З. С. Токубаев заң ғылымдарының докторы, Қр іім б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының Ғылыми зерттеу институты бастығының орынбасары


) Жергілікті өкілетті және атқару органдарының нор (маслихаттың шешімдері, әкімнің шешімдері мен өкімдері)



бет3/6
Дата28.06.2016
өлшемі0.5 Mb.
#163789
1   2   3   4   5   6

10) Жергілікті өкілетті және атқару органдарының нор (маслихаттың шешімдері, әкімнің шешімдері мен өкімдері).

ҚР ҚАК-нің 2-бабының 1-бөлігінде Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарының мақсаттары көрсетілген. Ол мақсаттар:

- әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру;

- сотталғандарды түзеу;

- сотталғандардың да, өзге адамдардың да жаңа қылмыстар жасауының алдын алу.

ҚАК-нің 7-бабының 1-тармағында сотталғандарды түзеу мақсатының түсініктемесі берілген. Сотталғандарды түзеу дегеніміз оның бойында құқық ұстанушылық мінез-құлықты, жеке адамға, қоғамға, еңбекке, адамзат қоғамының нормаларына, ережелері мен дәстүрлеріне оң көзқарасты қалыптастыру. Сотталғандардың жаңа қылмыстыр жасауының алдын алу дегеніміз бұл қажетті шаралар қолдану арқылы сотталған адамға жаза өтеу кезінде жаңа қылмыс жасатпау, бөгет жасау, өз еркімен бас тарттыру. ҚР ҚАК-нің нормаларында жаңа қылмыстар жасаудың алдын алатын шаралар бекітілген. Мысалы, ҚР ҚАК 78- абының 1- тармағы, 109,111 баптары.


Әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру мақсатының түсінігі заңда берілмеген. Біздің ойымызша, әлеуметтік әділеттікті қалпына келтіру дегеніміз үкімде көрсетілген жазаны заң шеңберінде атқару және заңмен бекітілген шектеулерді қамтамасыз ету.

ҚР ҚАК-нің 2-бабының 2-бөлігінде Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарының мынадай міндеттері көрсетілген:

- қылмыстық жазалардың барлық түрлерін өтеу тіртібі мен жағдайларын реттеу;

- сотталғандарды түзеу құралдарын анықтау;

- сотталғандардың құқықтық мәртебесін анықтап, олардың құқығын, бостандығын және заңды мүдделерін қорғау;

- сотталғандарға әлеуметтік бейімделуге қөмек көрсету.

ҚР ҚАК Ерекше бөлімінің институттары мен нормалары барлық қылмыстық жазаларды орындау тәртібі мен шарттарын қамтиды. Жоғарыда аталған кодекстің 7-бабының 2-тармағында сотталғандарды түзетудің негізгі құралдары көрсетілген. Сотталғандарды түзету құралдарына мыналар жатады: жазаны атқару мен өтеудің берліленген тәртібі (режимі), тәрбие жұмысы, қоғамдық-пайдалы еңбек, бастауыш, негізгі, орта, жалпы білім алу, кәсіптік даярлық пен қоғамдық ықпал ету.

ҚАК-нің Ерекше бөлімінде және басқа да нормативті-құқықтық актілердінде түзеу құралдарын қолдануды реттейтін нақты нормалар бекітілген. Сотталғандардың құқықтық мәртебесі, олардың құқығы, бостандығы және заңды мүдделері де ҚАК-нің жалпы бөлімінің 2-ші тарауында қарастырылған. Ал қылмыстық жазалардың жеке түрлерін атқаруды реттейтін Ерекше бөлімнің тарауларында сотталғандардың арнайы құқықтық мәртебелері бекітілген. Сотталғандарға әлеуметтік бейімделуге қөмек көрсету – жазаларын өтеп шыққан сотталғандардың қайта қылмыстық жолға түспеуіне бағытталған. Бұл міндетті құқықтық орындау жолдары ҚР ҚАК 22-тарауында бекітілген.

Соныменен, қылмыстық-атқару заңнамасы осы саланың мақсаттары мен міндеттерінің жүйесін, олардың өзара байланыстарын анықтайды. Бұл мақсаттарға жету және көрсетілген міндеттерді орындау жағдайлары қылмыстық-атқару кодексінің және де басқа да нормативтік-құқықтық актілердің институттары мен нормаларында бекітілген және дамытылған.
3.2 Қылмыстық-атқару құқығы нормаларының түсінігі, мазмұны, түрлері мен құрылымы

Қылмыстық-атқару норма құқық саласының негізгі элементі, оның бірінші деңгейі болып есептеледі. Қылмыстық-атқару құқығының нормасы дегеніміз субъектілердің тиісті мінез-құлық үлгісін және қатысушылардың құқықтық қатынасын анықтайтын заңда көрсетілген баптар. Нормаларда жалпыға бірдей міндетті ереже қойылады, қоғамдық қатынас реттеледі.

Құқық нормалары құрылымы үш бөлімнен тұрады: гипотеза, диспозиция, санкция.

Гипотеза дегеніміз нормаларды қолдану жағдайын көрсететін баптың бір бөлігі.

Диспозиция дегеніміз құқық субъектілері бағынатын тәртіп ережесін көрсететін норманың бір бөлігі.

Санкция дегеніміз құқық нормаларының орындалмау немесе орындалу нәтижесін көрсететін норманың соңғы бөлігі.

Қылмыстық-атқару құқығының институты деп бәріне ортақ, немесе бір-біріне ұқсас қоғамдық қатынастарды реттейтін нормалар жиынтығын айтамыз. Яғни, құқық саласының екінші деңгейі – қылмыстық атқару құқығының институттары.

Қылмыстық-атқару құқығының нормалары мен институттарының жиынтығын құқық саласы дейміз. Соныменен, Қылмыстық-атқару құқығы құрылымын құрайтын элементтерді былайша көрсетуге болады: құқық саласы – құқық институты – құқық нормасы.

Қылмыстық-атқару құқық нормалары азаматтық, отбасылық тағы да басқа құқық салаларымен өзара байланыста болады. Қылмыстық-атқару нормалары сотталғандарды тұратын мекенін таңдап алу мүмкіндігінен айырады да көптеген басқа да азаматтықпен отбасылық құқығы мен міндеттерін іске асыруға белгілі бір шектеулер қояды.

Басып айтарлық мәселе, нормалардың бәрі бірдей тиісті мінез- құлықтың үлгісін көрсетпейді. Пайдаланылатын нормалар топтары ішінде құқық саласының барлық, яғни оның жеке институтының мақсаттарын, міндеттерін, принциптерін құрастыратын белгілі бір түсінігі пайда болады (дефинициялар). Құқық теориясында олар нормативке тән емес, алдын ала белгіленбеген жарлық немесе арнайы нормалар. Қылмыстық-атқару құқығында арнайы нормалар – норма міндет, принциптер нормасы және норма-дефиницй (ұйғарым) түрінде іске асырылады. Мысалы, дефинициялық нормаларға ҚР ҚАК-нің 7, 23, 34, 54 баптарын, принцип - нормаларына ҚР ҚАК-нің 6, 10 баптарын жаққызуға болады.

Құқық нормасын әр түрлі негіздермен жіктеуге болады. Қылмыстық-атқару нормаларының жазба сипаты бойынша: материалдық құқық нормалары, процессуалдық нормалар және техникалық нормалар болып бөлінеді.

Материалдық құқық нормалары мінез-құлық ережелері маңызын белгілейді. Мысалы, ҚАК-нің 69-бабы.

Процессуалдық норма оның жағдайы мен тәртібін реттейді.Мысалы, ҚАК 91-бабының, 1-тармағы.

Техникалық нормалар субъектілердің еңбек, техникалық құралдарын және басқа да құралдарды пайдалану ережесін қолдайды. Мысалы, ҚР ҚАК-нің 100-бабының 8-тармағы.

Қылмыстық-атқару құқығы нормаларында бекітілген тәртіп ережесің сипатына байланысты: реттеуші; мадақтаушы, қорғаушы нормалар болып бөлінеді.

Реттеуші нормалар субъектілердің құқығы мен міндеттерін және басқа да қылмыстық-атқару құқық қатынастарына қатысушыларды белгілейді.

Қорғаушы нормалар қылмыстық жазаны атқару өткеру үрдісінде пайда болатын құқық қатынастарын қорғауды қамтамасыз етуге шақыратын нормалар. ҚАҚ-ның басқа да нормаларының жүргізілуін қамтамасыз етеді. Мысалы, ҚР ҚАҚ-нің 22, 35, 42, 52, 66, 111, 132, 148 баптары.

Қылмыстық-атқару құқығының мадақтаушы нормалары сотталғандардың заң қабылдайтын мінез-құлқына жағдай жасауға, -ны ынталандыруға бағытталған. Мысалы; ҚР ҚАҚ-нің 41, 51, 66, 109, 130, 148, 160-баптары.

Реттеуші нормалар өз кезегінде құқық пен міндеттердің сипаты бойынша: міндеттеуші; уәкілеттік етуші; тыйым салушы нормалар болып бөлінеді.

Міндеттеуші нормалар субъектілерден белгілі бір қимыл істеуді талап етеді.Мысалы, ҚР ҚАҚ-нің 77 бабы.

Уәкілеттілік етеуші нормалар субъектілерге заңмен белгіленген шеңберде, мінез-құлық түрін таңдауды ұсынады. Мысалы, ҚР ҚАҚ-нің 84-б. 4-тармағы.

Тыйым салушы нормалар субъектілерге тиісті бір әрекет етуді тоқтата тұруды талап етеді. Мысалы, ҚР ҚАҚ-нің 85- бабы.

Нормалар бөлшектену ережесінің түрлері бойынша бөлінеді: жалпы сипаттағы нормалар; арнайы нормалар; санаулы нормалар.

Жалпы сипаттағы нормалар жаза түріне қарамастан қылмыстық жазаға тартылғандардың барлығына бірдей нормалар, мысалы ҚР ҚАК-нің 8, 9-баптары.

Арнайы нормалар қылмыстық жазаның тек қана осы не басқа түрлерін өтеп жатқан сотталғандарға қатысты нормалар, мысалы ҚР ҚАК-нің 22, 23-баптары.

Санаулы нормалар белгілі бір тұлғаға ғана қолданылады, мысалы өмір бойы бас бостандығынан айырылған сотталғандарға.

Соныменен, Қылмыстық-атқару құқығы саласы дегеніміз қылмыстық атқару құқығының институттары мен нормаларының жиынтығы. Қылмыстық-атқару нормалары үш бөлімнен тұрады және жіктеу негіздеріне байланысты бірнеше түрге бөлінеді.
3.3 Қылмыстық-атқару құқық қатынастары

Қылмыстық жазаны атқару негіздемесі соттың заңды күшіне енген үкімі немесе қаулысы, сондай-ақ рақымшылық немесе кешірім жасау актісі болып табылады.

Үкімнің заңды күшіне енуімен және осы үкімнің атқарыла бастаған күнінен бастап мемлекеттің арнайы мекемелері мен органдарының жазаны орындауға құқықтары пайда болады. Сотталған адам өз кезегінде құқықтық шектеуге көнуге міндетті және түзеу шараларын қолдануды басынан өткеруі тиіс. Сөйтіп, екі жақтың арасында белгілі бір құқық қатынасы пайда болады.

Қылмыстық жазаны атқаруда туындайтын құқықтық қатынастардың әр алуан түрлері болады:

- қылмыстық-атқару қатынастары, яғни арнайы құқық пен міндеттерді жүзеге асыру саласында жазаны атқарумен байланысты туындайтын қатынастар;

- мемлекеттік-құқықтық (конституциялық) қатынастар, яғни сотталғандардың еңбекке, демалысқа, ар-ұждан бостандығының еркіндігіне, білімге байланысты құқықтарын жүзеге асыру саласындағы қатынастар;

- әкімшілік-құқықтық қатынастар, яғни жазаны атқарушы басқарма мекемелері мен органдары саласындағы қатынастар;

- еңбектік қатынастар, яғни еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі, өнеркәсіп санитариясы саласындағы қатынастар;

- азаматтық-құқық қатынастар, яғни азаматтық-құқық келісімді жасаудағы меншіктік құқықты жүзеге асыру саласындағы қатынастар;

- азаматтық-іс жүргізу қатынастары, яғни құқық пен міндеттерді жекелей немесе азаматтық іс жүргізу өкілдерінің қатысуымен жүзеге асыру саласындағы қатынастар;

- неке және отбасы қатынастар, яғни сотталғандың некеге отыруы, некені бұзу, балаларды тәрбиелеу құқығы мен міндеттерін жүзеге асырудағы қатынастар;

- қылмыстық-құқықтық қатынастар, яғни қылмыс жасауға байланысты құқықтар мен міндеттерді орындауға байланысты қатынастар;

- қылмыстық іс жүргізу қатынастары, яғни жазаны өтеуден мерзімінен бұрын босату, ұстау жағдайларын өзгерту құқығы мен мемлекет міндеттерін атқаруға байланысты қатынастар.

Қылмыстық-атқару құқық қатынастары дегеніміз қылмыстық-атқару құқық нормаларымен реттелген. мемлекеттің тиісті органдары мен сотталғандардың жазаны атқару немесе өткеру кезінде пайда болатын қоғамдық қатынастары.

Кез келген құқық қатынасы белгілі бір бөлімдерден (элементтерден) тұрады. Қылмысты-атқару құқық қатынастары құрамына мынадай элементтер кіреді: субъектілер мен басқада құқық қатынастарға қатысушылар; құқықтық қатынастың мазмұны, құқық қатынастары объектілері, заң фактілері (ақиқаттары).

Құқық қатынастарының субъектілері болып қылмыстық-атқару заңнамасы нормаларында бекітілген құқықтары мен міндеттері бар заңды ұйымдар мен жеке адамдар саналады. Мысалы, сот, қылмыстық-атқару инспекциясы, қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелері, бақылау комиссиялары, лауазымды адамдар, сотталғандар, олардың жақын- туыстары.

Айта кетерлік мәселе, құқық қатынастарының субъектілерінен құқықтық қатынасқа қатысушыларды ажытата білуіміз керек.

Қылмыстық-атқару құқық қатынасына қатысушы дегеніміз – қылмыстық-атқару құқықтық қатынастарының субъектілері мен оның құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін қажетті шарт болып табылатын және заңның белгілі бір талабына байланысты қажетті іс-әрекеттер жасайтын тұлға. Мысалы, прокурор бас бостандығынан айырылған сотталғанға кездесуге келген тұлға.

Қылмыстык-атқару құқық қатынастарының объектісі дегеніміз құқықтық қатынастар пайда болуға негіз болған құбьлыстар мен бұйымдар.

Құқықтық қатынастың мазмұны дегеніміз қылмыстық-атқару құқық нормаларында бекітілген субъектінің құқықтары мен міндеттері және субъектілердің жүріс-тұрысы.

Заңды фактілер дегеніміз құқық нормасымен қарастырылған қылмыстық-атқару құқық қатынастарын тудыратын, өзгертетін немесе тоқтататын нақты іс-әрекеттер немесе жағдайлар.

Қылмыстық-атқару құқық қатынастары осы қоғамдық қатынастарды реттейтін қылмыстық-атқару құқығы нормаларының түрлеріне қарай топтастырылады. Егер де мәселе міндеттерді орындау, тікелей қоғамдық қатынастарда құқықты пайдалану және тыйым салуды бұзбауда болса, онда ол материалдық нормалар болғаны. Олардың негізінде пайда болған құқықтық қатынастар материалдық қылмыстық-атқару құқық қатынастары болып саналады. Ал тәртіп туралы сөз болғанда онда олар процессуалдық нормалар болғаны. Олардың негізінде процессуалдық қылмыстық-атқару құқық қатынасы пайда болады, олар материалдық қылмыстық-атқару құқық қатынастарына жол көрсетеді. Басқаша айтқанда, қылмыстық-атқару құқығының процессуалдық нормалары осы сала құқығының материалдық нормаларын қозғалысқа келтіреді.

Сонымен, Қылмыстық-атқару құқық қатынастары дегеніміз қылмыстық-атқару құқық нормаларымен реттелген мемлекеттің арнайы мекемелері мен органдары және сотталғандардың арасында жазаны атқару немесе өткеру кезінде пайда болатын қоғамдык қатынастар.

Қылмысты-атқару құқық қатынастары құрамына: субъектілер мен басқа да құқық қатынастарға қатысушылар; құқықтық қатынастың мазмұны, құкық қатынастары объектілері және заң фактілері (ақиқаттары) кіреді.


Тақырып бойынша студенттердің өзіндік жұмыстарына арналған сұрақтар
1. Қылмыстық-атқару заңдарының түсінігі.

2. Қылмыстық-атқару заңдарының міндеті, мақсаты.

3. Қылмыстық-атқару заңдарының нормалары.

4. Қылмыстық-атқару құқығының институттары.

5. Қылмыстық-атқару құқығының нормаларының құрылымы және олардың ерекшелігі.

6. Қылмыстық-атқару құқығының нормасының және нормативтік актінің бабының қатынасы.

7. Қылмыстық-атқару құқығының нормаларының уақыт пен кеңістік тұрғысында және тұлғалар арасындағы әрекеті.

8. Қылмыстық-атқару құқығының нормаларын іске асыру және түсіндіру.

9. Жазаны атқарудың негіздемесі.

10. Түзеудің негізгі құралдары.

11. Қылмыстық-атқару құқығының қайнар көздерінің түрлері.
4 Қазақстан Республикасындағы сотталғандардың құқықтық жағдайы

4.1 Қылмыстық жазасымен сотталған адамдардың құқықтық жағдайының түсінігі

Қазақстан Республикасы ҚАК-нің 2-тарауында сотталғандардың құқықтық жағдайларының жалпы ережелері, олардың субъективтік құқықтары мен заңды міндеттемелері көрсетілген. Осыған қоса сотталғандарға қатысты адам және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандығы нақтыланған, адам құқығының Жалпыға бірдей декларациясының, азаматтық және саяси құқықтарының Халықаралық пактісінің, сотталғандармен айналысу стандарттар құқықтарының тағы басқа ережелері көрсетілген.

Сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделері тақырыбын талқылағанда ең бірінші мемлекеттің құқықтық міндеттерін анықтаған жөн, себебі мемлекеттің белгілі бір міндеттері болмаса оның құқығы да болмауы керек. Сондықтан ҚАК-нің 8-бабың 1-ші тармағында мемлекеттің мынадай міндеттері көрсетілген:

- сотталғандардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерін құрметтеу және қорғау;

- сотталғандардың түзелуіне қажетті жағдайлар жасау;

- әлеуметтік әділеттіліктің кепілі болу;

- сотталғандардың жазаларды атқару кезінде жеке басының әлеуметтік, құқықтық және өзге де қорғалуын камтамасыз ету.

Бұл міндеттерді орындау үшін мемлекет кешенді шаралар жүргізіп, барлық мүмкіндіктерді қолдануы тиіс. Сол себептен, Қылмыстық-атқару кодексі Қазақстан Республикасы ҚАК-нің 2-тарауында сотталғандардың құқықтық жағдайларының жалпы ережелерін, олардың субъективтік құқықтары мен заңды міндеттемелерін реттеді. Сотталғандардың бостандығына шек қойылуы Қазақстан Республикасы Конституциясымен белгіленеді. Мысалы, Конституцияның 33-бабының 3-тармағы бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандардың бірнеше құқықтарынан айырылуы белгіленген. Осыған орай сотталғандар мемлекеттік мекемелерге, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау және сайлану, сондай-ақ республикалық реферундумға қатысу құқығынан айырылады.

Сотталғандардың құқықтарынан және бостандықтарынан айырылу Қылмыстық кодекспен анықталады. Сотталғандардың құқықтары мен бостандықтарына шек қойылуы қылмыстық-атқару кодексімен де белгіленеді.

Сотталғандардың құқықтарын шектеу туралы айтқанда мыналарды ескеру қажет. Біріншіден, Қазақстан Конституциясында, қылмыстық-атқару кодексінде және өзге де заңдарда көрсетілген шектулерге қарамастан сотталғандар Қазақстан Республикасының азаматтары өздерінің конституциялық құқықтарын жоғалтпайды және солардың міндеттерін атқарады. Екіншіден, сотталғандардың құқықтарын нақты шектеу мынадай жағадйларға: жасалған қылмыстың сипатына, қоғамдық қауіптілігінің деңгейіне; сотталғанның тұлғалық ерекшелігіне; сотталғанның жазасын өтеу кезіндегі тәртібіне байланысты болады.

ҚАК-нің 8-баптың 3-тармағында шетел және азаматтығы жоқ тұлғалардың құқықтары белгіленген. Олар Қазақстан Республикасының Конституциясымен, басқа заңдар, халықаралық келісім-шарттарымен, Қылмыстық, Қылмыстық-атқару кодексімен белгіленген тәртіпте құқықтарына ие және өз міндеттерін атқарады.

Соныменен, сотталғандардың құқықтық мәртебесі дегеніміз сотталғандардың қылмыстық жазаны өтеу кезінде ие болатын заңда бекітілген міндеттері мен құқықтары және заңды мүдделері.

Қазақстан Республикасы сотталғандардың құқықтарын, бостандықтарын мен заңды мүдделерін құрметтейді және қорғайды, олардың түзелуіне қажетті жағдайларды, сол сияқты әлеуметтік әділеттік кепілдігін, олардың жазаларды атқару кезінде жеке басының әлеуметтік, құқықтық және өзге де қоғамдық қорғауын қамтамасыз етеді.
4.2 Сотталғандардың негізгі құқықтары мен міндеттемелері

Сотталғандардың сот тағайындаған жаза түрін өтеудің тәртібі мен жағдайлары, өздерінің құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат алуға құқығы бар. Ал мемлекеттік органдары лауазымды тұлғалар Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-баптың 3-тармағына сәйкес әр тұлғаны оның құқықтары мен мүдделері жөнінде құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен таныстыруды қамтамасыз етуге міндетті. ҚР ҚАК-нің 10, 11-баптарында жазаларды атқару (өтеу) үрдісінде сотталғандардың құқықтары бекітілген.

Сотталғандардың сот тағайындаған жаза түрін өтеудің тәртібі мен жағдайлары, өздерінің құқықтары мен міндеттері ақпарат алуға құқығы бар.

Сотталғандар жазаны атқарушы мекеменің немесе органның әкімшілігіне, жазаны атқарушы мекемелер мен органдардан жоғары тұрған басқару органдарына, сондай-ақ сотқа, прокуратура органдарына, мемлекеттік өкімет органдарына, қоғамдық бірлестіктерге, адам құқығы мен бостандығын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдарға ауызша және жазбаша ұсыныстар, өтініштер жасауға және шағымдануға құқылы.

Сотталғандар түсініктеме беруге және хат алысуға, сондай-ақ ана тілінде немесе өзі білетін кез келген басқа тілде ұсыныстар, өтініштер жасауға немесе шағымдануға, қажет болған жағдайларда аудармашының қызметін пайдалануға құқылы.

Сотталғандар адвокаттардың және де осындай көмек беруге уәкілетті басқа адамдардың заң көмегін пайдалануға құқылы.

Сотталғандардың әлеуметтік қамтамасыз етілуге, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зейнетақы алуға құқығы бар.

Сотталғандар денсаулығын сақтау үшін қажетті медициналық-санитарлық қамтамасыздандыру құқығын пайдаланылады.

Мемлекеттік органдарды және жергілікті өзін өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар. Бұл құқық соттың үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдарға ғана берілмейді.

Жазасын өтеген және сотталуына байланысты атқарып жүрген қызметінен бостатылған адамдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес еңбекке және тұрмыстық жағынан орналасуға әлеуметтік көмектің басқа түрлерін алуға құқығы бар.

Жазасын өтеп жүрген адамдардың жазаны атқару мекемелерінің қызметкерлері тарапынан сыпайылық көру құқығы бар.

Қамауға немесе бас бостандығынан айыруға сотталған шетелдіктердің өз мемлекеттерінің дипломатиялық және консулдық мекемелерімен байланыс жасауға құқығы бар. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында дипломатиялық және консулдық мекемелері жоқ елдердің азаматтары олардың мүдделерін қорғауды өз мойнына алған мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерімен немесе оларды қорғаумен айналысатын халықаралық ұйымдармен байланыс жасауға құқығы бар.

Дін ұстану және ар-ұждан бостандығына құқығы бар, бірақ діни ғұрыптарды орындау сотпен белгіленген жазаны атқару мен өтеудегі бекітілген тәртіпке және басқа тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтірілмеуі тиіс.

Сотталғандардың және басқа адамдардың тарапынан сотталушының жеке басына қарсы қылмыс жасау қаупі туындаған кезде ол қамау немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны атқарушы мекеменің кез келген лауазымды адамына өзін мұндай қатер жоқ қауіпсіз орынға ауыстыру туралы өтініш жасауға құқылы.

Сотталғандардың және басқа адамдардың тарапынан сотталушының жеке басына қарсы қылмыс жасау қаупі туындаған кезде мекеме бастығы мынадай шешім қабылдайтын болады:

а) оның қауіпсіздігін сақтау үшін қауіпсіз орынға, яғни жеке бөлмеге, камераға ауыстырылуы туралы;

б) сотталғанның қауіпсіздігін қорғау жөніндегі басқа шаралар туралы (сотталғандар арасындағы жан-жалдарды шешу, қауіпті қылмыскерді жауапқа тарту т.с.с.);

в) сотталғанды басқа түзеу мекемесіне ауыстыру туралы.

Мекеме немесе органның бастығы қауіпті сотталғанды (сотталғандарды) басқа мекемеге ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Сонымен қатар сотталғандардың ұлттық тіл мен мәдениетін пайдалануға және өзі қалаған тілде сөйлеуге, гигиена мен қауіпсіздік талаптарына сай келетін еңбек шарттарына, азаматтық және отбысылық құқық қатынастарына субъект болуға, тегін орта білім алуға құқықтары бар.

ҚАК-нің 10-баптың 10-тармағында сотталған шет елдердің азаматтары дипломат өкілдерімен және консул мекемелерімен байланыс жасау құқықтары бар. Консул өкілдерімен, дипломаттарымен, сондай-ақ халықаралық органдарымен түрлі байланыс жасалынады. Ол ұсыныстарды, өтініштер мен арыздарды жіберу, хат алмасу, телефон байланысы және консул өкілдерімен кездесу. Бұл кездесулердің мақсаты сотталғанға құқықтық көмек көрсету, сондықтан тұтқынға алған кезден бастап олармен кездесуді ұйымдастыру (ҚАК-нің 64-баптың 2-тармағы, 84-баптың 4-тармағы).

ҚАК-нің 9-бабында сотталғандардың нақты мынадай негізгі міндеттері көрсетілген: қылмыстық-атқару кодексімен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен және үкіммен белгіленген құқықтық шектеулерден туындайтын талаптарды сақтауға, жазаны атқарушы мекемелер мен органдар әкімшіліктерінің заңды талаптарын орындауға міндетті.

Жоғарыда айтылғандармен қатар сотталғандар қоғамда қалыптасқан тәртіп нормаларын, санитария және гигиена талаптарын сақтауға міндетті. Сол сияқты, қылмыстық жазаны атқарушы мекеме мен органдардың қызметшілер құрамына, мекемеге қалушы тұлғаларға және басқа да сотталғандарға сыпайылық көрсетіп және жазаларды орындаушы мекеме мен органдар әкімшіліктерінің шақыруларына уақытында келуге міндетті. Сот үкімінің орындалуына байланысты міндеттерін атқармағаны үшін сотталғандар қылмыстық, әкімшілік және материалдық жауапкершілікке тартылады.


4.3 Сотталғандардың ұсыныстарын, өтініштерін және арыздарын қарау тәртібі

Қылмыстық-атқару кодексі, басқа заңнамалық актілері сотталғандардың ұсыныстарын, өтініштерін, арыздарын беру тәртібін және нысандарын қарастырады. Сотталғандардың арыздары ауызша немесе жазбаша түрде беріледі (10-баптың 2-тармағы). Бас бостандығынан айырылғандар түзеу мекемесіндегі ішкі тәртіптемесінің ережелерінің 16-тарауына сәйкес ұсыныстарын, өтініштерін намесе арыздарын өз атынан беруге ғана құқылы. Сотталған адамға ұсыныстарын, өтініштерін намесе арыздарын топ атынан немесе басқа тұлғалардың атынан беруге рұқсат етілмейді. Сотталғандар ұсыныстарына, өтініштеріне, арыздарына қол қоюлары тиіс.

Айыппұл жазасымен жазаланғандар, тиісті лауазымдарға тағайындалу құқығынан айырылғандар, тиісті қызметпен айналысуға шек қойылған сотталғандар, арнайы, әскери және атақтарынан айырылғандар, дипломат, біліктіліктерінен айырылғандар өз ұсыныстарын, өтініштерін, арыздарын барлық азаматтарға бірдей тәртіпте беруге құқылы. Егерде олар мекеме әкімшілігіне жіберілсе олар тіркеліп, тиісінше шешім қабылданатын болады. Қаралған өтініштердің қорытындысы бойынша қабылданған шешім сотталғанға хабарланады.

Сотталғандар ҚАК 10-бабының 2-тармағына сәйкес жазаны атқарушы мекеменің немесе органның әкімшілігіне, жазаны атқарушы мекемелер мен органдардан жоғары тұрған басқару органдарына, сотқа, прокуратура органдарына, мемлекеттік өкімет органдарына, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ адам құқығы мен бостандығын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдарға ұсыныстар, өтініштер жасауға және шағымдануға құқылы. Осы белгіленген органдарға жіберілген сотталғанның ұсыныстары, өтініштері, арыздары мекеме, орган әкімшілігі арқылы жіберіледі.

Сотталғандардың осы құқықтарын жүзеге асыру үшін ішкі тәртіп ережесіне сәйкес сотталғандардың ұсыныстары, өтініштері мен арыздары күн сайын ауызша және жазбаша түрде қабылданады. Ауызша берілген ұсыныстар, өтініштер мен арыздар арнайы журналға жазылып, олар туралы шешім қабылдану үшін жауапты лауазымдық тұлғаға баяндалады. Жазбаша түрде және әкімшілікке ұсынылған ұсыныстар, өтініштер мен арыздар арнайы журналдарға тіркеліп, мекеме басшысына беріледі. Мекеме басшысы бұл мәселені шешу шараларын қолданады.

Бас бостандығынан айырылған сотталғандардан түскен ұсыныстар, өтініштер мен арыздар және басқа да хаттар тексеруге жатады (ТМК-нің 91-бабын қара). Бірақ ережеден тыс жағдайлар да орын алуы мүмкін. Мысалы, түзеу мекемелері мен органдарының қызметтеріне қадағалау және бақылау жасайтын органдарға жіберілген ұсыныстар, өтініштер мен арыздар тексерілмей бір тәулік ішінде жіберіледі (демалыс және мерекелік күндерден басқа). Бұл себептен жіберілетін ұсыныстар, өтініштер мен арыздар сотталғандардан жабылған күйінде алынады және ашылмауы тиіс.

Ескеретін тағы бір жағдай, қадағалау және бақылау құқығы жоқ мемлекеттік үкімет, қоғамдық бірлестіктеріне, сондай-ақ заңды және жеке тұлғаларға жіберілген ұсыныстар, өтініштер мен арыздар тексеріледі сонан соң ғана жіберілетін болады.

Егер де ұсыныстар, өтініштер мен арыздарда айтылған мәселелер сол жерде шешілуге жататын болса, сотталғанның келісімімен оның ұсыныстары, өтініштері мен арыздары аталғандардың ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес ешқайда жіберілмейді. Осы жағдайда мекеме, орган әкімшілігі сотталғандардың ұсыныстарын, өтініштерін және арыздарын шешу үшін белгілі бір шаралар қолданады.

Егер әкімшілік, лауазымды тұлға бұл мәселелерді шеше алмайтын болса немесе сотталғанның талабы бойынша олар ұсынылған органға жіберіледі.

Ескеретін тағы бір жай егер ұсыныстарда, өтініштер мен арыздарда қылмыстың жасалуына бағытталған мағлұматтар шифрмен немесе құпия ретінде жазылған болса, олар ешқайда жіберілмей сотталғанның жеке ісінде тіркеледі. Сотталғандардың ұсыныстарында, өтініштер мен арыздарында әкімшіліктің іс әрекеттері және олардың шешімдері тоқтатылмайды. Бірақ прокурорға жіберілген әкімшіліктің заңсыз шешімдері қаралып, заңсыз қабылданған бұйрық немесе қаулы немесе өкімнің шешімі тоқтатылатын болады. Осындай жағдайларда лауазымды тұлғалар наразылық білдірілген актінің іс әрекеті тоқтатады.

ҚАК 10-бабының 5-тарауына сәйкес органдар мен лауазымды тұлғалар сотталғандардың ұсыныстарын, өтініштері мен арыздарын Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте және мерзімде қарауына және сотталғандарға қабылданған шешімдер жөнінде ескертуге міндетті.

Сонымен, сотталғандардың құқықтарының және заңды мүдделерінің бұзылғаны жөнінде ұсыныстарын, өтініштері мен арыздарын белгілі бір мекемелер мен органдарға жіберуге мүмкіндіктері бар. Сотталғандар олардың субъективті құқықтарының және заңды мүдделерінің бұзылғаны жөнінде ұсыныстарын, өтініштері мен арыздарын кез келген мемлекеттік органдарына және жергілікті органдарына жіберіп сол туралы заң негізінде белгілі бір шешім қабылданып ол шешім сотталғанға хабарландырылады.

Сотталғандардың жазаның өтелуі жөніндегі мәселеге жатпайтын ұсыныстарын, өтініштері мен арыздарын тиісті органға жіберіледі. Бұндай ұсыныстар түскен күннен бастап бір ай ішінде қаралады, ал тексеруді талап етпейтін ұсыныстар кешіктірілмей, яғни 15 күннен асырмай қаралады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет