Туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасына



Дата23.02.2016
өлшемі241.44 Kb.
#5078


«Микроқаржы ұйымдары туралы»

Қазақстан Республикасы Заңының жобасына

тұжырымдама



  1. Заң жобасының аты

«Микроқаржы ұйымдары туралы»


  1. Заң жобасын әзірлеу қажеттігінің негіздемесі

«Микроқаржы ұйымдары туралы» Заң жобасы (бұдан әрі – МҚҰ) Мемлекет басшысының 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.

Мемлекет басшысы Жолдауда қазіргі уақытта микрокредиттер негізінен айтарлықтай жоғары ставкамен тұтынушылық мақсаттарға жұмсалуда екенін және ахуалды өзгертіп, тұтынуға емес, еңбекпен қамту жағына басымдық беру керектігін атап өткені мәлім. Үкіметке қаржылық реттеушілермен бірлесіп, жедел түрде тиісті заң жобасын және шаралар кешінін әзірлеу, микрокредиттік ұйымдарды (бұдан әрі – МКҰ) тек өз ісін ұйымдастыруға ғана қаржыландыруды көздеу тапсырылды.



Мәселен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 316 қаулысымен бекітілген «Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының» екінші бағыты шеңберінде жергілікті атқарушы органдар арқылы конкурстық негізде МҚҰ-ның жеке ісін ұйымдастыру арқылы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру үшін кредит беру сәтіндегі мемлекеттік бағалы қағаздардың орташа кірістілігіне тең ставка бойынша қаражат берілетін болады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы


1 ақпандағы № 923 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасының «Қаржы секторын қадағалау және реттеу жүйесін нығайту» деген 2-бөлімінде кредиттік серіктестіктердің және МҚҰ-ның қызметіне байланысты тәуекелдерді азайту туралы, сондай-ақ өсімқорлық қызметті шектеу мәселелері көзделген.

Мемлекет басшысының тапсырмасы «Мемлекет басшысының


2011 жылғы 28 қаңтардағы "Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 18 ақпандағы №1158 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспарының «Микрокредиттеу құралдарына және оны жүзеге асыру тетіктеріне қол жеткізуді кеңейту мәселелері бойынша заңнамалық базаны жетілдіру» деген 13-тармағында көрініс тапты.

Қазақстан Республикасының Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында 1780 микрокредиттік ұйым тіркелген, олардың ішінде 1173 ғана жұмыс істеуде. Белсенді қызмет атқарып отырған МКҰ саны – 721.



2010 жылы МКҰ жеке, сол сияқты заңды тұлғаларға 55,8 млрд. теңге сомаға 382 102 микрокредит берген. Салыстырар болсақ, 2009 жылы МКҰ жалпы сомасы 37,7 млрд. теңгеге 190 198 микрокредит берген.

Кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкалары ауылдық жерлерге қарағанда қалалық жерлерде жоғары. Егер қалада жеке тұлғалар үшін қысқа мерзімді заемдар бойынша ставка жылдық 32,8%-ға тең болса, ауылдық жерлерде – 17,2 %, ұзақ мерзімділері бойынша тиісінше 27% және 14%.

Қазақстан Республикасының Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес 2011 жылғы 1-тоқсандағы есептілікті 697 МКҰ берген. Есепті кезеңде


15,3 млрд. теңге сомаға 85,5 мың микрокредит берілген.

Жеке тұлғаларға 14,9 млрд. теңге бөлінген, оның ішінде тұтынушылық мақсаттарға 60,6% және кәсіпкерлік қызметті дамытуға 39,4% бағытталды.

Заңды тұлғаларға 425,4 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 50,2% айналым қаражатын толықтыруға бағытталды.

Микрокредиттердің ең көп көлемін Алматы қаласының және Оңтүстік Қазақстан облысының ұйымдары берген (республикалық көлемнен тиісінше 72,7% және 8,6%).



Қазіргі уақытта МКҰ реттеуші мемлекеттік уәкілетті органның тарапынан оларға қосымша талаптар белгіленбестен (уәкілетті мемлекеттік органның тарапынан реттеу, бақылау мен қадағалау жоқ) статистика және әділет органдарында ғана тіркеледі. Қызметтерінің мәлімделген мақсаттарға сәйкестігі және олардың МКҰ үшін ғана рұқсат етілген қаржы өнімдерін пайдалануы қарапайым салықтық және өзге де тексерістер аясында бақыланады. Мемлекеттік бақылау МҚҰ-ның статистика органдарына статистикалық есептілікті және салық органдарына тиісті ақпаратты ұсыну міндетімен шектелген.

Қазіргі уақытта МКҰ саны көп болғанына қарамастан, мемлекеттік органдарда МҚҰ-ның немен шұғылданатыны, қандай өнімдер ұсынатыны, өз клиенттерімен қалай өзара әрекет жасайтыны туралы ақпарат жоқ. Мұндай ақпараттың болмауы, өз кезегінде, халық тарапынан сенімсіздік тудырады. МҚҰ-ның Қазақстан Республикасының Статистика агенттігіне ұсынатын деректері жеткіліксіз.

БАҚ-та жарияланатын ақпаратты талдау, сондай-ақ мемлекеттік органдарға келіп түсетін МҚҰ қарыз алушыларының қаралған шағымдарының саны МКҰ жұмыс істеуінің айқын еместігі, микрокредиттеу қызметтерінің төмен сапасы және мысалы, МКҰ деген атаулармен түрлі «қаржы пирамидаларының» пайда болуы (Көкшетау қаласындағы «Миллионерлер клубы»), қарыз алушылардың мерзімі өткен берешекті қайтару кезінде саясаттағы «асыра сілтеулерге» байланысты теріс пайдалану фактілерінің болуы және басқалар сияқты әр түрлі теріс пайдаланулардың болуы туралы айтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, МҚҰ-ны қаржыландыру бойынша мемлекеттік бастамаларды іске асыру кезінде мемлекеттік қаражаттың қайтарылмау тәуекелі, оның мақсатты пайдаланылмау және басқа да жағдайлар болады.

Осыған байланысты, микрокредиттеу нарығын одан әрі дамытуды, әлеуетті қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды, МКҰ-ның айқындылығын қамтамасыз ету, олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру және МКҰ арасында адал бәсекелестікті ынталандыру, түрлі тәуекелдердің алдын алу мақсатында «микроқаржы ұйымдары» деген ұғымды, МҚҰ қызметін реттеу, бақылау мен қадағалауды енгізу ұсынылады.

МКҰ қызметінің қолданыстағы рұқсат етілген түрлеріне қарағанда қызмет түрлерінің кеңірек тізбесі рұқсат етілетін «микроқаржы ұйымдары» (бұдан әрі – МҚҰ) ұғымын енгізу көрсетілген ұйымдардың микрокредиттеу жөніндегі қызметті ұйымдастырудың сапалы деңгейіне өтуіне бағытталған.

Реттеу, бақылау мен қадағалау институтын енгізудің мақсаты МҚҰ қызметін ретке келтіру мен реттеу болуы тиіс.



МҚҰ қызметін реттеу тетігі ретінде тиісті құжаттар негізінде міндетті есептік тіркеуді енгізу ұсынылады.

Есептік тіркеу МҚҰ-ны уәкілетті мемлекеттік органның тізіліміне енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.

Бұл ретте белгілі бір құжаттар тізбесін берумен қатар МҚҰ сәйкес келген кезде МҚҰ тізіліміне енгізілетін мынадай талаптарды белгілеу болжанады:

1) жарғылық капитал мөлшерінің уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген жарғылық капитал шамасына сәйкес келуі. Бұл ретте заңды тұлғаның тіркелген орнына қарай МҚҰ үшін дифференциалды тәсіл көзделетін болады.

Атап айқанда, Алматы және Астана қалаларынан тыс жерлерде тіркелген МҚҰ үшін жарғылық капиталдың ең төмен мөлшері басқалармен салыстырғанда аз мөлшерде белгіленетін болады.

Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде ең төменгі жарғылық капитал орташа есеппен алғанда 50 мың АҚШ долл. - 70 мың АҚШ долл. аралығында
(5 мың АЕК-тен 7 мың АЕК-ке дейін), ал МКҰ саны орташа есеппен алғанда шамамен 200-300.
Қазақстанда МКҰ-ның жарғылық капиталына қойылатын талаптар небәрі 10 мың АҚШ долл. жуық (1 мың АЕК-ке жуық) мөлшерде белгіленген, ал бір қарыз алушыға келетін микрокредиттің ең жоғарғы мөлшері
85 мың АҚШ долл. (8 мың АЕК) деңгейінде белгіленген.


Бір қарыз алушыға келетін микрокредит мөлшерінің жоғары болуы жағдайында жарғылық капиталдың аз болуы МКҰ-ның қаржылық тұрақтылығының тәуекелі тұрғысынан мақсатқа сай емес, өйткені тіпті бір ірі қарыз алушының дефолты кезінде МКҰ-ның одан кейінгі қызметіне қауіп төнуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 28 шілдедегі
№ 753 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың тұжырымдамасына сәйкес МКҰ кредиттеу жүйесiнің үшiншi деңгейін білдіреді.

МҚҰ-ның негізгі қызметі микрокредиттер беру екенін, сондай-ақ олардың қызметі біртектес екенін назарға ала отырып, ипотекалық ұйымдардың қызметі, МҚҰ-ның жарғылық капиталының мөлшері ипотекалық ұйымдардың жарғылық капиталына қойылатын талаптар ескеріліп белгіленеді.

2) соңғы қарыз алушылардың айқындылығын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасында кредиттік тарихты қалыптастыру (Кредиттік бюро) жүйесіне міндетті қатысу.

Сонымен қатар реттеу, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру мақсатында пруденциалдық нормативтерді және МҚҰ-ның сақтауы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді белгілеу, уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес реттеуіш және қаржылық есептілікті ұсыну, қаржы жылының қорытындылары бойынша аудит жүргізу, шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялар сияқты құқық шектеу сипаттағы шараларды қолдану, сондай-ақ уәкілетті органның тарапынан МҚҰ-ның қызметіне тексерістер жүргізу болжанады.

Жүргізілетін операциялардың сипаты мен ауқымына сәйкес тиісті бақылау деңгейін және өз қызметінің сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында күмәнді және үмітсіз талаптарды бөле отырып және мемлекеттік уәкілетті орган белгілейтін тәртіп пен талаптарда оларға қарсы провизиялар (резервтер) құра отырып, МҚҰ-ның берілген кредиттер мен басқа да активтерді жіктеуді жүзеге асыру міндеттемесі енгізілетін болады.

Жұмыс істеп тұрған МКҰ үшін МҚҰ тізіліміне енгізуге арналған мынадай талаптар көзделетін болады:

1) әрбір соңғы үш жылда микрокредиттер беру қызметін жүзеге асыру;

2) үш аяқталған қаржы жылының қорытындылары бойынша шығынсыз қызмет.

Осылайша, ұсынылып отырған тәсіл ұсақ МКҰ-ның шоғырлануына және қосылуына алып келеді, бұл жайт жалпы алғанда олардың күшеюі мен іріленуіне және тиісінше көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға мүмкіндік беретін болады.

Қазіргі таңда МКҰ көрсететін қызметтер тізбесі микрокредиттеумен ғана шектелген. Нәтижесінде, елдің шалғай аудандары тұрғындарының қосымша қажетті қаржылық қызметтер түрлерін тұтынуы шектеулі болады.

Осыған байланысты МКҰ үшін рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін толықтыру ұсынылады. Атап айтқанда, МҚҰ басқалардан өзге, Қазақстан Республикасының резиденттері-сақтандыру ұйымдарының атынан және тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын жасайтын, электронды ақша эмитенті агентінің электронды ақшаны сату мен сатып алуға байланысты функцияларын жүзеге асыратын болады.

Бұл ретте, кредиттік бюролардың, МҚҰ-ның, банкноттарды, монеталар мен құндылықтарды инкассациялау қызметтерін көрсететін ұйымдардың және күзет қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың акцияларын немесе жарғылық капиталына қатысу үлестерін сатып алуды қоспағанда, өзге ұйымдардың капиталына қатысуға тыйым салу көзделетін болады.



МҚҰ-ның шұғыл және тиімді қор жинауы үшін акционерлік қоғам нысанындағы МҚҰ құру мүмкіндігі ұсынылады. Бұл акциялардың қосымша эмиссиясы арқылы қор жинауды жүзеге асыруға көмектеседі, отандық қор нарығының дамуына ықпал ететін болады. Екінші жағынан, бұл МҚҰ-ның мейлінше арзан және тұрақты қор жинауға қол жеткізуіне мүмкіндік береді, оның қаржылық тәуекелдерін және соңғы қарыз алушыларға түсетін салмақты төмендетеді.

Өлшемдері

МКҰ (қазіргі)

Реттелетін МҚҰ (ұсынылатын)

Мемлекеттік реттеу, оның ішінде:

пруденциалдық реттеу


есептік тіркеу

жоқ
жоқ
жоқ

иә
иә
иә

Ұйымдық-құқықтық нысан

ЖШС

АҚ, ЖШС


Жарғылық капитал


1 000 АЕК

Қаржы нарығын талдау ескеріліп, уәкілетті органның НҚА-да белгіленеді.

Бағалы қағаздарды (акцияларды) шығару

жоқ

иә, тек акциялар

Қарыздың ең жоғарғы мөлшері

8 000 АЕК

8 000 АЕК

КБ-ға қосылу

ерікті

міндетті

Техникалық қолдау

иә

иә



3. Заң жобасын қабылдау мақсаты

Микроқаржылық қызметтер саласын дамыту, МҚҰ-ның қаржылық қызметін нығайту, МҚҰ айқындылығын арттыру, микрокредиттердің жалпы халыққа қол жетімділігін қамтамасыз ету, МҚҰ-ның қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету заң жобасының негізгі мақсаты болып табылады.


  1. Заң жобасының реттеу мәні

Заң жобасының мәні микрокредиттеу саласында туындайтын қоғамдық қатынастар болып табылады. Ең алдымен, бұл – мемлекеттік реттеу, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, МҚҰ-ның қаржылық тұрақтылығы, есептілік, қор жинаудың жаңа көздері, инвестицияларды тарту мәселелері.
5. Заң жобасының құрылымы

Заң жобасы «Микрокредиттік ұйымдар туралы» 2003 жылғы


6 наурыздағы
Қазақстан Республикасының Заңын жаңа редакцияда жазуды көздейді және мынадай ережелерді қамтиды.

1) 1-тарау «Жалпы ережелер»:

Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар;

Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасы;

2) 2-тарау «Микрокредиттер беру»:

микрокредиттер беру;

микрокредит беру туралы шарттың міндетті талаптары және оның пайдаланылуы;

микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасы;



қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету;

микроқаржы ұйымының құқықтары мен міндеттері;

микроқаржы ұйымының өтініш берушісінің құқықтары мен міндеттері;

микроқаржы ұйымының қарыз алушысының құқықтары мен міндеттері;

микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді тоқтату;

3) 3-тарау «Микроқаржы ұйымдарын құру және олардың қызметі»:

микроқаржы ұйымдарының құқықтық жағдайы;

микроқаржы ұйымының жарғылық капиталын қалыптастыру;

микроқаржы ұйымының атауы;



микроқаржы ұйымдарын есептік тіркеу;

микроқаржы ұйымдарын есептік тіркеуді жүргізуден бас тарту негіздемелері;

микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығару негіздемелері;

микрокредиттер беру ережесі;

ішкi аудит (бақылау) қызметi;



микроқаржы ұйымдары қызметiнiң қосымша түрлерi;

берілген микрокредит бойынша құжаттама жүргiзу тәртiбi;

микрокредит беру құпиясы;

бухгалтерлiк есепті жүргiзу және қаржылық есептілікті жасау;

құжаттарды сақтау;

микрокредиттер беру жөніндегі қызметке және шындыққа сәйкес келмейтiн жарнамаға тыйым салу;

4) 4-тарау «Микроқаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау мен қадағалау»:



микроқаржы ұйымы үшін белгіленген пруденциалдық нормативтер және сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттер;

уәкілетті органның құзыретi;



микроқаржы ұйымына қолданылатын ықпал ету шаралары және оларды қолдану негіздемелері;

микроқаржы ұйымының қызметін тексеру;

микроқаржы ұйымдарын қайта ұйымдастыру және тарату;

5) 5-тарау «Қорытынды ережелер»:



Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық, «Микроқаржы ұйымдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қолданысқа енгізу.
6. Заң жобасы қабылданған жағдайда болжанатын құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдар

Құқықтық салдар:

- мемлекеттік реттеуді енгізуге байланысты микрокредиттер беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың айқындылығын қамтамасыз ету;

- уәкілетті органның тарапынан қадағалаудың жүзеге асырылуына және жоғары айқындылықты қамтамасыз етуге байланысты қалың бұқара тарапынан да, инвесторлар тарапынан да микроқаржылық қызмет көрсететін ұйымдарға деген сенімді арттыру есебінен микрокредиттеу құралдарына қол жеткізуді кеңейту;

- қазіргі таңда МКҰ Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі мен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде ғана тіркелетіндіктен, жалған ұйымдардың болуына жол бермеу болып табылады.

Әлеуметтік-экономикалық салдардың мынадай оң нәтижелері болады:

- микрокредиттеу жүйесі тікелей жеке тұлғалармен, яғни мейлінше бұқаралық мақсатты топпен жұмыс істейді, бұл әлеуметтік мәселелерді экономикалық әдістермен шешуді болжайды. Мемлекет қаржылық қолдау көрсетудің озық тетіктерін ендіре отырып, масыл болуға жол бермейді. Жоғарыда көрсетілген шаралар кешенін ендіру елеулі дәрежеде микроқаржыландыру нарығын сауықтыруға және ретке келтіруге мүмкіндік береді және МҚҰ-ның халыққа қаржылық қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейте алатын жағдайлар жасайды;

- жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшерін ұлғайту ұсақ МКҰ санын азайтуға мүмкіндік береді. Әлеуетті қарыз алушылар саны мен МКҰ санының ара қатынасын ескерсек, МКҰ саны тым артық деп есептейміз. Жарғылық капитал үшін ең төменгі мөлшерін ұлғайту МҚҰ айқын нарығын қалыптастыруға ықпал ететін болады;

- акционерлік қоғам нысанындағы МҚҰ-ны құру жай акцияларды шығару есебінен қосымша ақша ресурстарын тартуға мүмкіндік береді.

Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, акционерлік қоғам нысанында құрылған, микрокредиттер беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдар жай ұйымдармен салыстырғанда инвесторлар тарапынан сенім тудырады. Бұл мұндай ұйымдардың мемлекет тарапынан реттелуі тиіс екендігімен байланысты;

- бастапқы бизнес, өз бизнесін ашуды қалайтын жұмыссыздар, табысы төмен деңгейдегі клиенттер микрокредиттеу қызметін тұтынушылар болып табылатынына байланысты МКҰ қызметі тәуекелді сипатта болғандықтан, бүгінгі таңда МКҰ қамтамасыз етуі жоқ (немесе қамтамасыз етуі белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін) әлеуетті қарыз алушыларды жақындатпауға тырысады. Осыған байланысты, «өтініш беруші» деген терминді енгізу және оған белгілі бір құқықтар беру қарыз алушыны айқындау тетігін ретке келтіруге мүмкіндік береді.

Айқындылықты қамтамасыз ету және халықтың басым көпшілігін микрокредиттеу қызметіне тарту жөніндегі жоғарыда көрсетілген барлық
іс-шаралар
Қазақстанда микрокредиттеу саласын одан әрі дамыту үшін қажетті негіз жасауға көмектеседі.

Заң қабылданған жағдайда теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдардың басталуы болжанбайды.


7. Басқа да заңнамалық актілерді әзірленіп жатқан заң жобасына бір уақытта (кейіннен) сәйкес келтіру қажеттігі

«Микроқаржы ұйымдары» деген ұғымның және МҚҰ-ны мемлекеттік реттеудің енгізілуіне байланысты бір мезгілде:

1) 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім);



2) 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне;

3) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі)»;

4) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы


30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына;

5) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына;

6) «Жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы» 1995 жылғы
23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына;

7) «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына;

8) «Жеке кәсiпкерлiк туралы» 2006 жылғы 31 қаңтардағы


Қазақстан Республикасының Заңына;

9) «Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы»


2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.
8. Заң жобасы мәнінің өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттелуі

«Микрокредиттік ұйымдар туралы» 2003 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы.
9. Қаралып отырған мәселе бойынша шетелдік тәжірибенің болуы

2005 жыл микрокредиттеу жылы болғанына байланысты әлемнің көптеген елдерінде микрокредиттеу жүйелерін ендіру жөніндегі ұлттық комитеттер құрылған болатын. Бұл комитеттердің мақсаты – осы саладағы жаһандық проблемаларды анықтау үшін алдымен жекелеген елдерден, ал содан соң әлемдік деңгейде микрокредиттеу жөніндегі ақпаратты жинау, қорытындылау.

Біріккен Ұлттар Ұйымы 2005 жылы Ресейдегі микрокредиттеу нарығының даму жағдайына зерттеулер жүргізді, олардың нәтижелері бойынша мынадай деректер анықталды. Зерттеуге 300-ден аса МКҰ қатысты. Микрокредиттеу деп кәсіпкерлерге, шағын кәсіпорындарға және табысы төмен деңгейдегі жеке тұлғаларға 10 мың АҚШ долл. дейінгі мөлшерде көрсетілетін қаржылық қызметтер түсінілді. Бұл қызметтер негізінен қысқа
мерзімге – 1 жылға дейін көрсетіледі, өйткені бастап келе жатқан кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған.


Ресейде жұмыс істейтін МКҰ-ның 31%-ын азаматтардың кредит тұтыну кооперативтері, 17%-ын – ауыл шаруашылығы кооперативтері мен қоғамдары құрайды.

Халықаралық микрокредиттік бағдарламалар өте тиімді жұмыс істейді. Осындай ұйымдардың жалпы санының 3%-ын ғана құрай отырып, олар микроқаржылық қызметтер нарығының басым көлемін өздеріне алады.

Іріктеп алынған 300 ұйымның ішінен барлық МКҰ-ның бестен төрт бөлігі шағын кәсіпорындармен және жеке кәсіпкерлермен жұмыс істейді. Ресей Федерациясының Шағын кәсіпкерлік ресурс орталығының деректері бойынша кем дегенде 3 млн. кәсіпкер қаржылық қолдауға мұқтаж. Алайда, 10 мың АҚШ долл. дейінгі кредиттерге деген мұқтаждықтың қанағаттандырылуы
7%-дан аспайды (Ресей бойынша заемдардың орташа мөлшері – 2 мың АҚШ долл. сәл аз).


Қазіргі таңда қосымша қаржы тарту мәселесі МКҰ үшін ең өткір проблема болып отыр. Сырттан қаржы тарту Ресейдегі МКҰ үшін әзірге қиын болып отыр. Оның себебі микрокредит нарығының инвесторлар үшін салыстырмалы түрде айқын емес әрі беймәлім болуында. Шетелдік кредиттер алу үшін тиісті талаптарға жауап беру қажет. Сонымен бірге, микрокредиттеудің нақты кірістілігі жылына 4–5% болған кезде көптеген инвесторларды кредиттің қайтарылмау тәуекелі қорқытады. Сондықтан микрокредиттеуді дамытудағы және кредиттер бойынша пайыздық ставкаларды азайтудағы мемлекеттің, бюджет көздерінің атқаратын рөлін күшейту қажет.

Микроқаржы ұйымдары қызметiнiң құқықтық негіздерін жасауды қамтамасыз ету және көрсетілген қызметтің ерекшеліктерін, микроқарыздар беру тәртібі мен талаптарын, микроқаржы ұйымдарын құру, олардың қызметi және қайта ұйымдастыру тәртібін, сондай-ақ құзыретіне Ресейдегі микроқаржыландыру саласындағы бақылау жөніндегі функцияларды жүзеге асыру жататын атқарушы өкiметтің федералды органының құқықтары мен мiндеттерiн айқындау мақсатында 2011 жылғы 4 қаңтардан бастап «Микроқаржылық қызмет және микроқаржы ұйымдары туралы» РФ Федералды заңы (бұдан әрі – Федералды Заң) күшіне енді.

Федералды Заңға сәйкес микроқаржы ұйымы болып қор, автономиялы коммерциялық емес ұйым, мекеме, коммерциялық емес серіктестік, шаруашылық қоғам немесе серіктестік нысанында тіркелген, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын және микроқаржы ұйымдарының мемлекеттік тізіліміне енгізілген заңды тұлға танылады. Бұл ретте осы тізілімге енгізілу үшін микроқаржы ұйымы уәкілетті органға белгілі бір құжаттар тізбесін беруі тиіс. Уәкілетті орган Федералды Заңда белгіленген микроқаржы ұйымдарының мемлекеттік тізіліміне заңды тұлға туралы мәліметтерді енгізуден бас тарту үшін негіздемелер болмаған кезде тиісті мәліметтерді енгізеді және өтініш берушіге заңды тұлға туралы мәліметтердің микроқаржы ұйымдарының мемлекеттік тізіліміне енгізілгені туралы куәлік береді.

Федералды Заң шеңберінде бөгде жеке тұлғалардан қарыздар түрінде қаражат тартуға тыйым салу белгіленеді, бұл ықтимал қаржы тәуекелдерін, сондай-ақ олардың жалпы қаржы жүйесі үшін салдарын азайтуға мүмкіндік береді. Микроқаржы ұйымдары бағалы қағаздар нарығында кез келген кәсіби қызмет түрлерін жүзеге асыра алмайтыны белгіленген. Сондай-ақ микроқаржы ұйымы тоқсан сайын уәкілетті органға қызметі туралы және басқарушы органдардың дербес құрамы туралы есепті қамтитын құжаттар ұсынуға міндетті. Көрсетілген құжаттарды ұсыну нысандары мен мерзімдерін уәкілетті орган айқындайды.

Әзірбайжан Республикасында 2010 жылғы 9 ақпанда «Банктік емес кредиттік ұйымдар туралы» Заң (бұдан әрі – Заң) күшіне енді. Әзірбайжанда микроқаржыландыру он жылдан аса жұмыс істеп тұрғанына және дамығанына қарамастан, бұл Заң экономиканың осы саласын ретке келтірудегі алғашқы әрекет болды. Сондықтан осы Заңның қабылдануы жетістік болып табылады, өйткені Әзірбайжанда микроқаржы ұйымдары алғаш рет Парламент мақұлдаған айқын ережелер жинағын басшылыққа алатын болады.

Заң кредит одақтарын қоспағанда, микроқаржы ұйымдарын қоса алғанда, барлық банктік емес кредиттік ұйымдарды (БЕКҰ) қамтиды. Заң шеңберінде БЕКҰ қарыздар беруге және басқа да рұқсат етілген қызметті жүзеге асыруға рұқсат етілетін мамандандырылған кредиттік ұйым ретінде айқындалады. Заңға сәйкес БЕКҰ Әзірбайжан Республикасының Азаматтық Кодексінде айқындалатын кез келген ұйымдастыру-құқықтық нысанда құрылуы мүмкін. Басқаша айтқанда, құрылтайшылар (акционерлер) өз БЕКҰ-ны серіктестіктер, жауапкершілігі шектелген қоғамдар, акционерлік қоғамдар мен кооперативтер түрінде ұйымдастыруға құқылы. Алайда, пайда келтiрмейтін БЕКҰ-ны тек қана қорлар мәртебесімен ұйымдастыруға рұқсат етіледі. Жаңа құқықтық режим шеңберінде БЕКҰ заңды тұлға ретінде тіркелуі тиіс және тиісті жарғылық капитал енгізілуі тиіс. Заңда сомаға қойылатын талаптар белгіленбеген, алайда соманы ӘОБ айқындауы тиіс екені айтылған.



Микрокредиттеу бағдарламалары дамушы елдерде, өтпелі және дамыған нарықтық экономикасы бар елдерде әр түрлі болып келеді. Қазақстан үшін транзитті экономикасы бар немесе осындай кезеңнен өткен елдердің (Польша, Венгрия) тәжірибесі көңіл аударарлық. Олар өте ауқымды емес және басты мақсаты ретінде кедейлікпен күресті емес, халықтың экономикалық жағынан белсенді санаттарын білдіретін кәсіпкерлік бастамашылықты қолдауды қарастырады. Сондықтан осындай бағдарламалардың салдары кедейлікті еңсеру және күнкөрістің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету емес, кәсіпкерлік белсенділікті жандандыру, жергілікті нарықтарды дамыту және ұзақ мерзімді перспективада – «орташа класты» қалыптастыру болып табылады.

2008 жылы Польшада 60-тан астам кредиттік одақ болған. Олардың мүшелерінің саны 1 754 000 адамнан асты. Бірқатар жылдар ішінде польшалық микрокредиттеу жүйесінде оң динамика байқалуда. Мәселен, егер 1992 жылы Польшада микрокредитті 14 137 адам ғана пайдаланса, 2000 жылы кредит алушылар саны 390 000 адамнан асып, 2007 жылы 1 669 000 адамға жетті.

Жүйеленген маркетингті, өнімдер мен рәсімдерді стандарттауды, клиенттерге қызмет көрсетудің бірыңғай бағдарламалық өнімдерін, өзара кепілдік жүйесін және басқаларды қамтитын микрокредиттеу саласындағы мемлекеттік саясат польшалық микрокредиттеу жүйесінің дамуына септігін тигізіп отыр.

Польшада микроқаржы институттарының қызметін банк заңнамасы, Ұлттық банктің арнайы нұсқаулықтары, «Кредиттік одақтар туралы» Заң, «Кәсіпкерлік қызмет еркіндігі туралы» Заң реттейді.

«Кәсіпкерлік қызмет еркіндігі туралы» Заң Польшадағы шаруашылық қызметтің жүзеге асырылу қағидаттарын айқындайды.

Польшалық микрокредиттеу институттары жүйесінің дамуына жасалған талдау микрокредиттік ұйымдардың қалыптасуына Еуропа қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк және т.б. сияқты халықаралық қаржы ұйымдарының маңызды рөл атқарғанын көрсетті.

АҚШ-тың микрокредиттеу саласындағы тәжірибесі дамыған елдердің арасындағы ең көрнектісі болып табылады. АҚШ-та қаржы секторының ресми институттары басшылыққа алатын ең нақты және жетілдірілген нормативтер жүйесі бар. Олардың жұмыс істеу қабілеті тек қана кредиттер айналымынан түсетін пайдамен айқындалатын болғандықтан, олардың қызмет стандарттары айтарлықтай дәрежеде банк методологияларын, резервтеу нормаларын, қамтамасыз ету құралдарын басшылыққа алады. Микрокредиттеу үрдістері салыстыра алғанда қымбат емес кредиттерге қол жетімділікті айқындайтын және шағын кәсіпорындардың қаржылық қажеттіліктері мен даму мүдделерін қанағаттандыратын «төменгі сектор» қызметін реттейтін заңнамалық нормалармен қамтамасыз етілетіні маңызды. АҚШ халқының банк қызметтерімен қамтылмаған үлесі 5-6% (салыстырар болсақ, дамушы елдерде және өтпелі экономикалы елдерде бұл үлес 80%-ға, ал Африкада — тіпті 95%%-ға дейін жетеді) құрайды. Бұл АҚШ пен әлсіз дамыған елдердің арасындағы (басқа да индустриалды елдер сияқты) кейбір стратегиялық алшақтықтарға себепші болады. Сондықтан АҚШ тәсілдері микроқаржыландыруды арнайы заңнамалық қамтамасыз етуге шоғырланып қана қоймай, сонымен қатар мемлекет басқаратын кредит институттары қызметінің нормативтерін, үкіметтік жәрдем қаражат пен мақсатты кредиттер беру тәртібін, қымбат емес қаржылық қызметтерді көрсетуге қойылатын заңнамалық талаптарды қамтиды.

Microfinance Information Exchange (MIX) және Табысы аз адамдарға консультативтік көмек тобының (CGAP) 2008 жылғы «Шығыс Еуропа және Орталық Азия: Микроқаржыландыру талдамасы және оның салыстырмалы көрсеткіштері» баяндамасында жалпы қарастырылатын елдердің заң шығарушылары түрлі банктік емес ұйымдастыру-құқықтық нысандар жиынтығының әр түрлі болуын көздей отырып және рұқсат етілген қаржылық қызметтер жиынтығын кеңейте келе, микроқаржы заңнамасын ырықтандыру жолын таңдағаны айтылады.

Сонымен қатар, әсіресе залал тәуекелі мен инвестициялау талаптарына қатысты ақпарат жариялау сапасын жақсарту, сондай-ақ тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын көтеру және тұтынушыларды зерттеулерді жетілдіру қажет екені атап айтылды. 2008-2009 жылғы қаржы дағдарысы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағына жеткен кезде сектор өкілдері ол қаржылық қызметтердің табысы аз адамдар үшін қол жетімділігін арттыруға бағытталған құқықтық және реттеуіш реформаларға бөгет жасайды немесе оларды тоқтатады деп қауіптенген еді. Осындай болжамдарға қарамастан, аймақтың бірқатар елдерінде заңнамада елеулі өзгерістер болған немесе реттеу саласында маңызды пікірталастар басталған кезде қаржылық қол жетімділікті арттыру бағдарламасы әлсіреген жоқ, тіпті нығая түсті. Мысалы, Босния мен Герцеговинада қазіргі кезде екі басты тақырыпты: коммерциялық емес МҚҰ-ны (микрокредиттік қорларды – МКҚ) коммерциялық компанияларға (микрокредиттік компанияларға – МКК) қайта құрудың оңтайлы тәсілдерін жасауды талқылау жүріп жатыр. Қолданыстағы заңға дәйектемеге сәйкес МКК-ны құрған МКҚ нарықта қала беруі және кредиттеуді жалғастыра беруі тиіс болғандықтан, бұған нарық ойыншыларының санын төмендету мақсатында МКҚ-ны шоғырландыру арқылы қол жеткізуге болады.

Әзірше реттеушілер арасында банктік емес МҚҰ мен олардың квази-салымшылары арасындағы өзара қарым-қатынастар ережесін белгілеу кезінде қашан «реттеуді іске қосқан» жөн екендігіне қатысты бірыңғай пікір қалыптасқан жоқ. Соған қарамастан, әсіресе залал тәуекеліне және инвестициялау талаптарына қатысты ақпарат жариялау сапасын жақсарту, сондай-ақ тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын көтеру және тұтынушыларды зерттеуді жетілдіру қажет екендігі анық.

Жалпы алғанда, халықаралық зерттеулер, мәселен, іріктеп алынған елдердің1 тұжырымдамалық негіздері мен микроқаржыландыру туралы заңнамасын салыстырмалы талдау нәтижелері бойынша осындай зерттеулерге кіргізілген елдердің микроқаржыландыруды дамытуға мүмкіндік беретін тұжырымдамалық негіздер, сондай-ақ реттеу мен қадағалау барысында басшылыққа алған жөн болатын қағидаттарды жасау қажеттілігіне қатысты ымыраға қол жеткізгенін атап өткен жөн. Бірінші кезекте, заң шығарушылар микроқаржыландырудың жекелеген арнайы заңнама нысанасы болу-болмауын немесе МҚҰ-ның қолданыстағы тұжырымдамалық негіздерге сәйкес реттелуі тиіс екенін шешуі тиіс. Әрбір тәсілді қолдайтын және оған қарсы болатын айғақтар, сондай-ақ екі тәсілді де табысты қолдану мысалдары бар. Түпкілігінде, осы мәселе бойынша шешім іс жүзіндегі саясаты мен заңнамалық базасы, сондай-ақ микроқаржыландыру секторының даму деңгейі ескеріліп, жеке алғандағы әрбір елдің ерекшеліктері негізінде қабылданады.
10. Заң жобасын іске асыруға байланысты болжанатын қаржылық шығындар

Заң жобасын іске асыру республикалық бюджеттен қаржылық шығындарды талап етпейді.



1 International Finance Corporation «Таңдаулы елдердің тұжырымдамалық негіздерін және микроқаржыландыру туралы заңнамаларын салыстырмалы талдау», 2010 жылғы қыркүйек.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет