38. Жүсіп ата туралы не білесіз? Жүсіп ата кесенесі жергілікті маңызы бар ескерткіш. Түркістан қаласынан 25 шақырым қашықтықта, Ескі Иқан ауылының орталығында орналасқан сәулеттік құрылыс. Кесене Иқан каласы қирандысынан 500 метрдей оңтүстік-шығыста орналасқан, бұрын мұнда ешкандай археологиялық зерттеу жүргізілмеген, тек 2005 жылы кесене іргесіне зерттеулер жүргізілген болатын. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №632 санды нөмірімен енгізіліп, мемлекет қарауына алынған. Жалпы қорғау аумағы 1,5 га.Жүсіп атаның өміріне қатысты деректерді саралай келе, ХІІ ғасырда өмір сүрген діни тұлға екендігі анықталды. Ол туралы толық деректер көп сақталмаған. Аңыз, әпсаналар мен жергілікті көнекөз қариялардың айтуларына жүгінуге тура келеді. Жүсіп атаны жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп те атайды. Оның мәнісі «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Ол Қожа Ахметтің замандасы, шәкірті, тағы бір аңызда жиені болып есептеледі. Жүсіп ата көзі тірісінде әулиелік дәрежеге жеткен. Аңыз бойынша Қожа Ахмет Ясауи бірде Жүсіп атаның үйінде болып «Сенің төртінші ұрпағың Камалиддин шайық керемет зор әулиелікке жетеді», - дейді. Сол Жүсіп атадан тараған ұрпақтары Камалиддин, Сүлеймен, одан Омар, Жиен, Сыддық деген ұрпақ қалады. Жиеннен Иқан Қожа, одан Ата қожа, одан Шарафуддин тарайды.
Жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша, Жүсіп ата кесенесінде 1930 жылдары діни кітаптардың өте көп сақталғандығын тілге тиек етеді. Өкінішке орай, Кеңес үкіметі орнағаннан соң біршама кітаптар өртенгендігін жергілікті халықта растайды. Алайда кесене ішінде жерленген тұлғалардың құлпытастары толық сақталған. Олар: Сабыр ата, Құрбан ата, Жүсіп ата, Халил ата (Жүсіп атаның ұлы), Ибраһим ата, Әбдіжалил ата, Асан ата, Әбді Әзиз ата құлпытастары. Кесене ішіндегі жерленген тұлғалар «Жүсіп атаның ұрпақтары немесе шәкірттері болуы», - тиіс
39. Жүйнек қаласы туралы не білесіз? Жүйнек қала орны – Қазақстандағы көне қаланың орны, атақты ақын Ахмет Жүйнекидің туған қаласы. Түркістан ауданында, Іркемсай (Еркемсай) өзенінің жағасында орналасқан. 1970 жылы Отырар археологиялық экспедицияда (жетек. К.А. Ақышев) зерттеген. Қаланың тарихы 2 мыңжылдықты қамтиды. Оның төменгі қатпары біздің заманымыздың 1-ғасырынан мағлұмат береді. Бертінгі орта ғасыр кезеңінде бұл өңірде Жүйнек қонысы ірге тепкен, бұл қоныс жайындағы дерек 16 ғасыр жазбаларында кездеседі. Ежелгі қаланың үштен бір бөлігін су шайып кеткен. Су шайған жарлауыттан мәдени қабаттар ізі аңғарылады. Қабат ауқымы 10 – 12 метр. Судан аман қалған қала орны сопақша төбешік болып жатыр, биіктігі 10 метр. Қала қақпасы оңтүстік қорған қабырғаның орта тұсында болса керек, құлап жатқан жалдың ені 10 метр. Төбешіктің өлшемі: оңтүстік-шығыс жағы 70 метр, шығыс жағы 150 метр. Табылған керамиканың ең байырғылары – саз қамырға құм мен шамот қосып, қалыпсыз жасаған үшбұрышты, ернеуі сыртына қайырылған тостағандар, ернеуі үшкілденіп келген кең мойын құмыралар болып табылады. Құмыралар қызғылтым және қошқыл қызыл ангобпен сырланған, қызыл-қоңыр ангоб қаптырып, жылтыратылғаны да кезігеді. Ақ ангоб үстінен мөлдір бояу жалатқандары да бар. Нақыштары көгеріс өрнек ырғағында жасыл, қоңыр, қызыл және сары бояумен сырланған. Табылған заттар Қазақстанның Археология музейінде сақтаулы.
Достарыңызбен бөлісу: |