Түрiк қағанатының территориялық және әкiмшiлiк бөлiнуi. Жоғарыда атап өткенiмiздей Түрiк қағанаты Шығыс және Батыс қағанаты болып екiге бөлiндi. Егер тұтастай мемлекет түрiк елi атанса, батыс бөлшегi, яғни Батыс Түрiк қағанаты “он оқ” елi атанды. Оның олай аталуының себебiнiң сыры — ондағы әкiмшiлiк-территориялық ел бөлiнуiнiң он аймаққа — он оққа бөлiнуiнен едi. Суябтан батысқа қарай бiрiккен бес аймақ оң қанат болып-он шадаталса, ал шығысқа қарай бес аймақ дулу атанды. Оларды бөлiп жатқан шекара Iле өзенi едi. Түрiк қағанатына бағынған Жетiсу мен Орта Азиядағы қалалар бұрынғы басқару жүйесiн сақтап қалған.
656 жылғы жеңiлiстен кейiн Батыс Түрiк қағанатының екi қанаты Қытайдың екi наместниктiлiгiне негiз болды. Қытай жаулап алуынан кейiн Түргеш қағанаты өз империясын жаңадан қалыптастырды. Бiрақ әкiмшiлiк жүйесi өзгердi. Үшелiк қаған VIII ғасырдың басында мемлекеттi әр бiрiнде 7000 шаруашылық бар 20 аймаққа бөлдi. Ол тұтық (түтүк) деп аталды. Аталған аймаққа қоныстанғандарды ешқандай тайпаға не ұлысқа жатқызуға болмайды. Олар этникалық жағынан емес, саяси тұрғыдан бiрiккен едi. Өйткенi, Батыс Түрiк қағанаты соғыс кезiнде бiр түмен, яғни 10 мың әскер шығарып, оларды қаған сайлаған шенеунiк басқарды. Осыған қарамай түрiк дәуiрiне дейiнгi тайпалар бiрлестiгi кей жерлерде жеке-жеке бөлiнiп, аймақтар құрамына кiрдi. Он оқ бiрлестiгiмен бiрге Түрiк империясының құрамына оғыз бiрлестiгi ендi. Ол өзiне орта азиялық Соғды князьдығы мен өзiне тәуелдi көшпелi жұртшылықты енгiзетiн. VIII ғасырда Түрiк қағанатындағы бiр орталыққа бағынған билiктiң әлсiреуiне байланысты оның әкiмшiлiк бөлiнуiндегi құрылымдар да бiршама өзгердi. Аймақтар жартылай тәуелсiз иелiктегi қалалық аймақтар мен көшпелi тайпалар бiрлестiгiне айнала бастады. Сөйтiп бiр кездегi орталығы iрi қалалар болған удельдiктер жүйесi кеңiнен дамыды. VIII ғасырда Ислам дiнiнiң таралуына байланысты Түрiк қағанатының әкiмшiлiк құрылымына едәуiр жаңалықтар енгiзiлдi.
Түрiк қағанатының егемендiгi мен халықаралық құқық субъектiлiгi. Түрiктер өздерiнiң мемлекетiнiң пайда болуын халықаралық құқық саласындағы ерекше субъектi ретiнде пайда болуымен байланыстырады. 545 жылы Бумын ордасының орталығына Батыс Бэй империясынан Қытай елшiлiгi келгенде, ордалықтар бiр-бiрiн құттықтап өздерiне ұлы державаның өкiлi келгенiн айта отырып, болашақта бiздiң мемлекеттiң атағы жер жарады деп мақтанған. Шындығында да қаған лауазымы Қытай және Византиядағы императорлық лауазымнан кем емес болатын. Мұндай лауазымды өз мемлекетiн басқарған ғана емес, сонымен бiрге өзге мемлекеттердегi этностарды билеп төстеген адам ғана иеленетiн. Сөйтiп Қазақстан территориясындағы қаған лауазымы ашин династиясынан кейiн Түргеш қағанаты, қарлұқ қағанаттарымен алмастырылды. Соңғы қарлұқтар, IХ ғасырдың ортасына дейiн ұйғыр қағанатына тәуелдiлiгiне байланысты қаған атанбады. Өйткенi ол егемендiк пен халықаралық құқық субъектiлiгiне ие емес болатын. Жалпы түрiк және Батыс-Түрiк қағанатында дипломатиялық қызметтерге ерекше көңiл бөлiндi. Оның айғағы — олардың Қытай мемлекетiменен елшiлiк және дипломатиялық хаттар арқылы байланысып тұруы, сондай-ақ Иран мен Византия империясымен де байланыста болуы. Мысалы, Византиядағы — Маниах, Қытайдағы — Мохо-шат және т.б. елшiлерi аттарының белгiлiлiгi. Сонымен қатар Түрiк қағанатында Византияның Валентин және Земарх елшiлерiнiң болуы жоғарыдағы келтiрiлген мысалдарымызды растай түседi.
Түрiк қағанаты халықаралық саясатқа белсендi араласып, ондағы әскери-саяси одақтар мен блоктар жүйесiне кiруi де оның әлемдегi алатын орнын айқындайды. VII ғасырдың 20-жылдарында екi коалицияға бөлiнiп Ұлы Жiбек жолына қадағалау жүргiзуге тырысулар және қырғи қабақ соғыс жағдайында бiр жағында Батыс Түрiк қағанаты, Қытай мен Византия, ал екiншi жағында Шығыс Түрiк қағанаты, Иран және Авар қағанатының болуы сөзiмiздi дәлелдей түседi. Түргеш (704-756) және қарлұқ (756-940) династиясының билiгi кезеңiндегi Түрiк мемлекетiнiң әлсiреуi, түрiктердiң дипломатиялық белсендiлiгi мен дипломатиялық байланысының қысқаруына әкеп соқты. Батыс Түрiк қағанаты өз егемендiгiн жоғалтып, нәтижесiнде қарлұқ династиясының қайта қолға алуыменен мемлекеттiң тәуелсiздiгi сақталып қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |