«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм». (Досмұхамедов Х., № 2370-iс, 1 т., 221-парақ).
«Алашордашылар» көркем әдебиетке ерекше көңiл бөлдi. Олардың көзқарасын бұқара халыққа кеңiнен таратуда пьесалар, өлеңдер, ескi әдебиеттiң нұсқалары, әңгiмелер мен фельетондар, тағы да басқа жанрлар таптырмайтын оңтайлы құрал болды... Бұған қоса Байтұрсынов: қазақ жазушылары өзiнiң туындыларында тек қана қазақ ұлтының мұқым мүддесiн қорғауы тиiс деп үндеу тастады... Әуезов Мұхтар мен Ысқақов Даниал да 1923 жылы осыған үндеді, әдебиет мәселелерiн ұлтшылдық бағытта талдады, өздерiнiң мақалаларында Аймауытов пен Кемеңгеров те солай iстедi» (Байдiлдин, № 5441 784-iс, 4 т., 134-парақ»).
«Бұдан кейiнгi жылдарда кеңес өкiметiне қарсы ашық пiкiр бiлдiре алмадық, оны жүзеге асыра қоятындай күш болмады, сондықтан да барлық күштi кеңес мекемелерiндегi қызметке ие болып, сол арқылы кеңес өкiметiнiң науқандары мен шараларына бөгет жасауға тырыстық» (Тынышбаев, № 2370-iс, 1 т., 131-парақ).
«...мәдениет майданындағы жұмыстарды толықтай, ұйымды қаражатпен қамтамасыз ету үшiн шаруашылық саласын жарым-жартылай қолға алуға шешiм қабылдадық. Бiздiң тобымыздың тiзiмiн Рысқұловқа берiп, жұмысқа жауапты қызметке қоюды ұсындық. Ұйымның өкiлi ретiнде Рысқұловқа бұл тiзiмдi мен және Әдiлов апарды. Берiлген тiзiм оны толық қанағаттандырды... Менi ұйымның атынан Оқу-ағарту коллегиясының мүшесi етiп бекiттi...» (Қашқынбаев, № 2370-iс, 1 т., 378-парақ).
«...бiздiң ойлаған мақсаттарымыз кеңес өкiметiнiң мемлекеттiк басқару аппараты арқылы жүргiзiлiп, iске асты. Басқа салаларға қарағанда мәдениет майданында бiз көп iс тындырдық.
а). Оқу-ағарту комиссариатының ғылыми комиссиясында Байтұрсынов, Досмұхамедов және Ысқақов қызмет iстедi.
б). 22 жылға дейiн Оқу-ағарту комиссариатын Байтұрсынов басқарды, одан кейiн Сүлеев Оқу-ағарту комиссариатының орынбасары болды, одан кейiн Сәдуақасов келдi, ОАК-ға Дулатов та жақын жүрдi, бiр кезде Ташкенттегi институттың директорлығының мiндетiн Әдiлtв те атқарды.
в). Қазақ мәдениетi мен ағарту iсiнiң жанашырларының қоғамы құрылды. Басқарма мүшелерiнiң құрамында: Х. Досмұхамедов төраға, Есболов орынбасар, Әуезов, Тынышбаев және Ж. Досмұхамедов пен Қашқынбаев болды.
г). Қазақтың мемлекеттiк баспаларында – Досмұхамедов пен Ысқақов Даниал (Ташкентте), Дулатов (Қызылорда да), Бөкейханов пен Әуезов (Мәскеуде) қызмет iстедi.
д). Оқулықтарды – Байтұрсынов, Дулатов, Омаров Елдес, Досмұхамедов Х. және («Алашорданың» кезiндегi идеологиялық бағыт-бағдар бойынша) жазды.
е). Аударма әдебиеттерiмен – Бөкейханов, Дулатов, Жұмабаев, Байтасов (аудармалардың мағынасын бұрмалап, керексiз, кеңес мектептерi мен бұқара халыққа аса қажеттi емес кiтаптарды аударумен шұғылданды».
ж). Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн эпикалық сарында әспеттей суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде – кең байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды.
з). Ескi араб әлiпбиiн жақтап қорғағандар: Байтұрсынов, Е. Омаров, Байсейiтов Әзiз.
и). Тiлдiң тазалығы үшiн күрескендер (бұрынғы атаулар мен ұғымдарды): Байтұрсынов, Жұмабаев, Х. Досмұхамедов.
к). Маркстiк қондырғысыз, бұрынғы «Алашорданың» идеологиясының негiзiнде мектепке: Байтұрсынов, Аймауытов, Жұмабаев, Байтасов, Жәленов, Омаров Е., Омаров А.С., Байсейiтов Әзiз, Әдiлев, Әуезов, Х. Досмұхамедов, М. Тынышбаев оқулық жазды.
л). Баспасөзде пiкiр бiлдiргендер: («Ақ жол» және басқа да «Алашорданың» идеологиялық ықпалында болған басылымдар арқылы): Байтұрсынов, Дулатов, Жұмабаев, Әуезов, Есболов, Аймауытов, Омаров Уәлихан, Досмұхамедов Х., Қашқынбаев, Қожамқұлов, т. б.
м). Көпшiлiктiң алдында лекция оқып, баяндама жасағандар (қазақтың мәдениетi мен тарихын, өмiрiн «Алашорданың» идеологиясы» тұрғысынан түсiндiргендер): Досмұхамедов, Есболов, Қашқынбаев, Жұмабаев, Әуезов, Тынышбаев – бұлар Ташкенттегiлер, Орынбордағыларды бiлмеймiн, Қожанов та баяндама жасаған, Аспендиаров пен И. Тоқтыбаев және басқалар да араласты.
н). Университетте (Алматыдағы) сабақ бергендер: Байтұрсынов, Ермеков, Досмұхамедов Х, (университеттiң ашылу кезiнде Байтұрсынов «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан сөйледi).
Осы кезде шыққан кiтаптардың көпшiлiгi «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан жазылды, оқу орындарының түлектерi сол идеямен қаруланып шықты (Тынышбаевтsң 3. Х. 30 ж. жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 277-278-парақтар).
Соңғы уақытта, Тынышбаев және басқа да астыртын ұйымның мүшелерi түрмеге қамалғаннан кейiн, ұйым мүшелерi Оқу-ағарту комиссариаты мен жоғары оқу орындарына, оның iшiнде қазақ мемлекеттiк университетiнiң маңына топтаса бастағаны байқалады.
Қазақ жастары оқып жатқан Қазақ мемлекеттiк университетiне, бiз өзiмiздiң идеологиямызды кеңiнен таратуға мүмкiндiк беретiн оқу орыны ретiнде қарадық. Қазақ мемлекеттiк университетiн бiтiрiп шыққан соң мектептерде сабақ беретiн, қалың бұқарамен тығыз байланыста болатын жастарды оқытады, сондықтанда, бiз үшiн жастарды «Алашорданың» рухында тәрбиелеудiң маңызы ерекше болды.
ҚазМУ-дiң ректоры Аспендиаров пен оның орынбасары Жандосов бiзбен жақсы араласып тұрды және бiзге сендi, сондықтан олар бiздiң пиғылымызды аңғарған жоқ. Мысал үшiн, бiздiң оқу орындарындағы жүргiзген әрекетiмiз туралы маған Доcмұхамедов хабарлаған бiр жайды айта кетейiн: Досмұхамедов ҚазМУ-де рефлекстанудан дәрiс бердi және шәкiрттерге маркстiк емес тұрғыда түсiнiк бердi. Мұны байқап қалған студенттер, одан сабақты маркстiк тұрғыдан түсiндiрудi талап етiптi. Сонда ол: мен марксшыл емеспiн, сондықтан маркстiк тұрғыдан түсiндiрiп бере алмаймын, рефлекстануды маркстiк негiзде оқытатын адамды өздерiң тауып алыңдар, – дептi (Тынышбаевтың 4/Х – 30 ж. жауабынан № 2370-iс, 1 т., 312-парақ).
Тағы да ол: «Оқу-ағарту комиссариатының нұсқауы бойынша бiз оқу орындарында қызмет етуге және кейбiр кiтаптарымызды шығаруға мүмкiндiк алдық. Досмұхамедов пен Ермеков – ҚазМУ-де, Сүлеев – Семейдiң Аймақтық оқу-ағарту бөлiмiнде қызмет еттi» (Сонда, 31 - парақ), – деп көрсеттi.
Досмұхамедов Х.: «...байдың балаларын ҚазМУ-ден шығарып тастаған кезде мен оны (Аспендиаровты – тергеушiлердiң ескертуi – Т.Ж.) бұлар байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым (Досмұхамедовтiң 21 IХ – 1930 ж. жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 209-парақ)» , – деген арнайы айыптау айғақтары келтірілген.
Мiне, қазақ ұлтының рухани мұрасын сақтап қалған тұлғаларға деген көрсетiлген «құрметтiң» сиқы осындай. Әрине, тергеушiлер үшiн мұндағы айтылған жайлардың байыбына барудың пәлендей қажетi жоқ. Тек тiзiм мен дерек болса жетiп жатыр. Егерде, дәл сол кезде Ахмет Байтұрсынов қазақ тiлi мен әдебиеттану ғылымының негiзiн салмаса, бiз бұл күндерi бастауыш пен баяндауышты – бастаушы мен қостаушы, анықтауыш пен толықтауышты, айқындаушы мен толдықтырушы, зат есiм мен сын есiмдi – негiздi есiм мен түрлi – түс, қимыл есiмi деп атап жүрер ме едiк, кiм бiлсiн. Ал, шылау мен үстеудi, етiстiктi қалай атарымызды бiр алланың өзi бiлсiн. «Тiл мен ұғымның тазалығы» үшiн күрескенiне «айыпкер, алашордашыл» атанған Ахаңсыз есептiң төрт амалына – алу мен қосуға, бөлу мен көбейтуге ат тауып көрiңiзшi. Алынғыш, қосылғыш, көбейткiш, бөлiнгiш деп тәржiмаланып жүрген ұғымдардың санамызда мәңгi тұрақтап қалмасына кiм кепiл? Мағжанның өлеңдерiнсiз, «Ақбiлексiз», «Қилы замансыз», «Аламансыз», «Қазақ тарихынсыз», жаратылыстану, физика, психология, геология саласындағы алғашқы оқулықтардағы атаусыз (терминдерсiз) қазақтың бүгiнгi рухани, мәдени-ғылыми iлiмдерiнiң дәрежесi қандай «табалдырықта» жатар едi?
4.
Мұхамеджан Тынышбаевты «Түрксiб» темiр жолының тағаны төселiп бiткенше «қалпақ астында» ұстады да, тура салтанатты ашылу ресiмiнiң қарсаңында қақпайлап шетке шығарды. Өйткенi, «Алашорданың», уақытша үкiметтiң қайраткерi, Қоқан Республикасының Премьер-министрi Кеңес үкiметiне темiр жол салуға белсенді түрде қатысты дегізу – асқан «саяси сауатсыздық әрі арандатушылық, кеңес өкіметінің беделін түсіретін идеологиялық қастандық әрекет» болып табылатын. Сөйтiп, «ұлы құрбандықтың» екiншi легi түрменiң торына:
-
Ермеков Әлiмхан - 6/Х. 30 ж.
-
Тынышбаев Мұхамеджан - 4/ VIIІ – 30 ж.
-
Досмұхамедов Халел – 14/IХ – 30 ж.
-
Досмұхамедов Жаhанша – 31/Х – 30 ж.
-
Қожамқұлов Нашир – 20/Х – 30 ж.
-
Сүлеев Бiләл – 27/IХ – 30 ж.
-
Кеменгеров Қошмұхамед – 17/IХ – 30 ж.
-
Әуезов Мұхтар – 17/IХ – 30 ж.
-
Омаров Әшiм – 14/IХ – 30 ж.
-
Күдерин Жұмақан – 17/IХ –30 ж.
-
Бұралқиев Мұстафа – 17/IХ – 30 ж.
-
Ақбаев Әбдухамид – 14/VIII – 30 ж.
-
Ақбаев Жақып – 8/VIII – 30 ж.
-
Қадырбаев Сейдазым – 14/IХ – 30 ж.
-
Тiлеулин Жұмағали – 2/VII – 30 ж.
-
Мурзин Мұхтар – 14/IХ – 30 ж.
-
Омаров Уәлихан 30/III – 31 ж.
-
Үмбетбаев Алдарбек – 8/VIII – 31 ж.
-
Искаков Даниал – 29/III – 31 ж.
-
Мұнайтбасов Әбдiрахман – 23/IХ – 31 ж.» – күндерi түстi.
Алдыңғы толқыннан кейiнгi алаштың ең көрнекті де үмiттi топ осылар едi.
Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары А.Тілеулиевтің 1972 жылы 18 ақпандағы Партия институтының директоры С.Б.Бейсембаевқа жолдаған құпия хатында:
«Тынышбаев Мұхамеджан, 1887 жылы туған, қазақ, партияда жоқ, мамандығы инженер. Қазақстандағы бұрынғы ОГПУ мекемесі оны: «Алаш» партиясын құрушылардың бірі, Мемлекеттік Думаның мүшесі, «Алашорда» үкіметінің мүшесі, Уақытша үкіметтің комиссары ретінде 1930 жылы 3 тамызда тұтқынға алған. 1932 жылы 20 көкекте сотталған», – деп көрсеткен.
Демек, М.Тынышбаевқа: астыртын ұйым, басмашылармен байланыс, контрреволюциялық әрекеттер туралы тағылған айыптың қолдан жасалғанын құпия мекемелердің өздері де мойындап, жалтара жауап берген.
ЕКІНШІ ТАРАУ: «ТАТУЛЫҚТЫ СҮЙГІШ, СЕЗГІШ ЖҮРЕКТІ...»
(Мұхамеджан Тынышбаев)
1.
Сонымен, қазақ ұлтының рухани көсемдерiнiң барлығы бiр жылдың орайында жаппай түрмеге қамалып, жазалау саясатының құрбандығына шалынды. Қоғамның саяси және рухани, мемлекеттiк өмiрiндегi орыны мен күрес тәжiрбиесiнiң, көзқарастары мен iс-әрекеттерiнiң, тiптi, жас мөлшерiнiң айырмашылықтарына қарамастан бастары бiр көгенге қосақталып, ортақ айып тағылды. Мақсаты мен тiршiлiк тоғысы, мекенi мен мекемелерi ортақ болғандықтан да олар бiр-бiрiн бiлетiн, аралас-құралас ғұмыр кешкен. Сол таныс-бiлiстiгiнiң өзi оларға қылмыс ретiнде таңылды.
«Алашордашылардың кеңес өкіметін құлату мақсатында құрылған астыртын ұйымы туралы тергеу ісінің» бірінші тобы – Ә.Бөкейхановтан, екінші тобы – «Алашорда» үкіметінің әскери кеңесінің мүшесі, Қоқан (Түркістан) автономиялы республикасының Премьер-министрі Мұхамеджан Тынышбаевтан басталды. Өйткені «алашода тарихшысы» С.Брайниннің «қолындағы және ішінара жұмысына пайдаланған» жандармерияның «құжаттарына жүгінсек»:
«...олар Уақытша үкіметтің отарлау аппаратында қазақ еңбекші бұқарасының баскесер жендеті міндетін ар-ұятымен (за совесть) атқарды. Бөкейханов Торғай облысындағы көтерілісті жанышты, ал Тынышбаев Шкапскиймен қосылып Жетісудағы қазақ пен қырғыз бұқарасын талқандаған» еді (Алаш қозғалысы, 4 том, 93-бет).
Мұндай арсыздықпен пайымдалған «ғылыми тұжырымды» «голощекиндік националдар» да, тергеушілер де қапы жібермей, ұтымды пайдаланды. Сөйтіп, 1930 жылы 4-тамыз күні Мұхамеджан Тынышбаев тұтқынға алынды. Біз тарихи құжаттар мен деректерді Мұхамеджан Тынышбаевқа айып ретінде тағылған анкеталық анықтамаға жауап ретінде рет-ретімен салыстыра отырып пайдаланамыз. Сонда алаш қайраткерінің көзқарасының қалыптасуы мен «қылмыс баспалдағын» толық қамтуға мүмкіндік туатын сияқты көрінді.
Анкеталық анықтама: Мұхамеджан Тынышбаев – 1879 жылы туған. 1890-1900 жылдары Верный гимназиясында оқыған. 1906 жылы Петроградтағы байланыс қатынастары институтын бітірген. Инженер-теміржолшы. 1905 жылғы революциялық қозғалыстарға белсенді түрде қатысқан және Жетісу қазақтарының арасында тұңғыш рет азаттық пен бостандық идеясын насихаттап, таратқан. «Сын отечества» (шығарушы с-р Юрицев), «Радикал» (шығ. Маргулиев), «Речь» және «Русский Туркестан» (Морозовтың басшылығымен) газеттерінің тілшісі болған. Проф. Бодуен де Куртенмен (поляк), А.Кусовпен (украйн), журналист В.Жаботинскиймен (еврей) және басқалармен бірігіп 1905 жылы автономияшыл-федералшылардың одағын құрды. «Руский Туркестан» газетіндегі «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты баяндама одақтың құрылтайында тәргіленіп, айып салынды. 1905-1906 жылдары Верныйда тұтқындауға астыртын бұйрық берілген, Петербургте жасырынып жүрген. 1907 жылы Жетісу қазақтарының атынан мемлекеттік Думаның мүшелігіне сайланды.
Кеңес тарихшылары қазақ зиялыларының ұлт-азаттық қозғалысын мүлдем жоққа шығарып, сол арқылы Біртұтас алаш идеясы жолындағы «Алаш» қайраткерлерінің жанкешті күресін тарихтан сызып тастауға ұмтылды. Белгісіз белсенді большевик-тарихшы Н.Гредускула қазақ депутаттарын Думада:
«Тіл құқығы, дін құқығы, ұлттық мектептер, ұлттың өзін өзі билеуі мен тәуелсіз дамуы, бір сөзбен айтқанда, ұлттың жанын ауыртып отырған нақты мәселе, халықтың нақты ұлттық тілегі туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 86-бет) күстаналады.
Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтының тезистерінде:
«1916 жылғы патшаға қарсы ұлт азаттық көтеріліс тұсында: алашордашылар көтеріліске белсенді түрде қатысты, оған жетекшілік етті – делінеді. Керісінше, байлар мен алашордашылар соғыс басталғаннан бастап патша өкіметі жағында болды және оны белсенді түрде қолдады. Көтеріліс тұсында байлармен қосылып қазақтың еңбекші бұқарасының жендеті, барлаушы, патшаның жазалау отрядының жол көрсетушісі қызметін атқарды, өздері де жазалау отрядын ұйымдастырды... Мысалы, алашордашыл Тынышбаев Орта Азия мен Қазақстан бұқарасының жендеті генерал- губернатор Куропаткиннің ресми түрде аудармашысы болып, ал шын мәнінде «ауылды тұншықтыру үшін» Жетісу облысын аралап шықты...», – деп (Алаш қозғалысы,4 том, 28 - бет) жымысқылықпен баға берді.
Мұндайда, лениндік шындық пен адалдықтың парқы – жалақорлықпен, қаскүнемдікпен өлшенетін сияқты көрінеді. Анығында тарихи шындық мүлдем басқа болатын.
Сонда шындығы қайсы? Бұған 1933 жылы 8-29 желтоқсан аралығында Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтында С.Брайнин мен Ш.Шафироның «Алашорда тарихының очерктері» атты кітабының қолжазбасын талқылауға арналған кеңес жауап беруге тиісті еді.
Келеңсіз де келелі сол кеңесте Мұхамеджан Тынышбаевтің ұлттық идеяны қалыптастыру мен ұлт - азаттық қозғалысқа қатысты қайраткерлігі қақында кереғар пікірлер білдірілді. Тіпті қыжыртпа қақтығыстарға да себепкер болды. Біз өздерін де сондай тағдыр тауқыметі күтіп тұрған шешендердің пікірлерін М.Тынышбаевқа түрмеде қойылған сұрақтарғаберілген жауаптарымен жарыстыра, салыстыра дәйектейміз. Міндетіміз – Біртұтас алаш идеясының қалыптасуын қамту болғандықтан да, алаш идеясының атаусыз қалған үшінші толқынының ой-тұжырымын қамти кетуді парыз санадық.
Біртұтас Алаш идеясы жолындағы өмірлік күрес бағдарламасын М.Тынышбаев өзінің «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты 1905-жылғы 19 қарашада автономиялардың І съезінде жасаған баяндамасында тұжырымдап алған болтын. Дума мүшесі ретінде ол қазақ жұртының саяси-әлеуметтік, рухани талабын империя депутаттарының алдына тұңғыш рет жастыққа тән өжеттікпен батыл әрі батыра айтты.Саяси бағдарламаның кіріспесінде ол:
«Қазақ даласы ерекше мәдени, әлеуметтік-саяси және қоғамдық-экономикалық жағдайларға ие, ерекше заңдар негізінде басқарылады. Сондықтан да қыр еліндегі қазіргі қозғалыстың жалпы сипатын түсіндіру үшін, одақ мүшелерін оның өкілдерімен жұмыс істеуге тура келетін және Ресейде оларды өте аз білетін халықпен таныстыру үшін қазақтар жөнінде, басқару жүйесі және саяси, әдет-ғұрып, дін жөнінде, сол сияқты қырдағы қалыптасқан жағдайдың басты себепшісі болып отырған экономикалық қысым туралы қысқаша мәлімет беру қажет деп есептеймін. Қазақтар...1897 жылғы жалпыға бірдей санақта 4.100.100 тұрғын халқымен Ресейде 6 орынға шықты...Бірақ, бұл санның дұрыс еместігі талассыз: қазақтарда соңғы кездерге дейін метркелік жазбалар болған жоқ, ал көптеген жерлерде әлі күнге дейін де енгізілмеген. Санақ кезінде қазақтар өкімет әскери міндеттілікті енгізгелі жатыр екен деп ойлап, балаларын жасырып қалған (қазақтар әскери міндеттен босатылған). Торғай облыстық басқармасының бұрынғы кеңесшісі И.Крафт оларды 6 миллион деп есептейді, қазақтар тарихы мен тұрмысын өте жақсы білетіндердің бірі Я.Я.Полферов оларды 5,5 миллион дейді, біз де шындыққа жақындау сан осы ғой деп ойлаймыз. 1730 жылға дейін қазақтар өзіндік саяси тәуелсіз өмір сүрді және 3 ордадан тұратын одақ (үнемі болмаса да) құрады. Оларды шығыс монғолдар тегінен шыққан сұлтандар биледі. Қазақтардың өзі монғолдар тегінің әріден қосылатын бір бұтағы болып табылады және бәрінен де Қазан татарларына, әсіресе, қырым татарларына жақын. Ең жоғары билік ақсақалдар жиналысының қолында. Сұлтандар соғыста қол бастады және оларға орындаушылық билік берілді. Жан-жағынан жаулары қытайлар, жоңғарлар, қалмақтар, башқұрттар мен орыс казактары қыспаққа алған қазақтар 1730 жылдан орыстың қол астына кіре бастады, ал 1865 жылы Қоқан хандығы аймағында көшіп жүрген ең соңғы еркін көшпенділер де бағынды. Нақтысында ешқандай соғыс болған жоқ, өйткені қазақтар бұдан әрі өзінің тәуелсіздігін сақтап қала алмайтындығын жақсы түсінді, сезінді. Осының нәтижесінде орыс өкіметіне тұтастай 5,5 млн. адамды кәдімгі адамгершілік праволарынан айырып қосып алу еш қиындыққа түскен жоқ. Қаншалықты ауыр, қаншалықты мұңды болса да, қазақтар еркін өмірімен еріксіз қоштасып, қасіретті кең даланың тынысындай бостандықтарфынан бас тартуға мәжбүр болды», – деп тарихи анықтама берумен бастады.
Шындығында да, қазақ үшін бостандық пен кең даланың тынысы егіз ұғым болатын. Жас инженер өзінің алғашқы саяси пікірін бұдан әрі:
«Қазақтар орыстың қол астына кірген кезде ешқашан да орыс халқының әулеті ішінде аналық қамқорлыққа және Ресей тарапынан жылы лебізге титтей де құқы жоқ өгей бала секілді боламыз деп ойлаған да жоқ. Үкімет саясаты мен қазақтардың қазіргі кездегі жай-күйі қазақтардың қаншалықты алданғанын анық көрсетеді. Қазақ даласында түрлі Ережелер енгізудің тарихын жайына қоя тұрып, мен сіздердің алдарыңызда бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін өзінің бостандығы мен саяси тәуелсіздігін көрсеткісі келген халықтың, орыс үкіметі бейнесінде әділеттілік пен заңдылықты көргісі келген халықтың шын мәнінде қандай жағдайға жеткендігін айтып бергім келеді. Бюрократтық өкімет қазақтар жөнінде өте жабайы және ойға келмейтіндей ережелер жасады», – деп дамытты.
Иә, бұл – ақылға сиымсыз, бірақ бүтін халықты бұтарлауға таптырмайтын қастаншықпағыр Ереже еді. Өйткені: Орал, Торғай облыстары – әскери губернатор арқылы Ішкі істер министрлігіне; Ақмола мен Семей облыстары – әскер губернаторлардың үстінен қарайтын генерал-губернаторларға; Сырдария, Жетісу, Самарқан, Ферғана, Амудария облыстары – әскери министрлікке бағынды. Бұл, әйгілі «бөліп ал да, билей бер» деген саясаттың нағыз аяр үлгісі болатын. Мұндағы басты мақсат – тұтас ұлттың ұлттық мүддесі мен экономикалық тұтастығын, тіл мен дәстүр сабақтастығын, рухани мәдениетін ыдратып, телім-телім ету еді. Тіпті бір губерниядағы азаматтық істердің өзі әр мекемеде әр қалай жүргізілді:
«Орыс соты қазақ өміріне қарай еш икемделмеген және тілді де білмейді, өзі әрекет ететін ортадағы халықтың әдет-ғұрпынан хабарсыз. Ауызша өсиеттер мен әдеттерге сүйенген және жазылған заңдары жоқ халық соты тұтастай әкімшілікке бағындырылған, ендеше, Түркістанда ол әскери министрлік мекемесіне, ал басқа жерлерде – Ішкі істер министрлігіне қарайды. Некелік және әлеуметтік істер бір жерлерде халық сотына, ал кейбіреуінде тікелей әкімшілікке, үшінші біреулерінде қазақ діни басқармасына берілген. Метрке кітаптары бір жерде казак діни басқармасында, енді біреулерінде аудан старшындарында (селолық полицейлерде)».
Қазақ депутаттары Думада: «Тіл құқығы, дін құқығы, ұлттық мектептер құқығы ... туралы бір ауыз сөз айтпады», – деген Н.Гредускуланың сөзінің қисынсз гротекст екеніне М.Тынышбаевтың мысал келтіре отырып:
«Қазақ даласы әкімшілік және сот жағынан алғанда жүз ойланып, мың толғансаң да қиял жетпейтін ала-құлалық пен ақымақтыққа толы екенін көреміз. Бір тілде сөйлейтін, біртұтас әдет-ғұрпы мен тарихы бар, бір дінге сенетін тұтастай халықты басқарудың осындай өмірге икемсіз, қолайсыз жүйесін жүзеге асыруда өкімет неге сүйенгендігі бізге тіпті де түсініксіз және де өкіметтің өзі де ешқандай дәлел айта алмас деп ойлаймын. Іс жүзіндегі заң бойынша, генерал-губернаторлар өздерінің басқыншылық өкілеттігімен кез-келген қазақты, дүниеге жаңа келген сәбидей күнәсіз болса да, жер аударуға құқы бар. Жоғары мәртебелінің алдында итше жорғалап, жағымпазданып үйреніп қалған чиновниктер, сонымен бірге халықты «орыс пен қазаққа бөліп қарайды», олардың ойынша: қазақтардың мүдделері, түз халқына тән нәрсенің барлығы – құрту мен аймақты орыстандыру жолында құрбандыққа шалынуға тиіс, бұл үшін ең соңғы шараларға да баруға болады. Орыс өкіметінің пікірінше, қазақтар – адам емес, олардың өмір сүруге ешқандай да құқы жоқ зиянды тіршілік иелері, сондықтан да олар қазақтарға ойына келгенін істейді. Халыққа террор жасау әбден шегінен шыққан: адам төзгісіз заңсыздық пен қысымнан қан қақсайды... Қала түрмелері бастықтардың бұйрығы бойынша отырғызылған қазақтарға толы: бастықпен кездесіп қалғанда бас киіміңді алмасаң болды, түрмеге отырдым дей бер...», – деп күйіне баяндап, әшкерелей дәйектеуі дәлел.
Бұдан әрі рухани қорлықты, яғни, М.Есполов Самара құрылтайында:
«1906 жылғы жаппай қоныс аударудың қарқыны ерекше болды. Қоныс аударушыларды мемлекеттік мекемелердің кеңшілік жасағаны сондай, 1912 жылы қасиетті Синодтың жоспары бойынша, әрбір қазаққа екі қоныстанушыдан келсін», – деп («Алашорда қозғалысы», 2 том, 223-бет) беттеріне басқан шешімді дайындаған «қасиетті әкейлер» жүргізіп отырған шоқындыру саястына тоқталған М.Тынышбаев:
«Осылайша әкімшілік бұйрықтар мен іс жүзіндегі заң бойынша, қазақтар бастықтың рұқсатынсыз аяғын қия баса алмайтын болды. Қазақтардың кәдімгі адамдық құқықтары да жоқ: халықтың өмірі мен ар-ұятын әкімшілік толық билеп алған. Мешіт, медресе және құран оқитын ғибадатханаларды жабу, діни кітаптарды кәмпескелеу мен рұхсат етпеу, қазақ тіліндегі інжілді (евангелиені ) таратып беру мен оны қабылдағысы келмегендерді Сібірге айдаймыз деп қорқыту, миссионер-мұғалімдер оқытатын орыс емлесін міндетті түрде қазақ дін училищелерінде оқытуды енгізу туралы бұйрықтар, қазақтарды мылтық оқпаны мен қылыш жүзін сүю арқылы ант бергізу жобасы, қазақ балаларын миссионерлік үйлерде ұстап, оларды православный деп жариялау, православиені қабылдаудан бас тартқаны үшін қазақ қызының басына құрсау салып қинау, өтініш пен арызды қазақ тілінде беруге шек қою мен болыстық канцелярияларда хат жазуды орыс тілінде жүргізуді енгізу және басқа да бірқатар адамдардың жеке басы мен ар-ожданын дөрекі түрде күлкіге айналдыру мен күш көрсету – мұның бәрі мырзалар, XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында болып отыр және мұның бәрі күні бүгінге дейін адамдар мен құдай көзінен таса қалған алыс аймақтарда сақталып отыр. Мұның Ұлы Ресей державасының теократиялық және бюрократиялық надан өкіметінің тегі басқалар мен басқа діндегілерге қарсы крест жорығы демегенде, не дейміз?», – деген ызалы баяндамасы арқылы оқығанның да, тыңдағанның да айызын қандыра жеткізді.
Осы арада жоғарыдағы келтірілген Қ.Жұбановтың:
Достарыңызбен бөлісу: |