септік қосымшаларының уақытша түсіп қалуының өзіндік себептері бар екенін айта келіп, оны атау септік тұлғасымен шатастыруға болмайтынын айтады: "Атау септіктің нөлдік морфемасы тұрақты, ал ілік пен табыс септіктің нөлдік морфемасы ауыспалы. Демек атау септік -тұрақты нөлдік морфемалы, тұрақты нөлдік тұлғалы септік. Ал ілік, табыс септіктері - ауыспалы нөлдік морфемалы, ауыспалы нөлдік тұлғалы септіктер [10, 102].
Ал табыс септік пен ілік септік жалғауларының түсірілмей, ашық келуі заттың, денотаттың белгілілігінен хабардар етеді. Мысалы:
Күнікей түйені тіркеп, тақиясын түзеп киіп, оң жағына қарағанда Ордабай айналасының барлық шаңырағынан да үлкен, күлімдеген қызыл жақұт күн көктің бір өңірін сары алтынға малып, екі түйенің арасынан абажадай боп адырдан суырылып, келе жатыр екен (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 18-бет.).
Өлеңнің ішіне балық жеушілер - Құдайдың сүйген құлы, олардан алапатты адамды Құдай жаратқан жоқ - деп қыстырды (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 235-бет.).
Ендеше, ілік, табыс септіктерінің ашық/жасырын келуі белгілілік/ белгісіздік категориясының морфологиялық көрсеткіші деуге негіз бар.
Түркі тіл білімінде белгілілік/белгісіздік категориясы туралы алғаш пікір А.Казембектің грамматикасында, "Алтай тілі грамматикасында" да зерттеушілер белгілілік/белгісіздік категориясын табыс септігі мен ілік септіктерінің ашық не жасырын келуімен байланыстырады. Мысалы, А.Казембек: "Винительный падеж заменяется именительным в том случае, если предмет действия не определен и не стоит непосредственно перед глаголом" [11, 381-382]. Зерттеушінің бұл ойын кейін "Алтай тілі грамматикасында" сабақтастық табады: "Винительный падеж употребляется с приставкой, когда им обозначается предмет определенный, а без приставки - когда предмет неопределенный" [12, 142]. Алайда авторлар белгілілік/белгісіздік категориясының көрсеткіштері алмаса беретінін, бірінің орнына бірі қолданылуы мүмкін екенін де айтады. Бұл пікірді П.М.Мелиоранский де қолдайды, ғалым септік жалғауларының ашық не жасырын келуін сөйлеушінің көзқарасымен байланыстырады: "Употребление оформленного винительного падежа весьма часто зависит от личного взгляда говорящего и пишущего" [13]. Н.Ф.Катанов табыс септігінің түсірілмей, ашық келуін сөзге логикалық екпіннің түсуімен де байланыстырады: "Винительный падеж оформленный, т.е. с полным окончанием, употребляется вообще тогда, когда речь идет о предмете определенно явно, и мысленно, когда говорящий, желая обратить на него внимание слушающего, ставит на нем в речи ударение" [14, С.783-784].
Н.К.Дмитриев белгілілік/белгісіздікті категория ретінде танып, оның ерекшелігі туралы былай дейді: "Если обозначаемое именем явление было предметом нашего опыта и, таким образом, известно нам, такое имя считается грамматическим определенным и в функции прямого дополнения употребляется с показателем винительного падежа. Если предмет нам сообщается впервые и мы о нем до этого ничего не знали, то предмет считается грамматически неопределенным и в функции прямого дополнения не получает показателя винительного падежа" [15, 3].
Табыс септігінің белгілілік/белгісіздік мәнін білдірудегі қызметі туралы Э.В.Севортян былай дейді: "Во-первых, прямое дополнение считается грамматически определенным (для говорящего и слушающего) после того, как оно впервые названо в речи. Следовательно, вовсе не обязательно, чтобы прямое дополнение было предметом нашего опыта и познано конкретно, вещественно...; во-вторых, грамматическая определенность прямого дополнения представляет собой особый случай, его обособления от сказуемого" [16, С. 89-90].
Дж.Киекбаев белгілілік/белгісіздік категориясын етістікпен байланыстыра келіп, былай дейді: "Что касается вопроса о том, что определенность имени связана с опытом говорящего, то этот момент целесообразно перенести в сферу глагола, так как употребление определенного или неопределенного (или очевидного и неочевидного) времени глагола во многих урало-алтайских языках именно связано с опытом говорящего" [17, 80].
Ендеше, түркі тіл білімінде белгілілік/белгісіздік категориясын сөз еткен зерттеушілер оны негізінен табыс септігінің ашық/жасырын келуімен байланыстыратынын көреміз. Осыған байланысты түркітануда табыс септігінің түсірілмей, ашық қолданылуы белгілілік, нақты бір зат туралы әңгіме болған жағдайда ғана орын алатыны сөз болады. Ілік, табыс септіктерінің қандай жағдайда (позицияда) түсірілмей, қандай жағдайда түсіріліп айтылатынын зерттеушілер констатация түрінде көрсеткенін айта келіп, Ы.Маманов еңбектеріндегі ғалымның белгілілік/белгісіздік категориясы туралы ойларына тоқтала келіп, ғалым Н.Уәлиев: "Ер намысы // ердің намысы, кітап берді // кітапты берді тәрізді қолданыстарда ілік, табыс септік қосымшаларын түсіріп те, түсірмей де айтуға болады. Ал Менің кітабымды бер деген құрылымда ілік, табыс септігін түсіріп айтуға болмайтыны белгілі. Алайда аталмыш септіктердің ашық, жасырын келу ерекшеліктерінің себебі, сыр-сипаты ашылмай жататын. Ы.Е.Маманов бұл феноменді оқыған дәрістерінде қазақ грамматикасындағы белгілілік/белгісіздік ұғымымен байланысты қарау қажет деген концепция ұсынады. Ілік, жатыс септіктерінің түсірілмей айтылуы, ғалымның пайымдауынша, белгілілік, ал түсіріліп айтылуы белгісіздік ұғымның (категорияның) көрсеткіші болады. Кітапты беріңіз дегендегі табыс септік қосымшасының арнайы қолданылуы белгілі бір объектінің сөз субъектілеріне (адресант пен адресатқа) таныс, мәлім болуымен байланысты түсіндіріледі. Ал ілік, табыс септік қосымшаларының арнайы қолданылмауы нәрсенің, құбылыстың сөз субъектілеріне белгісіз, нақты емес болуымен байланысты ұғынылады. Мысалы, маған газет ала кел дегенде әңгіме әйтеуір бір газет жайында: "Егемен Қазақстан" ба, "Жас Алаш" па, сөз субъектілері үшін бәрібір. Ал маған "Қазақ әдебиеті" газетін әкеліп бер десек, табыс септігінің "жасырын" болмауы, түсіріп айтуға болмайтыны объектінің сөз субъектілеріне мәлім, нақты болуымен байланысты", - деп жазады [18, 14-б.].
Жалқы есімдер негізінен нақтылық мәнде жұмсалады. Мысалы:
Қалтай аса пысық, сөзге ұста, қалжыңқой, әсiресе Ақанның түндегi жүрiсiне өте ыңғайлы, әрi жылпос, әрi тiлдi ер жiгiт едi. Ақан күнi бойы жолда көп сөйлемей, бiр нәрсенi қадалып ойлағандай болып отырды. бiрақ түпсiз терең ойдың түйiнiн шеше алмай отырған кiсiнiң пiшiнiне түскенмен, Ақанның ойы қай жерде жүретiнi белгiлi едi. Ол көбiнесе осындай қадалып ойлағанда, қиялында бiр сұлу әйелдiң суретiн тауып алып, соған пәлендей деп сөйлесiп әзiлдессем, сондай қылып құшақтасам, сүйсем деп, соны ермек қылушы едi. Қалтай мырзасының не ойлайтынын бiлсе де, ерте күннен жалтаң болып өскендiктен, ашуланып қала ма деп қорғалақтап, жанын ауыртатын сөздердi бұндай күйде айтпайтын. сондықтан Ақан үндемегенде, о да үндемей отырады (М.Әуезов, Шығ.).
Алыстан қарағанда да Арқалық бұдыры жоқ жалаңаш. Көруге аса көңiлсiз. Жыл сайын қыс басынан қарлы болып, малға панасы жоқ болғандықтан, бауырын жайлаған ел малын өлтiрiп, өзге ел аман отырғанда, шолақ жұттың құрығынан құтылмайтын. Сондықтан бауырын мекен қылған ел көбiнесе кедей болатын. Бұл жердi мекен қылған ел, ерте күннен аталарының қонысы болғандықтан және басқа iрге аударарлық жайлы жерi жоқтықтан, "құдайына жылап " отыра беретiн. Бұлардың жалғыз-ақ медеу қылатыны Арқалықтың егiндiгi едi (М.Әуезов, Шығ.).
Қазақ тіліндегі белгілілік категориясы мынадай құрылым түзеді: нақтылық мәні, ол жекелік, көптік, тұтастық (белгілі бір топқа қатысы), жалпылау (жинақтау) мәндерінен құралады. Белгілілік/белгісіздік категорияларының эксплицитті және имплицитті берілу жолдарының арасында елеулі өзгешелік бар. Олардың өзекке немесе шеткі мүшеге қатысын айқындау мақсатымен белгілілік/белгісіздік категорияларының конституенттерін құрастыруда оның ішінде бұл мағынаны нақты білдіре алмай, контекске байланысты құбылып отыратын жайттары да кезігетіні байқалады. Осылайша, белгілілік/белгісіздік категориясының қызметін зерттеуде белгілілік мәнінің берілу жолдарын анықтап, осы ФСК аясындағы олардың өзара әсерін тексеру қажет. Нақтылау мәнді белгілілік зат есімдері жекеше тұлғада қолданылғанда, референтті, атрибутивті және гипотетикалық қолданысқа ие болуы мүмкін.
Сөйленістің прагматикалық жағын ескергенде, яғни тіл категориясынан сөйлеу категориясына ауысқанда, көптеген тілдік ұғымдар екіге жіктеледі: бірі сөйлеушіге қатысына қарай, екіншісі адресатқа, тыңдаушыға қатысына қарай, сондай-ақ тілдік категориялар сөйлеушіге не тыңдаушыға көбірек қатысына қарай жіктеледі. Белгілілік дескрепциясының референтті, атрибутивті референтті және гипотетикалық референтті түрлері болады:
а) референтті қолданыста дескрепция сөйлесушілерге таныс, белгілі заттарға қатысты болады.
Дәрігердің қарауы күшті болғаны ғой: он бес күн дегенде қолы икемге келіп, жарасы бүріліп біте бастады. Алғашқы кезде аурухананың сары төсегіне, сасық дәрісіне шөп тамағына үйрене алмай, мұрнын тыжырып, іші пысып, уайым басып жатса да, жүре-жүре аурухананың өз адымындай болып, бойы үйренейін деді (Аймауытов Ж. Шығ. І том 196 б.).
ә) атрибутивті референтті қолданыста белгілілік дескрепциясы белгілі емес затқа қатысты болады, алайда ол алдыңғы оқиғалар арқылы имплицитті түрде көрініс табады:
Мұндай күйге жүрегi сезiмдi Мейiрхан қатты жүдеп отыр едi. Сорлы кемпiрдiң күйiн ойламайын десе де, көңiлi ерiксiз iлгерi қарай басып, келешектiң әртүрлi суретiн көз алдына елестете бастады (М.Әуезов, Шығ.). Молаға, көрдің ернеуіне жеткенше, осы ауыр ойлар таразының екі басына түсіп, кезекпен кезек біресе аспанға атып, біресе түпсіз зынданға батып, қан көбелек ойнады: көрге таянған сайын, безбен зырылдауықша зырқалдап берді (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 136-б.).
б) гипотетикалық референтті қолданыста белгілілік дескрепциясы алдыңғы сөйлемдегі шарттарға байланысты болады. Мысалы:
Күндiзгi бiз көрген жолаушылар күн батып, қой қоралаған мезгiлде осы қораның алдына келiп тоқтады. Шанадан түсiп, үстерiнiң қарын сiлкiп болған соң, Ақан мырза қораның сиқын көрiп, көңiлсiзденiп: Қалтай, осы үйге қайдан әкелдiң? Кiсi отырарлық жерi де бар деймiсiң, басқа үйлердiң бiрiне бармай, - дедi (М.Әуезов, Шығ.).
Зат ұғымы үнемі өзгеріп, дамып отыратындықтан, бір кездері белгісіздік мәнінде қолданылған зат уақыт өте келе белгілілік сипат алады. Белгілілік/белгісіздік категориясын функционалды-семантикалық категория ретінде қарастыру барысында денотативті және сигнификативті мәнді зат атауларын талдаудың маңызы зор.
Достарыңызбен бөлісу: |