Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ХАБАРШЫСЫ, «Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар» сериясы, №1(72), 2022 ж. 114
есептейді. Бұның өзі К. Маркстің қоғамдық құндылықтарды субъективті деп есептегенін білдіреді [14].
Бұл көзқарастар, әсіресе фашизм мен коммунистік идеологиялардың кері жақтары уақытында
идеологияға деген сенімсіздікті тудырғаны белгілі.
Идеология тарихына шолу жасай отырып, Е.Савеленок кейінгі кезеңде идеологияға деген көзқарас-
тың біршама өзгергенін атап кетеді. Қазіргі кезеңде «реидеологизация» концепциясы, яғни «идеологияға
қайта оралуға» шықырған концепциялар көбейіп жатыр деуге негіз бар. Атаулы концепцияларда
идеологияның практикалық жағына, қоғамдағы рөліне көбірек мән берілген. Мысалы, Л.Браун идеология
қоғамдағы психопотологиялық шиеленісті шешуші құрал ретінде есептесе, ал П.Ансар идеология – бұл
қазіргі тәртіпті интеллектуалдық ақтау деп есептейді. Т.Парсонс идеологияны қоғамды топтастырушы
рөліне мән береді [15].
Қазіргі кезеңге дейін идеология туралы пікірталас толастамай отыр. Оған қарамастан идеологияның
қоғамдағы рөлін жоққа шығара алмаймыз. Идеология дегеніміз қоғамдағы саяси күштерді немесе жалпы
ұлтты белгілі бір саяси-экономикалық, рухани мәселелерді жұмылдыратын, тұлғаның іс-әрекет және
ойлау жүйесіне әсер ететін идеялар жүйесі деп есептейміз. Бір сөзбен айтқанда идеологияны саяси және
ұлттық идеология деп шартты түрде екіге бөлуге болады. Саяси идеологияларға біз мемлекеттің рөліне,
меншіктің түріне, әлеуметтік топтардың қоғамдағы рөліне байланысты қалыптасқан саяси ағымдарды
жатқызамыз. Мысалы, қазіргі кезеңдегі идеологиялық ағымдарға В.П. Пугачев пен А.И. Соловьев
мынадай саяси идеологияларды жатқызады: либерализм мен неолиберализм, консерватизм мен
неоконсерватизм, социализм, социалдемократия, фашизм [16]. Саяси идеологиялардың әр түрлі қоғам-
дағы рөлі мен ықпалының да әр түрлі болуы ұлттық идеяға және қоғамдағы әлеуметтік топтардың
арасалмағына байланысты болады.
Саяси идеологиялардың әр түрлі қоғамдағы орны мен қырлары да әр түрлі. Ол жағдайда сол қоғам-
ның тарихи даму эволюциясына, саяси - әлеуметтік және экономикалық жағдайына байланысты болады.
Мысалы, американдық зерттеуші профессор Л.Дж.Р. Херсон АҚШ-та консерваторлар мен либералдарға
бөліну шартты түрде және барынша төрт өлшемге байланысты ғана пайда болады деп тұжырымдайды.
Бірінші өлшем – меншік пен рынокқа байланысты мәселелер (үкіметтің рынокты бақылауға алу керек пе?
экономикалық процеске араласу қажет пе, жұмыссыздық мәселесі және т.б.). Екінші: мемлекет пен жеке
адам құқы. Үшінші, өндірілген өнімге, қызмет сапасын үкімет реттеуі керек пе әлде рынок өзі реттей ме?
Төртінші, әлеуметтік әділдік мәселесіне мемлекет қандай дәрежеде араласуы керек [17].
Ал ұлттық идеология немесе ұлтшылдық көп жағдайда империялық жады сақталып қалған кешегі
отарынан айрылып қалған метрополияларда және отаршылдық езгіден арылған жас мемлекеттерде
қалыптасады. Ұлттық идеологияның мақсаты тәуелсіздік алған жас ұлттың әлемдік еңбек бөлісінде,
халықаралық саяси жүйеде өз орнын табуға жұмылдыру немесе отарынан айрылып қалған елдердің
өткенге қайта қол жеткізуге ұмтылуы. Ұлттық идеологиялар ұлттың өз ішіндегі идеялық қарама-қайшы-
лықты бәсеңдетіп, ұлттың алдына ортақ міндеттер қояды және соларды жүзеге асыруға жұмылдырады.
Осындай негізде еліміз жоғалтқанын тауып, жас мемлекет ретінде ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялылы-
рының жеке мемлекет құрудағы талпынысы барысындағы ұлттық идеясын жаңғырту ұрпақ парызы
деп есептеймін.
Ал енді мемлекеттік доктриналарға келетін болсақ, бұл да идеологияның бір түрі. Бірақ оның белгілі
бір ерекшеліктері бар. Көптеген дағдарысты қоғамдарда әлеуметтік жіктелістің төреңдеуіне орай қоғамда
бірнеше идеологиялық ағымдар болады. Олардың билік үшін күресі шиеленісіп кетуі мүмкіндігіне
байланысты немесе Липсет «көпқұрамдас» қоғам деп атаған әр түрлі этникалық топтардан тұратын
қоғамдарда саяси жанжалды болдырмайтындай идеологияның түрі таңдап алынады. Әдетте мұндай
мемлекеттік доктриналар «технократиялық» бағдарламаларды негізге алады. Мысалы, Қазақстан
тәуелсіздік алғаннан кейін, сыртқы және ішкі факторларды есепке ала отырып қабылдаған мемлекеттік
доктринасы осындай болды [18].
Қазіргі заман адамзат тарихынының субьектісі. Осы тұрғыда адамзат ұлт ретінде өзінің ұлттық
идеясын сезінбей өмір сүре алмайды. Ұлттық идея мемлекеттің ұлттық саясатың (ішкі және сыртқы
саясаттын да) құруындағы негізігі принципі болып табылады. Аталған принцип арқылы ғана мемлекет
өзінің сыртқы саясатын, одақтастар мен қарсыластарын, ішкі саяси, әлеуметтік, экономикалық және
мәдени бағдарламаларын, әскери күш жүйесін жандандыру үшін және т.б. анықтайды және оған қол
жеткізеді. Ұлттық идея болмай мемлекет халыққа ұсынатын бағдарламалардың идеялық қамтамасыз-
дануы мүмкін емес. Деректер бойынша ұлттық идея ұлттық саясаттың негізгі құралы, нағыз күші және
кез-келген мемлекеттің тарихи және саяси траекториясын анықтайтын фактор.