«Жүргізілген тергеу жұмыстарының ішінде қарулы көтерілісті дайындағандықтарын дәлелдейтін бірде-бір нақты дерек табылмады», – деген анықтамасына алып-қосар-пікіріміз жоқ.
Себебі – жоққа жүйрік жетпейді. Бұл жала да – жала күйінше қалды. Айғақ табылмады, бірақ қылмысты айып ретіндегі күшін сақтап қалды. Керісінше оған тағы бір айып қосылды. Ол – Жүсіпбектің атылып кетуіне тікелей себепкер болған Голощекинге «жасалған қастандық әрекеті».
Бірақ та бұл – тергеудің екінші желісінің арқауы.
3.
Қазақ ұлтының рухани тұтқалары тұтқындалған соң саяси сахнаны тылсым тыныштық басты. Сәбит Мұқанов, Әбдiлда Тәжiбаев, Сағыр Камалов, Iлияс Қабылов iспеттi әр нәрседен дәмелi ұрпақтардың әдебиет төңiрегiндегi шақпа тiлдi ұрандары баспасөзде жарияланғанымен, олардың пiкiрiнiң ұлы идеологияға ықпалы жүрмедi. Олардың сөзiне әлi тұлғалық салмақ бiте қоймап едi. Тек өшiп бара жатқан қазанның отын қағыстырғандай ғана әрекет-тiн. Ғаббас Тоғжанов қана киiп-жарып, қиғылық салып қойып отырды.
Ал мемлекеттiң идеология саласын басқаратын қайраткерлер дымын iшiне тартып алды. Өйткенi, Әбдiрахман Байдiлдиннiң өзi абақтыға қамалған соң, есерге де өмiр керек, олардың барлығы бұқпалап, қалтарыста қалды. Өздерiнiң де жазалау диiрменiне жем боп тартылып кететiнiн тез аңғарды. Диiрменнiң тасы етектерiне тиiп кетiп, тиiп кетiп жүрдi. «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайым десем жалмауызым» дегендей, қамаудағы қайраткерлер оларды жақтырмаса да жалған айып тағып, бiз көргендi – сен де көр демедi. Онда қазақ ұлты мүлдем иесiз қалатынын бiлдi. Ал әйгiлi белсендiлер тiске жұмсақ байлардың тамырын шабуға кiрiстi. Сонда да түрме жақтағы дыбысқа қуыстана құлақ түрдi.
Рухында елдiк қасиетi бар белсендi зиялылар ойсоқты күйге түстi. Елдiң иесiз қалғандығын, «Қужақтың» есе – теңдiк бермей еңсерiп, жұртты қуырып бара жатқанын, рухани әлемнiң жүдеп-жадағаныны, Қалмақан Әбдiқадiровтін ұлттық тұтқа шықпайтынын анық сезiндi. Кеңес өкiметiн өз қолымен құрған Сәкен Сейфуллиннiң өзi қызыл революцияны – жұтқа ұшыраған көтерем қызыл атқа дастан жазды.
Бұл кезде «М.Тыншбаевтің және басқалардың кеңес өкіметін құлату мақсатында құрылған астытын ұйымы туралы тергеу ісі» басталып, тағы да 44 азамат түрмеге қамалды. Бірінші болып 1930 жылы 4 тамызда Мұхамеджан Тынышбаев қамаққа алынды. Бұл туралы Голощекин өзінің атышулы баяндамасында:
«Жолдастар, менiң сiздерге жариялайын деп отырған деректерiм – қазiр көзi жойылған «Байтұрсыновтың контрреволюциялық ұйымының» тергеуiнде ұлтшылдардың өзi берген куәлігi. Сондай-ақ, дәл осы күндерi Тынышбаевтiң, Ермеков пен Досмұхамедовтердiң тағы да бiр контрреволюциялық-ұлтшыл ұйымының тамырына балта шабылуда», – деп «салтанатты түрде» жария еткен болатын.
Олардың қатарында Ермеков Әлiмхан (6/Х. 30 ж. –түрмеге қамалған күндері жақша ішінде көрсетілген – Т.Ж.), Тынышбаев Мұхамеджан (4/ VIIІ – 30 ж.), Досмұхамедов Халел (14/IХ – 30 ж.), Досмұхамедов Жаhанша (31/Х – 30 ж. ), Қожамқұлов Нашир (20/Х – 30 ж.), Сүлеев Бiләл (27/IХ – 30 ж.), Кемеңгеров Қошмұхан (17/IХ – 30 ж.), Әуезов Мұхтар (17/IХ – 30 ж.), Омаров Әшiм (14/IХ – 30 ж.), Күдерин Жұмақан (17/IХ –30 ж.), Бұралқиев Мұстафа (17/IХ – 30 ж.), Ақбаев Әбдухамид (14/VIII – 30 ж.), Ақбаев Жақып ( 8/VIII – 30 ж.), Қадырбаев Сейдазым ( 14/IХ – 30 ж.), Тiлеулин Жұмағали (2/VII – 30 ж.), Мурзин Мұхтар (14/IХ – 30 ж.), Омаров Уәлихан (30/III – 31 ж.), Үмбетбаев Алдарбек (8/VIII – 31 ж.), Искаков Даниал (29/III – 31 ж.), Мұңайтбасов Әбдiрахман (23/IХ – 31 ж.)» бар еді.
Олардан екі жыл бұрын ұсталып, ату жазасынан аман қалған (Х.Ғаббасовтан, Ж.Аймауытовтан, А.Юсуповтан, Д.Әділевтен, Ә.Байділдиннен басқалары), концлагерге жер аударылған алаш азаматтары тағдырдың тауқыметін тарта жүріп, тіршіліктің кермек дәмін тата жүріп, өмір үшін күресіп жатты.
Олардың түрмедегі жан азасының куәлары – жеке хаттары мен құжаттары, түрме мекемелеріне жазған шағымдары мен талаптары, сондай-ақ жазалау мекемелерінің өзара жөнелтпе құжаттары «Қосымша айғақтар» деген атпен істің ҮІІ томына дербес түптеліп, мұқият сақталыпты. Себебі, осы томның ішінде тыңшылар мен сексоттардың (үндеместердің) домалақ арыздары да қоса тіркеліпті. Алайда тергеу ісімен біз танысқан кезде ол айғақтардан «тазарып» үлгеріпті, яғни, түптемелердің арасынан жұлынып алыныпты.
Хаттардың кейбіреуінің түпнұсқасы жоқ, бірақ та орысша аудармасы бар. Біз мүмкіндігінше сарғайып кеткен сол хатттардың түпнұсқасын пайдаландық. Ал кейбір жерлерде оның аудармасын бердік. Мұның өзі тікелей қажеттіліктен емес, мәжбүрліктен туды. Біріншіден: хаттағы жазулар өше бастаған, оны ажыратып оқуға бір күн кететін еді. Ал біздің уақытымыз шектеулі болатын. Екіншіден: орысша аударылған хаттар тасқа басылған еді. Бұл жұмысты жеңілдетті. Сондықтан да біздің амалсыздықтан барған бұл лажымызды түсінер деп ойлаймыз. Кейін мұның барлығын асықпай, түбегейлі зерттейтін мезгіл туар. Сонда бәрі де орынына келер деп үміттенеміз. Тәржімалау барысында сол адамның сөйлесу, жазу мәнерін және оның сөздік қолданысын сақтауға тырыстық.
Бұл хаттардың кейбірінің үзінділері тақырыпқа байланысты тарауларда пайдаланылғанын, алайда ондағы айтылған жайлардан толық мағлұмдар болу үшін бұл арада толық келтіргенімізді ескертеміз. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынов туралы бұл тарау түрме әфсанасының тұжырымды бір бөлімі болғандықтан да, қосымша құжаттарды шашыратпай осы араға кіріктірдік. Ал Ахаңның Ә.Бөкейхановпен жазысқан хаттары алдыңғы тарауда берілгендіктен де, қайталап жатуды орынсыз деп таптық.
Сонымен, жетінші том Ахмет Байтұрсыновтың Смағұл Сәдуақасовқа жазған тілдей хатынан басталыпты. Хаттың мазмұнына қарағанда С.Сәдуақасов Ахаңды – Ахмет Байтұрсыновты партия съезіне қонақ ретінде шақырыпты. Сол кезде М.Дулатовтың жауапқа тартылуы алаңдатса керек, өзгелердің де сақтығын ойластыруы мүмкін, тобырлық бас қосудан бас тартыпты. Онда:
«Смағұл бауырым! Менің өзім утопист емеспін. Сондықтан сенің марттағы болатын партия сиязыңа (...) кел дегеніңе бара алмаймын. Әңгімеге тойғанмын. Тағы да қайтадан бастап, құр ауыз ауыртуға көңілім шаппайды. Басқа оқу деген ақылың көңіліме қонады. Мұхтар аман шығар. Басқалар да аман. Әбдірашқа сәлем. Бауырың Ахмет. 12.1.1929 ж.», – деп (7 том 2-бет) жазыпты.
Бұл хатты қайдан жолдап отыр? Ол жағы белгісіз. Хаттың сыртында Смағұл Мұхтарға:
«Мен бармай тамақ алып қойма. Бүгін мейрам болғандықтан обед алады. Смағұл», – деген жазу бар.
Зады бұл Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың Орынборда бір бөлмеде тұрған кезінде жазылған тілхат сияқты. Смағұл ескі қағаздың бетін пайдаланып Ахаңа хат жазған, Ахаң сол беттің екінші жартысына жауап жазған. Ал 1921–1922 жылы айттың қай күні өткенін біліп, бұл тілшенің (записканың) қай күні жазылғанын анықтауға болады.
Мұндағы мекемеаралық жөнелтпе құжаттардың тігіндісі «А.Байтұрсыновпен және басқалардың үстінен қозғалған тергеу ісінің» құжаттарын «М.Тыншбаевтің және басқалардың кеңес өкіметін құлату мақсатында құрылған астыртын ұйымның тергеу ісіне» қосу туралы қаулының көшірмесімен басталады:
«Қаулы 1930 жыл 14 сентябрь. ОГПУ-дің шығыс бөлімінің екінші бөлішесінің бастығының орынбасары – Журавлев:
Ахмет Байтұрсынов пен және басқалардың үстінен қозғалған № 78754 (541884 архив ісі) тергеу ісіндегі көрсетінділер ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілдігі жаңадан қозғаған Тынышбаевпен және басқалардың ісімен тығыз байланыста екендігін ескеріп, Тыншбаевтің үстінен қозғалған істі нәтижелі жүргізу үшін Байтұрсыновтың ісіндегі көрсетінділерді ұқыпты түрде пайдалану керек. Сондықтан да қаулы етемін:
ОГПУ-дің орталық тіркеу бөлімі арқылы Байтұрсыновтың және басқалардың үстінен қозғалған № 78754 (541784 архив ісінің І-а, І-б, ІІ-а, ІІ-б ІІІ, ІV, V, VІ томдар) ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілдігінің қармағына берілсін.
ОГПУ-дің шығыс бөлімінің екінші бөлішесінің бастығының орынбасары – Журавлев
«Бекітемін» ОГПУ-дің шығыс бөлімі бастығының көмекшісі – Соболев» (7 том, 323-бет).
«Алашорда» мен «Түрікмен азатлығы» ұйымының арасында қандай байланыс болғаны туралы мәліметті бұрынды-соңды кездестірмеген едік. Бұл жылдары түрікмен ағайындар да тыныш жатпапты. Оған мына жөнелтпе хат дәлел.
«ОГПУ –дің төрағасының орынбасары жолд. Прокофьевке Мәлімдеме
«Түрікмен азатлығы» контрреволюциялық ұйымын әшкерелеу жөніндегі іске байланысты бетпе-бет жүздестіру үшін тұтқын Ғазымбек Бірімжановты ОО ПП ОГПУ-дің Орта Азия бөлімінің қарамағына арнайы айдауылмен жіберуге рұқсат беруіңізді сұраймын.
Бірімжанов ОГПУ-дің коллегисының 11/ІҮ-30 ж. Қаулысымен «Алашорда» контрреволюциялық ұйымының мүшесі ретінде №541784 іс бойынша 10 жылға концлагерге кесілген болатын. Жазасын ОГПУ-дің Карел-Мурманскідегі лагеріндегі Усикмитледе өтеп жатыр.
Негіздеме: ПП ОГПУ-дің Орта Азия бөлімінің 29/ХІ-32 ж. №11926 күнгі телеграммасы. ОО ОГПУ-дің бастығының орынбасары ...(қолы). 20 желтоқсан, 32 жыл» ( 7 том, 417-бет).
Бұл беттесу өтті ме, жоқ па, оның анық-қаныға бара алмадық. Келесі құжат, яғни, «Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлының ОГПУ мекемелеріне бақылау жасайтын республика прокурорының көмекшісіне Өтініші» түсінікті қажет етпесе керек. «Алашордашыларға» алғашқы үкім шыққаннан соң-ақ, 1931 жылы 13 қаңтарда Бадриса Мұхамедсадыққызы Байтұрсынова қызы Шолпан Ахметқызымен бірге Томскі губерниясының Кривошейн ауданындағы Жуково деревнясына жер аударылған болатын.
«Қ(азақстан) ОГПУ-нің 1931 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен менің дүние-мүлкім тәргіленіп,өзіме 10 жыл концлагерде отырға үкім шығарылды. Сол К ОГПУ-дің 1932 жылғы 4 қарашадағы қаулысымен мерзімінен бұрын босатылып, 3 жылға Солтүстік өлкеге жер аударылдым. Жоғарыдағы қаулыны орындалуы барысында менің әйелім Бадри-сафа Байтұрсынова Томскі губерниясының Кривошейн ауданындағы Жуково деревнясына жер аударылған. Әйелімнің жасы 56 –да, оның үстіне денсаулығы да нашар, талма ауруы бар, күніне 4-5 рет ұстап қалады. Ол қандай да бір жұмыс істеу былай тұрсын, оның өзі өзгенің көмегінсіз күнін көре алмайды.
Жоғарыдағы айтқандарымды ескеріп, селбесіп бірге тұруымыз үшін әйелімнің менің қасыма келуіне, не менің оның қасына ауысып баруыма рұқсат беруіңізді сұраймын. Мұндай ауысулар қазіргі ережелерге қарсы емес шығар, тәжірибеде бар ...(хаттың шеті жыртылған – Т.Ж.). А.Байтұрсынов. 1933 жылдың 6-қаңтары. Адресім: Архангельскі, Соломбала, 1-дервня, 1- бойлық, №9 үй» (7 том 430-бет).
Осы арызды айнытпай көшіріп Мәскеудегі ОГПУ мекемесіне де жолдаған. Жазуы өте әдемі. Әрине, Архангельскіден көрі Том губерниясы «құрлыққа жақын» әрі табиғаты да үйреншікті. А.Байтұрсыновтың бұл өтініші қанағатандырылыпты.
«ОГПУ коллегиясының 1933 жылғы 4 маусым күнгі мәжілісінің хаттамасы.
Тыңдалды: №541784 архив ісі бойынша азамат Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы ОГПУ коллегиясының 13/І– 30 ж. Қаулысымен ең жоғары жазаға кесіліп, ол жаза 10 жыл түрмеге отыруға ауыстырылған. ОГПУ коллегиясының 8/І– 31 ж. Қаулысы бойынша: ОГПУ коллегиясының 14/4 – 30 ж. Жоғары жазаға кескен үкімінің, соған қоса дүние-мүлкін тәргілеу туралы қаулысының күші жойылған. ОГПУ коллегиясының 4/ХІ–32 ж. Қаулысымен жазасын өтеуден мерзімінен бұрын босатылып, солтүстік өлкеге – Архангельскіге (Находкаға) 3 жылға жер аударылған.
Қаулы етілді: Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлына Қиыр солтүстік өлкесінің Кривошейн ауданына қарасты Жуково деревнясында тұруға рұқсат етілсін» (7 том. 405- бет).
Тіл сындыратын осынау қасаң тіркестердің астарында азапты тағдыр мен арманды өмір күресі жатыр. Ату жазасына кесілуін естудің өзі де жүйкеге сын. Қиыр солтүстікке жер аударылу да өліммен бетпе-бет келу деген сөз. Қолыңда жоқ дүние-мүлкікті тәргілеуге үкім шығарудың өзінде де тағдырдың мысқылы бар. Ал бақылау астындағы еркін қоныстануға шығу дегеніңіз – азаттыққа шыққанмен пара-пар.
Сөйтіп, А.Байтұрсынов Архангельскіден Батыс Сібір концлагеріне жөнелтіледі:
«15 тамыз, 1933 жыл. Архангелбскі қ., П – Виногр, 58. УСО бөлімінің Солтүстік өлкесі жөніндегі өкілетті өкілі. Москва, ОГПУ – дің УСО бөліміне.
Көшірмесі: Новосибирь қаласы. ПП ОГПУ-дің Батыс Сібір өлкесі жөніндегі өкіліне.
Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы 7/ҮІІІ- 33 ж. күні №75707/11 анықтамасымен үй-ішімен кездесу үшін Батыс Сібір өлкесі Кривошейн ауданындағы Жуково деревнясына жүріп кетті. Байтұрсынов Новосибирь қаласына 25/ҮІІІ – 33 ж. дейін кешікпей жетуге міндетті. ПП ОГПУ-дің УСО бастығы – Капар» (7 том. 417), – деп жедел хат жолдапты.
Тұтқынды қабылдап алғаны туралы Мәскеуге тергеу жүргізу басқармасының бастығы Сивяков Мәскеуге:
«УСО ОГПУ. 23 тамыз, 1933 ж. ОГПУ-дің коллегиясының мәжілісінің (сот) қаулысы 4/ҮІІІ-33 ж. орындалды, тұтқын Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы БСӨ-нің Кривошейн ауданында тұратын үй-ішімен қосылып, қазір бірге тұрады. УСН-ның бастығы – Сивяков», – (7 том 412-бет) деп хабарлайды.
Жеті күннен кейін тағы да:
«30/ ІХ-1933 ж. ОГПУ-дің тергеу жүргізу басқармасына. Москва. ПП ОГПУ-дің Батыс Сібір бөлімі 15/ҮІІІ – 33 ж. Сіздер жолдаған № 15/541784 архив ісін тапсырып алғанымызды және әкімшілікпен жер аударылған Ахмет Байтұсынұлы Байтұрсыновтың осында келгегенін, сондай-ақ оның Колпашева қалашығына жіберілгенін растаймыз. Бөлім бастығы ...(қолы)», – деген (7 том. 403- бет) мазмұндағы жөнелтпе хат жіберген.
Бұл мәселеге Москвада тұратын Әлихан Бөкейханов барынша белсенді араласқан. Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтің лагерден босануына және үй-ішінің олармен жолығуына да жол ашқан қазақ ұлтының «кәрі көсемі». Осы томның 425-бетіндегі:
«Бұрынғы қаулыға жасалған өзгеріске байланысты Байтұрсынова Бадрисафа (Байтұрсынов Ахметтің әйелі) қалған мерзімін күйеуімен бірге өтеуі үшін ПП ОГПУ-дің Солтүстік бөлімі арқылы жіберілсін» - деген рұқсат қағаздың бетіне:
«Томск губерниясының Кривошейн ауданы Жуково деревнясында тұратыны көрсетілсін», – деп бұрыштама қойылған.
Тергеу ісінің 117-бетінде «Қожа Мырзағазы» деген адамның хатының соңы сақталған. Әңгіме – Әубәкір Диваев туралы. Мырзағазы қожа дегеніміз – Мырзағазы Есполов болуы мүмкін бе? Қадірменді қарт Әубәкір Диваев туралы сөз қозғалып отырғандықтан да келтіре кетуді жөн көрдік:
« … тәрбиелеуге болмайды. Балалары Рысқыловқа арыз жазып берді. Арызын Рысқұлов сонда алып кетті. Барған соң партия арқылы өткізіп көрейін, жолдастардың күшімен деп. Осыны бірдеме қыларсың. Шалдың халі нашар. Өздері 4 жан. Жалғыз ақша алатын шал. Оның алғанымен барлығы күн көре алатын емес. Балалары қызметте жоқ. Оның үстіне жақын арада жалдаған малай қыз дымын қалдырмай ұрлап кетіпті. Өте жүдеу, өлмешілік күні бар. Мұнда Ораз Жандосовтар сарттың жігіттеріне айтып көріп еді, болмады, әсіресе, Ирмаков. Шал өзінің жайына байланысты жазбаған шығар сыпайылықпен, бірақ,тағы да айтамын, халдары нашар.
Қош. Мырзағазы. 15/Х”.
Жазылған айы мен күні белгілі, ал жылы қойылмаған. Әубәкір Диваевтің күтімсіз қалғаны, Ташкентте аса кедей өмір кешкені жөнінде де дерек бар. Кейін қазақ зиялылары қатты ат салысып, қаулы шығарып, кітабын бастырып, қаржылай көмек берген.
Осы томның 439 - бетінде ОГПУ коллегиясының:
«ССРО АК президумының 14/ІV-1934ж. қаулысы орындалуға жіберілсін», – деп жазылған.
Бұл: тергеу құжаттары архивке берілсін – дегенді білдіреді. 7 томдағы тергеуге қатысты жөнелтпелер осы өкіммен аяқталады.
Бұдан кейін тұтқындардан тінту кезінде тәркілеген хаттар, ірілі-ұсақты жазбалар, өтініш-арыздар, куәліктер, сайлау комиссиясына жазылған хаттар, жай сәлем хаттар, тұтқындардың бір-біріне және сырттан келгендерге жазған тілек-өтініштері бар. Сотсыз атылып кеткен Мәдібек Кеншімовтің жыртық-жыртық бір жапырақ қағазға жазған:
«Тайке! Получиль всего мальенкий. Таз надо для түкірген. Чай тоже», – деген қолтаңбасыда соның ішінде жүр.
Бұған қарағанда М.Кеншімовтің шала орысша сауатының барлығы және насыбай ататындығы байқалады. Сол М.Кешімовпен бірге қамалған торғайлық Дүзем Тұйғымбеков туралы:
ОГПУ-дің Қостанай бөлімшесінің бастығы Пуйкан жолдасқа. Наурызым ауданының № 8 аулының тұрғыны Қанипа Тұйғынбекованың тікелей ОГПУ-ге жолдаған өтінішіне орай оған мынаны хабарлаңыз: оның күйеуі Дүзем Тұйғымбеков 1930 жылы 27 ақпан күні ауруханада қайтыс болған. ОГПУ-дің шығыс бөлімі бастығының көмекшісі Соболев (7 том 324 бет), – деген тосын хабардың көшірмесі де сақталыпты.
Сондай-ақ Т.Құдабаев дегеннің:
«М.Әуезовтің қолжазбаларын түгел қарап шықтым. Мұнда ол (іздеген қолжазбасы – Т.Ж.) жоқ», – деп жазыпты.
Т.Құдабаев оқыған қолжазбалардың ішінде Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ мәдениет тарихы» монографиясы, Жүсіпбек Аймауытовтың жаңа экономикалық саясат кезеңі туралы жазылған романы, Мұхтар Әуезовтің «Сұғанақ сұр» романы мен «Ел ағасы» пьесасының болуы әбден мүмкін. Бір өкініштісі солар ізім-қайым жоғалып кетті. 1956-59 жылдары Кеңестер одағының барлық түрмелеріндегі іс-қағаздар, қолжазбалар, тәркіленген дүние-мүліктер вагон-вагонмен тасылып қала сыртында өртелді. Сол мұрағаттарға акті жасап, өртеуге қатысқан адамдардың біразы бұл жайды:
«Түрменің ішінде де, акті жасалған кезде де көлікке тиегенде де, вокзал басында да, вагондардың іші-сыртында да, ен даладағы өртеу алаңдарында да мылтықты әскер иық тірестіріп қоршап жүрді. Сәл аялдап, қағаздың бетіне қарауға мұрсат бермеді. Мылтықтың дүмімен ұрып, дедектете қуды. Ішінде не бар екенін сездік. өзегіміз өртенді. Бірақ амал қанша», – деп естеріне алатын.
Бұл әңгімені біз де өз құлағымызбен естіп едік.
Ескертеу: ҮІІ томының 331 бетінде – Ахметсафа Юсуповтың, 372 бетінде Жүсіпбек Аймауытовтың суреттері бар болатын. 1991 жылы бұл архив мұрағатына қайтадан рұқсат алғанымызда ол суреттер орнында жоқ болып шықты. Құпия мекеменің «аса құпия» деректері де анда-санда қолды болып тұрады екен. Сол күндері Мұхтар Әуезовтің көрсетіндісі де жоғалып барып табылғанына куә болғаным бар.
Осы тергеу хаттамаларымен танысып отырғанда Сәкен Сейфуллиннің тергеу ісінің «Бақылау томына» (контрольный том № 04519) көз қиығымз түсіп кетіп еді. Ол С.Сейфуллиннің атылғандығы туралы Акті екен. Онда:
«1937 жылы 24 қыркүйек күні Балқашта ұсталды. 1938 жылы 25 ақпан күні кешкі сағат...де РККА әскери прокурорының қатысуымен атылды», – деп үкімді орындаушылардың аттары аталып, қолдары қойылған екен.
Сөз арасындағы сөз болса да, және Сәкеннің қашан өлгені туралы жорамалдар да көп айтылып жүргендіктен де, жазып алып едім. Сондай-ақ бұл – Бейімбет пен Ілиястың да атылған күні. Естеріңізде ұстаңыздар, 1938 жылы 25 ақпан күні кешкі сағат...
...Сәкеннің атылған сағаты көрсетілген жолдар «ажал» актісінің мұқабасының ар жағындағы қалың томдардың қатпарымен бастырулы тұрды.
4.
Азаптың азабы – түрме ме, жоқ, концлагерь ме? Мұның бағасын осынау қарғыс сапарын басынан кешкендер біледі. Түрмеде – жаның қыстығады, айдауылда – тәнің шырқырайды. Екеуі де Қорқыттың көрі. Айырмашылығы жарық дүниенің жарығы. Осы екі дүниені салыстыру үшін емес, А.Байтұрсынов бастатқан алаш ардагерлерінің елі үшін тартқантауқыметті тағдырынан хабардар ету үшін Ахмет Байтұрсыновтың Міржақып Дулатовқа жазған хаттарын назарға ұсынамыз. Хатты сақтап, жарияланымға ұсынған Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова. Менің ойымша жазылған жайларға түсінік беріп жатудың қажеті шамалы. Тек адам аттарын жақшаның ішіне кіріктіре кетеміз.
«КАССР п/о Попов Остров 1-ое Соловецкое отделение, СЛАГ 1, лагпункт Дулатову Мир-Якубу Дулатовичу Архангельск, Соломбала, 1-я деревня, 1-я линия, д. 9.
32 жыл, декабрьдің 31-і.
Міржақып (Дулатов), Мырзағазы (Есполов), Ғазымбек (Бірімжанов) қарақтарым!
Мен Архангельге 30-ноябрьде келдім. Күн демалыс болғандықтан, ешкімді іздеп тауып алуға мүмкін болмады. Далаға түнегендей болып түнімен жатпай, көшеде қыдырып жүрумен болдым. Таңертең барған адам, келесі таңертеңге дейін отырарға жер таппадым. Жанымда бірге барған 4-5 адам, олар да солай болды.
Түнді солай өткізіп, ертеңіне Абдолланы (Абдолла Байтасов) тауып алып, 17-декабрьге дейін соның үйінде болдым. Онан кейін пәтер тауып алып, бөлек шықтым. Мұнда пәтер табу деген өте қиын жұмыс екен. Таныс арқылы болмаса, өз бетінше пәтер табу деген болмайды. Абдолла өзінің таныстары арқылы әрең пәтер тауып берді. Келгеннен бері орын іздедім. Әлі табылған жоқ. Талай үміттенген жерге тұяқ ілікпей қалды. Бос орындарға – біріне: айдалған болған соң алмаймыз дейді. Біріне: әуелі профсоюз мүшесін аламыз дейді. Біреулеріне: үшекеңнің (тройканың) рұқсатын сұраймыз – деп, сұрағаннан кейін, болмайды дейді. Сонымен әлі күнге дейін орын іздеп сандалумен жүрмін. Орынсыз адамға нан карточкесін, столовой карточкесін бермейді. Ол карточкелер болмаса, нанды, тамақты базар бағасымен алып ішесің.
Базар қымбат: нанның килосы 5-6 сом, буханкасы 25-30 сом. Сүттің литрі 4-5 сом, майдың килосы 45-50 сом. Оған қалай ақша шыдасын. Алып келген аз ақшам әлдеқашан бітіп қалды. Абдолла мен Қырбаласы (Ә.Бөкейханов) екеуінің атсалысуымен жан сақтап тұрған жай бар. Қырбаласы орынында болып, бұрынғы адресімен тез хабарластым. Сендерге орын-морын тауып жайғасып жазармын деп едім. Ол болмаған соң, көңілді хабар жаза алмай тұрған жай бар.
Құшақтап сүйем, Ахмет».
* * *
«АКСЕР п./о. Попов Остров 1-ое Соловецкое СЛАГ 1, Лагпункт, Дулатову Мир-Якубу Дулатовичу.
Архангельск, Соломбала 1-я деревня, 1-я линия, дом, 9. 26/11-33 ж.
Дендерің сау, аман жүрсіңдер ме? 31-декабрьде бір хат жазған едім. Оны алған – алмағандарыңнан дерек жоқ. Мен әлі орынға кіре алмай жүрмін. Мекемелерді ықшамдап, жер аударылғандарды алмау деген ағын тұсына кез келіп, еш жерге орналаса алмай тұрғаным. Орын болмаған соң, қай жағынан болса да хал нашар болатыны белгілі ғой.
Бір жағынан – ауру, екінші жағынан – суық, үшінші жағынан – аштық, үш жақтап қысып, әркімнің атсалысқан көмегі арқасында күнелтіп келе жатқан жай бар. Бұл қалыппен көпке бармай бір шегіне барып тынатын шығармын. Қырбаласы (Ә.Бөкейханов) қолдан келген көмегін істеп-ақ жатыр. Бірақ көмекпен күнелту мұнда өте қиын. Қазір қара нанның килосы 12 сомға жетті. Ол не шыдатар? Жұмыста болмаған соң, нан карточкесі де жоқ, столовой нанды карточкесіз бермеген соң нанды базардан алып жемеске шараң жоқ. Базар бағасы анау. Онымен қанша нан сатып алуға, тойынып тұруға болар. Қазір әбден арықтап, жүдеп болдым. Жылы киімім жоқ.
Күн мұнда Аралдағыдай емес. Өте суық. Аштық, арықтық, суық тағы бір жағынан айналдырған соң, ел қалай күнелтпек? Елдің хабары өздеріңе мәлім күйде, жұмысы біткен. Қырбаласының ел жайынан жазған хаты қолды болып, қолыма тиген жоқ. Қужақ (Голощекин) екі жолдасымен (– ?) орнынан түскен. Жолдастары кім екенін жазбайды. Қазақ жайы – соқырға көрінген, саңырауға – естілген болса керек.
Әлімхан Ермеков), Әуезұлы (Мұхтар) екеуі тәуба қылып шыққан. Басқалары: Сейдазым (Қадырбаев), Мұхамеджан Т. (Тынышбаев), екі дос Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер), Ақбай (Жақып) ақсақ інісімен (Әбділхамид), Әшім (Омаров), ұзын Мұхтар (Мұрзин) – бұлар Воронеж қаласында. Аудандарында: Көшке (Кемеңгеров), Жұмағали (Тілеулин), Мұстафа (Бұралқиев), М. (Мұңайтпасов) Әбдірахман, Нәшір (Қожамқұлов), (Жұмақан) Күдері баласы, бәрі де қызметке қатын-балаларымен тұрған көрінеді. Мен де: не қатын-балаларыма мұнда келуге, не мені онда баруға ұрықсат ет – деп Мәскеуге арыз беріп едім, хабары жоқ.
Жақын арада жазушының (М.Горькидің) бұрынғы қатыны (Пешкова) бастық болып тұрған мекеме (қызыл крест қоғамы) арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйімнің бәрін айтып: өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұрған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлемін – деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан еш нәрсе шықпаса, шынында да өлу ғана қалады.
Мұнда срогі біткендерді де босата қоймай, бәрін осында ұстап отыр екен. Соңғы күндері босатулары сұрапыл; күні-түні қағаздарын беріп, қойша ағытып жатыр. Күні біткендерден ешкім қалатын көрінбейді. Өздері:«Қалам» – деп тілесе ғана қалдырады. Мұнда Абдолла қатын-баласымен тұрады. Олар да мекеме ықшамдауына ілігіп еді, қатыны басқа орын тауып кірді де, өзі бұрынғы орнына 10 күннен соң қайта кірді. Жақын арада Алматы жағынан үй-іштерімен көп қазақ келді деп еді. Оларға әлі жолыққаным жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |