Құқыққы сай мінез құлық.
Заңды мінез-құлық — құқық нормаларының нұсқауларына сəйкес келетін жеке тұлғаның мінез-құлқы. Заңды мінез-құлық арқылы заң орындалады, жүзеге асырылады. Заңның талаптары орындалмаса, ол жансыз. Тұлғаның заңды мінез-құлқының көлемі мен үлгісі құқықтық норманың диспозициясында көрсетілген. Егер адамдардың мінез-құлықтары құқық нормаларының талаптарына сəйкес келсе, онда құқықтық тəртіп нығаяды.
Заңды мінез-құлық арқылы қоғам басқарылады, оның өмірі қалыпты жағдайда жүргізіледі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары жүзеге асырылады. Мұны азаматтардың көбі түсінеді, сондықтан пайда болатын, жүзеге асырылатын құқықтық қатынастардың басым көпшілігі заңды мінез- құлық негізінде құрылады.
Азаматтар заңның талабын белсенділікпен немесе енжарлықпен орындайды. Соған сəйкес мінез-құлық екіге бөлінеді: 1) белсенді заңды мінез-құлық; 2) бəсең (енжар) заңды мінез-құлық. Белсенді заңды мінез-құлық — лауазымды тұлғалардың, азаматтардың өз бастамасымен белгілі мақсатқа бейімделген заңды əрекеттері. Ондай əрекеттер қосымша уақыт, күш, кейде қаражат жұмсаумен байланысты. Осындай мінез-құлық басым болуы үшін қазіргі кезеңде қажетті шарттар баршылық. Ол — егеменді, дербес мемлекет пен ұлттық құқық жүйесінің қалыптасуы, экономикалық дағдарысты тоқтату үшін барлық күш-жігерді жұмсаудың қажеттігі, асқынып бара жатқан қылмысқа қарсы азаматтардың əлінше күресу борышы. Демек, заңдардың қағидаларын белсенділікпен орындау — заманымыздың талабы. Белсенді түрдегі заңды мінез-құлықтың көріністері сан алуан. Ол лауазымды тұлғалардың өз міндеттерін адал ниетпен, сапалы атқарып, азаматтардың өздеріне жүктеген міндеттерінқалтқысыз, саналы түрде орындауы, сонымен қатар құқықтарын жүзеге асыра отырып, мемлекеттің, қоғамдық бірлестіктердің жұмысына белсене катысып, əлінше көмектесу, заңдардың жобаларын талқылауда бой көрсетіп, өз пікірін ортаға салу—міне, құқықтық белсенділікке осындай əрекеттер жатады. Енжар заңды мінез-құлықтың көрінісі де сан алуан. Азамат өзіне жүктелген міндеттерді қалай болса солай орындайды. Ал өзінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруға енжарлықпен, немқұрайдылықпен қарайды. Мысалы, сайлауға, заңның жобасын талқылауға катыспайды, отбасын құрғысы келмейді, оқып-білім алуға ерінеді, тіпті, жақсы істеп, табыс та тапқысы келмейді. Əрине, мұндай мінез-құлық заңға қайшы келмесе де, адамның ең алдымен өзіне зиян келтіреді, себебі адамның игілігі үшін берілетін заңды мүмкіндіктер іске аспай қалады. Мұндай мінез-құлықтан қоғам да ештеңе ұтпайды. Демек, екі тарап та ұтылыста болады. Мұндай енжар мінез-құлық басым болса, мемлекетке де зиян келеді. Азаматтардың енжарлығын, немқұрайдылығын пайдаланып, қара ниетті лауазымды тұлғалар мемлекет органының қызметін халықтың бақылауынан тыс қоюға əрекет жасаулары мүмкін. Əрине, тек насихатпен адамдардың енжар мінез-құлқын белсенділікке айналдыру оңай емес. Ең алдымен белсенділік жастайынан қалыптасатын қасиет. Оның негізгі шарты — еңбекке баулу. Заңдар да адал, ақ ниетпен істелген жұмыс үшін көтермелеу шараларын белгілесе, ол құқықтық белсенділікке негіз болады. Заңды мінез-құлық бірнеше түрде болуы мүмкін. Құқықтық сананың деңгейіне байланысты заңды мінез-құлық (жүріс- тұрыс) төмендегідей түрлерге жіктеледі:
1. Маргиналдық (маргинал - жік аралық) заңды мінез-құлық - бұл мінез- құлық бəрінен бұрын заң бойынша жазаланудан қорқу мен өз есебінен жаңылып қалмау мақсатына негізделеді. Маргиналдық мінез-құлықты адамдар қайсы сəтте де болса заңды оп-оңай аттайды (бұзады), сəті келсе, ыңғайлы жағдай туа қалса құқықтық талаптарды орындамауға да дайын тұрады.
2. Конформистік құқыққа сай мінез-құлық. Мұндай мінез-құлық адамның құқықтық талаптарға конформистік түрде бас июіне (көніп бағынуына) негізделеді Мұндай мінезді адамның ұстанатын қағидаты "бəрі қандай болса, мен де сондаймын" болады. Мұндай мінез-құлық құқықтық нормаларды жете түсінбей, олардың байыбына бармай бұлжытпауға (сақтауға) негізделеді.
2. Жағымды құқыққа сай мінез-құлық - мұндай мінез-құлық қоғамда бар құқық нормаларының əділ жəне əділеттілігіне деген мызғымас сенімге, құқықты құрметтеуге жəне оны терең білуге негізделеді. Мұндай мінез- құлық құқықтың əдеттегі қалып бойынша, əртүрлі себептермен дəлелдердің іштей арпалысуынсыз орындалуынан (атқарылуынан) көрінеді. Құқыққа сай, əлеуметтік тұрғыдан белсенді мінез-құлықтың мұндай түрі құқықтың құндылығының қажеттілігі жөніндегі мызғымас сенім мен құкықты құрметтеуге ғана емес, сонымен бірге құқыққа дəлелді түрде қарау мен оны жете түсінуге негізделген.
Достарыңызбен бөлісу: |