Құқықтық нигилизм
Бүгінгі қоғамда қарапайым қоғам мүшелері арасында құқыққа деген көзқарастың өзгеруі, жалпы құқыққа байланысты бағаның төмендеуі нигилистік сананың өрістеуіне жетелеуде. Нигилизмді адамдар арасындағы қарым-қатынасты ұтымды реттеу құралы ретіндегі құқықтың мəнін терістеп, жоққа шығару сипатында түсінсек, құқықтық қатынас субъектілерінің құқықты айналып өтуді құқық талаптарын орындаудан қарағанда тиімді санауы елде сыбайлас жемқорлық, рэйдерлік, құқық талаптарын мойындамаушылық, жауапсыздық сияқты негативтік салдарларға əкеліп соғуда. Бұл өз кезегінде мемлекеттегі құқықтық саясатты қайта қарастыру, осыған байланысты қоғамды басқару жүйесінде жүйелі өзгерістер енгізу қажеттігін алға тартады. Жалпы қоғамда тыныштық пен құқықтық тəртіптің орнығуы ең алдымен сол қоғам мүшелерінің құқыққа деген оң көзқарасының нəтижесі болып табылады. Осы себептен де мемлекет қоғамда құқықтың жүзеге асырылуына байланысты оң нəтижелерге қол жеткізуге мүдделі болуы тиіс. Əр мемлекетте қоғамның құқықтық сауатын арттыру, осы бағытта əртүрлі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, БАҚ арқылы құқықтық ақпарлар тарату, қоғам мүшелерінің құқық талаптарын орындауға мүдделілігін арттыру бойынша үздіксіз шаралар ұйымдастырылады. Бірақ, олардың тиімділігі сол мемлекеттегі биліктің ұстанымдарының қоғам мүддесімен ұштасуына байланысты, сол себептен кейбір мемлекеттер əлі де болса қоғамға қатысты құқықты орындауға байланысты репрессивті шараларды басым жағдайларда қолданып келеді.
Құқықтың əлеуметтік маңызын жоққа шығару, құқыққа, заңдарға, құқықтық тəртіпке деген құрметтің болмауы бүінгі нигилизмнің басты сипаттары. Сонымен бірге, əртүрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың жəне лауазымды тұлғалардың тарапынан орын алатын құқыққа деген немқұрайлылық, менсінбеушілік, сенімсіздік көрсету сияқты қатынастар да нигилизмнің көрінісі болып табылады. Нигилизм екі нысанда орын алады: біріншісі, құқықты ашық түрде жоққа шығару, оның қағидалары мен нормаларын ескерусіз қалдыру; екіншісі, құқықты нормаларды біле отырып оларды өз мақсатына пайдалану. Қазіргі қоғамда халықтың кей бөлігі құқықты жоққа шығарып, оған мойынұсынғысы келмесе, екінші бөліг сол құқық нормаларын мұқият зерттеп оларды айналып өту тетіктерін қарастыруда. Құқықтық нигилизм тек қарапайым халық арасында ғана емес, сол құқықтың жүзеге асырылуын қадағалайтын мемлекеттік қызметшілер арасында да өрістеуде. Бүгінгі еліміздегі нигилизмнің кең өріс алуына нақты жағдайлар өз əсерін тигізді, ол əсіресе еліміздің бір қоғамдық формациядан екіншісіне еш даярлықсыз өтуімен байланысты болды. Əсіресе, бұл белгілі бір идеология, құндылықтар негізінде өмір сүрген қоғам үшін үлкен қиыншылықтар тудырды. Өздері үшін мызғымас саналған қағидалардың жоққа шығарылуы, бұрынғы Одақтың күйреп, орнына мүлдем жаңа мемлекеттің орнығуы, мемлекеттік меншікке негізделген шаруашылықтың жеке меншікке ырықсыз өткізілуі қоғам мүшелері арасында жаңа қалыптасқан құқыққа деген сенімсіздікті, қабылдамау сезімін тудырды. Бұл турасында ресейлік ғалым В.А.Тумановтың пікірі өте ұтымды айтылған, «говорят, что юридическому нигилизму немало способствовали перестройка с сопровождавшими ее "войной законов", национальными конфликтами, падением государственной дисциплины, противостояние исполнительной и представительной властей и т.п. Все эти обстоятельства нельзя игнорировать Однако более значимым представляется другое объяснение: как только общество отказалось от авторитарных методов не правового государственного управления и попыталось встать на путь правового государства, как только скованные ранее в политическом и экономическом плане люди получили более или менее реальную возможность пользоваться правами и свободами, так тотчас же дал о себе знать низкий уровень правовой культуры общества, десятилетиями царившие в нем пренебрежение к праву, его недооценка. Юридический нигилизм при востребованном праве оказался куда более заметен и опасен, чем при праве невостребованном
Шындығында да бұрындары тек қатаң режимде өмір сүріп, не істеу қажеттігін мемлекеттің көрсетуімен біліп үйренген тұрғындар үшін еркін түрде өз құқықтарын жүзеге асыруға берілген мүмкіндік олардың сол құқықтарды жүзеге асыруға жаңаша ұстанымдарын қалыптастырды. Бұл ұстанымдар қазір құқықтық қағидалармен ұштаса алмауда, басты себеп, адамдар өз құқықтарын біле отырып міндеттер жайлы ұмыт қалдырады немесе сол құқықтарын жүзеге асыру жолында заңға қайшы тетіктерді
пайдаланады. Еліміздегі құқықтық нигилизмнің бұқаралық сипатқа ие болуына себеп болған негізгі жағдай қабылданған заңдардың сапасының төмендігі болып отыр. Тіпті, парламент мəжілісінің төрағасы болған О.Мұхамеджанов та бұл жайды жасыра алмаған еді, «парламент Мəжілісінің қарауына енгізілетін заң жобаларының сапасы туралы қаншама айтылып жатқанымен, бұл мəселеде көңіл көншітерлік нəтиже жоқ деуге мəжбүр болып отырмыз.
Біздің елдегі орын алған жағдайды түзетіп, халықтың құқықтық санасын арттыру үшін келесідей мəселелер өз шешімін табуы тиіс:
- Ең алдымен мемлекеттік билік құқықтық мемлекет қағидалары бойынша қызмет етуі тиіс, яғни, құқықтың тек қоғамды басқару құралы емес мемлекеттік билік үшін де міндетті ережелер жиынтығы екендігін мойындауы қажет;
- Екіншіден, мемлекетте кəсібилілік қағидасы басты орынға шығуы тиіс, жоғары лауазымды саяси қызметшілер өз бастамалары мен реформаларының нəтижесіне жауапты болуы тиіс;
- Үшіншіден, жалпыұлттық идеология жасақталынуы, жалпыхалықтық құндылықтар кеңінен насихатталуы, сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстары кең ауқымда жүзеге асырылуы қажет;
- Төртіншіден, сыбайлас жемқорлықпен күрес тек көрсетпелік сипаттан арылып, жоғары дəрежеде жүзеге асырылуы керек, осы саясатты жүргізушілер тексерісті алдымен өздерінен бастауы тиіс. Осы мəселелер шешімін тапқан жағдайда жалпы қоғамдағы құқықтық нигилизмді жеңіп, азаматтардың құқықтық санасының көтерілуіне қол жеткізуге болады деп тұжырымдауға болады. Бұл өз кезегінде қазіргідей шиеленісті жағдайдың жағымды сипатта шешілуіне кепіл бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |