Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ХАБАРШЫСЫ, «Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар» сериясы, №1(72), 2022 ж. 212
Бүгінде Өзбекстан қазақтарының бірден-бір әрі жалғыз басылымы санатында жүрген, небәрі 4000
данамен оқырманға жол тартып жүрген «Нұрлы жол» газетінің де болашағы бұлдыр. Еліміздің аудандық
газеттері деңгейінен аса алмай отырған басылымның Өзбекстандағы қазақ диаспорасының ұлттық
музыка өнерін насихаттауға сүбелі үлес қосып отыр деп те айта алмайтын сияқтымыз. Осынау ақпарат-
тық шектеулер қандастарымызды бізден алыстата түсіп, сол жергілікті елдің мәдениетін қабылдауға
бейімдеуде. Яғни мәдени экспансия белең алған тұста біз де қамсыз қалмай, отандастарымыздың ұлтттық
құндылықтарынан қол үзіп қалмауын ұдайы қадағалауымыз керек-ақ.
Ал Түркіменстандағы қазақтар негізінен сол елдің 5 уаллаятында (облыс) шашыраңқы түрде
қоныстанған. Олар, әсіресе, Қазақстанмен шекаралас Балқанда, Қарақалпақстанмен шекаралас
Дашоғузда, Марыйда, Ашхабадта, Ләбапта орналасқан. Түркіменстанға ауа көшкен қазақтардың тереңнен
тартқан өзіндік тарихы бар. Мәселен, Түркіменстанның Красноводскідегі қазақтары өздерінің бұл
аймақты ежелден түркімендермен қатар мекендегенін айтады.
Тарқатыңқырай айтқанда, Түркіменстандағы қазақтардың бір бөлігі түркімендермен қатар ертеден-ақ
сол жерді мекендеген болса, ендігі бір тобы басқа да тарихи оқиғалармен немесе жұмыс көзін іздеп
барғандарды құрайды. Кейбір деректерде 1928-1930 жылдары елімізде болған отырықшылықтан, қуғын-
сүргіннен Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан бассауғалап барғандар болатын
деп көрсетіледі.
Түркіменстан қазақтарының тұрақты қоныстары көбінесе құмда және құдық маңайында орын тепті.
Мұндағы қазақ қоныстары ата тектік негізіне қарай көше не ауыл болып жайғасты. Осындай үрдіс көбіне-
көп жер иелігіне қарай сақталды десек те, қазақтар жергілікті халықтармен етене араласып кетті.
Солардың ыңғайына қарай ығысты. Түркіменстанның көшпелі аудандарында қазақтар түркімендер
сияқты ру белгілеріне қарай бөлініп отырды. Бірақ бұл ауылдар аса үлкен болмайтын. Түркіменстандағы
қазақ ауылдары шаруа қожалықтары негізінде біріктірілді.
Түркімен қазақтарының киім кию үрдісі басқа Орта Азия халықтары сияқты көкірек тұсына дейін
жабылып, ұзындығы тобыққа дейін жететін гүлді матадан тігілетін болып келген. Сонымен бірге, беліне
белбеу байлап алатын болған. Яғни, Түркіменстан қазақтары Өзбекстандағы қазақтар секілді сыртқы
киімнің белін 2-3 метрден тұратын ақ не бөз белбеумен буған. Ал, қазақ арасында кең тараған кимешек
Солтүстік Түркіменстан қазақтарының әйелдерінде көп кездесе бермейтін. Олардың бас киімі жаулық
түрінде келетін. Жаулықтың өзі ақ матадан басты айналдыра шалма сияқты оралатын.
Осы жаулықты түркімен қазақтары тек сыртқа шыққанда тағып, үйде жүргенінде орамал тартатын
еді. Ал қыздар гүлді не қызыл түсті орамал байлап алатын. Орта жастағы әйелдер кимешек сияқты ақ
орамал тартса, тұрмысқа шықпаған қыздар сәукеле киетін болған Түркімен қазақтарының сәукелесінің
ерекшелігі оның сәукелеге жалғанған торы болғандығында еді. Ол тор артынан ұзыннан-ұзын түсіріліп,
беліне дейін жететін болған. Түркімен әйелдеріне қарағанда қазақ әйелдері көбіне ақ түсті киім киетін.
Ташауыздағы қазақтардың киім кию үрдісі өзбектердікінен айнымайтын болған. Аталмыш мысалдарға
қарай отырып, қандастарымыздың біразы өздерінің ұлттық дәстүрлі киімдерін жақсы сақтап отырғанын
көреміз. Солтүстік Түркіменстандағы қазақ әйелдерінің киімі Қарақалпақстанды мекендейтін қазақ-
тардың киімінің аналогиясы деуге болады [3].
Ал осы елдегі ұлттық музыка өнерінің сақталу деңгейі қандай? Біздіңше, бұл сауалға да біржақты
жауап беру қиын. Мәселен, Түркімен қазақтарында баланы қырқынан шығаруды «шаш той» деп атаған.
Қысқасы, баланың туылуынан оның ержетуіне дейінгі аралықта олар барлық салт-дәстүрлер мен наным-
сенімдерді, ырым-тыйымдар мен әдет-ғұрыптарды қолданып баққан. Демек, бесік жыры, тұсау кесу,
терме, айтыс өнері, дәстүрлі ән мен күй ел арасында, жергілікті жерде әлі де сақталып, жиын-тойда
айтылып-ақ келеді. Алайда сол мемлекет тарапынан ұлттық музыкамызды насихаттауға, күйлерімізге
эфирлерден арнайы уақыт бөлуге назар аударылған емес. Осы түйінді мәселе де ұлттық өнер жанашыр-
ларын, ұлттық музыка мамандарын алаңдатуы тиіс.
Анығы сол, өзіндік дәстүрлі мәдениетін сақтаған Түркіменстан қазақтары өздерінің тарихи
отанындағы қандастарымен тығыз байланыста екендігі айдан анық. Басқаша айтқанда, олар Орта
Азияның әр түрлі халықтары сияқты ататектік негізін сақтай отырып, ұлттық немесе отбасылық әдет-
ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін, атадан балаға мирас болған дәстүрлі музыкасын кейінгі ұрпаққа
аманаттап келеді. Өзінің қазақ екендігін ұмытпастан, өсіріп отырған ұл мен қызына тарихи-мәдени,
әдеби-рухани құндылықтарды дәріптеуге, одан тағылым алуға шақыруда. Қалай дегенмен де біз бұл
Түркіменстандағы қандастарымызды да елге қайтаруға мүмкіндік жасауымыз керек. Олардың тарихи
отанымыздың ұлттық болмысын одан әрі әйгілеуге, оның халқының өсуіне, бай құндылықтарын
жандандыруға һәм жаңғыртуға ықпалын тигізері сөзсіз.