"Қазақ тіліндегі белгілілік функционалдық-семантикалық категориясының құрылымы" деп аталатын екінші тарау белгілілік мәнінің имплицитті, эксплицитті берілу жолдарын талдай отырып, белгілілік мәнінің семантикалық инвариантын анықтауға арналған.
Белгілілік/белгісіздік категориясының арнаулы көрсеткіштері (артикль) болмағанмен, ол тілдің бірнеше деңгейлеріндегі құралдар арқылы көрініс табады. Белгілілік/белгісіздік категориясын білдіретін лексикалық құралдар ретінде белгісіздік, сілтеу, жіктеу есімдіктерін, морфологиялық құралдар ретінде табыс септігі мен ілік септік жалғауларының түсіп қалуы, синтаксистік құралдар ретінде интонация, сөздердің орын тәртібі, сөйлемнің актуалды мүшеленуі т.б. атауға болады. Белгілілік/белгісіздік категориясы тілдің бірнеше қабатындағы құралдар арқылы берілгенмен, мағынасының ортақ болуына байланысты бір функционалды-семантикалық өріс аясына біріктіріледі [7].
Функционалды грамматика принциптеріне сәйкес белгілілік/белгісіздік категориясы мынадай белгілерден құралуы керек:
1) оның семантикалық инварианты болуы керек, ол варианттар жүйесінде қызмет етуі керек;
2) оның тілдік жүйенің ең болмағанда екі деңгейін қамтыған өзіндік берілу жолдары болуы тиіс;
3) семантикалық даралау белгілері тілдің түрлі деңгейлерінде көрініс табуы керек.
Белгілілік/белгісіздік категориясы - темпоралдылық, аспектуалдылық т.б. категориялармен салыстырғанда, өзіндік ерекшеліктерге бай функционалды-семантикалық категория болып табылады. Ол шақ, жақ мәндері де қамтиды.
Қазақ тілінде нақтылы-жақты сөйлемдер 1 және 2-жақ тұлғасындағы есімдіктер арқылы көрініс табады. Мен, сен, біз, сіз есімдіктері бастауыш қызметінде жұмсалған сөйлемдер әрдайым белгілілік мәнінде жұмсалады, себебі аталған есімдіктер сөйлеу актіне қатысушыларды білдіріп, ең анық, нақты, белгілі болып табылады. Бірінші жақ тұлғалы есімдік сөйлемде белсенді субъект болады, сол себепті мұндай жіктеу есімдіктер белгілілік мәнінде ғана жұмсалады: Мынадай сұрапыл кезде бұл қалада тұрып болар емес, мен кеттім, бұл топан басылған күні сатармын (Ә.Кекілбайұлы, Кек. 69-б.). Мен өз еркіммен сенің етегіңнен ұстауға ырзамын, мырзам, мен сенен қалмаймын, мені алып кет, әйтпесе мен өлемін! - деп безектеді (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 221-бет.).
Екінші жақтық жіктеу есімдіктерімен салыстырғанда, бірінші жақ тұлғалы есімдіктер жиі түсіп қалатынын байқауға болады. Бұл 1-жақ тұлғаларының мағынасының тұрақтылығына, белгілілік мәнінің күштілігіне, прагматикалық ерекшеліктеріне байланысты болса керек. Себебі олар түсіп қалса да, олардың нақтылы-жақтық мәні өзгермейді. Мысалы:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім.
Адамның бір қызығы - бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім, - деп келетін өлең жолдарында "мен" есімдігі жасырын келгенімен, өлең жолдарының соңындағы бірінші жақ тұлғалы етістік арқылы "мен" есімдігінің мәні беріліп тұр. Сол арқылы тұтас сөйлем, сөйленімдер белгілілік мәнінде, нақтылы-жақтық мәнде қолданылған.
Көпше тұлғалы 1-жақ етістік тұлғаларының мәні жекеше тұлғалы 1-жақ тұлғаларымен салыстырғанда, біршама жалпы да күрделі болып келеді. Сол себепті оларда нақтылық, даралық жоқ.
Екінші жақ тұлғалы есімдіктердің белсенділігі сөйлеуші тарапынан берілетіндіктен, ол нақтылауды қажет етеді. Сол себепті сен, сендер, сіз, сіздер есімдіктері жиі қолданылады. "Местоимение ты - это не только специальный показатель адресата речевого акта, но и опосредованный выразитель субъективности повествования, который отреженно свидетельствует о самом говорящем, о его эксплицитном присутствии в данной речевой ситуации. Местоимение ты выступает в обязательной коммуникативной связи с я, так или иначе представленном в высказывании или за его пределами - в ответных репликах адресата [8, 52-с.].
Ал 3-жақтық жіктеу есімдіктеріне келсек, олардың өзіндік ерекшеліктері байқалады. Атап айтқанда, 1, 2-жақтық жіктеу есімдіктері нақты адамға қатысты қолданылып, сөйлеу актіне қатысушыларды нақты көрсетсе, 3-жақ жіктеу есімдігі белгілілік мәнінде де (нақты, белгілі адам), белгісіздік мәнінде де (нақты емес, бейтаныс адам) қолданылуы мүмкін.
Бірақ Өрбике басын кекжең еткізіп: - Мен оның қатыны болғым келмейді. Ол тым кәрі, маған күйеу болғаннан әке болуға ылайық. Сәнді Сүлеймен әрі жас, әрі көркем, ол бұдан да көп береді. Оған тек мен бір ауыз сөз айтсам болғаны, - деді (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 211-б.).
1, 2-жақ тұлғалы есімдіктер негізінен адамдарға қатысты болса (персонификация құбылысынан басқа), 3-жақты есімдіктер адамдарға да, заттарға да қатысты болуы мүмкін. Сол себепті 3-жақ тұлғалы етістіктері бар сөйлемдер субъектінің адам не зат болуына байланысты өзара ажыратылады (субъект-адам немесе субъект-зат). Мысалы:
Ол шын қазанаттың тұқымы тәрізді шәлкес, бірақ біздің қолымыз осы, мұндай асауды үйрету - қаниб (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 213-б.).
Сиыр дегенің, түйе дегенің қара құрттай қаптап жыртылып айырылушы еді... Олар қайда? (Ж. Аймауытов. 2-том. 159-б.).
3-жақ жіктеу есімдіктерінің 1, 2-жақ жіктеу есімдіктерінен тағы бір ерекшелігі - олар сілтеу мәнін білдіру үшін де жұмсала алады. Мысалы:
Ол дәурен басымнан ұшқанға ұқсайды (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 73-б.). Ол күнде Күнікейдің бала кезі, Сүю мен жек көруден таза кезі (Ж.Аймауытов. 2-том. 8-б.).
3-жақ жіктеу есімдіктері де контексте түсіп қалуы мүмкін. Бұл ерекшелік 3-жақ тұлғаларына ғана емес, 1, 2-жақ тұлғаларына да тән. Бұл сөйлемнің актуалды мүшелену, актуалдану, актуалсыздану құбылысымен тікелей байланысты. Белгілі нәрсе, алдыңғы контекст немесе сөйлеу әрекетіне қатысушылардың аялық білімдеріне сәйкес сөйлемде айтылмаса да, түсікті болатын лексема үнемдеу принциптеріне сәйкес түсіп қалады. Алайда ол сөйлемнің мәні, баяндауыш тұлғасы арқылы анықтала алады.
Белгілілік мәні анафора, дейксис немесе сөйлесушілердің аялық білімінің нәтижесінде туындауы да мүмкін. Осыған байланысты белгіліліктің өзі әр түрлі деңгейде болуы мүмкін. Мәселен, алдыңғы контексте осы зат туралы сөз болуы мүмкін (анафоралық белгілілік), саусақпен көрсетуге болатындай, зат сөйлесушілердің алдында тұруы мүмкін (дейктикалық белгілілік) немесе сөйлеуші мен тыңдаушының жалпы аялық біліміне сәйкес келетін апперцепциялық белгілілік болуы мүмкін. Анафоралық белгілілікті Ж.Аймауытовтың "Қартқожа" романынан да кездестіреміз:
… Сол кезде қожадан талай бала оқиды. Сол балалардың ішінде босаға жақта - астында бір жапырақ тай тері, мұрнын қос-қостан тартып, қожасының ақ сабауына қарай түсіп, шиге шанышқан бір жапырақ қағазына үңіліп, құнысып,
Достарыңызбен бөлісу: |