Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет3/42
Дата25.02.2016
өлшемі2.62 Mb.
#21342
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42

«Бастауыш және орта білім беретін қазақ мектептеріне арналып қазақша оқулықтар құрастыру үшін 5 адамнан алқа құрылсын, комиссияға өзіне қажетті адамдарды шақыруға право берілсін. Алқа Орталық ұлттық кеңес орналасқан жерде жұмыс істесін. Алқа мүшелері оқулықтардан басқа: а) Ұлттық мектептерге арналған программа жасау, б) Мұғалімдерге жетекшілік ету, в) Балалар тәрбиесі туралы кітап шығару, г) Барлық қазақ мектептеріндегі халыққа білім беру жүйесінің тәртібін белгілеу, д) Қазақ тілінің жазу үлгісін реттеу, е) Пайдалы кітаптар мен кітапшаларды қазақ тіліне аудару – мәселесімен де шұғылданады.

Комиссия іске 1918 жылдың басында кірісуі керек және ең алдымен өздерінің іс-жоспарын газетке жариялауы тиіс. Комиссия өз ісіне кіріскеннен кейін, алты айда көпшілік алдында баспасөз арқылы есеп беріп отыруға міндетті. Жариялануға ұсынылған кітаптардың данасын (тиражын), сонымен қатар, қажетті кітапты басып шығаруға кететін қаржының мөлшерін комиссияның өзі анықтайды. Комиссия белгілеген ақшаның мөлшері шұғыл түрде облыстық земствоның комиссиясына жіберіледі немесе бұл сома ұлттық қордан бөлінеді.

Комиссияның құрамында жоқ, бөгде адам құрастырған оқулықтар – комиссия құптап, рұқсат еткен соң ғана мектепте пайдаланылуға жіберіледі. Сонымен қатар, комиссияда мақұлдаған оқулықтарды сол комиссия автормен келісе отырып халықтың меншігі деп жариялайды. Егер де, басқа адамның оқулығын жаратпаған жағдайда, комиссия мәжілісінде талқыланған кезде, ол адам сол жиналысқа шешуші дауыспен қатысады. Комиссияның алғашқы жылдары құрастырған оқулықтары халықтық меншік, ал 3 жыл өткен соң автордың меншігі болып саналады. Программада көрсетілген жұмыстарды атқарып біткен соң, комиссия есеп береді, ал қарауындағы кітаптар мен ақшаны қазақтарды басқару жөніндегі басқарманың нұсқауымен тиісті мекемеге өткізеді.

Комиссияның 1918 жылға арналған кіріс-шығысы төмендегідей мөлшерде бекітілсін: комиссияның бес мүшесінің әрқайсысының айлық жалақысы 800 сом, кеңсе жалдау үшін жылына 4.800 сом; комиссияның қажетті жұмыспен шұғылдануына жылына 1.800 сом, әр түрлі материалдарды сатып алуға жылына 6000 сом, кеңсе шығынына жылына 2.400 сом. Бұл қаржы әр облыстағы жан басының санына қарай төмендегі тәртіптен бөлінсін: Сырдария облысы – 13.050 сом, Жетісу облысы – 8.700 сом, Семей облысы – 8.700 сом, Орал облысы (Маңғышлақпен қосылып) – 7.250 сом, Ақмола облысы – 5.800 сом, Торғай облысы – 5.800 сом, Ферғана облысы – 4.350 сом, Бөкей ордасы – 3.100 сом, Самарқанд облысы – 1.450 сом. Жоғарыда көрсетілген 58.200 сомның жартысын облыстық земстволар қаңтар айында «Алашордаға» табыс етуі тиіс», – деп атап көрсетілді.

«Алашорданың» бұл жобасын А.Байтұрсынов кейін кеңес өкіметінің Оқу-ағарту халық комиссары ретінде одан әрі жалғастырды. Көрсетілген іс-шаралар 1913-1928 жылдар аралығында толықтай жүзеге асты.

1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде бүкілқазақтық азаттық қозғалысы ретінде басталып, автономиямен тиянақталған бұл құбылыс – ұлттық дамудың тәуелсіздік бағытын ұстаған қазақ қайраткерлерінің үлкен жеңісі еді. 1917 жылы 2 қараша күні кеңес өкіметі «Россия халықтары праволарының декларациясын» жариялады. Онда:

«1. Россия халықтары тең праволы және суверенді. 2. Россия халықтары бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет құруға дейінгі еркін (мемлекетін – Т.Ж.) өзін-өзі билеуге құқылы. 3. Ұлттың және ұлттық-діни артықшылықтар мен тежеу біткендердің бәрі жойылады. 4. Россия территориясын мекендеген ұлттардың және этнографиялық топтардың еркін дамуына жол беріледі», деп (Сол жылдардағы аударма – Т.Ж.) жазылды.

Бұл колонизаторлық-миссионерлік, шовинистік езгідегі ұлттарға тәуелсіздік алу мүмкіндігін беретін алғашқы ресми құжат еді. Ұлттар туралы декларация, шындығында да, өзінің тарихи миссиясын орындады. Бірақ та оның жүзеге асу жолы аса қиын әрі қанды қыспаққа толы болды. Сонымен қатар осы декларацияның мазмұны мен құқықтық нормаларын нақтылай түсу мақсатында және Түркістан мен Қазақстандағы, Кавказдағы ұлттардың бөлініп кету мүмкіндігі молайып, империяның құлау қаупін тудыратынына көзі жеткенде, кеңес өкіметі асығыс түрде 1917 жылы 20 қарашада «Россияның және Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» Үндеу жариялады. Екеуіне де Ленин мен Сталин қол қойды. Екінші үндеуде:



«Бұдан былай сіздердің нанымдарыңыз бен әдет-ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз ерікті және қол сұғылмайтын болып жарияланады. Өздеріңіздің ұлттық өмірлеріңізді еркін және бөгетсіз құра беріңіздер. Сіздердің бұған праволарыңыз бар», – деп жар шашты.

Нағында бұл кеңес өкіметін нығайтып алғанша алдарқата тұратын «бір жапырақ қағаз ғана» (Ленин) болатын. Бұл үндеулер сол кезде Ресей империясына қарайтын аса үлкен территорияны алып жатқан аз ұлттардың назарын өзіне аударып, оларды кеңес өкіметін мойындауға мойын бұрғызатын тәсіл еді. Екіншіден бұл бір ұлтты қанаушы және езілген тап деп екіге бөлетін жымсытпалы саяси амал болатын.

Тарихи мүмкіндікті дер кезінде пайдалана отырып 1917 жылы 29-қарашада – Башқұртстан тәуелсіз мемлекеті, 5-желтоқсанда «Алашорда» автономиясы жарияланды. Тәуелсіздік декларациясы жарияланысымен З.Валидов:

«...жоғарыда аты аталған қазақ көсемдерімен (Ә.Бөкейхановпен, А.Байтұрсыновпен – Т.Ж.) ақылдаса келіп (Башқұртстан автономиясы жарияланбастан бұрын) қарашаның басында үш нұсқа жағырапиялық картаның: 1) Үлкен Башкирияның, 2) Кіші Башкирияның 3) Шығыс Россиядағы мұсылман обылыстарының еркін Федерациясының картасын жасатты. Бұл картаны Башқұртстан автономиясының Декларациясы жарияланған кезде таратты. ...1918 жылы Самара қаласында Башқұртстан мен Қазақстан үкіметі өкілдерінің келісімімен қайталап бастырды».

Бұл бодан елдің өз бостандығын мұқым дүниеге жария етуге ұмтылған амалы әрі мемлекеттік шекарасын растайтын тарихи айғақ еді. Сондай-ақ ол «Алашорда» үкіметінің де тарихи тағдырын да қамтиды. Тегі мен тағдыры ортақ екі үкіметтің қайраткерлері азаттық үшін ынтымақтаса күресті. Сол тарихи күндердегі қарбалас оқиғаларды араға қырық жыл өткен соң З.Валидов:



«1917 жылы 20-желтоқсанда Башқұртстанның үшінші құрылтайында тәуелсіз республика ретінде ресми заңмен бекітілді. Қазақтардың құрылтайы сәл ерте өткенімен, әлі де тарқап үлгермеген болатын. Біздің құрылтайға бақылаушы есебінде Сейдазым Қадырбаев пен Мұстафа Шоқаев қатысты. Он күннен кейін Қоқанда құрылған Түркістан тәуелсіз үкіметінің сыртқы істер министрі болып сайланды. Мен де екі рет қазақтардың құрылтайына бақылаушы ретінде қатыстым. Екі құрылтай да бір-бірін құттықтады», – деп еске алды.

Тәуелсіздік жарияланысымен шұғыл түрде ұлттық әскер жасақталды. Ә.Бөкейханов «Алашорда» автономиясының саяси және территориялық дербестігін ресми түрде бекіттіру мақсатында Сібір үкіметімен келісім жүргізді. Колчак үкіметі «Алашорда» үкіметін мойындаудан бас тартып, оларды әскери соғыс жағдайындағы жазаға тартуға бұйрық берді.

Сондай қысылтаяң шақта, 1918 жылы наурыз айында Сталин телеграф арқылы «Алашорда» үкіметімен «сымсыз байланысқа» шығып, алаш атынан өкілдік етіп сөйлескен Халел Ғаббасовқа қазақ автономиясын мойындайтынын мәлімдеді. Тәуелсіздікке бет алған азаттық жолының сүйінші хабары мына құжаттан басталады:

«1918 ж. 19 мартта совет үкіметінің мүшесі, ұлт жұмыстарын басқарушы комиссар Сталин Мәскеуден Семейдегі «Алашорданың» бастығы Әлихан Бөкейханов һам оның жолдасы Халел Ғаббасовты ауызша сөйлесетін төте телеграфқа шақырды. Ертеңінде 20-мартта комиссар Сталин мен Халел сөйлесті. Сталин «Алаш» автономиясы туралы сөйлеспекші екен. Екі жағы өз пікірлерін айтысып, ақырында совет үкіметінің атынан халық комиссары Сталин мынаны айтты (Сталин сөзін өзгертпестен түгелімен тәржіма қыламыз):

Русиядағы халықтардың құқықтары туралы Халық комиссарлары шығарған белгілі ережесі бұл күнге шейін ұлт мәселесі тақырыпта (жөнінде – Т.Ж.) совет үкіметінің негізгі қызмет жобасы болып келеді. Үшінші советтер съезі осы ережені жайғастыруға қаулы қылды. Өзіңіз бізге тапсырып отырған жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы түгелімен жоғары жобаға муафық келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съезіңіздің қаулысы өкілдеріңіздің совет үкіметін тануға халаф болмаса болғаны. Үшінші советтер съезі советский федерация низамын жасап һам бұл мизам ІҮ советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни, әрбір тұрмысы, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерация алу құқы, басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съез шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінеміз, біздің жауабымызды «Алашорданың» кеңесіне салып, жауап қайтарсаңыздар екен. Адрес: Мәскеу, Кремль, Халық комиссарларының бастығы Ленинге һам Халық комиссары Сталинге».

Міне, «Алашорда» мен кеңес үкіметінің арасындағы алғашқы және басты келісім құжаты осы. Бұл – қазақ мемлекеттігін құруға мүмкіндік берген ресми құжат. Яғни, Әбілқайырдың бодандыққа кіру туралы Анна Иоановнаға берген, тек қана ақ параққа қолы қойылған қағаздың құнын да, күшін де жоятын ұлы құжат. Ал большевиктер автономияға қарсы күресіп, жанталаса шағынды. 21 наурыз күні «Алашорда» үкіметі 11 баптан тұратын келісім шартты Кремльге жіберді. Онда мына шарттар:



«1. 1917 жылдың желтоқсанының 5-нен 12-не дейін Орынборда өткен жалпы қазақ съезінің қаулысы бойынша «Алаш» автономиясы жарияланды және оның территориясына – Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспийский облысының Маңғышлақ уезі, Самарқан облысының Жизақ уезі, Амудария бөлімі, Алтай губерниясына қараған Бийскі, Барнаул, Змейногор уездеріндегі қазақтар басым қоныс жайлаған жерлер кіреді.

2. «Алашорда» үкіметіне қазақтан басқа ұлттардың ішінен азынан – аз, көбінен – көп мөлшерде жиыны он адам мүше боп кіреді.

3. Заң шығаратын және билейтін орын – «Алашорда».

4. Облыстық бөлімдердің көмегіне сүйеніп Құрылтайды шақыру «Алашорданың» құқында болады.

5. Өкілдерді уездер, қала тұрғындары сайлайды.

6. Бұл заң күшіне енгенше бұрынғы земстволық және қалалық құрылымдар жұмыс істейді.

7. Қазақ-қырғыздар арасындағы істі сайланған соттар қарайды.

8. Құрылтайдың қаулысына сәйкес қазақ-қырғыз милициясы құрылады.

9. «Алашордаға» байланысты түрмеге қамалғандар босатылсын және оларды қудалау тоқтатылады.

10. Москвадағы «Алашордаға» қатысты істерді елші ретінде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер жүргізеді.

11. Осы шарттарды кеңес өкіметі қарап, келісімге отыруы тиіс», деп атап көрсетілді.

Бұл ұсынысқа «мәселені тездетіп шешіп, сөзден іске көшуді» ұсынған Ленин мен Сталин бір айдан астам уақыт жауап бермеді. Азаматтық соғыс жүріп жатқан ел үшін бұл өте ұзақ уақыт. Сондықтан да шұғыл түрде тағы да 1918 жылы 21 сәуірде «Алашорданың» күншығыс бөлімінің бастығы Халел Ғаббасов Ленин мен Сталинге:



«Қазақ автономиясы мәселесі қазақ халқы үшін өмір мен өлім мәселесі болып табылады. 2-сәуір күні комиссар Сталин арқылы тура, сымсыз тораппен жолданған Халық комиссарлары кеңесінің көзқарасы қазақ халқының арасына аздаған жұбаныш әкелді.

Алайда жергілікті халықтың табиғи талабына өктемдікпен қарау жергілікті кеңес депутаттары тұрғысынан тиылмай отыр. Қазақ ұйымдарын қудалау, олардың мүшелерін тұтқындау қазақ жұртын алаңдатып, ұлттық араздықты өршітеді. Бұл отты дер кезінде өшіру керек және ұйымдастыру жұмыстарына шұғыл түрде кірісіп, бас көтеріп келе жатқан аласапыран мен толқулардың алдын алу қажет. Қазақ халық кеңесі қазақ халқының талабын бұлжытпай орындайды, сондықтан да автономия идеясын тездетіп жүзеге асыруға мүмкіндігінше күш салады және сіздерден шұғыл жауап күтеміз. Ресми мәліметімізді 3-сәуір күні тура сымсыз торап арқылы жолдадық.

«Алашорданың» төрағасының орынбасары Ғаббасов», деген жеделхат жолдады.

«Алашордамен» екі ортадағы келісімді жүргізген Сталин басқарған өкімет араға тура он жыл өткен соң екінші «әріптесін» – Халел Ғаббасовты түрмеге қамап, ату жазасына кесті.


Сол жылы 15 мамыр күні Қостанай қаласында «Алашорда», Башқұртстан, Қоқан автономияларының құпия кеңесі өтті. Онда Қазақстанның, Башқұртстанның, Түркістанның саяси жағдайы туралы мәлімдеме жазылып, оны бүкіл әлемге тарату үшін Жапония үкіметіне жеткізу мәселесі қаралып, мақұлданды. Жапонияның таңдап алынуының себебі, бұл ел Ресейдің одақтасы болатын. Сол арқылы халықаралық үрдісті сақтауды көздеді. Қалыптасқан әскери қоршау жағдайында Урал мен Қазақстан аймағындағы біріккен мұсылман Мемлекетін құру идеясы да ұсынылды. Башқұрт әскері жеңістен жеңіске жетіп, Қазақстан мен Түркістанға бет алды.

«Кеңес өкіметіне қарсы башқұрттар мен қазақтардың бірігіп күресуі (большевиктердің) өшпенділігін өршіте түсті» (З.Валидов).

1918 жылдың 6 (19) маусым күні кешкі сағат 6-да «Алашорда» жасағы Семейге келіп, әскери саппен Никольский шіркеуінің алдынан жүріп өтті. Шеруді сол күні қалаға келіп үлгерген «Алашорда» үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов қабылдады. Алаш жасағының командирі подполковник Тоқтамысов «Алла жар!», – деп ұран салды. Барлық жасақ «Алла жарлап!» шеруден өтіп, бірден майданға аттанды. «Алашорда» кеңесінің мүшелері – Ә.Бөкейхановтың, М.Тынышбаевтың, Х.Ғаббасовтың атынан шұғыл түрде:



«Екінші қазақ-қырғыз құрылтайының қаулысы бойынша 11/24 маусым күні «Алашорда» үкіметі Алаш қаласында ресми түрде іске кірісті... Семей мен Ақмола облыстарында милиция жинау ісіне аса шұғыл кірісіп, отряд құрылды. Отрядтардың бірсыпырасы атты казактарға Һам офицерлерге (ақ гвардия) қосылып, Жетісу облысындағы большевиктермен соғысуға кетті… Түркістан жағынан атты казак һам башқұрт жігіттері бас қосып, большевиктермен соғысуға аттанды... Бұл туралы Дутовқа телеграмма берілді. Ахмет Байтұрсынов 29 июньде Қостанайға кетті. Міржақып Дулатов екі жұма шамасында сонда бармақ. «Қазақтан шыққан большевиктерге ешбір рақым қылмаңыз». «Кеңес өкіметі шығарған барлық декреттер «Алаш» автономиясы территориясында күшін жойсын». «Алаш» автономиясы территориясында земство мекемесі 1917 жылғы 17 маусым күнгі Уақытша өкімет кіргізген заң бойынша қайтадан іске кіріссін, кеңес өкіметі мекемелері таратылсын». «Алашорда» үкіметінің жанынан Әскери министрліктің міндетін атқаратын үш адамнан тұратын әскери кеңес құрылсын». «Сот пен тергеу комиссиясы құрылсын». «Алашорда» үкіметі «Алаш» автономиясы территориясында жергілікті Облыстық және уездік кеңестер арқылы билік жүргізеді», деген жеделхаттар жан-жаққа жіберіліп жатты.

Бұл суыт хабарлар берілген кезде кеңес өкіметі тарапынан автономия мәселесі толық ресми түрде шешілмеген еді. Ә.Бөкейханов сол күні – 11 маусым күні қатаң түрде:



«Қазақ халқы кеңес өкіметін еш уақытта мойындамаңдар және кеңес өкіметіне бағынбаңдар», – деп нұсқау берді.

Ә.Бөкейханов өзінің көрсетіндісінде бұл әрекеттерін жасырмай:



«Онда (жоғарыдағы құпия кеңесте – Т.Ж.) біз өзіміздің дұшпанымызбен, ол дұшпанның ішіне, әрине, кеңес өкіметі де қосылады, қалай күресетінімізді талқыладық», дейді.

Әрине, мұндай батыл мойындауды тергеушілер де күтпеген және оған қарсы сұрақ қою да қиынға соқса керек. З.Валидовтың естелігінде «Алашорда» әскерінің жасағына қатысты өте бір қызықты дерек бар:



«Самар өкіметімен, оралдық казактармен, қазақстандық жасақпен жүргізген барлау жұмысымыз өте сәтті болды. Орал (Теке) – Ханордасы – Астрахань губерниясы – Гурьев (Үйшік), Омбы-Батыс тобы құрылды. Башқұрттың ұлттық ақыны Сейітгерей Мағаз, Шайхзада Бабич, өзбек ақыны Әбілхамид Сүлеймен (Шолпан), қазақтың жас журналисі Бірімжанов және тағы бір оқыған айтыскер ақын қазақ қызы қалаларда жасырын ұйым құрып, Орынбордағы орталықты құнды деректермен қамтамасыз етіп отырды. Қазақтың ақын қызы мен ақын Шайхзада Бабичтің басынан кешкен оқиғаларының қиын да, қызықты екені сондай, ол туралы роман жазуға болар еді. Мысалы: Қазақстанда кеңес өкіметін орнату тапсырылған Жанкелдиннің ол қызға сенгені сондай, Москвадағы істің барысын толық баяндап отырды. ...Соның нәтижесінде Ашхабадтағы 11 шілде күнгі әскерлердің көтерілісін, ағылшын әскерінің Түркіменстан мен Бакуге басып кіруін, тіпті ағылшын барлау топтарының Александров портына келуін, түрік армиясының Әзірбайжанға басып кіруін, Бөкей ордасындағы, Орал мен Гурьевтегі, Хиуа мен Бұқарадағы оқиғаларды қазақтың зерек қызы арқылы біліп отырдық», – дейді башқұрттың әскери министрі.

Бұл өте қызықты әрі тағдырлы оқиға. «Айтыскер, ержүрек қыз кім, оның кейінгі тағдыры қалай қалыптасты. Алаш қозғалысы тұсында жауынгерлік тапсырмалар орындаған, өмірден ерте өткен Аққағыт (Аққағаз-? – Т.Ж.) Доспанова кім? Ұлтымыздың тәуелсіздігі жолында күрескен «Алаштың» батыр арулары да ұмытылмауы тиіс. Тарихи шындық сонда ғана қалпына келеді. Өкінішке орай батыр қыздар туралы деректер мәңгілікке із-түссіз сіңіп кетті ме деген қауіп бар. Мүмкін Ә.Жангелдиннің «қызыл керуеніне» қатысты құжаттарда аты аталып қалуы ғажап емес.

Жалпы түркі тектес халықтардың тәуелсіздігі жолындағы саяси стратегиялық іс-қимылдарды реттеп, үйлестіріп, шешім қабылдауда 30-тамыз бен 7-қыркүйектің арасында Орынбор мен Самарада өткен Башқұртстан, Қазақстан, Түркістан үкіметтерінің мүшелері – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Қоқан үкіметінің төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев, сыртқы істер министрі (Қоқан үкіметінің) Мұстафа Шоқаев, Убайдулла Хожаев т.б. қатысқан мәжіліс ерекше орын алады. Онда осы үш үкіметтің негізінде «Оңтүстік-Батыс мұсылмандары федерациясы» құрылып, қазақ-башқұрт біріккен әскерін жасақтау жөнінде ұйғарым жасалды.

Сондай-ақ Социалистердің азаттық партиясының бағдарламасы түрік халықтарының талабына сәйкес келетіндіктен де, сол партияның айналасына бірігу көзделді. Мұны Әлихан Бөкейханов және оның жақтастары дерліктей қолдады. Оған өзбектер жағынан Низам Хожаев, Шолпан, Әбділхамит Арипов те қосылды. Ең бастысы:



кеңес өкіметі тарапынан қысымға ұшыраған түркі зиялылары Түркістанға шоғырлансын, қандай жағдай болса да күресті ешқашанда тоқтатпау керек, – деген ұйғарымға келеді.

Тергеу барысында қатты көңіл бөлініп, қадала сұралып, қазымырлана тексерілген жай – кеңес өкіметіне қарсы ашық майданға шығуы. Бұл туралы Әлихан Бөкейханов 1929 жылы 27 мамыр күні мәскеулік тергеушіге:



«Алашорданың құрылғанынан бастап тарқағанына дейінгі іс-қимылын жолдас Каширинге берген көрсетіндімде баяндап бергемін. Ал менің Валидовпен байланысыма келетін болсам, мен оны соңғы рет Уфадағы «Мемлекеттік кеңесте» көріп, сөйлестім. Онда біз өзіміздің дұшпанымызбен, ол дұшпанның ішіне, әрине, кеңес өкіметі де қосылады, қалай күресетінімізді талқыладық. Нақтырақ айтсам Дутовқа қарсы күресті талқыладық, кеңес өкіметі туралы арнайы әңгіме болған жоқ. Өйткені жоғарыда көрсеткенімдей, ол өз-өзінен түсінікті мәселе еді. Мен де, Валидов те солай түсінді. Біздің көтерген және ойластырған жоспарымыз жүзеге асқан жоқ, себебі, Уфа кеңесінде бекітілген ол үкіметті Сібір үкіметі тұтқынға алды. Бұдан кейінгі қалыптасқан жағдай бойынша, екеуара кездескеміз жоқ және байланыс та жасай алмадық», деп батыл жауап берді.

Мұндағы емеуірін танытып отырған оқиға – «Алашорда» үкіметі мен Башқұртстан үкіметінің кеңес өкіметіне қарсы біріккен майдан ашу мәселесі туралы өткен астыртын кеңес болатын. Кеңес өкіметі майданның аңысын аңдып, егер қызыл әскер жеңіске жете қалған жағдайда қазақ және башқұрт автономияларын мойындаудан бас тартуды көздеп отырғаны башқұрт және алаш қайраткерлеріне де аян еді. Сондықтан да әскер жасақтап, қару алып, майданға шықпаса, арлы-берлі сапырылысқан ақ пен қызылдар, атамандар мен партизандар қазақ халқын жусатып салатыны анық еді.

Ресейдегі әскери-саясаи жағдай шиеленісіп, Колчактың Сібір үкіметі, Самарадағы Құрылтай үкіметі өзара қақтығысып, большевиктерге қарсы күресті әлсіретіп алды. 1918 жылы 21 қарашада Колчак өзін Ресейдің билеушісі деп жариялады. Башқұртстан мен «Алашорданы» мойындаудан бас тартып, оларды таратып, көсемдерін ату жазасына кесу туралы бұйрық берді. Сондықтан да Башқұрт әскері мен «Алашорда» жасағы төрт жақты: Колчак үкіметі әскері, казак атамандары әскері, қызыл армия және жергілікті ұлт жасақтары (башқұрттар үшін – татар атқыштары, қазақтар үшін – Жангелдин мен Иманов жасағы) тарапынан қыспаққа түсті.

Сөйтіп, өте қиын жағдай қалыптасты. Франция, Англия, АҚШ, Жапония мемлекеттері Колчакты жақтап, ұлттық федерацияларды шеттетті. Енді төрт жақты қысымға түсіп, жазаға ұшырау қаупі шындыққа айналды. Азаттық үшін күрескен әскерді қырғынға ұшырату, не оның өзге амалын тауып, аман сақтап қалу мәселесін шешу керек болды. Бұл туралы Заки Валидов:



«Соған қарамастан «Алашордамен» бірігіп Ақтөбе майданындағы қарсыластарға соққы беруді тездетіп, түркістандықтардың қарулы күшімен қосылуды ойластырдық. Торғайда біздің Ғадельхан Ғабитов пен қазақ Ғазымбек Біржанов жанкешті еңбек етті. Темір жол арқылы байланыстың үзілуіне байланысты біз «Алашордамен» тек салт атты шабармандар арқылы хабарласып тұрдық. Оқиға сондай үрейлі жылдамдықпен дамыды. Біз дұшпанның төрт жақты: Самара мен Ақтөбе жақтан қызылдардың және Дутов пен Колчактың әскерінің қыспағында қалдық», деп еске алды.

Сондай құрсаулы қоршауда жүріп түркі тектес халықтардың үкімет мүшелерінің кеңесін өткізіп, Түркістаннан жасырын келген Мұстафа Шоқаевты жалпы түркістандық үкіметтің сыртқы істер министрі міндетін атқару мақсатында Гурьев арқылы шет елге жасырын жібереді. Ермолаевка селосындағы башқұрт, қазақ біріккен әскери кеңсесіне түскен барлау мәліметтері «майдан шебін өзгертуге» мәжбүр етеді. Бұл «Алашорда» үкіметінің де бағыт-бағдарын өзгерткен, «Алаш» автономиясының да, қазақ қоғамының да дамуына бетбұрыс әкелген оқиға еді.

Арпалысқан дүниедегі барлық саяси ағымды, әлеуметтік тартысты, әскери жағдайды қыр елі толық түсінбеді және олардың түпкі мақсаттары да беймәлім болатын. Сондықтан да қазақ халқының анархиялық күштердің арасында арандап қалу қаупі туды. Он алтыншы жылғы самодержавиелік жазалау саясатынан қатты зардап шеккен ел үшін дәл сол кезеңде дұрыс жолды табудың өмірлік мәні бар-тын. Бірі большевиктердің, бірі Колчактың, бірі Анненковтың, бірі Дутовтың қолындағы көкпарға айналып бара жатқанын аңғарып, Ахмет Байтұрсынов олардың бетін бітімге бұрды. Рулық тартыстың да қасіретін қыршын күнінен тартып өскен ол, «нағыз еңбек демократиясын» әлеуметтік теңдікке жетудің жолы деп ұқты және оны ашық мойындады.

«Төрт құбыладан» қадалған дұшпан қысымынан құтылудың жолдары талқыланған әскери кеңесте (оған «Алашорданың» атынан Сейдазым Қадырбаев қатысқан) мынадай халықаралық саяси оқиғалар анықталады: Бакудегі түрік әскері Ашхабадқа бет алыпты, ал ондағы ағылшын әскері Ауғанстанға шегінбек. Ауғандықтар ағылшындармен соғысу үшін кеңес өкіметінен қару-жарақ алмақ. Егер оқиға осылай дамыса, онда бұл – кеңес өкіметімен және олардың одақтасы Түркиямен, Ауғанстанмен, Үндістанмен соғысу, сондай-ақ Ресейдің жауы – ағылшындармен одақтасу деген сөз. Ал ол Ресей жағдайында мүмкін емес еді. Сондықтан да еріксіз кеңес өкіметін мойындаудан басқа амал қалмады.

Екінші себеп: Сібірдегі Колчак өкіметі де, Самарадағы Құрылтай кеңесі үкіметі де Башқұртстан мен «Алашорда» әскерін күшпен таратып, олардың жетекшілерін ату жазасына кесуге бұйрық шығарды. Сөйтіп, олардың Түркістанға қосылып, Түркия мен Германияның әскери көмегіне қол арту мүмкіндігінен айыруды көздеді. Бұл З.Валидовтың «Қатирасында»:

«Алашорда» үкіметі өкілдерінің әкелген хабары... Колчак пен оның одақтастары: ұлттық әскер мен ұлттық үкімет құруға қарсы жазалау әрекетіне көшкендіктен де, олар да еріксіз кеңес үкіметімен келісуге мәжбүр болыпты», – деп де көрсетілген.

Сол тұста «Алашорданың» Семейдегі Шығыс бөлімі оқшау қалып, қызылдар мен ақ гвардияшылардың, казак атамандарының және жергілікті орыс, қазақ большевиктерінің қыспағында бірде астыртын, бірде ашық әрекет етіп жүрген болатын.

1919 жылы 28 наурызда Торғай облысының әскери басшысы Токарев Ақтөбеден Ленинге:



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет