Міне, «Алашорда қайраткерлерінің» үстiнен қозғалған „қылмыстың”, яғни, лақап – аңыздың ұзын-ырғасы мен мән-мазмұны осындай.
4.
Осы күнгі үшінші сұрақта ғана ол өзінің негізгі қылмысының жай-жапсарын баяндап береді. Ал бұл тергеу кешке өтті ме, түнде өтті ме, ол жағы беймәлім. Анығы – Д.Әділевті ұстау үшін қырға арнайы жасақ жіберілген оқиғаның беті ашылады.
«1928 жыл. 28 желтоқсан. Қызылорда қаласы. Мен, ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімі бастығының көмекшісі Саенко төменде аты аталған азаматтан айыпкер ретінде сұрақ-жауап алдым, ол мына жайларды мәлімдеді”, – деп хаттаманы толтыра бастайды. Ал айыпкер:
“Мен, Әділев Дінмұхамед, Сырдария аймағының Сарысу ауданының №3 ауылының қазағы, былай деп жауап бердім...”, – деп жоғарыдағы өмірнамалық хикаяны одан әрі жалғастырады.
Негізгі қылмыстық іс жайына қалып, саяси астар беріле баяндалады.
Д.Әділев (жалғасы): “1922 жылдың аяғында мен өз ауылымның балаларын оқуға орналастыру үшін Ташкентке бардым. Онда барған соң Сырдария облыстық атқару комитенінен Әулие-Ата уезінің болыстарымен Ақмола губерниясының аралас отырған болыстарының тұрғындарынан қай жаққа қарағысы келетіндігі туралы пікірін айтып, санақ жүргізу үшін арнайы мандат алдым”.
Пәленің басы осында жатыр. Ол кезде Ақмола уезі – Батыс Сібір ревкомына, Жетісу уезі – Түркістанға, Маңғыстау түбегі – Түркменстанға қарайтын. Бұл өлкелердің Қазақ автономиясына қосылу, қосылмауы үлкен қарама-қайшылық тудырған. Жер бөлісі – жүздік, рулық сипат алып, ушығып кеткені соншалық, Ақмоладан, Ташкенттен арнайы өкілдер шығып, әр қайсысы жергілікті халықты өзіне қаратуға тырысқан. Дінше Әділев болса Жетісу өлкесінің халқын Қазақ автономиясына қосылмай, Түркістанның құрамында қалуға үгіттеу үшін Сарысуға аттанды. Әулие-Атаға қарай ойысқан Арқа тұрғындарын кері қайтару үшін Ақмола уезінің атынан келген Әубәкіровпен де сол үшін ұстасқан. Бетпақдала жұртының өзі рулық тектеріне қарап бөлініп, қарулы жасақ құрып, бір-біріне өзара барымтаға шыққан. Дінше Әділевтің өзі: Сарысудағы тарақтылар – Ақмолаға, ал тамалар – Түркістанға қарасын – деген де пікірді ұстанған.
“Ұраным – Алаш!”, – деп ұрандап, бүкіл қазақтың территориялық, мемлекеттік, тілдік бірлігін сақтау үшін құрылған “Алашорда” үкіметінің атынан сөйлеп отырған “партизанның” ұлттық санасының деңгейі осындай “биік те өрелі дәрежеде” еді. Ашығын айтсақ, оның мұндай ықпалға түсуіне С.Қожанов пен Т.Рысқұловтың арасындағы Түркістан республикасы туралы пікірталастарының әсер еткені сөзсіз. Ол өзінің бұдан кейінгі бастан кешкен оқиғасын былай баяндайды:
Д.Әділев (жалғасы): Содан кейін ауылға қайтып оралдым. Біздің ел Ақмола уезіне қарайтын. Олар Түркістанның қармағында болғысы келді. Біз де сол пікірді ұстанатынбыз. Мен Ташкентке жол жүргенде ауылдағылар осы мәселені қатты қадағалап тапсырды, қалайда Ақмоладан бөліп алуды өтінді. Мен Ташкентке келгеннен кейін бұл мәселені Қожанов пен Рысқұловқа айттым. Рысқұлов маған тұрғындардың арасында жер межелеу мәселесімен тікелей айналысатын Сырдария облыстық атқару комитетінің өкілдік мандатын беріп, мені қырға жіберді. Мұның басты себебі: сол кезде Түркістан мен Қазақстанның шекарасын межелеу мәселесі талқыланып жатқан еді. Оңтүстік облыстарды, соның ішінде Сарысу ауданын Түркістан республикасына қосу туралы мемлекеттің алдына мәселе қоюды өтінді. Халық арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізу үшін Рысқұловтың аудандық атқару комитетінің төрағасы Қошпанбетовке жолдаған мандатын пайдаланып Ақмола облысындағы (соның ішінде нақтылап алғанда Сарысу, Ұлытау аудандарына – Т.Ж.) ел-жұртқа үгіт жүргіздім. Әулие-Атаға келісімен комиссияның жиналысын өткіздім. Ермеков комиссия мүшесі болатын.
Келе салысымен осы іспен айналысып кеттім. Жобалармен таныстым. Менің міндетім Бетпақдаланың оңтүстігіндегі тұрғындарын Түркістан республикасына қосу болатын. Одан Талас ауданын аралап Әулие-Атаға қарай жылыстап қонған өз ауылыма бардым. Аудан бастығы Бектанов та бізді қолдап, бірге жұмыс істедік. Тура сол кезде Ақмола мен Қарқаралы уездеріндегі жер межелеу комиссиясының төрағасы болып Әубәкіров те Сарысуға келіпті. Оның мақсаты бұл аудандарды Қазақстанның құрамында қалдыру. Ашығын айтайын, Әубәкіров нашар адам болатын, қарауындағылардың зәресін ұшыратын, тұрғындарға зорлық-зомбылық жасап, жақсы қыздарын жиып алатын. Ол екеуміз межелеу жөніндегі мәселеде бақталас болғандықтан да кездесуге тиісті едік. Бірде оған менің ағам жолығып, Әубәкіровтың елді дүрліктіріп жатқан қылмысына тоқтау салып, қарусыздандыру үшін мені шақырып сәлем жолдапты. Әубәкіровтың 25 адамнан тұратын қарақшы жасақтарын елдің өзі қарусыздандырды. Оның ел-жұртқа жасаған зорлық-зомбылығы мен басбұзарлығынан хабардар Әулие-Ата милиция басқармасы Әубәкіровті тұтқындау туралы жасақ шығарған болатын. Біз сол жасақпен бірге шықтық. Әубәкіровпен Бетпақдалада кездестік... Оның қасында 160 адамы бар екен. Түгелін қырып тастайық дегенде: мен осы да жетеді, – деп тоқтау салдым».
«Партизан» Дінше Әділевті «дала қашқынына» айналдырған, «өнбейтін іске - өшпейтін өрт қойған» оқиға – қазақтың әйгілі руаралық жер дауы болатын.
Не өзіне, не жатына қызығын қимаған жер дауы – Сарысу мен Атасу өңірін ойран етіп, шаңырақтарын ортаға түсірді. Тарақты мен Тамаға бұйырмаған жер қызығын кеңес түрмегөйлері мен ЛиКимНилер, яғни, әлде кімдер көрді. Өзін қуғынға ұшыратқан «Қара Ноғай» оқиғасын Д.Әділев былай баяндайды:
“Мен өзімнің ауылыма келген соң ел-жұрттың есін шығарған Қараноғай дегеннің бүліншілігі туралы көп естідім. Кейіннен оның Ақмоладан келген Әубәкіров деген екенін білдім. Бұған дейін бұл Әубәкіров Ақмола өкіметінің атынан құрылған Ақмола мен Қарқаралы уездерінің арасындағы барымта дауын реттейтін комиссияның төрағасы болып істепті.
Комиссия ешқандай нәтиже шығара алмай кері қайтыпты, ал Әубәкіров өзінің төтенше жасақтарымен осында қалып, жұртты тонаумен шұғылданыпты. Онымен бірге қалған милиционерлердің саны 8 ғана адам болғанымен, ол өзінің жасағын барымташылармен толықтырып, молайтып алыпты. Соның нәтижесіне Әубәкіровтің қарамағындағы жасақтардың саны 50-60 адамға жетіп, аңшылар мен тұрғындардан қаруды тартып алуға көшіпті. Әубәкіровке Жолдыбаев Шана деген біреу ерекше жақын болып, оның оң қолына айналыпты. Ал ол болса кезіндегі әйгілі барымташы еді. Сондайлардың бірі, милиционер Мұстафин Сапар деген де жасақтың қатарына алыныпты.
Әубәкіров осы жасағымен әуеліде Ақтау мен Ортау бойын аралап, онда неше түрлі бейбастықтар жасап, әйелдерді зорлап, т.б. қиянаттар жасапты. Оның мұндай бейбастықтарын есіткен Ақмола өкіметі арнайы әскер жасақтап жіберіпті, екі арадағы қақтығыста Әубәкіровтің жасағына қарсы еш нәтиже шығара алмай кері қайтыпты. Бұдан кейін Әубәкіровтің жасағы Тарақтыларға қарай жылыстап, Шу өзенінің жағасына жайғасыпты. Осы араға қыстау салып алып, өзінің талан-таражын жалғасытыра береді. Күн сайын ойын-сауық кешін ұйымдастырып, күшпен тартып әкелінген әйелдер мен қыздарды масқаралап, зорлаған. Ең соңында әр ауылдан әкелінген әйелдердің күйеулерін де осында алып келіп, әлгі қыстауға қамаған. Ал Әубәкіровтің өзі: Ақмоладан қоныс аударып кеткен тұрғындарды кері қайтару үшін көмек сұраймын, – деген желеумен Әулие-Атаға жүріп кетеді. Алайда қосарға алған көліктерді тарақтыларға сатып қайтып оралады.
Осыдан кейін ол өзінің жасағын екіге бөлді, оның ішінде Мұстафин басқарған топты Шу өзенінің оңтүстігіне жібереді де, өзі бұрынғы орынында қалады. Мұстафинмен бірге аттанған топ өзінің бейбастығы мен зорлық-зомбылығын жалғастыра береді. Мысалы, жасақтың бірнеше милиционерлері Үшабыз болысының азаматы Артықбай Әлиннің бірнеше атын тартып алып кетіпті.
Әлин осы жайды айтып маған кісі жіберіпті, мен сонда бардым. Онда барғаннан кейін жаңағы милиционермен кездесіп, құжаттарын көрсетуді талап еттім. Ол маған не мөрі, не белгісі жоқ?, тек: бұл адам менің жасағымның милиционері – деген Әубәкіровтің қолы ғана қойылған қағазды көрсетті. Менің әңгімемнен кейін ол милиционерлер әлгі тартып алған аттарын қайтарды.
Басқа жерлердегі ашуға булыққан ел 5-6 милиционерді қарусыздандырып, оларды ұстап алыпты. Мен мұны естігеннен кейін оларға милиционерлерді босатып, қаруларын қайтып беріңдер деп кеңес бердім. Олар солай істеді.
Мен бұл кезде өзімнің ауылыма қайтып келіп едім. Біраздан кейін біз Әубәкіровтің тамалардың ішіне қарай қоныс аударғысы келетінін естідік, онда менің ағайындарым мен өзім тұратынмын. Әубәкіровтің жасағының әлегінен құтылу үшін және Әубәкіровке өзінің бұл бейбастақтығын тоқтатуға көндіру үшін ағайым Байсейіт екеуіміз ақыл қостық та, ол осы жөнінде Әубәкіровпен келісуге аттанып кетті.
Байсейіт кеткеннен кейін бір-екі күннен соң ол маған арнайы адамды хабаршы етіп жіберіпті. Байсейіт хатында: ел-жұрттың төзімі әбден таусылғанын, сондықтан Әубәкіровтің өзі тұтқындалып, жасақтарының қарусызданғанын айтыпты. Сол хатында Байсейт менің келіп кетуімді өтініпті. Мен бірден солай жүріп кеттім.
Әубәкіров ұсталған жерге келсем Байсейіт онда жоқ болып шықты. Онда қолға түскен Әубәкіровтің өзі және оның көмекшісі Жолдыбаевпен бірге жүрген барлық милиционерлер бар екен. Оларды қолға түсіру барысындағы қарбалас кезінде Жолдыбаевты сол отрядтың бұрынғы милиционері Жексенов деген жаралап алыпты, ол жаралы күйінде жатыр екен. Тұтқындалған адамдарды Әубәкіровтің жасақтарының қаруымен ауыл тұрғындары күзетіп тұр екен. Әубәкіровті тұтқындауды ұйымдастырған аудандық милицияның бастығы Байжанов және менің ағайым Байсейіт пен Кеншімов т.б. екен.
Тұтқындар мен жоғарыдағы аты аталған адамдармен бірге ағайым Байсейіт те менімен бірге келді. Ал Мұстафиннің жасағы әлі де құмның арасында өзінің талан-таражын жалғастыра берді. Сол күні ауылға біз төртеуіміз, яғни, мен, Байсейіт, Байжанов және Кеңшімов өзімізше басшылықты қолға алдық. Мен келгенше-ақ олар Әубәкіровтің жасағының қолындағы елден тартып алынған заттарды иесіне қайтарып беріпті. Халықтың қатты наразылығына ұшыраған Әубәкіров пен Жолдыбаевты алдын-ала сұрақтан өткізіп, олар өздерінің кінәсін толық мойындаған соң, екеуін ату жазасына кесіпті. Оны орындауды маған тапсырды.
Бәріміз ақылдаса келіп үкімді Шу өзенінің жағасында орындау туралы бәтуға келдік, сөйтіп, олардың денесін өзеннің мұзының астына тастау керек деп шештік. Осы шешімге байланысты мен тұтқындалған Әубәкіровті ертіп Шу өзеніне қарай жүрдім де, Жолдыбаевтің қасына аудандық жасақтың милиционерлерінен күзет қойып, ауылға тастап кеттім. Байсеиіт пен Байжанов бастаған тағы басқа адамдар қалған тұтқындармен бірге өз ауылдарына бет алды.
Шу өзенінің жағасына келген соң тұтқындарды тоқтаттым да Әубәкіровтің өзімен жеке сөйлестім, ол әңгіменің қысқаша мазмұны мынадай:
Мен одан: “Біздің бұларға не істеу керек деп шешкенімізді білесіздер ме?”, – деп сұрадым. Ол, не істейтінімізді топшылап қана білетінін айтты да: кешірім жасай көріңдер, – деп жалынып, өзінің барлық кінәсын мойнына алды... Мен оған өзімнің халық тілегін орындаушы ғана екендігімді, ал Әубәкіровтің оларға істеген қастандығының бастан асып кеткендігін және ол туралы ертерек ойлау қажет екендігін айттым.
Бұдан кейін Әубәкіров мұздың үстіне барып тұрды, сол кезде оны аудандық милицияның милиционері Жайлаубай Байларов атып салды. Әубәкіровтің жасағында бірге болған Жексеновті де жараланған Жолдыбаевты да сол милиционер атты (бұл арадағы сөйлем бұлдыр: Жексенов жараланған Жолдыбаев атты ма, жоқ, Жекеновті де, Жолдыбаевты да сол милиционер атты ма, мағынасын нақтылай ажырата алмадық. Сондықтан сөйлемді біз де екі ұшты етіп аудардық – Т.Ж.). Өлікті мұздың астына батырып жібердік те, біз жақын маңдағы ауылға бет алдық.
Оған дейін маған құм ішіндегі Мұстафиннің жасағын тауып ап, оның отрядын қарусыздандыру тапсырылған еді. Сөйтсем, мен келгенше бұл жасақты халықтың өзі қарусыздандырыпты, мен тек жұрттың қолындағы мылтықтарды жиып алдым да, оларды Әубәкіров ті ұстау үшін Әулие-Атадан келген Әулие-Ата қаласының қылмысты тергеу басқармасының бастығы Сингаревке тапсырдым. Мен оған болған жайдың барлығын тәптіштеп айтып бердім. Ол барлық винтовкалармен бірге Мустафиннің тұтқындалған жасағын өзімен қоса алып кетті де, менің қасыма екі милиционер қалдырды, оларға әзірше иесі табылмай тұрған, Әубәкіровтен қолға түсірілген заттарды иелеріне қайтарып беруді тапсырды. Және Әубәкіровтен алынған қарулар мен оның тұтқындалған адамдарын осы екі милиционердің қарамағына беруді тапсырды.
Мен өз ауылыма келген соң бұл милиционерлерге қолдағы тұтқындарды, заттарды және қаруларды қайтарып бердім. Байжанов аудандық милицияның бастығы ретінде және менің ағайым Байсейіт екеуі Әубәкіровтің жасағының бүліншіліктері туралы қылмысты тергеу басқармасының бастығының атына хаттама жазып, оны аталған милиционерлерге берді.
Бұдан кейін мен бірнеше милицияны ертіп, Әулие-Ата қаласына келіп, уездік атқару комитетінің мәжілісінде Әубәкіровтің отрядының барлық бейбастықтығы мен жергілікті халықтың Сырдария облысына қарағысы келетіндігі туралы тілегін барынша толық жеткіздім. Бұдан кейін біз Ташкентке бардық, онда да болған жайдың мәнісін толық баяндап бердім. Бұл мәселе жөніндегі өкімет орындарының бағасына қарап, мен іштей: маған ешқандай кінә артылмайды және қуғынға түспеймін-ау, – деген сенімде болдым. Сол бұрынғысынша кеңес қызметінде істей бердім.
Өткен жылы Шымкент қаласында Әубәкіровтің ісіне байлансты менің ағайым Байсеиіт тұтқынға алынды. Бұны менің де тұтқындалуым мүмкін екендігі туралы берілген белгі деп түсіндім. Менің өз ауылыма кетіп қалып, қаладан алыс тұруыма түрткі салған жай осы еді. Менің бұл әрекетім осыдан кейін жазадан қашқандық деп бағаланды және Байсеиіт екеуімізді заң орындарының қудалап жүргені туралы хабар бүкіл қыр еліне жайылып кетті. Кейінгі өсек аяң менің өмірімнің соңғы кездеріне ғана байланысты.
Куәлік сөзімді өзім оқып қол қойдым (Қолы). Сұраған – Саенко. 28 желтоқсан. 1928.”
Д.Әділев осы оқиға үшін жауапқа тартылуға тиісті еді. Бұл оқиғаны талдап, түсіндіріп жатпаймыз. Бірақ оның ауыр салдарына ғана тоқталамыз. Өйткені оның “тар жол, тайғақ кешуі” мұнымен аяқталмап еді.
Д.Әділев (жалғасы): Сөйтіп жағдай шиеленісіп кетті. Мен Әулиеатаға келдім. Қожановтың үй-іші де сонда келіпті. Әулиеатада Ишекеев деген танысымның киіз үйінде жаттым. Қайнекенов деген милиция қағаз-қарындаш әкеп берді. Болған оқиға туралы Губкомның атына мәлімдеме жазып, оны Қаратілеуовке тапсырдым. Губкомның хатшысы Кушнер еді. Мәлімдемені Орынбордағы үкіметке жіберуді өтіндім. Милиция бастығы мен прокурор Үмбетбаев менімен жақсы қарым-қатынаста болды. Маған Түркияға жасырын кетіп қалу туралы ұсыныс айтқандар да болды. Мен: Рысқұловпен жақсымын, сондықтан Ташкентке барамын, – дедім. 1923 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп Қазақ комиссиясы мен Оқу-ағарту институтына оқытушы, біраз уақыт директор болып істедім. Ұйымға қайта мүшелікке алындым. Оның жаңа құрамында Мұхтар Әуезов пен Мағжан Жұмабаев болды-ау деймін.
Ташкентте мен оқу-ағарту комисариатының жанындағы ғылыми орталық пен қазақ ағарту институтына оқытушы боп орналастым. Онда Досмұхамедов, Әубәкір Диваев, Жұмабаев, Жандосов, Соколовский, Мұхтар Әуезов жұмыс істейтін. Мұхтар оған дейін Орталық комитеттің президум мүшесі болған. Мен Қожановтың әйелінің ағасының үйінде тұрдым. Сол кезде Жандосов та Ташкентке келді. Ол мені Соколовскиймен танстырды. Қазақтың тұрмыс-салтын зерттеу туралы тапсырма алып Жетісуға Жандосовпен бірге келдім. Түркістан республикасына қосылу, қосылмау туралы ел арасында қатты қайшылық бар екен».
Д.Әділевке осымен де тоқталуға болатын еді. Бірақ ой екпінін баса алмай, «дальше» (оның тергеушілер қойған лақап аты – Т.Ж.) кетеді. Ал бұл көрсетінділер «Алашорданың» тергеу ісіне тағы да 31 адамды тартуға себепкерлік етті.
Д.Әділев (жалғасы): Тағы бір жайтты айта кетейін. Рысқұлов Түркістан республикасының төрағасы кезінде Мәскеуден Сарымолдаевқа Жаһанша Досмұхамедовтің үйінің адресіне хат жолдайды. Өйткені Жаһанша Досмұхамедов екеуі бажа болатын. Хат орыс тілінде жазылған. Мазмұны: Қожановтың бір тыңшысы мұны Ақмешітке ме, Қазалыға ма, әйтеуір екеуінің біріне дейін аңдып жүріпті. Тыныштық бермеген Қожановпен күресу үшін оның «Алашордамен» байланысын әшкерелеуге шақырыпты. Мен ол хатты түпнұсқасынан оқыдым. Жаһанша Досмұхамедов бұл хатты Халел Досмұхамедовке көрсету керек деді. Осы жолмен ол хат Досмұхамедов пен Тынышбаевтің қолына тиді. Қожановқа көрсетуге ұсыныс етіп еді, Жаһанша бас тартты. Тінту жүруі мүмкіндігінен сескенді. Ташкенттегі ұйым мен Рысқұловтың арасы осылай суысты. Сарымолдаев ол хатты алды ма, жоқ па, оны білмеймін. 1922 жылы Жаһанша Досмұхамедовтің үйінде Рысқұлов әйелімен, мен, Жаһанша әйелімен және Сарымолдаев бас қостық. Сонда Рысқұлов: Ағылшынның бір жазушысының кітабін оқыдым. «Россия социализмнен алыс жатыр», – депті. Соның жазғаны дұрыс, – деді.
1924 жылы Рысқұловты Москваға қызметке шақырды. Мен оны Қызылорда қаласында «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы және Өлкелік комитеттің баспасөз бөлімінің меңгерушісі қызметін қатар атқарып жүрген кезінде тағы да көрдім. Сол бөлімде Байтұрсынов пен Дулатов та істейтін. Түркістанның төрағасы кезінде Рысқұлов Берлинге барды. Неге барғанын білмеймін. Бірімжановты ерекше мақтап келді. Сонда олар суретке түсіпті. Қызылордада мен театрда қызмет істеп жүргем. Амандастым. Жылы сөйлесті. Содан қайтып кездескен емеспін. Ол Байділдинмен бір үйде тұрды.
1925 жылы көктемде тек партия мүшелеріне ғана тиісті стенограммамен Мырзағазы Юсупов арқылы таныстым. Рысқұлов мұны Қожановтан алыпты. Онда Сұлтанғалиев деген біреуді қызметінен алыпты. Файзулла Хожаевтің, Рысқұловтың сөзін оқыдым. Онда: Файзулла Хожаев Валидовпен жекелей таныс, Валидов Орта Азияның бір қаласына жасырын келген, – деген мәліметтер айтылған. Стенограммамен таныса отырып Орталық комитеттің Валидовтің әрекетіне ерекше мән беретінін түсініп: өздерінің қателігін орталық комитеттің алдында мойындауға жүректері шыдамаған екен. Солай істеуі тиіс еді, – деп ойладым. Сұлтанғалиевтің Орта Азия ұйымымен байланысы туралы ештеңе білмеймін. Бұқарада екі жарым айдай ғана болдым. Менің кезімде ондай байланысты байқамадым».
Д.Әділевтің бұл көрсетіндісі М.Тынышбаевтің, Х. және Ж. Досмұхамедовтердің түрмеге қамалуына әкеп соқты. «Дальше!» деп қойып тағы да мынаны баяндайды.
Д.Әділев (жалғасы): «1925 жылдан бастап жаңа астана Қызылордаға ауыстым. Мандатпен алғашқы отырысқа қатысты. Меңдешеев баяндама жасады. Үзіліс кезінде Нұрмақов, Сейфуллин, Сәдуақасов асханаға барып өзара сөйлесті. Меңдешеевтің орынынан түсетіні белгілі еді. Мәжіліс арасында Қожанов Ақмешіттің атын өзгерту және Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп өзгерту туралы ұсыныс айтатынын білдірді: Ақмешітті Қызылорда деп атасақ екі жақта риза болады, – деді. Оның бұл ұсынысы қолдау тапты. Шымкентке қайтқан соң бір қызға үйлендім. 1925 жылдың күзінде Асқар мен Ағабек Баймоллаевты ертіп Қызылордаға келіп, бірден Қожановтың үйіне тоқтадым. Есігінің алдындағы кішкене бөлмеге орналастым».
Ақмешіттің атын Қызылорда деп өзгерту туралы С.Қожановтың мінбеден айтқан ұсыныс туралы «Алашорданы» әшкерелеуші идеологиялық құрал ретінде пайдаланылған «Тар жол, тайғақ кешудің» авторы С.Сейфуллин өз басына қауіп төнгенде:
«Құрылтай аяқталған соң Орынборға поезбен қайтып бара жатқанда бұрынғы алашордашы, Оқу-ағарту комиссариатында жұмыс істейтін мұғалім екі адамның көзінше сондай бір рахатты сезіммен маған: «Ақыры бәрі біздің (яғни, алашордашылардың) айтқанымыздай болды. Құрылтай біздің жасыл туымызбен ашылды. Қызметкерлерге еркіндік тисе деп тілеп едік, құрылтай сол идеямен өтті. «Жұмысшы» деген сөз бос қалды. Осы құрылтайда Қазақстанның болашақ астанасы Ақмешіттің (Перовскінің) атын Қызылорда деп өзгертті. Қазақтар үшін қызыл, жасыл, ақ түстің ешқандай айырмашылығы жоқ, Ордасы болса болғаны. Енді партияға біз де кіреміз», – деді маған (Байлар мен мырзалардың үйін Орда деп, кедейлер мен жарлылардың үйлерін баспана не лашық деп атаған)», – деп мағлұмат берді.
Әрине, жоғарыдағы мұғалім, біздің жорамалымыз бойынша, С.Сейфуллиннің өзі екінші хатында атын атап көрсеткен – Есім Байғасқин. Ол кейін «партиялық тазалау» кезінде «партиядан қуылып», қызметтен босатылды. «Алашорда» ісі бойынша тергеуге алынып, жауапқа тартылды. С.Сейфуллин өзінің Төрағалықтан түсуіне байланысты өкпеден туған ойлар жыл оралмай жатып саяси үкімге айналды. Сталинді:
«Міне, осыларды сіздің назарыңызға жеткізіп қояйын деп едім. Мен ештеңеден дәметіп отырғамын жоқ, маған ештеңенің қажеті жоқ», – деп сендірді.
«Революция дауылпазы» «ештеңеден дәметпей», бірақ та бәрібір әлденеден дәметіп жауап күтіп жүргенде ол хаттың шекесіне бұрыштама қойылып, тиісі төтенше мекемелер тыңшыдықпен «айналысып жатты». Соның ішінде С.Сейфуллиннің өзіне де Қазақстанның бас чекисі Каширин «жақсылап тұрып мінездеме» берді. Әрине, мұның барлығы оның ақындық жүрегін жаралады. Ашындырды. «Алашорданы» әшкерелейтін құжат ретінде пайдаланылған «Тар жол, тайғақ кешуді» 1931 – 1932 жылғы ашаршылықтан кейін қайта өңдеді деген пікір бар. Бірақ ол өзінің тарихи міндетін бұл кезде орындап та қойған еді.
Д.Әділев (жалғасы): «Ол кезде Смағұл Сәдуақасов Оқу-ағарту комиссары болатын. Мен сонда инспектор болып істедім. Жастарды оқытуға үлкен көңіл бөлінді. Емтихан алу комиссиясының төрағасы болдым. Шәкірттерді Орынборға, Ташкентке жібердік. Сол кезде Сәдуақасов, Жандосов және басқа да қызметкерлер қазақтың ұлттық театрын құру туралы мәселе көтерді. Сәдуақасов жан-жаққа жеделхат жолдады. Ақыры әртістер жинала бастады. Мені директорлыққа ұсынды. Күні-түн жанталасып жүріп бесінші өлкелік конференция ашылған кезде алғашқы спектакльді қойдық. Қожановты Мәскеуге шақыртты. Голощекинді Қожанов қарсы алды. Екеуі құшақтасып амандасты».
Д.Әділевтің театрдағы қызметіне байланысты Міржақып Дулатовтың:
«Дін! «Бабайды» қырын қаратып қойып, күлдіріп, сөйтіп, қабан сияқты болғанын көруге кездесе алмай жүрмін. Ол былай тұра тұрсын. Не істеу керек, қалай істеу керек? Мадияр. 3/ІХ-25 жыл», – деп жазған тілшесі де тіркелген.
Діншеге арнап тілшені жазу себебі – театрға бір адамды қызметке алу туралы өтініш еткен. «Бабай» деп отырған адамы – «Айтуар» ма, әлде «Аймауытов» па, белгісіз. Тергеушінің сілтемесіндегі «Ай» деп сүйретіле сүйкектелген жазуды анық ажырата алмадық. Дегенмен де төмендегі хаттардың мазмұнына қарағанда М.Дулатов театрға Ж.Аймауытовты ұсынып отырған сияқты. М.Дулатов пен Ж.Аймауытов өзара әңгімеде Жүсіпбектің Орынборданынан шақыру жолданып, оны Оқу-ағарту комиссары С.Сәдуақасов мақұлдаған болса керек. Ал Жүсіпбек пен Д.Әділев 1921 жылы Семей қаласына барғанда танысып, көңілдері жарасқаны байқалады.
Біз театр тарихына қатысты шығармашылық құжат ретінде және тікелей тергеу ісіне қатысы болмаса да, жазушының шығармашылық өмірбаянына қажетті дерек есебінде Ж.Аймауытовтың Д.Әділевке жазған хаттарын назардан қалыс қалдырмай, осы арада пайдаланғанды жөн көрдік. Оның үстіне Д.Әділев қазақтың тұңғыш ұлттық театрының ашылу тарихы туралы кеңейтілген ақпарат бермеген. Бұл күрделі тағдыр иесінің ұлттық руханият тарихынан алатын орынын да көрсетеді. Хаттардың мазмұны түсінікті болғандықтан да оған түсініктеме беріп жатпаймыз. Бірінші хат оқу комиссары С.Сәдуақасовқа жолданған.
«25/І-26. Дінше! Смағұлдың ділгірамына жауап ділгірам қайырғамын. Өзіңе де ашық хат салдым. Школ оқу біткенше жібере алатын емес. Дүмпу күшті болса жібереді. Мені сонша керек етсеңдер о жағын іс қыларсыңдар. Смағұл ділгірамында: Жалақы екі жүз, келу біздің мойынымызда депті.
Мені кім қылмақсыңдар! Режиссер ме? Песа жазушы ма? Әлде екеуі де ме? Екеуі болса, ондай ақыны жай артис те алады ғой. Максимумдарың 250 емес пе еді? Ол бір. Проездге ақша жібереміз депті. Ол менің ғана келуіме ме, әйтпесе, қатыныммен келуіме жолдық бермегі болса, аз ғой. Маған көшіп келу үшін, әйтпесе, подьемный беру керек емес пе? Бұл екі. Пәтер туралы сөз жоқ. Маған жазарлық үй болса екен. Оңашалау болса екен. Артистердің ортасында шетке тұра алмаймын. Театрға жақын жерден бірер бөлме ескергенің жарар. Бұл үш.
Осыларды анықтап, ашып біліп, маған тезірек хат сыз. Барып тұлыпқа мөңірейтін болсам, әуре қылмаңдар. Сахналарың істелді ме? Не істелді? Түзеген нәрсе бар ма? Ойын қалай шығып жатыр? Одан да сүйкерсің. Мені алдыру жағынан не қам істелді? Жазарсың. Мынау хатты әнеугі адамға тапсырарсың. Менің шарттарым жолға сиымды шығар. Сиымсыз десең, мінерсің. Әйтеуір саған серік болып көрейін. Іс шығара алсақ жарады. Ж.»
Бұдан кейін Ж.Аймауытовтың осы мазмұндас екінші хаты бар. Жүсіпбектің Қызылордаға ауысуы біраз бөгетке ұшыраған сияқты. Онда алдыңғы тілектерін:
Достарыңызбен бөлісу: |