Зейнолла Шүкіров



бет6/11
Дата11.06.2016
өлшемі1.27 Mb.
#128863
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

СОҢҒЫ ТҰЯҚ
Қар аспаннан жауып, жерден борайды. Жел ішін тартып ышқына соғады. Ақтүтек бұрқасын түк көрсететін емес. Күрең аттың жалына бір елі қырау тұрыпты, аппақ болып күдірейіп көрінеді. Бесбасбай сескенді. Алдынан тұрған жел бет бақтырмай, қорғалақтай бастады. Аузы-мұрнына қар тығылып, тынысы тарылды. Түлкі тымақтың түгіне, сақал-мұртында сірескен қырау, бетінің ұшы удай ашиды.

Биылғы қыс мал баққан шаруаның қабырғасына қатты батқан. Күздің аяғы жаңбырлатып-жаңбырлатып келіп, бір күнде теріскейден дауыл тұрып, қыс түсті. Іш тастамаған мал жоқ. Шөп орнына мұздақ кеміреді. Оған мынау жынды боран қосылды. Алай-түлей ақ түтек екі күннен бері аңырай соғып тұр еді.

Бесбасбайдың бес жүз жылқысы тепсең ауыстырғалы бір апта өтті. Содан бері жылқышылардан хабар жоқ. Күннің сыңайын жеккөрген Бесбасбай, үйде жатып күтуге шыдамы жетпей, бүгін таңертең атқа қонды.

Ендігі түс болды. Оның болжауынша, жылқы жатқан жер онша қашық емес. Бірақ, толарсақтан қар кешкен күрең ат босаңси бастағандай. Бесбасбай содан қорқады.

Мұздақтан кейін қоңы жұқарған жылқы, мына қалың қарда шөп тауып жеуі де қиын шығар. Қоныс аудару керек... Бірақ, қайда барғанда Қорқыттың көрі... күн бүгін ертең ашылмаса, қар бұдан да қалыңдайды. Бет қаратпайтын үскірік... Қажыған жылқы қар тебуге жараса еді... қырылды ғой!

Бесбасбайдың есіне Ақирек түсті. Жылқыға қалың қопаның ығы керек еді.Онда да көлдің қопасы қауіпті. Мұз ақсақ ойылып, жылқы опат болуы кәдік. Бұл Ақиректің үстінен бір өткенде, Көкшекөлге көзі түскен. Бір қасық су көрген жоқ.

Кәпірарық күзде кеуіп қалады...

Бірақ, қарақалпақтар... Ақирек алқабында бары-жоғы қырық-отыз үй қарақалпақ... Бір-жар сиырдан басқа мал түлігін ұстамайды. Далада жатқан қопаны не істейді олар? Қиқаңдайтын болса, Бесбасбайдың зорлығы дайын.

Апырай, Бекбауыл залым екен. Биыл Құмбазардың әр жағынан

қора салғызып жатыр деп еді. Кәпір он жылғысын ойлап жүрген болды ғой...

Көз алдында Мамыттың қара қасқа сиырлары елестеп, Бесбасбай тағы бір күйініп қойды.

Қарақалпақ өмірі жұмақ. Қыс түссе қыстау дайын, жылы тамда жатады. Малын қораға қамайды. Зәуде сыймай бара жатса, қалың қопаға айдап салады. Бірақ, бұл маңда дәулетті қарақалпақтан ешкім қалған жоқ. Талай қыстау қаңырап бос түр...

Бесбасбайдың көзіне отқа абынып отырған қара сирақ балалары елестейді. Киіз үйдің кез келген жерінен жел азынайды. Күндіз-түні тұла бойы бір жылынбайтын еді.

Биылғы қыстан аман шықса, қарақалпақтың бір қыстауын басатын шығар Бесбасбай. Қазақтың күнін итке берсін...

Жылқышылардың қосы қар астында қалыпты. Қыбырлаған жан жылқының басында, бір жерге әзер иіріп ұстап тұр екен. Бесбасбай-дың алдынан Бозорыс шықты. Екі беті үйіткен сирақтай ұйпа-тұйпа үсік шалган қара қожалақ. Қайратты-ақ жігіт еді. Бұл да сыр беріпті. Бесбасбайды көріп Бозорыс жылап жіберді.


  • Қардың ырымы жаман. Жылқы байғұстан әл кетті. Аш мақұлық
    суыққа да шыдамсыз, әзер ұстап тұрмыз.

- Ақирекке құлатыңдар!

Басына ерік тиюі мұң екен, жылқы ала қашты.

Бесбасбай бастаған үш жігіт екі қапталда, шашыратпай ұстауга күщ салып келеді. Жел терістіктен еді. Үскіріктің ығын алған жануарлар қиялай тартты.

Күн батқан. Аттың құлағынан арғы жер көрінбейді. Әрі-беріден соң ол да жоғалды. Жігіттер жиі-жиі айқайлап жылқыға сес көрсетеді. Біріне бірі, өзінің осы дүниеде бар екенінен хабар беріп қоюды да ойлайтындай. Ала құйын аузынан шыққан дыбысты қағып әкетіп, бірін естіртсе, бірін жұтып қояды.

Кейде алдарынан белгісіз бір оппа кездеседі. Жылқы ақсақ ойылып, омырауымен қарды бұзып, алға ұмтылады.

Бесбасбайдың аяғында байпақты етік еді. Соның өзін де башпайлары удай ашып, екі тізесі сіресіп қалды. Екі бетінің ұшы шымшып ауырады. Еңкейіп бір уыс қар альш, екі бетін ысып-ысып жіберді. Тоңған саусағы илікпейді. Қой терісі қолғаптың да қамсауы кеткен, жылытып жарытпады.

Бір қуанышы, жылқының ұзын жобасы түгел сияқты. Алдыңғы жақта қарауытқан бірдеңені аңғарады. Қыбырлайды... Бір-екі рет күреңді қаттырақ қысып ұмтылғанда, жылқыға киліккен... Бетіне күлкі жүгірді. Арық-тұрықтың талайы жолда қалғаны анық еді. Сол есіне түскенде, жаны түршікті Күштеп, қарманып, қамшы үйіріп, доң айбат көрсетіп қиқу салады.

— Ай-һай!

Әлде қалай жігіттердің айқайы құлаққа тисе, елең етеді. Қайтсін-ай, олар да алысып келеді екен.

Бір мезет оған мына түнек түннің ұшы-қиыры жоқ сияқты көрініп кетті. Тас қараңғы осы қалпы ашылмайды... Ақ түтек боран соға береді. Молдалар айтатын ақырзаман... Мынау қасқа боран қазақтың ақырзаманы ғой...

Сілесі қатқан Бесбасбайдың ойы қайта-қайта шатасады. Тоңған дене бір уыс болып кішірейіп барады. Мойнын қой терісі тонның жағасына тығады. Жалақтаған қарлы құйын, қыбыр еткеніңді қалт жібермей, шалғайың түріліп кетсе, шап беріп, онан қойын -қонышыңды аралайды. Үскірік демі улы тілін сұғып алады.

Бір заманда өзінің қақиып тұрғанын байқап, шошып кетті. Күрең атты тебініп жіберіп, қамшы үйірген. Ат қозғалды. Бірақ, басын сілкіп тастап, жұлқи тартатын аяң жоқ, ақырын кібіртіктей басады. Болдырыпты...

Алдында қарауытып бара жатқан жылқы да көрінбейді.

— Ай-һай!

Бесбасбай айқайды салып келеді.

Әлгі жерде өзінің қанша тұрғанын да білмейді. Қара басып қалғып кеткен ғой... Қалай суыққа ұшпай аман қалғанына таңырқады. Періштелер қаққан болады. Шырт ұйқыдан оятқан... Әйтпесе, қатып қалатын екен...

— Ай-һай!

Жел бағыты өзгермесе, бет алысы түзу. Сірә жылқы ұзап кеткен болды ғой. Бозорыс адастырмайды. Жылқы аман... Таң атқанша, Ақиректің қопасына жетеді.

Бірақ, өзі жете ала ма?.. Бесбасбай сонан қауіп қылады. Бозорысты арғы атасы Игіліктен бері карай сыпыртып боқтап шықты.

Бесбасбай Бозорыстың үш ұйықтаса есіңде жоқ-ты. Қалың жылқымен түні бойы алысты. Таң ата Ақиректің үстінен құлаған. Бір түннің ішінде жарты мыңнын қарасы селдіреп-ақ калыпты. Шығын баршылық еді. Бай бүлінетін шығар...

Жылқышылар Бесбасбайды сонда ғана жоқтады,

— Сірә түндегі абыр-сабырда жылқының біразы бөлініп қалған ғой. Ағам соның ізінде кеткен...

— Бәле болды ғой. Енді қайдан іздейміз!

— Ізделер, табылар. Бірақ, алдымен өзіміз бой жылытып алайық. Менің оң аяғым сіресіп жаны кетіп қалыпты. Үсітіп алдым ба деп қорқып тұрмын...

Бозорыс жылқыны қалың қамыстың ішіне айдап салып, Мәстәттің басындағы қарақалпақ қыстауына қарай шапты.

Әнетей таң намазын оқып болған. Жайнамаздың үстінде тәспиғын санап мүлгіп отыр. Есіктен сүрініп-қабынып Типыша кемпір кірді. Ерні қалтырайды.

— Бір топ атты...

— Е, оның несіне қорықтық? Құдайы қонақ шығар.

— Қазақтар...

Қазақ көрсе, Типыша кемпірдің жүрегі зырқ етеді. Бұл үй әзір қазақтың қиянатын көрген емес. Бірак, айнала қос - үрей жұрт... Күнде еститіні қорқыныш... Типыша кемпірдің жүрегі ұшып-ақ болды. Әнетей кейіді.

— Қақылдамай отыңды жақ?

Есік сарт етіп ашылып, бір қап суық лап берді.

Үш жігіт, бет-аузы қыраудан көрінбейді, төрге озды. Сүйрете басқан көн етіктің ізінде жентек-жентек қар қалды.

— Ассалаумалайкүм!

Бозорыс әуелі отырып алып, сәлемді артынан берді. Біреудің жылқысын бағып жүріп, көкірегіне нан піскендей.

— Түн қатып келіпсіздер. Жүрістерің суыт қой. Әнетей оны жақтырмай қалды. — Қай ауылдың баласысыңдар?

— Қырдағы Игілікпіз.

— Онда Мыңбай ауылы болдыңдар ғой?

— Бесбасбайдың жылқысы еді...

Ит иесіне ұқсайды. Керазу Бесбасбайдан жылқышылары да айнымай қалыпты. Әнетей тоба қылды.

— Кемпір, көжеңді қамдай бер.

— Соны тездетіңдер. Бозорыс асықтырды. — Жігіттер аш. Түні бойы жылқымен алысып, әзер жеттік.

Бәрінің де бетін үсік шалған қожыр-қожыр еді. Әнетейдің мейірбан жүрегі жібіп кетті. Бұл үйдің көжесінде қатық жоқ. Есіне балапан қораз түсті. Екі мекеннің ортасындағы жалғыз қораз... Соның басын шабудан басқа амал қалмады. Әнетей шапанын жүре киіп, далаға шықты.

Қазандағы су бір қайнағанша, Бозорыс бес рет айқайлады. Аштықтан гөрі, далада қалған Бесбасбайдың уайымы асықтырған. Бойы жылынған жігіттер байды енді жоқтады.

Бауыздалған сары қоразды салақтатып Әнетай кіргенде. Бозорыстың екі езуі кұлағына жетті.

— Кемпір, қонақтарға шайыңды бере бер. Жүгеріңді қуыр. Оған дейін қораздың жүнін жұлып, үйітіп қояйын.

— Әй, бәрекелді!

Бұл кезде ақ түтекпен алысқан Бесбасбай Акиректен асып түсіп еді. Жылқыға қайрылып түгендеп жатуға әл жоқ, ерікті күрең аттың өзіне берді.

Алдында қыстау қараяды. Қарақалпақтар... Бесбасбай бақырайып отыр. Қимыл жоқ. Күрең ат бір қораға жақындай беріп, тас төбеге ұрғандай тұрып қалды. Басы салбырап кетіпті.

Енді күреңнен қайыр жоқ екенін Бесбасбай да сезді. Оң аяғын ұзақ әуреленіп, үзеңгіден шығарды. Түсті. Тақымы жаздырмайды. Екі аяғының басынан жан кеткен, аттап басуға жарамады. Бірте-бірте башпайларының ұшы удай ашып, қара табаны ұйығанын сезді. Ердің қасынан ұстап, екі аяғын кезек басып тұр. Құлап жатқан қораға қарады. Таныды. Мамыттың қыстауы екен. Оның көшіп кеткені есіне түсіп өкінді. Енді Мәстәттің басындағы кыстауға назары ауды. Екі шақырым жердегі ауылға жете алмай қор болды. Әлденеге Мамытты боқтады. Шынтағымен күрең атты тұмсықтан бір қонжитқан. Ат болдырған, сонда да селт етіп бас көтерген жоқ.

Бесбасбай осыдан он бір жыл бұрын мына қыстаудың үстінде ат ойнатқанын еске алды. Қырық сиыр... Бірақ, қарақалпақтың малы бойына жұқпады. Бекбауылдан жасырып алып қалған бес сиыр... Ол да құрамады. Біреуі құдыққа түсіп өлді... қасқыр жеді... Қысқа түскен бірі жоқ...

Ол соның бәрін әлде қалай еске алды. Күзді күні Мамыттың тарысына жылқысын жапқан... Ақыры Енесей тұқымын Ақиректен көшіріп тынды. Енді иесіз қыстаудың қасында қарға адым жер мұң болып тұрғаны мынау...

Бесбасбайды ыза қысты. Күрең атты тұрған жерінде қалдырды. Мәстәтке қарай қыбырлап келе жатыр. Омбы қарға қара саннан кіріп кетіп, аяғын әзер суырады. Жүріп емес, еңбектеп келе жатқан сияқты еді. Қонышынан құйылған қар қара бақайына жетті. Бір шұқыр кездескен. Қар асай етбеттеп құлады. Шұқырдан шыға алмай тырбаңдап жатыр. Ұрына-ұрына халі бітті. Ауыл тиіп түр. Біреу-жарым адам қара көрінеді. Айқайлағысы келіп бір оқталып, тағы да намыстанды.

Типыша кемпірдің жүгері ботқасына тыңқиьш тойып алған жігіттер оны білген жоқ. Бесбасбайды іздеудің қамына жаңа кіріскен...

Мәстәттің етегінде қарға батып жатқан адамды Сағындықтың баласы Тоқтаболат көрді Түнде боранға ұшырап адасып кеткен біреу екені анық еді Тоқболат әкесіне жүгірді

— Бесбасбай әке!

Емпеңдеп келіп қалған Сағындық, қимылсыз жатқан Бесбасбайды танып, шошып кетті.

Бесбасбайдың өзі түгіл атын есіткен қарақалпақ, тілін кәлимаға келтіретін еді.

Бесбасбайдың аузы сөзге жуыспайды. Сөйлеуге әлі келген жоқ. Адам даусын есіткенде жыламсырады.

Х Х Х
Мәстәттің басындағы төрт-бес үй биылғы қыстан қатты жүдеп шықты.

Жалғыз Бесбасбай емес, маңайдағы қазақ байлары, аман калған малын Ақиректің қопасына қарай қуалаған. Әр қамыстың түбі сайын бір жылқы... Оннан аса жылқышы, әр үйге кезектесіп қонатын еді. Өздері «өлме, жаным, өлме" деп отырған кедей ел, қысқы азықтан қатты тарықты.

Қазір жұрт күннің жылынуын ғана күтіп отыр. Ауылдағы тірі жан түгел қыбырлап, енді атыз-арығын тазалайды. Кетпен-күректерінің жүзін қайрап, жер ағаштарын жөндетіп, көктемгі егістің қамына кіріскен.

Бір түнде Кәпірарыктың тоғаны бұзылып шықты. Арнасына сыимай шіреніп тұрған Сырдың суы, Ақиректің алқабына қарай ақтарылды.

Кәпірарық бір күнде кенересінен асты. Тасқын Қақбидай, Қурайлы, Көкшекөлдің ұлтанына қарай жосыды. Онан Ақпайға жөңкіді. Ақирек алқабын мекендеп отырған төрт-бес ауыл қарақалпақтың ер азаматынан ес кетті.

Тоған өзі бұзылды ма, әлде біреу жырып жіберіп отыр ма, - оны білген жан жоқ. Біреулер бұл жосын апатты қазақтардың қастығына жорыды. Кәпірарықтың сағасына жақын жерден Бекбауыл қора салған... Бірақ, оған не көрініпті... Енесей бидің туған жиені. Жазықсыз жұртта не қастығы бар?



  • Тоғанды қайта бөгеу керек...

Ер азамат Кәпірарықтың сағасына жиналды. Бар-жоғы жиырма шақты адам... Тасқын су тоғанды шайып кеткен. Құлама судың беті қатты, ықты-жарды тыңдайтын емес.

Бұл тоған бұрын да талай бұзылған. Соңғы апаттан бері жиырма жыл өтіпті. Әнетей өзі басында тұрып бөгетті. Ол кезде адам көп. Екі жағыңда қырық-отыздан жігіттер тұрып алып, қамыстан буған бұраны қардай жаудырып тастайтын еді. Неше қатар керіп тастаған жуан арқан, бураның алдын бөгеп ұстап қалады...

Қазір ең аяғы дайын қамыс та жоқ. Оны ауылдан тасу керек. Оған көлік тапшы, адам жетпейді. Көп болып қауырт қимылдап кетпесе, үзіп-тамшылатып тастаған бураға ағын су ие бермейді. Еңбегің құр еш болады. Жұрт еңсесі түсіп ауылға қайтты. Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ. Әнетей іштен тынды.

- Мен көшемін, - деді Сағындық, тоғанға барып қайтқан күннің ертеңіне. Жалғыз талшығымыз Кәпірарық еді, құдай оны да көп көрді. Күн көрісіміз дән. Ертерек Жаңадарияның бойына жетіп алу керек...

— Бәріміз де көшетін шығармыз...

Сыр бойында жетімсіреп қалған азғантай қарақалпақты сырттағы ағайындар аяйды. Қияттар әсіресе Әнетейді қимайтын. Басы Мамыт болып, оны қасына шақырмаған бай ағайын жоқ. Бірақ, сексендегі Әнетей не өзі көшпейді, не қасындағыларды жібермейді.

Қазір де үнсіз отыр. Ақирек оған, ыстық еді. Жасы сексеннің үстіне шыққанда, тағы қайда қаңғиды... Топырақ бұйырса, әкесінің қасында қалар... Соны айтқанда, ауылдың сыртындағы Мәстәт бидің қорымына қарады.

— Мен де көшпеймін! - деді Мәтнияз.

Қалған үш үйдің адамдары жаман арбаларын қораларынан шығарып, көр-жерін тиеп жатыр.

Көшкен ел ата қонысынан жылап айрылысады. Оны көріп тұрып, қалатындардың да көңілі бұзылды. Сағындықтың маңдайына біткен бар тұлдыры қоңыр сиыр. Арбаға соны жекті. Жүктің үстіне үш баласын отырғызып, қатыны екеуі жаяу барады... Артына, қыстауға қарай-қарай барады.

Мәстәттің басында қуарып екі-ақ үй қалды. Әнетей жалғыз,отырып үйге сиятын емес. Таң атса, таяғын беліне ұстап, Кәпірарықтың жағасына баратын еді. Тасқын суға бір тосқын болуынан дәметеді. Бірақ, су күннен күнге жоғары көтеріледі. Оны көріп, бидің еңсесі түседі,

Мәтнияз ақыры шыдамады.

— Мен Жылқы батырға барамын...

Белін шарт буып алыпты. Әнетейге келді, Би тіл-құлақтан айрыл-ғандай, Мәтнияздың бетіне бақшия қарап сексиіп тұр.

— Жылқы батыр Лайкөлдің жағасына қыстау басады екен. Қазақтар ондай кәсіпке жоқ кой. Жазғытұрым әдейі келіп, жағдай айтып еді...

— Лайкөл... Лайкөл... Ау, онда ашамайлылар отырмайтын ба еді? Әнетей айтарын айтса да, мүдіріп тұр.

— Ашамайлылар ерте көктемде-ақ көшіп кеткенін есіткен жоқ па едіңіз? Ендігі Жаңадария бойында отыр. Мәтнияз күрсінді. — Бұрын-ғыдай емес, балықтың базары кетті. Ескі жер, оңды өнім бермейді.

Несіне айналады?

Мәтнияз кеткен соң, Әнетейдің берекесі тіпті қашты. Екі есті адамдай, бір үйге кіреді, бір далаға шығады.

Бүгін ертерек тұрып кетпенін иығына салды.

- Қос уыс дәннен қырық қап тары берген Ақирек еді... Қайта-қайта күбірлегенде, айтатыны бір-ақ ауыз сөз еді. Күн ұзын судың жағасында күйбеңдеп, күн бата шаршап қайтты. Үсті-басы көк шаңдақ, көзі ғана жылтырайды.

Ақиректей жер шұрайынан адам безгені ақылға сыимайтын іс болып көрінетін еді. Ертеңіне таң намазын оқып алып үйден шықты.

— Осы шал не істеп жүр? Типыша кемпір күңкілдейді.

Жатар кезде Әнетей ала дорбаны жоқтады. Әкесінің көзін көрген дорба еді. Онда қауын-қарбыздың тұқымын сақтайды.

— Кешеден бері біраз жерді кетпендеп тастадым. Қарап отырып болмайды, кемпірім. Су көтеріліп келе жатыр. Кетпендеп тастаған жерін су алып кетсе қайтеді? Мына шал алжыған шығар.

— Оны білмесем Әнетей болып нем бар? Су жете қоймайтын биіктеу жерден кетпендеп жатырмын ғой!

— Оған су қалай шығады?

— Қолсамар жасаймын!

Сағындықтың қорасындағы сырғауылдарды әкеліп, үш аяқ аша жасады. Қолсамарға сап жонды.

— Келін, әу, келін!

Мәтнияздың келіншегі Гүлбазар үйден шықты.

— Мен төрт-бес күннен бері жер шұқып жүрмін ғой. Кеше әуіт қаздым. — Әнетей күркілдеп жөтелді. — Балдарың бар, ертең азық керек. Қарап отырма, келін. Бір әуіттің суы екі үйдің ермегіне жарайды. Жетпей, қайратымыз тасып бара жатса, тағы біреуін жасаймын. Ертең менің қасымнан жер кетпенде.

Қанша айтқанмен диханның қызы ғой, Гүлбазардың көзі жайнап кетті.

Су әлі әуіттің деңгейіне көтеріле койған жоқ-ты. Әнетейдің есебі бойынша, екі-үш күнде су келіп қалады. Бүгін күнімен жүріп, әуіттің маңдайын биіктетті. Су ағарына қамыс тастады. Оны әр жерден қазықтады.

Гүлбазар жер кетпендеп жүр.

Екі үйде көк есектен бөтен көлік жоқ.

- Қап, Мәтнияздан айтып жіберетін! Бір аттың майын сұрап алсақ қой... Жер ағаш бар. Екі күнде дүниенің жерін жыртып тастамаймыз ба? — Әнетей маңдайында бұршақтаған терді сүртіп отырып өкінішін айтты.

Қыстауда жалғыз өзі, елегізіп отыра алмай Типыша кемпір де келген. Күйеуі қазған әуіттің құп-құрғақ түрғанын көріп бетін шымшиды.

— Кемпір, су келмес деп қорықпа. Су өзі-ақ іздеп келеді. Онан да кетпеніңді ұста!

— Қолсамарды кім атады? Жасың сексенге келді. Осы жерге су жеткізіп алсаң да аз байлық емес...

- Гүлбазар атады, сен атасың. Ертең Мәтнияз да келеді. Әнетей ашу шақырды.— Сексен, сексен! Мен сексен жаста суды қалай ататынын көрсетейін!

Ертеңіне шал титықтап құлады.

Түнде Әуіттің ұлтанына болар-болмас еу келіпті. Үшеуі бір-бірінен сүйінші сұрап жүр.

Таңертең көк есекті ерттетіп, Әнетей жолға түсті.

Ақирек алқабындағы үш-төрт ауылды аралап қайтпақ еді. Еріндері кезеріп отыр ғой. Оларға өзінің істеп жатқан әрекетін айтқысы келді. Қарап отырғанша, жер шұқысын...

Арықтардың, атыздардың ара-арасымен ирелеңдей тартқан жалғыз аяқ жол, анда-санда адастырып кетіп, кайтадан алдынан шығады. Былтырдан бері арқасына ер салынбай, ерігіп жүрген көк есек, тұяғы тық-тық етіп, тыпың қағады. Жер қатқақ еді. Есек үстіндегі шалдың да еңсесі көтеріңкі, жан-жағына елеңдей қарайды, Былтырғы атыздың көбісі су астында қалыпты. Мынау баяғы Күжбан қазған қарықтардың орны... Онда шығыр бар еді. Ескі атыздың аңызын қара барқын басқан. Күтім кетсе жер азады, көсемі өлсе - ел азады. Былтырдан бері ауылдан аттап шыққаны еді, ақсақалдың көңілі бұзылды.

Бір заманда Ақирек алқабында отыз ауыл... Жылда көктемде көрші екі ру — Қият пен Қытай жерге таласып қырылысып жатқандары... Бір-біріне ұлтарақтай жер ауыстырмай, қылдай кылып бөліседі. Онда дән себілмей қалатын бір адым жер жоқ. Жазда Көкшекөлдің ұлтаны көк пүліштің өңіндей құлпырады. Салма бас тарының сабағы жерді қауып... жүгерінің ак шашағы төгіліп... Күлтеленген пәлектердің астында дөңкиіп-дөңкиіп көк ала қарбыздар жатады... Ол да бір дәурен екен-ау. Кенет ақсақалдың аузынан су шұбырды. Күн ыстық, шөл қысты. Сары ала қауын көз алдында елестеп, кезерген ернін бір жалады.

Анау жатқан Күжбанның қыстауы... Там үйлердің қалқиған қабырғалары ғана қалыпты. Бәрінің де төбесі опырылып, ортасына түскен. Қамыс қоралар құрып бітіпті. Он-ақ жыл өтті. Бір қыстаудың, бай қыстаудың орнымен жоғалғаны ғой... Кешегі бар, бүгін жоқ, аумалы-төкпелі дүние-ай!

Ақсақалдың көзіне жас тығылды.

Алдында Жалмұраттың қыстауы көрінді. Шал жолдан шықты. Қыстауға қарай төтелей салған. :

Анадайдан қарап келеді. Қыстаудың маңында селт еткен жан кө-рінбейді. Не бір бұзау-тана, қозы-лақ та жоқ... Биыл қыс бұл ауылды жүдетіп-ақ кеткен екен-ау... Іріқара алысқа ұзап жайылғанмен... Онысы да қай төрелі көп дейсің... Бірақ, мынадай от жерде, біреу-жарым қозы-лақ үй маңында жайылуы керек еді... Апыр-ай...

Түс қызған шақ. Бәрі үйіне тығылып алып жатыр ғой сірә. Қыбыр-лаған бір жан көрінсейші. Жаман Жалмұраттан не көсемдік шықсын... Жер шұқып тіршілік қылу керек қой... Бұлай жатып аштан қатар...

Есегін қораның алдына байлап жатып соны ойлады.

Үйдің есігі шалқасынан ашық. Әнетей бас сұға беріп, қалқиып тұрып қалды. Біреу тонап кеткендей, үй бос құлазып тұр. Астапыралла! Енді білді, көшіп кеткен екен!

Қыстаудағы бес үй түгел бос тұр.

Көк есектің шылбырын ұстағанда қолы қалтырап кетті.

Онан кейінгі қыстауға жеткенде зәресі ұшты. Қыстау жоқ еді, орнында үйіліп күлі жатыр...

Үйелменімен өртену осы екен ғой. Кім өртейді сонда? Қазақтарға иесіз қыстау неге керек? Әлде көшкен ел қыстауын казақтардан қызғанып, өздері өрт салғаны ма? Баяғыда Күжбан Ақиректің басындағы жалғыз бұлақтың көзін таспен бітеп кетіп... Қазақтарға қастығы... Сол бұлақ болса, Кәпірарықсыз да азынаулақ мөлтегін егіп отырар еді... Бұл да соның кері... Әнетейдің көзі қарауытып, маңдайынан тер бұршақтады...

Есіктің алды көл болып жатыр. Есегін жетелеп, жағаға келді. Су ішті. Беті-қолын жуды. Енді қалған екі қыстау... Олай қарай жүруге бетінен басқандай... Бірақ, осынша Ақиректе өзінен басқа жан қалмағаны ақылға сыимайтын жағдай еді...

Бұл талай аштықта азық болған Акирек еді ғой. "Ақтабан шұбы-рынды" заманы... қос уыс тарыдан қырық қап астық алатыны сонда ғой. Әкесі оны да Енесейден сұратып алған... Үйде дән жоқ... Сол дән қазір де жоқ. Әнетей бір қалта тарыны кемпірге көрсетпей сақтап отыр. Қораның түбінде көмулі... Баяғы ақырзаманнан кейін де ел қалпына келген... Дәуірлегенбіз. Сонда осы Ақиректің арқасы...

Осындай асыл жерді тастап, көтеріле көшкендеріне жол болсын... Бұл халықты жын иектеген шығар... Би қартайып, алдынан ел кеткелі қанша жыл... Алдыңда дәулет болмаса, бақ та сырт айналады. Құр жақ, қоңылтақ етік. Бидің алдына әділдігіне баққан кедей-кепшік қана келетін еді. Шынжыр балақ шұбар төс ру басылар оны ертерек шетке қақты. Әнетей соңғы он бес жыл ішінде ел тағдырын шешетін үлкен кеңестен калған. Өкінсе де білдірмейтін. Оның алдынан ел кеткені ойыншық екен. Ақирек сияқты жер жаннатынан ел көшкені жанын қинап тұр.

Үзеңгіге аяғын салып тұр. Бірақ, әлі дәмесіз емес. Қазанқойған жаққа мойнын созып-созып қарайды. Тұрып-тұрып көк есектің басын ауыл жаққа бұрды.

Мәстәтке кештетіп жетті. Қарны ашқан, қатқақсырап шөлдеген, тілі аузына сыймайды.

Өздерінен басқа қыстауларда жан қалмапты... Біліп келгенін айтпайды. Белбеуін шешуге де әлі келген жоқ. Қисайып жатыр. Кемпірі қасына келгеңде, ерні қыбырлады.

— Шай...

— Ненің шайы, сорлы бала. Қалтаның түбін қағып салғалы қашан. Дым жоқ. — Типыша кемпір маңырап отыр.

Өмірі бар аузынан шықпайтын еді. Ақыры құртып тынды. Әнетейдің жыны құрыстады. Басын көтеріп алғанда, есіктің алдында тұрған Гүлбазарды көрді.

— Ата, үйге жүріңіз, ет асып жатырмын...

— Мәтнияз...


  • ... келді. Лайкөлде асығып бара жатыр екен...

Әнетей онан арғысын есіткен жоқ, құлағы шуылдайды.

Мәтнияздың қамыс қосында шәй ішіп отыр. Қара құман төрт қайнап

келгенде, оған да тіл бітті.

— Мәтнияз әуітті көрді ме?

— Қуанып жатыр. Түске шейін жер кетпендесті...

— Әуіттің суы бүгін көтерілді...



  • Екі-үш күннен кейін қолсамарға жарайды...

Екі әйел жарыса сөйлейді.

— Ертең қауындықты ұялау керек. Бақша биенің сауынындай, тарыққанда ерте қол береді...

Ақсақалдың қабағы жадырады.

Есіктен аңқыған сүр еттің иісі келеді.


X X X
Бекбауыл былтыр күз Нұрымбеттен іргесін айырды.

Киікбай екі ұлына енші бергелі он бес жыл өткен. Бірақ, Өтеген — Нұрымбет тату болды. Қырық жыл бойы, қыстаса - бір төбенің бауырында, қонса – бір бұлақтың басында отыратын. Қазір Бекбауыл Қызылды тастап, Қарақұмды жайлап отыр.

Өтеген өлді. Онан қалған төрт ұл ер жетті. Баяғы татулықтың бетіне -шіркеу түсті. Сырт ағайын Бекбауылдың бұл ісін соған жорамалдайды...

Биыл кыс Бекбауыл жылқысын Ақиректе сақтады. Ақбөгеттің қопасы қалың еді. Қызылда қыстап қалған Нұрымбет балалары жылқысының жартысынан айрылыпты. Біреу-жарым арық-тұрақ болмаса, Бекбауылдың шығыны жоқ.

Кентті жұрт бірдеңе біледі екен ғой. Қыс қазақ сияқты тоңып-шашырап жүрмейді. Жылы пештің алдында көңірсіп отыр. Бекбауыл оны көзімен көрді. Қыстан бері қыстау туралы ой көкей тескен. Қолайлы жер қарастырды.

Кедей-кепшікпен көрші отырып сәні келмес. Аш аламан жұрт... Шетке шыққан қозы-лақты қағып жеп, зықыңды шығарады... Бір үй емес, екі үй емес, көп қарақалпақтың қайсысымен жауласып жүреді. Әрі жиен тұтып қыл-қыбырдай жабысатыны бар. Барымталататын малы жоқ, несі кетсін олардың. Бай ауылдың дәулеті шайқалады. Бұл қарақалпақтарды Ақиректен көшіру керек...

Баяғы Жылқайдар батыр өліп... сонда мыналарға бықпырттай тиіп, қонысынан айдап шыққанда ғой... Бекбауыл нағашысы Мамыттың көңіліне қарады... Қалың казақ атқа қонғанда, жалғыз шеттеп қалды...

Төрт-бес қыстау қарақалпақтың Ақиректе не бағып отырғанына Бекбауылдың ақылы жетпейді. Жаз күйбеңдеп жер кетпендейді... Кәпірарықтың сағасы кепсе қайтеді?

Тоған бұзу Бекбауылдың есіне солай түсті.

Ақирек алқабын су алып жатқанда, Бекбауыл қорасының басында еді. Қазақ қысылып кетсе, жерден бастырма қазып кіре салады. Там салуды кім білген. Бір-жар қарақалпақпен сөйлесіп көріп еді, төбе шашы тік тұрды. Бір там салып беру үшін төрт-бес жылқы сұрады...

Салы суға кетіп отырғанда Бәлдір кездесті.

— Бес жылқы беріп қарақалпаққа там салдырғанша, мені неге жалдамайсың? Маған бір ат мінгізсең болып жатыр. Өтекем баласынан ақы сұрап жыным бар ма? Қасыма Жалбыр мен келініңді аламын. Бірақ, жаз азығымыз, қыс соғымымыз мойнында болсын.

— Әй, сен берекетсіз там салуды қайдан білесің?

— Менің қарақалпақ қызлауында екі жыл тұрғанымды есітпеген екенсің ғой. Ол былай, шырағым. — Бәлдір шырт еткізіп бір түкірді. — Бесбасбайдың қойын бес жыл бақтым. Алтыншы жылы қуып шықты. Ауыл Қамыстының басында, көктемде қой қырқып, онан кейін жайлауға көшті. Мен жалғыз үй қала бердім. Жер от, қойдың түгін тартсаң майы шығады. Сол жылы Мақпал қыздың қарақалпақ күйеуі келіп, Күржібай той қылмасы бар ма? Бәлдір сонда жүргенде, қой лағып жөніне кетеді, Көкшешек келгір, бір серкенің қырсығы... Тоқ етерін айтқанда, қасқыр жеген жеті қой үшін, Бесбасбай жалғыз түйені тартып алды. Көшетін көлік жоқ, көлдің басында жалғыз үй қалдым. Жақын ел қарақалпақтар. Жаяу-жалпылап сонда жеттік. Күз жиын-терінге көмектестім. Қарақалпақ сенің нағашың ғой. Адал халық. Екі жылда жерге бір уыс тары сепкенім жоқ, Біреудің жерін жыртысам, біреудің тарысын қоримын, орақ кезінде көмектесемін. Алған азын-аулақ ақым, қыс азығымызға жетіп артылады.

— Сен там салуды қайдан үйренгеніңді айтшы!

— Манадан бері соны айтып отырғаным жоқ па? Тарысын орғызған қарақалпақ там да салдырды. Осы қолыммен үш тамның төбесін жаптым! - Бәлдір Бекбауылдың тұмсығының алдында күректей алақанының саусақтарын тарбитты.

Бекбауыл оның бір сөзіне де сенген жоқ. Бірақ, арзан...

Бір ат мінгізіп, бір тамды қарайтып алса... Онысы жаман сауда болмас еді.

Бекбауыл қыстаулық жерді Кәпірарықтың сағасына жақын жалпақ қыраттың түстік жақ баурайынан таңдап алған. Сырдарияның жағасы. Қыс жел көбіне терістіктен соғады. Жанбауыр жер ықтасын, жел өтінен жота қалқалап тұр.

Бекбауыл Бәлдірдің төрт қанат жолым үйін қыстаудың қасына қондырды.

Бес түйе қамыс дайын. Жақын маңайдағы бос қалған қыстаулардың тамтығын қалдырған жоқ. Там біткеннің төбесін аударып, іске татыр ағаш-тасты тасытып алды.

Бес-алты күн қыстаудың басында болып, берекесіз Бәлдірдің жұмысын бақылады. Ағасынан гөрі інісі Жалбыр ұсынықты екен. Бір тамның шомын үш күнде буып тастады.

Қада қағылды. Жалбыр шомнан мата тоқып жатыр. Сонымен тамның қабырғасы да қалқиған. Енді іші-сыртын сылау керек...

Бекбауыл атқа қонды.

— Ертең үш қой жіберемін. Жатпай-тұрмай там салыңдар. Жалбыр төбесіне салатын қамыс матаны дайындап койсын. Жігіттерді ертіп келіп, бір күнде жауып жіберем...

Кетерінде Бәлдірді қадады.

Қыс дария бойына жақындап қонған Нұрымбет ауылы қой қырқымы, аяқталуға қарап отыр еді. Бекбауыл өзі барды. Там салып жатқанын айтып, немере туыстарын үмеге шақырды.

— Қыстан бері жұрт аудармай құрттап-биттеп құрыдық.

— Нұрымбет қынжылды. — Ертең бір күн жайлауға жылжитын едік.

Жанқожаны ерітсейші. Басқалары босамайды.

Бекбауыл Жанқожаны алып ауылға келді.

Өтегеннің төрт баласы, оған қойшы-қолаңдар қосылды.

Барлығы жеті адам болып қыстауға құлады.

Бекбауыл кеткелі тамға қол тимепті. Матасын тоқып бітірген Жалбыр, жолым үйдің көлеңкесінде жатыр. Бір топ атты сау еткенде, ербиіп басын көтерді.

— Бәлдір қайда?

— Ақиректегі қарақалпақтар көшіп жатыр дейді. Ағам алдыңғы күннен бері жоқ...

— Қарақалпақтарды көшірісе жүргені ме? — Бекбауыл ашуланды. — Мен тамның төбесін жабуға келемін деп айтып кетем. Ол қаңғып жүреді. Өй, шошқа!

Бәлдірдің келіншегі Дәлду жолым үйдің есігінен басын қылқитып тұр еді. Қара келіншек бір тыржың етіп, Бекбауылға ернін шығарды. Жанқожа мырс етті.

Бір түнеп, кешкі салқынмен үйдің төбесін жабады. Ауылдан сол есеппен шыққан жігіттер, Бәлдірдің үйін де бес қонды.

Тамның іші-сырты бір-бір сыланды. Онда да Жалбырдың көзі таниды екен. Төртінші күні там үстіне өрлік түсті. Матаны қалай қағудың жөнін білмей жігіттер дағдарып тұрғанда, Бәлдір келді.

— Әй, қайда қаңғып жүрсің? Бекбауыл шап етті.

— Ойбай, Беке... Құмбазар, Лайкөл, Талбөгет...

Бәлдір інің бес күннен бері бәрін аралап шықты. Сыр бойында бір үй қарақалпақ қалған жоқ...

— Соларды көшірісу міндеті саған түсіп пе!?

— Талай жыл дәмдес болған ағайын. Басына жамандық түскенде қалай қарап отырасың? Ешназардың жалғыз сиырын арбаға жегіп жатқанын көріп аяп кеттім. Соны Бозкөлге жақындатып салып қайтқаным...

— Жалғыз атыңды қызыл май қылып... Бекбауыл кекетті.

— Қызыл май болса, сойып алармын. Бәлдірдің қай байығанына көрініп барады? Сізде бір атым...

— Аларсың әкеңнің артқы та...!

Бәлдір тәжікелесуге кетсе, ертеден қара кешке балпылдаудан жалықпайды. Дәлду күйіп кеткенде, ернін шығаратын еді. Сонысы дағдыға айналып, әлгіде Бекбауылға да ернін шығарды. Тамның матасын қалай салудың амалын таппай қиналып тұрған Бекбауыл ақыры жеңілді.

— Әлі жаз бар, күз бар. Осынша асыққандарың не? Мен бітіремін дедім, болды ғой!

Бәлдір әуелі ақыл айтты. Онан соң үш қой желініп қойылғанын естіп, сабындай бұзылды. Тамның төбесін жабарда, қазақ түгіл қарақалпақтар да тышқан мұрынын қанатады екен. Шалаптан басқа азық жоқ, мынаусы сұмдық қой...

Ақыры Бекбауыл ауылға адам шаптырды.

Ертеңіне там жабылды.

Жанқожа асылып жатқан етке қарамай атқа қонды. Ауыл ендігі көшіп кетті. Соны қуып жетеді... Жол мойны ұзақ, түнделетіп жүріп, жер ұтуы керек еді...

Жол-жөнекей екі-үш қарақалпақ қыстауының үстінен өтті. Жылт еткен жарық жоқ, иесіз қалған қыстаудың қарасынан жаны тіксінді.

Бір кезде дарияның екі жағы сыңсыған ел, төрт-бес шақырым жер жүрсең, алдыңнан қыстау шығар еді. Қарақалпақтар қандай қонақжай, қай үйдің есігін ашсаң да, қол қусырып қарсы алады. Піскен дағарасы дайын... Мынау қазақ екен деп жатырқаған қарақалпақ баласын өзі көрген жоқ... .

Тату екі халықтың арасына Жылқайдардың қазасы өрт салды. Бір ат үшін Нұртайдың Үргеніштен қалай кетіп жүргеніне Жанқожа әлі таң қалады. Үш бірдей азаматтың түбіне жетті. Ұзында өші, қысқа да кегі жоқ... Бекбауыл Хиуаның ханынан көреді. Нұртайды солар жұмсап, қазақ пен қарақалпақ арасына өрт салғысы келген... Құдай сақтап, оңай өшті. Егер өрт ұшынғандай болса, Хиуаның әскері құмырсқадай қаптайды екен...

Жанқожа ол сөзді көкірекорайға жориды. Бірақ, ығысқан қара-қалпақтың көбісі Үргеніш асқаны анық еді. Жаңадариядан да көшіп жатқандары бар... Мынау босқындардың аяғы жеткендері сонда барып жығылады. Жанқожа сонда халықты жинап алғанда, Хиуаға не түсерін түсінбейді. Зекет алатын — қарақалпақ мал ұстап жарытпайды. Сондағысы үсірі шығар... Әлде Хиуа ханы бәрін бір жерге жинап, қазаққа айдап салғысы келіп отыр ма?..

Жалғыз адамды ой басады. Жанқожаның көз алдында Бекбауылдың қыстауы... Әлгіде өздері тамның төбесіне салған бау-бау қамыс лапылдап жанып жатыр... Қарақалпақ қайта айналып соғатын күн болса, талай қыстауды өрт алатыны анық еді.

Кәпірарықтың жағасында Бекбауыл, Лайкөлде Жылқы батыр... Дарияның аяғында татырандар мен күліктер қыстау басып жатыр. Әкесі Нұрымбет оны ақырзаман белгісіне жориды. "Қу моладан үйің болар, сары судан сыйың болар..." Жарықтық Мөңке би әулие екен. Сары суы шай. Бұрын оны қарақалпақтан көретін еді. Қазір қазақтардан да шай құмарлар табылады... "Қу моласы" там екен. Бұрын көшпелі қазақ, биыл Қызылды жайлап, келер жылы Қарақұмға жылжитын. Енді тамды қайда көшіреді?

Бекбауылдың Сыр бойында қалғаны қалған...

Олай-былай өткеңде Ақиректегі қарақалпақтардың Көкшекөлдің ұлтанындағы жерді ұлтарақтайдан бөлісіп жатқанын көріп, қазақ күлетін еді. Әлі соның кері өздеріне келетін шығар... Қыстау маңы малдың қысқы азығы, Бекбауыл оған басқа ауылдың малын қия бастыра ма?

Әкесі қызық... "Бүлінген елден бүлдіргі алма" деп ақыры жолатпай қойды. Кенет есіне әкесінің тағы бір қиястығы түсті. Жанқожаның жаны күйзеліп келеді.

Мүмсін түскелі төрт жылдан асты. Құрсақ көтермей жүр. Әкесі соны уайым қылып, құдайдың құтты күні бір айтады. Соңғы күндері шал қыңқылды тіпті күшейтіп, оған Мүмсін де көнгендей еді. Өз басы бала жайын көп ескермейді. Әрі Мүмсін сияқты асыл жардың үстіне тоқал алу...

Бірақ, шал күнде қыжыртып құлаққа құя берген соң қиын екен. Бала туралы қазір ойланып жүр. Бірақ, жаныңдай сүйетін жас келіншегінің көңілін қимайды. Кеше Мүмсін аяғынан тиіп, :тоқал жайын сөз қылды. Тоқал... бала...

Ой үстінде Жанқожа қалғып кеткен екен. Түсінде Мүмсінді көрді. Өз отауы... Келіншегі жас босанып жатқан үстінен шығыпты дейді. "Ұста, батыр!" Мүмсін ұсынған қызыл шақа бірдеңеге өзі қолын созады. Қараса нәресте, бұтының арасында шүметейі шелтиеді.

Ол баланың шар-шар еткен дыбысынан оянды.

Ер үстінде былғалақтап келе жатыр екен,көзін ашты.

Жақын жерде шырқыраған баланың дауысы шығады.

Таң атқан. Анадай жерде доғарулы арба көрінеді. Арбаның үстінде бала жылап жатыр. Көш иесі қара кісі, оның сәлемін салғырт алды. Оған қараған тұнжыр көздің жанарында ызғар бар еді.

— Атым Сағындық. Ақиректің астындағы Әнетей бидін аулынан боламын. Жер кетпендеп, тары егетін диқан едік. Биыл Кәпірарықтың тоғаны бұзылып, күй кетті. Жаңадарияға қарай жылжып келе жатқан жайымыз бар...

Көшіп шыққалы бір апта өтіпті.

— Дариядан өте алмай төрт күн жаттық. Ел көп, қайық жоқ, кезек тимейді. Осы араға кеше түсте жетіп едік. Көлік қоңыр сиыр. Бүгін оны да болдырттық. Далада қалып отырғанымыз мынау...

— Қуаңға дейін көш жер... Шөлден қырыласыңдар ғой...

— Кеше-ақ қырылатын едік. Артымыздан жеткендерден сусын ішіп жан сақтадық. Бүгін қорқып тұрмын...

Қоңыр сиыр жолдың жиегінде шөп шалып жүр. Ыңыршығы айналған кәрі мөшке, көшке жарамайтыны анық еді.

Жанқожа аттан түсті. Торы айғыр мініске көнбіс жылқы. Бірақ, өмірі арба көрмеген ат... Сонан қорқып тұр.

- Мынау атты құр-құрлап жегіп көрейік. Құдай қызыл шақа нәрестеге мейірімі түссе, кім біледі...

Жанқожаның көз алдында түсінде көрген нәрестесі тұр. Сағындық жылап жіберді.

- Аттың сыры иесіне мәлім, інім, мықтап ұстағайсың... Жанқожа тәк-тәктап тұрып, торының мойнына қамыт кигізді. Арба сықырлап, екі бүйірден терте қысқанда, ат құлағын жымитып осқырынып еді. Жанқожа алқымынан мытыңқырап қойды. Қайратты қолды сезіп, хайуан да болса сескенгендей, қайтып бұлқынған жоқ.

— Уһ! Сағындық маңдай терін бір сыпырды.

Ат бастыққанша Жанқожа жетектеп отырды.

Сағындық екі жасар ұлын арқалап келеді. Онан үлкендеуі жаяу ілесті. Хайуанға сенім жоқ. Бұрын арбаға түсіп көрмеген ат, ала қашса, балалар жазым болар деп қорыққан.

— Жуас жылқы еді. Жанқожа біраз жер жүрген соң тоқтады. — Оңай көндікті. Бәйбіше, арбаға отыр.

Қатынның қойнында емізулі бала, жүре алмай келе жатыр еді.

Қоңыр сиыр арбаның жетегіне байланды. Сағындық артынан айдайды. Жанқожаның қолы торы айғырдың тізгінінде, әлі сақтанып келеді.

Түс қызды. Шөлдеген балалар ызы-шу. Жанқожа түнде жанторғынсын толтырып алып еді. Әбүйір болды.


  • Сен кездеспегенде қырылады екенбіз...

Сағындық алғысын жаудырып келеді.

Көш түн ортасынан ауа Қуаңдарияға құлады.

Бір бейтаныс ескі қыстаудың үстінен шықты. Иттер үріп, азан-қазан. Елеңдеп келе жатқан аттан қорыққан Сағындық, арбаны доғарды.

— Азаматым, рахмет. Сен болмағанда, мына балдар қырылатын еді. Сауабына қалдың. Апыр-ай, сасқалақтап жүріп, аты-жөніңді де сұрай алмаппын-ау. Қонысынан ауған адамда ес қалсын ба? Әлде Қыдырсың ба? Кім екеңіңді айтшы?

— Оқасы жоқ, аға, Адам жақсылықты атақ үшін істемейді. Онда қасиет қалмас еді. Бәріміз де мұсылманның баласы, далада тастап қалай кете беремін?

— Аты-жөніңді...

— Әкемнің аты Нұрымбет, өзімнің атым Жанқожа...

— Киікбайдың Нұрымбеті ме?! — Сағындық дауыстап жіберді. — Онда құда болдың ғой. Біз де қиятпыз. Енесей бидің туғандарымыз. Өтегендегі ақ кемпір апамыз болады...

— Апаң тірі. Мен сол ауылдан шықтым. Бекбауыл жиенің қыстау басып жатыр. Кәпірарықтың сағасына жақын жерден. Кеше үмесінде болып, тамының төбесін жаптық.

— Нұрекеңді білем. Бір жылы Мамытқа еріп барып, үш күн қонақ болып жатқанмын. Сендер бала едіңдер. Азаматтан азамат туады. Атыңды естимін. Жекпе-жекте Нұртай батырды өлтірген сен дейді ғой. Сыртыңнан үрке қарайтын едік, Иман жүзді екенсің. Інім, іләйім жолың болсын!

Сағындық жылағандай болып қоштасты.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет