Мақпал қыз
Нар өркеш құм шоқылар бағы замандардың шөгеріп тастап кеткен керуендеріндей сұлап-сұлап жатыр. Ақ шағылдардың етегінде ақ селеу елбек қағады. Әр жерде көк қияқ дүзген ұшырасады. Дүзген ылғи жеке өсіп, жуан сіңірлі тамырын жерге терең жіберіп, алапат шөлмен қайыспай алысады. Сол тұрысы жұртта қалған жолым үйдей көкірекке мұң салар еді.
Құм ішінде сарнап жатқан қасқа жол жоқ. Ескі сүрлеудің құр жобасы, үстінен құм жүріп өтіп, ол да көмескі тартқан... Анда-санда көшкен елдің жұрты кездесіп қалады. Маңайын мал тұяғы шиырлап тастаған. Көп іздікке араласып жол да жоғалады. Бірақ, қазақ көзі жіті – дала картасының шимай-шимай бетінен іздеген жолын айнытпай таныр еді... Қазақтар өз жерінде, туған топырағында адаспайды.
Түнде бір құдықтың басында ат шалдырған жаушылар, таң атқалы сар желіс, соқтырып келе жатқан. Күн сәскелікке көтерілді. Салтанатты төртеу де аяңға түсті. Күн ыстықта көлікті көп қысуға болмайтын еді. Онда семізінен жараған аттарды қызылмай қылып құртады.
Аяң жүріс сар желіс емес. Ертелі үнсіз жорытқан жігіттер серпіле түсіп, бір-біріне тіл қатады. Тапал қара жігіт Балпан бір сөздің ұшын түртіп шығарды.
- Осы жұрттың Нияз көкемді Төбет атамның басына сірі бүріпті дейтіндері рас па? Сегіз аға, сен білесің ғой. Ағайын адамдарға не жетпей жүр сонда?
- Оны кімнен есіттің?
Топтың алдында келе жатқан тарланбозды жігіт аттың басын ірке түсті. Бұл төртеудің ішінде жасы үлкені де сол екен. Серіктерінен киім киісі де бөлек, көксауырлатқан кебісінің сірілігі мен тұмсығына күміс шегемен әшекей жүргіздірген еді. Қанауыз тысты жұқа шапанның ішінен қара масаты қамзол киіп, кең балақ пүліш шалбардың балағын алтын зермен көмкертіпті. Басында құндыз бөрік. Сегіз сері әсем киінетін.
-
Әй, осы шөмекейлер кездескен жерде мазақ қылады ғой!
Балпан жайбарақат сөйледі.
- Шөмекей нағашың, қалжыңдай береді де…
Мұны айтқан жасы он жетілердегі қара жігіт Айбас. Ол Балпанды жазғыра сөйлейді.
- Өзімізден өзіміз несіне жасырамыз. шөмекей нағашың қалжыңдаса да шынын айтыпты. Сегіздің ақ құба жүзінде мұң көлеңкесі, қабағын шытқан. – Құлым атамды білмейтін сырт ағайын «Жаман көз» атап жүр...
- Ау, өзіміз де айтып жүргеніміз жоқ па? Балпан тағы да киіп кетті. – Құлымды айтсаң, кейінгі жас балдардың көбісі түсінбейді. Ал Жаманкөз шалды білмейтін ел жоқ.
- Бәрі сол шөмекейлердің сөзі...
Кейіп келе жатқан Айбасты Сегіз тоқтатты.
-
Құлым атамыз жасы алпыстан асқанша ұл бала сүймеген. Бес қызы болыпты. Мың жылқы айдаған бай. Ақ Жайық пен Үлкен Борсықтың екі арасында ұзақ көшіп, кең жайлап жүре берген. Ал немере туыстары Кешубай мен Жұмағұлдың балалары сіңірі шыққан кедей екен.
-
Өзіміз сияқты ғой. жәніке – сары жылқысын айдай алмай жүр. Онымен бірге туған Топының Сегізі. Сегіздің маңдайына басқан жалғыз тарпаң көктен басқа тұлдыры жоқ...
-
Қайда ас болса, той болса Құлым атамды шақырады. Тойлыққа ту бие жетектеп, саба- саба қымыз барып жатыр. Алдында ақ боз үй тігіліп, күтіп тұрады. Әлгі айтқан Төбет пен Мойнақ Жұмағұл атам балалары. Біз сияқты сері жігіттер. Кейде ас пен тойға мініп баратын ат таппайды екен...
-
Жаманкөз атам сараң кісі болған-ау түрі. Балпан бір сөз қыстырып қалды. - Әйтпесе, немере – шөбере туыс. Аттың майын аяйтын иіні жоқ қой.
-
Бір шөмекейдің асы болған екен. Құлым атам тоғыз нарға саба артып аттанады. Алыс ел. Төбет пен Мойнақ аттары тұрып қалып жолдан қайтады. Алдында Құлым атасынан ат сұрап барып, салы суға кетіп қайтқандары бар... Ауылға келіп бай туысының желісін қиып, жылқысын қуады.
-
Е – һе!
-
Құлым атам бетіне жан қаратпайтын тәкаппар кісі, жүрегі қабынып кеткен. Қиылған желіні көргенде, үйге кіруге дәрмені жетпей, есіктің алдында құлапты. Қатын- бала, ағайын- туғанды тыңдамайды. Үш күн өтіп, алыс- жақын ағайын құлақтанып, шектіге қараған игі жақсылар жиналып келеді. Құлым сонда да басын көтермейді. Бақашы шөмекей Нияз би келіпті дейді. «Дәулет пен перзенттің кештігі жоқ, көтер басты!- деп ақырады. – Жасы үлкен ағамын, батамды бергелі келдім. Үйімде он бес жасар қызым бар, соны берем!..» Атам басын көтеріпті.
-
Қызды айтқанда қызып кеткен екен да! Балпан қарқ- қарқ күлді.
-
Қалжыңды қойсайшы – деді төртінші жігіт Сайлыбай.
-
Сонда Нияз: «келер жылы осы уақта бір перзент, ұл перзент көрерсің » дейді екен. Үлкен шешеміз жылап қоя беріпті: «Ол қызың болғанда, мен де қызын, құр қалдыратындай жазығым не?» деген ғой. «Бердім саған да бір перзентті» дейді Нияз би.
-
Пай- пай! Қолында тұрғандай үлестіріп жатыр. Құдай құдай емес, шөмекейдің шалы болып шықты ғой...
-
Нияздың қызы біздің шешеміз. Үлкені Нияз. Аузы дуалы шалдың есімін жиеніне қойыпты. Онан кейін Бәшке, сенің атаң Бабас, ең кенжесі Ботат туады. Бәйбіше де құр қалмай, сүт кеғнжесі Сырлыбайды көтерген...
-
Шала туып, тымаққа салып керегенің басына іліп қояды екен. Сұраған ағайынға «бір лекеріміз бар ғой» дейді. Сырлыбай атаңның Лекер атанып жүргені сондықтан көрінеді, - деді Сайлыбай қарқ- қарқ күліп.
-
Айдың - күннің аманында Сырлыбай атам қалай шала туып жүр десем, шешеміз алпыстағы кемпір екен ғой. Балпан оны да әзілге шаптырады. – Енді мынаны айтшы, Сегіз аға алтынбайлардың Ниязға Жаманшаның ортағы бар дейтіндері не былшыл?
Сайлыбай мен Айбастың жүзі күреңітті. Сегіз езу тартқан. Ана екеуі Нияздың батыр баласы Жәнікеден туады... Нияздың жеті ұлының біреуі Сегіздің әкесі Топы. Бірақ, есті жігіт Балпанның сөзіне намыстанып сыр берген жоқ.
-
Ол былшылдың да мәні бар, - деді тамағын кеней түсіп.
-
Құлым атам шешемізді ұзатып әкелі барғанда, қасына шөбере- шөптіктей жақын туысы Жаманшаны ертеді. Шөмекей мың айдаған байды аясын ба? Қаде – қауметті қалдырмайды. Соның бірі қыз көрсету. Қалыңдығы он бес жасар қыз. Жеңгелері отауға саларда кәрі күйеуді қылжақ қылған ғой: «Қаусаған шалда қанша қауқар болады?» десе керек. Сонда Жаманша атамның: «Ағам кәрі болса, өзім жаспын. Сендер ұялып қалам демесеңдер, біз қысылмаймыз!» дейтін жері бар. Соны жұрт дабыра қылып кеткен ғой. Сегіз Балпанға қарап күлді. – Ойпырай, сенің де есітпейтінің жоқ екен.
-
Ау, біліп қойғанның несі артық? – Балпан жоп – жорта таңырқағансиды. – Біз жасырғанмен жұрт айтып жүр. Қайта осындайда анығына жетіп қойған жақсы ғой. Дегенмен осы ара да бір шикілік бар. Әлгіні айтып жүрген Жаманша, шешемізді қайдан аман қояды? Қанша мықты дегенмен жетпістегі шалдың он бес жасар қызды қанағаттандыруы қиын ғой...
-
Сен де оттайды екенсің! – Ат жақты Сайлыбай, онысыз да қисықтау біткен бетін бір тыржитты.
Төртеуі де Жаманкөз шалдың тұқымдары, Сайлыбай мен Айбас сосын ғана шыдап келе жатыр. Басқа біреу айтса, қып- қызыл қырғын болар еді.
Тоқал шешеден тараған төрт бала, төрт ауыл, жаз Сарыарқаны жайлап, қыс Қалбаның Қаратауын қыстайтын еді. Биыл көктемде үлкен Қаратауға қарай жылжыды. Сойыл ұстар батыр жігіттері мол содырлы ауыл, көрші отырған ағайын Арғын-Қыпшақпен сиыспайтын. Әсіресе, Жәнікенің Сақары, Сарының Бақасы, Рахметәлі, Мелдебегі – ат үстінен түспейтін еді. Үлкен Қаратауға жылжитын жолы, қыпшақтардың екі үйір жылқысын қуа кеткен. Енді қашан қыс қысқанша, Қаратаудағы қыстауына жоламайды... Барымтадан түскен олжа байға сіңуі керек. Тәшкен мен Қоқанның базарына тоғытып, көзін құртады....
Бастас ағаларының ондай ісінен Сегіз аулақ жүретін еді. Жауырыны жерге тимеген балуан, домбырашы, әнші... Жаз болса, жақсы көретін інілерін ертіп, осылай ауыл- ауылды қыдырып, сауық құрып күні өтеді...
Былтыр ұзатып алғалы отырған қалыңдығы шешек шығып қайтыс болды. Сол қаза сері жігіттің жүрегіне құса байлағандай. Жасы жиырма беске шықты. Күнде бір қыз айттыратын ауыр дәулет жоқ. Өзі талғамы биік жігіт, анау- мынау шүйкебас қызға аяқ салмайтыны тағы бар...
Сыр бойына Мақпал атты қыздың аты шығады. Ауыл- ауылды аралап қыз көріп жүрген серінің құлағы елең етті. Арал теңізінің маңында Сырлыбай ауылы,Таңсыққожа ағасы отыр. Ол туыстарына екі- үш жылдан бері ат ізін салған жоқ- ты. Ауылдан соны сылтауратып аттанады.Серінің бұл сырын қасындағы серіктері де біле бермейтін еді.
-
Сөз неден шығып кетті әлі? Сегіз қалт ойланып қалды. - Ә, Төбет атамның басына сірі бүрілген жайын сұраған екенсің ғой. Күліктен төрт бала–үлкені Құлымның әкесі Әліқұл. Онан кейін берше, тоқас, жаңбай. Төбет бершенің бір бұтағы Жұмағұлдың баласы. Әлгі оқиғадан кейін Жаманкөз атаң Берше туысынан ат құйрығын кесіседі. Бүлдіріп жүрген Төбет бастаған төрт- бес жігіт, басқа Бершенің жазығы не? Ара ағайын соны айтады. Жаманкөз тыңдамайды. Әрі Төбет те ағасының аяғына жығылып кешірім сұрай қоймаса керек... Қырық- елу үй күліктің арасына жік түсіп, ағайын қиналады. Ақыры Төбеттің мойнына арқан салғандай қылып, алып келген. Нияз атамның он алтыға шыққан кезі екен. Атақты тентек. Ағайын Төбетті Жаманкөздің алдына әкелгенде, « өлтірсеңде құны жоқ» деген ғой. Нияздың басына сірі бүретіні рас көрінеді...
-
Не деген жібімес қаталдық еді,- деді Айбас түсі оңып.
-
Өзіне сол керек!- деді Сайлыбай.
-
Ал мен сендерді қуантайын ба? Балапан толыса бастаған денесін ат үстінде жеңіл қозғап, бір жамбастап отырды.- Алдымызда ауыл көрінеді...
-
Мұның көзі тұмсығына біткен- деді Сайлыбай ағасын келекелеп.
-
Ертелі мұрнын шүйіріп келе жатыр еді. Бір нәрсенің исін сезген екен ғой.
-
Балпан айтса, қате кетпейді,- деді Сегіз де әзілге бұрып.- Мұның өзі иттен де бетер иісшіл.
Жігіттер ду күлді.
Жол үлкен құм жотаны асып түсті. Аяқтарының астында ауыл отыр еді. Жігіттер жүрістерін баяулатты.
Ауылдың отырған жері табандық екен. Құм ішіндегі сызы бетіне шығып жататын көкорайды « табандық» деп атайды. Ондай жерді қамшының сабымен шұқып қалсаң, астынан мөлдіреп су шығады.Балқұрағы жайқалып тұр.
Әрі қарай қоңырлық, үйездеген жылқылар көрінеді.
Ауыл табандықтың екі жағына жеті- сегіз үйден бөліне қоныпты.
Қоңырқай үзік сирек, бәрі де ақ боз үйлер еді. Қасына қоңсы сақтамайтын, өскен-өнген аталыққа ұқсайды. Желі де екі бөлек тартылыпты. Табандықтың терістік бетінде отырған ауылдың үй саны да молырақ, желі де байланған құлындары да көбірек көрініп еді.
Кер биені жайдақ мінген бір жігіт жылқы аралап жүр.
Бұларға қарсы ұшырасты.
Кер биелі қара сұр тізгінін тежей түсіп, бейтаныс жігіттердің бас- аяғын шола қарайды. Құндыз бөрік, қызыл сақтиян мәсі, омырауына зер төккен шапан, - алыстан келе жатқан тұрпаты бөлек жандар екенін аңғартты.
-
Әйдербек Нияз бидің аулынанбыз... Сегіз жол мәнісін айтты. – Қарақұм жақтағы ағайындарымыздың амандығын біле шығып едік. Осы маңайда Нұрымбет ағам отыр деген соң, әулие аттаған оңбайды дейді ғой, ат басын бұрдық...
-
Нұрымбеттікі анау үй!
Кер биелі Бекбауыл еді. Қамшысын терістік бетте отырған ауылға қарай сілтеді. Өтеген көз жұмғалы жеті жыл өтіпті. Сәлем бере келгендердің бәрі қазір Нұрымбетті сұрайтын еді. Бекбауыл көндіге алмай жүр. Ұзай берген жігіттердің артынан күңк етті.
-
Иттің бажасы көп, басына пайдасы жоқ...
Бұл қонақжай Нұрымбетті сырттай қыжыртқандағысы. Ауылға беттеген жолаушылардың алдынан Ақмырза шықты.
Жаманкөз аулының жақсыларына сырттай таныс Нұрымбет балалары шұрқырасып жатыр. Әрі бұл ауыл Сегіз серінің атына қанық. Қырда әнші- жыршы сағындырып көріседі. Құдай айдап ат басын бұрса, апталап ұстап жібермейтін еді.
Қонақтарды Жанқожаның отауына кіргізді. Биыл шаңырақ көтерген жас отау. Әлі қызығы басылмаған. Ән- күй десе жас келіншек Мүмсін де жүрегін үзетін еді. Жас жігіттер қулық та ойлап тұр. Сегіз шалдың қолына бір түсіп қалса, ән- күйдің жолы тарылар деп те қорқады.
Бірақ, бір тостаған қымыз ішіп, шөл басқан соң, Сегіз шалды жоқталды. Енді бөгеу ұят еді. Қазақ салтында ең алдымен жасы үлкенге сәлем беріп, өлгенге салауат айтып, тіріге берекет тілеу, бірінші борыш саналады.
Сегізді Нұрімбет те біледі екен. Бір-екі тойда балуандыққа түскенін де көріпті. Серінің лебізіне әркім құмар. Жақсы бейілін аңғартты.
Шал Ниязға қарағандардың бәрін танып отыр. Жәнікенің бәйбішесі, Сарының кемпірі сияқты – жақсы көретін жеңгелерінің атын да ұмытпапты. Амандық-саулық сұрасу биенің саумындай уақытқа созылды.
- Құлым атамды білмеген жұрт Жаманкөз деп жұр. Әкем он жасқа шыққан жылы Құлым атам үйге қонып кетеді екен. «Қолынан ет асадым» деп айтып отырушы еді…
- Қалай Жаманкөз аталып жүргенін…
- Ол бір ертерек жаугершілік заман еді ғой. Нұрымбет ұзың сүре әңгімеге түсіп кетті. – Құлым атам бір жорытуылда түрікпеннің батырымен жекпе-жекке шығады екен. Көздегені қате кетпейтін әккі кісі,сауыт киген түрікпенді өндіршектен шаншып түсіреді.Өзінің жалаңаш етінде жалаң жүн шекпен дейді. Құлым атамның көзі көк, тік қадалса,өңменнен өтетінін әкем айтатын еді, түркпенді албастысы басқан ғой. Бірақ, тірі қалып, арада он жыл өткенде, Хиуада кездесіп қалады. «Жаманкөздің найзасынан да аман қалғанмын» деп түр екен. Бұл танытпайды. Түрікпеннің сөзін, Құлым атамның қасындағы жолдастары елге айтып келіп, сонан тарап кетеді.
Ақ бейіл шалдың әңгімесінен кейін жігіттердің арқа-басы кеңіп қалды. Қасынан жіберетін түрі жоқ. Көптен қонақ келмей, әңгіме іздеп отырған сыңайы байқалды.
- Еркімізбен өлең де тыңдай алмайтын болдық-ау…
Ақмырза күңкілдеп жүр.
Күн кешкіріп, әңгіме бір толастаған кезде, Сегіз отауда қалған домбырасын алдыртты.
- Ағама өлең айтып беріп, көңілін көтерейін – деген.
Сонан түннің бір уағына шейін қолынан домбыра түскен жоқ. Бір уақыт Шалкиіз жырауды термелеп кетсе,артынан Доспамбет пен Асанқайғыны толғайды. Әр жырдың алдында, ол сөзді жырау қандай жағдайда, кімге арнап шығарғанын сөйлеп беретін еді. Айтуы да жұрттан бөлек. Доспамбетті айтқанда, қабағын тастай түйіп төге жөнелсе, Асанқайғының толғаулары тұсында, ақ жүзін мұң шалатындай. Дауыс ырғағы да өзгеріп, шалқып аққан дарияның ағысындай, саябыр тартады.
Жастар жағы жаугершілік заманда жасаған Доспамбет пен Шалкиізді құлай тыңдап, еліріп кетті.
- Уай, ерім-ай! – дейді Ақмырза қиқу салып.- Жүрек жұтқанның өзі ғой! Айтуын да жеткізіпті.
- Ханның өзін сілейтіп салған жоқ па!?
Жанқожа шынымен елігіп, Сегіз даусын қаттырақ көтерген сайын, оның төбе құйқасы шымырлап қояды.
Ақсақалдың жүзінде ырзалық білінеді. Жастар сияқты қиқулап сыр білідірмей, іштей мейірленеді.
Тек Асанқайғының толғауы тұсында сыр берді. Шалдың жүйкесі босаған, көзінде жас дөңгелеп келіп қалып еді.
-
Халық қамын ойлаған қасиеттім – ай! Желмая мініп сыдыртып, жер жақанды шарлапты. Жерұйық тапты ма сонда? Ұрпағының қызылқұмда қамалып, көзі ағарарын сезген екен...
Ас келді. Үлкен ағаш астауда қайқиған қойдың басы көрінеді. Кәделі мүшелер түгел еді.
-
Айналайындар, алып отырыңдар.
Бес ұлдың анасы томашадай сары кемпір, қолы ашық кісіге ұқсады. Қонаққа бейіл білдіріп, жалбырақтап жатыр.
Ақсақал қонақтарды ас қайырылып, дастархан жиналған соң босатты. Ұзақ жол жүріп, ат соқты болып жеткен. Бәрі де демалыс тілеп отыр еді.
Жігіттер қонақ кәдесін жасап ауыл сыртына шықты. Он төртінде туған ай сүттей жарық, түн маужырап тұр. Үп еткен жел лебі білінбейді.
Жігіттер ақ шағылға бауырын төсеп жатыр.
-
Бекбауыл неге бойын балап жүр? – Ақмырзаның даусында кейістік бар. – Бекті екі рет жібердім...
-
Жақай мен Қожа да төбе көрсеткен жоқ.
-
Олар кінәмшіл ғой, - деді Жанқожа.
-
Осы ауылдың үлкені Нұрымбет болғанмен, биі Бекбауыл болмақ қой. Қалған Киікбай тұқымының кемеңгері өзі екенін мойындатып алғысы келіп жүр ол! – Бекбауылмен жасы құрдас Ақмырза ашу шақырды. – Тырнақ астынан кір іздеп, қытымырланып барады мұқым. Мұнысын қоймаса...
-
Қой, қайтесің. Жанқожа ағасына басу айтты. Сырт адамның көзінше ағайын арасындағы өкпе – кінәні ортаға салып жату ыңғайсыз еді.
Бұлардың сөзін Бек бұзды. Сегіз жасар бала, шалдың сүт кенжесі. Екі иінінен дем алады.
-
Мүмсін жеңешем төсекті қайда салам дейді.
Мүмсін жұмсаса, мықтының өзінен келген екенсің.
-
Жауқашар оны келекелей күлді.
Мүмсін байұлы Шеркестің қызы. Сегіздер жас отаудың есігін бірінші ашқан қонақ еді. Жас келіннің жақсы аты түскен күні шығады. Үлкен әже немересіне солай үйреткен. Мүмсін әжептәуір домбырашы. Әр елдің салты басқа... Келген жерінің тұтымы қатты көрінді. Бұл ауылда «әу» деп өлең айтатын жан жоқ – ты. Келіншек болып түскеніне үш- ақ ай, Мүмсін іш құса болып біткендей. Оған мына қонақтардың жосығы бөлек көрінді. Былғарыға құндақтаулы домбыраны байқап, келіншектің жүрегі лүпілдеп кеткен. Бірақ, ән тыңдағысы келген арманы тағы орындалмады. Қонақтар үлкен үйге кірді де қалып қойды. Өз елінде сыйлы қонаққа әуелі шай беріледі. Сол отанда қызыл орамал тартқан қыз болса, шайды соған құйдыратын. Қыз табылмаған жағдайда, Ондай міндет жас келінге жүктеледі. Бұл ауылда шайдың не екенін де біліп жатқан жоқ. Қонақ бар кезде, үлкен үйдің есігі жас келіндер үшін тарс жабық екен. Қайта Мүмсіннің абысыны Дәріш еркіндеу, дастархан жайып, ас қамдауды сылтауратып, қонақтардың үстіне кіріп жүр. Мүмсін елеусіз қалған. Жерошақтың басында отты қағыстырып отырып, әнші жігіттің даусына еліге құлақ тігеді. Бірақ, толғау жырдың сөзін анық ести алмай, құр діңкесі құриды.
-
Қайнағаңа айттырып қонақтарды бір жұма ұстатамыз. Өлең – жырға құлақ құршың қанады – дейді Дәріш оны жұбатып.
Мүмсін қайнысын еркектерге жұмсағанда, қонақ иесі өзі екенін сездіріп қоюды ойлайды.
-
Күн тынық, дала рахат екен, - деді Сегіз сөз қосып.
-
Төсекті далаға салғаны оңды болар еді.
-
Төсек далаға салынады. Бар!
Бек борбайға бір салып тұра жүгірді.
Х Х Х
Қонақтар келесі күні Өтегеннің үйіне сәлем берді.
Бекбауыл сырт қонақтарға сыр алдырған жоқ. Қайта жылы шырай көрсетіп, жарқырап отырды.
Жігіттер ағайын амандығын сұрасып, әңгіме - қауғамен отырғанда, ана жақта қой сойылып қалыпты. Басында ақ кимешек, өзі де аппақ өндірдей, жасы алпыстың үстіндегі кәрі кемпір қызыл қанауыз көйлегі шұбатылып, далаға бір шығып қайтқан. Бекбауылдың шешесі, қарақалпақ Енесей бидің қызы Жанбибі осы кісі еді.
Бекбауылдың інілері ішінде сөзуары Жақай екен. Қушық бет, арық қара Жақайдың аузы –аузына жұқпайды. Әңгімеге киіп кетіп, Бекбауылдың сөзін бөле берді. «Аға тұрып іні сөйлегеннен без» деген сөзге имандай ұйитын Сегіз жас жігіттің ол мінезін жақтырмады.
-
Жәніке атам Қаратау асқан қалай? – деді Бекбауыл сөз ретінде.
-
Аржағында сарт тынышты кетіріп тұрған жоқпа?
-
Үйреніскен жау ғой...
Сегіздің сөзін аяқтатпай Жақай киіп кетті.
-
Үйреніскен жау атыспаққа жақсы. Бізде қарақалпақтардың көк желкесінде отырғанымыз жоқ па? Әзір Киікбай ауылын жағалаған жау жоқ!
Ақ кемпір баласының сөзін мейірленіп тыңдайды. Ақыры сөз кезегі кемпірге тиді де, басқа жұрт үнсіз қалды.
-
Он құрсақ көтердім. Бесеуін жер алды. Қыз Сасық атам тұқымына ұзатылды. Құдай көпсінбесін, төрт ұлым ер жетті. Кемпір енді балаларын бір – бірлеп таныстырып, әр қайсысына жеке –жеке баға беріп отыр. – Мынау Бекбауылды көтергенде, түсімде нардың басын ұстап отыр екенмін. Түйе түлігі ұлық, тасатыққа шалмайтыны да сондықтан. Бұл шырағым түбі елге бас болатын шығар. Әзір халық сыйлайды.
Бекбауыл басын төмен салып отыр. Анасы айтқан сәуегейлікке бұлар да шәк келтірмейтін еді. Бірақ, осы сөзді есіте – есіте ығыр болғандай екен, жүзіне қан тепті.
-
Мынау Жақай бойыма біткенде, тұлпар аттың басын ұстап отыр екем. Жез таңдай жыршы болар деп едім. Өлең қуған жоқ. Осыдан шешен шығатын шығар...
Жақай қозғалақтап иығын қомдап қойды.
-
Қожаны туарда қойдың басын жуып жатыр екем. Иістеніп кетіпті. Балаларымның ішіндегі момыны. Қойдың басы байлықтың нышаны. Түбі шіріген бай болар...
Қожа қонақтар келгелі үйге бас сұққан жоқ – ты.
-
Мына жаманды туарда, - деді ақ кемпір, қасында жатқан сүт кенжесі Естекбайдың басынан сипап. – Найзаның ұшын көріп едім. Қамал бұзып жау алатыны осы болар...
-
Естекбай жалаңаш табанын тыр – тыр қасынып арсалаңдайды.
Бәрі де ақ кемпірдің «түсін» қонақ келген сайын есітіп, әбден құлақтары қаныққан, әлде қалай шешесі айтуды ұмытқандай болса, Жақай аузына салып отыратын еді.
-
Әжем Бекбауыл, ағам туарда...
Сол Жақай ғой. Қонақтардың алдында қыры шығып, өркештеніп отыр еді. Түбі иісі шектінің топтан торай шалдырмайтын шешені өзі болғалы тұр екен. Ағасының сөзін бөліп, алдына түсе беретіні сондықтан сияқты. Сегіз езу тартты.
Сыртта хабарлас қылған біреудің дауысы шықты.
-
Мынау Қожекемнің дауысы ғой!
-
Жақай, шықты!
Бекбауыл өзі де қопаңдап қалды.
Қожекесі, Қосым қожаның немересі Дәрменқұл екен. Сақал – мұрты ақ қырау шалған күрең жүзді кісі. Басында сары ала жібек сәлде, түріктеу біткен ернінің үстіндегі қылды таңқита қырып, бурыл сақалын еркімен жіберіпті. Аласы мол көзі түксиіп, төрде сартасынан жүгініп отыр. Басқа жұртты көзге ілмейтіндей, біразға шейін назар аударған жоқ. Бекбауылмен ғана тілдеседі.
Танысу кезегі әзер келді.
-
Тақсыр, мына жігіттер әйдербек ағайын... Нияз бидің аулынан. Қаратау жақтан келді.
-
Әйтеуір – ау! Дәрменқұл кимелей кетті. – Құлағыма қаптаған жынның даусы келіп, үйде жатқызбап еді...
Отырғандар сілтідей тынды. Бекбауылдың түсі бұзылыпты, көзімен жер шұқиды. Қожа жолы үлкен. Бірақ, қазақ құдайы қонақты одан кем сыйламайды... Әрі шекті ішінде Жәніке батырдың орны бөлек. Өзінің үйінде қадірлі ауылдың жігіттеріне қожаның тілі тиді. Қазақ салтында, қонағын тілдетіп қою өлім. Қожаның мұндай мінезі жоқ еді. Бекбауылдың іші мұздап отыр.
-
Қожеке, әруағыңыздан айналайын, - деді Сегіз ойнақы күліп. – Жоғалтқан жыныңызды адаспай тапқан екенсіз онда. Киікбай атам иісі шектінің піріндей еді. Жын ұялаған жер сол шаңырақ болса, басқа қазаққа не жорық!?
Сегіздің қасында отырған Балпан мырс етті.
Киікбайға қарағандардың түсі оңып отыр.
Сөзден ұсталғанын байқаған Дәрменқұл, қайтадан Бекбауылға бұрылып, әлде нені сұрастырып кетті.
Жанқожаны ыза буды. Қосым қожаның тұқымы деп дабырайтады. Мынада берекет жоқ екен ғой... Баяғы шариғат сұрап баратыны еске түсті. Бейбіт қарақалпақтарды тонауға салған тентектердің қылығын ақтап еді... Сөйлер білмес ауыздан... Қарап отырып сөзді Киікбайға тигізгеніне күйді.
Дәрменқұлдың әлгі де күреңіткен жүзі бәз қалпына түсті. Киікбай балалары жақтырмай қалғанын іші сезіп отыр. Бірақ, сыр бермеуге тырысты. Әлі күнге алдынан шыққан қазақ жоқ, кеудесіне нан піскендей еді.
-
Жәніке қоңыраттың бірі болып, қара сарттың қолтығына кірді деп есіттім ғой. Сегізге еңсесін сала бұрылды. – Бұл жақтағы ағайын өліп – тіріліп жатқанда, төбе көрсетпейтін еді . Қоңырат болғаны рас- ау деймін.
Жәніке Өтегеннің жаназасына қатыса алмай, бір жылдан кейін келіп қол жайған. Ағайынның жаназасына, оның ішінде Өтеген сияқты ардақты азамат қаза болғанда төбе көрсетпеу үлкен айып саналады... Жәніке бой балаған жоқ –ты. Мезгілінде хабар тимеді. Қазақ сыйлайтын адамына ат шаптырып хабар береді. Бұл жағынан Киікбай балалары ұятты еді. Дәрменқұл бұл жерде ондай уәжді Сегіздің айта алмасын біліп отыр. Онда сөз ұшынады.
-
Жәніке қоңырат болса, ол да қазақтың бір баласы ғой. Онан жасында қалмақтан қорыққан жоқ, қара сарттың қолтығына неге кірсін. Соны айтып отырып, ақырын езу тартты. – Сарттар арық- тұрақтарын қазақтың даласына жіберіп, семіртіп алатыны бар еді. Қосым атамның тұқымы құйрығына шел айналған екен. Басқа бәле тілден, осы қажап сөйлегенді қойсақ қайтер еді.
Ертелі үнсіз отырған Балпан сылқ-сылқ күлді.
Осы кісі атасының сәлдесін дамбал қылып киген қазақ біз деп отыр-ау деймін...
Бекбауылдың жаны шығып кетті.
Сегіз Қосымның құба қалмақ заманында Үргеніштен Әбілқайырдың ізіне еріп келгенін айтып отыр. Балпанның сөзінде ащы шындық бар еді. Қосым ата аузы ыластау кісі екен. Бір мәжілісте Ниязды қажай беріпті. «Сен туғанда әкең Жаманкөзді жетпіс жаста дейтін. Он бес жасар жеңгемізге қалай жарап жүр?» Нияздың жасы алпысқа таяп қалған кезі, айтулы тентек кісі шалдың басындағы сәлдесін жұлып алып, өзін қамшымен тартып жібереді. Нияз жеті ұлдың әкесі. Соның біріЖәнике, құба қалмақ заманында даңқы шыққан батырдың бірі... Онымен кетісуге хан да батпайды... Қожа есе ала алмайды. Нияз болса, қожаның сәлдесінен дамбал тіктіріп киіпті деген аңыз бар...
Дәрмеқұлдың талағы тарс айрылды.
-
Тілің қыршанқы екен, бала.Әкең Нияздың қырсығы күллі қазаққа тиіп, «ақтабан шұбырындыға» кездесіп еді...
-
Қазақ қырсығын қожаға ұшықтаттырған жері жоқ. Оның неменесін сөз қіліп отырсың!
Бала Естекбай жырқ еткенде. Бекбауыл жекірді.
Інісіне жекіргені қонаққа кейгені. Оны Дәрменқұл да түсінгендей, тілден қалған. Жігіттір де үнсіз отыр. Тыныштықты Балпан бұзды.
Біле білсек,бұл үй иісі Орыстың қара шанырағы ғой, - деп бір қойды. – Ақ әже, солай емес пе? – Кемпір іркіліп қалғанда, аржағын өзі жалғап әкетті. – Орыстың кенжесі Есенәлі. Есенәлінің кенжесі Кішкене. Кімкененің алты баласының кенжесі Құттық атам емес пе еді?
-
Өзі солай екен-ау...
-
Палуан атам тентек кісі, он төрт жасар інісі Кішкенеге күн көрсетпей,қаңғытып жіберген...
-
Қазақ не демейді, Бекбауыл жақтыртпады.
-
Қоңыр орта жүз Арғынның қызы. Әкесі атақты бай екен. Кішкене атам соған жылқыға тұрыпты. – Балпан Бекбауылдың сөзін құлағына да қыстырған жоқ. – Бір жылы үлкен жұт болады. Жылқы біткен ығып кеткен. Соның ішінде Кішкене де кете барады. Қыстай хабар-ошар жоқ. Көктем шығады. Жұтамаған бір бай жоқ, бәрі де ақсирақ болып, жүген үстап қалған. Соның бірі Қоңыр шешемнің әкесі. Күнде құмалақ салып, Кішкененің жолына қарап отыр. «Осыдан кішкене жылқыны аман алып келсе, Қоңырымды қосар едім». Батыр жылқышымен байдың қызы көңілдес, әкесі әлгі сөзді айтып отырғанда, Қоңыр жымияды...
Әуелде тыжырынғамен, Балпанның деректі әңгемесі Бекбауылды да қызықтырғандай, елеңдей бастады. Басқа жұрт аузын ашып, көзін жұмады.
-
Бір күні Қоныр үйге жүгіріп кіреді. «Әке, қоңыр айғырдың даусын есіттім!» Таңертең екен. Бәрі жүгіре-жүгіре шығады. Қоңыр айғыр да, Кішкенеде жоқ. Күн сәскелікке көтеріліп, енді күдер үзе бастағанда, қырдан құмырсқадай қыбырлап, қалың жылқы құлайды.
-
Сонда сәскелік жерден есіткені-ау...
-
Жылқысы аман келген байдың қағанағы қырақ, сағынағы сарық, бірте-бірте айтқан уәде де естен шығады. Арқада жұттан аман қалған жалғыз бай, оның қызын айттырушы да көп. Шабақтай тартып жүр. Кішкене байдың ниеті бұзыла бастағанын байқайды. Бұрынғы жалбақ онда да жоқ, жылқыны тәңертең құлатады, содан кейін үйге кіріп, керегенің шұнақ басынан келіп жатады.
-
Ой, ерің! – деді Ақмырза қызып.
-
Күз екен. Қаздар қайтып жатыр. Үйдің үстінен бір топ қаз өтіп барады. Кішкене шаңырақтың күлдіреуішінің арасына бір сарыжаны жөнелтеді. Атқаны құр кетпейтін мерген. Бір қаз далбаң етіп құлайды.Кішкене олжасын бәйбішенің алдына әкеліп тастағанда байдың түсі бұзылады...
-
Апырай! – деді Бекбауыл таңырқап. – Тап осы жері менің де құлағыма тиген жоқ еді.
-
Ертеңіне Қоңырды Кішекнеге қосады. Бір жылдан кейін ұл туып, атын Жиеней қояды. – Балпан дауысын көтере түсті. Ел болған соң біреудің тойы болады, біреу атасына ас береді. Қоңыр да барады. Шалдар «пәленше келін, түгенше келіндерін» шақырып жатады. Баласының қолына жілік ұстатады. Қоңырды елейтін бір жан жоқ. Бір тойдан қайтқан жолы, шешеміз жанжал шығарады. «Ел-жұрты жоқ,қубас біреуге қайдан тап болдым» деген ғой. Кішкене ашуланады. Алты әлім деген елі бар, Палуан атты ағасы бар! Қубас адам сондай бола ма? «Көштік онда!» Шешеміз сөз қайтаруға келтірмейді. Ертеңіне атасынан рұхсат алып, елге көшеді. Көш жөнекей екінші ұлын туып, оның атын Жолшора қояды...
-
Онысы рас. – Бекбауыл Балпанның сөзін тірілтті.
-
Келген соң Палуан атам той қылып, өз жанынан қыз айттырып қатын әпереді. Ол біздің шешеміз Құланбике.
Ас келіп әңгеме аяқталмай қалды. Сегіз Балпанға ырза болып отыр. Әлгі сөздің жартысын ойдан шығарып айтқанына күдігі жоқ. Тоңторыс жұрттың қабағын ашты. Балпанның осындай жүйріктігі оны еріксіз сүйсінтеді.
Қонақтар зауал ауа тарады. Дәрменқұл Бекбауылдың үйінде қалған. Сегіз бастаған жастар Нұрымбет ауылына жаяу аяңдады.
- Қожаның өлен-жырды жеккөретін әдеті емес пе? – дейді Ақмырза. Сегізге әдейі тиісіп отыр...
-
Өлең-жырға өшіксін, Қаратауда жайлап жатқан Жәнікеде несі бар? Сегіз рас айтып отыр, қожа тұқымының құйрығына шел біткен. Бетіне жан қаратқысы келмейді!
-
Оның бір мәнісі бар... – Сегіз жігіттерге «Қосым қожаның сәлдесінен» шығарып біраз әңгіме айтты.
-
Уай, ерім-ай! – Ақмырза Нияздың ісіне сүйсініп келеді.
-
Ау, қожаның қарғысы қате кетпейтіні қайда? – Жанқожа таңырқай сөйлейді. – Нияздың баласы қазір жеті ауыл болып отыр. Сендерге қарғыс та дарымағаны ғой...
-
Қарғыста не тұр, тек көңіл қалдырады...
-
Рас...
Жігіттер қожа әулетінің қайда ерсі қылықтарын еске алып, даурығыса күлді. Балпанның есітпейтіні жоқ, оған өз жанынан қосып, тірілтіп сөйлейді.
Дәріштің дегені болмады. Қонақтар бұл ауылда ұзақ сауық құрып жата алған жоқ.
Бекбауыл Жақайды жұмсапты. Жаманкөз ұрпағы екі – үш малдың басын мүжіді ғой, сол жетер. Ауылдың үстін жын ойнақ қылып қашанғы жатады. Енді Киікбай балаларының басын мүжігісі келмесе, аттансын, қожа нала болып кетті.
Бұл сөз Ақмырзаға айтылады.
Жанқожа ашуланды. Бұл Бекбауылдың қай құтырғаны? Әзір Нұрымбеттің көзіне топырақ құйылған жоқ. Басалқаны шал айтса жөн еді ғой. Нұрымбеттің шаңырағын билеп – төстейтін күшті Бекбауылға кім беріп жүр? Ағасына барып, ашылысып қайтпақ еді, қонақтар жібермеді.
-
Біздің мақсатымыз шалға сәлем беру. Ағайын арасына от тастағалы жүргеніміз жоқ. Жол ақысы жүрмек. Екі қондық, мауқымыз басылды. Ұлықсат етіңдер, қайтайық.
Қонақтар отау үйде екі күн сауық құрды. Сегіз жыршы ғана емес, озған әнші де екен. Орта жүз бен Кіші жүз, Алатау маңындағы Ұлы жүз қазақтары... оның араламаған елі жоқ, білмейтін әні жоқ. Екі күн, екі түн ұйқы жоқ, екі ауылдың жігіт – желең, қыз – келіншегі сүрнігіп жығылды.
Аттанатын күні өкінбеген жан жоқ.
Мүмсін осы қонақтар келгелі бір жасап қалғандай еді. Сегіздің әнін бір ай тыңдаса жалығатын емес. Сусыны қанбай құр шөлдеп қалғандай, соған өкінеді.
Ақмырзаға салса, қонақтарды әлі бір ай ұстайды. Былтыр Нұрымбеттің балалары Сандал тауының ығына аран құрған. Арасы бір шақырымдай болып басталатын екі қатар ор, әрі қарай тарыла – тарыла, бес шақырымға созылып барып тұйықталады... «Аран» - нар қамыстан жонған істік, ордың тұйықталған жеріне бес жүз қадам қалғанда, екі қапталында жарысып отырады. Андаған істіктен сескендер киіктер, қашан тұйыққа қамалғанша, жан – жағына бұрылмай тіке салады. Артында қуғын жетіп, енді қашар жер таусылғанда, амал жоқ аранға ұрынады.
Бұл жерде ордың ені алты – жеті қадам, әрі терең... Талып жеткен киіктер, асып түсе алар дәрмен жоқ... Ал нар қамыстан жонған істік қанжардан бетер, тиген жерін ойып түсетін еді. Былтыр күз бұл ауылдың үсті қан сасыды.
Ақмырза аранның қызығын айтып, оған сегіз бастаған жігіттер түгел елікті. Әрі Жауқашар алдыңғы күні сол маңда бір үйір киік көргенін айтып отыр. Өздері де елеңдесіп отырған Нұрымбеттің балаларына қонақтар келгені қамшы болды. Жанқожа ат ұстатып, ендігі дайындыққа кіріскен. Бекбауылдың сөзі шырқ бұзды. Жігіттер өкініп отыр.
Сегіз асығыс екенін айтып, сыпайы рұқсат сұрады.
-
Ағаң бойдақ. Қай ауылда сұлу қыз бар, ат басын бұра жүреді.
-
Бұл сырын Жанқожаға оңашалай айтты.
Мақпал жайын сұрастырып еді, Жанқожа білмейді екен.
-
Сіздерді шығарып салып қайтайын.
Жанқожа да ат ерттетті. Қонақтар аттанды.
Бір ауылға қонады, бір ауылға түстенеді. Сері Сегізге ерген жігіттер асықпай жылжи берді.
Х Х Х
Қазақ кәсібі әйтеуір көшу. Ұзақ көшеді, кең жайлайды. Үстіне келіп қалмаса, алысқа аттанып барып бөтен елді бағындырамын да демейді. Барымтаның жөні басқа, есесі кеткен жерде, мейлі ол текежәуміт түрікпен болсын,мейлі көрші ағайынның бірі болсын, - қазақ айырып жатпайды, барады да жылқысын қуады. Бірақ, ауыл үстінде ат ойнату қазақ салтында ауыр күнә болып есептеледі...
Егер Жылқайдардың ауылы талауға түсіп, адам өлімі болмаса, - қарақалпақтарға қарсы көтеріле аттанбас еді. Ондай кезде қан қанмен жуылуы керек... Ал Сыр бойында қалған азғантай қарақалпақтың көбісі босып кетіп, қыстаулары қаңырап жатыр... Оған ие болу қазақтың есінде жоқ, баяғы қалпы, биыл Қызылда, келер жылы Қарақұм мен Борсықта, -ақырын өз жөнімен жылжи береді...
Бір заманда қазақ сарбаздары қарақалпақ қыстауларын шапқыншылыққа ұшыратқан кезі де болған. Онда бар бәлені хан- сұлтандар бастайтын еді. Хан әмірші, оның бұйрығын қазақ та екі еткен жоқ...
Қазір бұл өлкеде хандық дәшрі өткенге есеп. Ең соңғысы Әбілғазы еді, ол да жөнін тапты. Әлім-Шөмен Әбілқайыр тұқымымен кетіскелі қырық жылдан асты... Бір дәуір Батыр сұлтанның шашпауын көтерген әлімұлы Нұралыға сыртын берген... Сол Нұралының ана жылы о дүниеге аттанғанын да бұл өлкенің қазақтары біле бермейді.
Сырым батырдан қашып, орыс қаласына барып тығылатынын ертеректе бір есіткен. Ол хабарды әрі індетіп жатқан да ешкім жоқ...
Оның есесіне Нұралының тағын Ерәлі сұлтан басқанын анық біледі. Сайлап қойған орыс патшасы көрінеді. Сырым батыр он екі ата байұлының баласын атқа қондырып, Ерәлінің ордасын шапқалы жатыр деген сыбыс шықты. Бірақ, бұл жақта елеурескен ешкім жоқ. Үстіне келіп қалғанда болмаса, қазақ енжар, оның кәсібі әйтеуір жылжи беру...
Сар далада үдере тартып көш келеді...
Екі мың үй кішкененің ішінде етек-жеңі кең, мол руы асан. Қазір асанда үй саны мың жарымға жақындайды екен... Ақ найзаның ұшы, ақ білектің күші сынға түскен заманда, қай ауылдың жігіті көп болса айдыны биік, сөзі үстем. Атақты Нұрыбай би осы Асаннан шығады. Көзі тірісінде бес шектіге сөзін тыңдатқан шалдың кінадігінен сегіз ұл тарайды. Соның бірі Жылқайдардың күйеуі, азан шығарып қойған аты Амалдық еді. Нұрыбай сегіз ұлына енші бермеген күйі ана дүниеге аттанып кетті... Қазір сегіз ұлы сегіз ауыл, бірақ, іргелерін әлі айырған жоқ. Қанаттаса қонады.
Нұрыбай бидің әкесі де Сырлыбай есімді. Жылқайдар жақайым Сырлыбайдың баласы. Бір Сырлыбайдың баласы би, бір Сырлыбайдың баласы батыр- көздері тіріде бастары сиыспастан дүниеден көшті... Жасы қырыққа тақап әзер аяқтанған Амалдықтың тұңғышы биыл он беске шығып отыр. Баланың аты Бекарыстан еді.
Былтыр көктемде Нұрыбай би дүние салды. Ауыл Сыр бойына жақын қыстауында, жайлауға шығып үлгіре алмай қалған. Нұрыбайды қыстау сыртындағы көлдің қасына, биік төбенің басына қойды. Сонан бері ол көл Нұрыбай атанып кетті.
Биыл қыс жұмсақ болып, бұл ауыл Қарақұмды қыстап шыққан. Бүгін Қызылға қарай үдере тартып келе жатыр. Биыл ас беретін болып, әлім-шөменге сауын айтып қойып еді. Кішіқұмнан шыққан елу үйлі көш, арада үш қонып, Хан өткеліне жетіп отыр. Осы өткел тұрған жерде, қарақалпақтың ханы Қайып қыстаған екен деген аңыз бар... Осыдан бес жыл бұрын едәуір қыстау еді, төрт- бес үй қалыпты. Бұл ауыл егін салуды алдақашан ұмытқан. Дариядан өтетін жүргіншілерге қайық жалдайды. Бес- он жәндік, бір – жар сиыр ұстап онан қалса, жолаушылардан түскен жартусыз ақыны талшық қылып күнелтетін.
Нұрыбай аулы екенін есіткенде, қарақалпақтар абыржыды. Тентек Қатираның тезі қатты. Анда – санда осы ауыл өткелден өтетіндей болса, Жылқайдардың қызы қарақалпақтарды қырып кете жаздайтын еді...
Көш ұлы бесінде талықсып жетті де, арғы бетке өтіп қонуды қиынсынды. Таңертең көшіп, күн бата қоналқаға тоқтайды. Үш күннен бері осы, жұрт титықтап жеткен.
-
Ертең сәскелете арғы бетке өтеміз, - деді Қатира. – Арада бір қонып қыстауға жетеміз сонда...
Қатираға да сын жоқ. Жасы қырыққа шыққанша қыз күйі оң жақта отырды. Іш пыстаны ішіне түсіп біткен ғой... Оған әкесі мен бауырларының қазасы қосылды. Күйік кімге болсын мінез аштырады. Соны түсінетін қайын – қайнаға Қатираның бетіне келіп, қарсы сөйлемейтін еді.
Ауыл жылқыны тоқтатқан жоқ. Арғы бетке жалдап өткізді. Қарақалпақ ауылындағы төрт – бес қайық түнімен қой – ешкіні тасыды. Нұрыбай балалары, қанша қан сорпа қылса да, ақы беріп жарытқан емес. Бәледен машайық қашыпты, қарақалпақтар бұл ауылдан запы болған, құтылғанша асығады.
Қонғалы кесік құлақ арық жігітке де тыным жоқ. Қанша қой бір соның қолынан өтті. Бес қайыққа жалғыз үлгіреді.
-
Әлгі қарақалпақ құл қайда?
Ана жақта Қатираның дауысы шаңқ етті.
-
Қайықтың басына қой тиеп жүр...
-
Мына жүк әр жерде шашылып жатқаны мынау. Оның қойды ермек қылып, күнін жұбатып жүргенін қарасайшы. Сонда жұмыстан қашады! Ол шұнақ итті ме!
-
Апа, Ақназар, үлгіре алмай жатыр, - дейді семізше келген жалпақ қара бала Бекарыстан. – Жапақ арғы бетте, өткен қойды қарауылдап тұр. Ақназар бір өзі қайсысына жетеді. Жүкті өзіміз – ақ...
-
Осы сенің сол құлға ара түсе кететінің не? Намыссыз жаман болмасаң еді... Қатира баласына кейіді. – Енді жүк жинастыруың қалды ма?
Бекарыстан намыссыз емес. Бірақ, тентек шешенің дауысы шықса жүрегі зырқ ете қалады. Қатираның жыны ұстағанда, үйдегілерге бүйі тигендей болатын еді.
Осыдан жеті жыл бұрын Жылқайдардың босағасына байланған Ақназардың өмірі азаппен өтіп келе жатқан. Құл ұстау қазақ арасында онша кең тарамаған салт. Баяғы құба қалмақ заманында аты шыққан батырлар құл әкелетіні бар екен... Оның да көбісі, кейін еңбегі сіңе келе, басына бостандық алатын болған. Қызметі жағып кетсе, қожасы үстіне үй тігіп, қатын әперіп, қасына қоңсы қондырады...
Тағдыр ондай бақытты Ақназарға бұйыртпады. Жылқайдардың аулындағы қанды қырғынға өз басы қатыспағанымен, Нұртайға еріп келетіні анық... Сырлыбайға қарағандар оны кешірмейді. Ақназардың басына бір жаз сірі бүріп ұстады. Суға салып балбыратып қойған түйенің көңін, басына кигізіп, айнала жиегін көктеп тастайды. Күн ұлы сәскеге көтеріліп қатты қыза бастағанда, көнде құрысады... Тастай қатып кеткен кезінде, көн бір уыс болып бүрісіп, екі шекеден қысады... Сонда Ақназардың жаны көзіне көрінетін еді. Көк желкеден бастап маңдайға шейін, бас терісі бір жерге жиырылып, шеке сүйегі сынып кететіндей, Зар қақтырып ауырады. Терімен тері болып қалған түйенің көңі қол күшіне көнбейді. Құтылу үшін пышақ керек. Ал құлдың қолына пышақ ұстатпайды. Қалыңдығы бір елі түйенің көгіне саусақ батпайды...
Басына сірі бүрілген бірінші күнді Ақназар ұмытпайды. Жынданып кететіндей еді. Өшіккен Сырлыбай тұқымдары Ақназардың басындағы сіріні бір ай бойы алған жоқ. Қой соңына салып қойған. Түс болып, ауылға жеткенше жаны көзіне крінеді. Жаршағылдың етегінде ұзыннан сұлап жатады. Арасынан жылап аққан бұлақ, қырат(штың етегінде жайылып, кішігірім көлшікке айналған. Ақназар жаны қысылғанда, көлге қойып кетеді. Бай ауылдың қылжақпас балалары найзамен шабақтап қуып, талай есін шығарды... Бір айдың ішінде миы ашып екі есті бір күйге түсті...
Бір ай өтіп, басынан сірісі алынған соң, көзінің алды бұлдырайтын науқас тап болды. Бейнет ауыр. Далада қой бағып келсе, үйде от жағып күл шығарады. Жұрттан ерте тұрады, кеш жатады... Адам дозаққа да үйренеді деседі. Құлдық тағдырына Ақназарда көндікті. Уақыт өткен соң кек те көнереді. Ақназарға тісін қайрағанын Сырлыбай тұқымы да қойған. Соңғы бір жылдың ішінде сол үйдің бір адамындай болып кетіп еді. Былтыр жаз Қатираның қолына түсті...
Нұрыбайға бата оқи келген Жылқайдар ауылы, мал айдасуға Ақназарды алып шыққан. Қатира «Шұнақ құлды» көрген жерде, әкесін еске алды. Азан – қазан дауыс қылды. Содан кейін Ақназардың қожасы – он алты жасар Байшоқыға жатты да жабысты Қатира... Ақназардың былтырдан бергі өмірін итке берсін. Бұл үйде Қатираның әділетсіздігін бір Бекарыстан ғана түсінеді. Бірақ, он төрт жасар бала, адуын шешенің алдынан шығып, құлға ара түсе алмайды.
Хан өткеліне жеткелі, Ақназар Қатираның қолына түспей қойған. Мың жарым қой арғы бетке өтіп біткенше, түн ортасы ауды. Қатира да сөйлеп – сөйлеп ұйықтап қалды.
Ақназардың таяқ жемей өткізген жалғыз күні екен. Бұл күннің өзіне қымбатқа түсетінін білген. Көші – қон басталғалы тыным жоқ, салығып келе жатқан байғұс, қатып ұйықтап қалды, бірақ... Түсіне Нұртай кірді. «Кежектің көк төбесі... Қазақтар қоршап алып, жігіттер жан сауға сұрап, қол қусырып тұрған кезі екен дейді.
Соңғы бес жыл ішінде осы түсті жүз рет көрген шығар. Ылғи бастығырылып оянар еді. Қол қусырып тұрған Ақназардың ту сыртында Нұртайдың даусы саңқ етті. « Тұр, Ақназар! Құлдыққа түсіп қор болғанша, алысып өлген артық! »
Басына сақ еткен таяқ Ақназардың ұйқысын шайдай ашты. Көзі былшықтанып, кірпіктері желімдесіп қалған. Әлгі таяқ қатты тиіп, өкіре тұрып еді. Екінші рет тиген таяқтан, есін жинады. Қатира шаңқылдап тұр.
-
Мынау көрінде өкіргір қайтеді, әй! Тіпті керіліп – созылып тұратын емес қой! Әкесі мың жылқы айдаған байдың мырзасы да мұндай болмас!
Ақназар қарғып тұрды.
Күн шығып Ақназар қара басып ұйықтап қалғанына өкінді. Көнек қолында, дарияға жүгірді.
Сырдың суы сарғыш тартып, ауыр көшеді. Таңертеңгі күн сәулесі толқындардың жалында жалт-жұлт ойнап жатыр еді. Ақназар жарқабаққа құйрығын қойып беті-қолын жуынды. Көзінің іріңін кетірді.Шекпеннің етегіне сүртінді.
- Есіл жігіт-ай!
- Құлдыққа түсіп қор болғанша өлген артық…
Екі қарақалпақ қайықшылар ақырын күңкілдеседі. Ақназар есітті. Түнде танысқан. Оның Нұртайға еріп келген жігіттердің бірі екенін білгенде қарақалпақтардың көзі шырадай жанып еді. Қазір аяп отыр. Ақназардың кеудесін намыс қысты. Иығында көнек емес, зілдей қара тас келе жатқандай, аяғын мамырлай басады.
Қатираның қырағы көзінен ол да қағыс қалған жоқ.
- Анаң қарашы, аяғын баспайды ғой,баспайды! – деп тісін қайрап тұр еді.
- Сақалды құл жарытпас… - Жапақ жырқ-жырқ күледі.
Жаман Жапақ… Ақназарды ол да мазақ қылады. Өзінен сүйегі артық адамды әркім де байқайды. Қызғанышын сездірмей шыдап тұруы қиын ғой...
-
Әй, Жапақ! Сен мұнда жүрсің, ана жақта қойын ығып кетті ғой.- Бекарыстан оған зекіді.
-
Баймырзаға тапсырдым. Қарыным тоймай кете алман!
Жапақ жамағайын, мырзадан ығып тұрған жоқ. Оған Қатира да көп тиіспейді. Өзі нәрегей жігіт, ерегіссе жатып алатын қырсығы тағы бар... Қойшы болғанмен құл емес. Ақназардың бай үйі олай еркелетіп қоймас еді... Ақназар өзін-өзі аяп іші елжіреп кетті...
-
Әй, шұнақ, қазанға тамақ сал!
Қатира шұнақтығын еске алса, Ақназарды ашу қысады. Бұл жолы да солай болды. Қазанға су құйып жатып, бәйбішеге жаман көзімен бір қарап қойды.
-
Ана көзін қарашы! Көзі жаман ғой! Түбі әлі бұл талайымыздың қанымызды ішеді. – Қатираның қолында ақ сабау, шекеден салып өтті.
Ақназар астау толы сүрді қазанға салып жатыр. Ашудан ерні дірілдейді. Бәйбешенің соңғы сөзі миында құйындай ұйтқып жүр. «Қанымызды ішеді, қанымызды ішеді»... Бүйтіп қор болғанша, қолында өлген артық!
«Қор болғанша, өлген артық!» Енді әлгі сөйлемнің орнын осы сөз басты. Миында шыр айналады. Осы бір жаман түйсік... қайдан тап болды оған?...
Бес жылдан бері қарақалпақ баласымен тілдескені осы жерде еді. Өзінің де елі бар екенін, о баста еркін адам болып туғанын кешеден бері байқағандай. Бес жылғы азап бәрін де естен шығарып, көзінің алдын кіреуке алғандай екен. Бүгін жарқ етіп қайта ашылғандай, жүрегі алқына соғып, кеудесіне сыймай барады.
«Қор болғанша, қолында өлген артық»...
Сол сөз ән әуеніне айналғандай, кеудесінде енді бұлбұл сайрайды. Көзіне ошақ басында жатқан пышақ түсті. Абыла ылғи осы пышақпен қой бауыздайтын еді. Ақназардың көзі алдында қыл тамақтан шапшып аққан қызыл қан елестейді... Жерошақтағы қоянсүйектің жалыны да қып-қызыл... Бар дүниені өрт шарпығандай, оның басы айналып кетті.
Бір есін жиғанда, қара пышақты көн етіктің қонышына сұға салды. Балтырын мұздай қарыған бірдеңені сезді.
Ақназардың жүрегіне ас батпай кілкілдеп отыр. Етегінде жатқан құйымшаққа тісін де тигізген жоқ. Отырып-отырып төрт көз төбеттің алдына тастады.
-
Әй, мынау миғула болып кеткен бе!?
Қатираның даусы жер түбінен жеткендей. Басына шарт етіп таяқ тиеді. Жігіттер үйдің сүйегін қайыққа тасып жатыр еді. Арасында Ақназар да жүр. Қатираның айқайын бірде естіп, бірде есітпейді.
Арқасындағы зілдей ауыр бір нәрсені қайыққа аудара салды. Салдыр-гүлдір...
-
Айтым ғой миғұла деп! Қап, керден кесені, сырлы тостағандарды қиратты-ау! Ойбай, ойбай!
Қатира сигелектейді. Ақназардың басына таяқ жауып кетті. Сонда ғана бірдеңені бүлдіргенін сезген. Басын қолымен қалқалап, қашқалақтайды. Бірақ, долы Қатира қоятын емес, қуып жүріп ұрады. Жүк тасып жүрген қазақ жігіттер қызығына қарап тұр.
-
Байғус-ай, - деді қайықшы қарақалпақ.
Сол мезет Ақназардың бар қаны басына шапшып шыққандай, долы ашу булықтырды. Қолы әлде қалай қонышындағы пышаққа барып қалған екен. Жарқ еткізіп суырып алды.
Ақназардың екі көзі қып-қызыл, қанталап кеткен, Қатираға шап берді. Қара пышақ екінші рет жарқ еткенде, қолы қатынның шаында еді, қарыннан ұрды!
-
Аһ!
-
Ойбай, өлтірді!
-
Ұстаңдар ананы!
-
Ойбай,әтеңенәлет!
Ұстарсыңдар! Ақназар дарияға қойып кетті.
Сол күйі су бетіне қайтып шыққан жоқ...
-
Жүзе білмейді екен-ау байғус... – деді қайықшы.
-
Сонысы артық болды... – деді серігі.
Көш тоқтады. Ашулы қол сілтеген қара пышақ Қатираның қарнын жарып жіберіпті. Дарияның бойына итарқа тігілді. Ішіне төсек салып, ауруды кіргізді.
Қатира жұлдыз шыға үзілді.
-
Біліп едім... – деді, бар айтқаны.
Сегіз бастаған жігіттер осы қазаның үстіне келіп еді.
Қатираны ақ жуып, арулап, қоршаулы түйенің үстіне салды. Нұрыбай ауылы қыстауға қарай қозғалды. Қатындар неше жерден дауыс қылып, даланы күңірентіп барады.
Жанқожа көшке қосылды. Ағайынның өлігі, тастап кете беруді дәстүр көтермейді. Сегіздер бөлініп, ат басын Кәрібөгетке бұрды.
-
Апырай, залым кұл екен!
-
Долы болған ғой!
-
Баяғы Жылқайдарды өлтіретін Нұртайдың жолдасы екен...
Жігіттер даурығысып келеді. Сегіздің есіне Жанқожаның сөзі түсті. «Амалдықтың әйелі екі естілеу», - деген. Құл Нұртайдың жолдасы екен, өзі екі есті әйел оған күн көрсете ме? Байғус қорлыққа шыдай алмаған ғой...
Бұлардың отанында жортуылшы батырлар көп. Нияздың тұқымында барымтадан мал жимайтын жалғыз Сегіз еді. Кейде туыстары түрікпеннен тұтқындап адам әкеледі... Сарының бір баласы түрікпенің қызын қатындыққа алып отыр. Екі баланы басына сірі бүріп, қойдың соңына салып қойыпты. Біреуінің далада өліп қалғанын Сегіз көзімен көрді. Есіне түссе әлі күнге жаны түршігеді.
Ол үнсіз келе жатыр.
Х Х Х
Ақиректің бұл жақ беті жайпауыттау, сай-жырасы да саяз, әрі сирек ұшырасатын еді. Етегінде Домалақ көл шұқырайып жатыр. Дөп-дөңгелек, қымыз толы сырлы тостағанға ұқсайды. Батыс жақ жағалауы құрақтылау көрінді. Жиектей өскен қалың қурай тоғай болып кеткен. Арасында ат жасырынғандай. Көлдің көлемі шағын болғанмен, түйе бойламайтын терең. Сол күйі бір ортаймайды. Жалаңаш төсі күн көзіне шағылысып тура қаратпайды.
Күржібай ауылы екі-ақ үй. Іргесін Ақиректің құйрығындағы.қоңырлыққа сала отырыпты. Домалақтың суы кермек, мал суаруға болмаса, адам ішуге жарамайтын еді. Ауылдың терістік жағы құм, онда Күржібай қазған құдық бар.
Иығында иінт ағашы, құндыз бөрікті талдырмаш қыз үйден шықты. Қос етек салдырып тіктірген ақбәтес көйлектің сыртынан қызыл масаты қамзол киіпті. Аяғында биік тақа кебіс, үкілеп қойған қуыршаққа ұқсайды. Қынамалы қамзол қысқан белі үзіліп кететіндей. Қыз өз сұлулығына тән ырза жанның кескіні, кеудесін шалқақ ұстап, аяғын қаздаңдай басады. Үлбіреген ақ жүзінде толқыған нұр білінеді. Қара көздің жанарында таңертеңгі шық мөлдірейтіндей, айнала шың-шоқыларға қарағанда жасаурай түскен. Сүйір өкше қайта-қайта құмға батып кетіп, қыздың зықысын алды.
Жазғытұрым осы Мақпал анау Жаман Ақирек бөктерінде бір үйір ақ бөкен көріп еді. Оның шыңғырған даусынан үріккен киіктер дүркірей қашқан. Қас қаққанша, адырдан әрі асып жоқ болды. Содан қайтып ауыл маңында киік көрінуді қойды. Мақпал үркітіп алғанына әлі күнге өкінеді.
Биыл қыз жасы он жетіге шықты. Бірақ, Мақпал есімі қырда қазақ, ойда қарақалпақ- бұл өңірге мәлім екенін өзі сезбейтін еді. Қазір Күржібай аты бір жола өшкендей, «Мақпал қыздың аулы» атанды. Жұрт Домалақ көлді де бұрынғы атымен атамай, Мақпалкөл деп жүрген көрінеді.
Былтырдан бері маңайдағы елдің жігіттері Мақпал қыздың аулын көбірек қырындайды. Мақпал қыздың қолынан бір шай ішу бәсекеге айналғандай. Мақпалы бойжеткелі Күржібайдың да ұйқысы қашқан. Масатының Үргеніштен алдырып тұратын көк шайын да осы Мақпал құртты.
Күржібай дініне берік. Бата бұзып басқамен кеткен қыздың оңған жерін көрген жоқ. Қырда Тұрсынбике, Сырда Құмар қыздың бейіті... екеуі де ғашықтық құрбаны болған. Ақыры қарғысқа ұшырап, өзіне - өзі пышақ салып өліпті. Оны қазақтар бата бұзып, кәпір өлімінде кеткендер деп түсінеді... Солар есіне түссе, Күржібайдың зәресі ұшатын еді...
Мамыт құдасы көшкелі де жеті жыл. Жаңадария бойына да тоқтамай, әрі Үргеніш асқан. Араға жыл салып, бір хабарласады. Масатыға көк шайы мен науатын сәлемдемеге сол жіберетін еді. Күржібай биыл қыс құдасына хабар айтты: «Жесірі бойжетіп отыр... Мамыттың қандай ойы бар» екенін сұрады. Онан кейін ешкім қатынаған жоқ.
Өзінің Жабыға атастырылып қойылғанын Мақпал да біледі. Оған хабар салынғанын да есітті. Қайын жұртын әке – шешесі мақтап отырады. Әлде соның әсері ме, кейде күйеу жігітін сағына күтетіндей, төс еті шымшып ауыратыны бар...
Әне әкесі далаға шықты. Ауыл сыртындағы төбешіктің басында жалғыз өзі, дамбалшаң отыр. Күндегісі осы, Мақпал судан қайтқанда әкесі жолын күтіп отыратын еді. Әкесінің сырттан торып жүргенін қыз білген жоқ.
Суы толы шелек ауыр, Мақпалдың құмырсқа белі тал шыбықтай майысып, аяғын қиыршақ құмнан әзер тартып алады.
Бала деген! Осы үй суға жұмсайтын адам таппай отырғандай... Құдыққа барғанды қызық көреді білем. Күржібай орнынан тұрып жатып күрсінді.
Осы кезде ауылдың Темірші тауы жақ сыртынан бір топ атты ентелетіп келіп қалған. Анау – мынау емес, төрт адам... Күржібайдың іші мұздай болды. Қайтсін енді, бір тоқтының басы кеше де қырқылды. Қыз бойжетсе, үйге жұт кіреді...
Қынжылғанмен қашып құтылған жері жоқ, Күржібай төбенің басында қалқиып тұр.
Жорыта аяңдатып келе жатқан жігіттер, үйге жақындаған соң, жүрістерін баяулатты. Ауылға қатты жүріп, екпіндетіп кіруді қазақ салты ұят біледі. Көргенді ауылдың балалары – ау... Күржібай қонақтарға ырза болып қалды.
-
Ассалаумағалайкүм!
-
Әликүмсәләм...
Жігіттер ат үстінде, Күржібай жерде, сәлем алысты. Жол болсыннан кейін Күржібайдың амандығы түзелді. Жәніке – Сары аулының жігіттері екенін білген соң басы қалтырақтағандай. Қонақтардың алдында үйге қарай емпеңдеп келеді.
Жігіттердің киім түрі де бөлек еді. Мақпалдың көзі әуелі соған түсті. Масатыға көмектесіп төрге көрпе жайды.
Қонақтардың үйге беттегенін көрген соң, есіктен жып берді. Бәтес көйлектің қос етегі желбіреп, Қомшабай қойшының үйіне қарай қайқаңдап бара жатыр. Сол кеткеннен ұзақ жоғалып, шайдың дастарханы жайылған кезде оралды.
Бұл үйдің қонағы көп. Көбіне жас жігіттер келетін еді. Бәрі де тымпиып отырып шай ішеді. Әкесі шаруа жайын сөз қылады. Қай маңайдың шөбі шүйгін, қай құдықтың суы мол... Жігіттер оған қозыдай маңырап бас шұлғиды. Рас, кейбір көкірегіне нан піскен мырзалар да кездеседі. Арқырай сөйлеп, тарқылдай күліседі. Ондай жігіттерді Мақпал сірә жақтырмайды. Кейбіреулері қапысын тауып көз қысатыны бар. Баста жігіттердің онысын өзі де қызық көріп, күлкісі келетін қыз, кейін шамданатын болды. Анада біреуі көзін қысқанда, Мақпал ернін шығарды...
Мына жігіттердің сорты бөлек көрінді.
Бәрі де аталы жерден шыққан екен. Шықыман, Нұрлыбай тауы маңында жаз жайлап отырған ағайындары бар... Сонау Қаратаудан ағайын іздеп шығыпты... Мінездері қамырдан қыл тартқандай, жол мәнісін сыпайы айтып отыр.
Сөйлеп отырған Сегіз еді. Есті жігіттің бір сөзін қағыс жіберген жоқ, Мақпал ішке түйді.
Далада қоңыр тоқтының ішек – қарны ақтарылып, Қомшабай қаужаңдап жатыр. Ошақ басындағы жұмысты Қомшабайдың келіншегі мен Масаты атқарады.
Түс қайтқан. Жігіттер шайды ұзақ ішті. Күн ыстық, қатқақсырап жеткендері көрініп тұр. Мақпалдың көзі керегенің басында ілулі былғары құндақта... домбыра ғой... Мына жігіттердің қайсысы... Ойлап – ойлап Сегізге тоқырады.
Далада әнші – жыршы сирек, Мақпал енді Сегіздің өнерін көргенше ынтығып әзер отыр. Ақыры шыдамады. Шайдың дастарханын жинап болған соң, шешесіне сыбырлады.
-
Айналайындар, ән салып отырыңдар.
Мақпалдың қолқасы шеше аузынан айтылып отырғанын, көңілі жүйрік Сегіз бірден түсінеді.
Былғары құндақ шешіліп, омырмалы домбыра Сегіздің қолына тиді. Мойнына, бетіне неше жерден сүйек шаптырылыпты. Қаз мойын домбыра саусақ тисе, өзі сөйлеп тұр. Ал Сегіздің даусы қоңыраудай сыңғырлайды.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман...
«Елім - ай» әнін тыңдаса, көз суламайтын қазақ жоқ.
-
Бәрі рас. Әкем байғұс айтушы еді. Мен онда бесікте екем. Құдай сақтап, біздің ауыл қалмақтарға жолықпай, көрші қырғыздардың ішіне сіңіп кетіпті...
Қопақтаған күйеуін Масаты тоқтатты.
-
Сабыр қылсаңшы, өлең тыңдалық...
Қаратаудың басынан ұшар ләйлік,
Кәрден кесе, аққұман, күміс шәйнек.
Сен есіме түскенде, беу, қарағым,
Әнге қосам сағынып, сәулетай деп...
Бұл Сегіздің өз әні «Қырдан асып, тепсеңге жылқы жайдық» болып келетін екінші жолы, «кәрден кесеге» айналып кеткенін көргенде, Балпан жымың етті. Сегіз бір – ақ көріп, мауқы басылмай қалған қалыңдығы Қарлығашқа арнап шығарып еді. Қой көзінің жанарында мөлтілдеп жас тұрғандай, Мақпалдың да жүрегі шын елжіреп, қос алмасының ұшы шымырлап кеткен. Мына жігіттің жанын сонша егілткен ол қандай қыз екен? Кімге арнап шығарды? Балғын қыздың көкірегінде бірінші рет қызғаныш сезімі оянды.
Сол «сәулетай» өзі болса ғой… Сегіз сияқты сері жігіттің жары болған ұрғашыда арман бар ма екен? Әрине, Сегіздің жары бар… осынша жігіттің ішінде жасы үлкені де Сегіз екен… Руымен шіріген бай көрінеді. Сегіз ендігі неше қатын алған шығар-ау… Соны ойлағанда Мақпалдың өзегіне өрт түскендей. Оның да көзін де мөлтілдеп жас көрінді. Өмірі өзі көріп білмеген бейтаныс әйелдерден сері Сегізді қызғанып отыр.
Күн бата ас келді. Сегіз домбырасын керегеге сүйеп, маңдайының терін сыпырды. Бір қолында мыс құман, бір қолында шылапшын, алдында иығына сүлгісін салып Мақпал тұр.
- Жазғы таң қысқа ғой. Жігіттер алыс жолдан келеді екен. Дем алғандары дұрыс болар – деді Күржібай, дастархан жиналып жатқанда.
- Өзіміз де соны өтінгелі отыр едік.
Жігіттердің шаршап отырғаны рас. Айбас келгелі екі-үш рет қалғып кетіп, оянды. Сегіз ғана сергек, Мақпалдың үйінде бір таң дем алмай ән шырқаудан жалықпастай еді. Әлгі сөзді әншейін сыпайылық үшін айтқан.
Бұл үйде қатты қанжылған жалғыз адам Мақпал еді. Күн батқанша ән тыңдап отырғанда, Сегіздің жүзіне бір көз тоқтатып қарай алған жоқ екен. Енді бәрінің де ұйқысы келе қалғаны өкіндіріп отыр. Әнге елтіген қыз құмары қанбай қалғаны басқа жұртқа неге керек? Сегіз оны не қылсын… «Сағынып әнге қосатын сәулетайы» бар… Сері жігіттің шынымен-ақ сұлу Мақпалды елемегені ғой…
Мақпал төсегінде дөнбекшіп жатыр. Өзінің Сегізге ғашық болып қалғанын сезген жоқ. Мейлі, неше қатыны болсын, Мақпалдың жүрегі Сегізді қалайды. Түндік жабулы, үй тастай қараңғы… Қыздың шала жұмулы көзінің алдында Сегіз елестейді. Сері жігіттің әні құлағында ызыңдап тұр.
«Есіме сен түскенде, беу, қарағым…»
Мақпал ақ білегін керегенің көзіне айқастырып салып, демін дірілдете алады. Тұла-бойы күйіп-жанып, үстіндегі шәйі көрпені аяғымен әрі серпіп тастады. Даладан соққан самал желге жаланаш төсін тосады. «Сағынып әнге қосам сәулетай деп…»
Мақпал ақырын сыбырлайды.
Қыз таңертең сапқа ұрғандай сылынып жүдеп тұрды. Екі бетінің қаны қашып, қағаздай аппақ еді.
- Мақпал, қалқам тұрамысың?
Шешесінің дауысын есіткен қыз, шымылдықтың етегін көтеріп, еліктің лағындай бір-ақ ырғып сыртқа шықты.
Мыс шәйнек қолында, есікті ашты. Көлеңке бетте қонақтардың төсегі жатыр. Өздері тұрып кетіпті. Аттарын шылбырынан жетектеп, көлге қарай барады.
Қара құман отта, бұрқылдап қайнап тұр.
Мақпал беті-қолын ұзақ жуынды. Қыздың екі көзі көл жақта, ат суарып жатқан Сегізге ұрлана қарайды. Жігіт жақындаған кезде, орнынан тұрды. Сызылып әсем қозғалады. Аяғының ұшынан басып, үйге кіріп барады.
Масата дастархан жайып, құрт-ірімшікті жоталай үйді. Ортада бір тостаған сарымай тұр.
Қонақтар үйге кірді. Мыс шәйнекті қасына алып сұлу Мақпал басбармағы майысып шай құяды енді.
Далада жылқы құлап дүсір көбейді. Күржібай жылқышыға көмектесіп, құлын байласады. Масаты мен Мақпалдан басқа жан сыртта жүр…
Бірі төрде, бірі төменде – екі адамның көзі жиі кездесіп қала берді, бірақ.Ұзақ тоқырап қадала түспей, тез тайқып кетеді. Қыздың көзінде үзілген ынтызарлық, тек желегі түспеген ұят қана жібермейді.Ақ жүзінде ду етіп қан тебеді. «Ағажан, мен саған ғашықпын, - дейтіндей ол, - бүгін түсіндім ғой, қожам өзініз екенсіз» «Ақ еркем, мен де өзіңе ынтызар. Кең дүниені шарлап, өз теңімді жолықтыра алмай, сарп ұрып жүрген біреу едім, жаңа таптым ғой, жарығым». «Сол дегеніңіз шындық болсын тек, ағатай». «Қайтсем дәлелдеймін аяулым»… «Мен дәлелсіз де сенемін. Бірақ, тәнір қашан қайтып жолықтырар, қашан іздеп келерсіз…»
«Кездесеміз, асығым, әдейі іздеп келермін. Сол кезде тек қол ұстасып кетуге дайын болсан, ақ Мақпал!» «Қол ұстасып…» Мақпал ол жайын өзі де ойластырмаған еді, ақ жүзінде күреңітіп қан тепті. «Қол ұстасып екеуміз, қаранғы түнді жамылып, Қаратауға асайық!» «Әкем не дейді, шешем ше? Әрі сіздің сәулетайыңыз да бар ғой…» «Ол сәулетай өзіңсің, ақ Мақпал. Біз ғашық жан, тыңдамаймыз ешкімді.»
От пен судан тайынбаймыз. «Мен де тайынбаймын, ағажан. Бірақ ата-анамды жылатып қалай кетем тығылып! Менің басым байлаулы ғой, ата-анмның өтіңізші алдынан, ұлықсатын алынызшы аузынан…» «Беріп қойған жері болса, көмейінен өтіп кеткен малы болса, Күржекенді қиын шығар көндіру…» «Онда обалы өзіне, қолыңыздан ұстағаным ұстаған! Қараңғы түн жалынсын, жер түбіне әкетсеңіз де дайынмын!»
Қызыл тілден көз шешен. Өйткені, тіл байғұс көкейдегі көрікті ойды боямалап жеткізеді. Ал көз шешенде бояу жоқ, бар шындығын қаз қалпында жайып салады алдыңа. Екеуі де көзі айтқанды қалт жібермей ұғып отыр.
Бұл сырдың шет жағасын дастархан басында отырған басқалар да аңғарды. Масаты жиі қозғалақтап, кесесін бір қолына ұстап, бір жерге қояды.
Сегіздің көкірегінде күмбірлеген күй, алып қашқан асау сезім катты бұралған домбыраның ішегіндей шертіп тұр. Қыз жүзі қандай ыстық болса, ол құйған шай онан бетер, жігіт жүрегіне өрт құйылғандай. Бұл үйдегі барлық жан қимасына айналғандай, бұл үйдің жұпыны жиһазына бүкіл дүниенің қазынасы жетпейтіндей, сәт сайын қымбат тарта береді. Киіз жосамен бояған қан қызыл керегелері… Түйенің жүнінен тоқылған қызыл-жасыл бау- шулар… Кесте тіккен шым ораулы ши… Мүмкін осы мүліктің бәрінде де алдында отырған ару Мақпалдың нәзік саусағынан таңба қалған шығар… Ол солай екеніне шәк келтірмейді.
Қара құман сарқылыпты. Оны үстеулеткен Масаты жоқ. Жігіттер шайды доғарды. Сегіз шөліркеп қалғандай, қазір алдындағы дастархан жиналады.
Сегіз кешеден бері керегеде сүйеулі тұрған домбыраны қолына алды. Көкірегінде булыққан сезім көмекейден ақтарылғанша асығып, лықылдап тұр еді.
Көрінген анадайдан үйлеріңіз,
Тоқыған қазынақтай шилеріңіз,
Жіп пе еді, жібек пе еді кигеніңіз,
Біздерден артық па еді сүйгеніңіз…
Ән кілт үзілген. Салдыр – гүлдір Күржібай кірді. Мақпал жаңа ғана жинап алған дастарханын төсіне басқан күйі, сілейіп тұр. Ән жалғасатын шығар деп күткен. Домбыраның дың етіп үні өшті. Оның мойны омырылғанда, қыз кеудесінде де бірдеңе үзіліп түскендей, көзінен жас ыршыды.
Мақпал қонақтардан бұрын шықты. Көз жасын бір жанға көрсеткісі келмейді. Қомшабайдың үйіне қарай жүгірді.
Төрт қанат қойшы үйінің алқам – салқам керегесіне жабысып, жабықтан қарап тұр. Жігіттер құмнан асып түскен кезде, қыз өксіп - өксіп жылады.
Қомшабайдың келіншегі Қарақыз бетін шымшиды.
Үйде Масаты Күржібайды алқымға алып жатыр.
- Мамыт ағаға сәлем айт. Жесірін алып кетсін. Қызың бой жетті. Еркек көрсе есі шығады. Ертең ұятқа қаламыз…
Шеше ашулы еді. Әйтпесе, жалғыз қызына жан теңгермейді. Мақпалдың жат жұрттық екені есіне түссе зәресі ұшады.
Күржібай Ақиректің астындағы қарақалпақтардың қыстауына аттанды. Үргенішке қатынайтын біреуді кездестірсе, Мамыт құдасына сәлем айтады…
Бұл кезде Жаман Ақиректің құйрығында Сегіз Қомшабаймен қоштасып тұр еді.
- Мақпал қызға сәлем айт. Қайта айналып бір соғамын. Мен де жоқ іздеген бейбақ ем. Сол қымбаттымды, осы ауылдан жолықтырған сияқтымын.
- Мақпалдың айттырып қойған жері бар ғой. Қарақалпақтың белгілі байы Мамыт…
Күржібай ол қарақалпақпен қатысып тұра ма? – Сегіздің көзінде кәдік білінді.
- Қатысқанда қандай! Қант пен шай бұл үйге қарақалпақтан келеді.
- Қомшабай көзін қысты. – Бірақ, көмейін толтыратын адам табылса, Күржібай қарақалпақты неғылсын. Батырым, бағыңды сынап көрсейші…
- Ендеше бір ауыз өлең айтайын. Мақпалға айтып бар.
Көрінген анадайдан көшің, Мақпал,
Мың қойдың қорасындай төсің, Мақпал,
Сүйгенің әлде жақсы, әлде жаман,
Қор болып жүрермісің есіл, Мақпал…
Жігіттер жүріп кетті. Қомшабай төбенің басында, қолын бұлғап тұр. Ерні жыбырлайды.
- Мың қойдың қорасындай төсің, Мақпал. Пах-пах!
Х Х Х
Бір аптадан кейін Күржібай аулына Таңсыққожа бастаған Әйдербектердің ақсақалдары ошарылды.
Ол кезде бес ауыл болып отырған Жаманкөздің тұқымында, Таңсыққожаның үйі қара шаңырақ саналатын еді. Үлкен шалдың қара шаңырағы бәйбішеден туған жалғыз ұл Сырлыбайдың қолында қалады. Онан Таңсыққожаға ауысты…
Бері келе тоқалдан туған төрт бала – Нияз, Бәшке, Бабас, Ботат бір ыңғай болғансып жүргенмен, шалдың шаңырағын сыйламай кеткен жері жоқ. Соның ішінде Нияздың момын балалары Жолшы мен Топы кең пейіл Таңсыққожаны тонның ішкі бауындай көріп, келін түсіріп, қыз ұзатса, - сыбағалы кәдеден құр қалдырмайтын еді. Кезі келгенде, кедейлеу ағайынға Таңсыққожа да жәрдемдеседі…
Сегіз қыз таңдап қана жүрген жоқ. Қалыңдығы өлді. Қайта қыз айттыруға Топы балаларының қолы қысқа, дәулет тапшы. Бай туысы Жәніке – Сары - өздері біліп қараспаған соң, Сегіз де жағдай айтпайды. Айтқысы келген әкесін де тиып қойған еді. «Ағайын іздеп» бұлай келісінде бір мәніс бар. Бір жағы қыз іздейді. Қалаулысы табылғандай болса, бай ағасы Таңсыққожаға салмақ салады… Көңілі жүйрік Таңсыққожа, Сегіз Мақпал қыздың жағдайын айтқан соң – ақ, аржағын түсінді. Жаманкөзге қараған ауылдың жігіттері ішінде Сегіздің орны бір төбе еді. Бойына бұл сияқты күш дарыған басқа жұрт қайратын қайда сиғызарын білмей, әркімге бір ұрынады ғой. Алыстан жау іздейді. Барымталап мал әкеледі… Сегіздің ондай қақ – соқта жұмысы жоқ, домбырасын күйттеп, өлеңін айтып жүре береді. Содан келе өнер сатып мал да жинамайды. Жаны дархан, бітімі бөлек біреу… Таңсыққожа Сегізді сол мінезіне бола іш тартады.
- Жаман Күржібайдың қызына ықыласың құлап келген екен. Оның не ойланатыны бар? Барамыз да айттырамыз – деді сөзге келмей. – Қарақалпақ құдасы Үргеніш асқан. Әліқұл тұқымына қыз бұлдайтындай, Күржібай кім еді?
Сонымен Күржібай аулында ошарлып жатыр.
Бұл ауыл мың жылқы айдаған Таңсыққожа атына қанық. Басқа Әйдербек Сырлыбайға қарағандарды «байдың баласы» деп атап кеткен. Сол қара шаңырақтың иесі өзі іздеп келгенде, Күржібай жаман састы. Сегіздің туысы… Ендеше Таңсыққожа Мақпалды көздеп келіп отыр ғой… Әліқұл тұқымы шынымен мойынын салып сұраса, жалғыз үйлі Үйсіннің бұлданатындай не шамасы бар? Онда бата бұзылады. Күржібай қарғысқа ұшырайды… Ол бармағын шайнап отыр, Мамытқа да кіжінеді. Былтыр хабар айтқан… Әтеңенәлет қарақалпақ ат ізін салмай жатыр…
Қонақасы түн ортасы ауа желінді. Ас қайрылды. Дастархан жиналды. Таңсыққожа сөз айтатындай тісін шұқып отыр. Қасындағы жолдастарында үн жоқ, соның аузына қарайды.
Таңсыққожа әріден орағатты. Мың жасаған пенде жоқ, адам баласы ұрпағымен мың жасайды. Бала қуанышы ата – ана қызығы. Ұл өсіріп, қыз өсіріп, оның қызығын көргісі келсе, айып па? Сегіз жігіттің серкесі, бес ауыл Әліқұл тұқымында орны бөлек бала еді. Ақ сұңқардың көзі айдын көлдің төсіндегі аққудың көгілдіріне түсіпті. Таңсыққожа екі асылды қосқалы келіп отыр…
Масаты есінен танып қалды. Күржібай көзімен жер шұқиды. Күйеуін билеп – төстеп үйреніп қалған әйел, шыдамады.
- Қайнаға- ау, айтып отырғаның Мақпал жан екен ғой – деді сасқалақтап. – Қыздың атастырып қойған жері бар, алынған қалың малы бар. Ұялмай – қызармай қалай бата бұзамыз?
Мақпал ертелі Қомшабайдың үйінде еді.
Бір апта бір жылға татығандай, қыз екі көзі төрт болып Сегіздің жолын күткен. Қомшабай серінің бір ауыз сөзін сол күні – ақ жеткізіп еді. Оған қоса, Сегіз жақтан хабаршы келіп қалуы да мүмкін екенін аңғартты.
Күткен қонақтары келіп отыр. Бірақ, ішінде Сегіз көрінбейді. Еліктің лағындай жан – жағына елеңдеп отырған Мақпалды, кешкілік қырдан қой айдап қайтқан Қомшабай қуантты. Сегіз Нарынбай құдығындағы палуандардың аулында қонып жатыр екен. Түн ортасы ауа Ақиректің бөктеріндегі қасқа сайдан күтпекші…
Қыз жүрегі лоблығанда, ауыздан шығып кететіндей. Үйге бір кіреді, бір шығады.Әкесінің үйінде қонақтар әлі жататын емес. Олардың қандай бітімге келетіні де белгісіз…
- Құдалық сөйлесіп жатыр…
Қомшабай жүгіріп жүр. Мақпалға бір ауыз сөзді айтуға әзер үлгеріп, қайта жүгіріп кетті.
Қомшабайдың ізінен сыбдырын білдірмей Мақпал да шықты.
Қазір үйінің іргесінде тың – тыңдап тұр еді. Шешесінің әлгі сөзін есіткенде, жүрегі мұздай болды.
Келін, бұның – төркін жұртыңа бүйрегің бұрғаны ғой. Қазақ пен қарақалпақ қай уәдесін бұзған жоқ еді? Күн жауғанда қойныма кірсе, қарақалпақ күн ашықта мойныма мінетін. Бүгін Әбілқайырға бағынып, күні ертең орыстың қоластынан пана іздейтін қарақалпақ емес пе? Жау болып келіп Жылқайдарды өлтірді. Сөйткен дұшпаныма ару қызын беріп отыра алмас қазақ. – Таңсыққожа біраз омытаулап алып, сабасына түсті. – Көп болса қарақалпақтың өткізгені бар шығар. Оның да ақ адал малы. Мен дүниеге тарлық қылмаймын. Бірін екеу қылып қайтаруға дайынмын. Келін, сенде ойлан. Бауырыңдағы жалғыз қызың ғой Мақпал. Ана жер, мына жер емес, ел асырып Үргенішке қалай жібересің? Бала адамның бауыр еті, сағынатын кезің болар. Сонда бір көруің қымбат болып жүрмей ме?
Бұл Масатының жанды жері еді. Мақпал бойжеткелі өзінде де маза жоқ, ел асып Үргенішке ұзатылатын болғаны, ана байғұстың жанына аяздай батып жүр. Таңсыққожаның соңғы сөзі сол пернені тап басты. Масатының көңілі бұзылды.
Күржібайдың жанын қатты қинайтын бір нәрсе, Мамыттан ішкені мен жегені бар. Қамқорын көрді. Мойнындағы қарызын ойласа, аза бойы қаза тұрады. Таңсыққожа оны екі есе қылып өтейтінін айтып отыр. Байдың баласы, қалай шашса да малы жетеді… Жесірін іздеп келетін болса қайда жүр Мамыт? Мал азаматтың құнын да өтейтін… Әліқұлдың балалары әлгі сөзінде тұратын болса, Күржібай Мамытқа қарыздар болып қалмайды…
- Байеке, айтқаның жөн. Баланы сендерден артық кімге береміз. – деп бір тоқтады. – Бірақ, қарақалпақтың өткізгені көп еді. Үргеніш асты дегенмен, әлі қатынасып тұрамыз. Ең аяғы мына келінінің қант – шайын да ұмытпайды. Ана дүниеге бармайтын адам жоқ, сонда ішкен – жегенім желкемнен шығар деп қорқамын…
- Оған Әліқұлдың дәулеті жетеді. Айттың – болды! Мен баланың қуанышына сауда айтпаймын. Сұрағаныңды ал да, қарақалпақтың көмейін біте!
Сонымен сөз қысқарды.
Қонақтарға төсек қамдауға кіріскенін сезген Мақпал, Қомшабайдың үйіне қарай жүгірді.
Масаты келді. Еңіз – теңіз жылап жүр.
- Қарғам, осы үйде жата кет, - дейді қызына. – Үйде қонақ басы көпшілік қой…
Аржағын айтпайды…
Мақпалдың жүрегі алып ұшады. Қасқасайда Сегіз күтіп тұрғаны еске түссе, тағатынан айрылардай. Ел аяғы басылып, жұрт ұйқыға кеткенше асығады.
Қомшабай мен Қарақыз бастары жастыққа тиюі мұң, қор етті. Біреуі бие сауады, біреуі қой бағады… Онан қалса, Масатының шаруасына көмектеседі. Ерлі – зайыпты екеуіне таң атса тыным жоқ. Кешкілік сүрнігіп құлайтын еді.
Мақпал сілейіп отыр. Екі құлағы өз үйінде, қонақтардың дабыр – дұбыры басылғанын күтеді. Әлі басы жастыққа тиген жоқ. Жүрегі дүрс – дүрс ұрады. Ынтызар жанымен оңаша жолығысу қазақ салтында ерсі емес. Ондай-ондайды қуақы жеңешемдердің тұрпайы әзілі кішкентайыңнаң құлағыңа құйып, еріксіз бойыңды үйрететін еді. Бір кезде оны қызық көретін, енді бетпе- бет келген сәтте, Мақпал қысылды. Бірінші рет жігітпен оңаша жолығысқалы тұр екен… Қыз тұла бойы тітіркеніп қобалжиды.
Осынша қорқатыны қалай? Күтіп тұрған Сегіз ғой… Өзіңің Сегізі. Сері Сегіз… Оның жүзін бір көру Мақпал үшін арман емес пе еді? Күні ертең күйеуі болып, құшағына енетін сырбаз жігіт… Сегіз ата-анасының алдынан өтті… келісімін алды…
Мақпал төсектен сыбдырын білдірмей тұрды. Көк масаты шапанын желең бүркеніп, үйден шықты.
Ауыл жым-жырт, жұрт қалың ұйқы құшағына кірген.
Қотанда қойлардың бырт-бырт күйсеген дыбысы ғана естіледі. Көк төбет әлде неге мазасы кеткендей, шабаланып үріп тұр екен. Кетіп бара жатқан Мақпалды көріп, ізіне ерді.
- Бөрібасар, Бөрібасар… - Қыз төбеттің басынан сипап алдарқатып тұр, шу шығарып абырой төге ме деп қорқып та келеді. – Қайт, үйге қайта ғой, Бөрібасар…
Бөрібасар кейін қайтты. Мақпал артына қарай-қарай бара жатыр. Көне кеткен көк төбетке ырза болды.
Айсыз қараңғы. Қасқасай көшкен елдің артында қалған сүрдегіне ұқсап көрінеді. Ақиректің жотасына асылып аппақ болып жатыр.
- Мақпал…
Оқыс шыққан дыбыстан шошыған қыз селк етті.
Ауыл жаққа көк төбет қыңсылайды.
- Ойпырай, Мақпалжан, мына төбеттерің қандай сақ еді. Биенің бір сауымындай өткен шығар, тіпті ауылға маңайлатпай қойды ғой…
Мақпалда үн жоқ. Үнсіз күйі жігіттің жайған құшағына кіре берді. Сегіз солай болар деп күткен жоқ-ты. Әлгі айтқан сөзінен қысылып қалды. Құшағында қыздың белі солқылдақ талдай майысады. Кеудесінде тастай тиген қос алма, күйіп тұр екен. Бір сәт екеуі де үнсіз қалған. Қос жүректің дүрс-дүрс ұрған дыбысы ғана естіледі.
- Қарғам…
Қатты қысқан жігіт құшағында қыздың демі бітеді.
- Аға жан!
- Сәулем, Мақпалым…
- Ағатай…
Қыз дыбысы үздігіп-үздігіп шығады. Сегіз оны аяп кеткендей, қапсыра құшқан құшағын жаза берді.
- Аға, аға…
- Мен сендікпін, ағажан…
Мақпал құдалық жайын айтқысы келіп еді, тілі күрмеліп қалды. Сегіз түсінді.
- Сағындым, аға…
- Мен де сағындым, Мақпал жан…
- Сағынып әнге қосам сәулетай деп…
- Қойшы бала сәлемімді жеткізді ме?
- Бірақ, онда сағындым деп айтпапсыз ғой. Әлде «Сәулетайыңыздың» көңіліне қарадыңыз ба?
Қыз үнінде қызғаныш аралас наз байқалды.
- Алда айналайын, Мақпал-ай! Көңіліңде түйткіл жүр екен ғой. Менің сенен басқа сәулетайым бар ма еді? Аңсағаным, арман қылып іздегенім өзің едің, Ақиректің баурайында жолықтырғаным жоқ па? Енді менде арман жоқ.
- «Сәулетайды» Қаратауда қалдырып кете бергеніңіз бе?
- Қаратаудың бөктеріндегі сәулетайды берген құдай өзі алған. Ол қара жердің құшағында. Сегіздің жүрегінде Мақпалдан басқа жанның есімі жоқ, Сегіздің құшағында сенен басқа адам жоқ. Ортақтасар ешкімің жоқ.
Мақпал балқып кетті.
- Ағажан…
Сегіздің төсіне бетін қайта басты. Үнсіз тұр. Сыртқа тепкен қыз әдеп, жігіттің кеудесін жалын болып шарпитындай. Қазір қыздың бойынан дәрмен кеткен, бірте-бірте әлі құрығандай, Сегіз оны бір қолымен сүйеп, бауырына тарта берді…
Еркек шөптің жапырағына қонған шық, қыз мойынын мұздай қариды. Ол тітіркеніп қалды. Бір сәт екі құлағы бітіп, зәресі ұшқан. Анық қатерлі шақ таяп қалған екен.
Кенет жүрегі алқына соғып, Мақпал демсіз тынды. Сол қатырге өзі бас тіккендей, тезірек болғанша, біткенше асығады. Төсіне жанасып кеткен жігіт тәні етін шоқтай күйдіріп, жүйкесін босатып барады.
- Аға!
Дәрмені соған-ақ жетті.
Әлде қайда бақ етіп үйрек дауысы естіліп, сап болды.
Бұтаның тасасынан дүр етіп бозторғайлар көтерілді.
Бұл атқан таңның белгісі еді.
Айқасқан құшақтар жазылды.
- Қош, сәулем!
Қыз жауап қайтарған жоқ. Қара шапанын басына бүркеніп, ауылға қарай зытып барады. Бір аяғын сылти басады. Әлде нені ауырсынып, әлде нені жаны тітіренгендей, оның қабағында кірбің бар еді.
Сегіз артына қарай-қарай Қасқасайға кірді. Торы төбелдің тізгінін ұстай Балпан да орнынан тұрды.
- Екеуің сол жерде ұйықтап қалды ма деп қорқып тұр едім.
Әйтеуір жеттің-ау…
Х Х Х
Мақпал қызға төленетін қалыңмал төрт тоғыз болып кесілді. Бұл ауыр шығын. Бір қыздың қалыңына жүзден аса мал тұяғы беріледі екен. Есіткен жұрт аузын ашып, көзін жұмды.
- Бір Таңсыққожада мың жылқы, бес жүз түйе бар…
- Мол байлық адамға не істеткізбейді…
- Барлық не дегізбейді, жоқтық не жегізбейді…
Сырт ағайын солай дуылдасқан.
Ниязға қарағандардың дәулеттісі Жәніке мен Сары.
Бірақ, туысқан адамдар жақын отырса, қадірі кетеді. Сегіз олардан ештеңе дәметпейтін еді. Өздерінің шаруасы болсада дөңгелек жігіт, төрт тоғыздың хабарын есіткенде, түсі қашты.
- Құдалық сөйлесілді. Бітімін есіттің. Енді ауылыңа барып қайт, - деді Таңсыққожа. – Сен де туыстарыңның алдынан өтуің керек қой. Ат алсаң ауылыңмен…
Сегіз кібіртіктеп отыр.
- Бір қыздың қалыңмалын көтеруге ағаңның дәулеті жетеді. – Таңсыққожа оның күйбектеп қалғанын байқады. – Менің айтқанымнан шығатын Сырлыбай баласы туған жоқ. Бірақ, Қаратауда ендігі Әліқұлдың жасы үлкені Жәніке отыр. Шал кінәмшілдеу еді. Маған ойласпай істеді деп, ертең ағайыңның кінә артатыны болады… - Соны айтқанда Сайлыбай мен Айбасқа бір қарап қойды. – Кінәмшіл дегенім мұқатқаным емес. Қартайған адам мінез ашады ғой. Қазақта момын шалды көргендерің бар ма?
Айбас көзімен жер шұқиды. Батыр әкенің талай тентектігін көріп жүр. Кейде бала-шағаның сөзіне де араласып, ауылды бидайықтай қуыратын еді. Мынау құдалықтың жайын есітсе бір бүлінетіні күмәнсіз. Жәніке-Сарының өз балаларына да қалың беріп жарқыратқан жері шамалы. Осы Айбасқа әлі ешкімді атастырған жоқ… Ол ауылдың жігіттерінің көбісі-ақ жаугершілікте қолға түсіп, ат сауырына мінгесіп келген қызға үйлене салады…
- Ауылыңа барып қайт дегенде, ағайынға жағдай айтып жылу жина деген сөзім емес. Ақсақалдардың алдынан өт. Сонда өкпе-кінәдан мені де аршып аласың…
- Аға, түсіндім…
- Үйсе көп, үлессе азғантай дүние ғой. Үй басына шаққанда, төрт тоғызы бес қарадан келмейді. Таңсыққожа Әліқұл тұқымы жиырма шаңырақтан асқанын еске алып отыр.
- Тек пенденің ниеті тарылмасын, - дегенді қосып қойды.
Бәйбіше-Тоқалдың арасында көптен келе жатқан өкпе бар. Құлым ақсақал көзінің тірісінде балаларына енші береді екен. Бала саны бесеу, мал-мүлік екіге бөлінген. Бәйбішеден туған жалғыз Сырлыбайға ауыр дәулеттің жарымы тиеді. Әрі қара шаңырақты да сол басады. Балалардың жас кезінде білінбегенмен, тоқалдан туған төрт ұл ержетіп, енші алысқанда, Әліқұл тұқымының дәулеттісі Сырлыбай болып шыққан. «Байдың баласы» атануы да сондықтан. Ескі қыжыл атадан балаға ауысып, Жәніке-Сары заманына шейін жетті. Ертерек айырылған Бәйбіше-Тоқалдың іргесі қосылған жері жоқ. Бірі Сырдарияның бойын сағалап, теңіз маңында қалғанда, екіншісі ұзақ көшіп Қаратауға асқан. Кейінгі балалар бұл сырды біле бермейтін еді…
Таңсыққожа Айбасқа әдейі құлақ қағыс қылып отыр. Әкесіне қара сұр өңі ғана тартқан, жас жігіт топыраштау болып өскен екен. Киіп-жарып кете алмас. Бірақ, айтып барады ғой. Ағайынның шамына тимесе арқасы қызбайтынын Таңсыққожа біледі. Осы құдалық үстінде өзі үлкен абыройға қаларына көзі анық жеткен. Оған қоса, бақас туысы Жәнікені де бір мұқататын еді.
- Әлгі сөзім сөз. Дәулет жетеді. Өздеріңнің шаруаларың дөңгелек екенін естимін. Топы ағамды қинама. Қолға түскен қара-құраңды алып маған жет. Сірә тездетіп оралғаның мақұл шығар. Ауыздан шыққан сөз де бір, аңқып соққан жел де бір. Ертең бұл құдалық жайлы алып қашты сөз ұзын елдің ұйырына, елдің қиырына кетеді. Қарақалпақ намысшыл халық, құлақтанса қарап жатпас. Жесірімізді жау әкетіп, досқа күлкі, дұшшпанға таба болып жүрмейік…
Сегіз де содан қауіптеніп отырған. Кібіртіктегені де сол еді. Өзіне салса, Мақпалдың бар қалың малын қазір айдап беріп, ұзатып әкеткісі келеді. Бірақ, олай салмақ салуға, жасы үлкен кісіден ұят. Әрі Жәнікенің де алдынан өтуі керек. Оны Таңсыққожа дұрыс ескертті. Ағайын арасында алауыздық та осындайдан кіреді. Қатын үшін туысынан безетін қазақ баласы жоқ...
Жігіттер түнделетіп аттанды.
Таңсыққожа іздеп келген інілеріне өз жанынан бір – бір ат жетектетті. Бәрі де мініске жарамды, қонды жылқы екен. Ат ауыстырып жүрген жолаушыға Қаратау қашық емес, төрт – бес күнде жетіп қалады. Сегіздің есебі бойынша, екі аптада қайтып оралуы керек...
Жігіттер Күржібай аулының тұсынан өткенде күн шыққан. Балпан ат тізгінін тартты.
-
Сегіз аға, осы жерде кідіріп, Қомшабайға тілдесейік.
Кетіп бара жатқанымызды Мақпал жеңешем біліп қалсын.
Жігіттер жымыңдасып аттан түсіп жатыр.
Сегіз торы төбелдің ауыздығын сыпырды. Ер – тоқымын алып, тарлан бозға ауыстырып салған. Арқасы босаған ат дүр – дүр сілкініп, жер тарпыды.
Жарқырап күн шықты. Ақ шағыл құм көз ұялтады. Алыста Мақпал үйінің төбесі көрінді. Ауылдан қаптай шыққан көл, қоңырлыққа қарай құлады.
Қомшабай құм жиегінде тұрған аттыларды көріп,елеңдей қалған. Сегіз қолын бұлғап шақырды.
-
Бұлар кім деймін келіп... Қомшабай анадайдан ыржыңдап күліп келеді. – Сегіз ағамдар екенін білсемші. Онда ғой, Мақпалды еріте шығатын едім...
-
Келер ме екен Мақпал... – Сегіз шындап еліккендей.
-
Онда біз анау жырада күтейік,- деді Балпан елеурей түсіп.- Көп болса бір күн кешігерміз...
-
Ойбай, ағатай! Қомшабай шыр етті. – Баяғы Күржібай жоқ, қазір Мақпалдың аяғын қия бастырмайды. Маған да көбірек ақырып – жекіретінді шығарды.Бірдеңеден сезіктеніп қалған сияқты... Мақпал келе алмайды.
Сегіз оны қыстаған жоқ. Өзінің Қаратаудағы ауылына бара жатқанын айтты.
-
Екі аптадан артық бөгелмеуге тырысып бағармын. Менде де тағат жоқ. Бірақ, ақсақалдың алдынан өтіп, ақ батасын алып қайтуым керек. Мақпалға айтарсың...
-
Жолың болсын, батыр.
Сегіз сұқ саусағындағы алтын жүзігін алды.
-
Мынау сәлемдемемді Мақпалға табыс етерсің. Далада жүрген жолаушыда не болады? Мақпалға лайық осыдан басқа нәрсе табылмады. – Жүзікті Қомшабайға ұстатып жатып күрсінді. – Сенің сыбағаңды Қаратаудан әкелемін.
Жоқшылық жомарт ердің қолын байлайды. Сегіздің есіне сол мақал түсті. Қомшабайға сыр бермей бағады.
Тарлан бозды сипай қамшылап барады. Жігіттер екі қапталында қаусырмалай жортады. Күйеу жігіт қайын жұртының ауылына жақын жүруге болмайды. Қиялай тартты.
Көрінген анадайдан көшің, Мақпал,
Мың қойдың қорасындай төсің, Мақпал...
Мақпал ұйқысын жаңа ашқан. Керіліп – созылып әзер тұрды. Қолында мыс құман есіктің алдында жуынып отыр еді. Құлағына ән келгендей. Талып жеткен дауыс, таныс сияқты көрініп, елең етті. Сегіз ғой. Қайда әндетіп тұр?..
Қыз ән шыққан жаққа тұра жүгірді. Ақ көйлектің етегі аяғына оралады. Сүрінбесінші дегендей, самал жел шұбатылған етегін желбірете көтереді. Түймесі ағытылып, омырауы ашылып кетіпті. Аппақ төсі жарқ етті.
Ән сап басылған. Айдалада қарайған жан көрінбейді. Әлгі дауысты есіткені рас па, әлде солай елестеп кетті ме, Мақпал әлі түсінбей мәңгіріп тұр. Тұп – тұнық қара көздің жанарында бір тамша жас мөлтілдейді.
-
Мақпал, әй! – Үйдің жанында Масаты айқайлайды. – Осы қызды шалық ұрды білем, құманы ақтарылып қалыпты, төбенің басында сексиіп не қарап тұр, жаным – ау. Ә - һау, Мақпал! Мына қызға бірдеңе көрінген шығар...
-
Мақпал үйге қайтты. Екі көзі аяғының ұшында, ілгері басқан қадамы кейін кетіп, әзер келеді.
Х Х Х
Бұл күні Жабы да атқа қонып жатыр еді.
Мамыт Күржібайдың былтырғы сәлемінен кейін – ақ қамданып жүрген. Биыл баласын аттандырды.
Қоныс ауыстырғанмен, Мамыттың шаруасы шайқала қойған жоқ. Қазақтардың ылаңынан кейін жұқарыңқырап қалған мал Үргенішке келген соң қайтадан өсіп жатыр. Жылда көктемде көлгөсір қылып егін салады. Бұл күнде қара қасқа сиырлардың саны жүзден асқан. Қолы ашық байдың айналасына ағайын – туған да көбірек жиналады. Тақтакөпір маңындағы бар Қият Мамыттың аузына қарайтын еді.
Жабы Ақирекке он күнде жетті. Бұл өңірдегі көзі тірі Қияттың үлкені Әнетей екен. Соның үйіне түсті.
Күржібайдың қызына қазақтар құда түсіп жатқанын осында есітті. Қайын жұртына келгенде, Жабының қабағы суық еді. Күржібай ауылының үстінен құйын жүріп өткендей, ұйқы – тұйқысы шықты. Әйтеуір сыр бермеуді ойлап асып – сасып жатыр.
Қонақасыға тай сойып жалбырақтағанмен, Жабы сызданып қабағын ашпайды. Қомшабайдың үйінде бүк түсіп Мақпал қыз жатыр. Сегіз «екі аптадан артық бөгелмейтінін» айтыпты. Үшаптадан асты, хабар жоқ.
Жәніке батыр, атасы екен. Өзіне қараған ауылды бір шыбықпен айдайтын көрінеді. Сегіз онымен ойласпай құда түсті. Жәніке ондайды кешірмесе керек. Әкесі айтып отыр...
Бірақ, Сегіз... сол сияқты асыл жігіт... айтқан сертін қалай жұтады.?.. Келуі керек...
Солай тағаты кетіп жүргенде, Сегіздің орнына Жабы келді. Қалың қол ертіп келді. Берсе қолынан, бермесе жолынан алады. Құдай десіп бір Күржібай, бір Мамыт құда болғаны анық... Әкесі ыңқ етіп үн шығармайды.
Егер осының үстіне Сегіз келсе қайтер еді? Қалай ететінін Мақпал білмейді. Бірақ, Сегізді бір көріп өлсе, арман қылмас еді. Сүйіп қосылған асылынан өлмей тірі айырылмас. Ажалы жетсе, бірге өлуге дайын...
Сегіз ертең бір күн келуі керек...
Жабының Әнетей бидің үйіне түскен хабары бұл ауылға алдыңғы күні жетті. Мақпал содан бері көз ілген жоқ – ты.
Бүгін де дөңбекшіп жатыр. Күйеу жігіт қонақасысын ішті. Дыр – ду басылды. Масаты келіп қызының қасына қисайды. – Құдалар кідіргісі келмейді. Ертең тойыңды істеп, арғы күні ұзатамыз. Өзім...
-
Кідіргісі келмесе жүре берсін, - деді Мақпал шап етіп. – Қарақалпақ сонша неге керіледі? Әлде менен сендер құтыла алмай отырсыңдар ма? Маңдайыңа біткен жалғыз перзент екенмін. Қарақалпақтың алдына түсіп неге емпеңдей бересіңдер? Асықса, атамнан әрман, мен де қанжығасына байланғалы отырғаным жоқ, кете берсін!
-
Жұрттан ұят – ты! Ойбай, жайрақ сөйлесейші! – Масаты қызының аузын басты. – Шалмен қазір сөйлесейін. Жалғыз екенің рас. Дәулет жетсе, отыз күн ойын, қырық күн тойыңды істеп ұзатар едім... Қайтейін...
-
Отқа қарап отырған жоқсыңдар. Шашыңдар малдарыңды! Мақпалдың тойына қазақ – қарақалпақ түгел келеді!
Мақпалдың есебі ұлы дүбір тойдың даңқы алысқа кетеді. Әрі тойдың қызығымен тағы бір апта өтуі керек еді. Оған шейін Сегіз де жетер... Ең болмаса Шықымандағы Таңсыққожа құлақтанады... намыстанса, жесірін айырып алып қалсын...
Қарақалпақ күйеуі келіп, Күржібай ауылында ұлан асыр той болып жатқан хабары жеткенде, Таңсыққожа бармағын тістеді. Сегіздің кідіретін себебі де белгілі. Жәнеке батыр анау – мынау қазақты менсінбейді. Күржібайдың кім екенін есіткен соң, шатқаяқтанған шығар... Оның батасын алмай Сегіз де атқа қонбайды. Әйтпесе, сүттей үйіп отырған ағайын арасында жік шығады. Енді өкінді. Сол шалға ерегіскенде, Мақпалдың қалыңмалын бір күнде айдатып, жесірін бір күнге ұзатып алып кету керек еді...
Қарақалпақтың хабарын алып келгендер, «самсаған сары қол » деп дабырайтқан. Ендеше жаманатты естіп аттанған болды. Сырлыбай ауылының бес- алты жігітімен, қамданып келген қарулы қолға қалай тиіседі?
Жесірін айырып алу былай тұрсын, тойда Сегіздің туысқандары жағынан бір адам келіп төбе көрсеткен жоқ.
Той дүрілдеп жатыр. Басқа жұрттың несі кетсін, қағанағы қарық, сағанағы сарық, етке тойып сауық кұрды. Өмірқұл лаққыға Бәлдір қосылып, жұртты күлкіге қарық қылды..,
Күйзеліп жүрген екі адам - Мақпал қыз бен Жабы. Ақиректе есіткен
суық сөзі күйеу жігіттің жүрегіне дерт болып жабысты. Қайын енесіне
серігін жұмсап отыр.
- Мақпалды тағы біреуге айттырып, карғы бауын алғанын
есіттіңдер ғой. Менің көңілім жамандыққа шауып тұр деп еді. -
Қалыңдығымды көрсетсін...
Қазақтардың қыз көрсету салтын қарақалпақтар да еститін еді. Жабы соны еске алды. Мақпалды алып кете ме, абыройын төгіп тастап кете ме, артынан көре жатады...
Бұл хабарды естіп Күржібайдың. түсі бұзылды. Таңсыққожалар
қонып жатқан түні таңертең... есіктің алдында қызымен кездесіп
қалған... Мақпал басына шапанын бүркеніп алыпты. Сол мезет
Қасқасайдан шықкан екі атты әрі асып бара жатқанын көріп,
Күржібайдың іші кіпі алды. Соңынан біз тақа кебістің ізін кесіп, оны
да Қасқасайдың түбіне апарып қайтқан еді...
Күйеуінің осы кәдігін шет жағалап есіткен Масаты, жаны ыршып
шошып түсті.
- Жабыжан маған да сенбегені ғой, - деді шарасы құрыған Масаты.
- Бауыры емес пе едім...
Мақпалға күйзеліп келді.
Қыздың онсыз да жүдең жүзі, шешесінің сөзін тыңдап отырып, ақ
қағаздай қуқыл тартты. Бірақ, әке-шешесі сияқты сасқалақтап сыр
берген жоқ. Қазір Сегізден де күдер үзген, ендігісі құр тәуекел еді.
Жабы көрем десе, дайын екенін айтты. Мүмкін тілегі қабыл болған
шығар... Тәкаппар күйеу қалыңдығына көңілі бітпес те, қайтьп кетер.
Көп болса, абыройы бір төгіледі... Оның есесіне мойынын түскен қыл
бұғаудан құтылады...
Қызының ол сырынан хабары жоқ Масаты, Мақпалдың көне
кеткенін жақсылықтың нышанына жорыды...
Күржібай үйіндегі таза көрпелер Қомшабайдың лашығына тасылып, әйелдер асып-сасып жүр.
Түн ортасы ауа жұрт ұйқыға кетті. Қалыңдық пен күйеуге арналған төсек дайын. Төрт қанат жолым үйге әуелі Жабы кірді. Қарақыз бастаған бір топ әйел Мақпалға келді.
Қыз тартынған жоқ. Үй тастай қараңғы. Қарақыз күйеу мен қалыңдыққа қол ұстастырды. Тас қараңғы түнде, катал тағдырымен бетпе-бет қалғандай, Мақпалдың жаны тітірейді. Жабы білегінен жұлқи тартып төсекке алып ұрғанда, қыздың даусы шығып кетті.
Мақпал Сегізбен кездескен түні түк білмейтін сәби іспетті еді. Аңсап табысқан құштар көңіл оған ештеңені тыңдатқан жоқ. Сол түннен жанын тіксінткен бір жаман түйсік ала қайтқан. Әлде періштедей таза жан, пәктігімен қоштасқанын білген соң күйзелді ме... Мақпал үйге жеткенше жылады.
Жабының тұрпайы қимылы қыз кеудесіндегі жиреніш сезімін қоздыра түскендей... Ол ұзақ жылады.
-
Әй, неге қорсылдап жатырсың? - деді Жабы сызданып.
-
Көрдік, күйеуіңді жарылқадың...
Макпал қатайып ала қойды.
— Жыласам әйелдігім шығар. Адамды тәңір жарылқайды, батыр. Қуануым керек екен ғой!
-
Құлан қағынан жерімейді дейді қазактар...
-
Қазақтар айтты деп былғай бердім десейші...
— Жоқ, қарақалпақтардан қысылдым. Үйінен жүктеп келмесе, келінін бөгенегі қураған деп сөгетін сіздің ауыл емес пе? Сондай жаманатқа таңылғым келмеген шығар.
— Онда олжалы екенмін ғой?
— Рас айтасың батыр, ішімде екі айлық бала бар...
Жабы жарылып кете жаздады. Өзінің бұзылғанымен тұрмай, салдақы қалыңдық халыққа тіл тигізді. Ардан безген қарабет! Қарақалпақ тастап кетсе, бір қазақ табылар дейсің ғой! Оның бола қоймас! Тақтакөпірге алып барып, сен салдақының көзіне көк шыбын үймелетер Жабы!
— Құлан қағынан жерімейді десе, қазақтар біліп айтқан екен. — Жабы мырс етті. — Жүктеп қалғаның азаматтық болған. Көсеуі ұзын болса қол күймейді емес пе? Бір басым үшеу болып барады екен. Халқым мені сөкпейді. Осы жұрт жауға аттанып, құл әкелсе де қуанып жатады ғой...
— Ішімнен шыққан баланы құл еткің келгені, менің күң болғаным ғой. — Мақпал ширықты. — Қазақтан қатын емес, күң әкелдім деп барасың онда!
-
Соған ырза боласың енді...
-
Жабы орнынан тұрып киінді.
Жолым үйдің іргесінде тоңқайып тың-тыңдап жатқан бала-шаға тым-тырақай қашып барады.
Күйеу мен қалыңдық арасындағы әлгідей тәжіке сөз сол күні-ақ жалпақ елге жайылып кетті. Біреулер сүйсініп айтады, біреулер өкініп тыңдайды.
Масатының жаны қыдырып жүр.
Той өтті. Жиналған жұрт тарап жатыр. Үйге Қомшабай кірді. Мақпал жалғыз еді. Ақ жүзі қуаң тартқан, суын алған болаттай сұрланыпты. .
— Жат елге дәм-тұз айдады, аға...
— Мен қайтейін, Мақпалжан... Сегіз...
— Сегіз тірі болса, ат ізін бір салар. Ертең бір күн қалай қара көрсетпейді. Бірақ, жау алып кеткен жесірін қуып шығуға тәуекелі жетер ме екен? Әлде Жабыдан қорқып, бармағын тістеп қала бере ме?
— Не айтайын оған?
-
Бір ауыз өлеңімді жеткізерсің:
Аяғыма кигенім былғары етік,
Көзім талды, жолыңда құр дәметіп.
Жігіт болсаң - келерсің Сырдан өтіп,
Жасық болсаң - өлерсің суға кетіп..
-
Айналайын-ай, зарықтың-ау...
Ертеңіне қыз жасауы үш түйеге теңделіп, жолға түсті. Қараша інгенге алты қабат текеметтен қоршау жасалып, үстіне Мақпалды отырғызды. Үйден Масаты шығып келеді. Қолында сегіз өрме қамшы, бар киімі үстінде еді.
— Қарғамды жалғыз жібере алмаспын. Жат жер, көзі жәудіреп кімнің қолына телміреді. Қайын жұртына бойы үйренгенше, қасында болайын, - дейді.
Оған ешкім қарсы болған жоқ.
Көш Ақиректің бөктерінде қарайып көрінеді. Мақпалдың сыңсыған даусы таудан асып түскенше естіліп тұрды.
Ақиректің басында ұшар ләйлек,
Алтын кесе, мыс құман, күміс шәйнек.
Сен есіме түскенде, беу қарағым,
Әнге салам сағынып сәулетай деп...
Қомшабайдың кірпігінде жас мөлдірейді. Оңаша ауылдың сәні Мақпал екен. Қазір дүние қараң қалғандай. Бұрын даусын шығарып ән салмайтын еді. Байғұс-ай... Даусын қарашы, күміс қоңыраудай сыңғырлайды. Қомшабай күбірлейді.
Жігіт болсаң - келерсің судан өтіп,
Жасық болсаң - өлерсің суға кетіп...
— Көкірегінде намыс болса, бұл сөзді естіп, қалай шыдап қалады. Пах, пах!
Ана жақта Күржібай пышаққа түсіп жатыр.
— Қой қырдан асты. Не қарап тұрсың, доңыз! Қыз ұзатқанды бүгін көргеннен бетер, аңқиуын қарашы. Қап мына иттің баласының қорлығын-ай!
Қомшабай қойдың ізінен жүгірді. Әндетіп барады.
Жігіт болсаң - келерсің Сырдан өтіп...
Достарыңызбен бөлісу: |