а). Торғайға жiберiлетiн азық-түлiк жәрдемi Қостанайдан бөлек жiберiлуiн орталық арқылы шешуге қол жеткiзсiн.
б). Гурьев ауданына азық-түлiктi тiкелей тасымалдау мүмкiндiгi болмағандықтан да, Гурьев пен Астраханнан ауланған балықтарды сонда бөлудi, сонымен қатар Гурьев пен Оралдағы балық кәсiпшiлiктерi оларды тиiстi жабдықтармен қамтамасыз етiп, балық аулауға рұқсат беруiн Орталықтан сұрасын.
в). Қазақ республикасының шикiзаттарының ауқымды мөлшерiн азық-түлiк пен керектi заттар, аштарға қажеттi ақша алуға пайдалану үшiн бұл мәселенi дербес шешуге орталықтың келiсiмiн алсын.
1. Обкомның, ҚазЦИК-тiң және барлық жауапты қазақ қызметкерлерiнің атынан партия ұйымдарында iстейтiн, одан тыс жұмыссыз жүрген қазақ қызметкерлерiне үндеу жариялансын, оларды ашаршалыққа қарсы күресуге шақырсын.
2. Бұл қаулының көшiрмесi жан-жаққа таратылсын.
Қол қойылып, мөр басылған.
II. Қазақ қызметкерлерiн жұмысқа тарту және оларды тиiмдi пайдалану туралы Алманов жолдастың баяндамасы тыңдалды, мұндай шараның шешім табуы қажеттiгi ескерiліп, қазақ қызметкерлерiнiң күшi дұрыс әрi тиiмдi пайдаланылмай отырғанын атап өтіп, қазақ қызметкерлерiнiң кеңесi мынадай қаулы қабылдады:
1. ҚазЦИК-тiң жанынан ерекше комиссия құрылсын, оған мынадай мiндеттер жүктелсiн:
а). Комиссияның пiкiрi бойынша қандайда бiр iске пайдалануға болатын барлық қазақ қызметкерлерiнiң тiзiмi жасалсын.
б). Өзiнiң туған жерiнен басқа ауданға немесе басқа лауазымды қызметке ауыстыру арқылы қазақ қызметкерлерi тұрақты әрi тиiмдi пайдаланылсын.
в). Партияда жоқ қазақ қызметкерлерi кеңес құрылысындағы жауапты жұмыстарға дейiн тартылсын, сөйтiп олардың өкiметтен де, жұмыстан да шеттетiлмегенiне көзiн жеткiзсiн.
г). Оларды қазақтардың iшiндегi ең жауапты әрi шұғыл: аштықпен күрес, ағарту, қазақ қызметкерлерiн дайындау, қазақ арасындағы сот жұмысын дұрыс жолға қою, милиция жұмысын жолға қою, жергiлiктi өкiметтi нығайту, кооперация ұйымы, т. б. сияқты iстерге пайдалансын.
д). Обком мен ҚазЦИК-тiң ерекше тiзiмi арқылы Түркiстан Республикасындағы барлық қазақ қызметкерлерi шақырылып алынсын.
ж). Жергiлiктi жерлерде партияда жоқ қазақ қызметкерлерiнiң кеңесiн өткiзу дәстүрге айналсын.
з). Баспасөз арқылы барлық қазақ қызметкерлерiн жұмысқа шақырған үндеу жариялансын, бұл үндеуге құлақ аспағандардың белсендiлiгiн оятсын.
Комиссияның құрамына мыналар: 1. Әуезов. 2. Асылбеков. 3. Алманов. 4. Байтұрсынов. 5. Кенжин – мүше боп; 1. Нахим-жан. 2. Төлепов – кандидат боп сайланды.
1. Комиссия ҚазЦИК бекiткен ерекше ереже бойынша жұмыс iстейдi және өзiнiң барлық жұмысын Обком мен ҚазЦИК арқылы жүргiзедi.
Қазақ қызметкерлерiнiң Кеңесi қабылдаған бұл қаулы КЦИК-тiң бекiтуiне жатады.
Кеңес төрағасы – Жангелдин.
Хатшысы – Нахым-жан».
Қол қойылып, мөр басылған».
Кеңес қабылдаған бұл екi мәселенiң де қазақ ұлты үшiн өмiрлiк мәнi бар болатын. Бұған келiспеу – ұлттық жеккөрiнiш пен өшпендiлiктi тудыру, коммунистiк партияның отарлаушы және жазалаушы саясатын ашықтан-ашық әшкерелеу едi. Сондықтан да арада бес күн өткеннен кейiн, яғни 1921 жылы желтоқсанның 15-жұлдызында Қазақ Орталық Атқару Комитетi мен жұмысшылар кеңесі шақырған «еңбекшi қазақ халқының, шаруалардың, қызметкерлердiң» съезiнде және қазақ өкiлдерiнiң бiрiккен мәжiлiсiнде:
«Жауапты қазақ қызметкерлерiнiң 1921 жылғы 10 желтоқсан күнгi Кеңесiнiң қаулысын тыңдап:
Кеңес қабылдаған қаулы түгелiмен мақұлдансын және қорытынды шығару үшiн аштарға көмек комиссиясына берiлсiн. Көмек комиссиясының шешiмi 17 желтоқсан, сенбi күнi ҚазЦИК-тiң секретариятына табыс етiлсiн, 17 желтоқсан, сенбi күнi РКП қазақ обкомының талқылауына ұсынылсын», – деп қаулы қабылданды.
Алайда белсенділер аштан қырылып жатқандарға көмек көрсетудің өзінен таптық идеология іздеді. Мысалы, сол тұстағы Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовтiң iс-әрекетi туралы «Қалам» былай баяндайды:
Ә.Байділдин (жалғасы): «Осы Кеңестен кейiн Әуезов ашаршылық туралы көлемдi мақала жариялады (Қараңыз: «Еңбекшi қазақ» №4 және №5), қалыптасқан жағдайды дұрыс бағалаудың үлгiсi есебiнде ташкенттiк алашордашылар мұны қағып алып, «Ақ жол» газетi арқылы насихаттауға көштi...
Сол кезде аштарға көмек комиссиясы да өз iстерiн өзгеше жүргiздi. Сол комиссияға тартылған мекемелер жергiлiктi жерлерге шұғыл жедел хат жолдап жатты. Губерниялардағы зиялылардың игi жақсыларының тiзiмi жасалып, оларды аштарға салауат-сауын жинауды ұйымдастыруға тарту үшiн жергiлiктi жерлерге жiбердi. Жарлықтар мен нұсқаулар жолданды, губернияларға баратын өкiлдер iрiктелдi. Байтұрсынов комиссияның атынан қазақ елiне арналған көлемдi үндеу жазып, оны «Еңбекшi қазақта» жариялау үшiн маған алып келдi. Бере салысымен ол менен мұны тезiрек жариялауды өтiндi. Мен айтқанын iстеймiн деп уәде бердiм. Үндеудi шындығында да жариялағым келдi... Бiрақ оның мазмұнымен танысқаннан кейiн ниетiмнен айнып қалдым. Үндеу бiр жақты екен. Онда ашаршылықтың жағдайы тым әсiреленiп жазылыпты және аштықты тудырған жағдайдың нақты себеп-салдары дұрыс көрсетiлмептi. Үндеудiң қорытынды бөлiмiнде халықтың қаймақтарын аштыққа қарсы күресуге шақырыпты, сондай-ақ онымен күресудiң жолдарын (барлық зиялыларды жұмылдыру, аштарға жаппай салауат-сауға жинау, оларды аштық жайлаған аудандарға жiберу т.б.) көрсетіптi.
Мен бұл мақаланы жарияламауға бекiндiм де, оны өз қағаздарымның iшiне қоса салдым (Онда редакция кеңсесi жоқ болатын). Бiрнеше күн өткен соң Байтұрсынов тағы да келдi де, өзiнiң үндеуiнiң қашан жарияланатынын сұрады. Мен: танысып шығып, басуға келiсiмiн беру үшiн мақала алқа мүшелерiне берiлдi, таяу арада жариялап қалармыз, – дедiм. Содан кейiн өзiмнiң әрекетiме өзiм қатты ыңғайсызданып қалдым: анау-мынау емес, аштық туралы аса дiлгiр (Алашорданың жазғаны болса да) мақаланы үкiмет комиссиялары мен тиiстi мекемелердiң келiсiмiнсiз үндеудi тоқтатып қойғаным қате болды-ау деп ойладым. Осындай ойға келдiм де бiрден Асылбеков жолдасқа бардым (Ол обкомның хатшысы, Аштарға көмек комиссиясының мүшесi және «Еңбекшi қазақ» газетiнiң алқа мүшесi болатын) да, Байтұрсынов екеумiздiң арамыздағы әңгiменi айттым, менiң ойымша бұл үндеудi жариялауға болмайтын сияқты дедiм. Танысып шығу үшiн үндеудi алып қалды да, келесi күнi жарияламауға келiсiм беретiндiгiн бiлдiрдi. Сөйтiп, Байтұрсыновтың үндеуi жарияланбай қалды. Ол үндеу соңғы жылдарға дейiн менде сақталып келдi, менiң қағаздарымның iшiнде бар ма, жоқ па, оны бiлмеймiн...
Ашып айтарым, «алашордашы» зиялылар осы тұстарда көмек көрсету комиссиясын өз мүдделерi үшiн қатты пайдаланып қалды, олар аштарға жасаған жақсылығы арқылы жеке мүдделерiн жүзеге асыруға тырысып бақты. Кейбiр кездерде олар көздегендерiне (мақсатына) жеттi де, саяси және қазыналық қор жинады. Бұл 1926 жылы Қызылорда қаласында өткен «Торғай iсi» деген сот барысында анық байқалды...
...Жоғарыда, мәлiм еткенiмiзден көрiнiп отырғанындай, бұл iс-әрекет кезiнде сәдуақасовшылар өздерiнiң айнымалы екендiктерiн танытты. Олардың бiреуi (Әуезов) алашордашылармен қосылып кетсе, екiншiлерi (Тоғжанов) олардың қол шоқпарына қалай айналғанын өзi де бiлмей қалды, ал үшiншiлерi (мен сияқты тағы басқалар) олардың iс-әрекетiне белгiлi дәрежеде сын көзбен қарап, өзiн толық пайдалануға жол бермедi (Мысалы: Байтұрсыновтың үндеуiн жарияламадым, т.с.с.)».
Айыбы, айыптау көрсетiндiсi ретiнде жазылғандығы болмаса, Әбдiрахман Байдiлдиннiң баяндап отырған оқиғаларының барлығы да шындық едi. Сондай-ақ жоғарыдағы қаулының хаттамасын қағазға түсірген Ә.Байділдиннің өзі еді – деп толық сеніммен айтуға болады. Өткені мұндай жауапты құжаттың жеке адамның тартпасында сақталып қалуы ол кезде шпиондық қылмысқа жататын. Егер де „айыптау қорытындысының” астары мен ырқына қарай бағамдасақ:
– иә, қыр қазақтары жаппай қырыла бастаған кезде „саяси дұшпандарын мұқтау үшiн” «Алашордашылар» ерекше қимыл мен ұйымшылдық танытып, аштықты жоюға қарсы, демек, тергеушiлердiң пайымдауы бойынша – кеңес өкiметiне қарсы белсене күрес ашты;
– иә, қазақ зиялылары үндеуге үн қосып, әр кiсi өзiнiң ықпалы зор елдi мекендерден азық-түлiк, мал жинап, аш аудандарға жөнелту арқылы кеңес өкiметiн құлатып, қазақ ұлтының аштан қырылып қалуына бөгет келтiрiп, нақты қылмыс жасады;
– иә, олар сол қылмысты әрекеттерi арқылы – «саяси және қазыналық қор жиып», оны аш аудандарға апарып таратып, қазақтарды ажалдан құтқаруы арқылы оларды кеңес өкiметiне қарсы қойды;
– иә, олар: аштарға көмек көрсету комиссиясының – аш қазақтардан тартып алған азық-түлiгі мен малды, орталықтан бөлiнген астықты тек орыстар қоныстанған елдi мекендерге ғана таратқанын бiлiп қойып, «коммунист – колонизатордың» ұлттық саясат жөнiндегi мемлекеттiк аса құпия шарасының жүзеге асуына қастандық жасады, сөйтіп, ұлт араздығын қоздырды.
– иә, олар қазақ ұлты мен кеңес өкiметiне қарсы осындай ұлтшыл реакцияшыл, түрiкшiл, исламшыл әрекеттердi iс жүзiнде жүзеге асыру үшiн барлық қазақ қызметкерлерiне үндеу жазып, оларды „Аштарға көмек” атты астыртын ұйым құруға шақырды!
Иә! Иә! Иә! Қандай қаскүнемдiк десеңшi! Бұл үшiн өлiм жазасының өзi жеңiл! Қарашы, ешқандай әскери жазалаусыз, қарулы шығын шығармай, патшаның өзiнiң қолынан келмеген iндеттi – ашаршылықты ұйымдастырудың сондай оңтайлы сәтi түсiп, ендi ғана «қызыл қырғынның» жоспары орындала бастағанда, мына оңбаған ұлтшылдардың шыға қалғанын қарашы!
Жә, тергеушi мен тергелушiлердiң жортақ желдiрмесiне iлеспей, дұрыс сөзге көшейiк. Оң iстiң тонын дәл осылай терiс айналдыру – кеңес өкiметiнiң тергеу жүйесiнiң аса әккi және сынақтан өткен тәсiлдерiнiң бiрі болатын. Қазақ ұлтының ашаршылықтан жарым-жартылай аман шығуы – бүкiл бiр ұлт – кеңес өкiметi мен коммунистiк партияның қылмысты саясатының тiрi куәсi боп қалды деген сөз едi.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Жаз маусымы жақындап келе жатты (22 жылдың наурыз айы). Біздің жетекшілеріміздің (Әуезов пен Сәдуақасовтың) арасында шүйіркелесу басталды. Олар өзара әлде нені ақылдасып жүрді. Олардың бір нәрсеге дайындалып жүргені белгілі еді. Бұл сыбырласу 15 күнге созылды. Қаншама тырыссам да ештеңе біліп жарытпадым. Олар сырғақтата жауап берді, менің сұрақтарымды әзілге айналдырды. Біздің арамыздағы мұндай жатырқау менің жоғарыдағы мақаламнан кейін пайда болды. Содан бастап олар маған өздерінің саяси маңызы бар жоспарларын ашық айтпай, мәселе не олай, не былай шешілгеннен соң ғана хабарлап жүрді. Сырттай қарағанда біз өте дос адамдар сияқты көріндік: бірге жүрдік, әңгімелестік, қалжыңдастық, т.б., алайда біздің арамызда толықтай ішкі түсінік болған жоқ. Сондай сәттерде Сәдуақасов пен Әуезов мені келеке етіп: “Жаз, жаз, тарихта қаласың”, – деп (шындығында да, “Қалам” – қаламның күшімен тарихта қалып отыр ғой – Т.Ж.), арасында: “Иә, қалай, жасап жатырсың ба?”, – деп кекететін (Олар менің “жасасын!” деп жазған мақаламды емеуірін етіп отыр). Біздің арамыздағы осындай қарым-қатынас туралы Тоғжанов пен Жолдыбаевқа айттым, олар да ұмыта қойған жоқ шығар. Міне, сондықтан да, мен әуелі де олардың не ойлағанын біле алмадым, тек ашық іс-әрекетке көшкен соң ғана аңғардым”.
“Қаламның” құпиялап, астарлап, дұшпандық мән бере жазғаны болмаса, Мұхтар мен Смағұлдың әрекетінде ешқандай да кеңес өкіметіне тікелей бағытталған қастандық жоқ болатын. Олар қазақ оқығандарының қалайда халқына қызмет етуіне мүмкіндік жасап, ашаршылықты ауыздықтауға ұмтылды. Әрине, олардың адам ретінде, саясат басындағы мемлекет қайраткері ретінде өзара құпия пікір алысуға қақылары бар болатын және екеуі де “Қаламға” басқан қадамдары, іштегі арман-мүддесі туралы есеп беруге тиісті емес еді. Бірақ, кәдімгі: “Мұхтар! Кешке асханаға барамыз, сондықтан тамақ алып қойма. Смағұл”, – деген бір жапырақ қағаздың өзін сақтап, тергеушілерге ұсынған Әбдірахман Байділдин, шындығында да, сақ әрі сұғанақтау адам болса керек.
Мұны “достарының” қолтаңбасын қадірлеп, келешек ұрпаққа жеткізейін деген игі тілектің қатарына жатқызудың еш қисыны келмейді.
Мұхтар мен Смағұлдың Ә. Байділдин сияқты „сұғанақ сұрдан” саяқ тартып, құпиялап жүргені Орынбордағы ұлтжанды азаматтардың: «Не істейміз?», – деп талқыға салған пікірлері мен шешімдері еді. Ойды пісіріп алмай жария етсе бітті, жоспарларының жүзеге аспайтынын, “ұлтшыл топтың тағы да бір қастандық әрекеті әшкереленіп” шыға келетінін білді. Құрғақ сөзден іске көшуге ұмтылған олар ел ішіне барып, аш-арықтарға тікелей көмек көрсету үшін жер аяғы кеңісімен топ-топқа бөлініп, жан-жаққа шығуға ұйғарым жасады. Сонымен қатар, солтүстік және оңтүстік аймақтарды қазақ автономиясының құрамына кіргізу үшін жергілікті жерге үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын қоса атқаруға уағдаласты. Соңғы мақсатты Әбдірахман Байділдинге қашан кетер-кеткендерінше айтпаған сияқты. Әйтпесе, бұл мәселенің хатқа түспеуі мүмкін емес. Қанша құлағын тосса да әлде бір нәрседен хабарсыз қалғанын “Қаламның” өзі де мойындап, өкіне баяндайды.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Сөйтсе, соңғы уақытта олар (Сәдуақасов пен Әуезов Кенжинмен, Мырзағалиевпен, және Әлiбековпен бiрiгiп) бiр iстi жоспарлапты. Олар: қазақ тұрғындары арасындағы жұмысты жақсартып, ашаршылықпен күрестi күшейту туралы мәселе қою үшiн қаулының жобасын жасапты (Осы да қастандық па? – Т.Ж.). Бұл жобаны олар алдын-ала обкомның жекелеген мүшелерiне көрсетiп, мақұлдатып алыпты. Жангелдиндi көндiрiптi, Асылбековтi өздерiне қаратып, кейбiр еуропалық қызметкерлердiң де көзiн жеткiзiптi. Сөйтiп, обком мүшелерiнiң көпшiлiгiн өз жақтарына шығарып алып, бұл жобаны бекiттiрдi, осы бекiттiрген жобаны жүзеге асыру үшiн жергiлiктi жерлерге баратын қызметкерлердiң тiзiмiн де қоса жасады. Олар губерния бойынша былай бөлiндi: Семейге – Әуезов пен Досов; Ақмолаға – Кенжин мен Төлепов, Қостанайға – Сәдуақасов, т. б.
Қайталап айтамын, менiң достарымның шүйiркелесуi осы iске тiкелей қатысты екен. Оны көрсетiлген оқиға бойынша обкомда шешiм қабылдағаннан соң барып Әуезовтің өзi маған айтты.
Бiрақ та бұл iстiң ресми емес екiншi бiр астары бар екендiгiн Қостанайға жүретiн күнi Сәдуақасовтан бiлдiм. Ол маған: Обкомның шешiмi арқылы бекiтiлген қаулыдағы аштыққа қарсы күрес жұмысын жүргiзумен қатар, барған уәкiлдер жергiлiктi жерлердегi бiздiң қарсыластарымызды, яғни отарлаушылар мен меңдешевшiлердi орынынан тайдырып, оған қоса кеңестiң 3-съезiне дайындық жүргiзетiн болады», – деп хабарлады. Осыны айтқан соң менен Сәдуақасов: «Орынбордағы жаңалықтарды тұрақты жеткiзiп тұр», – деп өтiндi. Сонымен уәкiлдер елге аттанып кеттi».
Олардың бұл жолғы кеткенi – өкiмет билiгiнiнен де бiр жола кеткенi едi. Тек өжет мiнездi, қайсар да батыл ойлы Смағұл ғана билiк басына қайта келдi. Мұхтар кеңес өкiметiнiң аярлығына көзi әбден жетiп, көңiлi мүлдем суып қалды. Қауқарсыз қаулының құлы боп, «жасасындатып!» жүгiргенше, еркiн ойлы қалам қуатына сүйенгендi дұрыс шештi. Өйткенi, кеңес белсенділері осынау игi жұмыс үшiн аттанған уәкiлдердiң соңына тыңшы қойып, тыныштықтарын бұза бердi. Орынбордағылар өздерiнiң «қапы кеткендiктерiн» кейiн аңғарып, «қолдарын кеш сермеп қалды».
Сондықтан шұғыл түрде Семейге аттанып кеттi. Ол:
«Семей губерниялық атқару комитетiнiң төрағасына және губкомның хатшысына!
15 көкек күнi КЦИК обкомының және Кирпрофбюроның өкiлi ретiнде партия, кеңес және кәсiптiк жұмыстарды жандандыру мақсатымен Семейге аттанамын, басты назардағы жұмысым қазақ тұрғындары арасындағы белсендiлiктi арттыру. Барлық кәсiпшiлiк аудандарындағы қазақ жұмысшыларының басын қосу, жер туралы декреттi жүзеге асыру, қазақ кедейлерiн милиция қатарына тарту – бiрiншi мiндет. Аталған шараларды жүзеге асырудағы басты тiрегiм – кеңес қызметiнде жүрген қазақ қызметкерлерi болмақ. Сондықтан да губком мен губисполком жоғарыдағы қызметкерлердiң тiзiмiн жасап, аудандардан губернияға шақырып алу ұсынылады. Алғашқы кезеңдегi қажеттi адамның саны 20. Қазақ қызметкерлерiмен жұмыс iстесу – КССР мемлекетiнiң кезек күттiрмейтiн бiрiншi кезектегi мiндетi екендiгiн, одан ешкiмнiң де тыс қалмауы қажеттiгiн ескертемiн. КССР губернияларына жiберiлген өкiлдердiң барлығы да шұғыл тапсырманы орындаушы болып табылады. Сондықтан да оларға немкеттi қарау – кешiрiлмейтiн қылмыс есебiнде жауапқа тартылады.
КЦИК обкомының өкiлi Әуезов», – деп шұғыл телеграмма соқты.
Сөйтiп, Қазақ Орталық Атқару комитетiнiң мүшесi, КЦИК-тiң саяси хатшысы және Президиум мүшесi Мұхтар Омарханұлы Әуезовтiң мемлекеттiк мансабы осы жеделхатпен аяқталды. Жеке басын қорғау үшiн оған жапондар шығарған винтовканы өзiмен бiрге алып жүруге рұқсат етiлдi.
Сiрә, оны пайдаланудың ретi келе қойған жоқ болуы керек.
Төртінші тарау: ЖАН ЖЕГІСІ
1.
М.Әуезовтің жеделхатын алысымен «Алашорданың» шығыс бөлiмiнiң астанасы болып табылатын Семейдегi қайраткерлер ерекше белсенділік танытты. Қазақ елiнiң сол тұстағы шынайы рухани астанасы ретiнде танылған және Сiбiр ревкомының, сол арқылы Ресейдiң құрамынан шығу қозғалысы бастау алған бұл шаhарда «Алаш» идеясы әлi өшкен жоқ едi. Ертiстiң Сарыарқа жақ бетi «Алаш» деп аталуы соның бiр белгiсi болатын.
Қазақ ұлтын сақтап қалудың бiрден-бiр жолы – ашаршылыққа қарсы күрес қозғалысы екенін түсiнген Мiржақып Дулатов бастаған Семейдегi алаш азаматтары бұл науқанға шұғыл кiрiстi. Бұған Орталық Атқару Комитетiнiң Әуезов пен Досов сияқты екi бiрдей белді өкiлiнiң келуi де қарқын бердi. «Ашаршылыққа» қарсы күрестiң ресми емес ұйымдастырушысы мiндетiн атқарған Жүсiпбек Аймауытов «Қазақ тiлi» газетi арқылы салауат-сауынның екпінді жүргізілуіне зор үлес қосты.
Әттең, сол еңбектерi үшiн басы дауға түсiп, он жылдан кейiн өлiм жазасына кесiлетiнiн Жақаң – Мiржақып та, Жүсiпбек те бiлген жоқ.
Бұл науқаннан Меңдешев пен Жангелдин, Сейфуллин iспеттi автономия басшылары тыс қалды. Мұның өзi олардың ел iшiндегi беделiн түсiрдi. Қазақ оқығандары аштарға мал, азық-түлiк жиып, ерiнi кеуiп ел аралап жүргенде пәуескемен серуен құрып, қыз айттырып жүрген серi «большевик» қайраткерлер де табылды. Мұның барлығын халық бiлiп, көрiп отырды. Түскен беделін қалпына келтірудің қамын қарастырып, «Алашорданың» көсемдерiн кеңес өкiметiне қарсы астыртын әрекет жасады-мыс деген желеумен Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатовты түрмеге қамады.
Тергеушiлердің 1921-1922 жылы астыртын: контрреволюциялық-ұлтшыл төңкерiс ұйымдастыру үшін, Түркиядан астыртын келген Әнуар паша мен Заки Валидовтiң басмашыларына қосылу үшiн қазақ әскерiн жинап, ел-жұртты соған үгiттеу мақсатымен қырға шыққан», – деген бопсасын жоққа шығара отырып, М. Дулатов бұған ешкiмнiң атын атамай, сыпайы ғана:
«1921 жылы Торғай, Ырғыз, Қостанай уездерiндегi Орал губерниясының бiраз бөлiгiндегi тұрғындар аштыққа ұшырады. Мен Семейдегi «Қазақ тiлi» газетi арқылы бiрiншi болып: қырдағы аудандардың темiр жол торабына 400-500 шақырым қашықтықта жатқандығынан да және тұрғындардың шашыраңқы орналасқандығынан да мемлекеттiк көмектiң оларға толық жетпейтiндiгiн айтып: барлық қазақ қызметкерлерi атқа мiнiп, ел аралап салауат-сауын (добровольные пожертвование) жиюы керектігі, жиналған малды қыр жолы арқылы аштық жайлаған аудандарға тура айдап апарудың әлде қайда тиiмдi болатындығы туралы бастама көтердiм. Менiң бұл ұсынысымды көпшiлiк те қабыл алды, осы мәселе жөнiнде өткiзiлген мәжілiсте бұл жобаны қолдады, кейiннен губерниялық Аштарға көмек комиссиясы мен оның орталық ұйымы да қостап, iске кiрiсу туралы рұқсат бердi. Шұғыл кiрiсiп кетудiң нәтижесiнде 2-3 айдың iшiнде 15 мың iрi қара жиналып, олар аз уақыттың iшiнде аштыққа ұшыраған аудандарға жеткiзiлiп, халыққа бөлiнiп берiлдi. Бұл салауат-сауынның жетекшiсi әрi ұйымдастырушысы ретiнде мен жаз айында Семей губерниясының үш уезiн аралап шықтым. Қырдан қайтып, Семей қаласына келген соң менi тұтқынға алды, ОГПУ-дiң Қазақстандағы өкiлiнiң бұйрығымен Орынборға жөнелттi, бiраздан кейiн босатты», – деп баяндады.
Мiне, коммунист-колонизаторлар мен кеңес өкiметiнiң және қазақ автономиясы атқару комитетiнiң өздерi басқарып отырған халықты аштықтан алып қалған қайраткерлерге көрсеткен сыйы мен айтқан рахметi. Бiр таңданарлығы, ашаршылыққа сол тұста партия мен мемлекеттiң басында отырған Әлiби Жангелдиннiң, Сейтқали Меңдешевтiң, Сәкен Сейфуллиннiң (Бетпақдала) ауылдары ұшырап едi. Олар неге соншама салқын қандылық танытты, алаш азаматтарын тұтқындауға неге бөгет жасамады?
Өзге-өзге, дәл мұндай жауапты науқанның кезiнде арандату мен алауыздыққа, аңдуға жол бермеуге олардың толық мүмкiндiгi бар едi.
Соның iшiнде, көктемнен бастап бүкiл Семей губерниясын аралап мал жиып, Сарыарқаны кесiп өтiп, жердiң түбi Торғайға – екi мәрте барып, 8 мың мал айдап апарған, ең адал азамат ретiнде жұрт сенiп тапсырған өкiл – Жүсiпбек Аймауытовқа қарсы астыртын арандату әрекетi жүргiзiлгенi тiптi де түсiнiксiз. Тiмiскi тыңшылар өзi аштықтан ашынған, аш өзегi өртенген адамдардың ашкөзденген сәтiн пайдаланып, арғын мен қыпшақ руларының аштарын бір-бiрiне айдап салды, сүйекке таластырды. Оны ұйымдастырған жергiлiктi жердегi кеңес өкiметi мен партия ұйымдарының белсендiлерi едi. Ал олар жоғарыдан арнайы нұсқау түспесе, өз бетiмен мұндай әрекетке бара алмайтын. Солар ұйымдастырған арыздың салдарынан Жүсiпбек Аймауытов жауапқа тартылды. Сот кезiнде ол айыпталушыдан айыптаушыға айналды. Жүсiпбектiң тергеу барысындағы куәлігі мен соңғы сөзi сол кездегi кеңес тергеу орындарының арандату әрекетiн әшкерелеген үлкен саяси айыптау болды. Абзал азаматтың:
«Азаматтық, адамшылық жүзiнен қаралса, бiр кiсi аштарға жан салып, қызмет көрсетсе – мендей-ақ көрсетер еді деп шүкiршiлiк етемiн. Мүмкiн, менiң еткен еңбегiм себеп болып, ондаған, жүздеген аштар ажалдан аман қалған болар, қалмады деп Торғай елi айта алмас. Еңбегiм – салауат: ниетiм – арам, жүрегiм – қара, қазаққа – зиянды адам болып табылсам, бұ да бiр уақыт шығар. Жазаға мойынымды ұсынамын, аштар үшiн мен-ақ құрбан болайын. Елiмнiң заңына көнемiн», – деген жүрек сөзi де кеңес өкiметiнiң жазалау саясатының бетiн қайырмады.
Жүсiпбек аштар үшiн ғана емес, ел үшiн құрбан болды. Бiрақ ол үкiм бес жылдан кейiн орындалды. Бұл жолы да Ахмет Байтұрсынов пен Смағұл Сәдуақасов жазықсыз жанды жандарын сала қорғады. Оқу-ағарту комиссары, «Еңбекшi қазақ» газетiнiң жауапты редакторы Смағұл Сәдуақасов Мәскеуде жүрiп:
Достарыңызбен бөлісу: |