Тулаганов Анвар Балтабаевич мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы мен қол жетімділігінің нысаналы көрсеткіштерін басқару 6D051000 Мемлекеттік және жергілікті басқару Phd докторы дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация


Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бақылауды жүзеге асыру



бет22/24
Дата19.05.2022
өлшемі0.57 Mb.
#457682
түріДиссертация
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24
Ануар - диссертация откорректированная

3.3 Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бақылауды жүзеге асыру
Қазақстанның әлемнің бәсекеге неғұрлым қабілетті елдерінің қоғамдастығына кіру жолындағы ұмтылысына орай, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Жаңа Қазақстан – жаңа әлемде» атты Қазақстан халқына Жолдауында [81] – «бізге елдің тұрақтылығын, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтай отырып, бір мезгілде қоғам мен мемлекетті басқарудың неғұрлым тиімді жүйесін қамтамасыз ете алатын биліктің қазіргі заманғы демократиялық нысанына қарай жылжи беру керек» деген міндет қойды. Осы міндетті іске асыру үшін елімізде жүріп жатқан әкімшілік реформа шеңберінде мемлекеттік басқарудың корпоративтік, нәтижелілік, ашықтық және есеп берушілік қағидаттарына негізделген сапалық тұрғысынан тіптен жаңа үлгісін құру жүзеге асырылуда. Осы бағытта, 2010 жылы Қазақстандағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуалды түбегейлі өзгертіп жіберген оқиғалар болды. Бұл өзгерістер мемлекеттің негізгі міндеті – қоғамға билік арқылы ықпал ету емес, мемлекеттік қызметтер көрсетілуін тұтынушылардың талаптарын қанағаттан-дыру екендігін растап отыр.
«Мемлекеттік қызметтер көрсету» терминінің біздің өмірімізге кіруі – бұл жаңалық енгізуге еліктеу немесе шетелдік тәжірибені қалай болса, солай енгізе салу емес, мұның астарында мемлекеттің қоғам өміріндегі рөлі мен міндеттерінің өзгеруіне, жаңа құндылықтар мен басымдықтардың қалыптасуына байланысты әлдеқайда терең себептер жатыр. Мемлекеттің мәні мен әлеуметтік борышы – оның қызметі, мақсаты мен міндеттерінің бағытталуын анықтауда шешуші рөл атқарады. Өз кезегінде, мемлекеттің функциялары қоғамның қазіргі даму кезеңіндегі қоғам алдындағы міндеттерге тәуелді болады. Ал міндеттер және олардан туындайтын функциялар қоғамның даму деңгейіне, оның экономикалық мүмкіндіктеріне, халықтың қажеттіліктері мен мүдделеріне және т.б. байланысты болады. Тұрмыстың барлық саласына «әкелік» қамқор көрсететін патерналистік мемлекетке азаматтық қоғамда орын жоқ, өйткені ол қоғамға қажетті және пайдалы ғана деген функцияларды орындайтын «малайға» айналып кетеді. Мемлекет пен қоғамның арақатынасы осылай қалыптасқан жағдайда өзіне әлеуметтік тұрғыдан не маңызды болып табылатынын, мемлекетке қандай тапсырмалар беру керек екендігін және оған қандай функциялар жүктейтінін азаматтық қоғамның өзі айқындауы тиіс. Тек осындай жағдайда ғана «мемлекеттік қызметтер көрсету» жеке адам мен заңды тұлғалардың мемлекеттік құрылымдармен нақты қатынас жасау жүйесіне айналады.
Осыған байланысты айтайын дегеніміз, қоғам мен мемлекеттің жаңа қатынастары пісіп-жетілуі тиіс, мемлекеттің бұдан бұрын орындаған функцияларын қоғам өзіне алуға дайын болуы керек.
Батыс демократиясының елдері, мемлекеттік билікті реформалай отырып, мемлекеттік құрылымдарды, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар функция-ларды орындайтын, өзін-өзі реттейтін ұйымдарды құра келе, бұл бағытта ұзақ жолдан өтті. Осындай құрылымдар бізде де құрылуда, бірақ бұл сындарлы да күрделі жолдың басы ғана, өйткені әлі талай белестерден, ықтимал олқылықтар мен қателіктерді еңсере отырып, өтуге тура келеді. Кейбір кезде өзін-өзі реттейтін ұйымдар қоғамға мемлекет тарапынан көрсетілген қысымнан да қатты ықпалын жүргізуге тырысуы мүмкін, мұндай жағдайда мемлекеттік функциялардың өзін-өзі реттейтін ұйымдарға берілуін тоқтата тұруға тура келеді.
Шет елдердегідей, біздің елде де мемлекеттік қызметтер көрсетуді мемлекеттік қызметпен тығыз байланыстырады. Және бұл кездейсоқ емес, өйткені мемлекет қызметтер көрсетуді арнайы аппарат – мемлекеттік қызметшілер арқылы жүзеге асырады, сондықтан мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын басқару туралы мәселелерді зерделеген кезде «мемлекеттік функциялар» мен «мемлекеттік қызметтер көрсету» ұғымдарының аражігін айқын ашып көрсетудің, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсетудің орны мен рөлін, оларды сапалы орындау қажеттігін, содан кейін кері байланыстың қажет екендігін және онсыз мемлекеттік орган мен мемлекеттік қызметшінің қызметінің тиімділігі туралы айтуға болмайтындығын анықтаудың өте күрделі процесс екендігіне көзіміз жеткендей болды. Өкінішке орай, Қазақстанның қала тұрғындарының мемлекеттік қызмет туралы хабардар болуы өте төмен. Мәселен, сауалнамаға тартылған респондеттердің 61%-ы тек мемлекеттік қызметтің атауын ғана біледі немесе ол туралы кейбір әңгімелерді кездейсоқ адамдардан естіген.
Азаматтардың қызмет тұтыну жөніндегі құқығынына кепілдік беру үшін «Мемлекеттік рәсімдер туралы» ҚР Заңында мемлекеттік органдар үшін әрбір көрсетілетін мемлекеттік қызмет туралы стандарт әзірлеу және қызмет көрсету кезінде стандарттың талаптарын басшылыққа алу қажеттігі белгіленді.
Мемлекеттік қызметтер көрсетуді стандарттау мемлекеттік билік пен Қазақстан Республикасының аумағында тұратын және қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін қоғамның (халықтың) өзара қарым-қатынастарын реттеудің оңтайлы деңгейіне қол жеткізу болып табылады. Алайда, осы кезге дейін стандарттау процесін іске асыруда кемшіліктер орын алуда. Мәселен, уәкілетті мемлекеттік органдардың мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесіп жүргізген зерттеулері қызметтер көрсетудің рәсімдері мен мерзімі бойынша бірқатар кемшіліктер тапты, қолданыстағы стандарттар мен регламенттердің үлгілік талаптарға көбінесе сәйкес келмейтіні анықталды. Сірә, ағымдағы ахуалға талдау жасау мен қызмет көрсету сапасын арттырудың тетігін құру үшін тұрақты сыртқы мониторинг жүргізу қажет, ол кең ауқымды мәселелер бойынша, соның ішінде стратегиялық мақсаттардан бастап, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға дейінгі мәселелер бойынша әрбір мемлекеттік органның құзыреттілік деңгейін анықтауға арналған. Бағалау процесінің нәтижелері бойынша мемлекеттік органдардың нәтижелілігі туралы тұжырымдар жасалып, олардың қызметін жақсарту жөнінде ұсынымдар қабылданады.
Кеңестік және қазіргі заманғы әкімшілік жүргізудің көпжылдық практикасы көрсеткендей, халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту саласында декларациялар, шағым жасау кітаптарын қолдану, бұл мәселені партия жиналыстарында талқылау тиісті нәтиже берген жоқ. Осы тұрғыдан мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын арттыру көпшіліктің пікіріне байланысты болады, өйткені Қазақстан Республикасының азаматтары мынадай бес негізгі бағыт – «сапа», «уақтылылық», «қол жетімділік», «шағымдану процесі» және «сыпайылық» бағыттары бойынша басты бағалаушылар болып отыр. Осы ретте, мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасы мен қол жетімділігіне тұтынушылар тарапынан нарзылықтар білдірілуде.
Осы саладағы бағалауды жүзеге асыратын уәкілетті орган – ҚР Мемлекеттік істер жөніндегі агенттігі. 2010 жылы Агенттік екі пилоттық органның – Ақмола облысы мен ҚР Еңбек және халыққа қызмет көрсету министрлігінің қызметтер көрсету жөніндегі жұмыстарын бағалау мақсатында респонденттермен сауалнамалар жүргізді. Жиналған материалдардың талдауы растағандай, Ақмола облысының жергілікті органдарында мемлекеттік қызметтердің 34 түрін көрсету бойынша тиісті жұмыстар атқарылған. Мұнда барлығы – 122,4 мың қызмет, соның ішінде ХҚКО-ы арқылы 1,5 мың қызмет көрсетілген. Солардың ішіндегі көкейтестілігі тұрғысынан ең маңыздылары – жер телімдеріне актілер беру (19,7%), 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларына мемлекеттік жәрдемақылар тағайындау (14,4%), жұмыссыз азаматтарды тіркеу және есепке қою (13%) және мектеп жасына дейінгі балаларды тіркеу (6,5%). Сауалнамалар барысында респонденттер – қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту, түсіндіру жұмыстарын жақсарту, қызмет көрсетілуін тұтыну үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ қызмет көрсететін мамандардың санын көбейту жөнінде ұсыныстар енгізді.
Енді – ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық бөлімшелеріне қатысты. Тұтынушылардың саны 1,7 миллионнан асып отыр.
Неғұрлым сұранысы көп қызмет көрсету түрлеріне бала туғанда берілетін жәрдемақы тағайындау (32%), әлеуметтік жеке код беру (29%), әлеуметтік қатерлер туындаған жағдайларда тағайындалатын жәрдемақылар: еңбекке жарамсыз болғанда берілетін жәрдемақы, асырушысынан айрылған жағдайда берілетін жәрдемақы, жұмысынан айрылған жағдайда берілетін жәрдемақы (15%), негізгі зейнетақылық төлем тағайындау (6%), арнайы мемлекеттік жәрдемақылар тағайындау (5,9%) жатады. Сонымен бірге, тұрғын халықтың жиі кездесетін проблемалық мәселелеріне – келушілерді қабылдайтын үй-жайларды жайғастыру, құжаттарды қабылдау мерзімін шектеу және т.б. жатады.
Отандық және шетелдік сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижелері көрсеткендей, тұтынушылардың айтарлықтай бөлігі (40%) – қызмет көрсетудің мерзіміне, сапасына, қол жетімділігіне, құнына, персоналдың сыпайылық көрсету деңгейіне қанағаттанбаған. Қазіргі уақытта сарапшылар мемлекеттік органдардың көрсететін қызметтеріне қорытынды бағалау құжаттарын әзірлеуде. Жалпы қорытынды негізінде орын алған проблемаларды жоюға мүмкіндік жасайтын ұсынымдар берілетін болады.
2010 жылдың аяғында (қараша айында) мемлекеттік органдардың барлығы қызмет көрсетудің сапасы мен орындалған жұмыстардың тиімділігін бағалау процесіне тартылған болатын. Алайда, мемлекеттік органдардың жеделдетілген кері байланысының болмауы, қызмет тұтынушының қызмет көрсетушіден тәуелді болуы қызмет көрсетудің қажетті деңгейіне қол жеткізу жөніндегі кез келген іс-шаралардың тиімсіздігіне алып келеді. Осыған байланысты, атқарушы билік органдары қызметінің әкімшілік регламенттерінің, мемлекеттік қызметшілердің рента алуға бағдарланған әрекеттеріне кедергі жасайтын рәсімдер ретінде енгізілуі мемлекеттік әкімшілік жүргізудің тиімділігін артыруға мүмкіндік туғызады. Осыған орай, ресми органдардың актілері мен шешімдерінің, сондай-ақ азаматтардың өтініштерінің орындалу процестеріне қоғамдық әсер ету шараларын қолдану уақыты келген сияқты. Бұл азаматтардың мүддесіне әсер ететін шешімдер туралы ақпараттың ашықтығы мен қол жетімділігіне қарай, қоғамдық ұйымдардың мәртебесінің артуына және олардың атқарушы органдармен серіктестік қатынастарының заңнамалық шеңберде дамуына қарай жақсара түсетін қоғамдық бақылаудың мүмкіндіктерін білдіреді.
Алайда, тұрғын халық мемлекеттік мәселелерді шешу барысына қызу түрде араласуға әзірше онша дайын емес. Қоғамның демократияландырылуы мемлекеттік құрылымдардың саяси және әлеуметтік функцияларының іс жүзінде күшейгенін бірден білдірмейді, бірақ бұл мемлекеттік басқару субъектілерінің көпшілігінің барынша жоғары дербестігін және халықтың – қоғам тіршілігі мен оның келешегіне байланысты істерге қатысуындағы дербестігі мен белсенділігін көрсетеді.
Қазақстанда тәуелсіз алғаннан кейінгі жылдары үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) секторы мен азаматтық қоғамның дамуы үшін көп істер тындырылды. Бүгінгі таңда ҮЕҰ қоғамдық мониторинг пен азаматтық қоғам құру жөніндегі бастамаларға қатысуға дайын екендігін білдіруде. Көптеген өңірлерде қоғамдық бақылау комитетін ұйымдастыру жөнінде пилоттық жоба іске асырылуда. Оларға Павлодар, Астана, Кентау және Шымкент қалаларын жатқызуға болады. Қарағанды қаласының мәслихаты жанында Қоғамдық сенім комитеті құрылып, жұмыс істеуде. Бұл комитет, шын мәнісінде, қоғамдастық өкілдерінің депутаттармен және мемлекеттік оргадармен өзара іс-әрекет жасауын ұйымдастырады. Өкінішке орай, комитеттің бастамаларына мемлекеттік органдардың тарапынан қажетті қолдау көрсетілмей отыр, өйткені біздің қоғамымыз бен азаматтық қоғам үшін қоғамдық мониторинг – бұл инновация.
Қоғамдық бақылау дегеніміз: бұл азаматтардың, азаматтық қоғам институттарының – бұқаралық ақпарат құралдарының, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіподақтардың – билікті тиісті заңның орындалуын сақтауға, өзінің міндеттерін жауапты әрі құзыретті орындауға мәжбүрлеу мақсатында мемлекеттік билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін бақылау және тексеру жөніндегі әртүрлі шаралар кешенін жүзеге асыруы.
Әлемдік тәжірибе үйреткендей, қоғамдық бақылау қоғамға да, сондай-ақ мемлекеттік билікке де тиімді. Шындығында да, ол мемлекетті жауапкер-шілік сезінуге – заңның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге және қорғауға, демек, жалпы игілік үшін тиімді іс-әрекет жасауға мәжбүрлейді.
Қоғамдық бақылаудың мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалаудағы негізгі рөлі мемлекеттік органдардың жұмысының кері байланысын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл белгілі бір көрсетілетін қызметтердің мақсатқа лайықтылығы мен қажеттілігін, оларды көрсету әдістерінің қолайлылығын анықтау құралы. Мемлекет тек қоғамдық бақылау арқылы ғана қоғам үшін және нәтижеге жету үшін жұмыс істей алады.
Осының барлығы бәсекеге қабілетті экономиканы құруға және дамытуға, халықтың тұрмыс деңгейінің өсуіне, мықты азаматтық қоғамның қалыптасуына, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, адами капиталдың сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды. Түпкілікті нәтижесінде, еліміз мықты, тиімді дамыған және гүлденген мемлекетке айналады, бұл оның ұлттық мүдделерінің көрінісін бейнелейді. Сонымен бірге, 2010 жылы БРИФ және Xsights Research Companies компаниялары [8] жүргізген сауалнама көрсеткендей, әрбір үшінші респондент (30%) көрсетілген қызметтердің деңгейіне қанағаттанамын дейді, ал әрбір бесінші респондент (22%) бұл қызметтерді қанағаттанарлықсыз деп есептейді. Астананың тұрғындарын қызмет көрсетудің басқа түрлеріне қарағанда мемлекеттік қызметтер көрсетілуі көбірек қанағаттандырады (52%), ал Алматыда сауалнамаға қатысқандардың едәуір бөлігі (31%) мемлекеттік қызметтер көрсетуге қанағаттанарлықсыз деген баға беріп отыр.

6 сурет – Мемлекеттік қызметтер көрсетуге қанағаттанушылық [82].

Денсаулық сақтау – бұл саладағы қызмет көрсетуге респонденттердің басым көпшілігі (55 %) қанағаттанбаған, ал шағын ғана бөлігі (15%) оң баға берген. Әлеуметтік қызметтер көрсету, қылмыстық деңгейін төмендету және экономиканы басқару салалары да жақсартуды қажет етеді. Ал сыртқы саясат пен ұлттық қауіпсіздік мәселелерінің шешілуіне респоденттердің көпшілігі қанағаттанушылық білдірген.






Қанағаттанушылық
%

Қанағаттан-баушылық %

Net satisfaction
Ppt

Денсаулық сақтау

15

56

-40

Әлеуметтік қауіпсіздік

7

21

-14

Қылмыстықтың төмендеуі/қауіпсіз-дік

7

20

-13

Елдің экономика-сын басқару

5

17

-12

Әділет/Заң қызметі

6

14

-8

Білім беру

21

27

-5

Көлік

22

23

-1

Жергілікті үкімет

9

10

-1

Халықаралық қатынастар

34

2

32

Ұлттық қорғаныс

14

2

12

5 суреттің көшірмесі – Салалар бойынша қызмет көрсетуге білдірілген қанағаттану-шылық деңгейі [82].


Жоғарыдағы кестеде көрсетілгендей, мемлекеттік қызметтер көрсетудің әрқайсысы жалпы үкіметтің қызметіне қанағаттанушылық тұрғыдан әртүрлі әсер етеді. Экономика саласы алаңдатушылық білдірілетін объектілердің негізгісі болғанымен, статистикалық тұрғыдан білім беру саласы жалпы үкіметтің жұмысын бағалауға қатты әсер ететін салаға айналып отыр. Әсер ету дәрежесіне қарай білім беруден кейін әлеуметтік қызметтер, денсаулық сақтау және жергілікті билік орналасқан. Қызмет көрсетудің осы бағыттары қазақстандықтар үшін неғұрлым басым салалар болып табылады.
Жүргізіліп отырған зерттеулерге қарамастан, Қазақстандағы қоғамдық бақылау процесінде мынадай проблемалар орын алған:

  1. Қоғамдық бірлестіктердің қажетті ақпарат алуға қол жетімділігінің қиынға түсуі.

  2. Қоғамдық пікірді есепке алуға қажетті назар аударылмауы.

  3. Азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің өтініштеріне мемлекеттік органдардың кері әсер етуінің жеткіліксіздігі немесе тіптен болмауы.

Қазіргі уақытта қоғамдық бағалаудың күрделілігін, яғни проблемаларын шешу үшін ішкі тұрақсыздықтың әсерін, халықтың әртүрлі топтары көздейтін мүдделерінің қайшылығын және әлеуметтік таңдаудағы кездейсоқтықтарды еңсеру тетіктерін әзірлеу қажет.
Қоғамдық бақылаудың назар аудару аясына мемлекеттік органдардың қызметі немесе осы органдар шешетін проблемалардың барлығы жатады.
Қоғамдық бақылаудан ең алдымен қатардағы азаматтар ұтады. Қоғамдық бақылау олардың үміттерін ақтайды, атап айтқанда, мемлекеттік органдардың (мәселен, құқық қорғау) озбырлығын тоқтатуға, осы органдардың жұмысының сапасын жақсартуға әсер етеді. Содан кейін, екінші кезекте, қоғамдық бақылаудың пайдасын мемлекеттік органдардың өздері де көреді, соның нәтижесінде олардың жұмысы неғұрлым тиімді болады.
Қоғамдық бақылау жалпы түрде екі құрамдас бөліктен – проблеманы бақылау мен белсенді іс-әрекеттерден тұруы мүмкін. Қоғамдық бақылау жүргізу кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар ету сақтықпен, әдетте, келіссөздер жүргізу ахуалды жақсартпайтын жағдайда ғана жүзеге асырылады, бұл пысықталған кәсібиліктің жариялылық қағидатына қоятын шектеулеріне жатады.
Қоғамдық бақылаудың принциптілігі мен жариялылығы оның белсенділері үшін саяси сипатта болмауы тиіс, өйткені олар саясатттанушылықты қажетсіз және тіпті зиянды іс деп есептейді.
Құқық қорғау органдарымен, мемлекеттік билік құрылымдарымен қатынастарда, қоғамдық бақылаудың белсенділерінің есептеуінше, қалыптасқан жағдайға қарай, серіктестік байланыстарын орнатуға да, қарсы тұрушылық ұстанымын қолдануға да болады. Осы ретте, сауалнамаға қатысушылардың пікірінше, қарсылық көрсетуге қарағанда, серіктестік қатынастарын орнату әлдеқайда жақсы, өйткені ынтымақтастық жағдайында оңтайлы шешім қабылдауға мүмкіндік жасалады, екі жақтың күштері бытырап кетпей, бірігуге ұмтылыс жасайды. Қалыпты жұмыс қатынастарын орнықтыра білу, келіссөздер жүргізе алу, өз көзқарасыңды өркениеттілікпен жеткізе білу – үлкен кәсібилікке тән өлшемдердің бірі болып есептеледі, ал осы аталғандарды жүзеге асыра алмау ұйымның әлсіздігін білдіреді, өйткені талас-тартыстардан ешқандай нәтиже шықпайды, әсіресе бұдан қоғамдық бақылау мүддесін қорғауына алған әлеуметтік топтардың (мәселен, қамауда отырғандар) жағдайы бұрынғысынан да төмендеп кетеді.
Қоғамдық бақылау нәтижелері негізінде бақылауға алынған саладағы ахуалды жақсарту туралы ұсыныстар жасалады. Мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау үшін қоғамдық бақылау әлеуметтік тапсырыс арқылы конкурстық негізде жүргізілетін болады.
Келесі көкейтестілік маңызы бар мәселе – қоғамдық бақылаудың дұрыстығын қамтамасыз ету. Қабылданған анықтамасы бойынша қоғамдық пікір дегеніміз – бұл жекелеген әлеуметтік топтардың белгілі бір құбылысқа көзқарасын сипаттайтын қоғамдық сананың көрінісі. Сондықтан көрсетілетін қызметтерді таңдауға республикамыздың барлық өңірлерінде тұрып жатқан халықтың бүкіл әлеуметтік топтырының әртүрлі жастағы және қызметтегі өкілдері қатысуы тиіс. Бұл тұста азаматтардың көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің толық тізбесі мен стандарттары туралы хабардар болуы ерекше рөл атқарады. Мәселен, 2010 жылы Арал маңындағы және бұрынғы Семей сынақ полигонының төңірегіндегі өмір сүруге қолайсыз аумақтардың проблемаларын шешу жөніндегі бағдарламалық құжаттардың тиімділігін бағалау бойынша зерттеу жүргізілді. Социологиялық зерттеу нәтижесінде халыққа қолдау көрсету жөніндегі арнайы бағдарламалардың қолданыста бар екендігі туралы мемлекеттің кепілді көмегін алуға жататын, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 80%-ның білмейтіні анықталды [83].
Республиканың өңірлеріндегі тұрғындардың мемлекеттік қызметтер көрсетілуі туралы хабардар болуының деңгейі әртүрлі; мәселен, орталық Қазақстан тұрғындарының арасындағы мемлекеттік қызмет көрсету түрлерін білетіндерінің үлесі (50%), шығыс өңірлеріндегі тұрғындарға (15%) қарағанда едәуір көп [82].
Арнайы бағдарламалар әзірлеп, оларды қаржыландыруға ақша бөлу және бұл туралы ақпаратты түпкілікті қызмет тұтынушыларға жеткізбеу, біздің пікірімізше, тиісті сапаға сай келмейтін іс-шараларды орындағаннан да жаман сияқты. Көрсетілетін қызметтердің сапасы қандай және оны жақсарту бойынша мемлекет тарапынан қандай шаралар қолданылып жатқанын қоғам жақсы білгенде ғана қоғамдық бақылау лайықты орын алуы мүмкін.
Соңғы уақытта саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің – қоғамның субъектілерінің заңды мүдделерін қорғау мен сақтауға қатысты мемлекеттік органдар мен ұйымдардағы атқарушылық тәртіпті бақылау процесінде жұртшылықтың мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігі туралы бастамалары жиі көтерілуде. «Нұр Отан» партиясының мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға қатысуы жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үйлерді бөлу жұмысынан кемшіліктер тауып қана қоймай, осы мәселе бойынша құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерді бұзу фактілері жөнінде әділ шешімдер қабылдауын тездетуге ықпалын тигізді.
Тағы бір назар аударарлық мәселе, халыққа көрсетілетін қызмет түрлерінің орындалуын ойланбастан қоғамдық бірлестіктерге беруге болатын бөлігінің тізбесін анықтап бекіту мерзімі жеткен сияқты, өйткені бұл мемлекеттік басқарудың тиіміділігін арттыруға жол ашар еді. Қызмет көрсетудің кейбір түрлерін үкіметтік емес ұйымдарға беру, 2012 жылдың аяғына дейін әлеуметтік маңызы бар қызмет көрсету түрлерін электрондық форматқа ауыстыру бюджет қаражатын үнемдеуге қол жеткізеді.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы міндеттерін орындамағаны немесе тиісті орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілігін енгізу қажеттігі туындап отыр. Қазастанда, «Нұр Отан» ХДП-ның партиялық бақылау комитетінде мемлекеттік қызметтер көрсету мен рұқсаттама құжаттарының сапасы мен қол жетімділігіне бақылау және мониторинг жүргізу жөнінде Республикалық қоғамдық кеңес құруға бастамашылық жасалды. Мәселен, аталған партияға білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасы мен қол жетімділігіне азаматтардың көптеген шағымдары түсті, сол себептен партия белсенділерінің бастамасы бойынша денсаулық сақтау саласында «Пациенттердің құқықтарын қорғау жөнінде қоғамдық кеңес» құрылды [84]. Бұл кеңес пациенттердің құқықтарын қорғау және денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі міндеттерді іске асыру мақсатында құрылды.
Партиялық бақылау мемлекеттік қызметтер көрсетілуіне бақылау жасау бойынша объективті ақпарат берудің қосымша арнасының міндетін атқаруы тиіс.
«Нұр Отан» ХДП-ның партиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің, прокуратура органдарының және үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен жергілікті мемлекеттік органдардың халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің көп сұранысы бар төмендегі түрлері бойынша тексерістер жүргізді:

  • жер учаскелерін беру;

  • жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру актілерін ресімдеу;

  • жер учаскелері туралы анықтамалар беру;

  • тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және олардың кезектілігін белгілеу;

  • әлеуметтік тұрғын үй беру;

  • жеке тұлғаларды тіркеу (тұрғылықты жері бойынша тіркеу, жеке басының куәліктерін беру, тұруға рұқсат беру);

  • лицензиялар және басқа да рұқсаттама құжаттарын беру;

  • жылжымайтын мүлікке және сонымен жасалатын мәмілеге құқықтарды тіркеу;

  • 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларына мемлекеттік жәрдемақылар тағайындау;

  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және т.б.

Мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша қалыптасқан практиканы зерделеу мыналарды көрсетті:
1) мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшыларының тарапынан халыққа қызмет көрсетуге лайықты көңіл бөлінбеуі (мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын орындау мәселелері еңбек ұжымдарының жиналыстарында уақтылы қаралмауы, құрылған тәртіптік комиссиялардың рөлінің төмендігі, мемлекеттік органдар мен мекемелердің офистерінде қызмет тұтынушылардың құқықтарын түсіндіретін стендтердің болмауы);
3) қызметкерлердің функционалдық міндеттерінің неғұрлым айқын бөлінбеуі (мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерінің регламенттелмеуі, олардың бірін-бірі қайталауы) және олардың орындалуына қатаң талап қойылмауы);
4) ХҚКО-да кадрлардың жиі ауысуы, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға уәждеменің төмендігі.
Сөйтіп, біз жұмысымыздың осы бөлігінде мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бақылауды жүзеге асырудың қаншалықты маңызды іс екендігін айқындай отырып, оның тиімділігін арттыруға кедергі болып отырған олқылықтарды көрсетіп қана қоймай, оларды тезірек жоюға әсер етуге тиіс ықтимал жолдарын да (қоғамдық бақылау және т.б. сияқты) ашып көрсетуге тырысып бақтық.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет