы берілді. Оның бір түбіртегі бойынша аударылған ақшаны алдым, ал екінші түбіртек бойынша жіберілген ақшаны алғамын жоқ. Сізден өтінішім, екінші түбіртек бойынша жіберілген 20 теңгенің берілмеуін немен түсіндіресіз, соның себебін түсіндіруіңізді сұраймын. Ғаббасов. 24/Х – 29 ж.», – деген тілше де тіркелген (7 том, 363-бет).

Бұл оның ең соңғы өтініштерінің бірі. ҮІІ томының соңына тіркелген:



«ОГПУ (сот) коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгі кеңесінің хаттамасына сәйкес:

78754 іс бойынша айыпталған Ғаббасов Халелге ҚЕ 58/2 бабы бойынша» айып тағылып,...4.Ғаббасов Халел –А Т Ы Л С Ы Н» ,– деп қаулы қабылдаған.


Осымен ОГПУ-дің тергеуі мен соты аяқталған. Арада бір жыл өткен соң “1931 жылы 8 қаңтар күні істі қайта қарау мәселесі тыңдалып, онда:

ОГПУ коллегиясының 4/ІҮ-30 жылғы мына азаматтарға шығарған үкімі: Бірімжанов Ғазымбекке, Есполов Мырзағазыға, Дулатов Міржақыпқа, Байтұрсынов Ахметке шығарылған үкім күшін жойсын”, - деген қаулы қабылданған.
Бұл тізімге, өкінішке орай, Халел Ғаббасов ілінбей қалды. Ол осы істегі ешқандай кешірімге жатпаған, ең жоғары үкім орындалған төрт адамның бірі болды, яғни, атылды.

Х.Ғаббасовтың қарасты үкімнің кешірімге жатпауына қосымша мына үш оқиға әсер етуі мүмкін. Біріншісі: Халелдің туған жездесі Ике Әділев осы үкім шыққан жылдары Шәкәрімнің ұлы Зиятпен, Құнанбайдың немересі Бердеш Әзімбайұлы Тәкежановпен, Мұхтар Әуезовтің немере ағасы Бурахан Әуезовпен, Райымжан Марсековпен бірге қарулы жасақпен Шығыс Түркістанға қоныс аударып кетті. Шыңғыстау мен Шұбартаудағы «ақ сиырдың көтерілісі» Х.Ғаббасовқа қаратылған үкімге кешірім жасалмауына, оны орындатып тынуға белгілі дәрежеде ықпалын тигізді – деу қисынға келетін сияқты.

Тағдырдың жазмышынан озмыш жоқ. Халел Ғаббасов пен Ике Әділевтің құйынды иірімі менің де әкем мен атамды жанай өтіпті. Жұртбайдың інісі Райбай шекараның қарауыл жасағының елубасы боп тұрғанда, Ике Әділев атам Райбайды ықтай қоныстаныпты. Шекараны бойлай жүргенде ылғи да жанасалай қырындап: «Осы шегір көздер мен шегірен былғары кигендерден қорқамын. Ажалым содан болмаса нетті», деп тайсақтай береді екен. ИкеРайбайдың мергендігіне сүйініп, Райбай Икенің бұранды мылтығына қызығып жүреді екен. Бір жолы Ике Райбайдың тұңғыш перзанті Жабағыны алдына алып отырып: «Райбай, мергендігіңді сынайын. Анау ағаштың басына мылтығымның қайыс бауын қырынан келтіріп іліп қоямын. Егер сен сол қайыс бауды қырынан қиып түсірсең, мына мылтығымды сыйлаймын», депті. Райбай өзінің мылтығымен көздеп атқанда, қайыс бауды қиып түсіпті. Уәделескендей Райбайға мылтығымен қосып қолтығын оқ ысып кеткен қоңыр байталды сыйлапты. Бір жолы алыстан келген силы қонақ ретінде Ержан төре Икені қонаққа шақырыпты. Райбай: «Бар ма. Ержан сымпыс адам», – деп ескертеді. Оған Ике: «Төре басымен сатқындыққа бара қоймас. Бүгін бармасам, кейін жұртпен сыйысу қиынға соғады», – депті. Қонақтар жайғасып отыра бергенде үш-төрт солдат кіріп келіп, тапаншаларын кезей қалады. Ике де саптамасының қонышына қолын сап жіберіп, бұл да наганын суырып алады. Екі жақ бір сәт үнсіз арбасыпты. Содан Ике: «Әй, Ержан-ай! Сымпыстығыңды естіп ем, сұмпайлығың да бар екен-ау. Мына елдің обалына қалармын», деп наганын жерге тастай салыпты. Сол ұсталған мол ұсталып, құрдымға кетті. Жабағы апайымызға берген әлгі байталдың бір құлыны кейін «Райбайдың бәйге қоңыры» атанды. Ал оның тұқымы Қоңыр айғырға біздің де тақымымыз тиіп, қызығын көріп ек. Ақыры оның да қызығын Семейдің қасапханасы көрді. Ал Райбайдың қыздары Жабағы мен Изагүлге, біздің әкеміз Құдакелдіге сол Икенің ата қонысынан топырақ бұйырды.

Кім білсін, бұл да бір тағдырдың ілігі шығар.


Халел Ғаббасовқа ату жазасына кесу туралы үкім шығарыларда Әлихан Бөкейхановтың інісі Смахан Бөкейханов:

«Нұрғали Құлжанұлы наһақ: «Қызылдарға «Алашорданы» жамандайды» – деп Халел Ғаббасұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Биахмет Сәрсенұлы атқызып тастады. «Нұрғалиды атқыз!»,– деп Әлекең айтқан жоқ. Осындай оқиғалар болды өткен заманда» ,– деп жазған оқиға да қаперге алынуы ықтимал.

Семейдегі құрылтайды қызыл әскердің күшімен таратпақ болған Нұрғалидың оқыс мінезі туралы Х.Ғаббасов өзінің жоғарыдағы көрсетіндісінде атап өткен.

Үшінші, мүмкін ең бастысы, тура осы кезде «Кене», «темір нарком» деп Жамбыл мақтаған Ежов НКВД-ның тізгінін қолға ала бастаған. Ал Халел Ғаббасов «қазақ қызметкерлерінің облыстық төрағасы болып жүрген кезінде» облыстық конференцияда «қазақ қызметкерлерін коммунистік партияға қарсы үгіттеп», С.Сәдуақасовтың ұйымдастыруымен Семейдің губкомын таратуға және Қазақстанға қаратуға қаулы қабылдауға ықпал еткен адамның бірі болатын. Ұрымтал сәтті пайдаланып, Ежовтың «ежелгі кекті» қайыруы да ықтимал. Соңғы жорамал барынша шындыққа жақын.

Әрине, мұның барлығы ебепке себеп қана жайлар. Оны бұдан әрі біз де қазбалап жатпаймыз. Қазақ ССР Жоғары сотының:



«Жүргізілген тергеу жұмыстарының ішінде қарулы көтерілісті дайындағандықтарын дәлелдейтін бірде-бір нақты дерек табылмады», – деген анықтамасына біздің де алып-қосар-пікіріміз жоқ.

Үшінші тарау: «ДАЛА ҚАШҚЫНЫ...»

(Дінмұхамед Әділев)

1.
1927 жылы Қазақстанның астанасы Қызылордадан Алматыға ауысып жатты. Мемлекеттік басқару аппаратының жартысы Сыр бойында, жартысы Алатаудың етегінде еді. Голощекин әкімшіліктің орын ауыстырғанын еппен пайдаланып, жаңа қонысқа бұрынғы «жайсыз» кадрлардан арылып баруды көздеді. Ол ойын жүзеге асырды да.

Ол үшін бүкіл республиканы дүрліктіретіндей және барлық алашордашыларды бір іске көгендеп, әшкерелейтіндей дабыралы «қылмыс» қажет болды. Ә.Бөкейхановтың, Е.Омаровтың, Х.Ғаббасовтың үстінен жүргізілген тергеу күткен нәтижесін бермегеннен кейін күдігі көп, қолға ілінетін «қылымысының ізі» елге әшкере, «оңтайлы нысана» керек болды. Осындай аумалы-төкпелi тұста ебепке себеп дәл келiп, Дiнмұхамед (Дiнше) Әдiлевке:

«Ағасы екеуi бiрiгiп аса ауыр қылмыстар жасады, милиция бастығын өлтiрдi», – деген айып тағылып, Бетпақдаланың Сарысумен шектесетін тұсындағы Дінмұхамед Әділевтің ауылына арнайы жасақ шығарылды.

«Ахмет Байтұрсыновтың...» тергеу ісінің алғашқы бетінен басталатын Дінше Әділевтің көрсетінділері «Алашордашыларға» қатысты барлық томдарда кездеседі және мазмұндары өте ұқсас, әр жазбасында алдыңғы мәліметтеріне толықтырулар мен түзетулер жасаған. Жауаптары тым ұзақ әрі шұбалаңқы. Жазу мәнері де ретсіз, жатық емес. Оқиғалар шашыраңқы, ілгері-кейінді баяндаған. Іске тартылған 71 адамның әр қайсысының ұлтшылдық көзқарасы мен ұйымға қатысы туралы берген мінездемесінің кей тұстарындағы жекелеген сөздер мен ой оралымдары болмаса жиырмадан астам көрсетінділердің барлығы бірін-бірі қайталайды. Мысалы ол өзінің барлық көрсетіндісін:

«Мен осы арада қара басымды ақтау үшін емес, мен өлімнен қорықпаймын, мәселені ашық айту үшін шағын шегініс жасай кеткім келеді», – деген сөзбен бастайды да, өлім мен өмір туралы шағын толғаныс жасап барып негізгі сұраққа көшеді.

Жалпы Дінмұхамед Әділевтің тергеу барысындағы жауаптары негізінде түрмедегі адамның психолгиялық жанталасы мен ашынуы, қасарысуы мен мінезінің сынуы, шындық пен сыр жасырудың арасындағы көрінбейтін қызыл сызықтан қалай аттағаны, бостандықта қасиетті көрінетін құндылықтардың қапаста мәнін жоюы, ұстамдылық пен төзімнің шегі, арбау мен арбалу түйсігі, өмір мен өлімнің арасындағы ант мезгіліндегі сана жанталасы, парасат пен парықтың жігінің ажыратылуы, қысым мен бопсаға шыдауы сияқты құпия құбылыстар туралы жанжүйесіне қатысты зерттеу жүргізуге болады. Әрине, жетіскен тақырып емес. Бірақ та өзін күрес жолына дайындаған, оқ пен оттың арасында өмір сүріп, өлім мен өмірдің шекарасында жанталасқан жандардың жан құпиясы да тылсым бір құбылыс. Д.Әділевтің тергеудегі әр жолғы көрсетінділерінде сондай мінез бар. Тек үш жылдық қысым мен қинаудан, ұстамалы дерттен әбден зықысы шыққан азап иесінің соңғы тергеулердегі жауабынан оның шындық пен қиялдың ара жігін ажырату қабілеті тұмандана бастағаны анық аңғарылады. Және ол өзін ақтайтын қандай да бір дәйекті келтіргеніне қарамастан, оны тек қана ату жазасы күтіп тұрғанын білген. Ең бірінші тергеу көрсетіндісі мен ең соңғы өсиетті көрсетіндісіне дейін бұл көңіл-күй оның құлақ күйіне айналып, үнемі санасында жаңғырып отырған. Мұндағы басты демеуі:

«Барлық жағдай баяндалып болғаннан соң менің соттаушыларым маған: белгілі бір ортаның арасында орнын таппай қаңғып жүрген қайдағы бір қылмыскер немесе бұзық адам ретінде қарамайды деп түсінемін», – деген әлсіз үміт болатын.

Алайда оның бар ішкі сырын қырындысына дейін қалдырмай қырып алған соң, тергеушілер оған «мағынасы жойылған, берері таусылған қаһарман» ретінде қарап, өзге айыпкерлермен бірге Мәскеуге айдауылмен апарудың қажетсіздігін айтып, оны Алматыдағы түрмеде қалдырып кету туралы шешім шығарған. Бірақ ол пікірмен мәскеулік тергеушілер келіспеген. Бутыркаға «шақыртып алған». Ол өзінің «аса мағыналы әрі құпиясы мен хикаясы көп өмір жолын бұдан әрі былай баяндайды:



«Әрине, менің қылмысым ауыр. Бір кезде коммунистердің сапында қолыма қару алып майданда соғыстым (Ол туралы кейін жеке айтамын). Содан кейін контрреволюциялық әрекеттермен айналыстым. Менімен байланысы бар адамдар жауапқа тартылатыны сөзсіз. Енді, міне, түрмеде отырмын. Егерде партия мен үкімет, жауапты қызметкерлер маған үміт артып, кешірім жасаса, тірі қалдырса, онда менен келешекте жаңа өмірге жақсы лепес әкелетін жақсы азамат шығады деп үміттенемін. Мен өзімнің ойымды жазып қалдыруға мүмкіндік бергендерің үшін де ризамын. Өйткені мен бандит ретінде емес, рухани деңгейі жоғары, социалистік қоғам құрылысына белсене араласқан адамдардың санатында жазаға тартылып отырмын».

Алғашқы тергеулерде өзін-өзі өр ұстаған азамат кейін қинау мен ұстамалы дерттің нәтижесінде жасыған. Үш жыл бойы үздіксіз тергеу астында болған Дінше Әділевтің көрсетіндісімен 71 адам тұтқындалып, жауапқа тартылды. Ол, мүмкін, кейін «өз атын тарихта қалдырудың осы жолын таңдағанына» өкінген де шығар. Бірақ ол алғашқы кезеңде өзінің сол көрсетінділерін «тарихи естелік, маңызды құжат» ретінде көрсетіп:



«Осыдан кейін атылып кетсем де өкінбеймін. Өкінетін де ештеңе жоқ. Ана жақ та (алашордашылар – Т.Ж.), мына жақ та (большевиктер – Т.Ж.) бетіме түкіріп отырғанда несіне өкінемін. Екі жақ та мені табалайды. Менің барар жер, басар тауым жоқ. Енді өлімнен қорықпаймын. Өлімнен қорыққан адам мұндай көрсетінді бермес еді. Мен қолымда қару тұрғанда өз еркіммен берілген адаммын. Егер мені өлім жазасына кессе, өлімді қасқайып тұрып қарсы аламын. Қандай азап күтіп тұрса да, маған бәрібір, мен нағыз азаматтар сияқты қайыспай көтеремін», – деп бағалапты.

«Екі жаққа да сүйкімім кетті» деген сөзінен сол көңіл-күй, өкініш анық аңғарылады.

Біз Д.Әділевтің тек 1928-жылдың соңғы күндері мен 1929-жылдың алғашқы айларында берген көрсетінділерін ғана негізге алдық. Ал 1930-1931 жылдардағы айғақтарының ішінен 1930-жылы тамыз бен қыркүйек айларында тұтқындалған Мұхамеджан Тынышбаевтың «қылмыстық тобы» туралы көрсетінділерін аса мұқиятты түрде қарап шығып, шындыққа жанасымы бар-ау деген тұстары ғана іріктеліп пайдаланылды. Өйткені Қазақ ССР жоғары сотының 1988 жылғы сәуір айындағы үкімінде айтылғанындай Д.Әділевтің бұл кездегі көрсетінділері «өте ұшқары, сөйлемдердің өзі өзара байланыспайды, пікір қайшылығы көп, өзін-өзі астыртын ұйымның көсемі ретінде көрсеткен ыңғайда жазылған». Зады түрмеде жатқан бұл жылдары Дінмұхамедтің жүйке ұстамасы асқынып кетсе керек. Тіпті астыртын ұйымның сызбасын да жасаған. Астыртын ұйым жұмысына барынша қанық, патша жандармереясының тұсында «сынақтан» өткен алаш қайраткерлері ондай аңғалдыққа бармағаны анық.

Сондықтан да, қайталап айтамыз, көрсетінділерді сол қалпында пайдалаудың еш мүмкіндігі болмады. Біз Д.Әділевтің түрмедегі көрсетінділерінің бәрін жинақтап, оларды өзара салыстыра отырып бір ыңғайға, бір ізге түсіріп баяндап беруге ұмтылдық. Онсыз айыпталушының қай сөзі шын, қай сөзі жалған, қай оқиғаға нақты кімдер қатысқанын ажырату мүмкін емес. Сонымен қатар әр көрсетіндіде әр түрлі мінездеме берілген, бірде сол оқиғаға тікелей қатысты десе, бірде еш қатысы жоқ деп көрсеткен және жалпы тергеу ісіне қатысы жоқ адамдардың аттарын назардан тыс қалдырдық. Өйткені олардың «не айыпкер, не айыпкер емес» екеніне саралау барысында толық көз жетпеді. Бұл онсыз да шырғалаңға толы істі одан әрі шырма шату етіп жіберуі мүмкін деген күдік келтірді. Алашордашыларға қарсы тергеу ісіндегі басты айыпталушы, басты көрсетуші, «басты куәнің» бірі болғандықтан да оның жазғандарын тұтастай мазмұндап беруге мәжбүр болғанымызды ескерте кетеміз. Біз бұл тарауда тек қана Дінше Әділевтің өмірбаянын өзгелерден аршып аламыз да, оның тұтқындалуына тікелей қатысы бар, өз басынан кешірген қилы-қилы оқиғаларды істегі көрсетінділер бойынша баяндап шығамыз. Д.Әділевтің “мінездемесі” бойынша кезек- кезек тұтқындалған адамдар туралы мәліметті әр тараудың аяғында келтіріп отырамыз. Сонда “түрме тарихы” мен “түрме талқысы” бір желіге түсетін сияқты көрінді. Сондай-ақ кейбір қысқа қайырылған, тергеуші мен жауап берушінің өздеріне ғана мәлім жайлардың астарын қосымша түсініктеме арқылы жеткізуге тырыстық.

Сонымен, 1928 жылы 17 желтоқсан күні Дінмұхамед (Мұқыш та, Дінше де осы адам – Т.Ж.) тұтқынға алынды (Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архиві, І том, 1 бет):

«Мәңгілік сақталсын. “Қылмысты іс” №... Әділев Д., Дулатов.М., Бірімжанов Ғ., Болғанбаев Х., Битілеуов Д., Байдуллаев.А., Есполов М., Жәленов К. т.б. айыпқа тартылған №… іс.

Протокол

1928 жыл, 17 желтоқсан.

Мен, төменде қол қойған ПП ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкілі Шумилов дәл осы күні, ОкрУРО- ның агенті Мұстамбаев пен Порояновтың қатысуымен, жеке бастарын растайтын №8 куәлігінің негізінде мына жайды баяндап дәйектеме жасадым:

Бүгін жолға шығардың алдында менің пәрменіммен Әділев Мұқышты ұстау мақсатымен Байділдаев Ағабектің ауылы қоршауға алынды, өз еріктерімен берілуі туралы ескертуге Әділев пен Байділдаев құлақ аспады, сондықтан да тұс-тұсынан оқ боратып, ескерту жасадық. Содан кейін барып, Әділев бізге берілді де, № 18812 “Карабин” мен оның 24 дана оғын және 2 тапаншаның оғын бізге тапсырды да өз еркімен берілді. Әділевті тінткен кезде шыққан дүрбісі тартып алынды, Байділдаевтан ештеңе де шыққан жоқ. Сондай-ақ Әділевтің 2 биесі мен жеке басын растайтын куәлігі алынды.

Протокол бізге оқылды - (қолы қойылған)”.

Қағаздың келесі бетіне Дінше Әділев өзінің арнайы жасаққа неге қарулы қарсылық көрсеткеніне:

Шумилов жолдас пен басқа да өкімет өкілдері жіберген адамдар маған ерікті түрде берілу туралы ескерту жасаған жоқ. Мен киініп болып, есімді жиып үлгергенше тұс-тұстан оқ бората жөнелді. Қарсыласудың пайдасы жоқ екенін біліп мен өз еркіммен берілдім.Содан кейін барып олардың жіберген адамдары Байділдаев Ағабекке 10 минуттық ескерту мерзімі туралы айтқанын білдім, ал Байділдаев ол туралы маған айтуды ұмытып кетіпті. 10 минуттық мерзім біткен соң ғана оқ атылған екен.

17/ХІІ – 28 жыл” – “Д. Әділев”, – деп түсініктеме беріп, қарындашпен қол қойыпты.

Бұдан кейін барып қарулы қарсылық кезінде Д.Әділевтің қасында болған екінші адамды “ұстау туралы протокол” келтірілген. Онда:

Мен, ПП ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкілі Шумилов, 1928 жылдың 17 желтоқсаны күні азамат Әділев Мұқашты ұстаған кезде онымен қоса Сырдария губерниялық іздеу басқармасының агенті, тергеу мен соттан қашып жүрген Байділдаев Ағабекті Сырдария аймақтық қылмыстыларды іздестіру бөлімі қызметкерлерінің өтініші бойынша: бостандықта жүрсе тергеу ісінің барысына кесірін тигізер деген оймен және шындықтың ашылмай қалуы мүмкіндігін ескеріп, сондай-ақ соттан қашып кетер деген күдікпен Қылмысты Істер Ережесінің 100 бабына басшылыққа ала отырып:

Шаян ауданының №21 ауылының азаматы Байділдаев Ағабекті қашан оған айып тағылғанша тұтқындау туралы шешім қабылдадым. Байділдаевтің өзінің көрсетуі бойынша одан: 12 оғы бар №84454 “Наган”, 22 оғы мен 1 гильзасы бар №450 “Браунинг” алынды.

ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша өкілі Шумилов”, – деп көрсетілген.

Дала жағдайында қалам мен сияның дайын тұрмағаны анық. Сондықтан да тұтқындау санкциясы қарындашпен жазылған. Ендi осы санкцияға байланысты мынадай заңды сұрақтар туындайды. Егер Д. Әдiлев шынымен қылмысты болса, дер кезiнде неге ұсталмаған және ол қылмысы айыптау санкциясында неге көрсетілмеген. Д.Әдiлевтың 1921-1922 жылғы Сарысудағы оқиғаға қатысы бұрыннан анық болса, онда тергеу ісі неге „Алашорда” туралы емес, сол оқиға турасындағы сұрақтан басталмайды?

2.

Ал енді осы «Алашорда» қайраткерлерінің кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық, террорлық астыртын ұйым құрып, қыр елін қарулы көтеріліске дайындап жатқандығын әшкерелейтін «топтық қылмысты істің» қозғалуына себепкерлік еткен Дінше Әділов кім еді?



Стенограмма.

Тіркеу хаттамасы /протоколы/. 24/ХІІ – 28 жыл.

Аты, әкесінің аты, фамилиясы – Дінмұхамед Әділұлы Әділев. Жасы - 28 жаста. Тұратын жері – Сырдария аймағы, Сарысу ауданы. Тұрақты мекені не туған жері – Сарысу ауданына қарасты Шу өзенінің маңы. Партиялығы – қазір партияда жоқ, бұрын коммунист болған. Ұлты – қазақ. Айналысқан қызметі – а/Ақпан төңкерісіне дейін – шәкірт. б/ Қазан төңкерісіне шейін – төңкеріс мекемелерінде қызмет еткен, оқыған. Білім дәрежесі – Гимназияның 5 класын бітірді, содан кейін біраз уақыт университетте дәріс оқыған. Үй жағдайы – үйленген, әйелі және баласы бар. Күн көрістік қаракеті – жұмыссыз.Әке – шешесінің байлық мөлшері – кедей. Қозғалмайтын /үй, зауыт, т.б. – Т.Ж./ мүлкі - жоқ. Саяси көзқарасы үшін қуғынға түсті ме, қайда, кім және қашан - 1918 жылы күзде ақтардың қолына түсіп Блоговещенскі қаласының түрмесінде отырған. 1919 жылдың екінші жартысына дейін Колчактың тұсында ақтардан жасырынып жүрген. Қызыл әскер қатарында болды ма /қашан және қайда, қанша уақыт/:- 1918 жылдың көкегінен бастап қыркүйекке дейін Қиыр шығыста ақтарға қарсы соғысқан”.

Тергеудiң мәлiметiне жүгiнсек, «Дiнмұхамед Әдiлев „белгiлi бiр мекенi, тұрақты жұмыс орыны жоқ қылмысты элемент», яғни «дала қашқыны». Бұған қоса өзінің және таныстарының мінездемесіне сүйенсек: «тентек мінезді, өжет, қан қыз уы басылмаған», «өмірден өз орнын таппаған», өнерлі албырт жігіт , қандай да болмасын шешімді сабырсыздықпен мінезіне жеңдіріп қабылдайды. Өз әрекеті туралы ешкімге жауап бермейді, жұмысқа тұруы да, оны тастап кетуі де тез. Оның бұл мінезін тергеушіге берген:



«Менің барар жер, басар тауым жоқ. Енді өлімнен қорықпаймын. Өлімнен қорыққан адам мұндай көрсетінді бермес еді. Мен қолымда қару тұрғанда өз еркіммен берілген адаммын. Егер мені өлім жазасына кессе, өлімді қасқайып тұрып қарсы аламын. Қандай азап күтіп тұрса да, маған бәрібір, мен нағыз азаматтар сияқты қайыспай көтеремін», – деген жауабынан-ақ байқауға болады.

Тағдырдың өтінде жүруге құштар отты жігіттің өмір жолы да шырғалаңмен басталыпты. Қалған онбес жылдық ғұмырының нысанасын анықтап бергендей болған бұл оқиға туралы М.Дулатов 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Балаларға жұққаны» атты мақаласында:



«4 августа Ақмоладан Омбыға гимназияға кіруге Шу бойындағы тамадан Дінмұхамет Әділов деген 11 жасар бала келді. Ақмоладағы городской школада 2-3 жылдан бері оқып жүр екен. Оқуға ыждаһатты һәм зерек болған соң, көрген адамдар қызығып, учительдері де гимназияға еркін кіруіне көздері жеткендей Омбыға баруға маслихат беріп жіберіп еді, 7 августа бала емтихан ұстауға гимназияға келсе, гимназия директоры Курочкин, қолында ұстаған бір қағазы бар, балаға суық назарымен қарап: «Мен пара алып бала қабыл етпеймін, емтихан ұстауға да жібермеймін, жүре бер...», – деп баланы шығарып жібереді. Бала бұл сөздін, мәнісіне түсінбей сұраса, директор қолындағы қағазды көрсетеді. Қағаз – әлгі баланың ағасы болып директордың атына жазылған хат екен. Конверттің сыртындағы мөрге қарағанда почтаға Омбыдан салған, ішіндегі сөзі мынау: «Құрметті директор Курочкин! Менің інімді гимназияға алыңыз, алсаңыз жақсы нәрсе сыйлаймын, алмасаңыз түк бермеймін, сен жаман кісісің». Директор бұл хатты жазған баланың ағасы деп шамданып, баланы емтиханға жібермеген себебі сол екен. Баланың елі Омбыдан 1500 шақырым. Омбыда жақыны да, танысы да жоқ, өзі бір жолаушы орысқа еріп келген. Мұның бәрі директорға айтылған. «Басқа біреу хатты нендей ниетпен болса да бұл хатты жазған шығар, бірақ баланың жазығы жоқ», – деген сөзді директор керек қылмаған. Сөйтіп бала Омбының көшесінде жылап қалған.

15 августа Ақмоладаң Омбыға келгенде, әлгі баланы көрдім. Школдардың бәрінде де емтихандар өткен. Қайтайын десе ел алыс. Сұрастырып қарасақ, бұл баланың келуінен бірнеше күн бұрын Ақмоладан оқуға екі ересек бала келген. Әділевті Омбыда бұл екеуінен басқа ешкім білмейді. Оның үстіне директорға жазған хаттың жазуы бұлардың бірінің қолына ұқсайды, қисыны солардың біріне келетін болған соң, оқудағы бір-екі жігітті ертіп Ақмоланың екі баласына бардым. Хаттың жазуымен балалардың жазуын салыстырып қарасак, біреуінің жазуына дәл келеді. Сол арада көп сөзге келмей, қолынан құтыла алмасын біліп, мойнына алды. Бұл Ақмола уезінде қазақтың белгілі «жақсы кісісінің» бірі Мұстафиннің баласы Ташмұхамбет. 17-18-дегі жап-жас бала жамандыққа ерте үйір болып, жазықсыз жас талапкердің жолын бөгеп, күйе жаққан. Бұл неден? Әлде үйренген үлгісі ме. Қазақ бірінің үстінен бір домалақ қағаз берсе, қулық-сұмдықпен бірін-бірі ақсатса, өнерлі жігіт атанады, ондай іс қазақ назарында ұят емес, мақтан… «Болар іс болды»,деп қоймай, биылдан соң болса да Дінмұхамет Әділевке гимназияға кіруіне тоқтату болмасын, нақақ жаладан айырылсын деп, Мұстафа баласын директорға апарып, айыбын мойнына алдырып, ана баланың тазалығына сендіруге сөз байланды. Дінмұхамед Әділев гимназияға келер жылы кіруге Омбыда қалды. Міне, қырдағы бәленін, дауы мен жаланың балаларға да жұққаны», – деп жазды.

Міржақыптың ауызына салып тұрғандай, шындығында да «қайдағы пәле мен дау, жала» сол балаға да жұғып, осы таныстықтың соңы арада он бес жыл өткен соң бір адамның емес, бүкіл «Алашорда» кеңесі үкіметінің мүшелеріне айып тағуға ұласты. Сөйтіп, М.Дулатовтың жанашырлығымен гимназияға түсіп, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов, Ж.Сәдуақасов, Ғ.Тоғжанов, Ә.Байділдин сияқты қайраткерлермен қатарлас оқиды. Олар үйірме құрып, 1914-1918 жылдары саяси іске араласып, ұйым құрып, бірі – “Алашордаға”, бірі – большевиктерге бет бұрғанда, яғни, 1918 жылы жалпықазақ жастарының құрылтайы тұсында оқиға құмар Д.Әділев өз еркімен қызыл партизанның құрамына кіреді. 1918-1919 жылдары, яғни, 17-18 жасында қызыл армияның Қиыр шығыстағы бөлімшесінде большевик-партизандар қатарында соғысқа қатысқан. Сонда да тұрақты «большевиктік көзқарасы қалыптаспаған». Бірақ та сол еңбегіне арқа сүйеніп кеңес өкіметі мен сотының атынан да, тіпті ОГПУ-дің атынан да әр жерде үкім шығарып, оны табан астында орындатқызады, не оны өзі орындайтын «партизан» деген лақап аты бар «партизан» еді. Дінмұхамд Әділевтің тергеу мекемесінің назарына ілігіп жүргені де сол арандатуға да, арандалуға да бейім ұрыншақ мінезі сияқты. Кеңес өкімет Қиыр шығыста құлап, Колчак үкіметі орнағанда Омбыға астыртын қайтып келеді. С.Сейфуллин өзінің 1925 жылы 19 сәуірде Сталинге жазған хатында орнынан себепсіз алынған Ж.Сәдуақасов:



«1918 жылғы Омбыдағы Колчакқа қарсы көтерілісі кезінде тұтқынға алынған Нұркин және маған Колчактың концлагерінен қашып шығуыма көмектесті, сондай-ақ Байділдинмен бірге жасырынып жүрген қызыл партизан Әділевті және бір орыс жолдасты жасырды», – деп жазды.

Демек, Д.Әділевтің өз өміріне қатысты бұл дерегі шындық. Алайда тергеу барысында Д.Әділевтің партизандық жорығы туралы мәлімет жоқтың қасы.Тек тінту кезінде қолға түскен суретке байланысты жанама оқиға ретінде баяндалған:

«Байділдин мен Бірімжановтың және (?)...нің Ташкентте түскен суреттерін көрдім. Мен Омбыда Колчактан тығылып жүргенімде Байділдин мен Жанайдар Сәдуақасов келіп тұрды. Жанайдар екеуміз Колчакқа қарсы көтеріліс ұйымдастыруға дайындалып жатқамыз. Көтерілісті басып тастады. Омбыдан жасырын кетуге Байділдин көмектесті. Оның алдында ол Бөкейхановпен бірге Самар қаласындағы кеңеске қатысып келген. Жанайдар Сәдуақасовтың куәлігімен Петорпавловскі қаласына бардық. Арада біраз күн өткен соң Байділдиннің ауылына да келдік. Казактар онда да тыныштық бермей, мені іздей берді. Содан Жетісуға (?) кеттім. Байділдин де кейін сонда келді. Біз онымен бір бөлмеде тұрдық. Смағұл Сәдуақасовпен, Әшім Омаровпен Байділдин жақсы таныс болатын. 1922 жылы мен қырда жүргенде ол Досмұхамедов пен Рысұловтың ұсынысымен Орынборға қызметке ауысты», – деген мағлұмат қана бар.

Сонымен, 1928 жылы 17 желтоқсанда ұсталған Д.Әділев 7 күннен кейін Қызылорда қаласының түрмесіне жеткізілген. 24 желтоқсан күні Д.Әділевтен бір күнде үш рет сұрақ-жауап алынған. Дінше Әділевке не үшін арнайы қарулы жасақ жіберіліп, оны атыс үстінде ұстады? Осыдан бес-алты жыл бұрын өтіп кеткен «Сарысу оқиғасына», «Қара Ноғайдың», яғни, «қарақшы әрі жасақшы» атанған қызыл командир Әубәкіровтің өлімінің «Алашорда» үкіметіне және оның қайраткерлеріне қандай қатысы бар? Қисынға жүгінсек, айыптау ісі осы сұрақтарға жауап алудан басталса керек еді.

Өкінішке орай, тергеу басталмай тұрып-ақ тергеудің беті теріс бұрылып кетті. Оған «партизан» Дінше Әділевті тінту кезінде табылған, 1921 жылы Ташкент қаласында бас қосқан ежелгi таныстардың естелiк үшiн Дінше Әділевтің М.Дулатовпен, Х.Досмұхамбетовпен, Ж.Досмұхамбетовпен, М.Есполовпен, Ғ.Бiрiмжановпен, Д.Битiлеуовпен, А.Юсуповпен, К.Жаленовпен, Х.Болғанбаевпен бірге кәдiмгi қазыналық шеберханада түскен сурет себеп болды. Адамдардың бiразы орындықта отыр, үш-төртеуi түрегеп тұр. Бұлардың кейбiрi бiр-бiрiмен осы арада тұңғыш рет кездескен. Осы фото тергеу орындарының назарына iлiгіп, бiрден саяси күдiк тудырған. Мұндай аса қауіпті айып не үшін тағылған? Соншама аты шулы қылатындай бұл суреттiң не сыры бар? ОГПУ-дің қызметкерлерiн ерекше алаңдатқан жағдай не? Басты себеп, мұндағы бейнеленген адамдардың ішіндегі Дiнше Әдiлевтен басқасының барлығының да кезiнде «Алашорда» үкіметінің мүшелерi болғандығы еді. «Отеллодағы» орамал сияқты қасіреттің себепшісі болған сурет туралы А.Юсупов:

«Әділевпен мен 1921 жылы Ташкентте құқық жөніндегі лектор болып жүргенде таныстым. Болғанбаев содан кейін кеді. Әділевтің қайда тұрғанын білмеймін. Ол Қожановқа барып жүрді. Содан кейін мен оны 1926 жылы қазақ театрында директор болып тұрғанда бір-ақ көрдім. Қайтып жүздескен емеспін. Ауылда жүр деп. есті дім. Қай ауылда жүрді, ол жағынан мағлұмсызбын. Ташкентте түскен суретке келетін болсақ, Дулатовтың Семейге жүруіне, Бірімжановтың Бұқарадан келуіне орай түстік. Суретке түскендер Халел, Жаһанша Долсмұхамедовтер, Омаров, Болғанбаев Хайретдин, Жәленов Кәрім, Бірімжанов, Дулатов, бұдан басқа Тынышбаев пен Құралшин болды-ау деймін», – деп түсініктеме берді.

„Алашорда” үкіметі мен „Алаш” партиясының мүшелерін жауапқа тартудың қисынды себебін таба алмай жүрген ОГПУ-дің уәкілдеріне бұл фото үлкен желеу болды. Өйткені алашордалықтарға тағылатын айыпты қылмыс 1920 жылғы ВЦИК-тің „Алашорда” қайраткерлеріне жасалған кешірімінен соң ұйымдастырылған болуы тиіс. Әлихан Бөкейханов пен Елдес Омаровтың, Халел Ғаббасовтың тергеуінде ондай ілік табылмаған еді. Ал мына сурет 1921 жылы түсірілген, демек, кеңес өкіметі кешірім жасағаннан кейін бір жылдан соң алашордашылар Ташкент қаласында бас қосқан. Ал мұны: «Контрреволюциялық-террористік астыртын ұйымның кезекті мәжілісінен кейін суретке түскен», деп жаза салу тәжірибелі тергеуші үшін әбден машыққа айналған үйреншікті тәсіл. Әрине, мұндай мүмкіндікті ОГПУ-дің шығыс бөлімшесінің өкілі Саенко қалт жібермеген. 4-беттегі анкетадағы айыптау санкциясында Д.Әділевке:

«Кеңес өкіметін құлату үшін «Алашорданың» астыртын ұйымының тапсырмасымен қырда қарулы топ жинап, көтеріліс ұйымдастырып жүр», –деген айып тағып,тергеуді:

Сіздің саяси көзқарасыңыздың қалыптасуы туралы қысқаша айтып өтсеңіз? Қалай сіз коммунистіктен контрреволюционерлікке айналып кеттіңіз және көрнекті кеңес қызметкерлігінен құлдырап, даладағы қашқынға айналдыңыз?, – деген сұрақтан бастаған.

Әрине, алғашқы сұраққа саяси астар беріп, қылмыстық әрекет байқалатындай формулировка жасап, қағазға түсіруі түсінікті. Өйткені аса маңызды „контрреволюциялық астыртын ұйымды әшкерелеу” бір ғана суретке қатысты ашылды десе, тым сенімсіз көрінер еді. Ал фотоның қажеттілігі, сол суреттің қайда, неге түсірілгені және кілең «алашордашылардың» бастары неге қосыла қалғаны туралы «аңыз», яғни, жүйелі түрде ойдан құрастырылған сылтау – жала үшін қажет болатын. Д.Әділев тергеудің бірінші отырысында мұндай қитұрқылы қыртысты аңғармай, өзін маңызды тұлға ретінде қыр көрсете жауап беруге тырысып, суретке түсудің тарихын ұмытып кетеді. Ол “Алашорда” үкіметінің кеңес өкіметіне қарсы құрған контрреволюциялық-террористік құпия ұйымының мүшесі ретінде:

«Мен өзімнің ойымды жазып қалдыруға мүмкіндік бергендерің үшін де ризамын. Өйткені мен бандит ретінде емес, рухани деңгейі жоғары, социалистік қоғам құрылысына белсене араласқан адамдардың санатында жазаға тартылып отырмын», – деп бастап, одан әрі былай жауап береді.

Мен бұрын Түркістанда ешқашан да болып көрген жоқ едім, Сібірді Колчак билеп тұрған кезде мен Түркістанға қашып бардым. Іле Ташкентке келдім, онда Қожановпен, Болғанбаевпен кездестім, соңғысын Омбыда жүргеннен білетінмін. Сондықтан да мен Түркістандағы жағдаймен таныс емес едім және қазақ пен орыс тұрғындарының ара қатынасын білмейтінмін. Әлгі екеуі мені жағдайдың барысымен хабардар етті. Бұл жөнінде ең алғашында Болғанбаевтан сұрадым. Ол маған: Мұның бәрі бос сөз, бұл өкімет ешқандай да ұлттық бостандық әкелмейді”, – деген жауабы арқылы маған іштейі әсер ете бастады. Жалпы, ол жөнінде көптеген пікір алысулар болды.



Бұдан кейінгісінің барлығы да алдыңғы айталғандардың заңды жалғасы іспетті өз-өзінен жүзеге аса берді. Қожанов ол кезде партия қатарында жоқ болатын, Қазақ педагогикалық училищесінің оқытушысы болып істейтін. Бұған дейін ол “Бірлік туы” газетін шығарып тұрды. 1918 жылы Қоқан мемлекетінің құрылтайына Болғанбаев екеуі тілші ретінде барып қатысқан еді.

Мен Ташкентке барғаннан кейін Рысқұлов басқарып отырған Мусбюроға (Мұсылман коммунистері бюросы – Т.Ж.) кірдім. Мусбюродағылар мені мен Борамбаевті Қазақ Республикасының Оқу ағарту халық комиссариаты арқылы сол кездегі Жетісу губерниясына партия жұмысына жіберді. Партиялық билетім жоқ болса да, мен өзімді партия мүшесімін деп есептеуші едім. Ташкентке келгеннен кейін мен Қожанов пен Болғанбаев екеуімен бірге тұрдым, сондықтан да мені Мусбюро Жетісу губерниясына жіберген кезде, мен солардың сөзіне еріп онда бармадым. Менің жас әрі қаным қызба кезім еді. Адамға әр түрлі нәрсе әсер етеді ғой. Мен солардың ықпалы арқылы Қазпедучилищесінде оқытушы боп қызметке орналастым. Меңгерушісі – Иса Тоқтбаев болатын, ал Қожанов оқытушы әрі педагогикалық кеңестің хатшысы еді. Осы мектепке мен оқытушы боп орналасқаннан кейін Қожанов хатшылық міндеттен бас тартты да, оның орынын мен бастым.

Көктемге қарай мені Халық ағарту комиссиясы (ол кезде Төреқұлов Нарком болатын) мені Верныйға (Алматы – Т.Ж.) Облыстық оқу ағарту бөлімінің меңгерушісі етіп жіберді. Менімен бірге курстың меңгерушісі Құлжанов Ибадулла да аттанды. Менің қасымда Мұратбаев та болды. Жетісуға келгеннен кейін мен ОблОНО-ны (Облыстық оқу ағарту бөлімі – Т.Ж.) меңгердім және қазақ пен қырғыз балалары оқитын курсқа лектор болдым. Ревком төрағасы Поздняков, облревкомы президиумының мүшесі қазақтан жалғыз Жандосов болды. Мен ОблОНО-ға меңгеруші болып тұрған кезде мұғалімдердің біреуі, орыс әйелі, әлдебір кінәсі үшін сотты болды. Мен сол кезде Ерекше бөлімге, әйтеуір сондай бір мекемеге хабарластым. Сөйтсем, олар әлгілерді мүлдем жауып қамап тастапты. Сөйтіп, Ерекше бөлім мені де 3 күн абақтыға жапты. Ерекше бөлімді Соколовский басқаратын. Мен оны кейінгі кезде ЦСУ-дің (қандай мекеме екенін ажарата алмадым, орталық статистика басқармасы болуы мүмкін – Т.Ж.) бастығының орынбасары болды деп естідім. Әрине, мұның барлығын жол-жөнекей айтып отырмын. Сөйтіп (абақтыдан босаған соң – Т.Ж.) мен Верныйдан Арықованың (Нағима Арықованың) үйімен бірге (қазір ол Крайкомның бюро мүшесі) ілесіп кетуге мәжбүр болдым. Оның өзі, сіңілісі және әкесі үшеуі Семейге көшті. Тура сол кезде онда Губерниялық атқару комитетінің қазақ бөлімі бар еді, оны Аймауытов басқаратын. Мен онымен осы жерде таныстым. Мен Семейде болған кезде Орынбордан телеграмма келді, онда менің бірінші шақырылған құрылтайда КирЦИК-тің (Қазақ Орталық ақару комитеті – Т.Ж) мүшесі болып сайланғаным туралы хабарланыпты. Телеграммаға Бөкейханов Абдолла қол қойыпты. Менің Орынборға кетуім қажет болды. Орынборға жүріп бара жатып Омбыға аялдадым”.

Сол бір тауқыметті тағдырдың табындай болып қылмысты істің 7 томының 10-бетінде Д.Әділевтің 1921 жылы Семейге барған сапарында досы Ә.Байділдинге жолданған хаты бар. Мұнда жөн білетін жігіттің жақсылық көрген адамдарға білдірген жан жылуы бар.



«1/ ХІ – 20 ж. Алаш қаласы, Семей губерниясы.

Құрметті Ғабдірахман! Саумын. Жақында Алматыдан мұнда келіп, енді Орынборға жүрейін деп даярланып жатқан жайым бар. Менің хабарымды Түркістан делегаттарынан естіген шығарсыңдар. Көбірек һам анығырақ менің өзімнен білесіңдер. Жан-тәніммен Алашқа қызмет қылармын. Орынборға жүрсем, Омбыда (Эмбыда деп аударған – Т.Ж.) саған хабар беремін. Астанада жолғармыз. Бәкеңе, Аяңа, Қасымға, үй-іштеріңе, ауылға, Хадиша, Жәмилә апайларыма, Нұғыман, Дайыр жезделерге һам басқа мені сұрағандардың бәріне сәлем айтқайсың. Мағжанға, Қошкеге айырықша сәлем. Хош! Дінше Әділев».

Бұл Әбдірахман Байділдинге жазған хаты. Екеуінің де бұл кезде алдағы түрме азабы мен арбасуынан ада, тату күндердің әсерінде жүрген, алдан ұлы үміт күткен қамсыз шақтары еді. Кейін абақтыда бірімен бірі жарысып, жаныға көрсетінді жазды.



Омбыда мен Садуақасов Жанайдармен кездестім. Ол бізді вокзалға дейін шығарып салды. Орынборға келгеннен кейін мен Омбыда бірге оқыған Смағұл Сәдуақасовтың жатын бөлмесіне орналастым. Орынборға біз түн ішінде келдік, сол күні оның үйіне қондым ба, әлде ҚирЦИК-тің жатақханасының № 10 бөлмесіне қондым ба, ол жағы есімде жоқ. Дәл сол бөлмеде бұрын Дутов тұрған екен. Сөйтсем мені жоғарыдағыға қоса Ішкі істер халық комиссариатының коллегия мүшесі етіп сайлапты. Ішкі істер Халкомы Мырзағалиев екен. Мен сонда қызмет істедім және мұнда мен ұлтшылдық бағыт ұстандым. Бұл бағытты жүргізген Сұмағұл Сәдуақасов, Әшім Омаров және мен үшеуіміз болдық, өзімізше бір топ құрдық. Біз үкіметтің жүргізіп отырған бағытын, отаршылдық бағыт деп түсіндік...”, – деп түсінік берді.

Өмірбаяндық тұрғыдан алсақ, Д.Әділевтің Ташкентке бірінші сапары осылай аяқталады. Бұл кезде Д.Әділев әлі “партизан” еді.

Түске дейін берілген алғашқы бұл жауапта ешқандай контрреволюциялық астыртын ұйым туралы ашық мойындау не емеуірін жоқ. Ташкентке барып, ескі танысы Хайретдин Болғанбаевтің бөлмесіне жатқан. Алматыға келгендегі мақсаты мен “түрмеге отыруының” себебін толық түсіндірмеген. Бұл ол кезде атышулы оқиға болғанымен, қазір көмескі тартқан Жетісу большевик казак әскерінің кеңес өкіметі мен қазақ, қырғызға қарсы көтерілісін басқаннан кейінгі жазалау мен тазалау әрекеттері жүріп жатқан шақ. Сондай-ақ Түркістан атқару комитетінің Жетісу облысындағы босқындарды орналастыру жөніндегі Ерекше комитеттің төрағасы Төреқұл Жанұзақов қазақ пен қырғызға ата жұртын қайтарып беру туралы батыл әрекетке көшкен, сөйтіп, “коммунист – колонизаторлар” мен “ұлтшыл басмашылардың” арбасып тұрған кезі еді. Ұлтшылдықты әшкерелеу үшін Фурманов Түркістаннан келген қазақ қызметкерлерін тергеместен шетінен тұтқындап жатқан тұтқиыл тұс болатын.

Ал Семейге не үшін барды? Бұл жағы түсініксіз. Бірақ та тура сол кезде Ә.Бөкейханов пен М.Дулатов сонда болатын. Ол туралы өзінің көрсетіндісіндегі:



«Алашорда үкіметі Семейдің Шығыс бөліміне қоныс аударғанда Бөкейханов сол жақтағы бір қыр елінде (Шыңғыстауда Т.Ж.) жасырынып жүрген. Дулатов, Ғазымбек Бірімжанов, Рысқұлов (...? Т.Ж.), Кәрім Тоқтабаев сонда барды. Кейін қандай да бір жұмыспен Дулатов Омбыға барады. Сонда қолға түсіп қалады да атуға бұйырылады. Сол кезде Дулатовқа бұрыннан таныс Омбы губисполкомында істейтін павлодарлық казак-орыс Полюдов кездесіп қалып, құтқарып алады. Соның көмегімен Оқу-ағарту комиссариатының өкілі ретінде куәлік беріліп, еркін жүріп-тұруға рұқсат алады. Сонда да оның соңына тыңшы қойылып, тынышын кетіреді. Полюдовқа айтып жүріп халықаралық вагонмен Ташкентке – Қожановқа келеді», – деген пікірге қарағанда бұрынғы қамқоршысы М.Дулатовты қара тұтып барды ма екен?

Егер Д.Әділевтің өз еркін мінезіне билететінін ескерсек, бұл әбден мүмкін жағдай.

Зады, тергеушілерді алғашқы сұрақ-жауап қанағаттандырмаған сияқты әрі “партизан” Д.Әділевтің қылмысын толық әшкерелеу үшін бір күн ішінде 3 рет жауапқа тартқан. Суретті сылтауратып ондағы адамдардың өмірбаянын іске қылмыс ретінде тізген. Мәселе сол күнгі екінші жауаптан басталады. Д.Әділевтің ойын және түрме психологиясын толықтай жеткізуге тырысу мақсатында және оның “қалай коммунистіктен контрреволюционерлікке”, көрнекті кеңес қызметкерлігінен құлдырап, даладағы қашқынға айналғандығын” баяндаған оның бірінші көрсетіндісі мен тура сондағы жағдайды «тереңдете, тарата» баяндаған 1928 жылғы 28 желтоқсан күнгі екінші жауабының стенограммасымен үйлестіре мазмұндаймыз. Ол өзінің көрсетіндісін:

«Шумилов мені ұстаған кезде не істеймін деп біраз дағдарып қалдым. Қарсыласып, атысу ойыма да келген жоқ. Өмір туралы емес, өзіме-өзім қол жұмсау туралы ойладым. Сол сәтте мен өлімге философиялық тұрғыдан қарап: «Өтпелі жалғанда мәңгілік мағына беретін шақтар болады. Біреу ерте өледі, біреу қартайып өледі, орта жастағы біреулер кездейсоқ оққа ұшады. Ал мен туралы үкіметтегілер бандиттерше ажалын тапты деуі де мүмкін ғой. Өзіме-өзім қол салсам көргендерім мен білгендерім, қаншама беделді адамдардың ортасында жүргенде ойға түйгендерім, қаншама құпия жайлар өзіммен бірге қоса кетеді. Екі өлім жоқ, ажал тура келсе құтылу да жоқ. Мені ешкімде жазғыра алмас. Не де болса, істің ақыры қалай қарай бет алатынына қарамастан, барлық шындықты жасырмайын. Ажалдан қорықанша ақиқатты айтып өлейін», – деп бастайды да ойын былай жалғастырады:

Д.Әділев:«...Ол кезде Қазақ орталық атқару комиссариатында орыс коммунистері мен қазақ қызметкерлерінің арасында үлкен талас болатын. Әсіресе, Смағұл Сәдуақасовтың мәселесіне қатысты үлкен айтыс туды. Соған орай халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Радус-Зенкович және партия комитеттің хатшысы Кулаков Қазаткомның біріктірілген мәжілісін өткізді. Күн тәртібінде ұлттық кадрларды қызметке тарту мәселесі талқыланды. Біз: үкімет ұлттық мүддеге нұқсан келтіретін колонизаторлық өктемдік саясат жүргізіп отыр, жергілікті қызметкерлерді қасақана шеттетуде – деген пікірді ұстандық. Меңдешев, Байтұрсынов, Бөкейханов, Биахмет Сәрсенов сол тұрғыдан сөйледі. Мәжіліске мен де қатыстым. Кулаков бірінші боп сөйледі. Мен оны сол мәжілісте алғаш рет көрдім. Ешкімнің атын атап айтпағанымен де ол қазақ қызметкерлерінің арасындағы ұлтшылдықтың басым екендігін, сондықтан да кейбір қазақ қызметкерлерінің қызметтен кетуін талап етті. Олар өзара ұйымдасып алған екен. Біздің де оларға қарсы тұруымызға тура келді. Смағұл Сәдуақасов Кулаковқа қарсы екпіндей сөйлеп: мүмкін қазір бізге төрағалық етіп, бұйрық беріп отырған бұрынғы патшалық жерге қоныстандыру бөлімінің қызметкері шығар, – деген пікір айтты.Содан кейін мен шығып Кулаков пен Радус-Зенковичті сынадым. Өзге сөйлеушілер де сынады. Қазақ қызметкерлерінің қолдауы нәтижесінде Сәдуақасов барынша көп дауыс алып, жеңіп шықты. Кулаков қызметінен алынып, Орал аткомына ауысты. Кенжин: сен де бізге мойын бұрыпсың   ғой деп маған іш тартты. Бірнеше күннен кейін Кулаков маған келіп Орал қаласына іссапарға рұқсат беруді сұрады. Мен ол кезде уақытша ішкі істер министрінің міндетін атқаратынмын. Рұқсат бердім. Содан қайтып Кулаковты көрген емеспін. Содан бастап менің жолым «Алашордашылармен» тоғыса берді».

Бұл өзі Қазақстан тарихындағы ең тағдырлы «талқы заман», ал қазақ зиялыларының саяси ойлау жүйесінің ширыққан түйсік түлеуінің тоғысы. Ол арнайы тарауда барынша кең қамтыла талданғандықтан да, бұл арада назарды аударып жатпаймыз.

Д.Әділев (жалғасы): «Беделді, ықпалды бөлім қызметкерлерімен, соның ішінде Ахмет Байтұрсыновпен Болғанбаев арқылы таныстым. Бұрын оларды аз білетінмін. Омаров, Бөкейханов, Сәрсенов, Болғанбаев, Ақаев барлығымыз бір жатақта тұрдық, бірге түстеніп, кешке бірге тамақтанып, жиі-жиі бас қосып жүрдік. Олар жақсы бөлмеде тұратын. Ол кезде азық-түлік тапшы болатын. Ақаев ауқатты тұратын, бәріміз соның бөлмесінде жиі бас қостық. Мен ол кезде астыртын ұйымның бар екенін білмейтінмін. Менің түсінігім бойынша идеологиялық тұрғыдан бір–бірімізге жат емес сияқты болатынбыз. Ұлтшылдардың ортасына түскеннен кейін бір-бірімізге сақтықпен қарай бастадық.



1921 жылы наурыз айында кешке қарай алашордашылардың бас қосуына келдім. Бөкейханов, Биахмет Сәрсенов, Елдес Омаров, Хайретдин Болғанбаев, Байтұрсынов және мен қатыстым. Мен осы бес адамның болғанын бес саусағымдай анық білемін.

Байтұрсынов жұқа қағазға химиялық қарындашпен өте кіші араб әріптерімен жазылған Валидовтің хатын оқыды. Арасында цифрмен белгілеген щипрланған (құпияланған – Т.Ж.) сөздер бар. Щипрлы жазуды бұрын көрмеппін. Оның кілтін тек Байтұрсынов қана білетін. Ол кезде Заки Валидов Бұқарада басмашылар көтерілісін басқаратын. Байтұрсынов: Бұқараға барған бір мәскеулік маған Валидовтан мына жасырын хатты әкеп берді. Оның жазуынша: кеңес өкіметіне қарсы құрылған асыртын ұйым бар екен. Орталығы Бұқара қаласынада көрінеді. Валидовтің соңында үлкен арқалы қарулы күш пен қалың қостаушы ел бар сияқты. Оның бұрынғы Башқұрт ұлтттық үкіметінің төрағасы болғаны белгілі. Қазақ ұлтының өкілдерін Орта Азиядағы ұйымға мүше болуға шақырыпты. Москвада жүрген кезімізде Ермеков екеуміз онымен кездесіп астыртын ұйым құруға уағдаласқан едік, – деді».

Ал Ә.Бөкейханов бұл оқиға жөнінде: Ал менің Валидовпен байланысыма келетін болсам, мен оны соңғы рет Уфадағы «Мемлекеттік кеңесте» (1918 жыл) көріп, сөйлестім. Онда біз өзіміздің дұшпанымызбен, ол дұшпанның ішіне, әрине, кеңес өкіметі де қосылады, қалай күресетінімізді талқыладық. Бұдан кейінгі қалыптасқан жағдай бойынша, екеуара кездескеміз жоқ және байланыс та жасай алмадық», деп жауап берген.

Д.Әділев (жалғасы): «Ол хат туарлы Сәдуақасов пен Омаров ештеңе білмейтін. Мен ғана білетінмін. Оңаша әңгімелесе қалғанда Сәдуақасов: Мұстафа Кемал түрік халқын азат ету үшін күрес жүргізіп жатыр. Біздің орынымыз сонда, айқасатын кез осы – деп айтып қалды. Оны жұрттың көбі қызмет құмар деп есептейтін. Сондықтан да ол КазЦИК-тің мүшесі ретінде жұртқа сене бермейтін. Омаров үшеміз топ құрдық. Қазаткомның мүшесі, Қазақ өлкесінің Башқұртстандағы өкілдігінен Орынборға шақыртылған Нахимжан бізге іш тартатын. Смағұл Сәдуақасовты қолдайтын. Жастардың арасынан Төлепов бізбен жақын жүретін. Аймауытов пен Бірімжановты (Ғалымжановты? – Т.Ж.) өз адамдарымыз деп есептейтінбіз. Сейфуллинмен жақсы қарым-қатынаста болдым. Ол нағыз большевик болғандықтан да алыстау жүрдім».

Барлық көрсетінділерде осы абзац негізгі жауапқа сыналанып кіргізілген. Зады тергеуші: тағы кімнің қатысқанын қайталап сұраған болса керек.

Д.Әділев (жалғасы): «Бұрынғы «Алашорда» үкіметінің Орынбордағы өкілдері бұған қуанды және Бұқараға екі адам жіберу керек десті. Ақыр соңында алашордашылардың тобына жаңа кірген мені мен Болғанбаев екеумізді іссапарға барсын деп шешті. Ұйым құрамына Байтұрсынов, Бөкейханов, Сәрсенов, Омаров, Болғанбаев және мен кірдім. Болғанбаевқа Бөкейханов – төраға, Байтұрсынов – мүше, Сәрсенов – хатшы ретінде қолдарын қойған мандат берілді. Оған «Алашорданың» немесе оның Торғайдағы бөлімінің мөрі басылды. Сәрсенов Биахмет «Алашорда» үкіметінің үйлестіруші хатшысы болатын. Айтпақшы мен кеткеннен кейін біраздан соң ол қайтыс болды. Ұйымды (Ташкенттегі – Т.Ж.) ұйымдастырушылардың бірі оның бауыры (Даниал Сәрсенов – Т.Ж.) болатын. Қолындағы мандат арқылы Болғанбаевқа шет елдіктермен келісім жүргізуге толық өкілдік берілді. Оған ебін тауып Ташкенттегі астыртын ұйыммен байланыс жасау тапсырылды. Маған Ташкентке алдын-ала жүріп кетіп, жалпы жағдай туралы баяндау міндеті жүктелді...», – деп мәлімдеме жасайды.

Шындығында да өмірлік көзқарасы толық қалыптаспаған және өмір мен өлімнің өтінде жүруді ұнататын өжет жігітке алаш зиялылары қатты ықпал етсе керек. Оған тергеу ісіндегі ұқыпты да тиянақты құжаттың бірі «Қаламның» – Әбдірахман Байділдиннің «түрме күнделігі» көз жеткізеді. Өзін өзі ақтаудай-ақ ақтауға ұмтылған Ә.Байділдиннің көрсетінділерінен өте дәйекті шежіре құрастырып шығуға болар еді. Әттең... ниетін пиғылына жеңдірген, қаламының ұшына у құйылған. Ол өзінің Орынбор мен Ташкенттегі астыртын ұйымның арасындағы байланысшы болғанын және Д.Әділевтің «өзгерісін»:



«1921 жылы қараша не желтоқсан айында Қазаткомның сессиясына қатысу үшін Орынборға келдім. Әуелі Сәдуақасовтың, содан кейін Әділевтің пәтерінде тұрдым. Сәдуақасов маған жастарды ұлтшылдыққа үгіттейтін кітапшасымен таныстырды. Кітапшаны таратуға көмкектесуді өтінді. Әділев пен Әшім Омаров Сәдуақасовпен бірге істейтін. Смағұл Москваға кеткен кезде мен Әділевпен бірге тұрдым. Сонда мен Әділевтің бұрынғыдан өзгергенін, теріс жаққа бет алып бара жатқанын байқадым. Бөкейханов оның бөлмесіне күнде келетін, анекдоттар айтатын, шығыс халықтарының тарихынан мысалдар келтіретін, көркем шығармалар оқып беретін, сөйтіп оны тәрбиелеуді қолына алды. Сәрсенов те анда-санда кіріп кететін. Мені Меңдешевке қарсы айдап салды, мен келесі күні фракция құруды талап еттім, Меңдешевті бұрынғыдан да бетер айыптадым», – деп баяндайды.

Бұл үзіктен өткір, бірақ мінезі ұстамсыз азаматты тәрбиелеуге ұмтылған Әлихан Бөкейхановтың адамгершілік қасиетін байқаймыз. Осы істе Әлихан Бөкейхановтың Дінше Әділевке жауап хаты да жүр. Әдемі мәнермен жазылған.



«Москва. Воздвиженка. П.Кисловскй, пер.4.кв.15.

Бауырым Дінше!

Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. “Шолпанға”, “Темірқазыққа” неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар жазбаса, кім жазады. Не балаларға сабақ беріп, не журнал, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылсаң, не қазақ тілінде кітап жазбасаң – өзге жол бізге бөгелді ғой. Сүйдім – Ғали-хан».

Бұл хаттың сыртына мынадай түсінктеме беріліпті:



«23/ҮІІ-23 жылы /?/ Рысабайдың ауылында алынған. Тапсырған Мырзағазы. Дінше Әділев”, – деп қолын қойыпты.

Хаттың мазмұнына қарасақ, Дінше Әділев Әлихан Бөкейхановқа бірінші боп хат жолдаған және мынау алмағайып заманда ел үшiн қандай іспен айналысуы керектігін, бұған қандай ақыл қосатындығын және өзінің сол кездегі көңіл-күйін білдірген сияқты. Әлекең оған мәдени саланы нысана ет деген кеңес береді. Әрине, бір ұлттың көсемінің «сүйдім» – дегені ел үшін еңіреген кез-келген азаматқа үлкен құрмет әрі сенім. Тек соған лайық бола білу қажет. Ал оны Дінше ақтай алды ма, жоқ па, оған біз төрелік айта алмаймыз. Мүмкін бойына қуат-күші толған, кей кезде зейінін мінезі жеңіп кететін, қызба қанды жігіттің аласұрып өмір сүруі, көрген тіршілігінің мағнасын іздеуі, өз жанына өзі таныштық бермегені – оның ойсыз адам емес екендігін аңғартады. Ал хатты тапсырған сол кезде Жетісудағы жер бөлісін қайта қаратып, «қазақтардың жерін қазақтарға қайтарған», сөйтіп «Жетісудағы жер мәселесін үлгілі шешкен» Түркістан республикасының жер бөлімінің бастығы Мырзағазы Есполов болуы әбден мүмкін. Өйткені ол сол кезде Әулие-Ата губерниясында жер межесімен айналысып жүргенін Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде ескерте кетеді.


3.
Д.Әділев бұдан кейін әдеттегісінше:

«Мен осы арада қара басымды ақтау үшін емес, мен өлімнен қорықпаймын, мәселені ашық айту үшін шағын шегініс жасай кеткім келеді... Мен туралы үкіметтегілер бандиттерше ажалын тапты деуі де мүмкін ғой. Өзіме-өзім қол салсам көргендерім мен білгендерім, қаншама беделді адамдардың ортасында жүргенде ойға түйгендерім, қаншама құпия жайлар өзіммен бірге қоса кетеді... Ажалдан қорықанша ақиқатты айтып өлейін», – деп алып, саяси тақырыпқа көшеді:

Д.Әділев (жалғасы): «Бөкейханов, Ермеков, Байтұрсынов Валидовты бұрыннан білетін. Арнайы бағдарлама туралы әңгіме қозғалған жоқ. Ұйым «Алашорда» үкіметі мен «Алаш» партиясының жарғысы мен платформасын басшылыққа алды. Алашордашылар бұрын ақгвардияшылармен одақтасқан еді. Коммунистердің қолына түсуі мүмкіндігін ескеріп ешқандай жазбаша бағдарлама дайындалған жоқ. Мені: Ташкенттен, оқулық, қағаз алып келеді – деген желеумен Оқу-ағарту комиссариатының мандаты арқылы іссапарға жіберді. Одан арғы іс-әрекетім талқыланған емес. Осы бас қосуда: Сібірде, Ақмолада, Семейде ұйым бөлімшесін құру туралы айтылды. Ермековті, Ғаббасов Халелді, Қозыбағаровты, Тұрлыбаевті ұйымның мүшесі деп санады. Марсеков Семейде ме, Қытайда ма, ол жағын білмедім. Семейден ағайынды Сәтбаевтердің, Асылбек Сейітовтің аты аталды. Ташкентте ұйым туралы баяндап беру тапсырылды және ұйымға Міржақып Дулатов жетекшілік етеді десті».




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет