Қуыршақ (Психологиялық монопьеса) кейіпкер



бет3/5
Дата27.05.2023
өлшемі61.43 Kb.
#474361
1   2   3   4   5
4 Қ. Мұрат Қуыршақ монопьеса

Жан-жағына қарап дәрісін іздейді.
– Олардың дауысын естимін. Жазықсыздардың шырылдаған дауыстары сай сүйегіңді сырқыратады. Ұрпағы тоқтаған тағдырларды көргенде баз кешесің дүниеден. Ешкім-ешкімге жауап бермейтін, ешнәрсеге алаңдамайтын заманнан өтіп барамыз! Ашкөздікпен үйшігімізге тасып жатырмыз, тығып жатырмыз. Тек «Мен! Мен! Мен!» - деген идея ғана үстемдік құрып тұр. Уланған ұрпақты «умен» ғана оятасың! Бір күні мына өмір де аяқталады. Уақыт қайталанады. Біз әлі құтылған жоқпыз! Шеңбер қайталанады! Жыламаңдар! Күлмеңдер! Әне, әне шырылдап шыққан миллиондардың дауысы ұшып жүр. Әрқайсымыздың құлағымызға қонған. Талайдың құлағына қонады әлі...
Құлағын ашып-жауып:
– Естимін! Естімеймін! Естиміз! Естімейміз! Зұлымдық тоқтамайды жалғаса береді... Сүйегіңе жабысқан теріңнен ләззат алатындар арамызда толып отыр. Олар жоғалып кеткен жоқ. Өз уақыттарын күтіп, үнсіз әрекет етіп, бәрін жазып жатыр. Есептеп қойған. Олардың идеясы асқақ! Жердің тағдырына алаңдайды. Тағы да құртып, азайтып тастамақшы... Тағы да жаңа дауыстар ұшады! Тағы да ұшады! Ұшады! Ұшады... (Пауза)
Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп, жанады да.
Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,
Толғанып қарауым сол баяғыға.
Кеудеде – от, iште – жалын, көзде – жас,
Күнi-түнi қайғы жұтқан сорлы бас.
Жанында жоқ жаны ашитын жақын жүз,
Тасбауырлар ыңғайына қарамас – деген ақынның өлеңі санамда жатталып қалыпты! Ол да алысып, өтті де кетті. Олар қалды... Жауыздық адамзатпен пайда болған соңғы адаммен аяқталады...
Мені – есі ауысқан деп санайды. Олармен қалай араласу керек екенін білмеймін. Жақындасам болды мені мазақтап, келеке қылатын сияқты. Сосын маған өтірік жаны ашып ақыл айтады. Менен кеткенен кейін өздері өлексеге жиналған өгіздердей өкіреді. Сыртымнан сұңқылдайтын өліктерді жек көремін.
Біздің жақта қасқалдақ деген құс болды. Түсі қаралау келген, бастарында әппақ мамық жүндері бар үйрек тектес құс еді. Жаз кезінде, көлді жағалай өскен қамыстың арасынан қасқалдақтың балапанын аулауға барамыз. Бізді көрген бойда ұядағы балапандар суға сүңгиді де кетеді. Кішкентай болғандықтан алысқа жүзе алмайды. Қылтың етіп судың бетінен шыға келген кезде шап беріп ұстай аламыз. Осылай шешесін бақылдатып жүріп, оннан аса балапанын ұстап алып, үйге алып келдім. Шиқылдаған балапандарды көрген апам қатты ренжіді. Қайтадан апарып тастауымды бұйырды. Балапандарды қайтадан майкімнің етегіне салдым да, көлге қарай жүгірдім. Түн ішінде бойымды жайлаған үрейімді жеңе алмай, жарты жолдан балапандарды жібере салдым да, үйге қарай жүгірдім. Онсыз да өмір үшін күресетін қасқалдақтың ұясын бұзып қана қоймай, бақытсыз жаз өткізулеріне себепкер болдым. Бәрін өлтірдім. Жыбырлағанның бәріне зияным тиді. Талай рет ініне су құйып жүріп, тышқандарды ұстап алдық. Басы қылтиып інінен шығып келген кезде тұмсығынан таяқпен ұрып құрттық. Онымен қоймай, тірі ұстап алған тышқандарды алдыңғы, артқы сирақтарынан ұстап тұрып, шалқалата қалғанда, тыпырлап-тыпырлап барып өліп қалатын. Қызық көріп талай рет осындай тәжірибе де жасадық. Әкем діндар адам болмаса да, зиратқа қаратып құран оқуды үйретті. Ауылда "сотқар молда" атандым. Ауылдың балаларын жинап алып, қара топырақты үйіп жіберіп екі жеріне шыбық шаншып, тірі жүрген ауыл адамдарының атын атап, бастарына құран бағыштайтынмын. Кішкентай қыздар өтірік жылап, жоқтау айтатын. Көңіл айтып туыстары келетін. Ойынымыздың сиқы осы болатын. Күні бойы далада қиял қуған біздің ерніміз кезеріп, аяғымыз күс-күс, қолдарымыз жарылған, талай тышқанның қанын мойнымызға жүктеп, қарнымыздың ішінде қасқыр ұлып, қас қарая бұзаулармен бірге үйге келетінбіз. Апам ұрысып жүріп жуындырып болғаннан кейін, қойнына алып жатып небір ертегілер, аңыздар, түрлі оқиғаларды айтып беретін. Төрде өмірінде бала еркелетіп көрмеген, көрпемен басын бүркеніп ұйықтайтын әкем жайлы оқиғалары маған қызық еді. Біздің үйдің шатырында білте мылтық тығулы жататын. Шешемнің айтуына қарағанда, атам мерген адам болыпты. Атадан балаға берілген білте мылтықты өскеннен кейін, әкем маған тапсырады деп айтты. Бірде әкем түзде қашып бара жатқан қоянды атып түсіріпті. Жақындап барып қараса, буаз қоянның қарнын оқ тіліп жіберген көрінеді. Ішінен ақтарылып түскен шарана көжектер жыбырлап жатқанын көріп, аңшылықты тастап кеткен көрінеді.
Шешемнің айтуы бойынша қыста соғым уақытында, ауыл шетіндегі жылқы шарбағының ішінде үркіп тұрған табын жылқылардың ішіне кіріп кетіппін. Құрықтан үрке қашқан қара айғыр басымнан теуіп кетіпті. Есалаң болып қалған мені апармаған жерлері жоқ. Біздің үй мен үлкен жолдың бойынан бес шақырымдай қашықта орналасқан ауылға жету үшін, адамдар екі ортада жаяу жүретін. Таңертеңнен кешке дейін кабинеттің есігін жағалаған әке-шешем шаршаса да, үйге дейінгі жолда мені кезектесіп, арқаларына көтеріп алып келетін. Әлі есімде, олар мені көтеріп келе жатты. Мен шешемнің арқасына асылып келе жатырмын. Әкем жартылай тартылған темекісін қарға лақтырып жіберді де шешемнен: «Мына бала өліп қалса қайтеміз?» - деді. Шешем үндеген жоқ. Аяқтарын тез-тез басып жүріп келеді. Әкем біраз артта қалып қалды. Мен шешеме жабысқан күйі өлетінімді елестетіп келемін. Бір кезде әкеме қарай кері бұрылды да, қайратты дауыспен «Өлмейді!» -деді. Керосин шамның түбінде ары-бері қозғалған көлеңкелердің бейнесіне қарап отырмын. Қозғалған сайын күлемін. Осы кезде терезеге бір зат соғылғандай болды. Аяздан қатып қалған терезедегі мұзды ауызымның демімен еріте бастадым. Қалың түскен мұз екен, біраз әурелендім. (Қолымен көрсетіп)
Сығырайған кішкене ғана тесікті әрең жасап сыртқа үңілдім. Бастапқыда гуілдеп соққан бораннан басқа ешнәрсе аңғармадым. Көзіме суық өткеніне қарамай отыра бердім. Бір қозғалып жүрген сұлбаларды байқадым. Көзім жеткен төңіректің бәрі де кішкентай қуыршақтарға толып кетті. Көне киім киген адамдар басы жоқ, қолы жоқ, аяғы жоқ қираған қуыршақтарды әкеліп лақтыра берді. Қуыршақтардан біртүрлі аянышты дауыстар шығады. Түсінбеймін не дауыстар екенін. Лезде айналаның бәрі қуыршақтарға толып кетті. Неше түрлі қуыршақтардың көздерін көрдім. Адамдар от қойып өртей бастады. Төменнен жоғары қарай қуыршақтар жана бастады. Осы кезде беті жоқ қуыршақтың маған қарап тұрғанын көрдім. Маған көзі күлімдеп жымиғандай болды. Иә кәдімгідей маған қарап жымиды! Шешем ұйықтайтын уақыт болды деп көтеріп алып кетті. Ертеңгісін, оның ертеңгісін.. Тағы да көп күн өткізіп қанша үңілсем де, ол қуыршақтарды көрмедім.
Сол түні тағы келіп арбай бастады. Қозғала алмай қалдым. Уақыт өтпейді... тоқтап қалған тəрізді. Беті жоқ қуыршақ жақын келді де, ұзақ қарап тұрды. Тегіс бетінен сұлу жүзін көргендей болдым. Көзімнің қып-қызыл болып кеткенін айнадан көріп тұрмын. Артынан ере бердім. Ілесе бердім. Қанша жер жүргенімді білмеймін. Есімді жисам, айдаладағы өзеннің жағасында тұрмын. Судың ішінде бір-біріне су шашып ойнап жүрген сұлуларды көріп тұрмын. Араларынан ерекшеленіп тұрған беті жоқ қуыршақ, мені судың ішіне шақырды. Бойымды үрей билеп барады. Бар білетін дұғамды оқи жөнелдім. «Бекер» дегендей, қуыршақ басын шайқады да: «Сен менен қорқасың ба?! Қасиетті уақыт жақындап қалды. Таза еместердің бәрі қорқу керек. Өзің сенетін адамдарға сенбе!»-деп қыздармен бірге құсқа айналып, үлкен қанаттарымен суды сабалай бастады. Қайдан шыққан батылдық екенін білмеймін, қуыршақ қызға қарай жүгірдім. Енді көтеріле бастаған кезде қанатынан ұстап үлгергенім сол еді, қолымды шоқтай ыстық бірдеңе күйдіріп түсірді. Ұстап қала алмадым. Биікке көтерілгеннен кейін маған қарады да, жұлдыздарға қарай ұшты да кетті... Күйген қолымда бір тал қауырсын қалды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет