Учебные пособия по налоговому праву: Мухитдинов Н. Б., Найманбаев С. М., Серимов У. С., Сман Б. У. «Салықтық заңдарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік»



бет6/18
Дата13.06.2016
өлшемі1.99 Mb.
#133834
түріУчебные пособия
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

Салық қызметінің басты мақсаттары:

- мемлекет бюджетіне кірістерді жұмылдыру арқылы әлеуметтік-экономикалық және саяси құрылыстың мемлекеттік бағдарламаларын ақшалай қамтамасыз ету;

- өндірісті ойдағыдай реттеу және шаруашылық субъектілерінің қызметтерін ынталандыру арқылы халық тұтынатын тауарлар мен өнеркәсіптік өнімдерді шығару процестерін қамтамасыз ету.

Мемлекеттің салықтық қызметінің құқықтық негіздеріне: салықтық қызметтің жалпы бастамаларын, олардың принциптерін, міндеттері мен мақсатын, салықтар мен салық жүйесінің құрылымын, сондай-ақ салық төлеушілер мен салық қызметі органдарының құқықтары мен міндеттерін белгілейтін нормалар жатады. Салықтық қызметтің процесінде, яғни салықтық қызметті жүзеге асыру кезінде мына әдістер қолданылады: салықтарды белгілеу; салықтарды алу; салықтық реттеу; салықтық бақылау78.

Салықтық қызметті жүзеге асыру барысында салықтардың экономикалық мәні болып табылатын төрт функциясы да өз рөлдерін атқарады. Олар: фискальдық, қайта бөлу, бақылау және реттеуші функциялар. Осы мемлекеттің салықтық қызметінің процесінде туындайтын қатынастар құқылық нормалармен реттеуді қажет етеді.

Демек мемлекет атынан жүзеге асырылатын салықтық (салықтық-бюджеттік) қызмет тек құқылық негіздерге сүйене отырып атқарылады. Салықтық қызметтің құқылық негіздеріне, бірінші кезекте Қазақстан Республикасының Конституциясы, арнайы қаржылық, салықтық заңдар мен басқа да нормативтік актілер жатады.

Салықтық қызметті жүзеге асыру кезінде белгілі бір принциптердің басшылыққа алынатынын білеміз. Принцип латын тілінен аударғанда “негізге алынатын бастама”, “негіз” деген мағынада айтылады. Принциптер ғылыми тұрғыдан негізделіп, қалыптасқан және заң жүзінде бекітілген болып бөлінеді.

Салықтық қызметтің негізгі принциптері ретінде салық жүйесінің құрылымындағы принциптерді атауға болады. Олар: заңдылық және негізділік; жалпыға бірдейлік және нақтылық; теңділік және әділеттілік; ыңғайлылық және жеткіліктілік; қарапайымдылық және экономикалық бейтараптылық; жоспарлылық және нормативтілік; жеңілділік және бірдүркінділік.

В.И. Гуреев өзінің еңбегінде салықтық қызметтің басты принциптерін қарастыра отырып, ғылыми тұрғыдан оларды екі топқа бөлген: жалпы салалық (жалпы құқықтық) принциптер және салалық принциптер79.

Жалпы салалық принциптерге мыналар жатады: заңдылық; заңның кері күші болмауы. Осы аталған принциптер барлық құқық салаларында бекітілген.

Ал салалық принциптерге нақты бір құқық саласына тән принциптер жатады. Олар мына төмендегідей болып келеді: салықтың бір дүркін салынуы; салық салу жеңілдіктері; мемлекет тарапынан барлық шаруашылық субъектілеріне тең (бірдей) талап қоюды қамтамасыз ету; субъектілердің (салық төлеушілердің) тапқан табыстарын жұмсауларына (пайдалануларына) бірдей жағдай туғызу; табыс табушы заңды және жеке тұлғалардың салық төлеу жөніндегі міндеттері; салық төлеушілер мен салық органдарының құқықтары мен міндеттерін белгілеуде бірыңғай тәсіл қолдану; салық төлеушілер мен мемлекеттің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау теңділігі, резиденттік.

Осы принциптерге сай, мемлекет өзіне тән міндеттері мен функцияларын атқаруға және қоғамның мұқтаждықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге қажетті қаражаттарды салықтарды белгілеу және бюджетке алу арқылы мемлекет тарапындағы қорға (бюджетке) жұмылдырады.

Салықтық қызметтің құқықтық негіздерін мемлекеттік өкімет органдары мен атқару билігі органдары, арнайы қаржылық және салық қызметі органдары мен басқа да өкілеттілігі бар органдар қабылдайтын құқылық актілер құрайды, сондай-ақ осы актілер салықтық қызметтік құқылық формасы болып табылады.

Салықтық қызметтің құқықтық формаларына:

1) мемлекеттік сипаттағы заң актілерін қаржылық, салықтық заңдар шығару;

2) дербес қаржылық-құқылық, салықтық-құқылық актілерді шығару;

а) нормативті күші бар актілер;

б) заңдарға сәйкес және заңдарды орындау негізінде шығарылған актілер;

3) мемлекеттің немесе оның уәкілдік берген уәкілетті (салық қызметі) органдарының нақты салықтық-құқылық қатынастарда өз уәкілеттіліктерін жүзеге асырулары.

Салықтық қызмет белгілі мемлекет аумағында жүзеге асырылатын болғандықтан, оған қатысатын әр деңгейдегі және әр дәрежедегі мемлекеттік органдардың өз құзыреттеріне байланысты қызметтерін атқаруды қажет етеді. Осы органдар мынадай тәртіппен орналастырылады.

1) Мемлекеттік өкімет билігі органдары:

а) Жоғарғы өкілді және заң шығарушы орган – ҚР Парламенті;

ә) Жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар;

2) Мемлекеттік атқару билігі (мемлекеттік басқару) органдары;

а) жалпы құзыретті органдар:

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі;

2. Жергілікті әкімдер;

е) арнайы құзыретті органдар;

1. Қаржы министрлігі;

2. Қаржы министрлігінің арнайы қаржылық, салықтық басқармалары мен бөлімдері;

3. Мемлекеттік кірістер министрлігі.

4. Мемлекеттік кірістер министрлігінің салық қызметі органдары, салық полициясы комитеті және кеден комитеті.

Қазақстан Республикасының Парламенті жоғарғы заң күші бар нормативтік актілер – қаржылық, салықтық заңдарды қабылдайды. Жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар, өздерінің әкімшілік аумақтық деңгейінде – қаржылық, салықтық актілер – қаулылар мен шешімдер шығарады.

Жоғарғы атқарушы – билікші органдардың актілеріне – заң күші бар Жарлықтар, Жарлық, Қаулы, кейде Ереже, Нұсқаулар жатады. Бұл қаржылық және салықтық-құқылық актілер заңдардың негізінде және заңдарға сәйкес немесе сол заңдардың нақты көрінісі болып қабылданатындықтан нормативтік күші бар актілер қатарына жатады. Министрліктер ведомстволардың бұйрықтары, нұсқаулары (қаржылар, салықтар жөніндегі) және т.б. да нормативтік актілер болып табылады. Бұл органдардың актілері кәсіпорындар мен ұйымдардың және т.б. тұлғалардың орындауына міндетті болады.

Салық салу аясындағы салық төлеушілердің құқықтары мен міндеттерінің өте дәл белгіленетінін білуіміз қажет. Нақты міндеттерін қарастырмай тұрып Ата Заңымыздың белгілі бабына жүгінсек, онда “заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады” деп айтылған. Салық төлеушілердің міндеттері заңда белгіленген негіздерге және олардың салық салу нысандарының болуына байланысты туындайтынын білеміз. Мысалы, заң бойынша салық төлеушілердің салық төлеу жөніндегі міндеттерінің тоқтатылуының (жойылуының) негіздері мыналар болып табылады: салықтың толығымен төленуі салықтың жойылуы; салық төлеушінің қайтыс болуы. Ал салық төлеуші – заңды тұлғаның міндеттері салықты толығымен төлеген кезде немесе салықтың жойылуына байланысты тоқтатылады.

Ал егер заңды тұлға заңда көзделген тәртіп бойынша банкрот болып танылған жағдайда және жойылатын болса, онда соттың немесе меншік иесінің шешімі негізінде салық төлеу міндеті (егер толық төленбеген немесе төленбеген болса) жою комиссиясына жүктеледі. Біздің салық кодексімізде салық төлеушілердің міндеттері жалпылай белгіленген, яғни мынау заңды тұлғаның, мынау жеке тұлғаның міндеттері деп белгіленбеген.

Сондай-ақ әрбір төлеушінің нақты салық төлеу жөніндегі міндеттері нақты салықтарға қатысты заңдарда белгіленген. Салық заңдарында салық төлеушілерге көзделген басты міндет – олардың салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді тиісті бюджеттерге, заңда белгіленген мөлшерде және уақытта төлеп (аударып) отырулары. Салық төлеушілер: салық органдарына салықтарды бухгалтерлік есептеу жүргізуге және қаржылық-шаруашылық қызмет жөнінде есептеме даярлауға; бухгалтерлік есептеулерге жасырылған (кемітілген) табыс сомасы мөлшерінде түзетулер енгізуге,80 салық қызметі органдарының тексеру кезінде анықталған салық заңдарын бұзушылықты жою туралы талаптарын, нұсқауларын орындауға; тексеру актілерінде жазылған (көрсетілген) фактілерге келіспеген жағдайда, осы актіге қол қоюдан бас тарту, келіспеу жөнінде жазбаша түсініктеме тапсыруға; бухгалтерлік есептеулерді, қаржылық-шаруашылық қызметтері жөніндегі есептемелерін және басқа да ақша жөніндегі құжаттарды заңда белгіленген мерзімге дейін сақтауға міндетті. Ал мемлекет, осыған орай, өз тарапынан салық төлеушілердің жоғарыда аталған міндеттерін атқаруларына жағдай туғызуға және төленген (аударылған) салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді тиісті бюджеттерге қабылдап алуды қамтамасыз етуге міндетті.

Қоғамдағы қатынастар жүйеленген түрде тәртіптелетіндіктен және құқылық нормалармен реттеле отырып жүзеге асырылатындықтан, оған қатысушылардың (субъектілердің) құқықтары мен міндеттері тиісті деңгейде және дәрежеде белгіленетінін білеміз.

Көптеген құқық салалары бойынша (мысалы, мемлекеттік құқық; әкімшілік құқық; қаржылық құқық және т.б.) туындайтын қоғамдық қатынастардың міндетті субъектілері – өктем-уәкілеттілік берілген билікші-әмірші субъектілер болса, ал осы қатынастардың екінші жағында тек өз міндеттерін атқаратын бағынышты субъектілер болады.

Салық төлеушілер де осы бағынышты субъектілер қатарына жатады. Осы айтқан пікірлерімізді соңғы инстанция деп қарамай, салық заңдарында көзделген салық төлеушілердің құқықтарын қарастырсақ, онда оларға (егер дұрыс пайдалана білсе) айтарлықтай әрекет жасауға рұқсат берілген. Салық кодексінде салық төлеушілердің мына төмендегідей құқықтары белгіленген:

1. Салық жөніндегі жеңілдіктерге құқығын растайтын құжаттарды табыс ету;

2. жүргізілген тексеру актілерімен танысу;

3. салық органдарына салықтарды есептеу мен төлеу және жүргізілген тексеру актілері жөнінде түсіндірмелерді ұсыну;

4. заңда белгіленген тәртіппен салық органдарының шешімдеріне шағымдану;

5. салық салуға қатыссыз ақпарат пен құжаттарды тапсырмау.

Салық қызметін жүзеге асыру барысында салық қызметі органдары орталық және жергілікті атқарушы өкімет органдарымен, құқық қорғау, қаржы және басқа мемлекеттік бақылаушы органдармен өзара қарым- қатынас жасап, бірлескен бақылау шараларын қолданады, сондай-ақ мәліметтер құпиясын сақтау ережелерін ескере отырып, өзара ақпарат алмасылуын қамтамасыз етеді.

Салық кодексінде белгіленіп, бекітілген салық қызметі органдарының уәкілеттіліктері мына төмендегідей болып келеді. Салық қызметі органдарының міндеттері:

- салық төлеушілердің құқықтары мен мемлекет мүдделерін сақтау және қорғау, салықтың дұрыс есептелуіне, толығымен әрі уақтылы төленуіне бақылауды жүзеге асыру;

- салық төлеушілер мен салық салынатын объектілердің есебін уақтылы алу, бюджетке есептелген және төленген салықтың есебін жүргізу;

- есептелген салық сомасымен салыстырғанда артық төленген соманы салық төлеушінің келісімімен басқа немесе алдағы төленетін салықтар есебіне жатқызу немесе жазбаша өтініші бойынша 20 күн мерзім ішінде төлеушіге қайтарып беру;

- Қазақстан Республикасы салық заңдарын бұзушылық жайындағы арыздарды, хабарларды және басқа ақпараттарды тексеру;

- салық есептеу мен төлеуге байланысты декларацияның және басқа құжаттардың нысандарын әзірлеу;

- салық төлеушілер туралы ақпараттың құпиясын, яғни мәліметтер құпиясын сақтау;

- салықтық құқық бұзушылық деректерін жинау, талдау және бағалау, сондай-ақ салықтық құқық пен қылмыс жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде тиісті ұсыныстар енгізу;

- салық төлеуден жалтарып жүрген жеке және заңды тұлғаларды салық полициясының бөлімшелерімен іздестіруді жүзеге асыру;

- салық төленуге байланысты қылмыстарды анықтау мен тергеу мақсатында салық қызметі органдарының салық полициялары бөлімшелерімен заңда көзделген негізде және белгіленген тәртіппен шұғыл іздестіру әрекеттерін, алдын ала жауап алу мен тергеу жүргізу;

- заңды және жеке тұлғалардың салық төлемеуіне байланысты немесе табысты, пайданы жасыру не болмаса кемітіп көрсету, салық салынатын объектілерді көрсетпеу мақсатымен жасаған қылмыстары мен өзге де құқық бұзушылықтарын, салық пен басқа да төлемдерді бюджетке төлеуден жалтарудың өзге де түрлерін, сондай-ақ бюджетке салық пен басқа төлемдердің түспеуіне немесе толық түспеуіне байланысты мемлекетке шығын келтірген өзге де қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды салық қызметі органдары салық полициясы бөлімшелері арқылы анықтау және тыйып тастау;

- салық қызметінің құзырына жататын қылмыстық істерді қозғау кезінде салық төлеушілердің қаржылық-шаруашылық қызметіне салық инспекциясы бастығының ұйғарымы бойынша салық инспекцияларының бөлімшелерімен тексеру жүргізу;

- тәркіленіп немесе иесіз қалып мемлекет меншігіне көшкен мүліктің есебін алу, бағалау және сату жөніндегі жұмыстарды жүргізу;

- салықтың түсуі, салық органдарының жұмысы туралы Қазақстан Республикасы Статистика және талдау жөніндегі мемлекеттік комитеттің келісуімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер министрі бекіткен көлемде және белгіленген тәртіп бойынша есептер беріп отыру және т.б. болып табылады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік өкімет органдары салық қызметі органдарының осы жоғарыда аталған міндеттерін атқаруына және салықтық құқық бұзушылық пен қылмысқа қарсы күресте жәрдемдесіп отыруға міндетті.

Енді салық қызметі органдарының құқықтарына тоқталамыз. Салық қызметі органдарының заңмен бекітілген құқықтары мыналар:

- Қазақстан Республикасы Заңдарына сәйкес, тәртіп пен шарттары негізінде заңды және жеке тұлғалардың барлық ақша құжаттарын, бухгалтерлік кітаптарын, есептерін, сметаларын, қолда бар ақшалай қаражатын, бағалы қағаздарын және басқа да құндылықтарын, есеп айырысуларын, декларациялары мен бюджетке салық пен басқа төлемдерді есептеу мен төлеуге байланысты құжаттарды тексеру;

- ұйымдардың лауазымды адамдарынан және басқа қызметкерлерінен, сондай-ақ азаматтардан осы үстінде аталған тексерулер барысында пайда болатын мәселелер жөнінде анықтамалар, ауызша және жазбаша түсініктемелер алу;

- Қазақстан Республикасы қолданып жүрген заңдарына сәйкес, салық қызметі органдарының салық полицияларының бөлімшелерімен салық тергеулерін жүргізу;

- ұйымдардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдарына, сондай-ақ азаматтарға анықталған салық заңдарын бұзушылықты жою туралы орындалуға міндетті нұсқаулар беру және олардың орындалуын бақылап отыру;

- қолданылып жүрген заңдарды сақтай отырып, ұйымдар мен азаматтардың табыс түсіру үшін немесе тұрған жеріне қарамастан салық салынатын нысандарды ұстауға байланысты пайдаланылатын кез келген өндірістік, қойма, сауда және басқа үй-жайларын тексеру;

- ұйымдардың басшылары мен азаматтары салық қызметі органдарының лауазымды адамдарын жоғарыда аталған үй-жайларды тексеруге жіберуден бас тартқан жағдайда, осы субъектілердің салық салынатын табыстарын, олардың табыс алып отырғанын дәлелдейтін құжаттар негізінде анықтау;

- салық заңдарын бұзған ұйымдарға, лауазымды адамдар мен азаматтарға қолданылып жүрген заңдарға сәйкес, салық санкциясын қолдану және заңда көзделген айыппұл салу;

- белгіленген мерзімде төленбеген салықты, айыппұлды және өсімді, сондай-ақ әкімшілік жолымен салынған айыппұлды ұйымдардан, олардың лауазымды адамдары мен азаматтардан бірінші кезекте өндіріп алу;

- жасандылығы, қолдан жасалғандығы анықталған кезде салық заңдарының бұзылғанын айғақтайтын құжаттарды салық төлеушіден алу және оған алынған заттардың тізімдемесі бар акт тапсыру;

- салық заңдарын бұзушылықты жою туралы талаптарды орындамаған, үй-жайларды тексеру мен анықтап қарауға жібермеген, салық қызметін бухгалтерлік есептер мен баланстарды, есеп айырысуларды, декларацияларды және табыс түсіруге, салық салынатын нысандарды ұстауға, салық пен басқа да төлемдерді бюджетке есептеу мен төлеуге байланысты өзге де құжаттарды табыс етпеген жағдайда анықталған тәртіп бұзушылық жойылғанға дейін ұйымдар мен азаматтардың банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын өзге ұйымдардағы есеп айырысу және басқа шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтатып тұру;

- сауда және басқа ұйымдарда жеке кәсіпкерлерден тауарларды (өнімдерді), атқарылатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметті тексеру мақсатында бақылаулық сатып алу жасау;

- салық, айыппұл және өсімақы белгіленген мерзімде төленбеген кезде ұйымдар мен азаматтардың жылжитын және жылжымайтын мүлкінің, ақша- валюта қаражатының тізімдемесін жасау;

- банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын өзге ұйымдардан, заңды тұлғалардан тексерілетін ұйымдар мен азаматтардың кәсіпкерлік қызметі, операциялары және шоттардағы ақша қаражатының жай-күйі туралы мәліметтерді, анықтамаларды, сондай-ақ құжаттарды тек қана қызмет бабындағы мақсатта алу;

- Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен оның бөлімшелерінде заңдармен белгіленген қорларға аударымдар жасаудан кейін қалған пайданың бюджетке толық және уақтылы түсуі мәселесі бойынша тексерулер жүргізу;

- салық заңдарында белгіленген ережелерге сәйкес, ұйымдар мен азаматтардың бюджетке салықтар мен басқа да төлемдерді төлеу мерзімін ұзарту немесе оларды дүркін-дүркін бөліп төлеуге мұрсат беру;



- егер де азаматтар мен лауазымды адамдар қылмыс жасады деп күдіктенетін жеткілікті негіздер болса немесе олар әкімшілік құқықты бұзған жағдайда салық қызметі органдарының салық полициялары бөлімшелерінің олардың аты-жөнін анықтау мақсатында құжаттарды талап ету және тексеру және т.б. болып табылады.

Салықтар өте күрделі қаржылық-экономикалық құрылымды болуымен қатар, біртұтас алғанда, оларды қоғамдық категория деп те санауға болады. Себебі салық өзіне тән барлық функцияларын мемлекеттік бюджеттің ақшалай қаражаттарын мемлекеттік емес субъектілердің табыстары есебінен қалыптастыруға нысаналанған тұрақты байланыстың мемлекет пен салық төлеушілердің арасында пайда болуы және дамуы процесінде жүзеге асырады. Салықтың материалдық мағынасына назар аударсақ, онда оның мемлекеттік бюджетке салық төлеушілерден түсетін ақша қаражаттарын үзбей, бірқалыпты түсуін қамтамасыз ету сияқты тек нақты техникалық функцияларды орындайтынын байқаймыз. Ал осы функциялардың тұрақты жүзеге асырылуына қатысатындар (қатысушылары) әлеуметтік маңызы бар әрекеттерді жүргізулері арқылы салықтың экономикалық құрылымының, қызмет атқаруын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастардың арнайы (ерекше) механизмін қажет етеді. Бұл қатынастардың өзінен-өзі туындай қоюы екіталай. Өйткені осындай қатынастардың туындауына (мемлекеттің біржақты мүддесі негізінде) екі жақтың да өзара ерік білдіруі нәтижесінде және олардың мүдделерін білдіретін екі жақты қатынастардың пайда болуы қажет. Сондықтан салықтың қызмет атқаруының қоғамдық механизмі екінші жақтың келісімін қажет қылмайтын, олардың еркіне тәуелді болмайтын, тек мүдделі субъектінің біржақты ерік білдіруі негіз бола алатын қатынастардың туындауын кепілдендіретін қосымша құралды қажет қылады. Осы жоғарыда аталған қатынастардың туындауын қамтамасыз ететін қосымша құралымыз құқық болып табылады. Құқық нормаларында болашақ қоғамдық байланыстардың (бұл жерде қатынастардың) аса ұтымды үлгілері бекітіледі және біруақытта осылардың негізінде құқықтық нормаларда бекітілген субъективтік құқық пен міндеттер арқылы жаңағы қоғамдық байланыстар құқықтық қатынастар түрінде пайда болады, яғни осылайша салықтың заңи құрылымы қалыптасады. Міне осындай мемлекеттің мүдде-мұқтаждығын өтеуге керекті ақша қаражаттарын жұмылдыруға атсалысатын, табиғаты бойынша кешенді әрі біртекті қоғамдық қатынастардың және сол қатынастарға мемлекет тарапынан ықпал ететін айрықша құралдың қажеттілігін аталмыш қатынастардың құрылуын және реттелуін жүзеге асыратын айрықша институттың туындауын көздейді. Негізінде салықтар қаржылардың бөлу функциясының бір жағын, яғни мемлекеттік бюджеттің қаражаттарын қалыптастыру бөлігін көрсетеді. Ал қаржылар қоғамдық қатынастар ретінде қаржылық құқықтың құқықтық реттеу пәнін құрайды. Сондықтан салықтық қатынастар да қаржылық құқықтық қатынастардың, бір түрі ретінде қаржылық құқықтың нормаларымен реттеледі. Сонымен бірге салықтық-құқықтық қатынастарды басқа қаржылық-құқықтық қатынастар жүйесінен бөлек, біршама дербес топқа бөліп шығаруға мүмкіндік беретін өздеріне тән ерекшеліктері бар. Осы қатынастардың жиынтығы оларды құқықтық жағынан негіздеуге қажет ерекше жолдардың (тәсілдердің) болуына талап қояды және бұл жағдай, өзіне орай, қаржылық-құқықтық нормалардың, өмірден орын алуына себеп болады. Міне осылардың, яғни қаржылық құқықтық нормалардың жиынтығы, ерекше қаржылық құқықтық институтты – салықтық құқықты құрайды. Демек салықтық құқық – салықтық қатынастарды реттейтін қаржылық-құқықтық нормалардың жиынтығы болып табылады. Осы айтқандарымызды дәлелдеу мақсатында тиісті ғылыми еңбектерге үңіліп, ғалымдардың көзқарастарын салыстырайық. Ресейлік ғалым Денисова салықтық құқықты жоғарыдағыдай тұрғыдан түсіндіреді яғни “Ресейдің салықтық құқығы деп – міндетті, жекелей-баламасыз ақшалай төлемдерді әр деңгейдегі бюджеттерге, мемлекеттік бюджеттен тыс қорларға белгілеу және алу жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттейтін қаржылық құқықтық нормалардың жиынтығын айтамыз” дейді. Экономика саласының ғалымы В.И. Гуреев өз еңбегінде81 “Салықтық құқық – қаржылық құқықтың өте маңызды құқықтық институттарының бірі болып табылады және ол Ресей мемлекетінің салық қызметі аясында туындайтын қатынастарды реттейді” деп көрсеткен.

Менің өз тұжырымым бойынша, қаржылық-құқықтық нормалардың құрамын ашып көрсету қажет сияқты. Себебі жалпылама, қалыптасқан көзқарастар бойынша, қаржылық-құқықты нормалар деп аталғанымен, оларды нақтыландырсақ, онда салықтық құқықтың бюджеттік құқықтық және салықтық-құқықтық нормалардан құралатынын


.

көреміз. Сонымен қатар осылайша тұжырымдауымыз салықтық құқықтың мемлекеттің құқық жүйесінен алатын орнын айқындауды жеңілдетеді.

Салықтық құқықты ашып көрсету үшін оның құқықтық реттеу пәнін, сондай-ақ сол реттеудің қандай әдістер арқылы жүзеге асырылатынын қарастыру қажет.

Бірақ, бұл жерде бірден айта кететін жәйт, жоғарыда аталған салықтық құқықты зерделеу жолдарын оны өз алдына дербес құқық саласы ретінде бөліп шығаруға қажет деп қарастыруға болмайды.

Осыған орай, салықтық құқықты қаржылық құқықтың бір бөлімі ретінде атауға болады деген ой-пікірлер де айтылған болатын82. Осыған қарамастан бұл жағдайда біз өзге қағидаттарды басшылыққа аламыз. Олар мына құбылыстарға саяды. Қандай да болмасын құқықтық нормаларды бөлу негізінде оның пәні жататыны баршаға мәлім, өйткені “пәнде тиісті қатынастарды нормативтік-құқықтық реттеу ерекшелігінің объективтік қажеттілігі бар”83.

Сонымен қатар С.Д.Цыпкиннің пікірінше, “Реттеу пәні құқықты барлық “деңгейде” бөлудің төте, басымды негізі болып табылады. Бұл жерде тек оны толықтырып тұратын критерийлер ауысады. Осы жағдайға орай бір-бірінен айрықшаланатын және жекелеген тұрақты топтарға бірігетін әр бөлек институттар мен нормалардың сапалық ерекшеліктері көрініс табады”84.

Былайынша айтқанда, қандай да болмасын құқықтық нормалардың жиынтығының (құқық саласынан құқықтың институттарға дейін) өзіне тән реттеу пәні болады.

Бірақ бір жағдайда реттеу пәнінің көлемі мен сапасына қарсы нормалардың жиынтығы туралы құқық саласы ретінде, ал басқа жағдайларда - тек институт ретінде айтуға болады.

Сонымен салықтық құқықтың реттеу пәні мемлекеттік бюджет қалыптастыру және бөлу процесінде туындайтын қатынастар болып табылады. Осы жөнінде, аталмыш ғалым В. Гуреев мынадай түсініктеме берген: “Салықтық құқықтың пәні салық төлеушілерден (заңды және жеке тұлғалардан) олардың табыстарының белгілі мөлшерін тиісті бюджеттерге белгілеу, өзгерту және алу кезіндегі мемлекеттік салық органдарының, салық төлеушілердің және салық агенттерінің қатынастары болып есептелінеді85.

Соңғы кездерде салықтық құқық аясын тынбай зерттеп жүрген жас ғалым Е.Порохов берген: “Салықтық құқықтың реттеу пәні – мемлекеттің мемлекеттік бюджет қаражаттарын мемлекеттік емес субъектілердің табыстарының үлестері есебінен қалыптастыру үшін ұлттық табысты бөлу процесінде туындайтын қатынастар, яғни салықтық қатынастар болып есептелінеді” деген түсінік те бар86. Бұл жерде, біздің ойымызша, салық төлеушілерді нақты көрсеткені (мемлекеттік емес субъектілер) өте дұрыс болған. Тағы бір ресейлік оқулықта87 реттеу пәні жөнінде өте қарапайым ұғым берілген: “Салықтарды белгілеуге және алуға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар – салықтық құқықтың пәні болып табылады”. Ал С.Найманбаевтың айтуынша88, “салықтық құқықтың пәні – мемлекеттің салық қызметінің барысында туындайтын қоғамдық қатынастар, яғни салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеу және алу, сондай-ақ осы аталған міндетті төлемдердің мемлекеттік бюджетке белгіленген мерзімде және толығымен түсуіне бақылау жүргізу кезіндегі қатынастар болып табылады”. Осы берілген түсініктегі ұтымды көрініс мемлекеттік бюджетті қалыптастыру әдістерінің саралануы, яғни салықтарды белгілеу, оларды тиісті бюджеттерге алу, уақтылы және толығымен түсуіне бақылау жүргізу. Салықтық қатынастарға тән ерекшеліктерді танымал ғалым В. Гуреев былайынша көрсеткен89 “біріншіден, салықтық қатынастардың нысаны заңды және жеке тұлғалардың табыстары түріндегі қозғалатын мүліктері болып еесптелінеді; екіншіден, салықтық қатынастар – дербес қатынастар болып есептелініп, мемлекеттік бюджетті қалыптастыратын аядағы қоғамдық қатынастардың жалпы тобына қосылады”.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет