Зейнолла Шүкіров



бет2/11
Дата11.06.2016
өлшемі1.27 Mb.
#128863
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Нұртай бейқам отыр еді. Жебе ердің қапталына дік еткенде, жалт қарады. Оң жақ үзеңгісі, аяғынан сыпырылып барады екен. Сұр жебе қайыс таралғыны қиып түсіпті…

Кім атқанын іздеп айнала қыдырған көзі Қарашоқаттың басында ағызып келе жатқан жалғыз аттыны көрді. Ақ тұлпар!..

Атты таныған сәт, басқа дүне естен шыққан. Жас сәби Байшоқыны да Ақ тұлпар құтқарып қалды.

Келе жатқан Жылқайдар еді. Әуелі көзіне қалың жылқы түскен. Торылары мен күреңдері, үйір-үйірімен Сарбұлаққа қарай жосып барады. Тал түсте жылқы қуатын бұл қандай жүрек жұтқандар? Бостан мен Достан…Қос табақтан ет жейтін сабаздарыңа болайын… Бірақ, қарттың ой арқауы кенет үзілді. Тасбулақтың басындағы үш ауылда сау шаңырақ жоқ, құйын жүріп өткендей екен. Он шақты түйелі көш шұбап шықты. Шапқыншылық екені көрініп тұр... Батырдын жүрегі тіксініп, көзіне қан толғандай. Тағы да есіне Бостан мен Достан түсті. Кішкентай Байшоқындан қауіптенген жоқ-ты.

Қарасы жиырма шақты адам, ауылдан шыққан жау, кенет жапырыла қозғалып, бері қарай ат қойды. Жылқайдар олардын анық өзіне төніп келе жатқанын біліп тұр. Аяспас жаудын түрі… Сонан кейін көзіне ала шапандар шалынды. Қарақалпақтар… Нұртай!Үргеніштегі Нұртай… Ақ тұлпардың ізін шығарып келген… Тағы да есіне Бостан түсті.Бостанның жазым болғанына енді шәк келтірген жоқ. Кеше оған қатты наза болғанына өкінді. Қап, қарғысқа ұшырады-ау…Шаңырағын ортасына түсірген Нұртайдың жұмысы, арадан қан өткенін аңғартып тұр еді. Ертелі тұла бойын мұздатып айықпай қойған жаман түйсік төбе құйқасын шымырлатып қара табанынан бір-ақ шықты. Қартайған шағында тағдыр ауыр сынға кездестірді. Бар қаруы сары садақ пен он алты өрме қамшы… Қоян-қолтық шайқасқа оның екеуі де жарамсыз. Жауды жақынға жібермей,алыстан аңдысуы керек… Соны әлде қалай түйсініп, ердің қасындағы сары садақты ала берді.Оң қолы қорамсақты қармалайды. Көзі жауда еді. Алға түскен күрең төбелді нысанаға алып, адырнасын тартты…

Әй, мынау Нұртай ғой. Талай жыл есігінде жүріп, дәмін татып еді найсап… Көзінің қиығымен ақ тұлпарға бір қарады. Кеудесін өкініш сыздатты. Ізін шығарып, шын жауығып келген. Қатты ширығып, сары садақты шірене тартқан. Нұртай екі жүз қадамдай жерде, жүзі ап-анық көрінді. Байлап-ақ атты. Күрең төбел жалғыз қазыққа ұрынғандай тұмсығын жер сүзіп омақаса құлады.

Нұртайдың жүрек тұсын нысанаға алып тартқан сарыжасы атқа тиді. Қартайғаны, кару қайтқаны ғой… Өзегін өрт шалғандай, өкініш ұшқыны көзінде жалт етті. Нұртайдың ізіндегі қалың нөпір үйдек-түйдек келіп қалыпты. Жылқайдар апыл-ғұпыл екі сарыжаны бірден суырып, құлашын аттың басында үйме-жүйме иірілген топтың ортасына ала бірінен соң бірін жөнелтті. Қимылы асығыс еді. Көздемей атты.

Біреудің өкірген даусы шықты. Тиді! Жылқайдар ақырын бұйрық беріп тұрған Нұртайдың дауысын ап-анық есітті. Абыржып қалған жау, оның тірі екенін жаңа байқағандай, бастарынан асыра былғаған сойылдары сораңдап, алмас қылыштар жарқ етті. Жиырма жігіт жалғыз шалға жапырыла ұмтылды.

Енді кідіріп болмайтын еді. Ақ тұлпарлы Сары шал Қарашоқатты бөктерлей тартып берді. Қуғын көптің басын ыдыратып, жеке-жеке қарсы алу керек. Ат басын бұрып жатпай-ақ, куған жауды ердің үстінде бір жамбастап жатып тартып-ақ түсіріп кете беретін жастау кезі көз алдында елестейді. Кәрі омыртқа қатып қалған екен. Екі-үш рет оқталып көріп, артына қайрылудың оңтайын келтіре алмай, батырдың діңкесі құрыды. Ыза қысқанда, жүзі күп-күрең болды. Әзірге дәтке қуаты ақ тұлпар. Айқай-шуға делебесі қозған ат, ауздығын жұлқып қояндай орғиды. Алдыңғы күні бәйгі, кешелі бері жүріс, бұл да қашанғы шыдайды… Ақ тұлпардың мойынында тер білінеді.

Қуғыншылар жайылып артта қалды. Сірә батырды ұзап бара жатқан көшке шабар деп күтсе керек, бес-алты жігіт алдын кес-кестей салды. Артында екі-үш жігіт тақап келе жатқан, Жылқайдар ат басын жалт бұрды. Садақ қолда, саржа ауызында тістеулі еді. Бірақ, ашу қысқан асыққан күйі, төрт оғының ұшеуі далаға кетті. Алдағы жігіт шалқалайқұлағанда, қасындағы серігі жалт берді. Далақтап қашып барады.

Ақ тұлпар да босаңси бастапты. Батыр ат басын Қарашоқаттың басына қарай бұрды. Жау ұрланып келе алмайтын биік жер. Мақсаты алыстан нысанаға алып, бөгей беру еді. Ақ тұлпар өрге салғанда, екі өкпесін соғып, сыр алдырды. Батыр қорамсақта қалған жебелрін санап келе жатыр.Алтауы қалыпты… Амал қайсы, осы таусылғанша жауды бөгей тұрар… әлі де тіршіліктен күдер үзген жоқ. Жан-жақта ауылдар бар… Астан қайтқан жұрт ойранның үстінен шығып қалса, ғажап па? Тек соған шейін мыналарды ірке тұруы, айналдырып жібермеуі керек…

Биік төбінең басында қарауылдай қақиып тұр. Аттан түскен жоқ. Әлгіде пышырап кеткен жау басын құрапты. Төртке бөлініп жан-жақтаң қоршап келеді. Нұртай ат үстінде, жағалай шауып, әрқайсысына бір ақырады.

Біреуі топтан бөлініп, ұзап кеткен көшті бөгеді. Бір түйені бері қайтарып еді…

- Батыр сөзге кел. Нұртай жақындай қоймай, аулақтан тіл қатты. - Өзің де түсініп тұрған шығарсың. Мен ақ тұлпарды қуып келдім.Бір басыңа азаттық. Ақ тұлпардың жүгенін басына түріп, бері жібер.

- Оттама жаман құл! Саған ақ тұлпар керек екен ғой. Әуелі желкеңнің шұқырын көр! Ақ тұлпарды сонда аласың!

Жылқайдар ашумен айтты.Аттан түсіп жаяу қалса, одан кейін не боларын құдай біледі. Батыр айбат шегіп тұр еді.

- Көрерміз!

Нұртай көш жаққа қамшысын шошайтты. Түйе жетектеген әлгі жігіт желе шоқырақтап келіп қалған екен. Мән шешесі көшке мінетін қараша інген… Екі жағында салақтаған не пәлесі еді… Кенет Жылқайдардың құлағына шыңғырған ащы дауыс жетті… Тал бұрау түскен тайлақтай бақырады. Әйтеуір адамның дауысына ұқсамайтын еді.

Апыр-ау, мынау Қарлығаш қой… Немересі… Бостанның қызы… Жылқайдар немерелерінің киімін танып тұр.

Бостанның екі қызы қаздың балапанындай қатар өсіп келе жатқан… Салақтаған солар екен… Бұрымдарын байластырып, екеуін түйенің екі жағына тастай салыпты. Қыздар жазы ағашқа қолымен жармасып, жанұшырып шыңғырады.

Жылқайдардың діті қатты-ақ еді. Баяғы әкесі Сырлыбай дүние салған жолы бір рет жылапты. Онан соң көзіне жас алған жері есінде жоқ. Мынау сұмдық көрініс төбе құйқасын шымырлатты.

- Боталарым – ай!

Батырдың көзінен бір тамшы жас ыршып шықты. Ақ тұлпарға қалай қамшы салды, Қарашоқаттың басынан қалай шауып түсті… Оны өзі аңғарған жоқ. Қарақалпақтардың қалың ортасына қойып кетті. Қара дойырды оңды-солды сілтеп жүр…

Өңкей атан жілік қарулы жігіт, жалғыз шалды қараша інгенге жеткізбеді. Қара сойыл мен көк найза жан-жағынан жауып кетті. Сары шалдың жасаураған көзі түк көрмейді. Құлағында боталарының дауысы, тек соларға жеткісі келеді.

- Ә, түстің бе қолға, Жылқайдар!

Нұртай ер бауырға шыдамасын біліп еді. Көштегі қыздарды әдейі алдыртты. Жылқайдармен қарсы келіп қалып, найзасын тоса берген… Ағыны қатты ақ тұлпар атылып кеткенде, батырдың көкірек тұсынан көк найза кірш етті.

- Ах!

Жылқайдар екі қолын жая шалқасынан құлады. Көкірек сүйегі қақ айрылғандай, қатты ышқынтқан ауруды бір-ақ сезді… Содан соң қараңғы тұңғиыққа, шым батқандай. Төс ойылып шарт үзіліп ер сыпырылып түскендей, ақ тұлпар үрке шапшып кеткен. Құлап бара жатқан денені қос аяқтай тепті.



Көз жауын алған арам дүние демің біткен күні басқа тебеді. Нұртайдың жүзі қара күреңденіп, сырт айналды.Әлде кімнің аянышты үні құлағына тиді.

- Обалдағы-ай!-дейді.

Сол сөз өз аузынан шыққандай, Нұртайдың құлағы шыңылдады. Бүгін қанша жазықсыз жәбір көрді. Үш бірдей ердің түбіне жетті… Соның бәрі ақ тұлпар үшін еді.

Ақ тұлпардың шылбыры қолында… Бірақ, кеудесінде өрекпіген қуанышты сезе алған жоқ. Жалғыз қалып жалынбай, жан кешкен Жылқайдар … Есіл ерді басқа тепкен хайуан… Көз алдында әлі тұр. Нұртай жан-жағына мәңгіре қарайды.

- Жүрейік жігіттер,-деді, даусы булығып шықты.
Х Х Х
Әнетей ұйқысынан қорқып тұрды. Бір өңкей қара қой… Ақпайдың аржағындағы құмның ішінен шығып, бері қарай еріп келеді екен. Құмырсқадай қыбырлайды… Көкшекөлдің ұлтанындағы жартусыз мөлтегі есіне түскен Әнетейдің жүрегі зырқ етті. Қой қайыра жұмсайтын баласы да жоқ, айқайласа дауысы шықпайды. Сөткенше болмай, қой дегені самсаған сары қолға айналыпты. Алдында Әбілхайыр…

Осыдан қырық жыл бұрын өліп, ендігі сүйегі қурап қалған қаһарлы хан… Түске енгенін әлі қоймайды. Қатты тіксінген шал ырсиған қабырғасын тыр-тыр қасынып, оң жағына аунап түсті. Қарын тұтқан терезенің орны қап-қара болып үңірейіп, ескі балшық үйде күлімсі сыз иісі аңқиды. Енді қашан ұзақ түн аяқталып, өзі таң намазына отырғанша оған ұйқы жоқ. Әтеней өкінді.

Жасы жетпістің үстіне шыққан қарт, халық басынан кешкен үлкен бір дүрбелең дәуірдің көзі тірі куәсіндей еді.

Қарақалпақ не көрген жоқ. Мазасыз көршілер Хиуа мен Қоқаннан тынышы кеткенде, әз Тәукенің қолтығына тығылады екен. Сыр бойынан бастап, Ұлытау, кіші құмға шейін созылатын кең өлкені қоныс қылып, Тұран ойпатының үстін басып өтетін орыс керуендерінен қарақалпақ билері алым-салық алып тұрыпты.

Әз Тәукенің көзі жұмылған соң қазақ хандығы да ыдырайды. Қарақалпақ тізгінін өз қолына алып, Тобыршық сұлтанды хан көтерді. Онан кейін Қайып хан… Ол кезде Сығанақ шаһары… Хан тағына Есмұхаммед отырған соң, қоныс аударып Жанкентке көшіпті. Есті хан Хиуа мен Бұхар әміршілерінен іргесін аулақ ұстауды ойласа керек. Орыс патшасынан пана сұрап Жәнібек батыр бастаған елшілерін аттандырады…

Жәнібектің қасына ерген он адамның бірі осы Әнетейдің әкесі Мәстәт би… Жарықтық айтып отыратын еді…

Қапы соққан жоңғар шапқыншылығы бар дүниенің астын үстіне шығарды. Әуелі қазақ босты… артынан қарақалпақ… Әнетей онда он екі жасар бала… Тозған қаздың топтанған қарғаға қалай жем болатынын көзімен көрді. Бала-шаға Көкшекөлдің қопасына тығылып жан сақтайды. Дәулетті қарақалпақтар мұсылман жұртына қарай жылысты. Мәстәт бидің бұт артары жоқ, Ақиректің баурайында қала берді…

Босқын елдің күні құрысын. Тәуір аты Бұхар бектерінің астында, сұлу қыздары үргеніш әкімдерінің қойнында… Ақыретті мұсылман бауырларынан көреді.

Кең сахарада еркін көшіп үйренген қазақтар онда да әуелі мінез шығарды. Қызылқұмнан тақ үйіп, Әбілхайырды ақ киізге салып хан көтерді…

Жалғыз түйесіне керегесін қомдап, өздері жаяу шұбырған қазақ көші сырдарияның бергі бетіне қайта кешіп өтіп, сары далаға сіңіп жатыр… Қазақ қосындарының ішінде, ақ найзасы күнге шағылысып Оразақ батырдың жігіттері де бара жатты…

Жан кешті шайқас неше жылға созылды. Бірде қазақ қосыны, бірде қалмақ қолы басым түседі. Сарқамыс қопасы түбінде болған ұрыста талай қарақалпақ батырлары да жан беріп еді. Жоңғарлар ойсырай соққы жеген сары жон кейін «Қалмақ қырылған» атанып кетті.

Ел іші онан кейін де тынши алған жоқ. Ташкентке тағын орнатқан қалмақ ханы Қалдан жеріне жылда ойран салатын еді. Абылайдың шашбауын көтерген Орта жүз қазақтары Әбілқайырдан сырт айналды…

Қарақалпақ сұлтаны Қайыпқали да тірілді. Әкесі Мәстәт би оны сыртай қажыртып отыратын еді.

Орыс елшісі Мәмед мырзаның келетіні де сол тұста. Әбілқайыр қарақалпақ билерін кеңеске шақырады. Көптің ішінде Мәстәт бидің де аты аталады.

Онда әкесі жетпістің үстінде,әрі төсек тартқан сырқат еді. Бара алған жоқ. Оразақ батырдың қасына он сегіз жасар ұлы Әнетейді қосты.

Бұл кезде қарақалпақта екі ұдай. Сырдарияның өріндегі ел Қалдан шеріннің қоластында қалған. Башқұрт ішінен келген төре Сұлтанмұратты хан көтеріпті. Қайыпқали сұлтан ызалы еді.

Орыс патшасы Әбілқайырдан ант беруді талап етеді екен. Қазақ билері тіскінді. Қызыл кеңірдек дау бір аптаға созылып, жұрт бір шешімге келе алмай тарады. Әбілқайыр Мәмед мырзаны ұстап қалды…

Сол жылы Оразақ батыр ат үстінен түскен жоқ. Әмударияның құйылысындағы өзбектердің ханы Шахтемірге екі барып қайтқан. Әбілқайырдың сәлемін апарады екен.

Орысқа Шахтемір де бағынатын болды. Хиуа тағына Жолбарыс хан отырғалы бәрінен де маза кеткен.

Қасында қарақалпақ билері қолдап отыр, оған Шахтемір қосылған соң Әбілқайыр бел алды. Бір жылдың беделінде кіші жүздің белгілі билері мен атақты батырларының мойынын бұрып болған екен…

Әбілқайырдың ордасында өткен ант беру салтанатынын Әнетей көзімен көрді…

Ертеңіне Әбілқайырдың үлкен ұлы Нұралы бастаған алпыс кісі атқа қонды. Шахтемірге ханның немересі Қаракөз сұлуды тартуға апарады. Жиырма түйеге жасау артылды. Арадағы достықты бекітуге дәнекер іздегенде ақ сүйек төрелер қыз алып, қыз беріседі. Әбілқайыр да «сүйек шатысудың» жоралғысын жасады.

Тағы да бір күн өткенде Хиуаға қарай асатын қара жол үстінде үш салт атты төпеп бара жатты. Кіші жүз ордасы Жолбарыс ханға орыс үстемдігін мойындағанын мәлімдейді.

Жазға салым Әбілқайыр қалың қолмен Хиуаға аттанды. Дандайсып кеткен Жолбарыс ханның жүрегін шайған үлкен жорық осылай басталды…

Бірақ, жеңіс қуанышының қызуы тарқамай жатып Шахтемір хан көз жұмды. Орнын басқан Шердәрі бір-ақ жыл дәурен сүріп, бақи жайға сапар шеккен. Хан ордаларында бұл сияқты жұмбақ өлім таңсық емес. Енді шын күшке мінген Жолбарыс ханның жолында Әбілқайыр да тұра алған жоқ… Өзбек хандығы өмір сүруін тоқтатты.

Жалғыз одақтасын жоғалтты. Орта жүз сұлтаны Абылай Қалдан шерінмен татулыққа келген хабары шықты. Әбілқайыр бармағын шайнайды. Қалдан елшілері Сырдарияның құйылысындағы қарақалпақ қыстауларында төбе көрсете бастады.

Мәмед мырзадан кейін орыстардан да хабар жоқ. Соңғы жылдары патша сарайында да аласапыран деп естіледі. Еркек құрығандай, Петр өлгелі, алтын таққа ылғи қатын патша отырады екен…

Ол жақтың хабарына қарақалпақтардың құлағы түрік. Азаматтық іздегенде батыс жаққа көздерін сатады…

- Орыс патшасы мықты. Оған сүйенген елдің іргесі де берік болар. Бірақ, Әбілқайырдан сақтаныңдар, ағайын. Алыстағы орыс келіп жеткенше, хан іргеңді түріп қойып шауып алудан тайынбас.

Әбілқайыр Орск қамалына аттанғанда, Әнетей ересек жігіт. Мамыр батыр бастаған он кісі бидің ат қосшысы еді.

Ханның ауылдан шыққандағы ниеті, патшаға шейін барып қайтпақ екен.

Қарақалпақтар антты қазақтардың бөлек бергісі келетінін айтқанда, Әбілқайыр шалқасынан түсті. Ертеңіне қайтуға жиналды. Аттанатын күні орыс төресі берген қонақасыға да барған жоқ.

Ордаға бет қойған елшілерге поручик Гладышев бастаған он солдат ерген-ді. Жол бойы Әбілқайыр қарақалпақ билерінен орыс солдаттарын қырып салуды талап етеді. Бәрін бүлдірген Қошан батыр… Есіткенін Гладышевқа айтамын деп, хан алдында жаман атқа қалды.

Орыс офицері жаздай қарақалпақ ауылдарын аралады. Қысқа қарай Мәстәт би көз жұмған. Он төрт ру қарақалпақтың жақсылары Енесей бидің үйінде орыс патшасына ант берген салтанатты көре алмай кетті.

Қайыпқали сұлтан қуанышты, Гладышевтың қасына інісі Үбәйділда шайқыны қосты. Қарақалпақтан аттанған он кісі елшінің ішінде Сағындық би, Болат жасауыл бар. Әбілқайырдан ірге айырғандары анық екен.

… Патшаға ант беріп қайтқан елшілерді Әбілқайырдың адамдары Жіңішкеқұмда тұтқындайды. Патшаның мөрі басылған қағаз хан ордасында отқа жағылады…

Бір айдан кейін хан жасауылдары қаптады. Түтін басы бір түйе астық… Малдан зекет… Үбәйділда шайқы бастаған билер жұртқа сынық дән бергізген жоқ…

Берген қағазын отқа жаққан ханды орыс патшасы іргесін түріп қойып шауып алуы керек еді. Қарақалпақтар елеуресіп жүр.

Әбілқайыр бұрын қимылады. Қысқа салым жер қайысқан қалың қолмен келіп, қыстауларға ойран салды. Жиырма мың сиыр, жиырма керуен астық… оның үстіне Орысқұл биді тұтқындап алып әкетті.

Бір айдан кейін Орысқұл Әбілқайырдың сәлемін алып келді. Хан өзінің үстемдігін мойындауды талап етеді. Ашынған жұрт көнген жоқ. Әлі де орыс патшасынан дәмелі еді. Онан жәрдем болмады…

… Әнетей төсегінде дөңбекшіп жатыр. Өткен күн еске түссе кәрі жүрек қалтырай бастайды. Бүлгін заман… Қарақалпақты Әбілқайыр бір шапса, Абылай екі шабады…

Барақ сұлтан Әбілқайырдың басын алған соң, екі-үш жыл тыныштық орнады. Қарақалпақтар да ес жиып, топ құраған. Айшуақ Сұлтанның ізіне ерген Өтетілеу, Жәнібек батырдың қалың қолын талқандады. Туған інісіне көмекке ұмтылған Ерәлі сұлтан жүз отыз кісімен тұтқынға түсті.

Арғын – қыпшақтың жігіттерін ертіп, Сыр бойына шүйілген Сархан батыр қарақалпақтың қолынан қаза тапты.

Бірақ, аңдысқан жау алмай қоймайды. Араға он жыл салып, Ерәлі сұлтан қайта оралды. Бұл жолы ізінде жиырма мың қол әскері бар… Сыр бойындағы қарақалпақта тігерге тұяқ қалған жоқ. Үрейі ұшқан ел Қуандария, Жаңадария бойына қарай босты. Біраз ел Хорезм жұртына ауды. Одан бері де жиырма жыл өтті.

Ақирек алқабындағы ел іргесін қозғаған жоқ-ты. Енесей би қызын қазақ батыры Киікбайдың баласына ұзатты. Сол құдалықтың панасы бәріне тиді.

Бұл күнде Сыр бойын араласақ, әр жерде қаңырап қалған қыстау. Баяғыда аттап бассаң бір ауыл… Осы Ақиректің астында отыз қыстау отыратын еді. Енді бар-жоғы алты-жеті қыстау, әр төбенің астында шошайып отыр.

Өткен күн бір көрініп жоғалған түс сияқты. Зәуде Әнетей ақ найзаны қолға алып, айқай салып жауға шабатын жас күндерін аңсаса, көзіне жас келеді. Сөйтіп едім десең қазір кім нанғандай? Ауыздан тіс, аяқ қолдан күш кетті. Қаусаған шал… Әнетей ұзап сыртқа шықпайды.

Аласа қақыраның аядай терезесі бозамық тартты. Ойбай-ау таң атқанын да байқамай қалғаны ма?

- Кемпір – ау, кемпір!

Кәпірдің ұйқысы қандай қатты еді. Бұл байғұсқа да сын жоқ. Кеше екеулеп тарының жерін кетпендеді. Ондайда бейнеттің ауыр жағын қара кемпір көтереді. Әнетей биыл қыс сырқаттан шықпай қойған. Бір күн сау отырса, екі күн төсек тартып жатады… Құр сүлдері қалды…

Шал өзінің шын мойығанын кеше жер кетпендеп жүріп байқады. Бір – екі атыз шұқыған соң өкпесі қысылды.

- Кемпір-ау, таң атты, намазың қаза қалды ғой.

Бірақ, кемпірдің тұруын күтіп жатуға тағаты жеткен жоқ. Қолында құман, сүрініп- қабынып далаға шықты.

Көкжиекте таң шапағы нарттай жанады. Ақпайдың аржағындағы кесе құмға көзі түскенде әлгі көрген түсін еске алған. Кәлима қайтарда. Жылы төсектен тұрған адам, етіне салқын су тигенде тітіркенді. Сол жақ бүйірі сыздап ауырады. Үш – төрт күннен бері ауа райы да салқын. Қазақтар айта беретін құралайдың салқыны… Ескі шаншуы қайта білдірмесе жарар еді.

Шал намазын оқып болғанда күнде көрінді.

Аулақтау Ақирек жотасы ұзыннан ұзақ созылып жатыр. Жарқабақтанып біткен түстігінде жіп- жіңішке бұлақ ирелеңдейді. Әнетейдің көзі шың басындағы жалғыз сырыққа түсті. Ақиректің басында Арыстанбаптың мекені бар екен. Өздері жас кезінде есітпейтін еді. Осыдан он шақты жыл бұрын бір дәруіш келіп, Арыстанбап жайлы аңыз елден елге тарады. Бағзы заманда өткен әулиенің басында зиярат ете келетін бейсаубет жандар да көбейді. Әлде қайдан шырақшы пайда болды. Пайғамбар әулетінен көрінеді. Қияндағы Бағдат шаһарынан келген қожа, жапан түз Ақиректе қалып қойған. Содан соң Ақиректің маңына адам қара көбірек айналады. Ауру, сырқаулар, бала көтермеген әйелдер… Қазір шыңнан құлап жатқан бұлақтың суы дәруге айналды. Қазақтар меске құйып ауылдарына әкетеді…

Бұл күнде ауру да көп. Еңсесі түскен ел, не болса соған сенеді. Қайран, баяғы күндер-ай!.. Қай ауылға лаққы келгенін есітсе, тайлы-таяғы қалмай жүгіретін еді. Енесей бидің қызына Киікбай батыр құда түсетін жолы, он бір лаққының басы қосылып, қырғын қылған… Қазір қосық айтатын жастар қалмай барады… Адамдар тым ұсақтап кетті ғой. Кедейде берекет жоқ, байда қанағат жоқ… Бір заманда отыз қыстау сыйған Ақиректің алқабына Енесейдің Мамыты мен Күжбанның басы сыйыспай отыр. Көкшекөлдің ұлтанындағы ұлтарақтай жерге таласып жылда қырылысады. Ал Кәпірарықтың екі жағын қамыс басып кетті. Адамның көзі топырақтан басқаға тоймайтын шығар. Ауыр ой еңсесін басқан шал орнынан шүйлігіп тұрды.

Үйге қарай беттеп келе жатып, Көкшекөлдің арғы қабағындағы құмның іргесінде он шақты түйелі көшке көзі түсті. Артында жер қайысқан қалың жылқы көрінеді. Пай-пай, бай ауыл екен-ау… Бірақ, бұл кезде қазақтар қырдан Сырға қарай көше бермеуші еді. Өзін жау қуғаннан аман емес қой… Бір әйелдің сыңсыған дауысы естілгендей. Жіп-жіңішке нәзік үн құлағына талып жетеді. Бәсе, бәсе… Сірә қаралы көш болды ғой… Біреуі өлген…

- Ассалаумалайкүм!

- Әликүм…

Ту сыртынан біреу қапсыра құшақтай алғанда, би шошып кетті. Бұрылғанша болған жоқ, күректей екі алақан қолынан шап берді. Көк көз сары жігіт сылқ-сылқ күледі. Ал тұқыл иегінде бір тал қыл жоқ еді.

- Ей, ей, Өмірқұлмысың?! Әнетейдің даусында қуаныш білінеді.

- Қашан келіп қалдың? Жер астынан шықтың ба?

- Жердің үстіндемін, Әнетей аға, Мамыттың үйінен шықтым. Екі жүз қап тары алған байдың үйі тұрғанда, басқа жұртты менсіне ме, Өмірқұл! Былтырғы кеусенімді биыл сұрай келіп едім. Қырық сиыры батпаққа батып қалып, жылап отыр екен. Түнімен ішегім шұрылдап шықты.

Өмірқұлдың қу тіліне түсінге Әнетей жымың-жымың күледі. Белгілі лаққы… Шаруа бақпайды, егін салмайды. Қай ауылда ас, кімнің үйінде той, - Өмірқұл сол жерден табылады. Ақиректегі елге былтырдан бері ат ізін салған жоқ-ты. Әнетей оның күлкісін сағынып қалыпты.

- Құрғыр, дәмін татып шығып, тағы атақ таңып кетесің – ау.

- Жыланқарақсыз көже ішсем, қалай жасырмақпын!

- Тоқболат, әй, мында келші! Әнетей көршісі Сағындықтың баласын көріп қалып, қасына шақырды. – Біздің қораға кіріп, қызыл қоразды ұстай қойшы. Кердеңдеп кетіп еді, бүгін бір жас сорпаға тоялық.

Өмірқұлға берілген қонақасыға қыстаудағы төрт – бес үйдің адамы түгел жиналды.

- Мәтнияз қайда?- дейді Әнетей тағы бір көршісін жоқтап.

- Қазанқойғанға кетіпті ғой…

Лаққы отырған жерде күлкіден езуіңді жидырмайды.Бір табақ қамыр сықпаның үстінде, жалғыз қораз шошайып келгенде, Өмірқұл жымың етті.

- Әнетей аға, ата қоразды соясың. Әудем жердегі Мамытқа хабар бермейсің. Ертең өкпесіне қалармыз…

- Уа-ха-ха-ха!

- Баяғы Енесей атам өлетін жолғы лақтың әңгімесін айтшы? Сағындық жата жабысты.

- Өмірқұл ауылда жүрген. Әнетей Сғындықтың сөзін тірілтті.- Өлікті жерде де бір жағында күлкісі қалмайды ғой. Өмірқұлды ауылда тастап кетудің амалын қарастырдық…

- Лақ беретін болғансыңдар…

- Ауылда қалатын болса лақ беретін болып келістік.- Әнетей растады. – Үйде қалған. Енесей ағамның сегіз қанат үйі аузы- мұрнынан шығады. «Уай-уай?» Ши есіктің етегінде қол сиғандай жыртық бар екен. Әлде қалай көзім түскені. Біреудің басы қылтың- қылтың етеді. Әлгі үйде қалған Өмірқұл келіп тұр. « Маған берген лағың еркек пе еді, уай- уай, ұрғашы ма еді, уай- уай» деп қылқылдайды.

- Уа-ха-ха-ха!

- Жалғыз қалған соң ойыңа әрнеме түседі екен. Алдап соға ма деп те қауіптендім. Ақ адал малымның еркек – ұрғашысын айырып қойғым келіп еді. - Өмірқұлдың беті бүлк етпейді. – Сорлы басым, басы бүтін айырылдым.

- Уа-ха-қаның үстіне Мамыт келді. Бидің жүзі күп-күрең, Әнетейді сыртқа шақырды.

- Би, аға, масқара болды! Мамыттың үні дірілдей шығады. – Нұртай Жылқайдарды өлтіріпті!

- Жылқайдар…

- Кәдімгі батыр Жылқайдар. Былтыр ақ тұлпарды ұрлатып алдырады екен. Нұртай ізін шығарып келіпті…

Әнетейдың есіне манағы көш түсті.

- Қашан өлтіріп жүр?

- Онысын білмедім…

Мамыт жалтарды. Бұдан бір апта бұрын Тықы шақыртып, кеңеске қатысқанын да жасырып тұр. Қарақалпақ билері алауыз еді. Алдымен Мамыт… Сыр бойындағы азғантай ауыл қазақтармен көрші отыр. Сойыл жұрттан бұрын соларға тиеді. Нұртайдың бәле шақыра келгенін есіткенде қатты тіксінді…

Мамыт жасырынып барып, жасырынып қайтқан Нұртайдың қашан аттанатынынан хабарсыз еді. Таңертең Ақпайдың үстінен асқан көп жылқыны көріп жүрегі су етті. Әлгіде жорамалмен айтты. Жортуылшылардың артынан жетіп, анығын білуге де батылы барған жоқ. Сонша жылқы, он түйеге бастырып артқан қазине… Тұтқын қыздары бар… Жылқайдар көзі тіріде ауылын шаптырып қойып, қарап отырмақ емес…

Дағдарған екеудің сыртында ат тұяғының дүрсілі естіліп, Мәтнияз көрінді. Аттан домалай түсіп жатыр.

- Қырғын, қырғын! Өзі қалш-қалш етеді. – Нұртай Жылқайдарды шауып қайтты. Екі баласы мен өзін өлтріпті. Екі қызын тұтқындап келе жатыр. Ақназар айтты! «Естерің барда, ірге аударыңдар» дейді маған.

Бұл кезде үйде отырғандар да шыққан. Жұрт бір-біріне кезек бермей даурығысып кетті.

- Бүлдіріп қайттық, бәлесі сендерге дегені ғой!

- Енді шапқыншылық басталды!

- Шауып немді алады? – деді Сағындық кекетіп. – Қорықса байлар қорықсын!

- Сонда мені шауып жатады, сен қызығына қарап отырады екенсің ғой! – Мамыт оның сөзін кіді алды.

- Ау, ағайын не істеуіміз керек? – Мәтнияз дегбірі кетіп жұртты асықтырды. – Үстімізге жау келсе, кедей байыңды айырып тұрмас. Адамы өліп өшіккен қазақ не тыңдайды!



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет