Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет6/42
Дата25.02.2016
өлшемі2.62 Mb.
#21342
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42

«...Шындығында да 1920 жылы «Түрккомиссиямен» жұмыс істейтін жергілікті басшылардың арасында үлкен келіспеушіліктер бар еді. «Түрккомиссия» жарты жыл жұмыс істеген соң (бірінші құрам) есеп беру үшін Рудзутак пен Элиава және Бройдо Москваға жүрмек екен. Соны ести сала өзімнің көзқарасымды қорғау үшін бірнеше қызметкермен мен де жолға дайындалдым. Өлкелік комитет пен Түрораткомның президиумымен делегация құрамын келісіп алып, келесі күні «Түрккомиссияның» мүшелерімен бірге Москваға жүріп кеттім. Ресми үкімет келісімінен басқа ешқандай «Иттикад уә теракки» деген ұйымды білмеймін, тек ... баяндама тезис түрінде жолай вагонда жазылды... Ол баяндаманы 1920 жылы ОК-тің саяси бюросында жазбаша түрде оқыдым», – деп түсініктеме береді.

Ескерте кететін бір жағдай, 1919-1920 жылдар барлық үкімет билігі революциялық әскери кеңестің қолына топтастырылған «әскери коммунизмнің» тұсы болатын. Сондықтан да әскери кеңестің мүшелері, соның ішінде А.Байтұрсынов пен З.Валидовтің құзыры зор еді. Олардың пікірімен Орталық комитеттің жанындағы мұсылмандар бюросы да, Бүкілодақтық Орталық атқару комитеті мен РСФСР халық комиссарлары кеңесінің жанынан құрылған «Түркістан комиссиясы» да санасуға тиіс болатын. Қазақ автономиясының территориясы межеленер тұста Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермеков Кремльге шақырылды. Аталған қайраткерлердің сол тұста Мәскеуде бас қосып, пікір алмасу мүмкіндіктері туды.

Т.Рысқұлов (жалғасы): (...) «Бұдан кейін біз Валидовтің, Сұлтанғалиевтің, Байтұрсыновтың қатысуымен кеңес өткіздік, – делінеді. Сіз, жолд. Сталин, жақсы білесіз, бұл кезде Сұлтанғалиев Шығыс халықтарының орталық бюросын басқаратын және Ұлттар жөніндегі халық Комиссариатымен байланыста болатын. Тіпті солшыл коммунист саналатын. 1921 жылы оны сіз ұлттар жөніндегі комиссариаттың коллегиясына мүше етіп ұсындыңыз, тіпті сіздің екінші орынбасарыңыз бола жаздады. Сұлтанғалиев 1923 жылы қызметінен төмендетілген соң жолдан тайды. Бірақ та сұлтанғалиевшылармен бірге ешқандай байланысым жоқ екенін үзілді-кесілді жариялаймын. Сұлтанғалиевтың сол кездегі қызметінен Петерс бейхабар, сондықтан да жалақорларға сене салған. 1920 жылы Валидов Сұлтанғалиевке қатты ұрсып сөйледі. Ендеше онымен қалай кеңес өткізеді?», – деп уәж келтіреді.

Ал «Түркістан комиссиясы» дегеніміз кеңес өкіметі өзін нығайтып алғанша автономиялық ұлттарды алдарқата тұратын «аманат өткелі» болатын. Өйткені түркі тектес халықтардың автономиялық дербестігін қамтамасыз етуге тиісті «Түрккомиссия», керісінше, оларды бөлшектеу жоспарын дайындаумен шұғылданды. Ақырында Кремльде асығыс әрі астыртын құрылған «Башқұрт қазақ комиссиясы» Түркістан, Бұқар, Хиуа, Қазақстан, Башқұртстан республикаларын Коминтерннің үшінші конгресіне «Біріккен Түркістан социалистік партиясы» ретінде дербес мүше болып кіру құқығынан алдын-ала айыру үшін төтенше ұсыныс жасады. Ол ұсыныс бойынша: түркі ұлттарының саяси орталығы Орынбор қаласы мен Орынбор өлкесі тікелей Ресейдің құрамына енгізілді. Башқұртстан – «Ресейдің көптеген губерниялық автономиясының біреуі» ғана болып жарияланды.

Сөйтіп, тұтасып жатқан қазақ, башқұрт, татар, өзбек, түрікмен, әзірбайжан, ноғай, қырым ноғайлары бір-бірімен Ресей территориясы арқылы ажыратылды. Еділ мен Жайық бойындағы түркі елдері, соның ішінде Татарстан да Түркістаннан бөлініп тасталды. Сол арқылы кеңес өкіметі өзінің түпкі пиғылын түрік тектес халықтардың басын біріктіруге қарсы екенін «үнсіз» жария етті. Бұл – кеңес өкіметінің мүддесі тұрғысынан дұрыс, ал ұлт республикаларының мақсат-мүддесіне қайшы шара болатын.

Мұның астарында бір ұлтты екіге, үшке билеп бөлу, яғни, самодержавиенің «бөліп ал да билей бер» деген жымсытпалы саяси амалы жатты.

1919 жылы наурыз айында Ленин мен Сталин «Башқортстан автономиялы үкіметін» мойындап қойғандықтан да, Башқұрт үкіметінің армиясы қызылдардың қатарында Украина майданында 1 жыл екі ай соғысты. Енді аяқ астынан, ешкімге ескертілместен, 1920 жылы 19-мамыр күні «Башқұртстан – Ресейдің автономиялық губерниясы» болып шыға келуі қалай? Бұл қандай азаматтық ожданға негізделіп жасалды және неге бұзылғанын түсіндіріп беруді сұраған, З.Валидовке Ленин:

«Сіз мұндай адамгершілік мәселесін неге негіздеп айтып отырсыз? Сіз өзі қандай революционерсіз? Сол келісімге неғып жабысып қалдыңыз? Сіз бен біздің келісім шартымыз – бір жапырақ қағаз ғана, ол ештеңені міндет етпейді», – деп жауап береді.

Міне, сол кезде Заки Валидовке Түркістан өлкесіндегі мухаррамдар қозғалысына қосылу туралы алғашқы ой келеді. Украина мен Петроград майданында қан төгіп жатқан башқұрт боздақтарын шақырып алып, оларды Түркістан майданына жіберу туралы Лениннің рұқсатын алады. Бірақ Сталин:



«Валидов Орта Азия буржуазиялық республикаларын бір федерацияның құрамына біріктіріп, кейін оны революциялық Россиядан бөліп әкетуді көздеп жүр», – деп күдіктеніп, Лениннің нұсқауын жүзеге асыртпайды.

«Алашорда» үкіметімен жасалған келісім шарттың тағдырын да дәл осындай опасыздық күтіп тұр еді.

2.

Тура сондай қоғамдық буырқаныс тұсында Сталин мен Лениннің қабылдауында жиі болып, олар үнемі назарында ұстаған Башқұртстан үкіметінің төрағасы Заки Валидов Түркістанда астыртын ұйым құрып, кеңес үкіметіне қарсы күресуге шешім қабылдайды. Ол өзінің бұл ойын Кремль бауырына басып жүрген шығыс қайраткерлерінің бәріне айтады. Соның ішінде шығыс ұлттарымен арадағы келісім шартты Лениннің:



«Жыртып тастайтын бір жапырақ қағаз» деп қарайтынын ... Шығыс түркі өкілдеріне, соның ішінде Тұрар Рысқұловқа айттым. Ол бұл туралы Бөкей ордасындағы өзінің жақтас коммунисінің біріне хат жазды», – деп баяндайды З.Валидов.

Бұл оқиғаға орай Т.Рысқұлов:



«Байтұрсыновқа келетін болсақ, ол біз келмей тұрып Орынборға кетіп қалған болатын. Валидов ол кезде Башқұрт халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болатын, онымен Ленин және Сталин жолдастардың өзі жеке әңгімелесетін. Башқұрттардың қызыл әскері майданда соғысып жүргендіктен де, ол кезде Москва да Валидовпен есептесетін. Маған: Валидовтің өз поезы бар, ол Москваға келгенде әскери шерумен қарсы алды, – деді. Мен оны білмейтінмін және өткенінен де хабарым жоқ болатын. Бірінші рет көрген адамым және онымен есептеседі екен, болашақта оның кім боларын қайдан білейін. Мен онымен қонақ үйде таныстым: «Башқұртстан үкіметінің төрағасымын». Жергілікті жердегі «колонизаторлар» әбден зығырымды шығарды», – деп мұңын шақты, жағдайдың қиындап кеткені сондай, «отставкаға» кететінін айтты. Өзінің Ленин жолдастың атына жазған баяндамасының бір данасын берді. Мен оған өзімнің Орталық комитетке дайындаған баяндамамның бір данасын бердім. Сонымен бәрі де аяқталды», – деп куәлік берді.

Шындығында бәрі де аяқталған жоқ еді. Қайта «тар жол, тайғақ кешу» енді басталған. Баянхаттағы саяси оқиғаларға берген бағасы мен ұстанымы З.Валидовтің де, Ә.Бөкейхановтың да, А.Байтұрсыновтың да, Ә.Ермековтің де пікіріне керағар. Алайда астарын ашып, әдібін жазсаң, бұл оқиғаларға Т.Рысқұловтың тікелей қатысқаны анықтала түседі. Ал өзі қатысқан оқиғаларды қандай көзқараспен қабылдап, кімге қалай түсіндіреді және жеке басын қалай қорғайды, ол әр азаматтың таңдауы және сол кезеңдегі бірден-бір дұрыс ұстаным болуы да мүмкін. Мұндай «жұмбақ жайлар» мен пікір қайшылықтары тергеу барысындағы жауаптарда жиі кездесіп отырады. Біздің ойымызша, «тиран (Ленин) мен диктатор (Сталин)» басқарған империяда шындықты айту тәуекелдің ғана ісі емес, тағдырдың зауалы да болатын.

Сөйтіп, кеңес өкіметі тұсында:

«Федерациялық Ресей мәселесiн күн тәртiбiнен сызып тастау керек...» болды, «экономикалық және саяси тiзгiндi қию ақылға симайды әрi дұшпандық әрекет» деп саналды. Ресей …ұлт мәселесiн шешуге де дәрменсiз» болды, тіпті», «шеше де алмайды» екен, «сол сияқты Ресейдегi федеративтiк құрылым да ұлттық мәселенi шешпейдi, шешуге де мүмкiндiгi жоқ» көрінеді, «жарым-жартылай ғана жасаған өтпелi өткел – федерация мәселесi, демократияның мүддесiн қанағаттандырмайтын», – болып шықты.

Сол жылы қазан айында – Қазақстан Ресейдің құрамындағы автономиялық республика болып жарияланды. Бұл «Алашорда» үкіметінің толықтай тарих бетінен ысырылуы еді. А.Байтұрсыновтың өлкелік революциялық комитеттің мүшелігінен және партия мүшелігінен шығарылуы Ленин қол қойған «бір жапырақ қағаздың» отқа өртелуі еді.

З. Валидов тағы да Ленинмен екі рет кездесіп, аз санды халықтардың бостандығы мәселесін көтереді. Сол кездесудегі Лениннің:

«Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегі орыс пролетариатына сүйенетін болады, ал сіздер «басшылыққа» қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесіздер, немесе қандай сенім көрсетесіздер, сондай деңгейде ғана сенімге ие боласыздар. Ресей жерінде социализм толық орнаған соң да бұл сенімсіздік сақталып қалатын болады. Тіпті, социализм бүкіл әлемде жеңіске жетсе де шығыстағы отар елдерге европалық пролетариаттың – ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың, «басшылығы» жойылмайды», – деген сөзі З.Валидовтің кеңес өкіметіне деген сенімін мүлдем үзді.

Ал Ленин болса, ол «бір жапырақ қағазды» бiр қолымен мiнберден көпшiлiкке көрсете ұсынды да, екiншi қолымен бұл мәселенi қайта көтерiлместей етiп, тура буынды тұсынан отап отырды. Өзге-өзге, тек қана Ресейде ғана емес, дүние жүзiне пролетариат диктатурасын құруға ұмтылған Лениннiң ұлт мәселесiнде ымыраға баруы, яғни, әрбiр ұлттың тәуелсiз өмiр сүруiне мүмкiндiк беруi, оны қостауы жай ғана дақпырт қана еді.

Бұл оның мақсатына, өмiр сүру тәсiлiне, тiптi күнделiктi берiлген нұсқау-бұйрықтарына қарама-қайшы келдi. Ол тура сол «әскери коммунизм» кезінде егер:

«Балтық жағалауындағы ұлттар бағынудан бас тартса, оларды бір-ақ түнде аяусыз қырып тастаңдар да, мұны ұлтшылдар мен контрреволюционерлер iстедi деп қауесет таратыңдар», – деп жасырын бұйрық берді.

Мiне, Лениннiң ұлттық саясатының түпкi мақсаты осы болатын. Құпия жарлықтарда бұдан да сорақы ұсыныстардың, пәрмендердiң, «ақыл-кеңестердiң» бар екенi қазiрдiң өзiнде әшкереленiп отыр. Ұлттардың автономиясы мен саяси бiрлiгi – кеңес өкіметі үшін сырт көзге қойылған сақна ойыны ғана едi. Бұл З.Валидов сияқты өжет, «азаматтық ожданы» сақталған қайраткердің соңғы төзімін тауысты. Ол:



«Бұл шындық (Лениннің сөзін меңзеп отыр – Т.Ж.) кеңес өкіметіне қарсы пәрменді және ашық түрде күрес жүргізу қажеттігін біздің алдымызға міндет етіп қойды. Сол күндері Ташкенттегі олардың пікірлестері Рысқұлов, Низам Қожаев және басқалары Түркістан комиссиясының және Түркістан атқару комитетінің (ТурЦИК-тің) құрамынан шығарылды. Біз, Ахмет Байтұрсынов екеуміз 29 маусым күні Москвадан кетіп қалуға келістік. Бұған Сталин рұқсат бермеді, бірақ Астраханьға барып денсаулығымды түзетемін – деген сылтау айтып, Орталық комитеттің хатшылары Крестинский мен Преоброженскийдің рұхсатын алдым», –деп жазды.

«Түрккомиссияның» құрамынан шығарылған тұстағы өзінің іс-әрекетіне Т.Рысқұлов кейіннен:



«1920-1921 жылдары әскери коммунизм тұсындағы саясаттың шартына қарсылық білдірген ұсақ буржуазияның наразылығы күшейді (сол кезде Россияның әр жерінде, Кронштадта көтерілістер орын алды, партия мүшелерінің ішінен де солқылдақтар шықты). Сондай солқылдақтық пен бетбұрыстар артта қалған ұлттық Түркістанда да болды. Ұлтшылдық уклон мен Түрккомиссиямен арадағы жетекшілікке талас – жаулардың жолын ашты, бүкіл халықтың көсемі болып көрініп, өзінің соңынан барлық тұрғындар еріп келе жатқанын Москваның алдында көрсеткісі келді. Мұндай ұстаным дұшпандарға көпір салып берді. Бұл тұрғыдан алғанда, мен сол кезде жіберген үлкен қателіктерімді мойындаймын, содан кейінгі қызмет барысында бұл қателіктерімді терең түсіндім. Шектен шыққан жоқпын, жауыммен де жақындаспадым, 1921-1922 жылдан бастап өз бағытымды түзедім, содан бастап тура жолдан тайған емеспін. Өткен қателігімнен сабақ алып, партияның сара жолын түзу ұстап келемін», – деп түсініктеме берді.

Тергеушілер тұтқындардың бәрінен Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Т.Рысқұловтың, З.Валидовтің арасындағы байланысты қазымырлықпен сұрауы да осы оқиғаға байланысты болса керек. Тергеу ісінде сол жылдары Т.Рысқұловтың Орынбордағы жалпықазақтық құрылтайға қатысқаны және Сарымолдаевқа арнап Ж.Досмұхамедовтың адресіне хат жолдағаны туралы айғақ бар. Өзінің З.Валидовпен және М. Сұлтанғалиевпен жазысқан хаттары туралы кейін арнайы түсініктеме берген. Тергеушілер осы хатты табуға ұмтылған, бірақ оның нақты ізіне түсе алмаған.

Азаттыққа жетудің жолы – күрес екенін түсінген З. Валидов астыртын ұйым құру үшін Түркістанға бет алды. Сол қарсаңда Түркиядан келген «Иттиһат және таракки» («Бірлік пен прогресс») партиясының мүшелері Назым-бей мен Бадри-бей атты түрік қайраткерлерімен жолығады, олар да З.Валидовтің астыртын жұмысқа көшу ниетін қостайды.

З.Валидов: «Мен өтірік пен көлгірсуге төзе алмаймын. Егерде болашақтан сәл ғана сәуле көрінсе, онда мұндай алдамшылыққа төзуге болар еді. Бірақ та біздің төзіміміздің төлеуін өтейтін еш үміт жоқ. Мұндай әрекетке өз еркіңмен тәуекел етесің. Мен онда (Түркістанға – Т.Ж.) өз армиямды алып барып, олардың қанын мойныма алғым келмейді. Мен өз басымды ғана оққа тігіп отырмын. Менің сенімді достарым бар, олар мен: Қал – десем де қалмайды, бірге жүреді», – деп, Софы Аллаярдың: «Тәуекел десең – ырыздығың Тәңірден, Бұйырғанын көресің сен, жолаушы», деген сөзін бір қайталап алып сапарға шығады.

Бұл құпия сапарда Валидов пен Рысқұловтың жолы тағы да екі рет тоғысады. Рысқұлов «бәрі де сонымен аяқталды», – деп Сталинді сендірсе де, ол шындық араға елу жыл салып барып қайта жария болды.

Түрік қайраткерлері Жемал мен Халил пашалар ұсыныс жасап, Ұлт істері жөніндегі комиссариат пен Мұсылман коммунистер орталығы ұйымдастырған Шығыс халықтары құрылтайы 1-5 қыркүйек арасында Бакуде өтті. Москвада айырылысқан З.Валиди (енді Уәлиди), А.Байтұрсынов, Т.Рысқұлов үшеуінің жолы Бакуде тоғысты. Бұл кездесу үшеуі үшін де құпия жағдайда өтті. Баку сапары туралы Т.Рысқұлов:



«Мен шұғыл түрде Бакудегі Шығыс халықтарының құрылтайына жүріп кеттім. Шындығында, онда болған екі-үш жүз түркістандық делегаттар менің ықпалымда болды. Коминтерннің атқару комитетінің поезімен бірге Әнуар паша да келді. Мен делегаттардың барлығын Әнуар пашаға тілектес болудан сақтандырып: ол өзінің Түркиясына да көп кесірін тигізді, – деп үгіттедім. Әнуардың менімен кездескісі келді. Кейін білгенімдей, ол делегаттардың біразымен кеңес өткізіпті. Алайда Сафаров және басқалар (1920-1921 жж.) мені сол кеңеске қатысты деп таратыпты», – деп баяндады.

Әрине, Т.Рысқұлов «партиялық бақылау комиссиясына берген баянхатында» Бакуге барар жолда өзінің З.Валидовпен құпия кездескені туралы ләм демейді және кездестім деп айта да алмайтын. З.Валидов Аштархан, Сарай, Үстірт, Басқұншақ арқылы Хорезмге, одан Ашғабатқа өтіп, астыртын жұмысқа көшкен соң, оның әр қадамы аңдулы болғаны түсінікті (Біз бұдан былай «Қатирадағы» түрік тіліндегі мәтіндерді қысқаша мазмұндап береміз):



«Мен жасырынып жүргемін. Кеңес өкіметі менің қалайда онда баратынымды біліп, ерекше дайындық жүргізгені, Баку, Аштархан, Дербенд, Красноводскі және басқа да қалаларға 300-ге жуық адамды құпия тыңшылыққа тартқаны туралы хабар алдым. Олардың көбі мені жақсы танитын қызметкерлер-міс. Қазақстан мен Өзбекстаннан келетін өкілдердің аты-жөндерін және олардың барлығы бір пойызда болатынынан да хабардар болдым. 2-тамыз күні мен бұл пойызды Ашғабаттың батысындағы елеусіздеу Бамиде деген бекетте қарсы алдым. Жүк пойызына атпен кірдім, вагонда Тұрар Рысқұлов пен Ибраһим Жанұзақовты кезіктірдім. Олармен: Бакуде қалай кездесетіндігімізді және онда не істейтіндігімізді келістік, Красноводскіге таяғанда Жебел бекетінен түсіп қалдым. Сол жолы Тұрар маған қызықты бір құжат берді», – деп жазады З.Валидов. «Аталған құжатты Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің Таяу Шығыс жөніндегі маманы Павлов дайындапты.

Ол: Таяу Шығыс, Араб, Түркия, Иран мен Ауған елдеріндегі рулық жік пен капитализмнің керітартпа қайшылықтарын ресейлік мұсылмандар арасына «көшіріп», олардың арасына от жағып, өшіктіру керектігін айта келіп, орыстандыруды жеделдетудің жолдарын ұсыныпты. Соған орай Ленин мен Сталиннің атынан берілген нұсқауда, Байтұрсынов, Рысқұлов, Сұлтанғалиев «Түрккомиссиясына» мүше боп тұрғанда ашық айтылмаған мәселелерді талқыға салып, европалық партия мүшелеріне құпия таратқан. Түрік комиссиясының сессиясында: Түркістан халқының таптық жігін ислами тұрғыдан жандандыратын Рысқұлов, Валидов сияқты ұлтшылдар жергілікті жұмысшылардың дұшпаны, жергілікті зиялылардың арасында өздерін «октябрист» ретінде көрсететін орыстарды қызметке тартып, керісінше, ұлттық қызметкерлерді шеттету керек, Шығысты толық бағындыру үшін олардың көзі ашық зиялыларына қысым жасап, қудалауда ұстау қажет», – деп ашық айтылыпты.

Баку құрылтайына қарапайым түрікмен кейпінде барып, жансыздардың көзіне түспей Түркістанға қайтып оралған З.Валидов тек Әнуар пашамен ғана хат арқылы тілдесуге мүмкіндік табады. З.Валидов Маңғыстау, Ақтөбе арқылы Хорезмге өтеді. Жолай адайлар арасындағы барымтаға билік айтады. Оны естіген Ә.Бөкейханов: «Қазақ арасындағы қанды ірің аққан бір жараны тіліпті», – деп бағалаған. Үргеніште Жөнейд ханның Аннамұрад деген бегі Хиуаға жеткізеді. Сол жылы 19 желтоқсанда Бұқарада өтуге тиісті құрылтайға қатысу үшін Қарақұмды кесіп өтіп, Шарсу арқылы Бұқараға келеді. Негізгі мақсаты – Бұқара, Хиуа, Түркістан, Түрікменстан, Қазақстанның өкілдері бас қосқан осы құрылтайда «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясын құру еді.

Міне, «Алашорданың тергеу ісіндегі» басты мәселенің бірі де сол құрылтайға кімдердің қатысқанын анықтау болатын. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Ғазымбек Бірімжанов, Хайретдин Болғанбаев сияқты алаш арыстары тергеу барысында өздерінің Заки Валидовпен астыртын байланысы барлығын жоққа шығарады. Әр түрлі қисында жауап қайырады. Тек Х.Болғанбаев қана оқу-ағарту комиссариатының тапсырмасымен оқулық бағдарламасын түзу мақсатында барғанын, Ғазымбек Бірімжанов «Аштарға көмек» комиссиясының тапсырмасымен қаржы жинау мақсатында іссапарға шыққанын айтады. Ал Дінше Әділев «Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың жеке тапсырмасын орындағанын» баса көрсетеді. Бірақ қандай тапсырма екенін нақтылап айта алмайды.

Тарихшылар мен тергеушілер: «Басмашылар мен «Алашорданың» арасында қандай байланысы болуы мүмкін, бұл негізсіз жала шығар», – деп жорамалдап, сол тұстағы Түркістан мен Орталық Азиядағы саяси жағдайлардың басын қосып, ортақ тұжырым жасауға дәрменсіздік танытып келді. Біз оқиғаның ізін қуа пайдаланып отырған З.Валидовтің «Қатиралары» көлеңкеде қалған сол бір күндерге сәуле түсіреді. Тергеуге тартылғандардың жауаптарының әр қисында болуы да заңды. Астыртын ұйым жұмысы соны талап етеді. Араға елу жыл өткен соң да З.Валидовтің Бұқарадағы «құрылтайға қатысқан екі қазақ қайраткері әлі тірі» деп олардың атын атамауы да сол астыртын күрестің заңына бағынғандық.

Алаш азаматтары тергеушіге «қиыннан қиыстырып қандай сылтау айтса да», «Алашорда» қайраткерлерінің Бұқарадағы «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясының құрылуына қатты назар аударғаны анық байқалады. Өзге жанама деректерді былай қойғанда, Москвадан бірге шығып, Еділ мен Жайықтың арасында З.Валидовпен қоштасқан А.Байтұрсыновтың және поезда жолыққан Т.Рысқұловтың бұдан толық хабардар болғаны анық. Ал А.Байтұрсыновтың бұл құрылтай туралы Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовқа толық мағлұмат бергені еш күмән тудырмайды. М.Тынышбаев Бұқараға жіберген А.Үмбетбаев та бұл жайдан мағлұматсыз қалмаған. Демек, Ташкенттегі ұйымның биресми төрағасы болып саналатын Х.Досмұхамедовтің де қаперіне іліккен. Ал Бұқараға барғандардың ішінде Ғ.Бірімжанов пен Х.Болғанбаев «Алашорданың» өкілетті құзырына ие болған және құпия хатты осы екеуі жеткізген. Х.Болғанбаевтің куәлігіне «Алашорданың» мөрі басылғанын, өзінде ондай құқық болмағанын Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде атап айтады.

Сонымен, «Алашорда» қайраткерлері мен Түркістан, Бұқара, Хиуа республикаларының арасында ынтымақты саяси байланыс болған. Өзінің жасырын өкілдерін жіберу арқылы «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысының заңды мүшесі ретінде тіркелген деп есептеуге толық негіз бар.

Сондай қысылтаяңда жүріп Заки Валидов «Түркістан ұлттар бірлігінің» құрылтайын Ташкентте өткізуге ұмтылады.

«Бірақ Түркістан саясатының белді тұлғалары – Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсын, Мұхамеджан Тынышбаев, өзбектерден Мунауар Қари, бұхаралық Хакімзада, мырза Әбдіқадыр Мұхиддин, түрікмендерден заңгер Қақажан Бердібаев және басқалар кеңестердің қатаң бақылауында болғандықтан да құрылтайға келе алмады. Құрылтайымыз 18-қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе, қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұқарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы – «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Онда:

Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады, Түркістан соты Ресейдің ішкі істері дәргейінен шығарылып, ұлтаралық сотқа енгізіледі, Түркістанның ұлттық сотын Ресейге тәуелсіз жасақталады, – деген мазмұндағы қаулылар қабылданды.

Бұл құрылтайда: «Түркістан ұлттық бірлігі» орталығын сырттан басқару үшін менің Түркістанда қалмай, Иран, Ауғанстан және Үндістан арқылы Еуропаға кетуімді, Мұстафа Шоқайұлының да шетке кетуін мақұлдады. Маған осыған байланысты Құрылтай төрағасы қол қойған құжат та берілді. Арамызда шет тілін жетік білетін адам болмағаны үшін бұл құжат орысша және түрікше бір кездеменің бетіне жазылды. Жұбайымды да бірге әкетуіме пұрсат берілді», – дейді З.Валидов.

Әнуар пашаның қазасы және мұхаррамшылардың – «басмашылардың» талқандалуы, «Түркістан ұлттар бірлігі» орталығының шешімі З.Валидовтің азаттық күресін тұйыққа тіреді. Сондай құсалы сәтте Т.Рысқұловпен жолығуға ниет етеді. Т.Рысқұлов қабылдаудан бас тартады. Т.Рысқұловтың Москвадағы және Бакуге барар жолдағы «уағдасында тұрмай», кездесуден бой тартқаны үшін З.Валидовтің ренжігендігі тергеуге тіркелген. Ал бұл жай «Қатирада»:



«Айдың жиырмасында хат тасушы келіп, Тұрар Рысқұловтан хабар әкелді. Онда: «Валидовке орталық комитеттің қаулысы бойынша кешірім жасалды, қаласа Рудзутакпен кездессін, тек «қайда жүргенін» айтпасын, белгісіз боп қалуды көңілінде қатты ұстасын», – депті. Хаттың соңында: егерде кеңес өкіметіне қайтып оралмайтындай болса, онда қалаған мемлекетке кетуіме көмектесетінін білдіріпті. Әрине, бұл кезде Түркістанның «ұлы генералы» Рудзутактың шақыруының үлкен маңызды бар еді», – деп баяндалады.

1920 жылға дейін оппозициялық көзқараста жүргенін Т.Рысқұловтың өзі де 1923 жылы 9-12 маусым аралығында РК(б)П орталық комитетінің Ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерімен өткізген төртінші кеңесінде сөйлеген сөзінде мойындады. М.Сұлтанғалиевті ұлтшыл ретінде әшкерелеуге арналған бұл кеңесте Т.Рысқұловқа да айып тағылған болатын. Ол:



«Сұлтанғалиевпен идеологиялық сыбайластық туралы екінші мәселе туралы мынаны айтамын. Мен партияның орталық комитетінің алдында, осы кеңестің алдында мынаны мәлімдеймін: Сұлтанғалиевтің ұстанған ұстанымы шындығында да шектен асып кетті, биылға дейін емес, 1920 жылға дейін мен де осы ұстанымда болғамын және ең жанкеші оппонент болдым, мұны орталық комитет жақсы біледі. Мен Орталық комитетте: әскери мәселе жөнінде де, партиялық мәселе жөнінде де, басқа мәселелерде де, тіпті сол кезде жүргізілген барлық саясат жөнінде ұрсысуға дейін бардым. Нәтижесі – менің Түркістандағы қызметімнен кетуіммен аяқталды. Шығыс халықтарының құрылтайында мен бұл оппозицияны әшкереледім. Мен бұның бәрін жоққа шығармаймын, бірақ та құрметті жер аудару ретінде Москвада, Ұлттар жөніндегі комиссариатта екі жыл істедім және кейбір түркістандық жолдастардың тұрғысынан адам төзбестей қорлықты көрдім. Бұл қорлық тек саяси жақтан ғана емес, коммунистке көрсетілген (мен партия мүшесі емеспін бе) бұл қорлық менің жанұяма да (үйден қуып шығу, қудалау т.т. тұрғысында) көрсетілді. Осындай ауыр күйзеліске қарамастан мен Москвада қалдым, жау жағына шығып кеткемін жоқ», – деп өзінің бұрынғы «қателерін» мойындады.

Бұл оның ең батыл сөздерінің бірі. Сөзінің соңында Т. Рысқұлов мінбеден:




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет