Бірнеше күннен кейін Байтұрсыновтың, Бөкейхановтың, Сәрсеновтің Валидовке жазған хатын алып мен де Ташкентке келдім. Ташкентте Дулатовпен, Халел Досмұхамедовпен жүздестім. Солар арқылы бізден бұрын Бірімжановтың Валидовпен кездесіп келгенін білдім. Ташкентте астыртын ұйымның бар екенінен хабарым мүлде жоқ еді, кімнің үйінде екені есімде жоқ, тек бір рет кездескенде: Валидов Бірімжановқа ашылып ештеңе айтпауы мүмкін, арнайы хат апаратын әрі одан көрі тәжірибелі маған ойын ашық айтуы мүмкін, – деген пікір айтылды, сөйтіп менің Бұқараға баруым керек деп шештік. Онда Әділев, Досмұхамедов, Есполов, Бірімжанов болды”.
Хайретдин Болғанбаевтің өзге жауаптарының негізгі өзегі осы. Бөкейханов, Байтұрсынов мойындамаған не «мән бермегенсіп қараған» бұл оқиғаның шындыққа жанасымы қандай? Тергеу жауаптарының өзге адамның қолымен жазылуына қарап, Д.Әділевтің өзін-өзі қайраткер ретінде көрсетуге тырысқан қисынсыз да жүйесіз жауаптарымен сәйкес келсе де, бұл мәселеге орай: Х.Болғанбаевқа қоқан-лоққы көрсетіп, мәжбүрлеп айтқызды ма, – деген күдік ұялаған еді. Сондықтан да жиырма жылдан астам уақыт бұл айғақтарды жария етпей келіп ек. Тергеу ісімен үстірт танысқандар, не өзге мәліметтерге сүйеніп пікір қорытушылар бұл жағдайды әр қисында түсіндіріп жүр. Біз төрелік айтпаймыз. Тек тергеушіге берілген жауаптарды іріктеп, тарихшылардың назарына ұсынамыз.
З.Валидов желтоқсанда Бұқарада өтуге тиісті құрылтайға қатысу үшін Қарақұмды кесіп өтіп, Шарсу арқылы Бұқараға келеді. Негізгі мақсатты – Бұқара, Хиуа, Түркістан, Түрікменстан, Қазақстанның өкілдері бас қосқан осы құрылтайда «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясын құру еді.
Міне, «Алашорданың тергеу ісіндегі» басты мәселенің бірі де сол құрылтайға кімдердің қатысқанын анықтау еді. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Ғазымбек Бірімжанов, Хайретдин Болғанбаев сияқты алаш арыстары тергеу барысында өздерінің Заки Валидовпен астытын байланысы барлығын жоққа шығарады. Әр түрлі қисында жауап қайырады. Тек Х.Болғанбаев қана оқу-ағарту комиссариатының тапсырмасымен оқулық бағдарламасын түзу мақсатында барғанын, Ғазымбек Бірімжанов «Аштарға көмек» комиссиясының тапсырмасымен қаржы жинау мақсатында іссапарға шыққанын айтады.
Ал Дінше Әділев Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың жеке тапсырмасын орындағанын баса көрсетеді. Бірақ қандай тапсырма екенін нақтылап айта алмайды. Бұқараға барғандардың ішінде Ғ.Бірімжанов пен Х.Болғанбаев «Алашорданың» өкілетті құзырына ие болған және құпия хатты жеткізген сол екеуі деп сеніммен айтуға болады. Х.Болғанбаевтің куәлігіне «Алашорданың» мөрі басылғанын, өзінде ондай құқық болмағанын Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде атап айтады.
Сонымен, «Алашорда» қайраткерлері мен Түркістан, Бұқара, Хиуа республикаларының арасында ынтымақты саяси байланыс болған. Өзінің жасырын өкілдерін жіберу арқылы «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысының заңды мүшесі ретінде тіркелген деп есептеуге толық негіз бар.
З.Валидов құрылтайға: «Қазақтардан «Алашорда» мүшелері мен түрікмен оқығандарын шақырдық. Олардың өкілі келгенше Бұқараның солтүстігіндегі Харгос деген ауылда (Бұқара) әмірі жасақтарының бірі, бір байдың үйінде тұрдық. Бұл үйді үкімет тартып алған екен. Башқұртстан әскерінің полковнигі Хейбетуллах Сүйіндіковтің ұйымдастыруымен Еухади Ишмурзин, менің көмекшім Ибрахим Ысқақов және бірнеше офицер Бұқара армиясының жауапты қызметтеріне орналасты. Қаршы, Шахрисабз, Нұр, Гузар, Кермине әскери жасақтары сллардың қолында болды. Бұлардың бәрін Ариф тағайындады. Біздің мақсатымыз – орыстар ұлттық әскердің құрылуына қарсы шыққан жағдайда, не құрыла бастаған армияны таратқан жағдайда басмашылармен бірігіп, соғыс ашу болатын. Алайда ұлттық мүддені басмашыларға түсіндіру керек еді. Бұл мәселені ташкенттік, ферғаналық достарымыз жақсы қолға алды. Бұқаралықтармен, өзбектермен жұмыс жасау оңай емес еді. Себебі бұқаралықтар мен ташкенттіктер өзара келісе алмайтын, әрі өзбектер арасында орыс мектебінен тәлім алған қазақтарға «миссионер» ретінде қарайтын басым топ бар болатын. Біз – бұқаралықтармен, өзбектермен, түрікмендермен және қазақ өкілдерімен Харгоста және Әмірдің «Ситаре Мах Хасса» сарайында қалай астыртын жиналатынымызды, ұйымдастыру жұмыстарын қалай өткізетінімізді және Ұлттық Орталықтың бағдарламасын талқыладық. Нәтижесінде, Өзбекстандағы діни бағыттағы «Жадитшілдер» мен социалистік «Ерік», қазақтардың «Алаш» партияларымен бірігіп мен ұсынған жеті тармақтан тұратын Ортақ бағдарлама қабылдадық: 1. Тәуелсіздікке жету; 2. Демократиялық мемлекет орнату; 3. Ұлттық армия құру; 4. Экономикалық басқару құрылымын орталықтандыру: темір жолдар мен қазба арналарды (каналдар) Түркістанның ұлттық меншігі деп жариялау; 5. Оқу-ағартуды жүйесін жаңарту және орыстардың ықпалынсыз батыс мәдениетімен тікелей байланыс жасау. 6. Ұлт мәселесі жөнінде: мектептерді және мемлекеттің табиғи байлығын мемлекеттегі ұлттардың үлес салмағына сәйкестендіре бөлу; 7. Толық діни еркіндік, дін істерін мемлекет ісімен араластырмау.Қазақтар Діншені өкіл етіп қалдырып, елдеріне қайтқан соң, соңынан келген «Жадитшілдер» мен «Ерік» партияларының жеке-жеке бағдарламалары қабылданды. Бұл – Бұқарада бас қосуымыздың негізгі нәтижесі еді...», – деп еске алады.
Тергеудің жалғасында алдыңғы жауаптардан туындаған сұрақтар қойылып, нақтылана түскен. Назар аударарлығы бұл жауаптарда алдыңғы көрсетінділерді жоққа шығаруға ұмтылыс байқалады. Мысалы, кейінгі көрсетінділерге сүйенсек, Байтұрсыновтың Валидовқа жазылған хатқа мүлдем қатысы жоқ боп шығады, тіпті, ол хаттың жазылған – жазылмағаны да анықталмайды. Тек Болғанбаевтың қызметiне қайтып оралмауы ғана iлiкке – себеп болуы мүмкiн, оның өзi де соттың үкiмiне емес, әкiмшiлiк шараға лайық деген уәж білдіреді. Іссапардың қаржысын (егер пайдаланған болса) мекеме өндiрiп алуы тиiс.Тергеушілер осыдан кейін хат иесін Бөкейханов пен Дулатов етіп көрсеткісі келген сыңай танытады.
«Азамат Болғанбаевтың тергеудегі қосымша жауабы. 23/YI.29 жыл.
Сұрақ: Ташкентке барар жатқаныңызда сіз Бөкейхановтың Дулатовқа не басқа адамға жазған хатын апардыңыз ба, жоқ па?
Жауап: Ташкентке бара жатқанымда Бөкейханов Дулатовқа хат беріп жіберді ме, жоқ па, ол жағы есімде қалмапты. Бөкейхановтың Дулатовқа хат бергені тіпті ойымда жоқ”.
Ал Ә.Бөкейханов: «Уфадағы кеңестен кейін Валидовпен қандай да бір байланыс орнатты дегенді үзілді-кесілді жоққа шығарамын: оған Болғанбаев арқылы сәлемдеме жібергенімді де, немесе басқа бір жолмен одан-Валидовтен хат алғанымды да жоққа шығарамын», – деп мәлімдеді.
Қосымша жауабында Х.Болғанбаев: « 1. Бұқараға баратын мандатты кім жазды, оны білмеймін. Бөкейханов, Байтұрсынов, Биахмет Сәрсенов берген мандатта ешқандай жасырын тапсырма жоқ, менің „Алашорда” атынан барғанымды сендіру үшін ғана жазылған. Тапсырма: Валидовтің қандай жоспары бар, соны біліп келу ғана болатын. Ескі таныстарының атынан келгендіктен де Валидов маған сенді. Бір башқұртпен бірлесе жұмыс істеу туралы айтты. Ол адамның кім екенін де білмеймін, атын да ұмыттым. Валидов кейін қайда кетті, басмашыларға кетті ме, жоқ Мәскеуге кетті ме, ол жағын да білмеймін. 2. Партия мектебінің оқытушысы Жұмабаевпен жалпыға ортақ мәселе жөнінде сөйлесіп жүрдім. Астыртын әдеби үйірме жөнінде ешқандайда әңгіме естіген емеспін. 3. Әділевке 1926 жылы қазақ театрының директоры болып тұрғанда бір қысқа хат жаздым. Одан қысқа ғана жауап алдым», – дейді.
1988 жылғы Қазақ ССР жоғарғы сотының анықтамасынан: «Омаров, өзiнiң 1921 жылы Орынбордағы совпартшколдың оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi болғанын, сол кезде Болғанбаевтың сонда оқытушы боп iстегенiн айтты. Сол жылдың көктемiнде Болғанбаев одан Ташкентке командировкаға баруға рұқсат сұрайды, бұл келiсiм бередi. Бiрақ та оның ұзақ уақытқа дейiн қызметке қайтып оралмауына байланысты, ол (Омаров) бұл жөнiнде саяси ағарту басқармасының меңгерушiсi Кенжинге ескертедi. Соңғысы (Кенжин) өзiнiң қарамағындағы қызметкерi Хохловскийге мұның (Омаровтың) көзiнше:Ташкентке кеткен Болғанбаевты тұтқындау және оны күзетпен алып келу туралы телеграмма салу туралы тапсырма бердi. Бұл тапсырманың орындалғаны – орындалмағанын ол (Омаров) бiлмедi, алайда соңғысын (Болғанбаевты) қайтып Орынбордан көрмеген. Алайда, тергеушiлер Омарвтың бұл куәлiгiн растайтын немесе оны жоққа шығаратын дәлелдердi, сондай-ақ қызмет орнына қайтпағаны туралы деректердi iздестiрмеген. Бұл туралы Омарвпен бетпе-бет болған куәлесуде Болғанбаев: өзiнiң Орынбордан жолданған телеграмма туралы ештеңе бiлмегенiн айтты, бiрақ та онда қайтып оралмағанын жоққа шығарған жоқ. Оған қоса, Валидовтың хатын Бөкейханов (әуелде Байтұрсынов болатын – Т.Ж.) оқыған кезде, бұрын мұлдем қарам-қарсы пiкiр бiлдiргенiне қарамастан, Омаровтың онда жоқ болғандығын куәландырады. Омаров, бұдан кейiн Әдiлевтың Орынборға 1921 жылдың басында келгенiн, Болғанбаевпен бiр бөлмеде тұрғанын, өзiне жұмыс iздеп жүргенiн, ал көктемде Ташкентке кеткенiн айтқан».
Жоғарғы соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев марқұм үш ай отырып қорытқан бұл айқындамасы барынша тиянақты әрі заңдық салмағы бар сөздермен баяндалған. Ондағы астарлы мәтінге жүгінсек: Хайретдин Болғанбаев З.Валидовпен жолығу үшін Бұқараға барған. Алайда өзінің сапарының басты мақсатын: Бұқара өңіріндегі қазақ шәкірттерін оқулықпен қамтамасыз етілу жағдайын шешу туралы Оқу ағарту комиссариатының тапсырмасын орындау, – деп түсіндірген.
Жоғарғы соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев марқұмның да айқындаманы ақтауға қарай бейімдеп жазғаны анық аңғарылады. Желтоқсан оқиғасынан кейінгі қиын кезеңді басынан кешіріп жүріп, мұндай тәуекелге барғанының өзі батылдық. Анығы, Х.Болғанбаев: “ З.Валидов байыпты саясаткер емес екен” деп баға береді тергеушілерге. Ал Д.Әділев те Х.Болғанбаевтің қайраткерлігіне көңілі толмайды. Біздің ойымызша, мұның барлығы тергеудің екпінін басу үшін қолданылған тәсіл. Ал З.Валидов пен “Алашорда” көсемдерінің арасында тығыз байланыс болғаны шындық. Сондықтан да Х.Болғанбаевті Бұқараға “Алашорданың” ресми өкілі ретінде құпия барғаны тарихи дәлелі бар саяси оқиға деп бағалаймыз.
10. Асқар Дулатов және Басқалар...
Қазақстанның сот, прокуратура, тергеу орындары 1929 жылды асқан тегеуірінді қарқынмен қарсы алды. Қылмысты істер қауырт әрі жаппай жүргізіліп, тек қана қаралау бағытын ұстанды. Егерде сол жылдардағы тергеу істерін саралай қараса, ауылды жерде жүргізілген ауқымды әрі атышулы «халық жауларының» дені «Алаш орда» қайраткерлері мен қазақ зиялыларының туған жеріндегі болыстар мен ауылнайлар, олардың туыстары болып шығады. Демек, сталиндік-голощекиндік жазалау тек саяси тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар игі жақсылардың тұқым-тұяғын құртуға, яғни, үрімін үзуге (геноцидтік саясатқа) бағытталғаны анық байқалады.
Қазақ даласына «коммунистік-колонизаторлық» басыбайлы, мәңгүрт мемлекет орнатуды мақсат еткен «ұлы октябрьдің ұлы көсемі» мен «кіші октябрьдің кіші көсемі» мұны жоспарлы түрде жүргізді.
Бұл, дәлірек түйіндесек, Қазақстандағы «кіші октябрь» – ең үлкен қырғынның, отыз екінші жылғы ашаршылықтың, ең үлкен жазалаудың – отыз жеті-отыз сегізінші жылдың алдындағы дайындық еді. Сол «үлкен қасаптың тиірменіне жем болып қазақтың оқығандары мен оның туыстары ілікті. Қаймағынан айырылған халықтың мәйегі сұйыла бастады. Ең ақырында өзінің ұлтын қорлап, оның өткенінен бас тартып, жалпылама мақұлық еді деп баяндама жасайтын және дәл сол араға келгенде ауызын толтырып, дауысын нығарлап шығаратын мемлекет қайраткерсымақтар шықты.
Сонымен, «Кіші октябрьдің» лаңды дауылы ауылға бет алды. Ең бірінші боп, алаш азаматтарының туған жерін құйындатты. Оның ішінде, Міржақып Дулатовтың, Халел Ғаббасовтың, Ахмет Байтұрсыновтың ауылдары ілінді. Соның бірі – Асқар Дулатов. Зады, өзге-өзге, дәл осы ауылда тергеу мен тәргілеудің дүмпуі ерекше болған сияқты. Мысалы, Ахмет Байтұрсыновтың ағайындарын тепкілеп өлтірген де сол өзінің туған туыс, көрші-қолаңдары, жекжат-жұраттары еді. Ол туралы Ақаңның қызы Шолпан Ахметқызы Байтұрсынова ашына жазды. ОГПУ тергеушілері үшін бұл пәлендей өрескелдік саналмаған.
“Алашордашылардың” ісін тергеп жатқан Саенконың көзіне Қостанай округінен жолданған Асқар Дулатов бастаған 13 адамның ісі түседі. Істің, яғни, Ү томның сыртына:
«Қылмысты істер Ережесінің 58-10, 58-7 баптары бойынша және басқа да қылмыстары үшін айыпталған Қостанай округінің Наурызым ауданының №10 және №18 ауылының байлары Дулатовтың және басқалардың тергеу ісі. 4/Ү-29 жылы басталған», – деп жазылған.
Алайда алғашқы хаттама одан үш ай бұрын, 21 қаңтар күні қағазға түсіп, жоғарыдағы айыптар тағылып та қойыпты. Мұны көре салып ол тосын ұйғарымға келеді де, тиісті мекемелерге:
“Мен, ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің ҚССР бойынша бастығының көмекшісі Саенко, 1929 жылы 12 мамыр күні ОГПУ-дің Қостанай округтік бөлімі жүргізген Наурызым ауданының Дулатов Асқар бастатқан байларының қылмысын тергеген істі қарап шығып, мынадай ұйғарымға келдім.
ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің өндірісінде (иә, кәдімгі өнім шығаратын өндіріс – Т.Ж.) Әділев Дінмұхамед пен Міржақып Дулатовты және басқаларды айыпқа тартқан №6 қылмыстық іс бар. Алдын-ала жүргізілген тергеу ісінің қорытындысына қарағанда №3 және №6 қылмысты оқиғалардың бір екендігі байқалады. Сондақтан да, Қылмыс ережесінің 117 бабына сәйкес:
ОГПУ-дің Қостанайдағы округтік бөлімі жүргізген Дулатов Асқарды және басқа да жиыны 13 адамды жауапқа тартқан тергеу ісі №6 іске тіркелсін – деп ұйғарым жасадым.
Осы қатынастың көшірмесі ОГПУ-дің ҚССР-дегі республикалық тергеу бөліміне және ОГПУ мекемесін бақылайтын прокурорға жіберілсін.
ПП ОГПУ-дің ҚССР-дегі Шығыс бөлімінің бастығының көмекшісі – Саенко”, – деп пәрмен жолдаған.
Сөйтіп, “Алаштың” ісіне тағы бір қылмысты топ бүйірден кеп қосылды. “Кіші октябрь ісі” осылай тікенек торын жая берді. Ал Голощекин болса, әрбір жолы мінбеге шыққан сайын тағы да бір қылмыстық топтың ашылғаны туралы шабыттана хабарлап жатты.
Асқар Дулатовтың тергеу ісі, яғни, даудың басы қазақтың дәстүрлі күрес тәсілі – бақталастықтан өршіген. Мұны ілікке себеп іздеген тергеу орындары өте сәтті пайдаланған және қашан кемеріне келіп, асып-төгілгенше, бірінің ішегіндегі қырындыны екіншісі қырып, су жіберіп тазартқанша бақылап отырған. Иі қанған соң барып, таспа тілген. Саяси астар алған бұл оқиға былай өршіген...
Тәргілеудің қарсаңында кеңестік мекемелер ауылнайлардың сайлауын өткізеді. Міне, ежелден келе жатқан қазақы текетірес сол кезде сұр жыландай басын көтеріп шыға келеді. Жерімізді алғанда оянбайтын, намысымызды таптағанда шыдаудай-ақ шыдап бағатын ел-жұртымыздың жуастығы – сайлау дегенде басын көтеріп алып, тік шапшитын әдетіне басқан. Голощекинді бар тауқыметті кейін ысырып қойып, үйренген майданға кірісіп кетеді. Сайлау жөніндегі уәкіл Хамза Жүнісов те жоғарыға тиісті мәліметті дайындай қояды.
Сайлау барысында екі рулы ел егер болады. Ақырында мадьяр руынан шыққан Сәтбаев сайланады, ақсақалдар өзара келеге түсіп, келесі жолы өтей руынан Оспанбаев сайлансын деп шешеді. Олар: облигация сатып алмауға еріктіміз. Бізді зорламаңдар, – деп өкілдің айтқанына көнбейді.
Міне, осы жайды хабарлаған Хамза Жүнісовтің мәліметі тергеуге арқау болған. Ол кеңсесіне келе салысымен құжат толтырып, айыпкерлерді анықтауға кіріскен. Хамза Жүнісов – 31 жаста, 1916-жылы ұлт азаттық көтеріліске, 1918-1919 жылдардың арасында азамат соғысына қатысқан, ысылған, өлім мен өмірдің мағынасын айырып қалған көзі қарақты азамат болса керек.
Әрине, Аманкелді мен Әлібидің сарбазы “Алаштың” туы тігілген ауылға барғанда, оған іштартпағаны анық. Ол мынадай мәлімет жасаған:
“Мен Хамза Жүнісов, ауылдық жердегі кеңес сайлауын өткізу үшін, №10 ауылға жіберілдім. №10 ауылға келгенде жікшіл топтардың бар екенін көрдім, оларды басқаратын мыналар:
1. Бұл топты Оспан Бөлтіріков басқарады, оның әкесі бұрын 30 жыл болыс болған, патшаға адал қызмет еткені үшін шен-шекпен алыпты.
2. Нақып Тілеуов – бұрынғы бекетші, 6 жыл болыс болған, оларды қостаушылар өзінің жақын туыстары – М.Сырғабаев, Н.Түлкібаев, Х.Нақыпов, Дарқан Кеншімбаев. Бұл адамдар байларды тәргілеу науқанында тұрғындардың арасында үгіт жүргізіп, кеңес өкіметі 28-29 жылдарға дейін ғана өмір сүреді, содан кейін оның көзі құриды деп өсек таратқан. Мұны №10 ауылдың азаматы Мақатбай Оспанов пен батырақ А.Мұқаметжанов растайды, ол туралы олардың қолқаты бар, ол осы құжатқа қоса тіркеліп отыр.
З. Асқар Дулатов, “Алашорданың” бұрынғы көсемдерінің бірі Міржақып Дулатовтың інісі. Асқар да ұсақ рудың басын қосып, жікшіл топ құруға тырысты және соларды үгіттеді, ол жөнінде А. Буманов пен батырақ, “Қосшы” одағының мүшесі Сейтқазы Алпысбаев жолдастар куәлік бере алады”, – дейді.
Тергеу ісі 1928-жылдың аяғында басталған. Куәлардың айғақтарының барлығын теріп беру мүмкін емес, тек кейбіреулеріне ғана тоқталамыз.
«29/ХІІ – 28 жыл. Наурызым ауданының №8 ауылының азаматы А. Бекжановтың 29/ХІІ – 28 жылғы көрсетіндісіне қосымша айғақтар.
Менің бұдан бұрын А.Дулатов туралы берген көрсетіндіме қосарым мынау: А.Дулатов “Алашорданың” тұсындағы ең белсенді қанішерлердің және кедейлерді атқызғандардың бірі әрі ұйымдастырушысы. Барлығымызға белгілі оның ағасы кеңес өкіметінің нағыз жауы болды, А.Дулатов та кеңес өкіметінің дұшпаны. М.Дулатов “Алашорданың” көсемі ретінде 18-жылы жендеттік көрсетіп, кедейлерді дарға асты және атты. Мысалы, Асқар мен Міржақып Дулатовтар және олардың сыбайластары, № 8-10 ауылдардың ақсақалдары мен байлары Бірмағамбет Бөлекбаев, Сеит Сүйменбаев т.б Мырзағазы Испулов арқылы Қызылордадан келген Таранның отрядындағы қызылдарды алдап, олардың барлығын Бірмағамбет Бөлекбаевтің үйінде атып тастады. Олардың соңынан қызылдарды іздеп Жангелдиннің жасағы келді, олар тек қызылдарды дарға асқан жерді (шұңқырды) ғана тапты, ал сүйектерін таба алмады, сөйтсе “алашордашылар” әлгілерді дарға асқан соң денесін көлге тастап жібергені кейін белгілі болды” ,– дейді.
Алаштың аяулы азаматы турасында мұндай қатыгез де жан түршігерлік теңеуді А.Бекжановтың өзі тауып қолданды ма, жоқ па, оны анықтау мүмкін болмас. Бірақ та бір күнде екі рет көрсетінді жазған адамның соңғы сөзі тергеушінің ауыз-екі көмегімен қағазға түскен сияқты. Айғақтар араб қарпімен жазылған. Бұл көрсетінді араб қарпімен жазылған. Сондықтанда оның түпнұсқа екендігіне сенуге болады. Тергеудің ырқына қарағанда Хамза Жүнісов ескі сарбаз ретінде Міржақыпты айыптайтын дерек алып келу үшін соның ауылына әдейі жіберілген болуы керек. Ол өзінің мақсатына жетіп тынды.
Жоғарыдағы көрсетіндіні жазып отырған Бекжанов Абайділда да Хамзаны бұрыннан танитыны байқалады. Ол – 47 жаста, 1916 жылғы көтеріліске қатысқан, 18-19 жылдары ақтарға қарсы соғысқан. Үйінде бағып отырған 7 жаны (адам) бар. Бұдан кейін куәлік берушілер өздерін “кедей”, “құл” деп таныстырған.
Бір ауылда соншама күң мен құлдың қайдан жүргені белгісіз, мүмкін, “жалшы” десе әлдеқайда сенімдірек шығар еді.
Бір-біріне арыз айтудан басталған куәліктер бірте-бірте “Алашқа” ауыз салды. Зады тергеушілер (Ү том, 135-бет) арыздың тым қазақы әрі ауыл арасындағы басараздыққа ойысып бара жатқанына онша разылық танытпаған сияқты. Сондықтан да, “Қазақ”, “Ауыл” газеттеріндегі қиындыларды да осы іске тіркепті. “Жаңа торғайлық” деген “сөз шеберінің” 1929 жылы 11 көкек күнгі мақаласында «Аманкелдіні өлтірген – “Алашорда”, – деп жазып, осы тергеудің айғағы ретінде пайдаланған.
Демек, жергілікті қылмысты тергеу орындары мен ГПУ қызметкерлері және партия басшылары мұны үлкен облыстық дәрежедегі науқан дәрежесінде өткізген. Тергеу барысында Иманғали Қарпықов деген азамат та жауапқа тартылған. Ол “Алашорданың” бұрынғы атты жасағының сарбазы екен. Жасы 36-да, арғын руынан. Реті келгенде айта кететін жай, тергеуде жауап берген адамдардың руы ерекше мәнге ие болған сияқты. Өйткені жаңағыдай өзара жауласқан рулардың адамдарының бірінің үстінен бірі арыз беру, жала жабу онша қиынға соқпаған. Оны тергеушілер өте ұтымды пайдаланған. Иманғали Қарпықовтың жауабының мазмұны қысқаша баяндағанда мынадай:
«1918 жылы наурыз айында “Алашордашылар” тобы Майқара ауданына келді. Бұл жерде – мадияр, шымболат, өтей рулары тұратын. Келгендердің ішінде Есполов Мырзағазы, Байтұрысынов Ахмет, Дулатов Міржақып, Қадырбаев Сейтазым, Кенжин Аспандияр, Мұзафар Қасымов (офицер), Қаратілеуов, молла Әбідрахман Мұртазин, Теміров Абдолла, Сейдалин Қырымкерей тағы басқалар бар. Қастарында 200 жасағы бар. Елден әскер жиды. Елді үгіттеген – Міржақып Дулатов. Олар: біз – ақты да, қызылды да жақтамаймыз, тек қазақтың мүддесін қорғаймыз деді. Содан кейін де соларға қосылдым. Таран әскерінің қалдығын Есполов Мырзағазы атқызды. А. Қасымов көмгізді», – дейді ол.
Тергеушілердің ойынан шыққан куәліктің бірі де, бірегейі де осы жазба. Бұл айтылған мәселелер жөнінде аталған адамдардың әрқайсысының өз жауабы бар. Асқар Дулатовты және басқа да ауылдың қарапайым байларын “Алашорданың” ісіне қосу әрі таңдандырады, әрі таңдандырмайды да. Өйткені, оларға бүкілқазақтық қылмыскер керек болды және олардың қатарын осындай қосымша істер арқылы толтырып отырды.
Айыптау қорытындысында: «№ 3 тергеу ісі бойынша айыпқа тартылған “Алашорда” қозғалысына қатынасқан, Міржақып Дулатовқа көмектескен, тәргілеуге қарсы науқан жүргізген, Наурызым ауданынының азаматтары: 1. Дулатов Асқардың 2. Тұйғымбеков Дүзеннің 3. Бөлтіріков Оспанның 4. Тілеулиев Нақыптың 5. Оразбеков Абдолланың 6. Кеншінбаев Дарханның 7. Жұрқанов Құлахметтің 8. Балыбаев Жанахметтің 9. Исмағамбетов Теміржанның 10. Есполов Дүйсенбайдың 11. Т.Мұратовтың және 12. Сәтбаев Ибрагимнің тергеу ісін қарап, айыптау қорытындысы істің қылмыстық мазмұнына сай деп есептеймін.
Айыптау қорытындысымен толық келісе отырып, қазақ ауылының артта қалуының және рулық сарқыншақтарының жойылмауының салдарынан айыпкерлер қазан төңкерісінің жүзеге асқанына он екі жыл өткеніне қарамастан жылма-жыл өздерінің іс-әрекеттері арқылы ауылдық жерлердегі кеңестік қоғамның дамуына кедергі жасап келгендігін, қазақ кедейлерін байлардың басыбайлылығынан құтылуына тосқауыл қойғандығын ескеріп, бұл істі ОГПУ-дің коллегиясының қарауына жіберіп, соттан тыс негізде үкім шығару керек деп ұйғарым жасаймын.
Қостанай округтік прокуроры – А Безденко”, – деп шешім шығарды.
“Соттан тыс негізде үкім шығару” дегеннің мәні – әйгілі үштік арқылы бірден жазаға тартуды білдіреді. Онда тек саяси қылмыскерлердің ғана істері қаралуға тиісті. Олардың шешімі ең соңғы және қайта қарауға жатпайтын үкім болып есептеледі.
Міне, сондай кергіге қостанайлық қыр қазақтары да тап келді. Тергеу ісін оқып отырып та олардың нақты қандай да бір айыбы бар екендігіне жіп таға алмадық.
11. Тілшелер
Міржақыптың біраз хаттары мен өзара жазысқан тілшелері де (записка) тергеу ісіне тіркеліпті. Барлық жазбаларды көшіріп алуға мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен де тағдырдың таңбасы түскен, «үкімсіз, үнсіз сотталған» қолхаттардың біразын назарға ұсынамыз. Тәргіленген құжаттардан құрастырылған 7-томның 9-бетінде Міржақып Дулатовтың алақандай ғана қағазға жазылған тілшесі сақталған. Онда:
Достарыңызбен бөлісу: |