Учебные пособия по налоговому праву: Мухитдинов Н. Б., Найманбаев С. М., Серимов У. С., Сман Б. У. «Салықтық заңдарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік»


§2 Әкімшілік құқық бұзушылық және әкімшілік жауапкершілік: өздеріне тән ерекшеліктері, заңи сипаттамалары, негіздері және түрлері



бет2/18
Дата13.06.2016
өлшемі1.99 Mb.
#133834
түріУчебные пособия
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
§2 Әкімшілік құқық бұзушылық және әкімшілік жауапкершілік: өздеріне тән ерекшеліктері, заңи сипаттамалары, негіздері және түрлері
Мемлекетімізде қолданылатын заңдар мен заңи міндетті ережелердің негізгі мақсаты – азаматтардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың мүдделеріне белгілі бір аялардағы құқықтық тәртіп пен тиісті мемлекеттік тәртіпті қамтамасыз ету болып табылады. Кейбір кездерде осы заңи міндетті ережелерді жалпыға міндетті қағидалар деп те атайды. Осы жалпыға бірдей міндетті қағидаларды ұстану, сақтау мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың және азаматтардың мүдделеріне сай келетіндіктен, қоғамға тигізер пайдасы да өте зор деп айтуға болады.

Енді түсінікті болуы үшін сол ережелердің қатарына жататындарды атап көрсетейік: жол жүру ережелері; қоғамдық орындарда тәртіп сақтау ережелері; еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік ережелері; аң аулау және балық аулау ережелері; санитарлық және ветеринарлық ережелер; атылатын аңшылық қаруды сатып алу, есепке қою, сақтау және пайдалану ережелері; жарылғыш және радиоактивтік заттарды сатып алу, есепке қою, сақтау және пайдалану ережелері, шекаралық режим ережелері; қоршаған ортаны қорғау және денсаулық сақтау ережелері; кедендік ережелер; өртке қарсы ережелер.

Көбісі аталмай қалған осы ережелерді сақтамаудың және бұзудың нәтижесінде қоғамға қауіпті, зиянды келеңсіз жағдайлардың туындауына әкеп соғатыны айтпаса да белгілі болып тұр. Сонымен бірге аталған ережелердің талаптарын бұзу мемлекет пен заңды тұлғалардың және жеке тұлғалардың мүдделеріне кайшы келеді.

Міндетті ережелер өте ауқымды субъектілер тарапына арнайы бағытталған. Дені азаматтар мен заңды тұлғаларға арналса, басқалары қандай да болмасын шаруашылық салаларының, әлеуметтік-мәдени және әкімшілік-саяси қызметтердің қызметкерлеріне, ал қалғандары мемлекеттік, жергілікті, қоғамдық және т.б. органдарда белгілі бір қызмет атқаратын лауазымды адамдарға арналған.

Жоғарыда айтылған және басқа да көптеген ережелер республикалық заңдарда, орталық атқарушы билік органдардың актілерінде белгіленіп, көрініс табады.

Міндетті ережелердің аса бір ерекшелігі олар әкімшілік жауапкершілік шараларымен (санкцияларымен) қорғалады, ал олардың бұзылуы – әкімшілік құқық бұзушылық түрінде сипатталады. Сонда құқық бұзушылық үшін жауапкершілік мәжбүрлеудің бір түрі болып табылады.

Әкімшілік құқық бұзушылықтың негізгі белгілері мен заңи сипаттамасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте баяндалып, мазмұндалады.

Осы кодекстің екінші тарауының 9-бабының I тармағында әкімшілік құқық бұзушылықтың түсінігі берілген:

“Мемлекеттік және қоғамдық тәртіпке, социалистік меншікке, азаматтардың праволары мен бостандықтарына, басқарудың белгіленген тәртібіне қиянат жасайтын, сол үшін заңдармен әкімшілік жауапкершілік көзделген правоға қарсы, кінәлі (қасақана немесе абайсызда) әрекет не әрекетсіздік әкімшілік право бұзушылық (теріс қылық) деп танылады11. Бұл ресми редакциясы бойынша берілген түсінік болғандықтан, қазіргі нарықтық экономика және замана талабына сай былайша жазылуы қажет деп ойлаймыз:

“Мемлекеттік немесе қоғамдық тәртіпке, меншік түрлеріне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, заңды тұлғалардың мүдделеріне, сондай-ақ басқарудың белгіленген тәртібіне қиянат жасайтын, сол үшін заңдармен әкімшілік жауапкершілік көзделген құқыққа қарсы (қайшы), кінәлі (қасақана немесе абайсызда) әрекет не болмаса әрекетсіздік әкімшілік құқық бұзушылық (теріс қылық) деп танылады”12.

Ұсыныс ретінде жаңа кодексті редакциялау кезінде, мына терминдерді енгізген жөн болар деп ойлаймыз: “меншік түрлеріне” немесе “меншік нысандарына”; “қиянат жасайтын”; “құқыққа қарсы” немесе “құқыққа қайшы”; “әкімшілік жауапкершілік”; “әкімшілік құқық бұзушылық” немесе “әкімшілік теріс қылық”; жігерлі әрекет (активное действие); “құлықсыз тәртіп (пассивное поведение) немесе құлықсыз іс-қимыл”13.

Әкімшілік құқық бұзушылықтың өзіне тән кейбір белгілермен сипатталатынын білеміз. Оларға құқыққа қайшылығы; кінәлі әрекеті немесе кінәлі әрекетсіздігі; зияндығы немесе зардаптың болуы; жазаға тартылатыны немесе жазалануы жатады. Кейбір өзіміздің және шетелдік ғалымдардың айтуынша, оған біз де қосыламыз, жоғарыда аталған белгілердің қатарына “қоғамға қауіпті” деген белгіні қосқанымыз дұрыс болады дейді. Ал ресейлік осы сала бойынша ғалымдардың бәрі дәрлік әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілі бір дәрежеде “қоғамға қауіптілігі” бар екені жөнінде қалыптасқан көзқарастарын білдіреді. Осыған орай ресейлік ғалым Л. Попов “әкімшілік құқық бұзушылық әрекет не болмаса әрекетсіздік нысанында көрініс табатын ауытқыған (қисық) іс-қимыл түріндегі заңи шектен шығу” деген өте қызық әрі дәл, пәлсапалық тұрғыдан деп айтсақ та болады, түсінік берген14.

Біздің ойымызша да, әкімшілік құқық бұзушылықтың белгісі ретінде “қоғамға қауіптілігінің” болуы әбден мүмкін. Себебі жоғарыда әкімшілік құқық бұзушылықтың түсінігін айқындаған кезімізде (ресми редакциясы бойынша да) мемлекеттік және қоғамдық тәртіпке, меншікке (меншіктің барлық нысандарына), азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, басқарудың белгіленген тәртібіне қасақана не болмаса абайсызда қиянат жасайтын, қол сұғатын, нұқсан келтіретін әрекеттер, іс-қимылдар және т.б. деп түйіндеген болатынбыз. Осы аталмыш аяларға, қоғамдық қатынастарға айтарлықтай кері әсері мен ауыр ықпалын тигізетін болғандықтан бұл жерде “қауіптілік” орын алады деп санаймыз.

Бұл жерде айта кететін бір жәйт, кодексте көзделген құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту тек осы құқық бұзушылықтар үшін тиісті заңдар бойынша қылмыстық жауапкершілік қолданылмаған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Міне осы жайды есепке ала отырып, кейбіреулер әкімшілік құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілігі елеусіз немесе жоқ деп тұжырымдауы мүмкін. Бірақ құқық бұзушылыққа келтіретін зардабы шамалы деп жеңіл қарай берсек оның қас пен көздің арасында қылмысқа айналуы ғажап емес. Сондықтан әкімшілік құқық бұзұшылық жасау кезінде қылмыстық заңдарда қылмыстық жауапкершілік көзделетіндей ауыр зардаптар болмайды, оның “жарасы жеңіл” деп жағаны кеңге салмау және атүсті қарамау үшін, яғни құқық бұзушылықтың қылмысқа айналып кетпеуі үшін, “қоғамға қауіпті” терминін жиі қолданған ләзім.15

Сонымен әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілерін қорытынды ретінде қайтадан тізбелесек, олар мына келесідей көрініс табады:

1. теріс қылықтың қоғамға қауіптілігі;

2. теріс қылықтың құқыққа қайшылығы;

3. теріс қылықтың кінәлілігі, яғни қасақана не болмаса абайсызда жасалуы;

4. теріс қылықтың зияндылығы, яғни зардаптың болуы;

5. әрекет не болмаса әрекетсіздік түрінде жасалған теріс қылық пен келтірілген зардаптың арасындағы себептік байланыстың болуы;

6. теріс қылыққа қатысты тиісті жазаның болуы.

Қарапайым түрде көрсетсек – қоғамға қауіптілігі; құқыққа қайшылығы; кінәлілігі; зияндылығы; себептік байланыс; жазалануы.

Енді осы белгілерге қысқаша сипаттама жасауымыз қажет. Жоғарыда айтқанымыздай, заң шығарушы әкімшілік құқық бұзушылықты қоғамға қауіпті деп көрсетпегенімен, әкімшілік құқық теориясы тұрғысынан, оның орын алатынын білеміз.

Мемлекет құқықтық нормаларда міндетті ереже тәртіптерін бекіте отырып, сонымен бірге оларды бұзғаны үшін мемлекеттік мәжбүрлеуді қолдану мүмкіндігін қарастырады. Құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілігі оның жасалғаны үшін жауапкершіліктің туындауымен шартталынады. Қандай да болмасын әкімшілік теріс қылық белгіленген тәртіпке қиянат жасай отырып, оған белгілі бір мөлшерде зиян келтіреді және басқарушылық қатынастардың ұйымдастырылуын, үйлесімділігін т.б. бұзады.

Мәселен, мына әкімшілік құқық бұзушылықтардың: жол жүру қауіпсіздігін, жарылғыш заттар мен радиактивтік изотоптарды, әсері күшті уларды сатып алу, сақтау және пайдалану ережелерін, атылатын қаруды немесе қызмет бабында пайдаланатын қаруды сатып алу, есепке қою, сақтау және пайдалану ережелерін бұзатын теріс қылықтардың қоғамға қауіптілігі көрініп түр.

Мынадай ерекше жағдайлар: табиғи дүлей апаттар, төтенше жағдайлар, эпидемиялар, эпизоотиялар, техногендік апаттар кезінде жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар да қоғамға қауіпті болады. Бүгінгі таңда салық салу, кедендік қызмет саласындағы экономикалық әкімшілік құқық бұзушылардың қауіптілігі өсіп отыр.

Бұл жерде салыстыру ретінде айта кететін жәйт, әкімшілік құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік дәрежесі қылмыстық құқық бұзушылықтың қауіптілігіне қарағанда төмендеу болады.

Көптеген жағдайларда жасалатын құқық бұзушылықтардың жиілігіне және зардабының аздығына байланысты мемлекет әкімшілік жауапкершілік шараларын белгілейді. Олардың көбі сотталу сипатындағы жазалау болмағанымен, қатаңдығы жағынан кылмыстық жауапкершіліктен қалыспайды.

Әкімшілік құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік белгісінің заңи көрінісі құқыққа қайшылығы (қарсылығы) болып саналады. Құқыққа қарсы теріс қылық – белгілі бір тұлғаның құқық нормасында тыйым салынған әрекетті жүзеге асырудан немесе құқықтық нормада орындау жөнінде талап қойылған іс-қимылды жасамаудан тұрады.

Негізінде әкімшілік құқық бұзушылық әкімшілік құқық нормаларымен реттелетін және қорғалатын қатынастарға қол сұғады деп айта аламыз. Сонымен қатар құқыққа қайшылық – тек әкімшілік құқықтың нормаларын ғана бұзатын теріс қылықтар емес, сонымен бірге азаматтық, конституциялық, экологиялық, қаржылық, банкілік, салықтық, кедендік құқықтардың нормаларын бұзатын әрекеттерді жасау да құқыққа қайшы болып табылатынын естен шығармауымыз қажет.

Бұл жерде де басты назар аударатын жәйт, осы құқық нормаларын сақтау әкімшілік жауапкершілік шараларымен қорғалады. Ал егер құқыққа қайшы әрекет әкімшілік құқық бұзушылық ретінде танылмаса, онда сол үшін әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдануға болмайды.

Әкімшілік құқық бұзушылық жасау кезінде кінә қасақаналық нысанда, сондай-ақ абайсыздық нысанында да көрініс табуы мүмкін. Құқық бұзушының кінәлі болуы әкімшілік теріс қылықтың өте маңызды әрі қажетті белгісі болып табылады. Кінәлы әрекет немесе әрекетсіздік тұлғаның еркіне, санасына сай іс-қимылдары болып есептелінеді. Кінәлы әрекеттерге: құқықтық әмірлі талап түріндегі міндеттерді көріп-біле тұра орындамау және нақты белгіленген ережелерді, стандарттарды, нормаларды әдейі орындамау жатады.

Ал әрекетсіздік тұлғаның өзіне жүктелген міндетке орай орындалатын немесе орындалуға тиісті іс-қимылдарды түрлі себептерге, не болмаса құлықсыздықтарына байланысты орындамаулары болып табылады.

Әкімшілік жазалану да әкімшілік құқық бұзушылықтың басты белгілерінің қатарынан өзіне тиісті орнын алған. Жоғарыда сан рет қайталанған нақты әрекет не болмаса әрекетсіздік – тек оларды жасағаны үшін заңдарда әкімшілік жауапкершілік көзделген жағдайда ғана әкімшілік құқық бұзушылық деп танылады.

Әкімшілік жазалану белгісі әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдануға байланысты туындайтын теріс іс-қимылмен (тәртіппен) тығыз байланысты болады.

Әкімшілік теріс қылықтардың өте кең таралғандығына және әралуандылығына байланысты оларды жүйелеп топтастырудың бірыңғай критерийін табудың өзі қиынға соғады. Осыған орай әкімшілік құқық бұзушылықтардың айтарлықтай тұрақтылығы мен қайталанатындығын, құқықтық реттеудің бірыңғайлығын сипаттайтын белгілердің жиынтығын біріктіретін кешенді критерийлер болатынын айтуымыз керек.

Әкімшілік құқық бұзушылықтардың түрлерін топтастырудың кешенді критерийлері қиянат жасаудың тектік объектісін және теріс қылықтың салалық бағытталуын қамтиды.

Осы критерийлердің негізінде әкімшілік құқық бұзушылықтың барлық түрлері біздің әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімізде мынадай топтарға жіктелген:

1. Еңбек және халықтың денсаулығы саласындағы ӘҚБ;

2. Социалистік меншікке қиянат жасайтын ӘҚБ;

3. Табиғат қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау саласындағы ӘҚБ;

4. Өнеркәсіп, жылу және электр энергиясын пайдалану саласындағы ӘҚБ;

5. Ауыл шаруашылығындағы ӘҚБ, мал дәрігерлік қадағалау ережелері мен карантин ережелерін бұзу;

6. Транспорттағы, жол шаруашылығындағы және байланыстағы ӘҚБ;

7. Азаматтардың тұрғын үй құқықтары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және көркейту саласындағы ӘҚБ;

8. Сауда және қаржы саласындағы ӘҚБ;

9. Қоғамдық тәртіпке қиянат жасайтын ӘҚБ;

10. Басқарудың белгіленген тәртібінен қиянат жасайтын ӘҚБ;

11. Архитектуралық-қала салушылық аясындағы ӘҚБ16.

Осы топтастыруға жаңаша талаптарға, құқықтық реформаларға сай өзгерістер енгізіп, мына келесідей жіктеме жасуға болады:

1. Халықтың денсаулығына, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығына қиянат жасайтын ӘҚБ;

2. Меншікті қорғау саласындағы ӘҚБ;

3. Қоршаған ортаны қорғау, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау және жер қойнауын пайдалану саласындағы ӘҚБ;

4. Халықты еңбекпен қамту қызметіне, әлеуметтік қамсыздандыру ережелеріне және басқа да адам құқығына қиянат жасайтын ӘҚБ;

5. Өнеркәсіп, құрылыс, жылу және энергетика салаларындағы ӘҚБ;

6. Ауыл шаруашылығы, жер суару, ветеринария және карантин ережелерін бұзу жөніндегі ӘҚБ;

7. Көлік, байланыс және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ӘҚБ;

8. Жол шаруашылығы және жол жүру саласындағы ӘҚБ;

9. Қаржылар және салық салу саласындағы ӘҚБ.

10. Кәсіпкерлік қызмет аясындағы ӘҚБ;

11. Қоғамдық тәртіпке және қоғамдық қауіпсіздікке қиянат жасайтын ӘҚБ;

12. Басқарудың белгіленген тәртібіне және мемлекеттік билік институттарына қиянат жасайтын ӘҚБ;

13. Әскери қызмет және әскери есепке алу саласындағы ӘҚБ;

14. Мемлекеттік шекараның белгіленген режиміне және ҚР аумағында жүріп-тұру тәртібіне қиянат жасайтын ӘҚБ17.

Осы ұсынылып отырған әкімшілік құқық бұзушылықтарды топтастыру жөніндегі тұжырымды, дұрыс-бұрысын ескере отырып, жаңа кодексті қабылдау кезінде қарастырған дұрыс болар деп ойлаймыз.

Әкімшілік теріс қылыққа сипаттама беру үшін оны басқа құқық бұзушылықтардан ажырата білу керек, өйтпейінше бір-біріне жақын, бірақ ұқсас емес құқыққа қайшы әрекеттерге дұрыс анықтама (квалификация) беру қиынға соғады. Бәрінен бұрын әкімшілік және тәртіптік теріс қылықтардың арасындағы айырмашылықтарды тауып көрсету қажет. Әкімшілік теріс қылықтың түсінігін жеткілікті мөлшерде анықтағандай болдық.

Енді тәртіптік теріс қылыққа тоқталсақ, онда оның қызмет бабына байланысты міндеттерді бұзу (орындамау) екенін көреміз. Бұл арнаулы ережелермен, жарғылармен немесе кейбір құқықтық актілермен белгіленген еңбек туралы, әскери қызмет, оқу жөніндегі тәртіптерді бұзу. Жұмысшылар мен қызметкерлердің басым көпшілігі еңбек туралы Кодексіне, республикалық Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің қаулысымен бекітілген ішкі еңбек тәртібінің типтік ережелеріне және соған негізделіп салаларда қабылданған ішкі еңбек тәртібінің ережелеріне сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Тәртіптік жауапкершілік келесідей белгілерімен сипатталады:

1) қызмет жөніндегі міндеттемелерін бұзу арқылы теріс қылық жасау;

2) лауазымды адамның қызмет бабы бойынша бағынышты еңбек тәртібін бұзушыға тәртіптік жаза қолдануы18.

Әдеттегідей тәртіптік жазаны кәсіпорын ұйымдарының, ведомстволардың басшылары қолданады.

Кей кездерде әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарға тәртіптік жауапкершілікті қолдануға болады. Мұндай тәртіптік жауапкершілікке тартылатындар қатарына әскери қызметкерлер, судьялар, прокуратура қызметкерлері мен ішкі істер органының қызметкерлері және т.б. жатуы мүмкін. Егер әкімшілік теріс қылық бір мезгілде тәртіптік теріс қылық болып есептелсе, онда әкімшілік жауапкершілікпен қатар тәртіптік жауапкершілік те қолданылады. Бұлардың көбінесе лауазымды адамдарға қатысы бар, бірақ кейде әртүрлі жауапкершіліктерге азаматтар да тартылады. Мысалы, автокөліктерді мас күйінде жүргізгендер, жұмыс орнында немесе басқа қоғамдық орындарда спиртті ішімдіктер ішкендер.

Жоғарыда әртүрлі құқықтық жауапкершіліктерді ажырату мәселелері карастырылғанымен, теріс қылықты қылмыстан айыру белгілері туралы айтылған жоқ болатын.

Көп жағдайларда әкімшілік теріс қылықтар қылмысқа өте жақын жанасып жатқандықтан, сырт көзге олардың бір-бірінен айырмашылығы аз сияқты болып көрінеді.

Екеуінің кейде қоғамға қарсы бағытталған әрекеттерінің объектілері де бірдей, сондай-ақ қоғамға келтірер зиянды зардаптары бар болса да жауапкершіліктері бөлек болатынын және кейбір келтіретін зардаптарының да бірдей емес екенін көреміз. Қылмыс немесе әкімшілік теріс қылық сияқты құқық бұзушылықтарға заңды анықтама берілмесе, оларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Ажырату негіздеріне әртүрлі жағдайлар жатады. Олардың ішіндегі кейбірі біздің қоғамда болып жатқан келеңсіз және позитивтік процестерге байланысты анықталады. К. Маркс: “Өздері қабылдаған заңдар арқылы кейбір құқық бұзушылықтарды қылмыс ретінде немесе тек теріс қылық ретінде айқындау (квалификация беру) белгілі бір дәрежеде ресми қоғамның қолында болады. Мұндай терминологиялық айырмашылықтар мыңдаған адамдардың тағдырын шешетін болғандықтан, оларға парықсыз (қалай болса, солай) қарауға болмайды және олар қоғамның өнегелі, өркениетті бет-әлпетін көрсетеді”, – дейді19.

ӘҚБ туралы Кодекстің 9 бабында әкімшілік теріс қылық пен қылмыстың ерекшеліктері салыстырыла келіп, осы Кодекстің ерекше бөлімінің баптарында көзделген құқық бұзушылық үшін, “егер бұл құқық бұзушылық өзінің сипаты бойынша қолданылып жүрген заңдарға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтырмайтын болса, әкімшілік жауапкершілік туады” – деген анықтама берілген. Мұндай құқық бұзушылықтарды ажырататын (межелейтін) сипаттарға құқық бұзушының келтірген зиянының мөлшері де жатады.

Бұрын әкімшілік жазаға тартылған адамның қайталап немесе бірнеше рет құқыққа қайшы әрекеттер жасауын ескерудің де маңызы зор. Өйткені республиканың қылмыстық Кодексі көп құрамдар бойынша осындай шарттарды көздейді. Мысалы, төлқұжат ережелерін қасақана бұзушы адамға осындай қылықтары үшін бұрын екі рет әкімшілік жауапкершілік қолданылса, онда ол қылмыстық кодекстің 180 бабында көрсетілген жауапкершілікке жатады. Сонымен қатар әкімшілік қадағалау ережелерін қасақана бұзушы адамдарға да қылмыстық жауапкершілік жазаларын қолдану мәселесі қарастырылуда. Сонда да әкімшілік теріс қылықты қылмыстан айырудың басты критерийі ауыр зардаптың болуы немесе болмауына, ал кейбір құқық бұзушылықтардың қоғамға қауіптілік дәрежесіне байланысты (Бұл туралы жоғарыда айтып кеткенбіз).

Әкімшілік теріс қылықтың мағынасын толық анықтау үшін студенттің әкімшілік теріс қылықты құрамдық тұрғысынан қарастыруы қажет. Теріс қылықтың құрамы деп – құқықпен белгіленген белгілердің жиынтығын айтамыз. Құрамында құқықпен белгіленген белгілері бар қоғамға жат қылықтар әкімшілік теріс қылықтар болып есептелінеді. Әкімшілік теріс қылықтың ӘҚБ Кодекстің 9 бабында берілген түсінігін алып қарасақ, онда оның жинақталған кезде әкімшілік құқық бұзушылықты сипаттайтын және Кодексте белгіленген жауапкершілік шараларын алдын ала анықтайтын бірнеше міндетті түрдегі белгілерден (элементтерден) тұратынын көреміз. Бұл жауапкершілік құқық бұзушылық құрамының барлық элементі, яғни әкімшілік теріс қылықтың толық құрамы болған жағдайда туындайды.

Осындай әкімшілік теріс қылық құрамының элементтері қатарына (жақтарына) мыналар жатады:

1) әкімшілік теріс қылықтың объектісі;

2) әкімшілік теріс қылықтың объектілік жағы;

3) теріс қылықтың субъектісі;

4) теріс қылықтың субъектілік жағы20.

Қандай да болмасын құқық бұзушылықтың, оның ішінде әкімшілік теріс қылықтың объектісіне құқық бұзушы қиянат жасайтын белгілі бір қоғамдық қатынастар жатады. Мұндай қылық қоғамға жат болып есептелгендіктен, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондықтан әкімшілік теріс қылықтың объектісіне әкімшілік жауапкершілік шараларымен қорғалатын қоғамдық қатынастар жатады. Әкімшілік теріс қылықтың жалпы объектісінің түсінігі ӘҚБ туралы кодекстің 9 бабында көрсетілген.

Мемлекеттік немесе қоғамдық тәртіпке, меншікке, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, басқарудың белгіленген тәртібіне қиянат жасайтын, сол үшін заңдармен әкімшілік жауапкершілік көзделген құқыққа қарсы, кінәлі (қасақана немесе абайсыз) әрекет не әрекетсіздік әкімшілік теріс қылық деп танылады.

Осындай қиянат жасалынатын объектілердің жалпы түсінігінен басқа Кодекстің кейбір баптары теріс қылықтың нақты объектілерін де көрсетеді. Әкімшілік теріс қылықтың кейбір топтарына жалпы болып табылатын объектілер Кодекстің Ерекше бөлімі тараулары аталуының мәтіндік формасында берілген. Мысалы, мал-дәрігерлік қадағалау ережелері мен карантин ережелерін бұзу; ауылшаруашылығы саласындағы құқық бұзушылықтар; қоғамдық тәртіпке қиянат жасайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар.

Д. Н. Бахрах қылмыс объектісінің қылмыстық-құқықтық топтастырылуын қарастыра келіп әкімшілік теріс қылық объектілерінің топтастырылуын анықтайды. Қоғамдық қатынастардың нақты белгілерін талдап қорыту дәрежесіне байланысты ол мынадай объектілерді бөліп шығарады: жалпы, тектік және тікелей21.

Әкімшілік теріс қылықтың құрамына талдау жасаған кезде олардың кейбіреулерінің екі объектісі бар екеніне назар аударамыз, сондықтан бұл жағдайда құқық бұзушылықтар бір емес, бірнеше объектілерге қиянат жасайды. Мысалы, полиция қызметкерлерінің немесе халық жасақшыларының, сондай-ақ әскери қызметкерлердің заңды өкіміне немесе талабына қасақана бағынбау – басқарудың белгіленген тәртібіне және қоғамдық тәртіпке қиянат жасайды. Барлық әкімшілік теріс қылықтардың жалпы объектісі – әкімшілік санкциялары бар нормалармен қорғалатын, қоғамдық қатынастар болып есептелінеді. Оған көп жағдайда тек әкімшілік-құқықтық қатынастарға ғана емес, сонымен қатар азаматтық-құқықтық, еңбекке байланысты, жер жөніндегі және т.б. қатынастар да жатады.

Теріс қылықтардың тектік объектісіне жалпы объектінің бөлінбес бөлігі болып есептелінетін қоғамдық қатынастардың біртектес топтары жатады22.

Тектік объектілер кодекстің Ерекше бөлімі құрылымында көрсетілген. Мұнда мемлекеттік және ұжымдық меншік, қоғамдық тәртіп, халықтың денсаулығы мен мемлекеттік қауіпсіздік, басқарудың белгіленген тәртібі, көліктің әр түрін пайдалану тәртібі мен қауіпсіздігі сияқты объектілер бар.

Түрлік объектілер – бұлар тектік объектілердің ішінде белгілі түрлермен айқындалатын әртүрлі топтар, яғни қоғамдық қатынастардың ерекшеленген топтары. Мысалы, көліктегі әкімшілік құқық бұзушылықтар көлік түрлері бойынша топтастырылады: теміржол көлігіндегі, автомобиль көлігіндегі, теңіз, өзен және әуе көліктеріндегі құқық бұзушылықтар. Бұлардың тектік объектісі – меншік түрлері бойынша топтастырылады: мемлекеттік меншік, кооперативтік меншік, аралас меншік, қоғамдық ұйымдардың меншіктері және т.б.

Әкімшілік теріс қылықтың объектілік жағы деп – теріс қылықты сыртқы жағынан сипаттайтын, әкімшілік құқықтық нормалармен көзделген белгілердің жүйесін айтамыз23.

Мұндай белгілердің қатарына құқыққа қайшы қылықтардың, жасалған зиянды залалдардың дәрежесі мен олардың арасында себепті байланыстардың бар болуы жатады.

Д. Н. Бахрах осы қылықтарды сипаттайтын міндетті түрдегі белгілердің қатарына: ұрлау, сауда жасау, спиртті ішімдіктерді ішу, сатып алу, сақтау және т.б. жатқызады24.

Қылықтардың түрлері ретінде әрекет немесе әрекетсіздік сияқты белгілердің де болуы мүмкін. Теріс қылықтардың құрамында құқыққа қарсы әрекеттер немесе тиісті міндеттерін орындамау, яғни әрекетсіздік туралы айтылады. Қылықтар объектілік жақтың басты белгілері болып есептелінеді. Қылықтардың төңірегіне теріс қылықтарды жасау тәсілі, уақыты және орны сияқты туынды белгілер де топтасады.

Тәсіл – бұл жолдар мен әдістер яғни құқық бұзушы теріс қылықты осы жолдар мен әдістердің көмегімен жасайды. Мысалы, ұсақ бұзақылық жасаудың тәсілі қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, азаматтарды қорлап тиісу, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттер жасау арқылы көрінеді (174-бап). Ұсақ ұрлық жасау, ұрлау, меншіктеу, жұмсап қою, алаяқтық жасау сияқты жолдармен жасалса, теріс қылық болып есептелінеді. Егер тонау болса, онда басқаша, яғни қылмыс болып сараланады.

Теріс қылықты жасау тәсілі құқық бұзушының нақты жолдар мен әдістерді біртіндеп қолдануының нәтижесі болып табылады.

Тәсіл белгіленген ережелерді “қасақана” немесе “өрескел” бұзу сияқты өзіне тән ерекшеліктермен сипатталуы мүмкін. Бұл ерекшеліктер тиісті баптарда тікелей көрсетіледі. Мысалы, полиция қызметкерінің немесе халық жасақшысының, сондай-ақ әскери қызметкердің заңды жарлығына немесе талабына қасақана бағынбау... (185-бап).

Кодекстің 183 бабында, ата-аналар немесе олардың орнындағы адамдардың жасы толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді қасақана орындамағаны үшін жауапкершілік белгіленген. Ал 109 бапта механизаторлардың тракторлар, комбайндар, өздігінен жүретін басқа да ауылшаруашылық машиналарын техникалық пайдалану ережелерін және техникалық қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзғандықтары үшін жауапкершілік белгіленген.

Әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін ұзаққа созылған, үзбей жалғастырылған және қайталанған теріс қылық жасау кезіндегі құқық бұзушының мінез-құлқы есепке алынады.

Ұзаққа созылған теріс қылық деп – әкімшілік жазаға тартқаннан кейін де жасала беретін құқыққа қайшы әрекеттерді айтамыз. Бұл теріс қылық үзбей жалғаса береді. Мысалы, төлқұжат ережелерін бұзуды жалғастыра беру. Тоқтатпай жалғастырылған теріс қылық қашан да, бірнеше бір типті теріс қылықтардан тұрады. Мысалы, байланыс органдарында тіркелмеген радиохабар тарату құралдарын пайдалану арқылы бірнеше рет байланысқа шығу. Құқық бұзушылық бірінші құқыққа қайшы қылықтан бастап жалғаса береді.

Теріс қылықты жасау уақыты – бұл теріс қылықты жасау кезіндегі белгіленген уақыт (сағаты, күні, айы) аралығы. Ішкі істер органдарының бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққан адамдарға әкімшілік қадағалау жүргізуі кезінде белгіленген шектеу шараларын, яғни үйден кешкі және түнгі уақыттарда шықпауға салынған тыйымды бұзуы, сондай-ақ қадағаланушы адамның белгіленген уақытта ішкі істер органдарында тіркелуге келмеуі теріс қылық жасауға әкеліп соқтырады25.

Теріс қылықты әрекет немесе әрекетсіздік арқылы жасау уақытының өте зор маңызы бар. Жаңа жоғарыда айтып кеткендей, түнгі, кешкі уақыттарда үйден шығу арқылы құқыққа қайшы әрекеттер жасалады.

Ал белгілі уақытта тіркелуге келмеуі әрекетсіздікке жатады да, теріс қылық болып есептелінеді. Құқық бұзушылықты жасау орны да қажет белгілердің біріне жатады. Құқық бұзушылықты жасау орындары теріс қылықтың құрамында көрсетіледі.

Бұған: қоғамдық орын, шекаралық аймақ, орман, өзен, көлдер, темір жолдар мен автомобильдік жолдар және т.б. жатады. Мұндай құқық бұзушылықтың қатарына спиртті ішімдіктерді ішу және қоғамдық орындарда мас күйінде көрінуде жатады. ӘҚБ туралы кодекстің 178 бабында спиртті ішімдіктерді ішуге және мас күйінде көрінуге тыйым салынған орындар көрсетілген: көшелер, стадиондар, скверлер, парктер, қоғамдық көліктердің барлық түрі. 179-1-ші бапта да өндірісте, яғни жұмыс орнында, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың бөлмелері мен аумағында спиртті ішімдіктерді ішкен және жұмысқа мас күйінде келген тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Әкімшілік теріс қылықтың субъектісі – бұлар адамдар, азаматтар немесе лауазымды адамдар. Бұл құқыққа қайшы әрекет жасағаны үшін әкімшілік жазаға тартылатын адамдар, яғни азаматтар, лауазымды адамдар. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 12-15-шы баптарында әкімшілік жауапкершілік субъектілері ретінде азаматтар, лауазымды адамдар, сондай-ақ кейбір тура белгіленген жағдайларда әскери қызметкерлер көрсетілген.

Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған сәтте он алты жасқа толған адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тартуға болады. Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі адамдарға жасы толмағандардың істері жөніндегі комиссиялар туралы ережеде көзделген шаралар қолданылады. Сондай-ақ он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі жасөспірімдер заң актілерінде тікелей көзделген жағдайларда және бұл негізде әкімшілік жауапкершілікке тартылулары мүмкін. (13-ші баптың 3-ші бөлімі).

Сонымен он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі жасы толмағандардың жасаған теріс қылықтары үшін жасөспірімдер істері жөніндегі комиссиялар олардың өзін немесе ата-аналарын, сондай-ақ ата-аналарының орнындағы адамдарды жауапқа тартулары мүмкін.

Қазақстан Республикасының аумағында тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ азаматтар республика азаматтарымен қатар жалпы негізде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Өз күшіндегі заңдар мен халықаралық шарттарға сәйкес иммунитеттері бар шетелдік азаматтарға жауапкершілік қолданылмайды, яғни біздің заңдар бойынша олар әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Бұл туралы мәселелер дипломатиялық жолымен шешіледі.

Әкімшілік жауапкершілік субъектісі лауазымды адамдар бола алады. Олар өздерінің қызмет міндеттері туралы ережелерді, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті, табиғатты қорғау және халық денсаулығын сақтау жөніндегі ережелерді орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады (14-бап).

Лауазымды адамдар тек өздерінің қызмет міндетіне жататын ережелер мен басқа да ережелерді бұзғандары үшін ғана емес, сонымен қатар өзіне бағынышты адамдарға заңға қайшы бұйрық беру арқылы құқық бұзушылыққа итермелеу және өзінің қызмет бабына кіретін міндетіне байланысты басқа адамдардың ережелерді сақтауларын қамтамасыз ету шараларын қолданбағандары үшін де жауапкершілікке тартылады. ӘҚБ туралы кодекстің 179-2-ші бабында шеберлер, учаскенің ауысым, цех бастықтары және басқа да басшылар мас күйнде жүрген адамдарды жұмысқа жібермеу шараларын қолданбаса, не болмаса өздеріне бағынышты қызметкерлердің жұмысқа мас күйінде келуін жасырса, оларға әкімшілік жауапкершлік қолданылады. Республикамызда Кодекс қабылданғанға дейін әкімшілік теріс қылық жасаған әскери қызметкерлерге өздерінің тәртіптік жарғыларына сәйкес жауапкершілік қолданылатын.

Кодекс қабылданғаннан кейін олар тәртіптік Жарғыға сәйкес жауапқа тартылуларымен қатар, кейбір әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жалпы негізде жауапқа тартыла бастады. Бұл құқық бұзушылықтар мыналар: жол қозғалысының ережелерін, аң аулау және балық қорын қорғау ережелерін, кедендік ережелерді бұзғандары және контрабанда үшін әскери қызметкерлер мен жиындарға шақырылған әскери міндетті адамдарға, сондай-ақ ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрамындағы адамдардың жоғарыда аталған әкімшілік теріс қылықтар үшін жалпы негіздегі әкімшілік жазаларының айыппұл және әкімшілік қамауға алудан басқа шараларының бәрі қолданылады. Бұрын біздің заңдарымыз заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершіліктің мүмкін субъектілері ретінде қарастырған еді.

Яғни заңды ұйымдар айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершіліктің субъектісі бола алмайды делінген болатын26.

Бірақ кейбір ғалымдар “кейбір жекелеген жағдайларда заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершіліктің субъектілері бола алады” деп есептейді. Д. Н. Бахрах “Әкімшілік құқықтың басты ерекшелігі, ондағы жауапкершілік ұжымдық субъектілерімен қатар жеке субъектілерге де қарастырылады. Мысалы, ұйымдарға жол салуға қатысты міндеттерін бұзғандары үшін айыппұл салынады. Сондай-ақ оларға экономикалық санкциялар қолданылуы мүмкін. Олардың белгілі қызмет түрімен айналысуларына тыйым салу, сол жөніндегі құқықтарын жою және т.б. әкімшілік жазалар қолданылуы мүмкін” деп жазады27.

Заңды ұйымдарға қолданылатын әкімшілік жазалау шаралары біздің ӘҚБ туралы Кодексімізде көрсетілген.

Мысал ретінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің мына баптарын атауға болады; жұмыспен қамту туралы заңдарды бұзу (41-1-бап); бензинді немесе басқа жанар-жағармайларды заңсыз сату не болмаса сатып алу (53-бап); баспа және бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды бұзу (188-8-бап) және т.б.

Осы құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда заңды тұлғалар жазаланады.

Әкімшілік жауапкершілік субъектілерінің жалпы сипаттамалары ӘҚБ Кодекстің тиісті баптарында белгіленген. Бірақ жауапкершіліктің әр түрлі дербес субъектілерінің құқықтық жағдайлары бірдей емес. Оның өзгешеліктері түрлі формалармен анықталады. Бұлар: орындалатын жұмыстардың мазмұны, лауазымы бойынша қызмет міндеттері. Осы көрсетілген факторларды орындамау әкімшілік жауапкершілікті арттырады. Құқық бұзушылықтың субъектілерін сипаттайтын басқа да ерекшеліктер бар.

Олар әкімшілік жауапкершілік туралы актілерінде көрсетілген және олардың мақсатына азаматтардың түрлі санатына сай жауапкершіліктерді анықтау арқылы кінәлі адамдарды әділетті түрде жазалау жатады.

Теріс қылықтың субъектілік жақтарына адамның өзі жасаған құқық бұзушылығына деген психикалық көзқарасы, яғни осы құқық бұзушылықтан туындайтын залалды зардаптарға деген саналы түрдегі қатынасы жатады.

Құқықтық норма адамға белгілі бір күш жұмсау арқылы өз әмірін орындауға бұйрық береді де, адам өзі жасаған әрекет пен әрекетсіздіктің зардабын түсіне біледі.

Егер объектілік жақ теріс қылықтың сыртқы жағын сипаттайтын белгілердің жиынтығы болса, ал субъектілік жағы теріс қылықтың психикалық мазмұны ретінде оның ішкі жағын көрсетеді.

Адамның қандай да болмасын психикалық әрекетінің процесі құрамында ерік, сезім билеуі, себептер және сана-сезімі жатады және олар субъектілік жақтың негізгі белгісі, кінәнің қалыптасуына тікелей әсер етеді. Кінә дегеніміз – мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың мүддесіне немесе нақты азаматтардың мүддесіне зиянды, психикалық теріс көзқарас. Адамдардың осындай психикалық әрекеттері құқыққа қайшы қылықтарымен тығыз байланыста болғандықтан, мемлекет, қоғам тарапынан айыптауға ұшырайды.

Кінә қасақана (саналы түрде) немесе абайсыздық түрінде болады. Қасақана немесе абайсыз түрде теріс қылық жасау мемлекет тарапынан айыпталынады және мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік қолданылады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің оныншы, он бірінші баптарында құқыққа қайшы қасақана немесе абайсыз түрде жасалған әрекеттерді сипаттайтын ерекшеліктер белгіленген. Оныншы бапта, егер құқыққа қарсы әрекет пен әрекетсіздік жасаған адам оның сипатын біле тұра өз қылығының, зиянды зардаптарын біле тұра мұны әдейі тілеп істесе немесе зардаптардың болуына саналы түрде жол берсе, әкімшілік құқық бұзушылық қасақана жасалған болып табылады деп көрсетілген. Қасақана жасалған теріс қылық екі түрге бөлінеді: тікелей (тура) және жанама. Азаматтардың интеллектуалдық деңгейінің үнемі өсуі, олардың ағымдағы заңдармен танысып отыруы және құқықтық сана-сезімінің өсуі заңды білу презумпциясын бекітеді. Сондықтан құқық бұзушылардың “заңды білмедім” деген сылтаулары әкімшілік жауапкершіліктен босатпайды. Адам өзі жасаған теріс қылығы үшін қолданылатын әкімшілік жазалардың нақты шараларын білмеуі мүмкін, ал бірақ өздерінің қылықтарының құқыққа қайшы екенін білуге тиісті.

Өмірде болатын әртүрлі жағдайларға, себептерге байланысты азаматтардың өзі жасаған құқыққа қайшы әрекеттеріне (қылықтарына) тыйым салатын нормаларды білмеуі ықтимал... Мұндай жағдайда құқыққа қайшы әрекет кінәлі түрде жасаған болып табылмайды.

Заңда кінәлі түрде тікелей жасалатын теріс қылықтан басқа абайсыз түрде жасалатын құқыққа қайшы қылықтардағы кінәні де қарастырады.

Он бірінші бапта, егер әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам өз әрекетінің немесе әрекетсіздігінің зиянды зардаптары болуы мүмкін екенін біле тұра, бірақ жеңілтектікпен ондай зардаптар болмас деп ойлаған болса, немесе ондай зардаптардың туындауы мүмкін екендігін болжай алатын болса да, болжамаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық абайсыздықпен жасалған деп танылады делінген.

Әкімшілік құқық бұзушылықтарды саралауға қарағанда, қылмысты саралау барысында кінәнің формасы өте зор рөл атқарады. Сондықтан әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте әкімшілік теріс қылық құрамының өздерінде де кінәнің формасына байланысты нұсқаулар аз көрсетілген. Бұл орайда нақты кінәні анықтаудың маңызы бар, ал оның формасы теріс қылықты саралауға елеулі әсерін тигізбейді. Д. Н. Бахрахтың пікірі бойынша осы жайлар төмендегідей екі жағдаймен түсіндіріледі “біріншіден, теріс қылықтың құрамына кінә формасы сияқты сындарлы белгіні енгізу өкілетті органдар мен лауазымды адамдардың юрисдикциялық қызметін ауырлатуына әкеліп соқтырады. Теріс қылықтар әлі де көп жасалуда, ал қарастыратын өкілетті адамдардың кінәнің формасын анықтауға қажетті арнайы мамандықтары мен уақыттары әрқашанда бола бермейді. Екіншіден, әкімшілік жазаларды қолдануға байланысты құқықтық шектеулердің көлемі мен мазмұны, қылмысты істерді қарастырудағыдай теріс қылықтың субъектілік жағын аса терең зерттеуді қажет етпейді”.28

Әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыс – қоғамға қауіпті әрекеттер болып табылады. Оларды бір-бірінен ажырата және межелей білуге қажетті ұтымды критерий – қоғамға қауіптілігінің дәрежесі. Алдында айтып өткеніміздей әкімшілік құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік дәрежесі қылмысқа қарағанда көп төмен болады. Сонымен қатар қоғамға қауіптілік құқық нормаларында бекітілген құқық бұзушылықтың құрамының түрлі элементтерін және құрамын тұтасымен сипаттайтын көрсеткіштердің, белгілердің жиынтығынан тұрады.

Осы көрсеткіштерді бөлектеп алу немесе қандай да болмасын белгілермен ұштастыру арқылы әрекеттің қоғамға қауіптілік дәрежесін анықтауға және әкімшілік құқық бұзушылықты қылымыстан ажыратуға мүмкіндік туындайды.

Межелеу кезіндегі ең маңызды және күрделі мәселе заңи құрамын дұрыс белгілеу болып табылады. Заңи құрамын дұрыс белгілеу әкімшілік жауапкершілікке тарту кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етеді және кейбір қылмыспен шектес жатқан әкімшілік құқық бұзушылықты қылмыстан ажыратуға себін тигізеді.

Сонда да болса айта кету қажет, кейбір әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың қиянат жасайтын объектілері жалпы болғандықтан шекаралас аумақты межелеу қиыншылығын туындатады.

Сондықтан көбінесе осы мәселелерді шешу үшін қылмыстың және әкімшілік құқық нормаларын салыстыруға тура келеді және құрамын объектілік жағы бойынша межелеу жүзеге асырылады.

Сонымен қатар құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік дәрежесін айқындау және әкімшілік құқық бұзушылықты қылмыстан межелеу мақсатында ауыр зардаптың болу-болмауы сияқты көрсеткіш қолданылады. Кейде ауыр зардаптың нақты орын алуынан гөрі туындау мүмкіндігінің өзі осы ажырату процесін жүзеге асыруға жеткілікті болады. Мысалы, жарылғыш және радиактивтік заттарды есепке алу, сақтау және пайдалану ережелерін бұзу, одан ешқандай ауыр зардап болмаса да, қылмыс ретінде қарастырылады. Құқық бұзушылықтың нәтижесінде келтірілген мүліктік залалдың мөлшері де көрсеткіш болып табылады.

Сонымен, тұжырым ретінде айтсақ, шекаралас аймақты межелеу кезінде заң шығарушы мынадай белгілерді қолдана алады: материалдық, мүліктік залалдың мөлшері; ауыр зардаптың болуы; ауыр зардаптың туындау мүмкіндігі; құқық бұзушылықты қасақана жасау.

Біздің ойымызша, ең бастысы заң жүзінде әкімшілік жауапкершілік көзделген құқыққа қарсы әрекеттің әкімшілік құқық бұзушылық болып есептелінетіні.

Әкімшілік жауапкершілік те азаматтық, қылмыстық, қаржылық және тәртіптік жауапкершіліктер сияқты мемлекет тарапынан жауапкершіліктің негізін, құқық бұзушыға қолданылатын шараларды, құқық бұзушылық жөніндегі істерді қарау тәртібін айқындайтын, сондай-ақ құқықтық нормаларды шығару арқылы белгіленетін заңи жауапкершіліктің бір түрі болып табылады.

Әкімшілік жауапкершіліктің белгіленуі әкімшілік құқық бұзушылықтың болуына байланысты болады. Әкімшілік құқық бұзушылықтың, яғни заңи айғақтың болуына орай құқықтық норма санкцияларының механизмі іске қосылады және бұл жерде санкция жазаны қолдану мүмкіндігінен нақты жазалауға айналады.

Әкімшілік жауапкершілікті сипаттау процесін ӘҚБ туралы кодексте көрсетілген әкімшілік жазалау шараларымен ғана үйлестіре отырып жүзеге асыруға мүмкіндік бар болғанымен, сонымен қатар осы аяда басқа да әкімшілік мәжбүрлеу шараларының қолданылатынын бір сәт естен шығармауымыз қажет.

Әкімшілік жауапкершіліктің басқа да заңи жауапкершіліктерге ортақ кейбір белгілері болғанымен, мына сияқты тек өзіне ғана тән белгілері бар:

1. әкімшілік жауапкершілік құқықтық мәжбүрлеу ретінде мемлекеттік мәжбүрлеудің бір түрі болып табылады;

2. әкімшілік жауапкершілік әкімшілік құқық бұзушылық үшін белгіленетін құқықтық жауапкершілік болып саналады;

3. әкімшілік жауапкершілікті қолдану кезінде тұлғаның жеке басына, қызметіне, мүлікке және заңды тұлғаға қатысты қолайсыз жағдайлар туындайды;

4. әкімшілік жауапкершілік қиянат жасайтын объектілерге мемлекеттік басқару аясындағы қатынастар мен басқа да қоғамдық қатынастар аясындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін қолданылады;

5. әкімшілік жауапкершілік қолданылатын субъектілерге жеке тұлғалар, лауазымды адамдар және заңды тұлғалар жатады;

6. әкімшілік жауапкершілік оны белгілеуге құқықты көптеген мемлекеттік билік, атқарушы билік және жергілікті уәкілетті органдар мен лауазымды адамдар бойынша айрықшаланады;

7. әкімшілік жауапкершілік уәкілетті лауазымды адамдар мен органдар тарапынан оларға қызметтері бойынша бағынышты емес құқық бұзушыларға қолданады;

8. әкімшілік жауапкершілік белгіленіп, әкімшілік жазалауға ұшырағандар сотталған болып саналмайды және бұл жағдай оларды қудалауға немесе жұмыстан босатуға негіз бола алмайды;

9. әкімшілік жауапкершілікті материалдық және процессуальдық құқықтық қатынастардың жиынтығы ретінде қарастыруға болады;

10. әкімшілік жауапкершілікке тартудың процессуальдық тәртібі қылмыстық және азаматтық процестерге қарағанда айтарлықтай қарапайымдылығы, үнемділігі әрі жеделдігімен ерекшеленеді29.

Міне, әкімшілік жауапкершіліктер осындай ерекше белгілермен сипатталады деп тұжырымдауға әбден болады. Ал әкімшілік жауапкершіліктің түсінігін айқындасақ, ол мынадай болып келеді: әкімшілік құқық бұзушылық жасаған азаматтар мен заңды тұлғаларға және лауазымды адамдарға уәкілетті органдар мен уәкілетті лауазымды адамдар тарапынан қолданылатын, әкімшілік және басқа да заңдарда көздеген әкімшілік жазалар мен әкімшілік құқықтық санкциялар – әкімшілік жауапкершілік болып табылады.

Әкімшілік мәжбүрлеу мен әкімшілік жауапкершілік өздерінің міндеттері бойынша бір типті түсінікті білдіреді, бір мақсатты көздейді және бір институтқа жатады, сондай-ақ олар көбінесе өздеріне ортақ заңдарымен реттеледі. Осыған орай Д. Н. Бахрах былай дейді: “Әкімшілік мәжбүр ету” мен “Әкімшілік жауапкершіліктің” түсініктері өте жақын, бірақ олар ұқсас емес”30.

Әкімшілік жауапкершіліктің әкімшілік мәжбүрлеуге қарағанда тар мағынада, яғни тек әкімшілік санкцияларға байланысты айтылатынын көрдік.

Бұл жөнінде кейбір ғалымдардың да “әкімшілік жауапкершілік шаралары тек жазалаудан тұрады” деген көзқарастары қалыптасқан. Бұлай деп әкімшілік жауапкершіліктің қолданылу аясы мен мүмкіндігін тарылту – дәлелдеуі аз, қателікке ұрындыратын жол болып табылады.

Өйткені әкімшілік бұлтартпау және ескерту шараларында да санкция қолдану қарастырылған. Мысалы, техникалық жағынан жарамсыз автокөлікті пайдалануға тыйым салу, ішкі істер органдарының “Бас бостандығынан айыру орындарынан босап келген адамдарға әкімшілік қадағалау белгілеу ережесінде” бекітілген шектеу. Яғни адамның жүріс-тұрысына шек қою шаралары және т.б.

Сонымен әкімшілік жауапкершілік (құқықтық жауапкершіліктің бір түрі ретінде) деп – әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарға әкімшілік шара қолдануға уәкілеттіліктері бар органдар мен лауазымды адамдардың әкімшілік санкция қолдануларын айтамыз. Әкімшілік жауапкершілік әкімшілік-құқықтық қатынастардың көлемінде жүзеге асырылады. Бұл қатынастардың субъектілері ретінде бір жағында өкілетті мемлекеттік органдар (лауазымды адамдар) болса, екінші жағында құқық бұзушылар болмақ. Олардың арасында ешқандай қызмет барысындағы байланыстар жоқ, бір-біріне қызмет бабы бойынша бағынышты емес, сондай-ақ бір ұжымның мүшелері болып табылмайды.

Әкімшілік жауапкершілік көбінесе мемлекеттік басқару органдарының, судьялардың, сондай-ақ әкімшілік өкілеттілік берген қоғамдық ұйымдардың алдында пайда болады (Бұл жерде пайда болады деген сөз тіркесін дәл мағынасында емес, оны (әкімшілік жауапкершілікті) осы аталған органдардың әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарастыруларының барысында пайда болады деп түсіну керек). Қылмыстық жауапкершілік сот алдында, ал тәртіптік жауапкершілік қызметі бойынша бағынышты адамның алдында пайда болады.

Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар сотталған болып есептелмейді, сондықтан ол қылмыстық жауапкершіліктей қатал емес. Сонда да әкімшілік жауапкершілікті басқа құқықтық жауапкершіліктерден айыратын өзгешелік – оның пайда болу негіздері. Қылмыстық жауапкершіліктің пайда болу негізі – қылмыс, тәртіптік жауапкершіліктің негізі – қызмет барысында еңбек тәртібін бұзу, ал әкімшілік жауапкершіліктің пайда болу негізі – теріс қылық болып табылады.

Сондықтан әкімшілік жауапкершілікті қызметтен тыс, соттан тыс жауапкершілік деп айтуға әбден болады.

Әкімшілік құқықтың осы күрделі институтын оқып білу кезінде бір назар аударатын жәйт, әкімшілік жөніндегі ғылымдармен айналысатын ғалымдардың ортақ көзқарасқа келе алмаулары. Көзқарастағы қайшылықтар көбінесе жасалған әкімшілік теріс қылықтың қоғамға қауіптілігі бар ма, жоқ па деген мәселелердің төңірегінде болады. Авторлардың басым көпшілігі әкімшілік теріс қылықтың қылмыстан айырмашылығы – оның қоғамға қауіпсіздігінде дейді. Ал авторлардың басқа бір тобы, әкімшілік теріс қылмыстардың бәрі қоғамға тигізетін қауіпті, бірақ олардың қылмыстан айырмашылығы – қоғам қауіптілігінің аз болуында деп есептейді.

Б. М. Лазаревтің көзқарасына тоқталсақ, ол қылмыс пен теріс қылықты айырудың критерийі ауыр зардаптың бар немесе жоқ болуында деп есептейді, яғни қоғамға қауіпті ауыр зардап деген мағынада айтқаны31.

Белгілі қазақстандық ғалым А. А. Тарановтың “Әкімшілік жауапкершілік” жөнінде сызылған сызбасында: “Әкімшілік жауапкершілік залалды зардаптардың болу, болмауына қарамастан туындайды”, – деп көрсетілген.32

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерде берілген қоғамға қауіптіліктің түсінігі мен кейбір теріс қылықтардың құрамына талдау жасай отырып Д. Н. Бахрах: “Теріс қылықтар қоғамға қауіпті емес. Олар қоғамға зиянды, қоғамға жат әрекеттер” деген қорытындыға келген33.

Қазақ КСР-інің әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 9 бабында “Мемлекеттік немесе қоғамдық тәртіпке, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, социалистік меншікке, басқарудың белгіленген тәртібіне қиянат жасайтын, сол үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген құқыққа қарсы кінәлі (қасақана немесе абайсыз) әрекет не әрекетсіздік әкімшілік құқық бұзушылық (теріс қылық) деп танылады” делінген.

Бұл баптан байқайтынымыз, заң шығарушының теріс қылықты қоғамға қауіпті деп сипаттамауы. Қоғамға қауіптілік әкімшілік құқық бұзушылықтың бәріне тән қасиеттер болып танылмайды. Сондықтан теріс қылықтардың бәрі бірдей қоғамға қауіпті емес немесе тек кейбіреулері ғана қоғамға қауіпті.

Әкімшілік құқық бұзушылықтың түсінігін талдау арқылы оның мына төмендегідей ерекше белгілерін бөліп шығаруға болады:

1) жасаған әрекет пен әрекетсіздіктің құқыққа қарсылығы. Мұны құқық бұзушы адамның қылығының белгіленген тәртіп қағидаларына қарама-қайшы (қарсы) келуі деп түсінуге болады. Бұл қағидалар іс жүзінде жүзеге асулары керек. Егер тиісті қағидалардың мерзімі өтіп кеткен жағдайда, осы қағидаларға қайшы келетін әрекеттерді құқыққа қарсы әрекеттер деп есептей алмаймыз. Әдетте бұл мерзімдер ұзақ уақытқа белгіленетіндіктен көбінесе уақыт бойынша шектеу тіптен аталмайды. Қазақ КСР-інің ӘҚБ туралы Кодексінің әр бөлек баптары, сондай-ақ жалпы алғанда Кодекстің өзі де уақыт мерзімімен шектелмеген. Бірақ жұмыс істеу мерзімі уақытпен шектелген нормалар да кездеседі.

Мысалы, ӘҚБ туралы Кодексінің 5 бабына сәйкес және осы бап бойынша белгіленген тәртіпті бұзғандар үшін әкімшілік жауапкершілік көздейтін жергілікті өкілетті органдар мен жергілікті әкімшіліктер қабылдаған қаулылар сол тиісті аумақта 2 жыл көлемінде жүзеге асырылады да, ал осы белгіленген мерзімі біткен кезде өздерінің заңды күшін жояды. Бұл мерзім қаулының өзінде, яғни қаулы қабылданған кезде көрсетіледі.

2) Құқыққа қарсы жасалған әрекет не әрекетсіздіктің кінәлілігі, яғни оның қасақана немесе абайсызда жасалғандығы. ӘҚБ Кодексі, құқық бұзушыға қолданылатын жаза шараларына байланыссыз қандай да болмасын әкімшілік құқық бұзушылықтардың міндетті түрдегі ерекшелігі – кінәнің болуын көздейді. Кінә қасақана немесе абайсыз түрде болады. Құқыққа қарсы әрекеттер қасақана немесе абайсыз түрде жасалса да жауапкершілік осы әрекеттердің жасалу себептерін ескере отырылып тағайындалады.

Бізде заңды білу презумпциясы жүзеге асырылады. Заңды білу презумпциясын нақты азаматтың өз заңды мүддесін, жеке басын қорғайтын құқығын біліп қана қоймай, өзінің жүріп-тұру міндетін, яғни заң жүзінде тыйым салынған әрекеттерді және құқық бұзғандарға қолданылатын жауапкершіліктерді де білуі керек деп түсінуге болады.

Сондықтан әрбір азаматтың құқық нормаларымен танысуларына мүмкіндік бар. Ал “заңды білмедім” деген сылтау әкімшілік жауапкершіліктен босатпайды. Азаматтың құқық нормасының қандай санкциялармен қорғалатынын білмеуі мүмкін, бірақ ол өзінің жүріс-тұрысын реттейтін нормаларды білуге міндетті.

3) Жасалған теріс қылыққа жаза қолдану (жазаланатын теріс қылық). Бұл жасалған әрекеттер немесе әрекетсіздіктер міндетті түрде жазалануға тиісті, яғни бұзылған норма нақты әкімшілік жаза (санкция) шарасын көруі керек. Егер заң шығарушы сыртқы ерекшеліктері бойынша әкімшілік құқық бұзушылыққа ұқсас жасалған әрекеттерге жауапкершілік белгілемесе, онда бұл әрекеттер жауапкершілік позициясынан алғанда өз мағыналарын жоғалтады.

Бірақ бұл мемлекет немесе қоғам мүддесіне зиянын тигізетін немесе азаматтардың құқығын бұзатын қандай да болмасын әрекеттер мемлекет тарапынан ресми әсер етусіз қалады деген сөз емес. Құқық нормасында белгіленген әрбір қағида міндетті түрде орындалуға тиісті, бірақ әкімшілік жауапкершілікке тек осы жауапкершіліктерді көздейтін қағидаларды бұзған кезде ғана тартуға болады. Мысалы, темір жол көліктері құралдарын пайдалану ережелері кең көлемде болғанымен, әкімшілік жауапкершілік тек ӘҚБ кодекстің 136 бабында белгіленген ережелерді бұзғанда ғана қолданылады, яғни жүріп келе жатқан поездарды өз бетімен тоқтатуға, жүктерді тасымалдауға арналған поездарда өз бетімен жол жүру, поезға жүріп келе жатқан кезінде отыру және түсу, вагондардың төбесінде немесе тепкішекте тұрып жол жүру, артық қол жүктерін ақысыз алып жүру және билетсіз жол жүру.

Әкімшілік мәжбүрлеу – мемлекеттік атқару органдары, судьялар, сондай-ақ заңда белгіленген жағдайларда, өкілетті ұйымдар өкілдерінің де әкімшілік мәжбүр ету шараларын қолданулары арқылы көрініс табады. Олар құқық бұзушыны жазалауға және құқық бұзушылықты болдырмауға бағытталған құзіретті органдар белгілеген ережелерді орындауға лауазымды адамдар мен азаматтарды мәжбүрлеу мақсатында қолданылады.

ӘҚБ туралы кодексте тек әкімшілік жаза шараларының тізімі мен сипаттамалары ғана берілген, ал әкімшілік ескерту және әкімшілік бұлтартпау шараларынан кодексте тек әкімшілік ұстау, жеке басты тексеру, заттарды тексеру, заттар мен құжаттарды алып қою ғана көрсетілген. Қалған басқа да шаралар бөлек заңдармен белгіленген. Талдап қорытылған түрінде бұл шаралар әкімшілік мәжбүрлеу мәселелері жөніндегі еңбектерде баяндалады. Олар бірдей топтастырылмайды және олардың заңи мағыналары да бірдей берілмейді Ең танымал топтастырулар мына төмендегідей болып келеді: әкімшілік бұлтартпау (жедел тыю) шаралары, әкімшілік ескерту шаралары және әкімшілік жазалау шаралары. Әкімшілік мәжбүрлеу шараларын былай үш бөліп топтастыру құқықтық тәртіпті әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету тәсілдер арқылы анық көрсетілген. Сондай-ақ әкімшілік мәжбүрлеу шараларын қолдану нәтижесінде пайда болатын зардаптар да айтылған. Бұлай және басқаша топтастырулар кезінде әкімшілік бұлтартпау шараларын әкімшілік ескерту шараларынан анық межелеу мүмкін емес, сонымен қатар мұндай шек қоюдың маңызы да шамалы, өйткені бұл шаралардың екеуі де бұлтартпау – алдын алу мақсатында орындалады.

Әкімшілік жедел тыю шаралары басталған құқыққа қайшы әрекеттерді ең бастапқы сатысында тоқтатып тастау және осы әрекеттердің әрі қарай дамуын болдырмау қажеттілігі туындаған жағдайда қолданылады. Өйткені бұл әрекеттердің аяқталған әкімшілік құқық бұзушылыққа ұласып қана қоймай, қылмысқа айналулары да мүмкін.

Әкімшілік жедел тыю шараларының ішінен мына төмендегідей шараларды бөліп шығаруға болады:

1) әкімшілік ұстау – ұсталған азаматтарды күзетке алу арқылы қысқа уақытқа бас бостандығына шек қою. Ұстау, құқық бұзушыны полицияға (кезек жүргізу бөлмесіне), ерікті халық жасақшылары штабына, селолық, ауылдық атқарушы органдарға жеткізу болып табылады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 253 бабында әкімшілік құқық бұзушылықты болғызбау, хаттама жасау, істерді дер кезінде, әрі дұрыс қарау және әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі қаулылардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында адамды әкімшілік ұстауға жол беріледі деп айтылған (белгіленген).

Кодекс ұстау тәртібін, әкімшілік ұстауды жүзеге асыруға құқықты органдардың (лауазымды адамдардың) тізімін анықтайды. Әкімшілік ұстау мерзіміне келетін болсақ, олар ӘҚБ кодекстің 256 бабында белгіленген.

Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамды әкімшілік ұстау үш сағаттан астам уақыттан аспауы тиіс. Ұсақ бұзақылық жасаған адамдар істі судьялар немесе ішкі істер органының бастығы қарағанға дейін бір тәулікке ұсталуы мүмкін.

Ұсақ бұзақылық туралы құжаттарды бастапқы кезде қарау және жауапкершілікке тарту үшін ішкі істер органы бастығының қолына түседі. Ол бұл құжатты 1 тәуліктің ішінде қарап, әкімшілік жаза қолдануы қажет.

Сонымен қатар ол құқық бұзушылық туралы құжатты және ұстаған адамды әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқығы бар судьяның қолына жеткізуі мүмкін. Судья құжаттар қолына түскен уақытынан бастап 24 сағаттың ішінде құқық бұзушылық туралы істерді жалғыз өзі қарап, құқық бұзушыға әкімшілік жаза шараларын қолдануға тиісті. Сондықтан ұсақ бұзақылық жасағандарды 2 тәулікке дейін ұстаулары мүмкін.

Дәрігерлік айықтырғышқа орта және ауыр дәрежедегі мас күйінде жеткізілген адамдардың ұсталу мерзімі – айыққан уақыттан бастап есептеледі.

Бұлардан басқа да ұстау мерзімдері белгіленген.

Шекара режимін және шекара арқылы өтетін пункттердегі режимді бұзған адамдар 3 сағатқа дейін мерзімге, ал олардың кім екенін (аты-жөнін) және құқық бұзушылықтың мән-жайларын анықтау қажет болған жағдайларда – ұстау мерзімінен бастап 24 сағаттың ішінде бұл туралы прокурорға жазбаша хабарлай отырып 3 тәулікке дейін, ал егер құқық бұзушылардың аты-жөнін куәландыратын құжаттары болмаса, прокурордың келісімі (санкциясы) бойынша 10 тәулікке дейінгі мерзімге ұсталуы мүмкін.

Белгілі мекен-жайлары мен аты-жөнін куәландыратын құжаттары жоқ, сондай-ақ қоғамға жат, құқыққа қайшы қылықтар жасаушы деп күдік туғызған адамдар арнайы қабылдағыш-таратқыш мекемелерде 30 тәулікке дейін ұсталады. Әкімшілік ұстау мерзімі хаттама жазылған уақыттан бастап есептеледі. Құқық бұзушыны жеткізуді және ұстауды (кідірту) жүзеге асыру кезіндегі әрекеттер мен түсініктер белгілі мөлшерде ұқсас болса да, оларды бір-бірімен шатастыруға болмайды. Бұлардың ұқсастығы жеткізу мен ұстаудың аз уақытқа болса да, бас бостандығын шектейтін күш жұмсау шараларына жататындығында.

Жеткізу ӘҚБ туралы кодекстің 252 бабында көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау мақсатында, егер оны сол арада жасауға мүмкіндік болмаған жағдайда және хаттама жасау міндетті түрде қажет болып табылғанда ғана жүзеге асырылады (ұстау жеткізуден кейін жүзеге асырылады).

Бұл бап құқық бұзушыны жеткізу тәртібін анықтайды және жеткізу құқығына ие адамдарды атап көрсетеді.

Жеткізу мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүргізілге тиісті. Мысалы, ерікті халық жасақшылары штабына жеткізілген адамның осы штабта болу уақыты 1 сағаттан аспауы керек.

Азаматтарды ұстау мерзімдеріне, себептері мен өзгешеліктеріне (түрлері) байланысты оларды: жалпы және арнайы ұстау деп екі түрге бөлуге болады. Жалпы ұстауға – адамдарды ішкі істер бөлімшелерінің бөлмелерінде, поселкелік, селолық әкімшіліктерде ұстау жатады.

Арнайы ұстауға – адамдарды дәрігерлік айықтырғыштарда ұстау, ұсақ бұзақылық жасаған адамдарды ұстау, қабылдау-тарату мекемелерінде ұстау және басқалары жатады.

2) Тікелей өзін (жеке басты) тексеру, заттарды тексеру, заттар мен құжаттарды алып қою.

Бұл шаралар құқық бұзушылықтарды тоқтату, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттер нәтижесінде пайда болатын қауіпті зардаптарды болдырмау мақсатында қолданылады. Әуе көлігінде жүргізілетін тексеру ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушылардың, азаматтардың және әуе мекемелерінің экипаждары мүшелерінің денсаулығы мен әмірлерін қорғау мақсатында жасалады.

Тексеру аэропортта немесе әуе ұшағында жүргізіледі. Ұшу кезінде тексеру жүргізу, қажетті жағдайда жолаушының тексеруге қарсы болуына қарамастан жүргізіледі.

Жеке басты тексеруді ішкі істер, әскерилендірілген күзет, азаматтық авиация, кеден мекемелері, шекаралық әскерлер органдары және уәкілдігі бар басқа да органдардың лауазымды адамдары жүргізе алады.

Заттарды, қол жүктерін, багажды, аң аулау мен балық аулау құралдарын, ауланған өнімді және басқа заттарды тексеру бұларды меншіктенуші немесе иеленуші адамның қатысуымен жүзеге асырылады. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайда, егер иеленушісі жоқ болса, екі куәгердің қатысуымен тексерілуі мүмкін.

Жеке басты тексеру кезінде, заттарды тексерудегідей хаттама жасалады немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада немесе ұстау туралы хаттамада тиісінше жазба жазылады.

Осы әкімшілік әрекеттердің бәрі Қазақстан Республикасының Заңдарына және басқа да заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

3) Құқыққа қайшы қылықты тоқтатуды талап ету – қоғамдық тәртіпті бұзуды және басқа да құқыққа қайшы қылықты тоқтатуды талап ету кезінде жүзеге асырылады. Мұндай талаптар заңды талап ретінде әмірлі түрде жүзеге асырылады. Сондықтан олар міндетті түрде орындалуға тиісті, ал уәкілдігі бар лауазымды адамның талабын орындамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтырады. Мысалы, 185-бапта көрсетілгендей, қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі өз міндеттерін атқару кезінде полиция қызметкерлері, халық жасақшысы немесе әскери қызметкерлердің заңды жарлығы мен талабына бағынбау – әкімшілік жауапкершілікке тартуға себеп болады.

4) Кәсіпорындардың жұмыстарын тоқтатып қою адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп-қатер төндіретін әрекеттерге жол берген кәсіпорындарға қолданылады. Бұған өртке қарсы және санитарлық ережелерді бұзу, сондай-ақ еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік ережелерін бұзу т.б. жатады. Санитарлық мен өрт қадағалау органдары, еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік инспекторлары белгіленген ережелерге сай жұмыс істемейтін объектілерді пайдалануға тыйым салуға құқықты.

Бұл шара кейбір объектілерді ашуға және пайдалануға рұқсат беру кезінде қолданылуы мүмкін. Мысалы, тирлерді, штемпелдік-граверлық (ойма) және жанғыш-жарылғыш заттар (пиротехникалық) дайындайтын шеберханаларды, қару-жарақ сату дүкендерін ашу тек ішкі істер органдарының рұқсаты бойынша жасалады. Егер мұндай рұқсаттары болмаған жағдайда бұл объектілердің жұмыстары тоқтатыла тұрады. Ақауы бар автомобиль көліктерін пайдалануға тыйым салынады. Бұл әрекеттер әкімшілік-техникалық шараларға жатады.

Мұндай шаралар тобы құқық бұзушылықтарға байланысты емес, зиянды зардаптарды болдырмау мақсатында қолданылады.

Әкімшілік ескерту шараларын тек уәкілдігі бар лауазымды адамдар қолдана алады және олар алдын алу, сақтандыру сипатында болады.

1) Құжаттарды тексеру – құқық бұзушылықты жасаушы деп күдіктенген адамның аты-жөнін анықтау қажет болған жағдайда жүргізіледі. Бұл шара төлқұжаттық ережелерді, әскери есепке тұру ережелерін сақтауды тексеру кезінде қолданылады. Тексерудің көп тараған түрі – автокөлік жүргізушілерінің құжаттарын тексеру. Бұл тексеру тек жол жүру ережелері бұзылғанда ғана емес, сонымен қатар кез келген жағдайда қолданыла береді.

Аты-жөнін анықтау үшін құжаттарды тексерген кезде азаматтардың құқылары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірілмеуге тиісті, сондықтан бұл шараны мүмкіндігінше қажет болған жағдайларда ғана және заңдылықты қатаң түрде сақтай отырып қолданған жөн.

2) Бас бостандықтарынан айыру орындарынан босап келген адамдарға әкімшілік қадағалау жүргізу. Бұл шара қылмыстық жазасын өтеп, тұрақты мекен-жайына келген адамдар тарапынан құқық бұзушылықты болдырмауға және қайталануы мүмкін қылмыстың алдын алуға бағытталған.

Әкімшілік қадағалау шарасы жазаларын өтеп келген адамдарға заңда көзделген шектеу шараларын қолдану арқылы олардың қайтадан құқық бұзушылық немесе қылмыс жасаудан сақтандыру мақсатында жүргізіледі.

Әкімшілік қадағалауды белгілеу және жүзеге асыру тәртібі КСРО Жоғарғы Кеңестік Төралқасының 1966 жылғы 26 шілдедегі Жарлығымен бекітілген және бұл Жарлыққа 1970 жылғы 12 маусымда, 1981 жылғы 5 наурызда, 1983 жылғы 22 қыркүйекте қабылданған Жарлықтар арқылы түзетулер мен толықтырулар енгізілген болатын, сондай-ақ “Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдарға ішкі істер органдарының әкімшілік қадағалау белгілеу ережелері” және ІІМ ведомстволық актілерімен анықталады.

Әкімшілік қадағалау бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан ересек адамдарға, солардың ішінде мына келесідей адамдарға:

1) сот аса қауіпті рецидивист деп тапқанға; 2) ауыр қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға сотталғандарға және босап шыққаннан кейін дұрыс жолға түспегендерге; 3) кез келген қасақана жасаған қылмыстары үшін екі және одан көп рет бас бостандығынан айырылғандарға; 4) бас бостандығынан айыру орындарынан кесілген мезгілінен бұрын және міндетті түрде еңбекке тарту шартымен босап келген және өтелмей қалған жаза мерзімі ішінде жаңадан қасақана қылмыс жасаған адамдарға, егер бас бостандығынан айыру орындарындағы тәртіптері олардың түзелу жолына түсу және адал еңбек етуге еш құлықтары жоқ екенін көрсетсе, 5) еңбекпен түзеу мекемелеріндегі тәртіптері олардың түзелу жолына түскендерін көрсетіп, ал бостандыққа шыққаннан кейін ішкі істер органдарының қоғамға жат тұрмыс қылықтарын өзгерту жөніндегі ескертулеріне қарамастан әрдайым қоғамдық тәртіпті бұза бастағандарға белгіленеді.

Әкімшілік қадағалауға алудың негізі бір жылдың ішінде екі реттен артық қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту немесе қоғам тұрмысы ережелерін бұзғаны үшін ықпал ету шараларын қолдану құжаттары болып есептелінеді. Бұл жерде әкімшілік жауапкершілік және басқа ықпал ету шараларының біріктірілуі мүмкін, бірақ мұндай шаралар бір жылдың ішінде үш реттен артық қолданылмауы керек.

Әкімшілік қадағалау белгілеу – қалалық, аудандық ішкі істер бөлімінің бастықтары мен еңбекпен түзеу мекемелерінің бастықтарының құқықтарына жатады.

Әкімшілік қадағалауға алу жөніндегі қаулыға (аса қауіпті кылмыскерге қадағалау жүргізу туралы қаулыдан басқа) прокурордың санкциясы қойылуы керек.

Әкімшілік қадағалау қадағаланушы адамның жүріс-тұрысына белгіленген түрде шектеу қоюдан тұрады.

Шектеу шаралары мыналар: тәуліктің белгіленген уақыттарында үйден, пәтерден шығуға тыйым салу; қаланың, кейбір қоғамдық орындарында немесе басқа да елді мекендерде (базарларда, саябақтарда, мәдениет сарайында, вокзалдарда, айлақтарда, мейрамханаларда) болуға тыйым салу; аудан (қала) төңірегіне шығуға тыйым салу немесе жеке басына байланысты жұмыстармен шығу уақытына шек қою, айына бір реттен төрт ретке дейін полицияға тіркелуге (белгіленуге) келу.

Осы атап көрсетілген шектеу шаралары жеткілікті болып табылады. Бұл шектеулер қадағаланушы адамның еңбек етуіне, мамандық, білім, мәдени дәрежелерінің өсуіне кедергі жасамауы керек.

Әкімшілік қадағалау мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін белгіленеді. Кей жағдайларда бұл мерзімнің ұзартылуы да мүмкін, бірақ бәрін қосып есептегенде сотталғандықты өтеу (жою) мерзімінен аспауы керек.

Әкімшілік қадағалау ережелерін бұзу ескерту немесе айыппұл төлеу түріндегі жауапкершілікке әкеп соқтырады. Әкімшілік қадағалау ережелерін қасақана бұзғаны, яғни 3 рет немесе одан артық бұзғаны және бір жылдың ішінде осы ережені екі рет бұзған қадағаланушы адамға әкімшілік жаза шаралары қолданылса, онда қылмыстық кодекстің 180-2-бабында көзделген қылмыстың құрамын құрайды.

Еріксіз емдеу. Еріксіз емдеу шарасы белгілі жағдайларда, яғни ауру адамның айналасына қауіп төндіруі мүмкін болған кезде міндетті түрде қолданылады. Жұқпалы ауруы бар адам айналасындағы адамдарға қауіп төндіретін болғандықтан және ол міндетті түрде емделуден бұлтарса, оларға еріксіз емдеу шарасы қолданылады.

Еріксіз емдеу еріксіз куәландырумен тығыз байланыста болады. Мысалы, жыныстық соз ауруымен сырқат екендігі туралы жеткілікті деректер бар адам емделуден бұлтарса онда ол еріксіз куәландырылып, еріксіз емдеуге тартылады.

Қазақ КСР-інің 1987 жылғы 13 шілдедегі Жарлығы бойынша жезөкшелікпен айналысатын адамдарға әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Осы іспен айналысатын адамдарға бұл жауапкершілікке тартудың алдында еріксіз куәландыру жүргізіледі.

1990 жылы 24 қазанда Конституциялық қадағалау комитеті маскүнемдер мен нашақорларды еріксіз емдеу туралы заң актілерін конституцияға, оның ішінде, адам құқығына қайшы келеді деп тауып, ол заңдардың күшін жойған болатын.

Қазіргі кезде еңбекпен емдеу профилакторийі (ЛТП) қайтадан жұмыс істей бастады.34 Мұндай ауруға шалдыққандар өз еркімен денсаулық қорғау жүйелерінің психоневрологиялық болімшелерінде емделе алады.

Қазіргі кезде (өкінішке орай) еріксіз жұмысқа орналастыру, еріксіз жұмыс істету шарасы қолданылмайды (жойылған).

Сонда да болса, бұрынғы 1990 жылғы 15 желтоқсандағы Заңда да (1 бабы), қазіргі ағымдағы жаңа Заңда да “кемсітушіліктің кез келген нысандарынан қорғалуына және барлық адамдардың мамандық пен жұмыс алуда бірдей мүмкіндіктермен қамтамасыз етілуіне мемлекет кепілдік береді” делінген (5-баптың, 2- тармағы)35.

Арнайы әдебиеттерде басқа да әкімшілік бұлтартпау және алдын алу шаралары аталған. Мысалы, Д. Н. Бахрах әкімшілік алдын алу шараларына мүлікті еріксіз түрде өткізу-сату; механизмдер мен объектілерді пайдалануға уақытша тыйым салу және жұмыстарды тоқтатып қою, өз бетімен рұқсатсыз салынған құрылыстар мен қора-қопсыларды қирату шараларын жатқызады36.

Әкімшілік жазалау шаралары Қазақ КСР-інің ӘҚБ туралы кодексінің тиісті баптарында әкімшілік жауапкершілік көзделген құқық бұзушылық жасаған адамдарға қолданылады. Әкімшілік жазалау шаралары жан-жақты болып келеді. Сондықтан бұл шараларды қолданатын органдарға жасалған теріс қылықтардың барлық жағдайларын есепке ала отырып тиісті жазалау шараларын қолдануларына мүмкіндік береді.

Әкімшілік жазаның түрі ретінде кодекстің 23-бабында бірінші болып ескерту шарасы көрсетілген. Бұл шара рухани сипатта болғанымен, осы шара қолданылған адамдар әкімшілік жазаға тартылған болып есептеледі.

Бұл жазаға тарту жазбаша қаулымен немесе басқа жолмен белгіленеді. Әкімшілік жаза шараларының кеңінен тараған түріне айыппұл жатады. Айыппұл құқық бұзушылық үшін салынатын, заңмен дәл белгіленген мөлшердегі ақшалай жазалау шарасы. Азаматтар мен лауазымды адамдарға айыппұл салудың жалпы шарттары актілермен анықталады.

1961 жылғы 21 маусымдағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының “Әкімшілік жолдармен салынатын айыппұлдарды қолдануды әрі қарай шектеу туралы” Жарлығында белгіленген ережелерді бұзғандарға айыппұл салуға құқығы бар органдар аталған, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік билігі және атқару билік органдарының әрқайсысының айыппұл белгілеу жөніндегі құзіреттері анықталған болатын. Жарлықта айыппұл салуға құқығы бар барлық органдар толық аталған, сондай-ақ азаматтар мен лауазымды адамдарға салынатын айыппұлдың шекті мөлшері белгіленген еді.

Бұл ережелердің бәрі кейіннен ӘҚБ туралы кодекстен орын алып, бекітілді.

Бұл Жарлық бойынша айыппұлдың шекті мөлшері мына төмендегідей болып белгіленген: азаматтарға 10 сомға дейінгі, ал лауазымды адамдарға 50 сомға дейінгі мөлшерде, ал қажет болған жағдайда, Республикалық мемлекеттік өкімет органдарының актілерімен құқық бұзушылықтың жекелеген түрлеріне жауапкершілікті арттыру мақсатында айыппұл мөлшері азаматтарға 50 сомға, лауазымды адамдарға 100 сомға дейін, сондай-ақ пайдакүнемдік мақсатында құқық бұзушылық жасағандарға 200 сомға дейін белгіленген еді (26-бап)37.

Соңғы кездерде мемлекет пен қоғам өмірінде болып жатқан елеулі өзгерістерге байланысты айыппұл мөлшері айтарлықтай көбейтілгенін және олардың айлық, жылдық есептік көрсеткіштер арқылы есептелінетінін білеміз.

Бұрын да, қазіргі кезде де өмірімізден орын алып отырған көптеген жағдайларға байланысты айыппұлдардың мөлшері өздігінен өсіп отыр.

Әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралы немесе тікелей объектісі болып табылған заттың құнын өтеп алып қою. Бұл шаралар ӘҚБ туралы кодекстің 27-бабында көрсетілген. Тек құқық бұзушылық жасаудың құралы болып табылған немесе тікелей объектісі болған заттарды ғана алып қоюға болады. Жаңағы еріксіз алынған заттар комиссиялық саудада қайта сатылғаннан кейін түскен сома алып қойылған затты сату жөніндегі шығындарды шегере отырып, бұрынғы иесіне қайтарылып беріледі. Сонымен қатар атылатын қару мен оқ-дәріні құнын өтеп алып қою, күнкөрісінің негізгі көзі аң аулау болып табылатын адамдарға қолданылмайды. Кодекстің 190-бабында қаруларды және оқ-дәріні сақтау немесе тасымалдау ережелері бұзылса айыппұл немесе құнын өтеп алып қою шаралары қолданылады делінген. 191-бапта көрсетілгендей, атылатын қаруды тіркеу мерзімдері немесе есепке қою ережелері бұзылса да осындай жауапкершілік көзделген.

Заттың құнын өтеп алып қою шарасынан иелікке алудың (реквизициялаудың), яғни заттарды белгілі уақытқа мемлекеттік немесе қоғамдық мақсаттарға қолдануға алудың, айырмашылығы белгілі мерзімі біткен кезде зат (мүлік) иесіне қайтарылып беріледі немесе құны толық төленеді.

Әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралы немесе тікелей объектісі болып табылған затты тәркілеу (конфискелеу). Бұл шара құқық бұзушылық жасаудың құралы немесе тікелей объектісі болып табылған заттарды құнын өтемей еріксіз түрде мемлекет меншігіне айналдырудан тұрады. Яғни құқық бұзушының өз меншігіндегі заттары ғана тәркіленеді. Бірақ контрабанда құралы болып табылған заттар кімнің меншігінде екендігіне қарамастан міндетті түрде тәркіленуге жатады. Тәркілеу ӘҚБ туралы кодекстің тиісті баптарында әкімшілік жаза шарасы ретінде көрсетілген жағдайларда ғана қолданылуы керек (28-бапты қара).

Арнайы құқықтан айыру. Нақты азаматқа берілген арнайы құқықтан көлік құралдарын жүргізу құқығынан, аң аулау құқығынан айыру, осы құқықтарды пайдалану тәртібін өрескел немесе үнемі бұзғаны үшін қолданылады. Мысалы, аң аулау ережелерін бұзған адамдар үш жылға дейін аң аулау құқығынан айырылады. Бірақ бұл шара күнкөрісінің негізі аң аулау болып табылатын адамдарға қолданылмайды.

Көлік құралдарын жүргізушілер арнайы құқықтарынан ӘҚБ туралы кодекстің тиісті бабында көзделген мына төмендегі құқық бұзушылықтар үшін айырылады: жүргізушілердің жылдамдықты асырып жіберуі; адамдарды тасымалдау және басқа да жол қозғалысы ережелерін бұзуы (124-бап); жүргізушілердің темір жол өткелдерінен өту ережелерін бұзуы – (125-бап), жүргізушілердің мас күйінде көлік құралдарын жүргізуі – (12б-бап); жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін, көлік құралдарын немесе өзге мүліктің бүлінуіне әкеп соғатындай етіп бұзуы, сондай-ақ ережелерді айрықша бұзу – (127-бап); жүргізушілердің мас екендігін куәландырудан өтуден бұлтаруы – (130-бап). Арнайы құқықтан айырудың шекті мерзімі 3 жылдан аспауы керек. Бұрын белгіленген тәртіп бойынша құқықтан айыруымен қоса айып салынса, қазір тек өзі ғана қолданылады. Көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыру бұл құралдарды мүгедектігіне байланысты пайдаланатын адамдарға, мас күйінде жүргізбеген жағдайда қолданылмайды (26-баптың 2-тармағы). Арнайы құқықтың жаза белгіленген мерзімге жетпей, еңбек ұжымының өтініші бойынша, жазаланған адамдарға қайырып берілуі мүмкін.

Әкімшілік қамауға алу. Бұл шара әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамды қамауға алу арқылы 15 тәулікке бас бостандығынан айыру және еңбек ақысы төленбейтін қол күшімен істелетін жұмыстарда пайдаланудан тұрады. Осы шара қолданылған адамдар әкімшілік қамауға алынғандарға арналған камераларда отырады және олардың хат алысуларына, үй-іштерімен көрісуіне және посылка алуларына тыйым салынады (құқықтары болмайды). Әдетте бұл қатаңдау режим ұсақ бұзақылық жасағандарға белгіленеді.

Әкімшілік қамауға алу – судьяның істің жағдайына байланысты және құқық бұзушының мінез-құлықтарын есепке ала отырып басқа шараны қолдану жеткіліксіз деп тапқан кезде қолданылатын шарасы. Әкімшілік қамауға алу соңғы кездерге дейін Кеңестер Одағының заңдарымен ғана белгіленіп келген еді. Бірақ 1988 жылдың 20 тамызында Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы “Жиналыстарды, митингілерді көше шерулерін және демонстрацияларды ұйымдастыру және өткізудің белгіленген тәртібін бұзушылар үшін жауапкершілік туралы” Жарлық қабылдап, құқық бұзушылық туралы кодекстің 28-бабын мынадай нормамен толықтырды “әкімшілік қамауға алу белгілі жағдайларда Қазақ КСР-інің заң актілерімен белгіленуі мүмкін”.

Осыған орай, Қазақстан Республикасының, 1993 жылғы 15 қазанда қабылданған “Төтенше жағдайдың құқықтық режимі туралы” Заңының 20- бабында “Коменданттық сағат ережелерін бұзған азаматтарды құқық тәртібін қорғау күштері коменданттық сағат аяқталғанға дейін, ал өзімен бірге құжаты жоқ адамдарды олардың жеке басын анықтағанға дейін, бірақ коменданттық сағат мерзімі аяқталғаннан кешіктірмей ұстайды; ұсталған адамдар мен олардың қолдарындағы заттары тексеріледі.

Төтенше жағдай режимінің белгіленген талаптарын бұзу: құқық тәртібін бұзуға итермелейтін немесе ұлттық және діни араздықты қоздыратын әрекеттер; ішкі істер органдары қызметкерінің немесе қоғамдық борышын орындаушы басқа адамдардың заңды өкіміне немесе талабына бағынбау, не төтенше жағдай жарияланған жерлерде жасалған әкімшілік құқық бұзушылыққа жататын басқа әрекеттер 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.

Аталған құқық бұзушылық туралы істер бойынша хаттаманы ішкі істер органдарының немесе жергілікті жерлер комендатурасының қызметкерлері жасайды деп айтылған.

Әкімшілік қамауға алу келесідей әкімшілік теріс қылықтар үшін көзделген: ұсақ бұзақылық үшін (174-бап); полиция қызметкерлерінің, әскери қызметкерлердің немесе халық жасақшысының заңды жарлығы мен талаптарына қасақана бағынбағандарға (185-бап); аз мөлшерде есірткі заттарды пайдалану және сақтау (44-1-бап); спирт ішімдіктерін ішкендерге немесе қоғамдық орындарда мас күйінде көрінгендерге, егер бұл адамдар бір жыл ішінде 2 рет осындай құқық бұзушылық жасағандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса (178-бап); жиналыстарды, митингілерді, көше шерулерін және демонстрацияларды ұйымдастыру және өткізудің белгіленген тәртібін бұзғандарға (188-1 бап); қылмыстық кодекстің 45-3-бабында көрсетілген жағдайларда және басқа да белгіленген жағдайларда.

Әкімшілік қамауға алу сотталғандық болып есептелмейді, жұмыстан босатуға негіз бола алмайды және еңбек өтіліін үзбейді. Тек қамауға алу мерзімі өтелгенше негізгі жұмыс орнында жалақы төленбейді. Әкімшілік қамауға алу жүкті әйелдерге, он екі жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге, он сегіз жасқа толмаған жасөспірімдерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге қолданылмайды. Бұл аталған әкімшілік жазалау шараларынан басқа 1992 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының “Қазақ КСР-інің кейбір заң шығару актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңында әкімшілік жаза шараларының мынадай түрлері белгіленген: 1) кәсіпкерлік қызметке қадағалау жүргізу; 2) белгілі бір қызметтің лицензиясынан айыру.

Кәсіпкерлік қызметке қадағалау жүргізу – әкімшілік заңдардың нормаларын бұзған азаматтар мен шаруашылық субъектілеріне қосымша жаза ретінде қолданылатын әкімшілік жазалау шарасы. Бұл жаза кәсіпкерлік қызметпен айналысатын азаматтар мен шаруашылық субъектілеріне қадағалау түрінде бір жылдан аспайтын мерзімге белгіленеді. Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын заңды тұлғалар, азаматтар, шетелдік заңды тұлғалар және кейбір шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар республикамыздың табиғатты, қоршаған ортаны қорғау заңдарын, азаматтардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін, мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың заңды мүдделерін бұзбауға міндеттенеді. Сондықтан осы заңдар мен құқықтар, мүдделер бұзылған жағдайда қадағалауды өкілетті мемлекеттік инспекциялар мен басқа да органдар белгілейді (салық органдары, санитарлық инспекциялар және т.б.).

Белгілі бір қызмет түрінің лицензиясынан айыру – осы қызмет түрлерімен (кәсіпкерлікпен) айналысатын азаматтар мен заңды тұлғаларға және лауазымды адамдарға, олар лицензия алу (беру) тәртібін бұзған жағдайда, осы лицензияны пайдалану тәртібін бұзған жағдайда, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде лицензиядан уақытша, алты айлық мерзімге немесе мүлдем айыру түрінде қолданылады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың көптігіне байланысты оларға, мүмкіндігінше, осылайша тоқтала кетуді жөн көрдік.

Кезінде Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы өзінің 1986 жылғы 26 маусымдағы шығарған Жарлығымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске 248-і деген қосымша бап енгізілді. Онда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасауға құқығы бар барлық субъектілердің толық тізімі берілген болатын38.

Хаттама – әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін керекті бірден бір негізгі құжат болып табылады. Оны тек осыған өкілеттігі бар адамдар ғана белгіленген формаға сәйкес толтырады. Хаттамада құқық бұзушылық туралы істі қарау үшін керекті мән-жайлардың бәрі толық сипатталуы және әкімшілік құқық бұзушылық фактісі дәлме-дәл көрсетілуге тиісті.

Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарға қолданылатын әкімшілік жауапкершіліктің шынайы көрініс табуы үш негізге байланысты болады. Олар: құқық бұзушылық жағдайының нақты болуы; сол үшін әкімшілік заңдар нормасымен тиісті шара көзделуі және қолданылуы; құқық қолдану, процессуальдық актілерін болуы. Ал әкімшілік жазалау шараларын белгілеудің мақсаты: әкімшілік құқық нормаларында көзделген әрекеттер үшін тиісті жауапкершілік шарасын қолдану; құқық бұзушыны әкімшілік заңдардың нормаларына сәйкес тәрбиелеу; әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу, яғни болдырмауға тырысу болып табылады. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамның белгілі бір мөлшерде материалдық, рухани және т.б. бағыттардағы қолайсыздыққа душар болатыны белгілі. Сондықтан құқық бұзушыны жазалау ісіне атүсті қарауға болмайды. Осыған орай әкімшілік құқық бұзушылық істері жөнінде жасалатын хаттамалардың маңызы өте зор деп айта аламыз.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтыру шарттары көрсетілген. Хаттама мазмұны мына төмендегідей болуы қажет: хаттаманың жасалған күні мен орны; хаттаманы жасаған адамның қызметі, фамилиясы, аты, әкесінің аты; құқық бұзушының кім екені туралы мәліметтер; әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалған орны, уақыты және мәні, сол құқық бұзушылық үшін жауапкершілік көздейтін нормативтік акт; егер бар болса куәлар мен жәбірленушілердің аты-жөндері, мекен-жайлары; құқық бұзушылықтың түсініктемесі; істі шешу үшін қажетті өзге де мәліметтер.

Әкімшілік жауапкершіліктің жеке тұлғаларға, олардың ішінде лауазымды адамдарға қолданылатыны белгілі болса да сол шаралардың заңды тұлғаларға қалайша қолданылатыны, қандай түрлері болатыны көпшілікке беймәлім. Осы жөнінде заңдардың ғылыми қалыптасқан негіздерге сүйене отырып жүйеленбегеніне байланысты әкімшілік жауапкершілік тарту әзірше тек жекелеген заңдардағы талаптар бойынша жүзеге асырылуда.

Заңды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік қолдану жөніндегі баптардың қайсыбірі әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көрініс тапқан және олар көбінесе тек әкімшілік жазалар түрінде белгіленген.

Сонда да болса бұл жердегі әкімшілік жазалардың көбі жеке тұлғаларға қолдануға бағытталған (арналған).

Осыған орай бүгінгі таңда заңды тұлғаларға қолданылатын әкімшілік жазалардың кеңінен таралған түрі айыппұл болып табылады. Одан кейінгі қолданылатындары: лицензиядан айыру; тәркілеу; кәсіпкерлік қызметке қадағалау жасау және т.б. Тағы бір айта кететін жәйт, қандай да болмасын аялар мен салаларда заңды тұлғаларға қолданылатын әкімшілік жауапкершілік шаралары белгілі бір ерекшеліктермен сипатталады.

Енді бұрыннан келе жатқан және жаңаша қалыптасып жатқан кейбір салалар мен аялардағы қоғамдық қатынастарға қиянат жасайтын құқық бұзушылық жасаған заңды тұлғаларға қолданылатын әкімшілік жауапкершіліктерді көрсетіп өтеміз.

Заңды тұлғалар мына аялар мен салалар бойынша әкімшілік құқық бұзғандары үшін жауапкершілікке тартылады: сәулет, қала құрылысы және басқа да құрылыс аяларындағы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілік; жер туралы заңдарды, санитарлық және табиғатты қорғау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік; өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік; монополияға қарсы заңдарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік; салықтық заңдарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік; кедендік ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік; банктік қызметті заңсыз жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша мыналарды атап өтуге болады: жұмыспен қамту туралы заңдарды бұзу (41-1-бап); бензинді және басқа жанар-жағар майларды заңсыз сату не болмаса заңсыз сатып алу (53-бап); тиісті тіркеусіз немесе лицензиясыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу (169- бап); кәсіпкерлік қызметті лицензиялық және инвестициялық нормалар мен ережелерді бұза отырып жүзеге асыру (161-1-бап); кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысу (170-бап); баспа және басқа бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды бұзу (188-8-бап); стандарттау, сертификациялау және өлшем бірлігі туралы заңдарды бұзу (193-1-бап); монополияға қарсы заңдарды бұзу (193-3-бап); сәулет және қала құрылысы туралы заңдарды бұзу (206-1-бап)39.


______________________





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет