З. С. Токубаев заң ғылымдарының докторы, Қр іім б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының Ғылыми зерттеу институты бастығының орынбасары


Қазақстанның түзеу колонияларының тарихи-құқықтық негіздері



бет2/6
Дата28.06.2016
өлшемі0.5 Mb.
#163789
1   2   3   4   5   6

2.2 Қазақстанның түзеу колонияларының тарихи-құқықтық негіздері

Еңбек колонияларын (қазіргі колония-қоныстар сияқты ашық мекемелер) салу Қазан революциясынан кейін басталған еді. Артынан Еңбек колониялары (ауыл шаруашылық, қол өнер, фабрикалық) РСФСР-дің 1924 жылғы Еңбекпен түзеу кодексінің нормасында бекітілген болатын.

РСФСР-дің ЕТК 150-бабында Еңбек колониялары қатаң оқшаулаусыз бес жылдан көп емес мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарылғандар үшін құрылады және онда бірінші рет немесе байқаусызда немесе ауыр материалдық жағдай салдарынан қылмыс жасаған еңбекші адамдар қамауда отырған.

Еңбек колонияларында ұстаудың жеңілдетілген режимі қарастырылған. Онда қамаудағылар колония аумағы бойынша еркін жүріп тұрған, оларды қадағалаусыз әр түрлі тапсырмамен колониядан тыс жерге жібере беретін, ал кездесу оларға РСФСР ЕТК 154-бабында көрсетілгендей тікелей берілетін болған.

1924 жылғы ЕТК көрсетілген еңбек колоиялары ХХ ғасырдың 20-жылдары Қазақстан аумағында дами қоймаған. Мұрағаттық деректер бойынша Қазақстан аумағында еңбек колонияларының болғандығы туралы мәліметті таппадық.

Атап өтерлік нәрсе, РСФСР 1933 жылғы ЕТК бойынша бас бостандығынан айыру орындарының негізгі түрі болып төмендегідей типтерге бөлінген еңбекпен түзеу колониялары саналған:

- еңбек етуші элементтердің қатарынан сотталғандарды ұстау үшін – фабрикалық-зауыттық және ауыл шаруашылығы колониялары;

- таптық жауласқан элементтер мен ауыр қылмыстар жасаған адамдар үшін – жаппай жұмыс істеу колониялары;

- ұстау режимін қасақана бұзушыларды оқшаулауға арналған – айыптық колониялар.

Ұстау режимі мәселесі бойынша атап өтерлік бір нәрсе, айыппұл колонияларында сотталғандарды камера бойынша ұстау қарастырылған. Күн сайын кем дегенде бір сағат серуенге шығару қарастырылған болатын .

Қазақстан аумағында 1933 жылдан бастап өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы колониялары және жаппай жұмыс колониялары құрыла бастады. Олардың орналасқан жерлерін біз Б қосымшасында көрсетеміз.

Көріп отырғанымыздай жаппай жұмыс істеу еңбекпен түзеу колониялары контрагенттік жұмыс негізінде құрылған, сондықтан олардың толығу лимиті нақты өндірістің жұмыс күшіне деген қажеттілігіне байланысты болған. Бір жерде жаппай жұмыс істеу еңбекпен түзеу колониясы ашылып жатса, басқа жерлерде жұмыстың аяқталуына байланысты жабылып жатты. Деректер көрсетіп отырғандай, біз қарастырып отырған кезеңде жаппай жұмыс істеу колонияларының лимиті мөлшермен алғанда 100-ден 800 адамға дейін өзгеріп отырған.

Жазасын өтеу режиміне қатысты айтатын болсақ, сотталғандар колония аумағында болсын, сол сияқты өндірістік объектілердің аумағында еркін жүріп, тұратын болған. 1933 жылғы Еңбекпен түзеу кодексінің нормасына сәйкес сотталғандарды белгілі бір категорияға бөлу болмаған. Мысалы, жаппай жұмыс істеу ЕТК таптық-дұшпандық элементтер қатарынан шыққан адамдар үшін, сол сияқты аса ауыр қылмыс жасаған еңбекшілер ортасынан шыққан сотталғандарға да арналған болатын. Алайда, мұрағат материалдары көрсеткендей бұндай адамдар, әдетте еңбекпен түзеу лагерлеріне жіберілетін.

Ұлы Отан соғысының басталуымен ЕТМ барлық бөлімшелері және барлық жеке құрамы әскери жағдайға ауыстырылған. Сотталғандардың айтарлықтай бөлігі мен қызметкерлердің жеке құрамы Қызыл Армия қатарына шақырылып, майданға жіберілген. Республиканың еңбек колониялары әскери өнімдерді шығара бастаған: әскери киім-кешектерден, пима, ботинкадан бастап, ет, картоп, көкөніс өндірумен аяқтай отырып және екінші жағынан ауыл шаруашылығы өнімдерін қоса алғанда.

Қазақ КСР ІІХК еңбекпен түзеу мекемесінің және еңбек қоныстарының бөлімі 1942 жылдың қаңтар айында Қазақ КСР ІІХК еңбекпен түзеу лагерлері мен колонияларының басқармасы (ЕТЛКБ) болып қайта құрылған. Соңғысының құрамында өндірістік бөлім және өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ветеринария құрылған болатын.

Сол 1942 жылы Қазақстанда тағы да 22 жаппай жұмыс істейтін колония ұйымдастырылған болатын. Одан кейінгі уақытта олардың саны көбейе түсті, 1944 жылы 32 жетті [12].

1953 жылғы рақымшылдықтан кейін сотталғандардың санының кезекті азаюы болды. Осыған байланысты, 32 колониядан бар жоғы 14 қалдырылған болатын, оның ішінде 4 өнеркәсіптік, 3 ауыл шаруашылығы, 5 контрагенттік колония және 4 мүгедектерге арналған қалдырылды.

1961 жылы КСРО коммунистерінің жаңа партиялық бағдарламасына сәйкес елімізде коммунизм орнату басталды. Осы кезде сотталғандардың еңбегін тиімді пайдалану үшін 1960-80 жылдары КСРО-да жабық типтегі еңбекпен түзеу колониялары жүйесі құрылды. Олардың қызметі басында КОКП ОК және КСРО Министрлер Кеңесінің 1961 жылғы 3-сәуірдегі «КСРО ІІМ еңбекпен түзеу мекемелерінің қызметін жақсарту бойынша шаралары туралы» қаулысымен бекітілген «КСРО ІІМ еңбекпен түзеу мекемелері мен түрмелері туралы Ережемен» реттелінді [8].

Бұл Ережеде режим түрлері бойынша сотталғандарды жеке-жеке орналастыру көзделген болатын: жалпы, күшейтілген, қатаң және айырықша. Жалпы режимде ауыр емес қылмыс үшін тек бірінші рет ғана сотталғандарды ұстау, күшейтілгенде – бірінші рет ауыр қылмыс үшін сотталғандарды, қатаңда – екі және одан да көп рет сотталғандарды, айырықша режимде – аса қауіпті рецидивистерді және өлім жазасы ретіндегі жазалау өмір бақи бас бостандығынан айырумен алмастырылған адамдарды ұстау қарастырылған. Әйелдер мен кәмелетке толмаған сотталғандар үшін ұстау режимінің екі түрі тағайындалған болатын.

Атап өтерлік нәрсе, осы уақытта құрылған еңбекпен түзеу колониялары өздерінің өндірістік мүмкіншіліктеріне орай өздерінде 1800-2000 адам көлемінде сотталғандарды тұрақты санын ұстап тұруға мүмкіндіктері болған. Осыған байланысты жалпы, күшейтілген, қатаң және айырықша режимдегі колонияларда сотталғандардың түрлі категориясын ыңғайластырып ұстаудың мүмкіндігі пайда болған.

Осылайша, еңбекпен түзеу колонияларының өндірістік саласын ұйымдастырудың ерекшелігі КСРО ІІМ еңбекпен түзеу мекемелері мен түрмелері туралы жоғарыда аталған Ережені ұстауға тікелей ықпал еткендігін айтуға болады.

Бұдан кейінгі уақытта еңбекпен түзеу колониялары еңбекпен түзеу мекемесінің негізгі түрі ретінде Қазақ КСР 1971 жылғы ЕТК нормасында заңнамалық тұрғыдан бекітілген болатын.

Қазақ КСР ЕТК 12-бабына сәйкес бас бостандығынан айыру түрінде жазаны орындаушы еңбекпен түзеу мекемелері болып табылатындар: еңбекпен түзеу колониялары, түрмелер, еңбекпен тәрбиелеу колониялары.

Өз кезегінде еңбекпен түзеу колониялары келесі режимдерге бөлінген: жалпы режимдегі колониялар, күшейтілген режимдегі, қатаң режимдегі, ерекше режимдегі, сол сияқты абайсызда қылмыс жасаған адамдарға арналған колония-қоныстар.

Жалпы режимдегі еңбекпен түзеу колониялары төмендегідей сотталғандардың жазасын өтеуі үшін арналған болатын:

- ауыр болып табылмайтын қылмыс үшін бірінші рет бас бостандығынан айыруға сотталғандар;

- ауыр қылмыс үшін үш жылдан көп емес мерзімге бірінші рет сотталғандар;

- аса қауіпті рецидивист болып танылмайтын бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдер және өлім жазасы түріндегі жазалау кешірім жасау немесе рақымшылдық тәртібінде бас бостандығынан айырумен алмастырылған әйелдер.

ЕТК 24-бабына сәйкес күшейтілген режимдегі еңбекпен түзеу колониясы ауыр қылмыс үшін үш жылдан жоғары мерзімге бас бостандығынан айыруға бірінші рет сотталғандарға (еркектерге) арналған.

Қатаң режимдегі еңбекпен түзеу колониялары төмендегідей сотталғандардың жазасын өтеуі үшін арналған болатын:

- аса қауіпті мемлекеттік қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталғандар (еркектер);

- бас бостандығынан айыру түрінде бұрын жазасын өтегендер;

- аса қауіпті мемлекеттік қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдер;

- аса қауіпті рецидивист деп танылған әйелдер;

- өлім жазасы түріндегі жаза кешірім жасау немесе рақымшылдық тәртібінде бас бостандығынан айырумен алмастырылған әйелдер.

Ұстау жағдайы, посылка, сәлемдеме, бандерол алу еңбекпен түзеу колониясының режимінің түріне байланысты болады. Мысалы, жалпы режимде азық-түлік және алғашқы қажеттілік заттарын сатып алу үшін айына жеті сомға дейін сумманы ұстауға, үш қысқа мерзімді және екі ұзақ кездесуге, жылына екеуден артық емес бандерол алуға және хатты шектеусіз олардың саны бойынша жіберуге рұқсат етіледі. Мерзімнің жартысын өтегеннен кейін сотталғанға сол сияқты бір жыл ішінде үш посылка немесе сәлемдеме алуға рұқсат беріледі.

Жақсы қылығы және еңбекке шын ниетімен қарағанда жаза мерзімінің жартысынан көбін өтеген кезде ұстау жағдайы жақсартылуы мүмкін, яғни айына төрт сом көлемінде қосымша ақша жұмсауға рұқсат етіледі, сол сияқты бір жыл ішінде бір ұзақ кездесу, ал жақын туыстары болмаған жағдайда – бір қысқа мерзімді кездесу алуына рұқсат беріледі.

Күшейтілген режимде айына алты сомға дейін сумманы жұмсауға, екі қысқа мерзімді және екі ұзақ кездесу, жылына екеуден артық емес бандерол және айына үшеуден көп емес хат жіберуге рұқсат беріледі. Мерзімнің жартысын өтегеннен кейін сотталғанға сол сияқты бір жыл ішінде екі посылка немесе сәлемдеме алуына рұқсат етілген.

Жақсартылған ұстау жағдайына ауыстырылған кезде жаза мерзімінің кем дегенде жартысын өтеген соң сотталғанға айына үш сом мөлшерінде қосымша ақша жұмсауға, сол сияқты бір жыл ішінде бір ұзақ кездесу, ал жақын туысқаны болмаған жағдайда – бір қысқа мерзімді кездесу алуына рұқсат етілген.

Қатаң режимде айына бес сомға дейін ақша ұстауға, екі қысқа мерзімді және бір ұзақ кездесуге, жылына екеуден артық емес бандерол алуға және айына екі хаттан көп емес жіберуге рұқсат етілген. Жаза мерзімнің жартысын өтеген соң сотталғанға сол сияқты бір жыл ішінде бір посылка немесе сәлемдеме алуға рұқсат етілген.

Жаза мерзімінің кем дегенде жартысын өтегеннен кейін жақсартылған ұстау жағдайына ауыстырылған кезде сотталғанға айына екі сом мөлшерінде қосымша ақша жұмсауға, сол сияқты бір жыл ішінде бір ұзақ кездесу, ал жақын туысқаны болмаған жағдайда – бір қысқа мерзімді кездесу алуға рұқсат етіледі.

Айырықша режимдегі колониялар ЕТК 26-бабына сәйкес аса қауіпті рецидивистердің және өлім жазасы түріндегі жазалау кешірім жасау немесе рақымшылдық тәртібінде бас бостандығынан айырумен алмастырылған адамдарға арналған болатын. Бұнда сотталғандарды қатаң оқшаулау жағдайында камера типіндегі баспанада ұстау қарастырылған. Олар айына төрт сомға дейін мөлшердегі ақшаны жұмсай алатын, бір жыл ішінде бір қысқа мерзімді және бір ұзақ кездесу алуға құқы болатын, жылына екеуден артық емес бандерол алуына және айына бір хат жібере алатын. Жаза мерзімінің жартысын өтегеннен кейін оларға бір жыл ішінде бір посылка немесе сәлемдеме алуына рұқсат беріледі.

Жаза мерзімінің кем дегенде жартысын өтегеннен кейін сотталғандар жақсартылған ұстау жағдайына көшуіне болатын, яғни айына бір сом мөлшерінде ақшаны қосымша жұмсауға рұқсат етілген. Сол сияқты бір жыл ішінде бір ұзақ кездесу беруге болатын.

Абайсыздықта қылмыс жасаған адамдарға деген колония-қоныстар абайсызда жасаған қылмысы үшін бес жылдан көп емес мерзімге бірінше рет бас бостандығынан айыруға сотталғандарға арналған болатын.

Сол сияқты түзелу жолына берік түскен адамдарға арналған, сонымен қатар осы колонияларға жалпы, күшейтілген және қатаң режимдегі колониялардан ауыстырылған сотталғандар үшін колония-қоныстар да бар.

Колония-қоныстарда жеңілдетілген режим қарастырылған. Бұнда ЕТК 27-бабына сәйкес сотталғандар күзетсіз, бірақ қадағалауда болған. Олар таңертеңгілік тұрудан кешкі жатуға дейін еркін жүріп, тұру құқына ие болған. Колония әкімшілігінің рұқсатымен колония-қоныс территориясынан тыс жерде қадағалаусыз жүріп тұрған, жағымды азаматтық үлгідегі киім киюіне, өзімен бірге ақша, құнды заттар алып жүруіне болатын, хат жіберуіне және бандерол, посылка, сәлемдеме алуына, шектеусіз кездесу алуына болатын. Колония әкімшілігінің рұқсатымен тұрмыс жағдайы болған кезде сотталғандар колонияда өздерінің жанұясымен бірге тұруына, тұратын үй сатып алуына және колония территориясында жеке меншік шаруашылығын иемденуіне болады.

Қазақ КСР 1971 жылғы ЕТК нормасына талдау жасау көрсеткендей, еңбекпен түзеу колонияларында сталиндік лагерлерден айырмашылығы сонда сотталғандар өмірінің барлық жағына үйлеріне жіберетін хаттың санынан бастап, посылка арқылы алатын азық-түліктің түріне дейін реттеу енгізілген болатын. Жазалау жүйесі де қатал бола түскен. Камералық типтегі баспанаға (түрмелік режим) ауыстыру және еңбекпен түзеу мекемесінің жұмысына іріткі салғаны үшін қылмыстық жауапкершілік заңдастырылған болатын.

Сонымен, еңбекпен түзеу колонияларында қатаң режимі және жазалаудың қатаң жүйесін енгізілді. Олай болса, біз 60-80 жылдары еңбекпен түзеу колонияларында заңның өзі сотталғандарға психологиялық әсер ету құралы ретінде пайдаланғандығы туралы айта аламыз.

Еңбекпен түзеу колонияларының өндірістік бағыттылығы олардың архитектурасына әсер тигізді. Әдетте еңбекпен түзеу колониясының сыртында екі қабатты штабы, ал колонияның өзі екі зонаға: өндірістік және сотталғандар тұратын болып бөлінген.

Қазақстанның еңбекпен түзеу колонияларының өндірістік зонасында әдетте, бірнеше ірі цехтардан тұратын зауыт және жұмыс істейтін сотталғандар үшін асхана болған. Сотталғандар тұратын зонада, әдетте мектеп, кәсіптік техникалық училище, кітапхана, колония бастығының кезекші көмекшісінің баспанасы, ларек, клуб және санитарлық бөлім болған. Тұратын зонаның қалған бөлігі бірнеше локальдық учаскеге темір тор арқылы бөлінген, онда бірнеше барактар болған, олардың әрқайсында әдетте, жалпы саны 120-150 сотталғандардан тұратын екі-төрт отряд орналастырылған.

Еңбекпен түзеу колонияларының құрылымына саяси бөлім, арнайы бөлім, бухгалтерия, еңбек және еңбекақы төлеу бөлімі (ОТиЗ), жедел-режимдік бөлім, өндірістік бөлім енген. Барлық бөлімдер мен қызметтердің бастықтары тікелей колония бастығына бағынған.

Саяси бөлімді колония бастығының саяси-тәрбие жұмысы бойынша орынбасары басқарған. Оған барлық отряд бастықтары тікелей бағынған.

Еңбекпен түзеу колонияларының орналасу орыны мен саны сталиндік лагерлер сияқты экономикалық жағынан пайдалы болуы мен өндірістік жағынан мақсатқа сай болуына байланысты болған. Сондықтан Қазақстанда еңбекпен түзеу колонияларының басым көпшілігі республиканың өндірістік аймақтарында салынды, мысалы, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында.

Егер еңбекпен түзеу колонияларының саны туралы айтатын болсақ, ол біртіндеп көбейіп отырған. 80-жылдардың ортасында бұл жақта 71 еңбекпен түзеу колониясы, 4 ауыл шаруашылық колония-қонысы, 4 емдеу жұмыс профилакториясы жұмыс істеген. Қазақстанның еңбекпен түзеу колонияларында 1984 жылдың басында 100 мыңнан аса сотталғандар отырған.

Соныменен еңбекпен түзеу колонияларының қалыптасуы мен дамуын шартты түрде төрт кезеңге бөлуге болады.

1-ші кезең – ХХ ғасырдың 1917 жылдың қазан айы – 20 жылдың соңы, Бұл кезде Батыс Еуропа елдері мен АҚШ-тың пенитенциарлық жүйесі тәжірибесі негізіндегі ашық типтегі еңбек колонияларының қызметін реттеуші нормативтік актілер қабылданды. Бірақ Қақақстан аумағында еңбекпен түзеу колониялары объективті себептерге байланысты құрылмады.

2-ші кезең – ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап 60-жылдардың басына дейін. Бұл кезеңде өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы колонияларының және жаппай жұмысқа салу колонияларының құрылған болатын. Өз шығынын өзі өтеу принципі негізінде жұмыс істеген бұндай шағын колониялар өндіріс қажетіне қарай құрылған, яғни жұмыс аяқталғаннан кейін оларды әдетте жойып отырған және жұмыс күші қажет болған басқа жерлерде жаңадан ашқан.

Пенитенциарлық көзқарас тұрғысынан алғанда еңбек колониялары қылмыскерлерді түзеу үшін жарамсыз болып табылған. Оларды құрудың негізінде үш жылға дейін бас бостандығынан айыруға сотталғандардың еңбегін тиімді пайдалану идеясы жатқан және еңбекпен түзеу лагерлерінің қосалқы орыны болып табылған.

3-ші кезең – 60 жылдардан бастап – 1991 жылға дейінгі кезең. Жалпы, күшейтілген, қатаң және айырықша режимдегі еңбекпен түзеу колониялары жүйесінің қалыптасуымен және дамуымен сипатталады. Бұндай жабық типтегі еңбекпен түзеу колониялары кеңес мемлекеті үшін экономикалық жағынан пайдалы болған.

Еңбекпен түзеу колониялары еңбекпен түзеу лагерлері сияқты өз шығынын өзі өтеу принципі негізінде жұмыс істеген. Сондықтан мемлекет үнемі олардың санын және бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеуші сотталғандардың санын үнемі арттырып отырған. Пенитенциарлық көзқарас тұрғысынан алғанда еңбекпен түзеу колониялары қылмыскерлерді түзеу үшін жарамсыз болған. Керісінше оларда криминальдық субмәдениет және криминальдық әлемнің «философиясы» дамыған.

4-ші кезең – 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін. Қазақстан Республикасының түзеу колониялары жүйесінің дамуымен аталған. Қазіргі уақытта Қазақстан территориясында түзеу колония-қоныстары, жалпы, қатаң және айырықша режимдегі түзеу колониялары жұмыс істейді. Қазіргі жағдайда Қазақстанның түзеу колониялары мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады.
2.3 Қазақстанның тәрбиелеу колонияларының тарихи - құқықтық негіздері

Кеңестік мемлекетте 17-і жастан 21 жасқа дейінгі адамдарды ұстауға арналған бірінші реформатори 1918 жылы желтоқсан айында Мәскеу қаласында ашылған болатын. Бұған анықталмаған үкіммен кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушылар келіп түскен, тәрбиеленушінің одан арғы тағдырын осы мекеменің басқармасы алқалы түрде шешкен.

Алайда, педагогикалық кадрлар мен қаражаттың болмауы себептерінен біздің елімізде реформаторилер дамымаған. Реформаторилердің орнына 1921 жылы Ресейдің кейбір аймақтарында еңбек ету үйлері құрыла бастаған, онда тәрбиеленушілер құрылған оқу-өндірістік шеберханаларда еңбек етуге және жалпы білім беретін мектепте білім алуға тиіс болатын. Еңбек ету үйлерінде реформаторилерге қарағанда тәрбиеленушілерді үкім бойынша жаза мерзімі біткенше ұстауға тиіс болатын, ал қажет болған жағдайда түзелгенше, бірақ тәрбиеленушілер 20-жасқа жеткенше ғана ұстаған.

Ал Қазақстанға келетін болсақ, бұнда кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушылар үшін Өлкелік реформатор 1925 жылы 7-мамырда құрылған болатын. Одан кейін бірінші РСФСР-дің 1924 жылғы ЕТК жариялануына байланысты бұл Өлкелік реформаторий екі бөлімнен тұратын «еңбек ету үйі» болып қайта аталған [13].

Атап өту керек, РСФСР-дің 1924 жылғы ЕТК 175-бабында кәмелеттік жасқа толмағандарды еңбек үйлеріне орналастырудың мақсаты көрсетілген болатын: «оларды еңбектің білікті түріне үйрету, жалпы және кәсіби білім беру арқылы олардың ақыл-ой танымын кеңейту және олардан өз алдына дербес және өзінің құқы мен міндетін сезінуші азамат жасау, оларға дене шынықтыру тәрбиесін беру».

Еңбек үйлерінде кәмелеттік жасқа толмағандарды екі категорияға бөлу қарастырылған: құқық бұзушы-рецидивистік белгісі барлар және қалған кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушылар. Оларды жұмыс уақытында болсын, мектептегі сабақ уақытында болсын жеке-жеке ұстауға тиіс болатын.

РСФСР-дің ЕТК 187-бабына сәйкес жазасын өтеп болған соң түзелу жолына түспеген тәрбиеленушілерге қатысты еңбекпен түзеу үйі директорының педагогикалық кеңеспен бірлесе отырып сотқа оларды еңбек үйінде 20-жасқа толғанша қалдыру үшін мерзімін ұзарту туралы ұсыныс жасауына болатын, егер тек бұндай кәмелеттік жасқа толмаған жұмысшы-шаруа жастарынан шыққан құқық бұзушылар үшін еңбек үйінде ұстауға жатпайтын болса.

Мұрағаттық материалдарды зерттеп білу барысында жоғарыда аталған Өлкелік еңбек үйі Қазалы қаласына көшірілгендігін білеміз. Кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған бұл еңбек үйі 100 орынға есептелген және республикалық бюджеттен қаржыландырылған.

Осылайша, ХХ ғасырдың 20-жылдары біздің елімізде жастарға арналған американдық реформаторилердің тәжірибесі бойынша кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушылар үшін реформаторилер мен еңбек үйлерін құруға талпыныс жасалған болатын. Алайда, белгілі бір заңнамалық базаны әзірлеуге қармастан практикада объективті себептерге байланысты олар одан әрі дамымады.

Бұдан кейін кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушыларды ұстау үшін еңбек үйлерін құруға талпыныс болған. Алайда, 20-жылдары объективті себептердің салдарынан (күш пен қаражаттың, кадрлардың және т.б. болмауы) бұл мекемелер де одан әрі жалғасын таппаған. Осыған байланысты РСФСР-де бар жоғы бірнеше шағын еңбек үйлері құрылған болатын, ал ҚА КСР толығу лимиті 100 адамдық жалғыз ғана еңбек үйі ашылған еді.

1931 жылдан бастап кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушылар үшін кеңестік түзеу мекемелерін құру бойынша жаңа реформа басталды. Жаңа реформаның қажеттілігі сонда, 1931 жылдың 1-қаңтарынан бастап Қазақстанның барлық қамауда ұстау орындары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандарды ұстауға арналған Өлкелік еңбек үйлері өз шығынын өзі ақтау принципіне көшуге тиіс болатын. Алайда, шағын оның үстіне материалдық ресурстармен қамтамасыз етілмеген Өлкелік еңбек үйлері тиімсіз болып шыққан. Осыған байланысты бұндай еңбек үйлері 1931 жылдың шілде айының соңында жойылған болатын. Оның орнынан Әулиеата еңбекпен түзеу колониясының жанынан кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушылар үшін бөлім құрылған.

Осылайша, өз шығынын өзі ақтауға көшумен байланысты кәмелеттік жасқа толмағандар үшін түзеу мекемесінің жаңа типін құрудың аса күшті қажеттілігі туындаған, оның жұмыс істеуінің басты шарты өзін-өзі қамтамасыз ету мен өзін-өзі қаржыландыруға деген мүмкіншілігі болып табылған.

РСФСР-дің 1933 жылғы Еңбекпен түзеу кодексінде бас бостандығынан айырылған кәмелеттік жасқа толмағандар үшін мекемелерді құру қарастырылған болатын (индустиральды және ауыл шаруашылығы типіндегі ФЗУ мектептері).

Осыған байланысты Қазақстанда ФЗУ мектептерін құру мәселесіне көп көңіл бөлінген болатын. Бірақ қаражаттың аздығынан, материалдық-өндірістік базаның нашарлығынан және білікті мамандардың болмауы салдарынан индустриальды және ауыл шаруашылығы типіндегі ФЗУ мектептері Қазақстан аумағында дами қоймады.

КСРО ХКК және БКП (б) ОК 1935 жылғы 31-мамырдағы «Балалардың панасыздығын және қадағалаусыздығын жою туралы» Қаулысында кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған мекемелердің жаңа типі: изоляторлар, еңбек колониялары және қабылдау-бөлу орындары көрсетілгендігін айту қажет.

Кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған еңбек колониясының қызметі КСРО ІІХК 1935 жылғы 29-шілдеде әзірлеген және қабылдаған «Кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған еңбек колониясы туралы Ережемен» реттелінген. Ол екі жыл бойында іске жараған. Одан кейін 1937 жылғы 20-тамыздағы №329 бұйрықпен жаңа «ІІХК еңбек колониясы туралы Ереже» бекітілген болатын [14].

1937 жылғы Ереженің 1-бабында ІІХК еңбек колонияларының міндеті кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушыларды, панасыздарды және қадағалаусыз қалғандарды еңбек режимі жағдайында оларға еңбек дағдысын сіңіру үшін, кәсіпке оқыту және қоғамға адал және социалистік отанға берілген азаматтарды қайтару үшін тәрбиелеу болып табылады деп жазылған.

Аталған Ереженің 3-бабына сәйкес еңбек колонияларына жіберуге жататындар:

1) 12 жастан 16 жасқа дейінгі қамауда ұстау орындарындағы сотталған құқық бұзушылар;

2) 14 жастан 16 жасқа дейінгі қабылдау-бөлу орындарындағы әлеуметтік «қараусыз қалған панасыздар мен қадағалаусыз қалғандар».

Осы Ереженің 6-бабына сәйкес тәрбиеленушілер тамаққа және оларға берілген киім-кешекке деген шығынды өтеуге міндетті болған. Өтеу тәрбиеленушілердің тапқан еңбекақысынан ұстап қалу арқылы жүргізілген. Ұстап қалудың мөлшері әрбір колонияда тәрбиеленушілердің тапқан табысына байланысты анықталған және олар қолына тапқан ақысының кем дегенде жиырма пайызын алғандай есеп бойынша жүргізілген. Әрбір колонияда ішкі күн тәртібі ережесін колония директоры тағайындаған.

Осы Ереже бойынша 12 жастан 16 жасқа дейінгі тәрбиеленушілер үшін күніне 4 сағат жұмыс, ал 16 жастан 18 жасқа дейінгілер үшін күніне 6 сағат жұмыс тағайындалған. Оқушылар үшін еңбекті төлеу уақыт бойынша, ал қалғандары үшін прогрессивті-келісімді болған.

Еңбек колониясының құрылымы төмендегідей бөлімді қамтыған: оқу-тәрбие, өндірістік-жоспарлы, әкімшілік-шаруашылық, қаржылық.

Еңбек колониясында тәрбиеленушілер орташа алғанда 100 адамнан тұратын топ болып бөлінген. Әрбір топқа тұрақты жұмыс істеу үшін бір аға тәрбиеші және оның көмекшісі тағайындалған.

Бұдан басқа, еңбек колониясында оқу-тәрбие бөлімінің басшылығымен тәрбиеленушілер қатарынан төмендегідей комиссия құрылған: қақтығыстық, өндірістік, мәдени-көпшілік, тамақтандыру, шаруашылық, санитарлық, мектеп, дене шынықтыру.

Атап өту керек, Ереженің 37-бабына сәйкес келесі жазалау шаралары қарастырылған: ескерту жасау, сөгіс, қосымша жұмысқа уақытша ауыстыру, өзіндік қызмет көрсету бойынша кезектен тыс наряд тағайындау, келтірілген материалдық нұқсан үшін ақшалай ұстап қалу, қолға ақша беруді шектеу, изоляторға жабу, жабық колонияға немесе қамауда ұстау орнына жіберу арқылы еңбек колониясынан шығару.

Еңбек колониясынан басқа КСРО-да кәмелеттік жасқа толмаған сотталғандарға арналған еңбек колониясы құрылған болатын. Олардың қызметі КСРО ІІХК жекелеген Ережесімен реттелген, оның ішінде 1956 жылға дейін бұл Ереже 5 рет жаңғыртылған болатын.

Қазақстанда еңбек колониясы Қарағанды қаласында құрылған, сол сияқты 1935 жылдың маусым айында Талғар еңбек колониясы құрылған болатын. Алайда өндірістік-шаруашылық жағынан алғанда Қазақстанның бұл еңбек колониялары тиімсіз болған. Сондықтан бұл шығынды, пайдасыз еңбек колониялары жойылған болатын. Ал оның тәрбиеленушілері басқа аймақтағы кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушыларға арналған еңбек колонияларына жіберілді.

Ұлы Отан соғысының басында Қазақстан аумағында кәмелеттік жасқа толмағандар үшін жаңадан төрт еңбек колониясы құрылған болатын, оның ішінде үшеуі Алма-Аты қаласында және біреуі Жамбыл қаласында болған.

1943 жылдың қыркүйек айында екі Алма-Аты еңбек колониясы біреу болып біріктірілген. Бұл колонияда өндірістік цех болған: киім тігу, аяқ киім жөндеу, ағаш өнімдерін жасау, ойыншық жасау және түрлі өнім шығару. Екінші Алма-Аты балалар еңбек колониясында да ағаш өңдеу бойынша ірі цех болған, онда оқ-дәрілер үшін арнайы орамалар дайындалған. Ал Жамбыл балалар еңбек колониясында аяқ киім, мақта фуфайкалар, шалбар және т.б. тігетін өндірістік цех жұмыс істеген.

Бұл еңбек колониялары соғыстан кейінгі кезде де жұмыс істеген, онда кәмелеттік жасқа толмағандардың айтарлықтай мөлшері ұсталған. Пенитенциарлық көзқарас тұрғысынан алғанда кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған еңбек колониялары оларды түзетпеген. Керісінше, олардың бойында криминалдық қылықтар қалыптасқан, олар жаңа жат әрекеттер мен қылмыстар жасаған.

Келесі уақытта «еңбекпен тәрбиелеу колониясы» деген атпен аталған кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушыларға арналған еңбек колониялары олардың архитектурасының және орналасқан жері оншалықты өзгермей ХХ ғасырдың 60-80 жылдары жұмыс істеуін жалғастыра берген. Бұл туралы мысалы, КСРО ЖКП 1968 жылғы 3-маусымдағы жарлығымен бекітілген «Кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған еңбек колониясы туралы Ереже» дәлел болады. Осы Ережемен қоғамдық өзін-өзі басқарудың жаңа формасы (тәрбиеленушілер кеңесі, отряд кеңесі, бөлім кеңесі) енгізілген болатын, сондай-ақ отряд құрылымы, шартты-жедел босату тәртібі, кәмелеттік жасқа толмағандардың еңбегін төлеу, тәрбиелеу процесіне жұртшылықтың қатысуы, сол сияқты кәмелеттік жасқа толмағандар ісі бойынша комиссия қызметі анықталған.

Бұған қоса атап өту қажет, Қазақ КСР ЕТК 1971 жылы бекіткеннен кейін еңбек колониялары «еңбекпен тәрбиелеу колониясы» деген жаңа атау алған. Қазақ КСР 1971 жылғы ЕТК нормасына сәйкес тәрбиелеу-еңбек колониялары жалпы режимдегі және күшейтілген режимдегі колония болып бөлінген.

Жалпы режимдегі еңбекпен тәрбиелеу колониясы төмендегілерге арналған:

1) ауыр болып табылмайтын қылмыс үшін бас бостандығынан айыруға бірінші рет сотталған еркек жынысты кәмелеттік жасқа толмағандардың жазасын өтеуі үшін;

2) ауыр қылмыс үшін үш жылдан артық емес мерзімге бірінші рет сотталған еркек жынысты үшін;

3) кәмелеттік жасқа толмаған әйел жынысты барлық сотталғандар үшін.

Жалпы режимдегі еңбекпен тәрбиелеу колонияларында сотталғандарды кәдімгі тұратын баспанада ұстау ұйғарылған. Оларға азық-түлік және күнделікті қажеттілікке керекті заттарды сатып алуға айына жеті сомға дейін ақша ұстауға, жылына алты посылка немесе сәлемдеме алуға, жылына көп дегенде екі бандероль алуға, хатты шектеусіз жіберуге рұқсат етілген, сондай-ақ бір жыл ішінде алты қысқа мерзімді кездесуге құқы болған.

Сотталғандардың жақсы өзін өзі ұстауы және еңбекке және оқуға адал қарым-қатынасы кезінде жаза мерзімінің төрттен бірін өтеген болса ұстау жағдайы жақсартылған, яғни оларға айына үш сом ақшаны қосымша ұстауға рұқсат етілген, сол сияқты жылына алты қысқа мерзімді кездесуге құқы болған.

Күшейтілген режимдегі еңбекпен тәрбиелеу колониясы төмендегілерге арналған:

- бас бостандығынан айыру түрінде бұрын жазасын өтеген еркек жынысты кәмелеттік жасқа толмағандардың жазасын өтеуі үшін;

- ауыр қылмыс үшін үш жылдан жоғары мерзімге бас бостандығынан айырылған сотталғандар үшін;

- жалпы режимдегі еңбекпен тәрбиелеу колониясынан ауыстырылғандар үшін.

Сотталғандарды кәдімгі баспаналарда ұстау ұйғарылған және оларға айына бес сомға дейін ақша ұстауына рұқсат етілген, бір жыл ішінде төрт қысқа мерзімді кездесу алуына, жылына бес посылка немесе беріп жіберу алуына болатын, сондай-ақ жылына көп дегенде екі бандероль алуына және хатты оның санына шектеусіз жіберуіне болатын.

Өзін өзі жақсы ұстауы және еңбекке және оқуға адал қарым-қатынасы кезінде жаза мерзімінің үштен бірін өтеген жағдайда сотталғандар жақсы ұстау жағдайына көшірілген. Бұндай жағдайда оларға айына екі сом ақшаны қосымша ұстауға және бір жыл ішінде екі қысқа мерзімді кездесуге рұқсат берілген [11, б.164].

Көріп отырғанымыздай, түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды ұстау жағдайы 30-50 жылдардағы еңбек колонияларындағы ұстау жағдайымен салыстырғанда, 20-жалдардағы еңбек үйлері туралы айтпағанның өзінде одан әрі нақтылана және қатаң бола түскен.

Еңбекпен тәрбиелеу колонияларының санына қатысты, 60-80 жылдары Қазақстан территориясында мынандай еңбекпен тәрбиелеу колониялары жұмыс істеген: Алма-Аты, Ақтөбе, Өскемен және Петропавловск.

70-80 жылдары үлкен өндірістік база Қазақстанның барлық төрт еңбекпен тәрбиелеу колониясында болған. Мысалы, Петропавловск ЕТК ағаш өңдеуші станоктар, Алма-Аты ЕТК – электордвигателдер мен желдеткіштер, Ақтөбе ЕТК - әр алуан электр бөлшектерін, Өскемен ЕТК – бақша тележкаларын және т.б. шығарған.

Осы жылдар ішінде Қазақстанның еңбекпен тәрбиелеу колонияларында мектептер және кәсіби-техникалық училищелер құрылған, онда тәрбиеленушілер оларға бостандықта қажетті белгілі бір мамандықтарды алып шыққан. Тәрбиеленушілермен саяси-тәрбиелеу және мәдени-көпшілік жұмыстар жүргізілген. Жергілікті кәсіпорындардың жұмысшы ұжымдары тарапынан шефтік жұмыстар жүзеге асырылған.

Осымен қатар, біздің ойымызша тәрбиелеу-еңбек колонияларының тәрбиеленушілерді түзеу саласындағы жұмысының тиімділігі төменгі деңгейде болып қала берген. Тәрбиеленушілер жазасын өтеп шыққаннан кейін әр түрлі қылмыстар бойынша ересектер колониясына жиі түсіп отырған.

Бұл тарау бойынша қорытынды жасай отырып, тәрбиелеу колонияларының қалыптасуы мен дамуын шартты түрде төрт кезеңге бөлуге болады:

1-ші кезең, 1917 жылдың қазан айы ХХ ғасырдың 20-жылдарының соңы: Батыс Еуропа елдері мен АҚШ пенитенциарлық жүйесі тәжірибесі негізінде кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушылар үшін тәрбиелеу мекемелері қызметін реттеуші нормативтік актілерді әзірлеу және қабылдаумен, бұл актілердің іс жүзінде іске аспауымен сипатталады. Кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушыларға арналған тәрбиелеу мекемелері, оның ішінде еңбек үйлері одан әрі өзінің жалғасын таппаған.

2-ші кезең, ХХ ғасырдың 1930 жылдарының басынан бастап 1960 жылдың басына дейін. Кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған еңбек колониясының қалыптасуы мен дамуы. Өз шығынын өзі ақтау принципі негізінде жұмыс істеген еңбек колониялары өндіріс қажетіне қарай құрылған. Пенитенциарлық көзқарас тұрғысынан алғанда еңбек колониялары қылмыскерлерді түзеу үшін жарамсыз болып табылған. Оларды құрудың негізінде кәмелеттік жасқа толмаған қамаудағылардың еңбегін тиімді пайдалану идеясы жатқан болатын.

3-ші кезең, 1960 жылдың басынан бастап 1991 жылға дейін. Еңбекпен тәрбиелеу колонияларының қалыптасуы мен дамуы. Бұл жабық типтегі еңбекпен тәрбиелеу колониялары өндіріс сұрауы бойынша құрылған болатын. Олар да еңбекпен түзеу колониялары сияқты өз шығынын өзі ақтау принципі негізінде жұмыс істеген. Пенитенциарлық көзқарас тұрғысынан алғанда тәрбиелеу-еңбек колониялары қылмыскерлерді түзеу үшін жарамсыз болып табылған.

4-ші кезең, 1991 жылдан қазіргі уақытқа дейін. Қазақстан Республикасының тәрбиелеу колониялары жүйесінің қалыптасуы мен дамуы. Қазіргі уақытта Қазақстан территориясында төрт тәрбиелеу колониясы жұмыс істейді. Олардың құқықтық негіздері мен ерекшеліктері Қылмыстық-атқару құқығының Ерекше бөлімде оқытылады.
Тақырып бойынша тексеру сұрақтары
1. Көшпенділердің, яғни қазақтардың жазалау жүйесі туралы Сіз не білесіз?

2. Ресей империясында түрме жүйесінің дамуына қандай факторлар ықпал еткен?

3. ХХ ғасырдың 20-жылдарының соңында Қазақстанның түзеу мекемелері жүйесінің өзгеруіне қандай факторлар себепші болды?

4. ХХ ғасырдың 30-50 жылдары Еңбекпен түзеу лагерлерінен түрмелерге сотталғандардың қандай категорияларын ауыстырды?

5. ХХ ғасырдың 60-80 жылдары түрмелерде сотталғандардың қандай категориялары ұсталды?

6. РСФСР-дің 1924-жылғы Еңбекпен түзеу кодексінде қарастырылған еңбек колониялары неліктен жалғасын таппады, олардың ерекшелігі неде?

7. РСФСР-дің 1933-жылғы Еңбекпен түзеу кодексінде қарастырылған еңбекпен түзеу колонияларының қандай түрлері болды, олардың ерекшелігі неде?

8. ХХ ғасырдың 30-50 жылдарында Қазақстанның еңбек колониялары жүйесі қалай дамыды және ол сотталғандардың түзелу процесіне қалай әсер етті?

9. Қазақ КСР Еңбекпен түзеу кодексінде еңбекпен түзеу колонияларының қандай түрлері қарастырылған болатын?

10. Еңбекпен түзеу колониялары мен түрменің айырмашылығы неде?

11. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінде түзеу колонияларының қандай түрлері қарастырылған?

12. Кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушыларды ұстауға арналған реформаторилер неліктен өзінің жалғасын таппаған, олардың ерекшелігі неде?

13. Кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған еңбек үйлері неліктен өзінің жалғасын таппаған, олардың ерекшелігі неде?

14. ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған еңбек колонияларының қызметі қандай нормативтік актілермен реттелінген?

15. Қазақ КСР Еңбекпен түзеу кодексінде кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушылар үшін түзеу мекемесінің қандай типтері қарастырылған?

16. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінде кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушылар үшін түзеу мекемесінің қандай түрі қарастырылған?

3 Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасы
3.1 Қылмыстық-атқару заңнамасының түсінігі, мақсаттары, міндеттері мен нысандары және қайнар көздері

1998 жылдың 1-ші қаңтарында заңды күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық-атқару кодексі, бұрынғы Қазақстан ССР-і Еңбекпен түзеу кодексіне қарағанда қылмыстық жазалаудың барлық түрлерінің орындалуын реттейді.

Осы кодекстің 1-бабында: «Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары осы Кодекстен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарынан, сондай-ақ жазаны және сотталғандарға қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқару мен өтеудің тәртібін және жағдайларын белгілейтін нормативтік құқықтық актілерден тұрады» -деп көрсетілген.

Яғни, Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары болып саналады:

1) Қазақстан Республикасының Қылмыстық жазаларды атқару кодексі;

2) Қазақстан Республикасының қылмыстық жазаларды атқару аясында туындайтың қоғамдық қатынастырды реттеу жөніндегі басқа да заңдар;

3) Жазаларды атқару және басқа да қылмыстық-құқықтық шаралардың тәртібі мен шарттарын бекітетін нормативті-құқықтық актілер.

Сонымен, қылмыстық-атқару заңнамасы дегеніміз бұл қылмыстық жазаларды атқаруды және сотталғандарға түзету әсері бар шараларды қолдануды реттейтін барлық нормативтіқ құқықтық актілер.

Қылмыстық-атқару құқығының қайнар көздеріне мыналар жатады:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясы;

2) Конституциялық заңдар;

3) Қазақстан Респуібликасының Қылмыстық-атқару кодексі;

4) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары мен өкімдері;

5) Қазақстан Республикасы Парламентінің Қаулылары;

6) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулылары;

7) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулылары;

8) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылар;

9) Заң негізінде қабылданған ведомствалық нормативті-құқықтық актілер (бұйрық сипатындағы бұйрық, нұсқау, ережелер т с.с.);




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет