«24/ ҮІ – 21 ж. Ғ-ман! Мынау Ахмет жолдасты қудалап жүргендер бар көрінеді. Жұмысының мәнін өзі түсіндіріп айтар. Саяси сенімді адам екендігіне қолына қағаз берсең, бұзақылар орынсыз қоқаңдауын қояр еді. Осыны саған әдейі тапсырамын. М-дияр», – депті.
Мұндағы Ахмет деген кім? Хат кімге арналған? «Ғ–ман» – деген Әбдірахман Әйтиев пе, Әбдірахман Байділдин бе, нақты анықтаудың орайы келмеді. Құжаттары тәргіленген адам түрмеде жатуы тиіс. Ә.Әйтиев ондай зауалды басынан кешкен жоқ. Демек, Ә.Байділдиннің болуы әбден мүмкін.
Сол томының 117-бетінде «Қожа Мырзағазы» деген адамның хатының соңы сақталған. Әңгіме – Әубәкір Диваев туралы. Мырзағазы қожа дегеніміз – Мырзағазы Есполов па, жоқ, басқа адам ба? Оған жіп таға алмадық. Қазақтың ақсақалдарының бірі Ә.Диваев туралы сөз қозғалып отырғандықтан да келтіре кетуді жөн көрдік:
«...тәрбиелеуге болмайды. Балалары Рысқұловқа арыз жазып берді. Арызын Рысқұлов сонда алып кетті. Барған соң партия арқылы өткізіп көрейін, жолдастардың күшімен деп. Осыны бірдеме қыларсың. Шалдың халі нашар.
Өздері 4 жан. Жалғыз ақша алатын шал. Оның алғанымен барлығы күн көре алатын емес. Балалары қызметте жоқ. Оның үстіне жақын арада жалдаған малай қыз дымын қалдырмай ұрлап кетіпті. Өте жүдеу, өлмешілік күні бар. Мұнда Ораз Жандосовтар сарттың жігіттеріне айтып көріп еді, болмады, әсіресе, Ирмаков.
Шал өзінің жайына байланысты жазбаған шығар сыпайылықпен, бірақ, тағы да айтамын, халдары нашар. Қош. Мырзағазы. 15/Х - ”.
Жазылған айы мен күні белгілі, ал жылы қойылмаған. Әубәкір Диваевтің күтімсіз қалғаны, Ташкентте аса кедей өмір кешкені жөніндегі дерек бұл. Кейін қазақ зиялылары қауырт атсалысып, қаулы шығарып, кітабын бастырып, қаржылай көмек берген. Бұл сол игілікті істің мұрындығы сияқты.
Алматыдағы тергеу ісі біткен соң сегіз адамды Мәскеудің Бутырка түрмесіне ауыстырған. Ол туралы ҮІІ томның 373-бетінде:
«17/VІІ – 29 ж. № 1675 Бутырка түрмесінің бастығына. Төмендегі 8 тұтқын айдауылмен жіберіліп отыр. 1. Ташекенов Қаби Кентаевич 2. Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынович 3. Дулатов Міржақып Дулатович 4. Аймауытов Жүсіпбек Аймауытович 5. Исполов Мырзағазы Исполович 6. Бірімжанов Ғазымбек Қорғанбекович 7. Болғанбаев Хайретдин Әбдірахманович 8. Ғаббасов Халел Ахметжанович.
Бұлар айдауылмен апарылсын және бір-бірінен оңаша ұсталсын. ОГПУ-дің әскери бөлімі», – деген жөнелтпе хат бар.
Араға көп уақыт өткізбей Қазақстанда қалған тұтқындар да Мәскеуге жеткізілді. Ол туралы ОГПУ – дің әскери бөлімі:
«Бутырка түрмесінде Міржақып Дулатовпен бір камерада жатқан төмендегі тұтқындарды: Байтұрсынов Ахметті, Аймауытов Жүсіпбекті, Исполов Мырзағазыны, Болғанбаев Хайретдинді, Бірімжанов Ғазымбекті, Жұмабаев Мағжанды, Юсупов Ахметсапаны, Байтасов Абдулланы, Омаров Елдесті, Жәлелов Кәрімді – Міржақып Дулатов № 14 үйге ауыстырылғаннан кейін, оларды Ғаббасов Халелге және № 54 камерада жатқан Қазақстаннан келген 33 адамға (Әділов және басқалар) жолықпайтындай етіп әр камераға бөліп-бөліп орыналастыруды өтінемін. ОГПУдің әскери бөлімі – (қолы)» ,– деп нұсқау берген.
Сөйтіп, алғашқы 41 адам Мәскеуде бас қосты. Осыдан кейін олардың бір-бірін аман-есен көрісуіне тағдыр жазбап еді.
Тергеу ісінің 86-87 беттерінде өте тосын және түрме психологиясынан толық мағлұмдар ететін, жұқа қағазға арабша жазылған құпия тілшелер сақталған. Жапырақтай ғана жыртындылардың түйіршіктеліп оратылғаны бірден байқалады. Бұл – түрмеде отырғандардың бір-біріне жолдаған хаттары. Кім қандай жауап берді, енді қалай жауап бермек, бұларды енді не күтіп тұр? – деген сияқты мәселелерді қамтиды. Мазмұнына қарағанда Мәскеу түрмесіне ауыстырылғаннан кейін, оларда әлдеқандай бір үміт пайда болған сияқты. Араб қарпіндегі мәтін орысша мәтінмен салыстырылып отырып көшірілді. 85-бетте көк сия қарындашпен:
«Заключенный Испулов М.И., ком №70 подал записку заключенному Булату М.Я.(Дулатов), 62 комн. через окно во время прогулки с 62 комн. Прогул 2-й корпус. Исеева 29/ҮІІІ-29 г.» – деп жазылған.
Демек, Мырзағазы Есполов түрме ішіндегі серуен кезінде М.Дулатовтың терезесінен тілшені ішке лақтырмақ болған сәтінде қарауыл Исеева байқап қалып, қолға түсірген. Тілшенің сөзі қысқа. Емеуіріні көп. Түсінікті деген жерлеріне көп нүкте қойылған. «Ө» деген белгі сөз арасындғы қосымшаны білдірсе керек.
Тілшені жазуға екі, не үш адам қатысқан. Жоғарыдағы айдауылдың көрсетіндісіне орай, олардың екеуі – Міржақып Дулатов пен Мырзағазы Есполов деп толық сеніммен айтуға болады. Ал үшінші адам кім? Ахметсафа Юсупов па, Халел Ғаббасов па, әлде Ғазымбек Бірімжанов па? Сондай-ақ, мұндағы адамдардың аттарының барлығы да лақап есімімен аталған. Ал олардың кім екенін нақты ажырату мүмкін болмады. Қолжазбаны толық оқыған адам іштей жорамалдап біле алады деп ойлаймыз. Сонымен, 86-беттен басталатын түрме тілшелерінің мәтіні мынадай:
««Жауап басталды. Бірте-бірте бәрімізге де келеді ғой, сондықтан, мүмкін болғанынша соларды бір ізге салған жөн. Бұрынғы айтылғандар, әлбетте, өзгерілмейді, қалады ғой. Менің айтқаным – жаңа мәселелер қозғалуы тұсында. (Осы араға «Ө» белгісі қойылған – Т.Ж.) Мұндай болатыны мына жауапқа барғандарды сұрағандарынан көрініп тұр ғой. «Көпірде түйенің үлкені таяқ жейдінің» кебі келсе, әлбетте, салмақ төртеумізге түседі. Бұл анық. Ғазыға: айтқаныңнан қайт, тәубә қыл, Қужақты тәуір көресің бе, оның жүргізіп жатқан саясаты дұрыс па, жікке «бөлген», айтқаны ұлтшылдық... (дедім). ...Міне осындай, бұлардан басқа да осы секілді мәселелерді көтерулері мүмкін деп ойлаймын. Міне, осыларға қай тұрғыдан жауап береміз. Соған ақылдасуымыз тиіс».
Тілшенің М.Дулатовқа арналғаны, М.Есполовтың қолынан алынғаны анық. Сонда бұл сөзді кім бастауы мүмкін? Мұндағы «Қужақ» деп отырғандары – Голщекин. Ал «Ғазы» деп Мырзағазы Есполовты айтып отыр ма, жоқ, Ғазымбек Бірімжановты айтып отыр ма, оны тек қисынмен қиыстырып барып түсінуге болады. Ғазымбектің көрсетінділерінде әшкере мазмұн байқалмаған. Демек, «салмақ түсетін төртеудің» қатарына жатпайды.
Ол төртеу, біздің ойымызша, «Алашорда» үкіметінің әскери кеңесінің мүшелері – А.Байтұрсынов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, М.Есполов. Тынышбаев пен Досмұхамедов қамаққа енді алынған. Олар Алматыда. Мұндағы мәселе, Торғай оқиғасын қамтиды. Ал жазу мәнері әр қилы. Келесі жазу басқа адамдыкі, алдыңғыға жауап болуы мүмкін және бұл – М.Дулатовтың сөзі деп сеніммен айтуға болады.
Бірінші адам:«Мен бұлай ойлаймын: біз Кеңес жағындамыз. Қазақ үшін пайдалы (іс) жасауымыз керек (Осы араға тағы да «Ө» белгісі қойылған. Біздің жорамалдауымызша жоғарыда қойылған осындай белгінің орнына қойылып оқылатын мәтін осыдан кейінгі жолдар болуы тиіс). Өзіңе мәлім, біз бәріміз де кеңеске адал қызмет қылып келдік. Жасырын ісіміз еш болмаған. Бірақ бұл сөзде қазақтың бар мақсұты орындалды дей алмаймыз. Толып жатқан мақсұттар бар жүзеге шығаратын. Оның бер жағында Қужақ барғаннан бастап отыршылдық саясат басталып, (қарқынды) жүріп жатқанын айту керек.
Қазақтың жерге орналасуының өзгермегенін; үстіндегі (алдағы – Т.Ж) 5 жылда 320 мың іштен түкті ауыздарды көшірмекші болып отырағанын; қазаққа берілген жақсы жерге кеңес шаруаларын салып жатқандарын; шаруа жүзінде қазақ малына тиісті қам қылмауларын; малдың (тәргілеу науқанын) орындату, не еш фабрика-заводтың жоқтығын (айту керек):
Сауда-саттық жайында: Казторг, Упсырзаг, госплан, складтардағы қазақстандықтарды жойып, мұнда байлағаны. Мәдениет майданын да шала етіп (жүргізіп жатқандығы), жастардың елге аттанысы, елді кеңестен бездіретін талау болып жатқан жұмыстар жайында. Басқару жөнінде: қазақтың қолынан жұмыс келетіні аз. Азаматтарының бірі – ұлтшыл, бірі – пәлен деп, партиядан айдап, ылғи оңбағандарды жинап алып, қазақ атынан жұмыс жүргізіп жатқаны, мекемені қазақтандыру жөнінде орысты ақша шығарып оқытып жатқандығын... Тап күресі деп қазақтың қалтылдаған шаруасын күйзелтіп жатқанын – қысқасы отаршылдық саясаттың барлап жатқанын түгел айту.
Міне біз бұған қарсымыз, риза емеспіз. Бұл ұлтшыл болғандықтан емес, лениннің ұлт саясатын дұрыс жүргізбегендіктен, «Декларация прав народовта» орын берілген құқықтарды жүзеге асырмағандықтан. Бізді ұлтшыл деген – жапқан жала себепті, ұлтшылдықтың мағынасы: екінші ұлтты жұту, ойран қылу. Бұл бізде жоқ, болуы да мүмкін емес. Біз қазақ – шаруа, мәдениет майданында басқа ұлттармен тең болуы керек дейміз. Ол ұлтшылдыққа жатпайды, мұны «Декларация правта» кеңес өкіметі өзі беріп отыр. «Өлгеніңді жасырарсың – көмгеніңді қайтерсің» дегендей, бізге бұғуға болмайды.
Бұл ірі орын – білсін, біз айтпағанда, кім айтады. «Жығылсаң жардан, ажалың әлдеқайдан». Бұл жерге келген соң – тәуекел. Санасуға тиісті, осы күні өзінің қалы торға түскен торғайдай, біздің жайымызды түрік газеттері жазыпты. «Әке!» – дегенмен жан қалмайды. Қорғанудың жөні жоқ. Көп болса қазақ үшін құрбан болармыз – онда тарихи борышымызды өтеген боламыз...(Өз ойыңды) не, жаныңдағылармен сөйлесіп жазып бер. Алдымен шығып терезеден бер, байқап бер, сақ бол. 15... маған: жазғаныңды оқыдым, –депсің. Ол, сөйлескенің мен кездескенің кім, (оқығаның) менің жауабым ба, сені кім, неге оқытты? Пәлен-түгенді айттыңдар ма? «Таран отрядын ұстап бердіңдер», – дегенге не деп жауап бердің. Мен «А.О-ның» істегендеріне жауап беремін», – дедім. Мен басқа сұрағанға жауап бермедім, сен не дедің?».
Басқа қағаздағы жауаптасулар мынадай.
Екінші адам: «13-күні мені «Сейсенбектермен» кездестірді. Жауаптасуда Сұрша мен уақытша орынбасар болып жүрген ұзын орыс болды. Сұраушы ұзын. Оқысаң, менің берген жауабымды көрген шығарсың: ол заманда істелген істерге жауапкермін, ойлаймын жолдастарым да бас тартпайды... – дедім. Осыдан басқа тоқсан түрлі сұрағына жауап бермедім. Ұзынның бір жауабына: мұндай ақымақ сұрауға берер жауабым жоқ, – дегенге ашуланып, мені қорқытпақшы болып сөз сөйлеп еді: мен қорықпаймын, мені қорқыта алмайсың, – деген соң қойды. Сонан кейін жанымдағы кісіні алып, бұл жаққа жүргенше (Мәскеуге – Т.Ж.) жалғыз болдым».
Үшінші адам: «Үйілдің 3 күнгі жауапты тағы да орынбасар сұрады. Арасында Сейсектің айтқаны өтірік деп едім, ол (қағаз алып): «(Міне), Қалмақ бет қазақтың (А.Байтұрсынов –Т.Ж.) берген жауабы, сен оны қорғаштайсың, ал ол сендерді аяған жоқ. Міржақыппен екеуің пәленді, түгенді атты деп отыр», – деді. Қағаздан екеуіміздің атымызды көрдім. Ол сенен: «Ордада Иманның баласын, түгенді аттыңдар ма (деп сұрады ма), Атбасарға кеткен түкті ауыздар туралы сұрады ма, сұраса сен не дедің. Сейсек солар туралы сұрады ма, не дедің? Сейсекпен кездесуді Селеу екеуміз: бір жағынан – қоқан-лоқы, екінші жағынан – Кесірқараны ұйымнан айдау үшін істеген шығар деп жорыдық, бұл қалай? Нақ осы күні бізді Орда жұмысына айыптар ма? Мені Шашпен кездестірмейді. Мұнысына түсінбеймін. Біздің ісіміз бір... Оларды қалай ол жақта (Алматыда) қалдырды. Бізді мұнда (Мәскеуге) әкелді, бұл қалай? Артынан Елдеспен, Шашпен кездестім. Білдірмей кездестім».
Төртінші адам: «Мұнда келгенде менің алынған нәрсеме және ақшама екі квитанция берген еді. Соны бүгін алып, нәрселерімді, квитанцияны берді. Ақша жоқ. Ақшамды да береді деп үміттенгенмін... Өйткені мұнда келген соң екі рет арыз жазып едім. «Өткіз, ақша керек» деп. Арыз бойынша мұнда салған шығар деп ойлап отырмын. Маған: Жазба, бермейді, – дейді мұндағы «білгіштер». Мына бергеніне қарағанда бізге жалпақ жұрттан басқашарақ қарағандай ма. Хош десеміз. С.М.М-ды».
Жұқа, жыртық қағаздағы бұл тілшенің мазмұны түсінікті. Мәтіндегі «Қалмақ бет қазақ» – Ахмет Байтұрсынов, Елдес – Елдес Омаров, ал «Кесірқара» мен «Шашты», «Сейсектерді» тек жорамалдауға ғана болады. «Екі рет арыз жазып едім», – дегенге қарағанда, бұл Х.Ғаббасовтың,не Ж,Аймауытовтың жазуы. Өйткені осы екеуінің түрме бастығына қаратқан өтініштері тіркелген.
Сол томда Міржақып Дулатовтың 1929 жылы қарашаның 18 күні жазған тосын қолхаты бар. Онда:
«Мені өзге тұтқындармен бір камерада отырғызуыңызды өтінемін. Сонда өзара ақылдаса келіп, мүмкін қылмыстарымызды мойындармыз», – деген мағынада өтініш білдірген.
Мұны қалай түсінуге болады? Тергеу ісінде: енді бәрін де мойындап жазуға бекініп отырғандығы, соған мүмкіндік жасауы жөнінде арнайы мәлімдемесі бар.
Алаш азаматтарының барлығы да бұл құрсаудан жазасыз шықпайтынын білген. Дегенмен де Москваға ауыстырылған соң ондағы тергеушілердің Қазақстандағыларға қарағанда «дәрежесі биік» екеніне сенген. Кейбір айғақтары дәлелсіз істерді кейін қайтарып жіберуілері соған дәлел. Тұтқындағылар Бутыркаға ауысқан соң, өздерінің жауап беру тәсілдерін өзгерткен. Шындықтарын айтып, қалайда тергеушілердің назарын аударуға ұмтылған. Екіншіден, тергеу астында, бірақ бостандықтағы «мырзақамақта» жүрген Әлихан Бөкейханов:
«Тиісті адамдармен ақылдаса келіп, бұларды ерегестіре бермей, барынша үкімді жұмсарту тәсіліне көшуге», – кеңес берген.
Осы бағытты ұстана отырып М.Дулатов Бутырка түрмесінде көлемді көрсетінді жазған. Онда: тым болмаса нақты оқиға көрсетінді ретінде қағаз бетіне жазылып қалсын – деген мақсатты алдына қойған. Міржақып Дулатовтың жоғарыдағы өтініші қанағаттандырылған екен. Ол туралы:
«ОГПУ-дің шығыс бөлімінің бастығы Дьяков «21/ХІ-29 жылы ОГПУ-дің комендантына қызмет бабындағы жөнелтпе жолдап:
№ 14-ші үйдегі түрмеде жатқан Міржақып Дулатовты Бутырка түрмесіндегі Байтұрсынов, Аймауытов, Болғанбаев, Испулов, Бірімжанов, Жұмабаев, Юсупов, Байтасов, Омаров, Жәлелов жатқан камераға ауыстыруды өтінеміз. Дулатовты Бутырка түрмесіне ауыстыру бүгін жүргізілсін», – деп пәрмен берді.
Мұның алдында ғана Міржақып Дулатов өзін Қазақстаннан келген тұтқындардың қасына ауыстыруды өтінген. Бұл ажал алдында тұрғанын сезіп аяулы азаматтармен соңғы рет бақұлдасып қалуды ойластырған амалы болса керек. Ал тергеушілердің мақсаты: оларды бір бөлмеге жиып, арасына тыңшы қосып, айтқан сөздерін хатқа түсіріп алу. Бұған тұтқындардың арасына «Қалам», «Дальше»... сияқты салпаңқұлақтарды жіберу туралы өзара жазысқан қатынастары дәлел. Сол томның 301-бетінде:
«ОГПУ-дің прокурорына – ОГПУ-дің СЛАК лагерінің тұтқыны Дулатов Міржақып Дулатұлынан алдын-ала тергеу кезіндегі мерзімді есептеу туралы өтініш» тіркелген.
Онда: «ОГПУ коллегиясының (Үштіктің) қаулысы бойынша мен ҚК-нің 58-ші бабының 2,4,10,11 тармақтары бойынша 10 жылға концлагерьге жіберілген едім. Кесім уақыты 16/VІІ – 29 жылдан бастап есептелді. Осыған байланысты өтінішім мынау: мен бұл іс бойынша 29/ ХІІ – 28 ж. тұтқынға алындым. Сол уақыттан бастап Алматы мен Бутырканың түрмесінде тергеу астында болдым. Сондықтан да ҚІК кодексінің 29-шы бабына және ҚІК-нің 343-ші бабына сәйкес маған алдын-ала жүргізілген тергеудің уақытын яғни менің жаза өтеу мерзімімді 29/ ХІІ – 28 жылдан бастап есептеуіңізді өтінемін. М. Дулатов. 29 сәуір, 1931 жыл.», – деп жазылған.
Міржақып Дулатовтың бұл өтінішін: «СССР Халық коммисарлар кеңесінің жанындағы біріккен мемлекеттік саяси басқармасына қарасты Соловецк және Карел-Мурманск еңбек түзету лагерінің тұтқындарды бөлу бөлімі 1931 жылы 15 маусым күні – ОЦР ОППУ-дің Москва СЛАК-тің бірінші бөліміне (Көшірмесін Міржақып Дулатовқа тапсыру үшін)» мынадай:
«Міржақып Дулатовтың кесімді уақытын: сотқа дейінгі алдын-ала тергеу кезіндегі 29/ ХІІ – 28 – ден бастап 15/VІІ – 29 дейінгі аралықты есептеу туралы өтінішін жолдап отырмыз. КОГПУ-дің 13/І – 1931 жылғы қаулысымен КК-нің 58 бабының 2,4,10,11 тармақтыры бойынша 10 жылға (ату жазасының орынына ауыстырылған) сотталған. Басқарама бастығының орынбасары - қолы», – қатынас жолдапты.
Демек, құжатқа жүгінсек, 1885 жылы туған Міржақып Дулатов 46 жасында, 1931 жылы 13 қаңтар күні ату жазасына бұйырылған. Оның жоғарыдағы өтінішіне: «ОГПУ-дің орталық тіркеу бөлімі мынадай Анықтама беріпті:
«Дулатов Міржақып Дулатұлы 1885 жылы Қазақ АССР-нің Қостанай округінің Наурызым ауданында туған. Сот коллегияссының 4/ІV – 30 г. Қаулысы бойынша 58-ші баптың 2,4,10,11 тармақтары бойынша айып тағылып, жоғары жазаға (атуға-Т.Ж.) кесілген. Дүние-мүлкі тәркіленуге жатқызылды. Еңбек ақысы № 26 параграф бойынша есептеледі. Коллегияның 8/V – 31 жылғы қаулысымен коллегияның бұрынғы 4/ІV – 30 ж. Қаулысы 26/І күні жоққа шығарылды. 13/І-31 күнгі соттың шешімі бойынша ату жазасы тұтқындалған күннен бастап есептелетін 10 жылдық концлагермен ауыстырылды. Дүние-мүлкі тәркіленген, үй-іші жіберілген жоқ...».
Ату жазасына кесілгендердің барлығына да дәл осындай анықтама берілген. Тек аты-жөндері мен кесілген үкімдері ғана өзге.
Түрмеге қамалып, жер аударылған алаш азаматтарының барлығы бір-бірінің мекен жайын, аман-саулығын Мәскеуде тұрақты тұратын Әлихан Бөкейханов арқылы біліп, өзара жөн сұрасып хат жазған. Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың қолында сақталып қалған мына хаттар соның бір ұшқыны ғана. М.Г.Дулатованың мағлұматы бойынша,: төмендегі хаттың иесі Мұхтар Бабақайұлы Мұрзин (1895-1937). Қостанайдың Кеңарал деген жерінде туған. Троицкідегі гимназияны бітірген соң, қызы дәрігер Әрикенің айтуынша, Томскінің технология институтында оқыған. Инженер-экономист. Мұхтар Мұрзин – Орынбордағы Қазақ халық ағарту институтының алғашқы директоры, Міржақыппен бірге сол институтта сабақ берген. Аудармашы, публицист. Үй-ішімен Воронежде айдауда бес жыл тұрған. 1936 жылы Шымкентке келіп, ауылшаруашылық банкісінде қаржы-жоспарлау бөлімін басқарған. 1937 жылы ұсталып, қайтып қатарға қосылмаған.
«ст. Медвежья гора Мурманской ж. д., 1 ОЛИ центральные курсы при Лекпомов при санотделе Дулатову Мирякубу
Воронеж 12, Томская 10. От Мурзина Мухтара
Ардақты Жақа!
Мәскеу арқылы (Ә.Бөкейханов арқылы – Т.Ж.) тұрақты жөніңізді біліп, Сізге осы сәлемді жолдап отырмын. Воронеждің өзінде тұратындар: Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер, Сейдазым, Әшім, Хамит, Ақбай (мұның Жақыбын босатқан). Ауданға жіберілгендер: инженер Мұхамеджан, Мұстафа Бұралқы, Жұмағали Тілеулі, Жұмахан Күдері, Қошке, Нәшір Қожамқұлов. Алдаберген де бар еді, қашып кетіпті деседі. Анығы мәлімсіз. Бізден бір ұсталып жатып шыққандар: Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков, Иса Қашқынбаев. Тұрмыс алмалы-салмалы, бірде қызметке алады, бірде алмайды. Нақ осы күні қызметтен шығарылып отырмын.
Мұхтар. Воронеж. 1934 жыл, апрельдің бірі».
Екінші хатты дәрігер Ж.Тілеулин (1889-1937) жазған. Марқұмның туған қарындасы (...) арманда кеткен ағасының атын алаш азаматтарының қатарынан қалдырмай, ескере жүруді өмірден өтерінде аманаттап айтып еді. Онсыз да ескерілетін хат болса да, өсиет сөзін осы арада еске ала кеткеннің айыбы болмас дедік.
«Ст. Медвежья гора Мурманск. ж.д. 1 ОЛК. Центральные курсы Лекпомов при сан.отделе. Дулатову М.
г. Павловск цчо ул. К. Маркса, дом 6, Ж. Тлеулин. 30/V.
Адрестеріңді жуырда аламын. Тұрмыс, саулықтарың қалай? Тұрағым Павел қаласы, қаратопырағы бетінде (қаратопырақты жер дегені – Т.Ж.), саулық сақтау жұмысындамын. Менен басқа мұнда біздің жақтан кісі жоқ. Жалғызбын. Тұруға қиындау болғандықтан үй-іші мұнда келген жоқ. Екі жылдан бері Ташкентте тұрып жатыр. Онда Райханның інісі қызмет қылушы еді, соңғы кезде қатын-балаларын, шешесін, іні-қарындасын жәрдемсіз тастап, бір-екі балалы сұлуды алып, ғайып болған көрінеді. Содан кейін ауыр салмақ Абдолла, Райханның мойнында қалып отырған жай бар. Мұнда қызмет болғанымен, табыс аз. Үй-іші келе алмай отырғаны да содан. Өздерің қандай халде тұрасыңдар? Абдолла (Байтасов – Т.Ж.) Воронежде тұрады, көптен хат келмей тұр. Гаядан (Ғайнижамал Дулатова – Т.Ж.), балалардан хабар бар ма, аман ба екен, қайда тұрады?
30. V. Ж-али. 1934».
Медицина ғылымының докторы Серік Жұмағалиұлы Тілеулиннің айтуынша, әкесі Омбыдағы фельдшерлік училищені бітірген, Қызылжарда педтехникумның директоры болған.
Ақ теңіздің жағалауындағы әйгілі Сосновец концлагерінде жатқан Міржақып Дулатовты зайыбы Ғайнижамал баласы Әлібекті алып іздеп барған. Бір ай жұбайының қасында болады. Оларды барарда қарсы алып, қайтарда Алматыға шығарып салған Әлихан Бөкейханов Міржақыпқа мынадай жеделхат жолдайды:
«Сосновец Мурманской ж. д. , 5 Тунгутское отд. Центральный Лазарет. Дулатову Мирь-якубу.
Москва, 9. Б. Кисловский 4/15. 26/ІХ 34 ж.
Шырақ Мадиярым!
Гая, Әлтай екі қонып, бүгін жүріп кетті. Шығарып салып жазып отырмын.
М-ның күйеуі Алматыда.
Өз етігің тар болса, ел бейбітінен не пайда. Осы мақал қаламға орала кетті.
Иіскедім Әли».
Өкінішке орай, бұл Міржақып Дулатовтың өмірдегі соңғы жұбанышы болды. Ұзамай ұлы Әлібек те, өзі де дүниеден қайтты. Ұлының қазасын Әлихан дегдар біле тұрып, естіртпепті. Өзегі өртеніп өмір сүрмесін дегені шығар, кім білсін.
Тергеу ісінің ҮІІ томының соңына үкім тіркелген:
«ОГПУ (сот) коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгі кеңесінің хаттамасынан көшірме.
Тыңдалды: №78754 іс бойынша айыпталған: Байтұрсынов Ахмет пен Міржақып Дулатовты – ҚЕ 58/2,58/4,58/11,58/10 баптары бойынша,
Есполов Мырзағазыны – ҚЕ 58/2,58/10 баптары бойынша,
Ғаббасов Халильді – ҚЕ 58/2 бабы бойынша,
Әділев Дінмұхамед пен Аймауытов Жүсіпбекті – ҚЕ 58/2,58/8,58/11 және 58/10 баптары бойынша,
Бірімжанов Ғазымбекті – ҚЕ 58/4,58/11 және 58/10 баптары бойынша,
Юсупов Ахметсафаны – ҚЕ 58/1,58/13 және 58/10 баптары бойынша,
Болғанбаев Хайретдинді, Жұмабаев Мағжанды, Байтасов Абдолланы,
Омаров Елдесті, Жәленов Кәрімді – ҚЕ 58/11 және 58/10 баптары бойынша,
Битілеуов Дамолланы – ҚЕ 58/4 бабы бойынша, Дулатов Асқарды...”, – деп жиыны 42 адамды айыптан шыққан.
Біз өзіміздің мақсатты мүддемізге орай тікелей қатысы бар “Алаш” қайраткерлерінің ғана тізімін келтірдік. Өкініштісі сол, айыптау баптарының қойылуы барысында «Әділев Дінмұхамед пен Аймауытов Жүсіпбектің» бір тізімге қосақталғаны. Тергеу ісінің ең түйткілді “тұлғасы” Дінше Әділев болғандықтан да, бұл қосақтан жазасыз құтылу мүмкін емес еді. Егерде, басқа тізімге іліккенде Жүсіпбек Аймауытовтың тым құрымағанда тағы да алты-жеті жылдай жарық дүниенің дәмін тату мүмкіндігі бар еді.
Алла тағалам оған мұндай мүмкіндікті жазбапты.
Бесінші тарау: «БАЙТҰРСЫНОВ – БАЯҒЫ БАЙТҰРСЫНОВ»
(Омаров Елдес Омарұлы және басқалар туралы іс)
1.
Ахмет Байтұрсынов 1928 жылдың 5 қазанында Алматыға көшіп келіп, КазПИ-де сабақ берді.1929 жылы көкек айының 19 күнi «Советская степь» газетiнде Ораз Исаев пен Iзмұқан Құрамысовтың ұйымдастыруымен Ғаббас Тоғжанов пен Әбдiрахман Байдiлдин, Х. Жүсiпбеков, С. Сапарбеков, О. Жандосов қол қойған ашық хат жарияланды. Бұл ашық хат Ахмет Байтұрсынов бастатқан алаш азаматтарын «құрбандыққа шалудағы» ең соңғы шешушi соққының мiндетiн атқарды. Голощекиннiң айызын қандыру үшін:
«Бiр топ жолдастар – «Правда» газетiнiң және «Әдебиет энциклопедиясының» редакциялық алқасына кейбiр жазушы - қазақтардың творчествосына баға беруде «Энциклопедияда» жiберiлген қате пiкiрлерге орай қарсылық – хат жолдады. Көпшiлiктiң ерекше назарын аударған осы хатты толық жариялап отырмыз», – деген түсiнiкпен жарияланды.
Алаштың ардақтыларын түрменiң босағасынан бiрақ шығарған «Жазушы – қазақтардың творчествосы туралы» хатта:
«Құрметтi жолдастар»! Бiздiң пiкiрiмiзше, Әуезов пен Байтұрсыновтың шығармаларына маркстiк көзқарасқа мүлдем жат баға берiлген…
...Байтұрсынов туралы берiлген баға да дәл емес. Рас, революцияға дейiн Байтұрсынов қазақтың ұлттық зиялыларының жетекшiлерiнiң бiрi болды, патшалық саясатқа қарсы күрестi, сол кезде ол қазақ тұрмысындағы алдыңғы қатарлы буржуазиялық революционер боп табылды. Алайда мұның барлығы ешкiмге де: «Байтұрсынов – қазақтың аса көрнектi ақыны» деуге құқық бермейдi. ... Ол ақын болған жоқ. Ол публицист болды және публицист болып қалады. Байтұрсынов буржуазиялық ұлтшыл - қазақ байларының идеологы болып қала бередi... Ол контрреволюциялық идеологияны уағыздады. Бүгiнгi қазақ қоғамы Байтұрсыновты бiздiң партиямызға қарсы күрескен және күресiп келе жатқан реакциялық алашордашыл интелегенцияның бiр көсемi деп санайды.
«Әдебиет энциклопедиясының» редакция алқасы жiберген қателiктердi түзету мүддесiн көздеген бiздiң бұл пiкiрiмiзге «Правданың» бетiнен орын беруiңiздi өтiнемiз.
Коммунистiк сәлеммен: О. Исаев, Ә. Құрамысов, Ғ. Тоғжанов, С. Сапарбеков, О. Жандосов, Х. Жүсiпбеков, А. Байдiлдин», – деп жазылды.
Міне, осындай мемлекеттiң атынан жасалған ресми айыптау мәлiмдемесінен кейін бiр айдың iшiнде Ахмет пен Жүсiпбек, Мағжан қамауға алынды.
1929 жылдың 2 маусымында Қызылорда қаласында өтетін әдебиетшілер мен тілшілердің жиналысына шақырылады да, сол жерде қамауға алынып, қайтадан Алматының түрмесіне жөнелтіледі.
Тергеудің ІІІ томы Ахмет Байтұрсыновтың анкетасымен ашылған. Байтұрсынов Ахмет 1870 (нағында 1873 ж. – Т.Ж.) Қостанай облысының Торғай ауданында туған. Қаруында әйелі, үш баласы бар. «Алаш» партиясының мүшесі болған, 1921 жылы ВКП(б) мүшелігне өткен, 1921 жылы партиялық тазалау кезінде ұйымнан өзін тыс ұстағаны үшін шығарылған. Қазір партияда жоқ. Кеңес өкіметі тұсында сотқа тартылмаған. Арнайы орта білімді. КазПИ-дің оқытушысы.
1921 жылы Орынбор қаласында контрреволюциялық ұйым құрып, Орта Азиядағы пантюркистік ұйымдардың басшысы Валидовпен байланыс жасағаны үшін, қылмыскер деп табылды. Сондай-ақ 1927 жылы қырда (?) қарулы көтерілісті дайындау туралы мәселені талқылауға қатысты. Сол үшін РСФСР қылмысты істер кодексінің 58 статьясының 2, 4 және 11 тармақтарына сәйкес жасаған қылмысы бойынша жазаға тартылды. Сол жылы 12 маусымнан бастап қыэметтен босатылды. 20 маусым күні үйіне тінту жэүргізіліп, кітаптары, қойын дәптері, іс жүргізу қатиралары, қолжазбалары, ъхаттары тәргіленді.
Халықтың басына қара бұлт боп үйіріліп, миллиондаған адамдардың обалына қалып, қазасын арқалаған қасіретті «58-статьяның» Қазақстандағы алғашқы тауқыметті таңбасы «Ахмет Байтұрсынов бастатқан ұлтшыл-буржуазияшыл контрреволюционерлердің «қылмысты ісіне» басылды. Бұл – статья жеке тұлғалардың қоғамдық-саяси қайраткерлігі мен азаматтық көзқарасына басылған таңбасы ғана емес, сонымен қатар жалпы жеке адамның ақыл-ойына, ар-ожданына, жан-жүрегіне басылған «кеңестік қарғыс таңба» болатын. Ахмет Байтұрсынов «58-дің» барлық зорлық-зомбылығын көріп, азап-қазабын тартты. Мұхтар Әуезовтың естелігіне жүгінсек, Ахаң – А.Байтұрсынов әр күні: бүгін кімнен не сұрайтынын, қандай «айғақ» ұсынатынын алдын-ала болжап, дәл тауып отырады екен. Өйткені түрмеде көп отырып тақыстанған кеңестік большевиктер қолданып отырған отаршыл жазалау жүйесінің әккі тәсілдерінің бәрі де Байтұрсыновқа бұрыннан таныс болатын. Себебі, түрме Ахаңа – А.Байтұрсыновқа әкеден қалған «мұра», ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан «дәстүр» болатын». Сондықтан да ол түрмеден тыс толтырылған анкеталардағы:
«Қандай елге, қандай руға жатасың. Бұрынғы шыққан тегің кім және олардың әлеуметтік дәрежесі қандай», – деген сұрақтардың барлығына:
«Ұлттық озбырлықтың зардабын жасымнан тартып өстім. Әкем және әкемнің ағасы өктемшіл ояздың зорлығына қарсы шыққаны үшін итжеккенге жер аударылды», – деп жауап қайырып отырған.
Ал мұның астарында тауқыметті асау тағдырдың табы жатты. Ахмет мүшел жасқа – он үшке толғанда әкесі Байтұрсын мен ағасы Ақтас Торғай уезінің кәрі оязы Яковлевті сабап, басын жарғаны үшін 15 жылға Сібірге айдалды. Ақтастың әйелі олармен бірге итжеккенге еріп барып, аң терісін илейді, құлақшын, тымақ, етік тігіп, қаржы тауып, оған тамақ сатып алып, түрмедегі күйеуі мен қайнысына жеткізіп тұрады. Сөйтіп, қазақтың қарапайым әйелі екі азаматты азап пен аштықтың тырнағынан арашалап қалады. Тағы да сол тұстағы анкеталардағы:
«Ақпан төңкерісіне дейін немен шұғылдандыңыз. Сотталдыңыз ба? Сотталсаңыз не үшін сотталдыңыз?», – деген сұраққа үнемі:
А.Байтұрсынов: «Қазақ халқының талап-тілегін білдірген 1905 жылғы шағымын – Петицияны жазуға қатысқаным үшін 1909-1910 жылдары түрмеге қамалдым. Сол үшін қазақ арасында өмір сүру құқынан айырылдым», – деп жауап берген.
Шындығына жүгінсек, бұл қысқа қайырылған мәтінің астарында Ахмет Байтұрсыновтың ғана емес, жалпы қазақ ұлтының арыз-арманы жатыр еді. «1905 жылдың басында ішкі-сыртқы төңкерістік тегеуірінге шыдай алмаған патша өкіметі: «халық сайлаған өкілдердің кеңесін шақыруға, бұқара мұңын жеткізетін шағым-арыздарды (петицияны) жазуға рұқсат берді. Бұл қазақтардың арасында ұлт-азаттық қозғалысын оятты. 1905 жылдың сәуіріндегі бұл еркіндік патша жарлығымен бекітілді. Көктемнен бастап адам көп жиналатын жайлау мен жәрмеңкелерде қазақ елінің қамын ойлайтын түселдер ашылып, патша ағзамға қаратылған ұлт мүдделері хатқа түсіп, қол қойылды. Сөйтіп, 1905 жылдың маусымында Қарқаралы оязындағы Қоянды жәрмеңкесінде 14 500 қазақтың қолы қойылған Петиция Министрлер кеңесінің төрағасына жолданды. Бұл – азаттық аңсаған халықтың оянған санасының тұңғыш үн қатуы еді. Онда: тәуелсіз діни мүфтият, жер, сот, мемлекеттік Думаға қазақтан депутат сайлау мәселелері талап етілді. Бұл манифест қазақ тіліне аударылып, қыр еліне таралды. Қазақтардың басына барша адамның теңдігі, ұждан бостандығы, халық билігі туралы сөздер айтатын, естен кетпес ерекше күндер туды. Мұны ұйымдастырғандар: отаны мен туған ұлтының бақытын ойлайтын ұлт зиялылары, соның ішінде ұлт көсемдері” – Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов еді. Қазақтың жандарм тыңшылары Ахметтің соңына түсіп, 1909 жылы 1 шілде күні тұтқындап, Семейдің түрмесіне қамады. Онда 1910 жылдың 21 ақпанына дейін сұрақ-жауапсыз жатты. Бұл оқиға Ресейдегі революциялық рухтағы «Речь» атты газеттің назарын аударып, онда «Қазақ ақыны Ахмет Байтұрсынов түрмеде» деген мақала жарияланды. «Қапастағы қазақ педагогы», «бұратана халықтың зиялысы» А.Байтұрсыновтың азаматтық құқығының аяққа басқандығы туралы мақаланың авторы Дума мүшесі Н.Скалокубов Ішкі істер министрі П.Г.Курловқа:
«Семей мен Өскеменнің түрмелерінде көп айдан бері ешқандай сотсыз-тергеусіз қапаста отырған бірнеше қазақ зиялылары маған шағым жолдап, өздерінің және олардың үй-ішінің аса күйінішті жағдайына назар аударуды өтініпті. Сондай-ақ, Семей түрмесінде жатқан Ахмет Байтұрсыновтың әйелінен және жергілікті тұрғындардан оның ісі мен жағдайын анықтауды ұсыныс жасаған хат алдым. Байтұрсынов – қазақтың ақыны, Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударған. Ол Қарқаралыдағы орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі болған. Семей губернаторы оған:
қазақ халқының атынан Император Ағзамға талап-тілек білдірген хатты – Петицияны жазуға қатысты,
содан кейін, менің сенімді адамдарымның мәліметі бойынша, мүлдем негізсіз – қазақтардың арасына сеператистік идеяны таратты
және алым-салықты төлемеді,– деген кінә таққан.
Ол 1 шілде күні тұтқындалған, бірақ осы күнге дейін оған ешқандай қылмысын айғақтайтын айып таға алмай отыр. Өскеменнің (Семей обл.) түрмесінде отырған тұтқынның 11 қазан күні маған жазған хатыңда: оларды – тұтқындарды, «аяусыз тепкілейтінін» хабарлады», – деп жазып Ахметтің ар-намысын қорғады.
Ішкі істер министрінің іс қағазына 7 желтоқсан күні тіркелген Дума мүшесінің мәліметі аяқсыз қалмай, дер кезінде «кеңсе айналымына» түсті. Алты ай бойы қозғалмаған іс шұғыл түрде қолға алынып, ешқандай да айып тағылмастан, шұғыл түрде: А.Байтұрсынов:
“Бір тәуліктің ішінде Семей қаласын тастап шықсын, үш жыл бойы қазақ даласынан сырт жерде тұрсын”, – деген үкім шығарылды.
Бұл өкімге орай Ахмет Байтұрсынов ғылыми-мәдени дәстүрі бар, қазақтың оқыған азаматтары жиналған Орынбор қаласынтаңдап алып, “өз еркімен” жер аударылды.
Тағдырдың тәлкегінде шек болсашы. Араға тура жиырма жыл салып (1909 жылдың 1 шілдесі – 1929 жылдың 2 маусымы), Ахмет Байтұрсынов тағы да түрмеге түсті. Біріншісі, Ленин дәл тауып айтқан «езілген халықтар түрмесі» атанған патшалық самодержавиенің абақтысы. Онда езілген халқының азаттығын аңсағаны үшін қамалды. Екіншісі, тағы да Ленин айтқан, “езілген халықтарға еркіндік берген” Халық Комиссарлары Кеңесінің Біріккен мемлекеттік саяси басқармасының (ОГПУ-дің) түрмесі. Бұл жолы азат еліне сіңірген еңбегі үшін ұсталды.
Сонымен Ахмет Байтұрсынов «1921 жылы Орынбор қаласында «астыртын контрреволюциялық ұйым» құрды ма, жоқ па? Бұқарадағы мұхаррамшылардың – «басмашылардың» қозғалысына қосылған Валидовпен кеңес өкіметіне бірігіп күресу туралы құпия хат алысқаны рас па, жалған ба? Оған жауап iздеп, қосымша тергеу жүргiзбей-ақ, З.Валидовтің “Естеліктеріндегі” жазбаларына және Қазақ ССР Жоғары сотының 1989 жылғы 4 қарашадағы анықтамасына жүгiнсек, шындықтың беті толық ашылады:
Жалпы, А.Байтұрсынов пен З.Валидов таныс па еді өзі, таныс болса, қай уақыттан бері таныс?
З.Валидов: «1912 жылы ... Әлихан Бөкейхановтың үйінде бірнеше күн тұрдым. Оған Ахмет Байтұрсынов қонаққа келіп жатыр екен. Біз ұзақ әңгімелестік, түркі тарихына қазақ хандарын қалай кіріктіру керектігін ойластырдық. Бұл, екінші кітапты жаза бастау деген сөз еді».
А.Байтұрсынов: «Валидовпен мен Самара құрылтайында (1918 жыл) таныстым».
З.Валидов: «...Біз Түркістандағы социалистік қозғалыстың басын біріктіріп, дербес социалистік партия құрып, оны Россия компартиясынан бөліп алып, ІІІ интернационалға дербес мүше ретінде кіруді жоспарладық... Бұл кезде қазақ пен өзбектің көрнекті қайраткерлері Низам Ходжаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов Москвада болатын. Орталық комитеттің жанындағы мұсылман коммунистері бюросы соңғы демін алып жатқан. Өліп бара жатқан осы ұйымды пайдаланып Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Бұқара мен Хиуа облыстық компартия ұйымын ықпалымызда ұстауды көздедік. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Башқұртстанда жүрген кезімнің өзінде Түркістанға 14 адам жіберген болатынмын. Бұл жұмыс Москвада бұрынғыдан да кең ауқымда жүргізілді».
А.Байтұрсынов: «Бұдан кейін Валидовпен Москвада кездестім. Ол бұл кезде кеңес өкіметі жағына шыққан болатын».
Т.Рысқұлов: «Петерс: 1920 жылы партия ұйымында дайындалды деген желеумен, нағында партия ұйымы емес контрореволюциялық «Иттикад уә теракки» ұйымы дайындаған бағдарламамен делегация болып Лениннің қабылдауына кірді. Делегация Москваға барған соң белгілі башқұрт буржуазияшыл-авантюрисі Валидовпен және татар ұлтшылы Сұлтанғалиевпен кеңесіп, «Иттикад уә теракки» ұйымы арқылы бағдарламаны талқылады, сөйтіп өздерінің кім екенін ашып алды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттикад уә теракки» ұйымының ташкенттік белсенділерінің алдында есеп берді, делегация ұсынған платформа белсенділердің қолдауын тауып, таяу уақытта жүзеге асыруға тиісті бағдарлама ретінде қабылданды», – деп жазады... Москваға барсымен комиссия белгілі башқұрт ұлтшылы Валидовпен (Башкирия), Сұлтанғалиевпен (Татария), Байтұрсыновпен (Қазақстан) кездесті. Кеңесте кеңес өкіметімен күресудің жалпы платформасы талқыланды...Бұдан кейін біз Валидовтің, Сұлтанғалиевтің, Байтұрсыновтың қатысуымен кеңес өткізді, – делінеді... Байтұрсыновқа келетін болсақ, ол біз келмей тұрып Орынборға кетіп қалған болатын...».
А.Байтұрсынов: «Шындығын айтсам, 20-жылы Мәскеуде қызмет істеп жүргенімде онымен бірнеше рет кездестім».
Е.Омаров: «Мәскеудің сыртында біздің бастаңғы ұйымдастырғанымыз есімде. Оған мына адамдар қатысты: мен, Абдолла Бөкейханов, Байтұрсынов, Танашев, содан кейін Ермеков және Валидов болды-ау деймін. Сонымен бірге Башқұрстан мен Татарстанның өкілдіктерінің бірнеше қызметкерлері, оның ішінде Сейдғалиев пе, әлде Сұлтанғалиев па бір адам болды, ал осы екеуінің нақты қайсысы болды, оны ашып айта алмаймын. Бастаңғының аты – бастаңғы, іштік – жедік, түстендік. Бізбен бірге башқұрт пен татар қызметкерлерінің әйелдері болды. Осы бастаңғыдан кейін Валидовпен кездескен емеспін. Бұл бастаңғыда біз саяси мәселелерді, оның ішінде ұлттық өлкелер туралы мәселені талқыладық па, жоқ па, ол жағы есімде қалмапты. Мүмкін ондай әңгімелер айтылса – айтылған да шығар. Байтұрсынов ол кезде ВКП /б/-ның мүшесі болатын, сондықтан да барлық партияда жоқтарды оның мүшелігіне өтуге үгіттеді. Байтұрсынов ол кезде менің өзіме жеке ұсыныс жасады. Ермеков Байтұрсыновтың ұсынысын қызу қолдады, бірақ та оның өзі неге екенін білмеймін, өтпей қалды. ВКП /б/ туралы “Алашорданың” арнайы нұсқауы болған – болмағанын білмеймін. Менің өзім де Байтұрсыновтың сол ұсынысын жақтадым, Бөкейханов Әлихан да бұл пікірді қостады».
Тергеу ісінің қорытындысынан: «1. Алашордашыларға кешірім жасалғаннан кейін де, 1921 жылы Валидов пен Ермековке қосылып кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық астыртын ұйым құрған. «Валидов, Байтұрсынов, Ермеков үшеуі Москвада болған кезінде астыртын ұйым құру қажеттігін ақылдасты» (Әділевтің мәлімдемесі, 1 том, 10-бет). Аталған ұйымға (Орынбор) Байтұрсынов, Бөкейханов, Сәрсенов, Омаров, Болғанбаев кірген» (сонда, 1- том, 11 -бет).
З.Валидов: «Бұл шындық (Лениннің сөзін мекзеп отыр – Т.Ж.) кеңес өкіметіне қарсы пәрменді және ашық түрде күрес жүргізу қажеттігін біздің алдымызға міндет етіп қойды. Сол күндері Ташкенттегі олардың пікірлестері Рысқұлов, Низам Қожаев және басқалары Түркістан комиссиясының және Түркістан атқару комитетінің (ТурЦИК-тің) құрамынан шығарылды. Біз, Ахмет Байтұрсынов екеуміз 29 маусым күні Москвадан кетіп қалуға келістік. Бұған Сталин рұқсат бермеді, бірақ Астраханьға барып денсаулығымды түзетемін, – деген сылтау айтып Орталық комитеттің хатшылары Крестинский мен Преоброженскийдің рұхсатын алдық».
А.Байтұрсынов: «Москвадан Орынборға ауысқан соң Валидовпен кездескен емеспін және ешқандай хат алысқамын жоқ».
З.Валидов: «... «Түркістан ұлттар бірлігінің» Ташкенттегі құрылтайына Түркістан саясатының белді тұлғалары – Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсын, Мұхамеджан Тынышбаев, өзбектерден Мунауар Қари, бұхаралық Хакімзада, мырза Әбдіқадыр Мұхиддин, түрікмендерден заңгер Қақажан Бердібаев және басқалар кеңестердің қатаң бақылауында болғандықтан да құрылтайға келе алмады (445-бет)... Құрылтайымыз 18-қыркүйекте басталды».
Д.Әділев: «Бұрынғы «Алашорда» үкіметінің Орынбордағы өкілдері бұған қуанды және Бұқараға екі адам жіберу керек десті. Ақыр соңында алашордашылардың тобына жаңа кірген мені мен Болғанбаев екеумізді іссапарға барсын деп шешті. Ұйым құрамына Байтұрсынов, Бөкейханов, Сәрсенов, Омаров, Болғанбаев және мен кірдім. Болғанбаевқа Бөкейханов – төраға, Байтұрсынов – мүше, Сәрсенов – хатшы ретінде қолдарын қойған мандат берілді. Оған «Алашорданың» немесе оның Торғайдағы бөлімінің мөрі басылды. Сәрсенов Биахмет «Алашорда» үкіметінің үйлестіруші хатшысы болатын. Айтпақшы мен кеткеннен кейін біраздан соң ол қайтыс болды. Ұйымды (Ташкенттегі – Т.Ж.) ұйымдастырушылардың бірі оның бауыры (Даниал Сәрсенов – Т.Ж.) болатын. Қолындағы мандат арқылы Болғанбаевқа шет елдіктермен келісім жүргізуге толық өкілдік берілді. Оған ебін тауып Ташкенттегі астыртын ұйыммен байланыс жасау тапсырылды. Маған Ташкентке алдын-ала жүріп кетіп, жалпы жағдай туралы баяндау міндеті жүктелді...».
Жоғарға соттың анықтамасы: «...Әдiлевтің берген жауабын Байтұрсынов та, Бөкейханов та растамады және төмендегiндей түсiнiк бердi: олар «Алашорда» таратылып, 1920 жылы Совет өкiметi жағына шыққаннан кейiн ешқандай да саяси iспен айналыспаған, ешқандай контрреволюциялық ұйым құрмаған. Бұл жөнiнде берген Әдiлевтің жауабы ойдан шығарылған, олар Валидовтен ешқандай да хат алмаған. Оларға (Байтұрсынов пен Бөкейхановқа–Т.Ж.) Валидовтың бағдарламасы (платформасы) белгiлi болатын, бiрақ та оған бұлардың ешқандай қатысы жоқ”.
А.Байтұрсынов (Д.Досжанның жарияланымы бойынша): «Қай жылы екені есімде жоқ, әйтеуір, Валидов шетелге кетіп қалыпты.. Не Германииға, не Түркияда жүр екен дегенді естідім. Ал Валидов 21-жылы Орта Азияда тұрыпты дегенді өз басым білген де, естіген де емеспін. Бұл туралы әңгіме қозғауға уақыт болмады. Орынбор қаласында тұрғанымда, Бұхардан, сонда тұрған Валидовтен 21-жылы почта арқылы болсын, не арнайы барып келген адам арқылы болсын, ешқандай хат-хабар алған емеспін.
Ал Болғанбаевты 1913 жылдан бері білемін, алғаш рет Орынборда кездестік. Ол сонда оқып жүрген болатын, «Қазақ» газетін шығара бастағанымда кеңсеге жиі-жиі келіп тұрды. Газет редакциясында істемесе де, тұрақты түрде мақала жазып, қолғабысын тигізді. Мен Болғанбаевты Бұхарадағы Валидовке елші етіп жіберген емеспін, оған ешқашан, ешқандай мандат сеніп тапсырмағаным да анық. Менің қазіргі бар зейінім ғылыми жұмыстың төңірегінде. Одан өзгені ойлауға уақытым да, мұршам да жоқ. Сондықтан да кеңес өкіметінің қандай да бір мәселе туралы қаулыларымен жақсы таныс емеспін. Саясатпен айналысуды мүлдем қойғамын».
Жоғарға соттың анықтамасы: «Сонымен қатар, Байтұрсынов Әдiлевпен бетпе-бет кездесiп, куәласқанда, ол (Байтұрсынов) соңғы адамға (Әдiловке): «Алаш» партиясы құрылған күннен бастап, оның (Әділевтың) ағасымен пікір араздығы бар екендігін, сондықтан да бұған (Әдiлевке) ешнәрсенi сенiп тапсырмайтындығын айтты. Өз кезегінде Әдiлев өзiнiң ағасының Байтұрсыновпен қырғи қабақ, дұшпандық қарым-қатынаста болғандығын мойындады.
Беттесу (Д.Досжановтың жарияланымы бойынша): Сұрақ: 21-жылы, Орынбор қаласында, ұлтшылдардың жиналысы өтіп жатқанда өзіңіздің Валидовтен хат алғаныңыз туралы Бөкейхановқа, Сәрсеновке, Әділовке хабарлағаныңыз есіңізде ме?
Жауап: Валидовтен ешқандай хат алған емеспін. Ондай хатты алған болсам, онда оны көпшіліктің алдында жайып салмас едім. Есі дұрыс, логикалық ойлау жүйесі дұрыс кісі олай етпейді.
Әділовқа сұрақ: Байтұрсыновтың Валидовтен хат алғаны туралы хабарды қандай жағдайда естіген едіңіз. Есіңізге түсіріңіз.
Жауап: хаттың келгені туралы хабарды дәл кімнен естігенімді білмеймін, әйтеуір жиналыста оқылғанға дейін естігенім анық. Бөкейханов, менің өзім, Омаров, Болғанбаев қатысып отырған ұлтшыл қайраткерлердің бас қосуында әлгі хатың оқылғаны әлі есімде».
Байтұрсынов: «Әділов, сенің айтқаныңа сенсек, әлгі хат құпия шифрмен жазылған көрінеді, ендеше сол құпия жазуды оқитын «кілт» қайда екен?
Әділов: «Кілт» хаттың ішінде болатын, жиналысқа қатынасқан адамдардың барлығы, оның ішінде мен де ол «кілтті» көрдік.
Байтұрсынов: Құпия жазумен жазылған хаттың оқитын «кілті» іщіне қоса салынған ол қандай құпия хат ?
Әділов: Әрине, айласы мол Валидовдің хат пен шифрді бөлек сақтауы әбден ықтимал. Өйткені хат бөтен біреудің қолына түссе оның шифрі өзінде қалады, құпия ашылмайды.
Байтұрсынов: Ешқандай хатты жұрт алдында оқымағанымды, оның үстіне Әділовтің көзінше ешқашан да ондайға бармайтынымды үзілді-кесілді мәлімдеймін. Біріншіден: ол кезде Әділов жетік танымайтынмын, екіншіден: Бүкілқазақ съезінде мұның ағасы Әділов Бәйсейіт Қырғыз Орталық Атқару комитетінің мүшелігіне ұсынылған менің кандидатурама қарсы болып, сөз сөйлеген. Әлгі айтылған хатты ала қалған күнде де, қымсыны-қысылмайтын пысықай серіктестерден көрі, Дулатов пен Бөкейхановқа көбірек сенген болар едім.
Тергеу ісінің қорытындысы: «Осы ұйымға мүше болып жүрген кезінде контрреволюционер Валидовпен байланыс жасап тұрған. Ол үшін Валидов екеуі құпия шифрді пайдаланған. 1921 жылғы наурызда Орынбор өткен мәжілісте «Байтұрсынов Валидовтен алған хатты оқиды ... Хатты Валидов тек қана сандардан тұратын шифрмен жазған... ал, Байтұрсыновта мұндай құпия хатты оқи алатын кілт болған» (Әділвтің мәлімдемесі, 1 том, 51-бет)».
Әділов: «Мені ұлтшыл ретінде Байтұрсыновтың білмеуі мүмкін емес. Олай дейтін себебім: Валидовтен әлгі хат келгенге дейін жоғарыда аты аталған кісілермен арамызда сенім орнағаны, олармен бірге жұмыс істеп жүргеніміз анық. Менің ағама келетін болсам: мен оның ырқымен ешқашан да жүріп көрген емеспін, мұны Байтұрсынов жақсы біледі».
Тергеу ісінің қорытындысы: «Басмашылар талқандалғаннан кейін шет елге қашып кеткен Валидовпен байланыс жасап тұруға Байтұрсынов әрекеттенген. 1925 жылы Бакуде өткен тюрокологтер съезінде «Байтұрсынов пен Байсейітов түрік профессоры Куперелла Задамен кездесіп, Валидов жөнінде сұраған» (Әділевтің мәлімдемесі, 1 том, 1-бет). Германияда оқитын шәкірттер арқылы Валидовпен хат жазысып тұруға арналған арнаулы шифр алғызған, оны 1928 жылға дейін үйінде сақтап келген. «...1925, не 24 жылы Германияда тері өңдеу кәсібін оқып жүрген Битілеуов Дамулла елге келді, Битілеуов маған әр түрлі тері қиындылары жапсырылған кітапты көрсетті (есімде қалғанын айтып тұрмын)... сол кітапта Валидовтің Битілеуов арқылы беріп жіберген шифрі жазылған болатын.«... Бұл шрифді дәптеріме көшіріп алғам, 1928 жылы, Алматыда құртып жібердім». «Шифрді әлдебір түсініспестік, күдік болмасы үшін жойып жібердім. Бұл тақырыпқа жаңадан қосып, аларым жоқ» (Байтұрсыновтың мәлімдемесі)».
«Әділовқа сұрақ: Командировкаға жүрер алдында мандатты кімнен алдыңыз, соны айтыңыз.
Жауап: Оқу-ағарту ісі наркомының өкімі бойынша маған командировка берілді, бұрынғы нарком Байтұрсыновтың кеңсесіне барып, Сәрсеновтің көзінше, Сәрсенов пен Байтұрсыновтың қолы қойылған жасанды мандатты алдым. Төменгі қабаттағы финанс бөлімінен, европалық (орыс болуы керек) пішінді кассирден ақша алдым. ...Болғанбаев пен мені Ташкентке жіберу жөніндегі мәжіліс төменгі қабаттағы Омаровтың бөлмесінде, кең бөлменің бұрышында өткенін білемін.
Байтұрсынов: Болғанбаевтың мандатына қол қойған емеспін, Болғанбаевтың атын естігенім болмаса, мұндай іске байланысты араласып, беттесіп көрген кісі емеспін. Осыған байланысты Әділовқа мынадай сауал қойғым келеді: Болғанбаевқа берілген мандат қай тілде жазылған еді?
Әділов: Орыс тілінде жазылған.
Байтұрсынов: Мұны қалай түсінуге болады? Валидовтің орыс тілін өте нашар білетіні баршаға мәлім, хатты жазып отырған - қазақтар, ендеше орысша жазудың қажеттігі жоқ жерде орыс тілінде мандат жазудың мәнісі не? ... Соны ойлап барып, әңгімелескеніміз дұрыс болар.
Әділов: Мандат Валидовтің өзіне тікелей жазылған жоқ, ол Болғанбаевтың шет елге шығуы үшін жасалған құжат. Мандатта Болғанбаевқа: «Алашорда» үкіметінің атынан қай жерде болмасын, қашан болмасын шетел мемлекеттерімен астыртын ұйымға көмектесу үшін келіссөз жүргізуге құқылы деген өкілет берілген.
Байтұрсынов: Мандат неге орыс тілінде жазылды деген сұрақ туып отыр ғой. Оған шкім күдіктенбес үшін, құпиялықты сақтау үшін қазақша жазуға болатын еді ғой.
Әділов: Қазақ тілін шет елде ешкім білмейді.
Байтұрсынов: Үш кісі қол қойған, мөрі жоқ мандаттың құжаттық күші болады деп ойлайсыз ба?
Әділов: Мандатқа «Алашорданың» Торғай бөлімшесінің мөрі басылған.
Байтұрсыновқа сұрақ: Ташкент пен Бұхараға барып қайтқаннан кейін Әділовтің не істеп жүргенінен хабарыңыз болды ма?
Байтұрсынов: Жоқ, хабарым болған емес. Әділов жел қуған ебелек секілді, бірде көрінеді, бірде жоқ болып кетеді, оның қайда жүргенін ешкімнен сұраған емеспін. 21 жылы Ташкентке барар алдында, командировкаға шығу үшін оған ешқандай жасанды құжат берген жоқпын... Мүмкін, әлдекімдер сыртымнан жалған мәлімет берген шығар.
Жауап: Мандатқа қол қойған Бөкейханов, Байтұрсынов және Сәрсенов. Мандат жұқа ақ манфактураның (қолдан жасалған қағаз) қиындысына жазылған.
Байтұрсынов: Қандай да бір мандатқа ешқашанда қол қойған емеспін, мүмкін менің қолыма ұқсатып біреулер жалған қол қойған шығар.
Болғанбаевқа сұрақ: Сіз өзіңіздің жол сапар мақсатыңызды Валидовке барып, қайтып келген соң Байтұрсыновқа өзіңіздің іссапарыңыз туралы есеп берген боларсыз?
Жауап: Күзде, Бұхарадан қайтып келген соң Орынборға келдім. Онда Байтұрсыновпен кездестім. Барып-қайтқан сапарым туралы есеп беруге тиіс болатынмын. Қазір анық есіме түсіре алмай тұрмын, есеп берген сияқтымын. Валидов мен ойлағандай мінезді адам емес екен, егер ол ойлағанымдай адам болса, олнда Байтұрсыновқа айтпаған болар едім. Соған қарап есеп бердім деп ойлаймын. Егер түсінбестік жағдай туса есімде сақталар еді ғой.
Байтұрсынов: Болғанбаев ешқашан менің алдымда есеп берген емес. Болғанбаев айтып тұрған Советтер съезінде Валидов атына арналған, манфактура қиындысына жазылған мандатты көргенім бар, әйтсе де оған қол қойған емеспін».
Жоғарға соттың анықтамасы: «Дулатов та, Омаров та, Есполов та, Болғанбаев та, Бiрiмжанов та, Жәленов те және басқалар да контрреволюциялық ұйым құрғандығы жөнiндегi Әдiлевтің сөзiнiң жалған екендiгiн дәлелдедi».
Жоғарға соттың анықтамасы: «Содан кейiн аталған адамдардың барлығы да тұтқындалып, олардың бiрнешеуiн ерiксiз түрде «мойындаттырған жауап» алынды. ...Соның iшiнде, бiрнеше рет қатарынан жүргiзiлген тергеуден соң, Болғанбаев мынадай жауап бердi: Валидовтен келген хатты Сәрсеновтiң бөлмесiнде оқыған Бөкейханов, ал Байтұрсынов онда мүлдем жоқ болатын. Жасырын ұйым ашу туралы әңгiме қозғалмады. Валидовке мұны (Болғанбаевті) жiберудi ұйғарды, ал Әдiлов болса – мұнымен бiрге баруға өз бетiнше тiлек бiлдiрдi, өйткенi ол (Әдiлев) Валидовтың көмегi арқылы шет елге өтiп кетудi көздедi. Оған да мандат берiлдi, бiрақ ешқандай да мөр басылған жоқ. Валидовке қандай да бiр уәде бермеу туралы ұсыныс жасады. Сонымен, тергеудегi жауаптан көрiнiп отырғандай бiр ғана оқиға туралы Әдiлев пен Болғанбаевтiң жауаптарында үлкен қайшылық бар, бұл Әдiловтің берген барлық жауаптарының дұрыстығына күмән тудырады, сондықтан да бұлар қылмысты негіз бола алмайды».
Iстiң бет алысы ОГПУ тергеушiлерiне (әрине, Голощекинге де) ұнамады. «Қылмысты iске» «жаңа куәгерлер» тартып, оларды айыпкер, экстремист, контрреволюционер етiп көрсетуге тырысты. Өйткенi «ұлтшыл», «пантюркист», «контрреволюционер» деген ұғымды саяси-идеологиялық сахнада «ойнату» үшiн әуелi оны «тiрiлту» қажет-тiн. Түрмедегі «белсенді қолжаулық ойыншының» бірі және бірегейі Ә.Байділдин:
«Х партсъезге арнап Байтұрсынов ұлт мәселесі жөнінде бағдарлама жазды. Байтұрсынов жасаған платформаның көшірмесі менің қолыма түсті, олар мұны ұлтшылдар мен коммунистердің арасына таратты. Бұл құжаттың көшірмесі өзге документтермен бірге Орал қаласында жоғалып кетті. Байтұрсынов жазған бұл платформаны маған не Сәдуақасов, не Әуезов берді. Платформаны жазған сол кездегі партия мүшесі Байтұрсынов. Маған, Байділдинге берілген жоғарыда айтылған құжатқа Сәдуақасовтың, Бөкейхановтың, Досовтың, Әшімовтің, Омаровтың және Байтұрсыновтың қолы қойылған болатын. Мендегі тура сол құжаттың көшірмесі еді. Бұл құжат партиялық ұстанымдарға қарама-қайшы келетін, ол құжат партия және кеңес құрылымында ұлттық көзқарасты жүзеге асыруға бағытталған.
Кеңестердің екінші құрылтайы кезіндегі қазақ өкілдерінің алдында жасаған Әуезовтің баяндамасы осы платформаның негіне құрылды. Ташкенттен Иса Тоқтабаев пен Бариев деген біреу келді. Рысқұлов өзінің ұлт мәселесі жөніндегі тезистерін тықпалап жүргені есімде. ХІ немесе ХІІ партия съезінің қарсаңындағы Өлкелік комитеттегі мәжілісте ол осы тезистерінің негізінде сөйледі. ІІ партконференцияда менің де сөйлегенім есімде, менің сөзімді Авдеев Рысқұловтың жылжымалы тезисі деп бағалады. Бұл тезистер басшылыққа алу үшін партия мүшелеріне таратылып берілді», – деп көрсетті.
Достарыңызбен бөлісу: |