«Жанкелдиннің жеке нұсқауымен Торғай мен Ырғыздағы қазақтардың әскери адамдарымен үш айға жуық жүргізген келісімнің нәтижесінде: казактарға қосылып үнемі кеңес өкіметіне қарсы күресіп келген кадеттің жақтастары Бөкейханов – Байтұрсыновты Жанкелдин көндірді, олар «Алашорданы» тастап кеңес өкіметі жағына шығуға келісім берді. Соның кепілі ретінде Байтұрсынов Торғай уездік совдепінің төрағасы Қаралдиннің жолсеріктігімен Жанкелдинмен келісу үшін Шалқарға жүріп кетті. Егер олар шынымен кешірім сұраса, онда мұндай жағдайда не істеу керек. Аталған қарақшылардың дені қазақтардың арасында өте беделді интеллигенттер болып табылады. Оларды орталыққа шақырып, кеңес өкіметіне істеген қастандықтарын баспасөз арқылы мойындатса, игілікті болар еді. Жанкелдинге хабарладым», – деп жеделхат жолдады.
Бұдан кейінгі қалыптасқан саяси жағдайға (Мұндағы баяндалған оқиғалар мен аты аталған адамдардың «Алашорда» ісіне байланысты әрекеттері тиісті тарауларда сөз болатындықтан да, тарихи жағдайды толық түсіну үшін үзіндіні қысқартпай бердік) З.Валидов:
«Қазақстанның өкілдері қатысқан құпия келіссөзде кеңестер жағына шығудың шарттары тиянақты түрде талқыланды және ортақ мәмілеге келдік. Егерде Орынбор қызылдардың қолына көшсе, қазақ үкіметінің мүшелері қалада қалады, содан кейін бізбен бірге Москваға баратын болып шешілді. «Алашордалықтарға» біз Юрматы кантонының (ауданының – Т.Ж.) төрағасы Ғабдолла Ильясты жібердік. Біздің жоспарымызды түркістандық ұйымдарға жеткізу үшін Ташкентке өзіміздің құпия өкіліміз Әбділхамит Ариповты жібердік. Кейіннен ол Бұқара үкіметінің әскери министрі болды. 15 желтоқсан күні Уфадағы кеңес мекемесіне үкімет мүшесі Маулен Халықов пен Хайредтин Сейітовты аттандырдық. Кеңес армиясының қолбасылары біздің өкілдерімізбен келіссөз жүргізуге асықпады. 1919 жылғы 23-қаңтардағы хабар бойынша ... Түркия кеңес үкіметін мойындап, большевиктердің ішкі ісіне араласпайтындығын, 15 ақпаннан Стамболдың маңындағы Ханзада аралында келіссөз бастауға дайын екенін жариялапты. Уфа кеңесінің төрағасы Эльцин біздің шартымызды қабылдамады. Онда Башқұртстан: «... ішкі және экономикалық мәселелерді толық тәуелсіз шешеді, башқұрт әскері тек кеңес командованиесіне ғана бағынады, ішкі өмір сүру амалын өзі таңдайды, республикада коммунизм құрлысын орнату міндетті емес», – делінген. Алайда Ленин мен Сталин башқұрт армиясынан сескенгені сондай, келіссөздің аталған шарттарына қол қою туралы телефон арқылы бұйрық берді», – деп баға берді.
Келісім уақыты екі айға созылған. Осы арада З.Валидов тағы да бір тосын дерек келтіреді:
«1919 жылдың ақпан айының басында Құлғын ауылына Қазақстанның екі өкілі, аттарын ұмытып қалдым, келді... Ол екеуі Торғайдағы Ахмет Байтұрсыновтан хат әкелді. Онда: кеңес үкіметі жағына шығуымыздың қалай жүріп жатқанын сұрапты және олардың пікірінше: тек үкіметтің батыс бөлімінің ғана кеңес үкіметі жағына шығатынын, ал Шығыс Қазақстан бөлімі Колчак армиясының генералы Беловтың қармағында қалуға мәжбүр болып отырғандығын жазыпты. Мен Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановқа арнап хат жаздым. Мазмұнын өзім де ұмытып қалған бұл хат «Алашорданың» архивінде сақталып қалыпты, кейін қызылдар оны жариялады... Сөйтіп біздің қызылдар жағына шығуымыз қазақтармен келісілді. Бұл қазақтар үшін де өте маңызды болатын: өйткені әскердің кеңес жағына өтуі нашар ұйымдастырылса, онда олардың қырылып қалу қаупі бар еді. Сонымен қатар, егерде Москваға қазақтармен бірге барсақ, біздің позицияларымыз да мықты әрі келіссөздің табысты өтуіне де ықпал жасайтын», – деп жазды.
«Алашорда» үкіметінің кеңес өкіметімен келіссөзге барып, оны мойындауы, Алашорда» жасағының Орынбор мен Ор өңірінен шегінуі жөніндегі құжаттар біршама бар және онда үш үкіметтің де (Кеңес, Колчак, Алашорда) көзқарасы қамтылады. Олардың барлығы бұл оқиғаға тек кеңестік идеология тұрғысынан баға берді. Оның басты себебінің бірі, дәлелге жүгінетін құжаттардың жария етілмеуі еді. З.Валидовтың «Қатирасы» мен «Түркістанның қазіргі (таяу) тарихы» атты монографиясы бұл оқиғаларды өзгеше көзқараспен бағалауға негіз қалайды.
Өзінің «Қатираларында» Зәки Валидов 1921-22 жылдары қайтадан қозғалған бір мәселені еске алады. Ол – барлық түркі тектес халықтарға ортақ жаңа саяси партия құру мәселесі. Бұл идея кейін түркістандық қайраткерлер тұрғысынан да қолдау тапты, бірақ олардың идеясы да, мақсаты мен міндеті де, құрылымдық жүйесі де заман ағымына қарай өзгерген еді. Ал оның алғашқы негізі 1918-19 жылдары қаланыпты. Оған З.Валидов:
«Кеңес өкіметі жағына шықпас бұрын саяси күштерді біріктіру мақсатында коммунистік партиядан өзге, социалистік партия құру мәселесімен айналыстық. Бастапқыда оның теориялық тұғырнамасын жазумен Ильяс Алкин айналысты. Ол азат социалистік партия аталуы тиіс еді. Бұл туралы қазақ жетекшілеріне хабарлай отырып, оларға: «Алаштың» неосоциалистік қоғамдық-экономикалық платформасының негізінде Қазақ социалистік партиясын құруды ұсындық. Бағдарламаны біз әзірледік. Оның бір данасын қазақтарға бердік. Кейіннен бұл бағдарлама (1926) Прагада жарық көрді... Біз партия мәселесімен шұғылданып жатқанда майдандағы оқиғалар да тез өзгере бастады. 21-қаңтар күні Орынбордың шетіндегі мекендер де, Ор қаласы да қызылдардың қолына өтті. Біз толықтай қоршауда қалдық...», – деп куәлік етеді.
Демек, ұлттық партия құру мәселесі 1919 жылы талқыланған. Ташкенттік ұйым Бұқарадағы З.Валидовпен байланыс жасауға ұмтылғанда, осы жобаны жүзеге асыруды ойластырған. Ал оның платформасының 1926 жылы шетелде жариялануы тергеудегілердің алдынан шыққан. Бұл Голощекиннің:
«Алашордашылардың» шетелмен байланысы бар. Дәл қазір Валидовпен бірігіп большевиктерге қарсы партия құрған астыртын ұйым әшкереленіп отыр», – деуіне себепкерлік етті.
Астыртын күрестің өз заңы бар. Оның әр іс-әрекеті де астыртын болуға тиіс. Ал саяси бедел жинау үшін дұшпаныңның қол астында қалған әріптестерін әшкерелейтін құжатты жариялау – оларға өлім жазасын кесумен бірдей еді. Өкінішке орай солай болды да.
1919 жылы 18 ақпан күні таңғы сағат 10-да башқұрт әскері майдан шебін қарусыз аттап, «өз еркімен» беріліп, соңғы рет әскери шерумен қызыл командирлердің алдынан өтті. 20-ақпан күні қызыл жұлдыз қадап, бірден майданға аттанды. Ұлты үшін басын шаһиттікке атаған ұландар енді «коммунизм үшін» өлімге бет бұрды.
Ал бұл кезде «Алашорда» жасағы алғы шепте соғысып жатыр еді. Қысталаң да қатерлі күндерде қасында болған Әлиханның туған інісі Смахан Бөкейханұлы:
«1919-жылдың басында қызылдар келді. «Алаш» әскерінің бастығы, найман Қази деген жігітті март айында атты. Апрельдің басында қызылдар қашты. Марттың 24 күні Сталин Әлекеңді «прямой проводқа» шақырды:
– Біз Мәскеуді алдық. Қазақ автономиясы қайырлы болсын, өзің кімсің?, – деді.
Сонда қазақтар үлкен Семейде Жұмеке Оразалин дегеннің үйіне жиналып кеңесті. Сонда Әлекең айтты:
– Қару-жарақсыз нашар елміз ғой. Сталинге: сенімен біргеміз дейік, – деді.
Халел Ғаббасұлы, Райымжан Марсекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Биахмет Сәрсенұлы:
– Атамандар көп, Дутов, Семенов, Корнилов, атаман Анненков бар, бұлар қызылдарды қуады. Сталиннің керегі жоқ, – деп көнбеді.
Әлекең үндемеді. Мұхамеджан Тынышбайұлы, Әлімхан Ермекұлы екі жаққа да қосылмай қалды. Имамбек Тарабайұлы о да үндемей қалды. Шәкәрім Құнанбайұлы:
– Оқығандар өздерің біліңдер, – деді», – деп мәлімет береді.
Кеңес өкіметі жағына шығуға бойсынған Ахмет Байтұрсынов пен Байқадам Қаралдин Орынборда Заки Валидовпен жолығып, Кремльге аттанды. Москвада Сталинмен күнбе-күн кездесіп, ең соңында Лениннің қабылдауына пұрсат алды:
«Ленин – диктотар, бірақ тиран емес» екен (З.Валидов).
Екінші тарау: ЕР ЖЕГІСІ
1.
Аса қиын тарихи зобалаң тұсында «Алашорда» үкiметi кеңес өкiметiн, ал кеңес өкiметi «Алашорданың» автономиялық құрылымын мойындады. Бұл екі жақ үшін амалсыздықтан туған саяси таңдау едi. Сондай тығырыққа тiрелiп тұрған шақта кеңес өкіметі Ахмет Байтұрсынов пен Әлiби Жангелдинді қазақ өлкесiн тең дәрежеде билейтiн революциялық комитеттiң өкiлi етіп тағайындады.
1917 жылы 2 қарашадағы «Россия халықтары праволарының декларациясы» мен 1917 жылы 20 қарашада жарияланған «Россияның және Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» арналған Үндеуде:
«1. Россия халықтары тең праволы және суверенді. 2. Россия халықтары бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет құруға дейінгі еркін өзін-өзі билеуге құқылы. 3. Ұлттың және ұлттық-діни артықшылықтар мен тежеу біткендердің бәрі жойылады. 4. Россия территориясын мекендеген ұлттардың және этнографиялық топтардың еркін дамуына жол беріледі», – деген бұқпантай уәде берілді.
Бұл сол кезде аса үлкен территорияны алып жатқан Ресей империясына қарайтын аз ұлттардың назарын өзіне аударып, оларды кеңес өкіметін мойындауға мойын бұрғызды. Оған барлық ұлт өкiлдерi сендi. 1919 жылдың 24 шілдесінде Ахмет Байтұрсынов Лениннің қолымен:
«Халық Комиссарлар Советінің 1919 жылғы 24-шілде күнгі мәжілісінің қаулысы бойынша Ахмет Байтұрсынов жолдас қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшесі боп», – бекітілді.
Осы бекіту арқылы қазақ интеллигенциясы өзiнiң белгілі бір ұлттың мүддесін қорғайтын саяси күш екендігін мойындатты. «Алашорда» үкiметiнiң қайраткерлерi жауапты мемлекеттiк қызметтерге қойылды, барлық губерниялар мен уездердiң басы-қасында болды. Соның нәтижесiнде ұлттық-коммунистiк мүдденi қатар ұстап, мемлекеттік қызметті өзара сәйкестендiре жүргiзген қайраткерлер шықты. Сөйтіп кеңес өкiметi тұсында да ұлт азаттық идеясы тарихи сынақтан өттi. 1919 жылдың 9 желтоқсаны күні А.Байтұрсынов тағы да Лениннің қабылдауында болды:
«Желтоқсан, 9-нан кейін, 1919 ж., Ленин Кремльде Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық кеңестің төрағасы С.С.Пестковский мен Әскери-революциялық кеңестің мүшесі А.Байтұрсыновты олардың өтініші бойынша қабылдады: Пестковскийдің өлкедегі шаруашылық және саяси жағдай туралы, саяси-ағарту жұмыстарындағы қиындықтар туралы баяндамасын тыңдап: оған бірнеше мазмұнды баяндама дайындап, оны қазақ тіліне аударып, граммофон табақшасына жазып, көп мөлшерде граммофон алып, оны табақшаға қосып көшпелі қыр еліне тарату туралы кеңес берді; сондай-ақ көшпелілердің малын кедейлерге бөліп беру туралы саясатты жүзеге асыруға асықпауды ұсынды».
Кеңес өкіметі жағына шығудың басты шартының бірі – «Алашорда» үкіметінің қайраткерлеріне кешірім жасау (амнистия) туралы 1919 жылдың 27 қазаны күні мақұлданған қаулының жобасы жеті айдан кейін жарияланды.
Бұл арада қазақ ұлтының тағдыры ғана емес, бүкіл дүние жүзінің картасы өзгерді. Ескі империялар құлап, жаңа империялар мен мемлекеттер пайда болды. Бүтін дүние екіге бөлінді.
1920 жылы 15 сәуірде қазақ өлкелік Әскери-Революциялық комитетінің органы «Известия Киргизского края” газетінде Ахмет Байтұрсыновтың «Ашық хаты» басылды. Хаттың алдына әскери-революциялық комитеттің атынан «В.М.Т»-ның (автордың нақты есімін ажырата алмадық – Т.Ж.) түсінігі берілді. Біз сол кездегі әскери-саяси жағдайдан, екі жақтың да ұстанған бағытынан хабардар ету үшін редакциялық түсінікті де, ашық хатты да толық келтіреміз.
«Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» «Известия Киргизского края». №16. Бейсенбі. 15 сәуір. 1920 ж. Қазақ Өлкелік Әскери Революциялық комитеттің органы. Күн сайын шығады. Ред. адр. Конт. Оренб. Совет №10. Ерікті халықтардың еркін одағы жасасын!
Біз төменде Қазақ өлкелік Ревкомының және Бүкілроссиялық Орталық Атқару комитетінің мүшесі Ахмет Байтұрсыновтың Россия Коммунистік партиясына мүше боп кіруі туралы өтінішін жариялап отырмыз.
Жолдас Ахмет Байтұрсыновты мұқым дала біледі. Өз халқының көсемі, қазақ халқының аса ірі қоғам қайраткері және әдебиетшісі болған бұл есім әрбір қазаққа жақсы таныс. Соңғы ондаған жылдардың ішіндегі қазақ халқының қоғамдық ойының дамуындағы барлық саяси қозғалыс Байтұрсыновтың есімімен тікелей байланысты. Ол бейбіт ұлтшыл либерализмнен бастап Октябрь революциясы мен Совет өкіметін тануға дейінгі саяси даму сатысының бәрінен де өтті. Ол ұзақ толқудан және өзімен-өзі күресуден кейін қазақ ұлтшылдығын тастап, халықаралық коммунизм жағына шықты.
Бұл біздің партиямыздың аса ірі жеңісі және қазақ арасындағы біздің ықпалымыздың үздік үлгісі. Совет өкіметі қазақтардың арасына күштеп енгізілуде, бұл арада коммунизм мен социализмге мүлде орын жоқ – деп сендіретін адамдар да болды, әлі де бар. Біз үнемі қазақтардың оны мойындауға дайындығы әлсіз деп ойлап келдік, бірақ та, оларды құрып кетуден құтқаратын бірден бір жол – Совет өкіметі екені туралы біздің көзқарасымыздың дұрыстығына, біздің партиямыздың ықпалының өсіп келе жатқанына және қазақтар арасындағы коммунизмнің күн сайын қанат жайып келе жатқанына – оның аса ірі идеялық қарсыластарының бірінің өз жолынан тайып, біздің қатарымызға кіруі ең үлкен дәлел бола алады. Бір кездегі қазақ ұлтшылдарына құбыжық боп көрінетін большевиктер партиясына Байтұрсыновтың ашықтан ашық кіруі – қазақтардың мұқым ұлтшылдық қозғалысындағы ірі бетбұрысты байқататын, қазақ халқының ғасырлар бойғы тоналу мен езгіден құтылатын жолы – ұлтшылдықта, өз ошағының күйбеңін күйттеуде емес, керісінше, коммунистік партияның туы астында күресіп жүрген пролетариатпен толықтай сіңісіп кетуде екендігін түсінгендігінің озық үлгісі.
Әрбір қазақ Байтұрсыновтың хатындағы әр сөзді ынта қойып оқысын, Байтұрсыновтың коммунистер туралы пікірін әрбір қазақ, тіпті жауларымыздың бізді халықтың көзіне тонаушы, зорлықшы және бұзақы ретінде суреттеуіне сеніп, әлі де үрейлене қарайтын көптеген басқа қазақтар да білсін. Коммунист-большевиктерге Байтұрсыновтың да дәл осылай қарап, олардан қорқып, Совет өкіметіне ашық қарсы шыққан кезі болған. Бірақ та көп ұзамай өз халқы үшін іздеген шындықты, бостандық пен әділеттілікті Колчак пен орыс буржуазиясынан таба алмайтынына оның көзі жетті, шындық Совет өкіметінде екенін көріп, өзі де сол жаққа шықты. Бұл арада ол коммунистермен жақын танысып, біліс болды және өзінің жазғанындай, езілген халыққа толық бостандықты тек коммунистер ғана бере алатынына іс жүзінде иланды. Міне, енді ол қазақтың еңбекші халқын осы партияның программасының туы астында біріктіру үшін коммунистік партияның қатарына өтті.
Қазақ коммунистерінің қатары тағы да бір аса ірі күрескермен толықты. Бұл – толқып жүргендерге, бәрінен де бұрын, қазақ халқының арасындағы коммунистік ықпалдың күшеюін халыққа қатер төнді деп есептейтіндерге үлгі болуы тиіс. Біз өз жауларымыздың көзін тек күшпен ғана жоймаймыз, керісінше, идеямыз арқылы көбірек жаулап аламыз. Байтұрсынов ж. Коммунистік партияның қатарына кіруі, оның қазақ арасындағы үлкен идеялық жеңісі болып табылады. В. М. Т.»
Шындыққа жүгінсек, кеңес өкіметіне бұдан артық көмектің керегі де жоқ еді. Сондай-ақ «бүкіл қазақ даласының көсемі» – бұл шешімді қазақ даласы Колчактың, Анненковтың, Дутовтың, Семеновтың қанды шеңгелінде жатқан тұста қабылдауға мәжбүр болғанын ескерте кетеміз. Ұлттың тағдыры сондай тығырыққа тірелген тұста Ахмет Байтұрсынов өзінің таңдауын жариялады.
«Орынбор Р.К.П (большевиктер) комитетіне жолдас Ахмет Байтұрсыновтың мәлімдемесі.
Ғасырлар бойғы қанауда болған қазақ халқын азат етудің жолдарын ұзақ уақыт іздестіре келіп, мен төмендегідей шешім қабылдадым:
1. Адамзаттың барлық езгіге ұшыраған бөлігімен, яғни әлемдік революциямен, әлемдік федерациямен бірге азаттық алғанда ғана, қазақ халқы бақытқа бөленеді.
2. Оны – өзінің алдына таптар мен ұлттарды толықтай азат етуді мақсат етіп қойған, ішінара ісімен де жүзеге асырып жатқан большевиктердің интернационалдық коммунистік партиясынан басқа ешкім де істей алмайды.
3. Нағыз еңбек демократиясына жетудің қажетті сатысы – адамзаттың еңбекші табының яғни пролетариаттар мен орташа пролетариаттардың саяси және экономикалық толық билігі мағынасындағы диктатурасы болып табылады.
4. Бір ғана жағдайда, егер де адамзаттың еңбекші табының ұйымдасқан аса үлкен тобы саналы түрде қолдаса ғана, бұл диктатура орнығады және барлық адамзаттың мүддесі үшін қызмет істей алады, сондықтан да осы программаның туы астына қазақ халқының да бірігуі қажет.
5. РКП-ның ұлттық қарым-қатынастар саласындағы программасын, сондай-ақ ұлттардың бөлінуі туралы дискуссияның қорытындысындағы жолдас Лениннің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған РКП Орталық Комитетінің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса ғана, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін толық қанағаттандырады.
Жоғарыдағы айтқан пікіріме сәйкес, мен Россия коммунистік большевиктер партиясы қатарына кіруге, оның жалпы программасын жүзеге асыруға, ішінара шығыс мәселелеріне іспен көмектесуге бекіндім, сондықтан да комитеттен мені РКП мүшелігіне қабылдауды өтінемін.
Ахмет Байтұрсынов. 4 сәуір. 1920 жыл”.
Саяси қайраткер бұл шешімдердің оңайшылықпен орындалмайтынын және сол үшін күресетінін де ашық білдіріп:
«…Лениннің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған РКП Орталық комитетінің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса ғана, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін қанағаттандыратынын», – ерекше ескертеді.
Қазақ халқының “езілген ұлт ретіндегі мүддесі”, тіпті, қоғамдық формациядағы айырмашылықтарының барлығы ескеріліп, «дұрыс қолданылса» ғана, қазақ халқының бақыты ашылады – деп сенгендіктен де және қазақ халқын қырғыннан сақтау үшін кеңес өкіметін мойындауға мәжбүр болды. Мұндай аса жауапты кепілдікті ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов терең түсінді. Сондықтан да ұлттың мүддесін ар-ұятындай қорғады.
Алайда, 1919-1921 жылдары Ресейдегi ұлттық федерация мен жер мәселесi қозғалған тұста «Алашорда» қайраткерлерi мен большевиктердiң көсемдерiнiң арасында үлкен қарама-қайшылықтар туындады. Барған сайын жiгi ажырап, арасы ашылып бара жатқан қарама-қарсы екi күш қалыптасты. Азамат соғысы кезiнде мәмілеге келгенiмен де, мемлекеттiң iшкi саясатына тiкелей араласқан тұста олардың ымыраға көнбейтiнi айқындала бастады. Мұның басты себебi, бұл екi саяси бағыттың қалаған iргетасы мен түпкi мақсатының бiр-бiрiне мүлдем кереғарлығы едi.
Отарлау саясатының түпкi пиғылы – ұлттық танымның тамырын ұлы империялық апиынмен суару. Сөйтiп ең қасиеттi сезiмдердi жалған идеологияның жемтiгi ету. Азаматтық ақыл-ойдың даму тарихында мұндай қаскүнем саясаттан ешқандай мемлекеттiк құрылым бас тартқан емес. Әлемдік әлеуметтiк теңдiктi орнатуға ант берген социалистiк жүйе бұл ретте бәрiнен де асып түстi. Ол – ұлт атаулыны, ұлттық тарихты, ұлттық сананы тап жауынан да бетер жек көрдi. Билiк жүйесiндегi барлық тетiктi соған қарсы қойды. Ұлт мүддесi – жаудың мүддесi есебiнде танылды. Ұлттың iшiне iрiткi салды, жаппай жазалаудың ең қатыгез жолын тапты. Өйткенi бұл пиғылдың барлығы да Роза Люксембургтiң:
«Капитализмнiң тұсында ұлттың дербес өмiр сүруi, ұлттың өзiн-өзi билеуi мүмкiн емес, ал социализмнiң кезiнде ол тiптi басы артық мәселе», – деген әйгiлi қастаншықпағыр қағидасының негiзiнде жүргiзiлдi.
Смольный мен Кремльде дербес бөлмесi де болмаған Сталин басқарған ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариаты iс жүзiнде декларацияға көпе-көрнеу қарсы бағытта жұмыс жүргiздi. Лениннiң қатаң ескертуiне қарамастан ұлы орыстық-большевиктiк саясат өрши түстi. И.Сталин 1918 жылы 28 наурыз күнгi «Правда» газетiнде жарияланған «Империализмге қарсы» атты мақаласында:
«Өмiрдiң өзi көзiн жоғалтуға үкiм шығарып қойған федерациялық Ресей мәселесiн күн тәртiбiнен сызып тастау керек... (Бұл) Россияны федерациялық құрылымға айналдыру үшiн аймақтарды өзара байланыстырып тұрған экономикалық және саяси тiзгiндi қию деген сөз, бұл ақылға симайды әрi дұшпандық әрекет. Ресейдегi империализм ұлт мәселесiн шешуге дәрменсiз, шеше де алмайды, сол сияқты Ресейдегi федеративтiк құрылым да ұлттық мәселенi шешпейдi, шешуге де мүмкiндiгi жоқ, ол тек өзiнiң жарыместiк (донкихоттық – Т.Ж.) түртпектерiмен тарихтың дөңгелегiн керi айналдыруға тырысқандық, сөйтiп әбден шатастырады... Жарым-жартылай ғана жасаған өтпелi өткел – федерация мәселесi, демократияның мүддесiн қанағаттандырмайды», – деп ашық мәлiмдеген болатын.
Азамат соғысы жылдарында ақтарға қарсы одақтастардың бәрi де кеңес өкiметiне «жолдас» болды. Қазақ даласы тек әскери революциялық комитеттiң өкiмi мен үкiмiн мойындады, соны зор қанағат тұтты. Ал бейбiт майдан басталған кезде кеңес өкіметі жалаң, тұрпайы әлеуметшiл ұраннан өзге ешқандай әкiмшiлiк жаңалық әкелмедi. Пролетариат диктатурасын, жұмысшы өктемдiгiн желеу етіп, мемлекеттiң атынан өкiлдiк жүргізетін, ешқандай әдеп, салтқа бойсұнбайтын бейбастақ, можантопай тобырлар қолындағы қарумен үрей септі.
Кәсiбi, ұлты, дiнi, тiлi үшiн, ең аяғы iстi ұқсата бiлетiндігі үшiн қазақ зиялылары жаппай жазаға тартылып, дар ағашының түбiне жиылды. Можантопайлар мемлекет құрылымына араласқанда істі неден бастарын бiлмей дағдарып қалды. Ақыры патшаның билiгi тұсындағы үйреншiктi тәсiлге көшiп, ұлы орыстық өктемдiктi саясат ретiнде ұстанды.
Осыған назаланған А.Байтұрсынов 1920 жылы 17 мамыр күні «Кеңес өкіметінің қазақ зиялыларына сенімсіздігі туралы» хат жазды.
А.Байтұрсынов: «Қазақ ревкомының құрылғанына 1 жыл өтті. Ревкомның он айлық қызметінің нәтижесіне келсек, онда ол іске кіріскеннен бері ештеңе де тындырған жоқ. Ревкомның қызметінің өнімсіздігіне көптеген себептер бар, бірақ ең басты себеп екеу:
1) Қазақ өлкесін басқаруға қойған орталықтың адамдарында белгілі бір көзқарас болмады, соның нәтижесінде белгілі бір жұмыс жоспары да болған жоқ, мұның басты себебі, орталықтың өзінде «Ресей халықтарының құқықтары жөніндегі декларациясы» мен РКП(б)-ның басты нұсқауынан басқа қазақ өлкесінің әлеуметтік ерекшелігі мен қазақ мәселесі туралы белгілі бір көзқарастарының болмағандығында.
2) Сондай-ақ орталықтың өкілдері мен тұрғындардың арасында өзара сенімнің жоқтығында.
Патша үкіметі тұсында бұратаналардың ішінде қазақтан асып ұлттық қанау мен езгіні көрген халық болған емес. Ұлттық қанау ұлттық намысты оятпауы мүмкін емес. Езілген ұлттың қанаушы ұлтқа деген жеккөрініші мен ызасы үнемі есінде тұрмаса да, олардың қанаушы ұлтқа деген күдікті сезімі жойылып кетпейді. Орыстардың өзіне деген өзгеше көзқарасына шын мәнінде көзі жетпесе, қазақтар оларға үнемі сенімсіздікпен, жеккөрінішпен қарайтын болады. Ғасырлар бойы қазақтарды қанап, зорлық-зомбылық көрсетіп келген орыс пролетариаты өздерін: олардың мойнына мініп алып, сүліктей соратын, зорлықшыл патша шенеуніктерінің орынын басқан жаңа зұмагер емес, шын мәнінде езілген ұлтты еркіндікке жеткізуші екенін іспен көрсетуі тиіс.
Ал қазір жергілікті коммунист жолдастар: қазақтар ештеңені түсініп жарытпайды – дегенді сылтауратып, қитұрқы саясатқа көшіп отыр. Қазақ еңбекшілеріне кеңестік бағыттағы жаңа өмірді орнатуға бауырластық тұрғыдан көмектесудің орнына, әр түрлі көз бояушылықпен өзінің өктемдігін жүргізіп отыр. Тек өзін: «коммунист-интернационалистпін» деп атын өзгертумен орыстар, ғасырлар бойы патша үкіметінің қитұрқы саясатын көріп келген орыс емес ұлттардың сеніміне кіре алмайды. Қазақта: «Сары орыстың бәрі орыс», – деген мәтел бар...
Орыс пролетариаты қазақтарға қарата жүргізген саясатында екі жолдың біреуін ғана таңдауы тиіс. Олар: не өзін патша губернаторлары мен диктат генерал-губернатордың орынына қойып, өктемдігін күшпен жүргізіп, сөзсіз бағынуды талап етуі тиіс, немесе қазақ еңбекшілерінің сеніміне кіруі тиіс. Бірінші жол түсінікті әрі таныс, әр түрлі патшалардан қалған жол. Екінші жол – біраз күрделі әрі түсіністікті қажет етеді. Оның есесіне, бірінші жолды таңдаған жағдайда, кеңес құрылымы құмның үстіне салынады, екінші жолды таңдаса, онда, жаңа қоғамның іргетасы берік қаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |