Зейнолла Шүкіров



бет7/11
Дата11.06.2016
өлшемі1.27 Mb.
#128863
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Х Х Х
Мақпал түскелі де бес жыл өткен екен. Мақпал ерке келін де атанды, кербез келін де атанды.

Топыға қараған екі үйдің еркек-ұрғашысы Жәнікенің жеггітінде - бірі биесін сауса, бірі жылқысын бағады. Атадан балаға сол дәстүр берік қалыптасқан. Нияздың басқа балалары дәулетті, өз шаруасын бағудан ауыспайтын еді. Өмірі жалшы ұстап көрмеген Жәніке батырдың көп малына қарайтындар ылғи кедей кепшік ағайындары екен.

Мақпал, түскен жылы беті-ашылмаған келіншек, үйден шыққан жоқ. Әрі аяғы ауыр еді. Ұл туды. Ұлы бір ай тұрып өліп қалған. Шарананың өлімін қазақ елей бермейді. Мақпал тұла бойы тұңғышын жалғыз азалады. Сол баладан кейін жіңішке ауру тап болды.

Топының бар әулеті батырдың есігінде жүр. Өз басы ондай кемші-лікті мойындамай тәуелсіз жүретін Сегіз, жас келіншегін де соған үйретті. Жәнікеге қараған үйлердегі абысын-ажындары Мақпалдың басқан қадамына мін тағып, еріндерін шығаратын еді. Ондайда Мақпалдың өтеуіне кеткен қайынсіңілісі де еске алынады. Қарақалпақ кұда онан кейін ат ізін салған жоқ. Ата-ана уайымдаса да Мақпалға батады. Бұла болып өскен жанға, күншіл жұрттың сөзі қасірет әкелді. Топ қарғаның ішінде адасқан қаздай, бір үйге бас сұқпайды. Баяғы қыз дәуренін еске алады. Домалақ көлдің айдынында аққудай шалпылдап жататын кезі елестейді. Әке-шешсін ойласа көзіне жас тығылады. Осы мұңын оңаша Сегізге ғана шағынатын еді.



  • Онда барып қайтайық...

Былтыр Сегіз Мақпалды төркініне алып барған.

Келеншектің ашаң тартқан жүзіне қан жүгірді.Қыз күніндегі қалпын тауып,құлпырды. Домалақ көлдің суынан дертіне дауа тапқандай, жайнап шыға келді.

Айтпақшы, Домалақ қазір Мақпалкөл аталады.

Алыстан келген күйеу жігіт қайын жұртқа қадірлі. Бұл маңайдағы ел сері әніне ғашық екен. Сәлем бере келген жұрт есікті босатпайды. Мақпалға төрт тоғыз қалың алған Күржібай байып алған. Масаты жалғыз қыздан несін аяйды? Жағасы жайлау, төбесі қыстау. Ауылдың үсті күнде думан, күнде той еді.

Алаштан таңдап сүйген асыл, Мақпал,

Артыңа кеткенің бе бір қарамай...



  • Бізді қуып келе жатып салған әні ғой... — Масаты күйеу бала-
    сын мақтағанда жерге тигізбейді.

  • Пах-пах! - дейді Қомшабай масаттанып.

Мақпал төркінінде бір ай жатты. Жаны, тәні сауығып, түскен еңсесі көтерілді. Нардай болып семірді.

Мың қойдың қорасындай төсің, Мақпал...

- Пах, пах!

Бірақ, ауылға келген соң таз кебін қайта киді. Баяғы өсек-аяң... баяғы жалғыздық... Әрі биыл қыс қатты, жыл ауыр болды. Мақпал қамыстай қатып жүдеді.

— Апаңды сағындың-ау...

Сегіз Мақпалды төркініне алып келе жатыр.

Биылғы әлемет боран бұл ауылдың іргесін Қалбаның Қаратауынан қозғап, Сарысуға құлап еді.

Сегіз қиялай тартып Қызылдың үстімен жүрді. Әлім баласында оны танымайтын қазақ жоқ. Біреуіне, қонады, біреуіне түстенеді. Ел көріп Мақпалдың да көңілі көтерілді. Нұрымбеттің ауылында үш күн жатты. Баяғы табандық, ауыл жақында қонған, әлі шөбі жапырылмапты.

Бекбауылдың іргесі бөлек. Жастарды мінеп-сынайтын ешкім жоқ, ауыл ақсақалы Нұрымбет өзі де жыр құмар кісі. Жігіттердің басына ерік тиді.

Айлас қатын мұңдас, Мақпал мен Мүмсін жараса қалған. Мүмсіннің түскеніне бес жылдан асты, салтаң жүр, Ақыры күдер үзіп, күйеуіне рұхсат беріпті. Батырды қалай ұрпақсыз өткізеді? Соны есіткенде Мақпалдың жүрегі қысылды. Өзі де тұңғышынан кейін құрсақ көтермей жүр. Мүмсіннің тағдыры өзін де күтіп тұрғандай, Сегізге басқа әйел ортақ болатынын ойлаудың өзі қорқынышты еді. Мүмсінді аяп оның іші-бауыры елжірейді.

Бұлар аттанатын күні Жанқожа да атқа қонды. Бірге келе жатыр. Жол мәнісін былай шыққан соң айтты.

Төртқараның ішінде Құламан ауылының Нұрымбетпен көп жылдан бері аяқ-табақ қатысы бар екен. Биыл қыс сол рудың ақсақалы Кәрібай, ығысқан жылқы ізінде Сыр бойына жылжиды.

Жылқысын бағып, Нұрымбеттің үйінде бір ай жатыпты. Кәрібайдың үйінде он бес жасар қызы бар... Мүмсіннің құрсақ көтермей жүргенін естиді. Аяғынан өзі тиіп, емеуірін жасаса керек. Нұрымбет енді Кәрібайдың қызына құда түспекші...

— Мүмсіннің көңіліне қарап, айтпай шықтым. Өзімнің де құлқым жоқ. Шал болмайды. Көріктіні көріп ал деген ғой. Құламанның ауылы Кішіқұмда көрінеді. Жылқы іздеген адам болып барамын. Жанқожа Сегізге қолқа салды. — Ел аралаған сыншы болады дейді атамыз. Ат алсаң ауылыңмен. Сізді ертіп барғым келеді.

— Жібермеймін! - деді Мақпал күйініп.

- Қой-ау- Сегіз күлді. — Үш жүздің талай жақсысын көрдік. Төртқара ағайынға бір жолым түспей жүр еді. Мақпал жібермей не қылсын. Барып қайтайын. Мақпал Жанқожаны қатты сыйлайды. Әлгі сөзді айтарын айтса да қысылып қалған. Бірақ, жүрегі әлі қалтырап тұр. Апыр-ай, еркектер қандай опасыз еді... Құдай бермеген баланы тартып алатындай, бұлары несі?

Өзінің салтаң жайын ойлап, түсі қашты.

Жолаушылар Ақирекке жеткенше үш қонды.

Күн тал түс еді. Шөлдеп жетті. Тағы да Ақпайдың басын айналса, бір көш жер. Жанқожа Көкшекөлдің ұлтанынан Ақирекке тіке асып түсуге кеңес берді.

— Мәстәттің тұсы жіп-жіңішке өзек болып жатыр. —Оны кешегі жолы көріп еді. — Тым терең болса, атты жүздіріп-ақ өтеміз ғой.

Он күннің ішінде тасқын су тіпті жайылып кетіпті. Жанқожа айтқан өзек көл больш шалқып жатыр. Жолаушылар дағдарып, ат басын ірікті.

— Бұл жердің топырағы сары балшық. — Мақпал қауіп айтты. — Бір ұйыққа батып қалмайық.

Сегіз арғы бетте қолсамар атып тұрған кісіге айқайлады.

— Меңіреу біреу ғой. Басын көтермейді.

— А-һай!

- Бұл маңайдағы қарақалпақтар көтеріліп болып еді, - деді Жанқожа таңырқап. — Бұл кім болды екен?

— А- һай!

Бұл Әнетей еді. Қауынын тікті. Тарысын септі. Бүгін бастап су беріп жатқан.

Қолсамар ұстамағалы елу жыл екен. Бір мезгілге жарамады. Сонан кейін Гүлбазар атты. Қанша айтқанмен жас неме, күрпітіп атқанда, су салманы жарып кете жаздайды.

Би түс қызған соң әйелдерді үйге қайтарды. Жалғыз өзі. Бір атызды ашып қойып, ақырын атып тұр.

Атыз толды. Оның құлағын жауып, екінші атызды ашу керек. Қолсамарды қоя салып, кетпен іздеді. Айқайлаған дауысты сол кезде есіткен. Маңдайын қолымен көлегейлеп, арғы бетте тұрған салт аттыларға қарайды.

— Е,е, өткел іздеп жүр екенсіңдер ғой...

Қазақтар сыртпен кетеді. Мыналар осы ауылды іздеп келе жатқан кісіге ұқсап көзіне жылы ұшырады. Жаңадария, Үргеніш... Әнетейді іздей қоятын кім бар еді? Жұрттың қолы кетпеннен босамайтын кезі... Қарттың басы салбырап кетті.


  • Бұл маңай ұйық. Әне бір тұстан өтіңдер!

Өзі де солай қарай аяңдады.

Үш атты. Ортаңғысы әйел адамның түрі. Қазақтар екенін көріп түр. Су тереңдеп кеткен екен. Жалы су бетіне жайыла түсіп, аттар пырылдап келеді.

— Мақпал, байқа!

— Мен суда балықтай жүзем. Өздерің байқаңдар!

Қатер үстінде де жастардың әзілі қалмайды. Мақпал алдында тұрған ақсақалды Әнетейді көріп, ерінін тістеді.

— Мынау Әнетей би. Жанқожа күбір етті. — Алда байғұс-ай, бұл көшпей қалған екен-ау...

Сегіз көзі көрмесе де, Әнетейдің атын естиді. Аттылар шалға жамырай сәлемдесті.

— Е, өркендерің өссін, Әнетей ырза болып, ақ сақалын бір сипады. — Қай ауылдың баласы едіңдер, өндірлерім?

Өтеген-Нұрымбеттің есіміне бұл жердің қарақалпағы таныс. Би Жәніке батырмен де дәмдес болған... Әлі тірі, әрі тың екенін есіткенде, көзіне жас алды.

— Ата, мені танымай қалдыңыз ба? Мақпалмын ғой. Масатыдан туатын жиенің...

— Жаным-ау, Күржібайдың қызымысың? Әкең Домалақ көлдің басында отыр. Қазір жұрт оны Мақпалкөл атап кетіпті. — Әнетей кеңкілдеп күлді. — Білем ғой. Жылқайдар батыр өлетін жылы он жасар едің. Таңсыққожаның аулынан келе жатып, сіздікінен қымыз іштік. Қасымда Өмірқұл лаққы бар... Ой, дәурен-ай!.. Онан кейін Жабы келетін жолы тойыңда да болдық...

Бір ауылда жалғыз еркек. Шер тарқатысатын ешкім жоқ, шал іш құса болып жүр. Көмекейде тығылған түйдек-түйдек сөз сағасы ашылған салмадай, ие беретін емес, шал жолаушыларға шынымен ақтарылды.

Жастар да аттан түскен. Қыр басындағы лашыққа жаяу көтеріліп келе жатыр. Мақпалдан басқалары су болған аяқ киімдерін шешіп, қолдарына алды.

— Кемпір, шай қой! — Әнетей әңгірлей кірді.

- Атаң сексенге келіп алжыды, шырақтарым. Типыша кемпір қонақтарға шағынды. — Осы үйде шай таусылғалы он күн. Оны күнде айтсам, күнде ұмытады. Бір уақыт жер кетпендеп қайтады да менен шай сұрайды.

Мақпал қызыл қоржынның аузын шешті. Масаты шайсыз отырмайды. Бұрынғыдай шай жіберіп тұратын Мамыт құдасы жоқ. Қазір Ақирек маңайында сәудегерлер де төбе көрсетпейді. Соның бәрін есіте жүретін Мақпал, күз түсіп, ауыл базарға мал айдатқан сайын, бір дорба шай алдыратын еді.

Қанты бар, шайы бар, - бір етек базарлық алған Типыша кемпір қарық болып қалды.

Жігіттер есіктің алдында киімдерінің суын сығып кептірініп отыр. Бұл жерден Ақирек алқабы алақандағыдай көрінеді екен. Әнетей өткен-кеткен тарихты еске алды. Шал әңгімені әріден, Әбілқайыр хандық құрған дәуірден бастап еді. Қай төбенің басында кімнің қыстауы қалды, қолмен қойғандай санап берді.

— Әбілқайыр өлген соң үлкен жұт болған. "Ала бұға дегенше, алтын жыға десейші, қызыл қанат дегенше - қызыл маржан десейші". Осы сөзді татыран Тәбекен би айтыпты десетін еді. Малдан айрылған қазақтар қарақалпак ауылдарына қарай ығысты. Атаң Жәніке батырды сол жылы көрдім, - деді Әнетей даусын көтере түсіп. — Жиеней Ашабай би бастаған қырық жігіт Ақирекке келді. Егін салатын жер сұрайды ғой баяғы. Үбәйділда шайқы Енесей биге адам жіберіпті. Қай кезде төре тұқымының ниеті түзу еді? Қарақалпақ пен қазақты жауластырып қойып, қызығына қарайтын әдеттері емес пе?" Қазақтарды бойына үйір қылмасын" деп сәлем айтқан. Енесейдің қырыққа шыққан кезі.

Жомарт жүректі кісі ғой. Қазақтарды өзі бастап әкеліп, Мәстәттің астынан жер бөліп берді...

— Қазақтар сіз айтты деп жүр. - Сөзге Сегіз араласты. — Қырық жігіт арық қазып жатқанда, хан көре барыпты ғой. Қасына сізді ертеді екен. Қайтар жолы, сіз айтты деген бір ауыз сөз бар: "Қыл белбеулі қырық жігіт, қырқы да сұр жігіт, әсіресе ішінде, қиық көзді бір жігіт" деген көрінесіз. Сол қиық көзді жігітіңіз кім еді?

— Ашабай би еді. Үбәйділда сұлтанның қасында он кісі, ішіндегі жасы мен едім. Төре пікір сұрағанда, жұрт бүгежектеп қалды. Мен әлгі сөзді айттым...

— Атамыз қазған арық әлі бар ма?

— Ол қазір судың астында қалды. Анау тұста, ізі әлі жойылған жоқ. Қарақалпақтар оны "Қырық жігіт" атайды. Қазақтар қадірін біле ме, бір қыстан соң, қайта қалыптарына келді. Қазған арық жайына қалды. Қайтып оны іздеген қазақ жоқ...

— Енесей, Киікбай құда болатыны сонда ғой, - деді Жанқожа.

— Оның рас...

Шал онан әрі сөзін сабақтай алмады. Алдарына дастарқан жайылды. Дала қазақтары тамда қамалғанды жақтырмайтынын біледі. Типыша кемпір, жаз айында жолы түскен қазақтардың ас-суын үйдің көлеңкесінде беретін еді.

Мақпал бас бармағы майысып, шай құйып отыр.

— Кесені қалай ұстауды ұмытқан екем, - деп күледі.

— Қазақ шай қадірін қайдан білсін. — Типыша кемпір ернін сылп еткізді. — Шай жарықтық дәрі ғой.

— Рас шығар, шай ішсем маңдайымнан тер бұрқ етеді.

— Е, ішіңе ыстық су құйып жатса, терлемегенде, қайтетін едің? Жанқожа күліп қойды.

Жігіттер біреуі іліп, біреуі қағытып, Мақпалдың әлгі сөзін әжуаға айналдырды.

Қонақтар атқа қонғанда зауал ауған.

— Таңсыққожа мен Өтеген-Нұрымбеттің төріне шығып, талай қойының басын мүжіп едік. Әнетей қынжылды. — Құр ауыз кеттіңдер-ау. Биде көк есектен бөтен мал тұяғы жоқ...


  • Үргеніштегі ағайындарыңызға көшпегеніңіз қалай?

Сегіз жалғыз үй отырған шалға жаны ашып айтты.

  • Ақирек ата-баба қонысы еді. - Кенет бидің көзінде қулық күлкі ойнады. — Ағайын таппай отырғаным жоқ. Мынау Ақиректі қазақтарға адалдап беріп кеткім келеді...

Былай шыққан соң Сегіз Жанқожаға қарады.

— Адалдап беріп кеткім келеді дейді-ау. Әлгіде аңғармай қалып едім. Қазақтар тартып алса-арам, сатып алса-адалданады. Соны айтқан екен ғой...



  • Далада қалған жерді кім сатып алушы еді...

Жігіттер жер жайын кеңесіп кетті.

Көкшекөл мен Домалақтың арасы үлкен аңғар арқылы жалғасады. Ақиректің ұлтаны құрғақ кезде, Кәпірарықтың ауысқан суы сол аңғардың бойымен Домалаққа құятын еді. Биыл Көкшекөлдің атырабы көк теңіз, асау ағыс кең аңғардың екі кенересіне соғып жатыр екен. Жігіттер тау етегін жағалай тартты. Аяқтарының асты көкпеңбек шалғын, жас балаусаның хош иісі аңқиды. Ақиректің тұмсығын айналғанда, Домалақта көрінді. "Мақпал қыздың" атындағы көл кең жайылып жарқырап жатыр. Оның осылай шалқыған кезі Мақпалдың да есінде жоқ. Жүрегі өрекпіп кетті.

— Біздің үйдегі... отағасы... Секе! — Мақпал Сегізге өзі сүйіп қойған есімдерін түгел қайталап шықты. — Бір ән салшы. Ауыл біздің келе жатқанымызды біліп отырсын...

— "Мақпалды" айтайын...



  • Әуелі "Сәулетайды", Ақиректің басында ұшар ләйлік...

Мақпал осы әннің өзіне арнап шығарылмағанына өкінеді. Соның көңілі үшін Сегіз Қаратау деген сөзді Ақирек етіп өзгертіп айтатын еді. Жанқожа байқап қалды.

— Бір кездегі Домалақ, Мақпал атаныпты. Қаратау Ақирек болып өзгерді. Жеңешемде де арман бар ма екен?

Мақпалдың бетіне қызыл бояу жүгірді.

Көрінген Көктөбеден көшің, Мақпал,

Мың қойдың қорасындай төсің, Мақпал...

— Пай, пай, қалай шыдап келесің, жеңеше! Өзіңе осындай өлең арнап айтса, біздің қатындар бес күн талып жатар.

— Жеңешең талып та қалған, қайтадан тірілген де. Қазір құлағы үйренді, селт етпейді. - Сегіз күлді.

— Өйтіп жала жаппа. Құлақ құршым қанбай жүр. Ауылда "әу" деп даусыңды көтермейсің. Ең болмаса, оңашада тыңдап қалайық. Тағы біреуін айт!



  • Әне, бұған тойым жоқ...

Домбырам екі ішекті қу қарағай...

Күржібай аулының үлкен-кішісі есіктің алдында, Акиректің басынан жеткен әнді естіп, елеуресіп тұр.


Х Х Х


Таңсыққожа былтырғыдан көп қартайыпты. Қызыл шырайлы сұлу жүзінен әр тайып, самай терісі жылтырай түскен. Сақал-мұрты аппақ қудай еді.

Таңсыққожаның бәйбішесі он құрсақ көтеріпті. Ең кенжесі Жаманқұл еді. Бала тұрмаған соң, тарыққан ата-ана "кұдай бір жаманды қияр" деген ниетпен, атын Жаманқұл қойған. Таңсыққожа шаруа кісі. Тоқал алғанда, қызық іздеп желіккендіктен істеген жоқ-ты. Бала керекті. Қазір онан екі ұл көріп отыр.

Жаманқұлдың жасы жиырмаға шығыпты. Биыл аяқтандырады екен. Тоқалдын туған Төлебай мен Томан да малға сабақ болып калған. Сегіз соған қуанды.

Бұдан екі жыл бұрын Сырлыбай балалары ірге айырады. Оған да Бөгенбайдың кінәмшіл ұлдарының тентектігі себеп болады екен. Таңсыққожаның жүрегіндегі үлкен күйзелісті Сегіз былтыр байқап кетіп еді...

Әуелі Таңсыққожаның үйіне түскен жігіттер, қалған ағайындарға бір-бір бас сұғып шықты.

— Дігердей бес ұлы бар. Барып Таңсыққожаға тығылды - Дайрабай Бекқұлы туысын жақтырмай отырды. — Бес қойшы...

Тоқалдан туған Медет бір ауыл, Бөгенбай бір ауыл... Ал Бекқұлы әлі Таңсыққожаның қасында отыр.

Таңсыққожа Мақпалды төркініне тастап кеткені үшін Сегізді жазғырып алды.

— Келін, сырқаттау көрінеді. Бой жазып, қыдырып қайтар еді. Бекер еткенсің...

Сегіз бұл ауылда көп аялдай алмайтынын аңғартты. Көкейінде Жанқожаның шаруасы тұр еді. Онысын бүгіп қалды. Ел көреді, жер көреді... Төртқара ағайынды аралайды. Сондай-сондай шаруасы болған соң, Мақпалды еріткен жоқ екен.

Сегіз былтыр келгенде Таңсыққожа ту бие сойдырып еді. Жақын маңайдағы елдерден сері лебізіне кұмар жұрт, хабарын есітсе, өздеріақ жиналады. Бұл сапарында інісінің көп аялдамасын білген бай Жаманқұлды атқа қондырды.

— Алыстағы ауылдарға хабар айтуға асығыс болар. Нұрекем баласының сыбағасы бөлек еді. Шал қиналды. -— Әуелі Бөгенбай мен Медетке соқшы. Қасыңа Шалқар ағаңды ертіп аларсың.

Көкшоқаттағы Бидай батырдың аулына шейін барасыңдар. Екі орта түгел құлақтансын...

Биылғы қыс мал баққан шаруаның таңдайына татыпты. Бөгенбай балалары жылқыдан қол жуып, қара жаяу отыр. Былтыр енші алысқанда шал қатты налып еді. Біздің тұкымның назары жаман ғой. Кеше осы сөзді Саданбайдың аузынан естіп отырып, Сегіз таң қалды. Қасқа боран талай содырды тәубесіне келтірген-ді. Бидай батырдың да еңсесі түсіп қартайып калған. Бәрі де шаруа жайын сөйлейді, қай жердің шөбі шүйгін, қай құдықтың суы мол... Биыл қопа сағалаған жұрт көп шығындалған жоқ. Таңсыққожа баяғыдан Сырдың сағасына жақын Қосаралды қыстайды. Тұщы көлі мен дарияның қопасы қалың... Жылқы түгіл қойының да мұрыны қанамай аман шықты.

— Қопалы жер жақсы екен. Ендеше не бітіріп отырмыз. Бәркелет киіп жарып сөйлеп отыр. — Қарақалпақ көшті. Кәпірарықтың сағасына Бекбауыл қыстау басып жатыр. Жылқы батыр Лайкөлді алды. Бос қалған көлдің біреуіне біз де қыстау салайық!

— Жаңадария бойындағы қарақалпақтар Бекбауылға адам салыпты деген не сөз? Оны жас жігіт Итіғұл айтты. Бидай батырдың жамағайыны алтынбай жігіт еді. Жұрт аңтарылып қалған.

— "Жерімізге қыстау салып, басынбасын", - дейді екен. Орынбай би Хиуаға кетіпті...

— Қайдағыны Итіғұл есітеді!..

— Бізде Хиуаның несі бар?

— Хиуада әскер бар! - деді Итіғұл көтеріліңкіреп қойып. — Орынбай әскер әкеледі әлі...

— Қарақалпақ дау шығарады деп, бос қалған жерге қыстау салмай отыра алмаспыз.

— Әскер деген аты жаман екен...

Дабырласқан жұртты Жанқожа басты. Бекбауылға қарақалпақ кісі салды деген сөзді бекерге шығарып еді.

Сегіз Әнетейдің сөзін еске алды,

— Біз осылай келе жатқанда, Әнетей биге сәлем бердік...

— Ақиректе жалғыз сол қалыпты ғой...

— Би қартайған екен. — Сегіз әңгімесін сабақтады. — Көк есектен бөтен көлігі жоқ. Қайда барады? Бірақ, естен қалмайтын бір сөз айтты. "Ақиректі қазақтарға адалдап беріп кеткелі отырмын" дейді...

— Көмекейін қарай ғой!

— Далада қалып жатқан жерді бұлдағысы келіпті...

— Әзілі шығар... Ол қу тілді кісі...

- Ойнаса да ойындағысын айтқан. — Таңсыққожа жұртқа жағалай қарап шықты. — Қыстау керек дейсіңдер. Ақиректен артық кыстау бар ма? Басып қонып, басыңа бәле тілеп неміз бар? Әнетей сатқан жерді қарақалпақ баласы даулай алмасына кепілдік берейін. Кәне, Ақиректі сатып аламыз ба?

Жұрт дағдарып қалды. Жұт көрген ел малды жұқартқан. Әнетейдің Ақирекке қанша сұрайтынын да білмейді. Әрі сонан да қорынып отыр еді.

— Алам деп барған соң, ердің құнын сұрар...

— Оған мал қайда?

— Әнетейдің сөзі әзіл. Ол сауда айтпайды, - деді Таңсыққожа жымиып. -Әйдербек атамның баласы ауыз біріктірсе, екі ердің құнын көтере алады. Күлікті мен міндетіме алайын. Бидай, сен алтынбайыңды міндетіңе ала аласың ба?

— Ардана, татыранды қайда қоясың?

— Татырандар дарияның аржағына өтіп қыстау салып жатыр. — Итіғұлдың білмейтіні жоқ.

— Арданалар биыл Шөмішкөлге қыстап шықты...

— Құр қалып, Мергенсайды шиырлап жүрген сендер екен ғой, Таңсыққожа сылқ-сылқ күлді. — Алтынбай,- неше үйсіңдер?

— Қырық-елу бар шығар...

— Сексен үйміз! - деді Итіғұл. — Қызылдағы көнсадақ, қырдағы жаманшаны қосқанда сексен үйміз!

— Ендеше екі жүз елу қой табасыңдар. Күлікке тиісті екі жүз елу қойды мен жинаймын.

— Әр шаңыраққа үш қой! Итіғұл сақ еткізді,

— Қызылдан кім қой жинай жүреді... Бәркелет күдік айтты.

— Ешкім де жинамайды. Таңсыққожа белден басты. — Қаратаудағы жаманкөз бен Кіші құмдағы берше, тоқас маған да қой айдап әкеліп бере қоймас. Осындағы ағайындардан шаңырақ басы үш қойдан жинап аламын. Кемісін жанымнам қосам!

— Ертең ана туыстарың берсе зымырағын...

— Жәніке Қаратауда қашанғы отырады? Биыл-ақ малдан жұқарыпты. Қоқанға барып, онымен сиыспайды. Бес бершенің баласы да қонысы тарылып бері қарай жылжитын ойы бар көрінеді. Қыс тығылатын қопа іздеп, өздері келеді. Ақирекке қорамды ашып қойып мен отырмын. Үш қойды үй басы өзі жетектеп келеді...

- Мына сөзіңнің жаны бар, - деді Бидай батырдың көзі жайнап. Қойды жинайық!

— Әуелі Әнетеймен сөйлеспейсіңдер ме?

— Оған Бидай батыр барады. — Таңсыққожа кесімін айтты. — Саудаласпа, бес жүз қой әкелетініңді айт. Шошып түссе, ауылға қайтатының тұр ғой.

— Бәрекелде-ай десейші. Түс қайта қонақасы желінді. Жұрт тарағалы жатыр. Есіктің алдында көк дөненін тепкілеп Итіғұл тұр. Омыраулап болмайды.

—Жеңешемді шақыршы! Бізге мүше берсін. Шамалы ат тұяғын қыздырайық!

- Хан төрткіл жақтағы коңырлыққа шыға беріңдер. Қазір жеңгеңді алып барамын. Жалғыз орамал не болады? Біраз жарыстырып, аттарыңның аяқ алысын көрейік.

Таңсыққожа ат ерттетті.

— Арал теңізі маңындағы әр төбенің басы бір тарих...

Кәрі құлақ шалдарды сөйлете бастасаң, айтып тауыса алмас еді... Соның бірі Хан төрткіл...

Шықыманның шығыс бетіндегі қоңырлықта тұрған қос шоқы — Хантөрткіл, Шорахан аталады. Бір заманда бұл өлкені ноғайлы Шора хан жайлайды екен. Теңіз онда биік қыраттың етегін шайып жатыпты. Кейін Шора ханның есімімен аталып кеткен шоқының басында хан ордасы тұрады... Қалың жылқысын теңіз бойына айдап салып, ақ боз үйдің төрінде қарнын сипап жатқан көрінеді.

Бұл Ноғайлы хандығы ыдырай бастаған кез. Ескі қоныстан үріккен ел, Еділ дариясынан бері ығысады. Сонда Асанқайғы, Шерқұтты, Қарға бойлы Қазтуған Шора ханға сәлем бере келіп, Хантөрткілдің басында кеңес құрады екен. Төрт хан бәтуаны бір жерге қоя алмай тарасады. Қазтуған ізіне ерген жұртты бастап Хорезм жұртына ка­рай жөн тартады. Шерқұтты ескі қонысы Ақ жайыққа көшеді...

Сегіздің есіне Асанқайғының толғауы түсіп, төбе құйқасы шымырлайды. Осы теңіздің жағасында қарт жырау ауыр қазаға ұшырайды. Асанқайғының ауылы Көкдомбақтың етегінде еру екен. Жалғыз ұлы Абат жорыққа жиналған беті, атын суара теңіз қолтығына барады. Жақсықылыштың өзегінде ажалына тап болған. Абатты жайын жұтыпты...

Жақсықылыш, Жаманқылыш атты екі тұз қазір жалаңаш жатыр. Теңізден он шақырым жер... Сонда теңіз екеш теңіз де көшіп тұратын болғаны ғой.

Қылыш байдың мырзасы еді дейді. Жалғыз қарындасы Тұрсынбике есікте жүрген тексіз құл Нұрлыбайға ғашық болады. Екі жас түн жамылып сытылып кеткен. Қуғыншы теңіздің жағасыңда жетіпті. Қызды оздырып, Нұрлыбай тосып қалады. Жалғыз жігіт көпке топырақ шаша алмайды. Омыртқада он жара, қабыртқада қырық жара, сытылып шыққан бетінде өліп жатқан Тұрсынбикенің үстінен шығады. Нұрлыбай он шақты шақырым жерде тұрған биік шыңның басындағы бұлаққа жетіп жығылады...

Шықыманның басынан Нұрлыбай тауы көрініп тұр. Аржағында бір бауыр жерде Тұрсынбике ... Қылыштың өлетін жері әлгі екі тұздың басы көрінеді...

Сегіз мүшеге шапқан жоқ. Қабағында кірбің, кеудесінен зіл басқандай еді. Бағзы заман хикаялары тіл ұшында жыр болып оралатындай, ақырын күрсінеді.

Ауылда жан калмады. аттылы-жаяу шұбырған халық құмның етегінде иіріліп тұр. Бәйбіше келді. Жасы ұлғайған сайын жалпайып семіре түскен. Етегі жерді сызған қанаусыз көйлек қана білдірмейді. Итініп келген Итіғұлдың қолына орамал ұстатты. Шетіне сақина түйіпті.

Итіғұлдың астында көк дөнен, орамалды ала қашты. Аты ұшқыр екен, қуған жігіттерге шалдырмады.

Бәйбіше дайындалып келіпті. Таңдап-таңдап тәуір көрген қайныларын шақырып тұр. Әрі-беріден соң жарысқа Бәркелет сияқты жігіт ағасы азаматтар да араласып, у-шу бие сауымындай уақытқа созылды.

Қоңыр төбені бес айналып шыққан кезде көк дөнен де болдырды. Бірте-бірте бәйбішенің орамалы да таусылды. Ырза болып аттанған қонақтар қош айтты.

Бір мезгіл еңсе басқан бейнетті ұмытты. Аш құрсақ асқа тойды. Қазақ әріге ой жүгіртіп жатпайды. Қызыққа қарық болған малшы-жалшы, әлі де артына қарай-қарай барады.



Х Х Х
Әнетей атыз-атыздың арасымен аяғын абайлай басады. Қауын-қарбыз өркенге жығылып, тарылары түптеп тұр. Бейнет түбі зейнет деген осы...

Әнетей аяқты жер еккенде де осыдан артық тары салып көрген жоқ. Өзінде күш-көлік жоқ, бай ағайынға қол жаюға ұяты жібермейді. Алақандай жерге уыстықұлақ тары себеді. Кемпірі екеуінің қысқы азығына сол да жетіп жатыр. Артық астық алғанда -қайда қояды?

Биыл бейнетті тартудай-ақ тартты. Тарының екінші суын кеше беріп болған. Шал жас келіншек Гүлбазарды аяды. Күн ұзақ қолынан қолсамар түскен жоқ...

Әлі де екі рет су беру керек еді. Өздері екі рет сүрнігіп жығылады екен. Соны ойлап жүрегі қалтырайды. Жер бетін жауып келе жатқан көкті көріп тұрып қуанады...

Ақиректің бауырында бір атты соқтырып келе жатыр еді. Әуіттің басындағыларды көріп бұрылды.


  • Ассалаумалайкүм! - дейді анадайдан дауыстап.

Әнетей Бидай батырды тани кетті, Таңырқады.

— Он жылдан бері көрген жоқ, Сонда да таниды. Бидай басын шайқады. — Ой, әулием-ай!

— Бесбасбай Мамытты шауып... Іш пыстаны ішіне түсіп жүрген шал, ұзын сүре әңгімеге түскен. Ат қаңтарулы, Бидай атыздың жиегінде малдас құрып отыр. — Ойбой! - деді Әнетей, орнынан қалбалақтай тұрып. — Құсшының құр әңгімесін айтып күн жұбатқанымыз не? Бидайжан, үйге кір. Шай ауыз тиесің. Ағаңда мал жоқ екенін білесің, бас тартпасам өкпелеме...

— Рақмет би аға, асығыс едім...

— Ау, сонда да дәм ауыз ти...

Бидайдың алдында бір тостаған ашыған, сөйлеп отыр. Би көлік тауып көше алмай отырған хабарын естиді. Әйдербектің шалдары рас-өтірігін біліп қайтуға жұмсап отыр. Сауда-саттық жөнін білмейтін Бидай, сатып алу жайын тіл ұшына салуға биден ұялды. Бірақ, Таңсыққожаның үй басы үш қойдан жинатып жатқанын жасырған жоқ...

Әнетей алғаш абыржып калған. Содан соң өзінің Сегізге айтқан әзілі есіне түсті. Қазақтар оны шынға жорыған екен ғой... Әйдербектің мал жинатып жатқаны... Ақиректі адалдап алып қалудың әрекеті болды.

Қарақалпақтың ата мекені еді... Оны Әнетей қазаққа сатып кетеді екен. Көп Қият неге жоритынын өзі білсін. Бірақ, олар үшін ендігі жерде Ақиректен бұлт жуық. Қалың қарақалпақтың Сыр бойынан осы ауғаны ауған... енді қайтып оралмайды. Бірлі-жарым қыстау әліден-ақ түсті. Қазақ бір орнығып алған соң, оңайлықпен көшпейді. Ақиректің қопасына Бесбасбай биыл да жылқысын паналатады. Ол сияқты итке қор болғанша, ата мекенін Әйдербектің басқаны артық... Сатып алмасын, тегін алсын...

Ала жаздай жалғыз үй. Би қажыды. Көшіп кеткен ағайындарын да сағынады. Бір Мәтнияз еді. Ол да Жылқы батырды сағалап жүр. Биенің қымызы тіл үйіреді. Бір қысылған күні, Мәтнияз қазақ ауылдарына қарай жылжып кетер...

Енді бір-екі жылдан соң, Әнетейді ағайын да ұмытады. Жалғыз үй, атаусыз құриды. Көметін де ешкім жоқ...

— Әнетей Ақиректе жалғыз үй қалып, ит тағалай ма? Қол ұшын берер ағайын табылса, көшеді...

Бұл келіскенінің белгісі еді. Бидай онан әрі кідірген жоқ. Бір тостаған көжені басына көтеріп салып, атқа қонды. Он бес күнде оралады... Қоштасқан жерде соны айтты.

Әнетей Бидайдың артынан қарап ұзақ тұрды. Айтуын айтып салғанмен, туған жер ыстық екен. Қыстаудың сыртындағы қорымға қарай жүрді. Күндіз-түні қолсамар... Әкесінің басына бармағалы да біраз болған. Қорымның қасына сартасынан жүгініп отыр. Бір ұзын сүре аятқа түсіп кеткен. Көзінде жас мөлтілдейді. "Сухан раббікіге" жеткенде, иегі дір-дір етті. Бетінде сала-сала із салып, көз жасы шұбырып барады.

Үйге қарай жүруге бетінен басқандай. Ақиректен айрылды. Оны естісе, Гүлбазар не ойламақ? Ал кемпір...

Көзі Арыстанбаптың басындағы сырықка түсті

Әулие бес жүз жыл жасаған екен дейді. Әнетей сол жерге шүбә келтіреді. Пайғамбардың аманаты бір түйір хұрма... Соны Хожа Ахмет Яссауиге тапсыруы керек еді. Бес жүз жыл іздеген адамын Яссы қаласында кездестіреді...

Шыңға қарай тартқан жалғыз аяқ жолмен қыбырлап келе жатыр. Әулиенің айналасы толған тас қорым... Енесей би осы жерде еді. Би бақытты екен-ау. Мынау елдің ауғанын кермей, көз жұмды. Әнетейдің көңілі босады.

Аласа там үйден шырақшы шықты. Бетінде бір тамшы қан жоқ, осы бітмерез қожаны бидің жаны жаратпайды.

— Ассалаумалайкүм! — Әулиені сыйлайтын Әнетей, қолын төсіне қойып орнынан тұрды.

— Биеке, бүкіл қарақалпақ көтерілді-ау...

— Құдай ісі, қайтесің...

- Ақиректе Арыстанбап қалды, мен қалдым... Сіз...

— Мен көшемін! - деді Әнетей жұлып алғандай.

— А,а!?


Әнетей оған қайрылған жоқ, қол жайды. Шырақшы да қол жайды, бірақ, түсі құбылып кетіп отыр. Көкейін тескен бір сөз бар еді, аяты құрғыр бөліп кетті.

- Ұясын торғай да қорғайды, - деді шырақшы бетін сыйпап жатып. — Қарақалпақтар тастап-тастап кетіп жатыпты...

- Астында ат жоқ, қалай қорғайды? Үйінде ас жоқ, кімге телміреді? Қарақалпақ көшпегенде, не бітіреді?

— Хиуаның қылышы өткір еді...

— Ол қылыштың жүзін қарақалпақтың желкесі жақсы біледі. Баяғы шұбырындыдан кейін түскен тыртығы әлі жазылған жоқ... Тағы барып тығылды. Іншалла, сыбағасы дайын шығар...

Әнетей орнынан тұрды.

Алыста Домалақ көлдің шеті көрінді. Қазір оның аты Мақпалкөл. Қырық жігіт анау... Қарақалпақ қойған жер аты да өзгере бастаған екен-ау... Ертең өзі отырған төбенің басына бір әйдербек қыстау салады. Солай Мәстет бидің де аты өшеді.

Әнетейдің көзіне жас тығылды. Қасында шырақшы бірдеңе айтады. Тәлімсіп дауысын көтермейді. Бидің ит жыны тырысып тұр. Шырақшының бір сөзі құлағаны кірген жоқ.

Емпеңдеп келе жатыр. Биіктен қарағанда Ақирек алқабы ерекше көрінеді екен. Көкпеңбек құрақ жапырыла толқиды. Өмірқұл лаққы айта беретін бір ауыз өлең көкейінде тұр.

Қайран қоныс, құт-береке мекенім,

Сені тастап қалай қиып кетемін?

Тоз-тоз қылып қуды құдай жат елге,

Осы күні білмей жүрмін не екенім...

Осы өлеңді Сағындық аузынан тастамайтын еді.

Қыстаудың сыртында Күләйім қолын бұлғап тұр. Мәтнияздың қызы. Екі үйдің отын-суы он бір жасар Күләйімнің мойнында еді. Өзі бір мың болғыр бала...

Тал түсте шалын жоғалтқан Типыша кемпір бақшалық пен қыстаудың арасын жол қылған. Әңгүдік сорлы суға кеткен екен...

Кемпір ойбай салды.

Сорлап та қалған шығармыз, уай, уай,

Жалғыз да қалып жылармыз, уай, уай!..

Жұдырықтай кемпірдің дауысы әлем тапырақ екен. Гүлбазар мен Күләйім безіп кетті.

Шалын көріп кемпір жым болды. Жалмажан көзіндегі жасты сүртіп жатыр. Осы үйдің босағасын аттағалы елу жылдан асқан екен. Кең бейіл Әнетей әйел, бала-шағаның анау-мынау мінезін елестірмейді. Бейпіл ауыз өсек пен көздің жасы - талауы. Кемпірі себепсіз жылап-сықтағандай болса кешірмейтін.

Елу жылдың ішінде Типыша кемпір не көрген жоқ. Бұл үйдің екі сиырды тең сауып, көлгөсір болғаны қашан еді? Екі күннің бірінде тарығып отырады. Әнетей кемпірдің қабағына кірбің түссе, қынжылып қалатын еді. Үйінде жарты күлше тұрса, көршісіне бөліп береді. Жалғыз тауығын қонаққа сояды. "Аштан өлмейсің, кемпірім..." Типыша кемпір тынышын алса, Әнетей арқаға қағып жұбатады. Бұл да батагөй шалының сөзіне имандай ұйиды...

Құдай малын қимаса да Әнетейдің басына бақ берді. Екі кісі дауласса, осы үйдің босағасына келетін еді. Әнетей араласқан дау оңай бітеді. "Жаяу бидің" әділдігіне шәк келтірген қарақалпақ баласын Типыша кемпір білген жоқ...

Ақылы кемел ақсақал биыл күрт өзгерді. Сексенге келгенде қолсамар атты. Күйеуінің бұл ісін сырттағы көп қарақалпақ естісе, өлім еді. Типыша кемпір ақырзаманның аламатына жориды. Шал бір мезгіл қарап отыруға жоқ. Таң атса атыз басында, қыбыр-қыбыр етіп жүргені... Дені сау адам сөйте ме? Өзі бұрын да қосүрей кемпір, тал түсте шалы жоғалып кеткен соң, есі шықты. Лашық бос тұр. Қыстауға барып та таппай қайтты. Бақшаның басында да жоқ. Сонда қайда кетуші еді?..

Әулиенің басында оған не бар екен? .

Қарадай лағып жүргені ғой...

Жасы сексенге шықты... алжығаны...

Кедеймін деп кішіреймей, кеудесін жоғары ұстайтын еді. Қазір баладан бетер... Үлкен былай тұрсын, жасы кіші Гүлбазардың алдында құрдай жорғалайды.

Е, құдай мұны да көрсеткенің ғой...

Бірақ, кемпір шалына түк сездірген жоқ. Әлгіде соны іздеп Мәстәттің басын неше айналғаны айтылмайды. Дәлбіректеп от жағып, қара құманға су құйып... асып-сасып жатыр.

— Әй, кемпірім-ай, менің қадірімді сенен басқа кім білгендей. Қатты шөлдеп, аңқам кеуіп келе жатқанымды қайдан сезе қоясың осы...

Бұл шалының сау кезіндегі мінезі. Типыша кемпірдің жүрегі орнына түсті.

Әнетей қанша қажыса да дініне берік, жүдеп жүрген көңілін бала-шағаға білдірмеуге тырысатын еді. Жүзі салмақты, даусы жарқын-жарқын шығады. Бет-аузы да құрғақ. Ауылға жақындаған соң, көз жасын тыйып алған.

Шай келді. Бір-екі кеседен кейін маңдайы жіпсіді. Орамалын алып сүртінді. Кемпіріне көзінің астымен қарап қояды.

— Кемпір, құдай сәтін салса, күзге салым көшеміз...

— А!?


— Ақирек сатылды.

Кемпірдің қолынан кәрден кесе түсіп кетті. Шалының бетіне қарап бажырайып қалыпты. О заман да бұл заман жер сатқанды кім көрген... Оны кім алады? Айттым ғой...

— Несіне бақырая қалдың? Шын айтып отырмын. Қырдағы әйдербектер адам салып отыр, Алдыңа қора-қора қой салады. Көшіңе көлік береді. Онан артық не керек саған?

Манағы бейсаубет жолаушы есіне түскен кемпір, қайтып үн қата алмай аңқиып отыр.

— Әуелі өзіміз болып ойласып алайықшы, кемпір, Әнетей кеудесіндегі ауыр қасіретті ұмыту үшін, қуланып сөйлейді.— Ақирекке қанша сұраймыз?

Айтып отырғаны шыны сияқты. Типыша кемпір ерінін сылп еткізді. Көз алдыңда қой-ешкісі аралас қыруар мал елестейді.

— Қанша мал сұрағанымыз жөн болар еді?

— Он шақты қой... сауын сиыр да керек. Көшетін адамға түйе артық, бірақ... Гүлбазардың үйі тағы бар...

Әнетей қарқ-қарқ күлді.

Шалының сөзін мазаққа жорыған кемпір кіржің етті. Сімірім айраны жоқ, неменесіне мас болады…

— Кемпір, кейіме, әлгі айтқаныңның бәрі болады...
X X X
Жолаушылап кеткен жігіттер ай жүріп оралды.

Биыл Құламан аулы Мүғаджар тауын бөктерлей көшіп, мойны ұзаққа түседі екен. Сұрай-сұрай әзер тауыпты. Жанқожа Құламанның қызын да жаратпады, үйін де ұнатпады. Жабағы шұлғау сасық байдың салақ қызы... Сонда есіне Мүмсін түскен... Ертеңіне атқа қонды.

Жанқожа Күржібайдың аулында да ұзақ қонақтап жатқан жоқ. Ауылға қайтып келе жатыр...

Ұзақ жолда талай ел көрді. Есіткен-білгені онан да көп. Оның қабағы салыңқы еді.

Ханның алдында қалтырап тұратын дәстүрдің бетіне түкіріп, қасқайып шыққан ер Сырым... Осыдан он жылдай бұрын еді. Елек қамалының түбінде орыс солдаттарымен болып өткен үлкен қақтығыстан кейін, жазалаушы отрядтың қуғынына түскен Сырым батыр Сыр бойына қарай жылжыған. Соңына ерген байұлы бір тайпа ел... Нұрымбет шеркештің қызына сол жылы кұда түсті. Жиырма жасар жігіт Жанқожа Сырым батырды осы құдалықтың үстінде көрді.

Келер жылы Ерәлі ханның өлген хабары жетіп, Сырым батыр ата қонысына қарай бет алды. Хан ордасы орыс патшасына арқа сүйейді. Байұлының қос өкпесінен қадалған істіктей Теке мен Елек тұр. Ерәлінің орнын басқан Есім орыс бекіністеріне сүйене отырып, батырды тағы да қуғындайды. Оның ақыры Сырым Есімнің басын алды...

Бір жағынан Әбілқайыр тұқымы, бір жағынан орыс әкімшілігі, — соңына шырақ алып түскен батыр Хиуаға сырғиды екен. Есіл ер жат жерде қайғылы қазаға ұшырайды. Соны есіткенде, Жанқожа бармағын тістеді...

Қыр қазағы Сырым өлімін неше саққа жүгіртіп сөз кылады.

Бір қауесет Хиуа ханы у беріп өлтіріпті дегенге саяды. Екінші біреулердің айтуынша, Үстірттің шөлінде адасып өлген... Қайсысы болса да өкінішті еді. Әйтеуір Хиуаға аман жеткен батырдың, қазақ ортасына қайта оралмағаны анық...

Әкесі хандық дәуірді әлі күнге аңсайды. Сондағысы бас кеткен соң кеуде лас, елдің ауыз біршілігін ойлайтын еді...

Ханның кескіні анау... Халық қамын, әділет жолын койып, бәрі де қара басын ойлап жүр. Қазақтан щыққан ардақты ерді қудалайды. Ондай ханды халық қалай сыйламақшы...

Біліп қайтқаны ол жақтағы жағдай жан шошырлық... Оты шүйгін жер мен суы мол құдықты Әбілқайырдың әулеттері басып алған. Ордадан ауысқанын жекжаттарына үлестіреді. Қара қазақ баласы шөл далаға ығысып жатыр...

Ақ жайықтан Ор бойына шейін орыс бекіністері... Қазақ көшін жақын өткізбейді... Ту сыртында Хиуа, Қоқан, Бұхар... Бәрі де қылыштарын тасқа жанып отыр...

Орысқа мойынұсынған байұлы мен жетірудың көрген күні әлгі... Қоқан қоластындағы үйсін, қоңыраттың да оңып тұрған жері шамалы... Аңдаған дұшпан қазақ даласын жан-жағынан қусырып, тынысты тарылтып келеді...

Әзір аман отырған Әлім-Шөмен еді. Аш бөрілер анталап келіп қалған сияқты... Түбі ауыз салмай қоймас...

Аңдысқан жаумен алысу үшін ауыз бірлік керек. Бүгін жер дауы, ертең жесір дауы... бірінің малын бірі барымталайды. Күнде қырық пышақ қазақтан қайдан ауыз бірлік табылады? Шекесіне тимей пенде ештеңе түсінбесе керек...

Бұл қазақ ақ табан шұбырындыдан кейін де ес жиып, ел болған. Онда да басына қорлық жеткен соң бірлікке келген екен. Қара қазақ баласын алдында тағы бір ақ табан шұбырынды күтіп тұрғандай, Жанқожаның жүрегі тіксінді.

Сырдан өтіп қонған. Далада қонды.

Таң қараңғысын жамылып жүріп кеткен жігіт, зауал ауа Жаңадарияға жетті. Күн ыстық. Торы айғыр болдырған. Терлігі малшынып тұр. Атты суыту керек. Әлі де үш көш жер жүреді... Аздап ат шалдырып, суарып алмай болмайды.

Жидекті тоғайдың іші еді. Торы айғырды қаңтарып, байлап қойды. Өзі де белін шешті. Дарияның суы лай, жылымшы екен. Шөлін басқан соң дәрет алды. Былтырдан бері басына үлкендік жеткендей, намаз оқитын болып жүр.

Ту сыртында дүрсілдеп келіп қалған аттыларды сезіп отырса да, намазын бұзған жоқ. Күбірлеген дыбыстарына қарап, қарақалпақтар екенін ұққан. Олар да намаздың аяқталуын күткендей екен. Оны сөз аңғарынан байқады.

Үш жігіт. Бәрінің де қолында найза еді. Жанқожаның сәлеміне жауап қайтпады. Қарақалпақ жігіттердің түксиген түріне қарап, батырдың ет жүрегі сескенейін деді.

— Қайдан келесің?

— Сыр бойындағы елден...

— Сыр бойында ел бар ма еді?

— Оттап тұр!



  • Түндегі жылқының иесі осы. Адасып қалған!

Қара сұр жігіт Жанқожаға зілдене қарады.

— Қайдағы жылқыны айтып тантып тұрсыңдар!

Жанқожа жөнін айтқалы оқталып еді. Бұларға сөз өтпесін байқап кідірді. Нұрымбет ауылын бұл маңайдың қарақалпақтары біледі. Бір түсініспестік бар шығар... Не де болса үлкендерімен сөйлесу керек...

— Жанназар, торы атты жетегіңе ал! Жасы үлкеңдеу жалпақ сары қарасұрға бұйырды. — Қайдағы жылқы екенін ауылға барған соң көрсетерміз. Алға түс!

Қарсыласса жазым қылуы мүмкін. Қара жаяу қалып, қапыда қолға түскеніне Жанқожа өкінді. Бұларға кім екенін айтып болмайтын еді. Қарақалпақтың күнкөрісі тары... Оған біреудің жылқысы түскен... Қазір малын жауға алдырғаннан бетер, ашу үстінде жүр... Тықы мен Нұртай батырды өлтірген Жанқожаны аямайды...

Үш-төрт шақырым жүріп, жүдеу қыстауға жетті.

Тұтқынға түскен қазақтың хабары заматта тарап кеткен. Бала-шаға анталап жүргізбейді, Үлкендер де шығып жатыр,

— Балалар, тоқтай тұрыңдар!

Жасы жетпіске тақаған қара шал алдарынан кес-кестейді. Апыр-ау, мынау... бір жерде көрген адамы сияқты ғой...

— Ей, сен Нұрымбеттің баласы емеспісің?

Танып қалды! Кәрі қақпас құртты-ау. Жанқожа енді жалтара алмады.

Айдап келген адамдары кім екенін есіткенде, соңындағы жігіттер елеуресіп қалды. Жанназардың түсі бұзылды.

— Нұртайды өлтірдің, Тықының басын алдың. Қарақалпақтың қанына әлі тоя алмай жүр екенсің, Жанқожа. Енді келіп егініне жылқыңды жабасың! Кәне, сөйлеп көр!

— Тәйт әрі! Қара шал оған жекірді. — Нұрымбеттің жылқысы егініңді қашан бүлдіріп еді, Жанқожа Нұртай мен Тықыны қазақ пен қарақалпақтың қан майданында өлтірді. Жекпе-жекте өлтірді. Жасырынып келіп, жылқысын тарыға жабатын кісің бұл емес! —Сонан кейін Жанқожаға бұрылды. — Менің атым Қожамұрат. Нұртай бүлік шығаратын жолы, Сарман Қосада жатқан қазақтардың тұтқынына түскенмін. Сені сонан білемін. Жылқаман батыр- астыма ат мінгізіп қайтарып еді.

Қожамұратты қайда қөргені Жанқожаның есіне жаңа түсті. Енді ғана шешіліп, жол мәнісін айтуға кіріскен.

Сол екі арада, бір жеңі киулі, бір шалғайы сүйретіліп, біреу келе жатқан. Сағындық еді. Қазақтың бір батырының қолға түскенін естіп, үйінен жүгіре шыққан. Түндегі жылқылар Сағындықтың тарысын көбірек бүлдіріпті... Кім екенін көріп, бетіне түкіргісі келді...

— Әй, әй, мынау Жанқожа ғой! Екі қолын бірдей ұсынып келе жатыр. — Аманбысың, шырағым. Жаман ағаңды таныдың ба? - деп ыржиып күледі.

— Таныдым, Сәке...

Жанназар қысылды. Әкесі рас айтқан сияқты. Ақ боз атты қақпалап, жұрттың ортасынан шеттей берді.

— Үйге жүр, айналайын. Жеңгеңнің қолынан шай іш. Сағындық Жанқожаны жетектей жөнелді.

Жанназар Қожамұраттың баласының үлкені екен: Екеуі Сағындықтың үйінде танысты.

Саршатамыз туып, тарының бас алып тұрған кезі. Аш аламан халық қуанып отырғанда, бүгін түнде егінге жылқы түседі. Бұрынсоңды қазақ жылқысы бұл өңірде көрінген емес. Жақын маңда ауыл да жоқ... Жылқының ізін кескен жігіттер құмға кіргізіп қайтады...

— Бөлініп қалған екі байталды ұстап отырмыз, - деді Қожамұрат жай-жағдайды түсіндіре келіп. Бүлдірген жеріне қарағанда көп жылқы. Әдейі айдап салып, таң алдында дүркірете қуып әкеткен сыңайы бар. Әйтпесе, екі байтал үйірінен бөлініп қалмас еді.

Жанқожа байталдарды көргісі келді. Өз аулының таңбасы, жылқының оң құлағын тілетін еді.

Бірақ, байталдардың таңбасын таныды. Оң жақ жамбастыққа қыздырып басқан тағаның ізі... Ай таңба... Құттықтың ішінде өздеріне немере-шөбере туыс болып саналатын Кенжеғұл аулының таңбасы еді... Айта алмай мүдіріп тұр.

— Біздікі емес...

Сағындықтың үйінен шай ішті. Жаңадарияға келгелі шаруасы жөнделіпті. Қоңыр сиырдың қасында қызыл қашар тұр еді.

Баяғыдай емес қара қатын да ажарлы. Сағындықтан аумайтын қара баланы сүйрелеп алып келді.

— Неден қорыққаның, ағаң ғой, - дейді кейіп. — Мынау сондағы ұлым. Сен болмағанда жолда өлетін еді...

Сағындық жағдайын айтып отыр. Бұл ауылда қияттар жеті үй екен. Оған жылу жинап беріп, қатарға қосыпты. Қазір қыстаудағы үй саны жиырмадан асатын көрінеді. Сағындық Әнетейді еске алып қынжылады.

— Биыл күзге қарай көшіріп алсам деп отыр едім. Кешегі жылқы азғантай тарыны бүлдіріп кетіп...

Қарақалпақтар Хиуа ханымен астыртын сөз байласып жатыр екен деген сөз бар... Жанқожа соны сұрады.

Көктемде бұл жақтағы ел бір дүрлігіп басылыпты. Қарақалпақтардың алды Жаңадарияға қарай шұбырғанда, оны қазақтардың тағы бір зорлығына жорып, көпшілік қобалжиды. Әлгі алып қашты хабар сол тұста шықса керек...

— Бұл қыстаудағы жұрт шаруа баққан диқандар. Ондай дау-шарда жұмысы жоқ. Бәленің басы қайда да дәулетті билер ғой. Орынбай сияқтылар елді бүлдіреді. Хиуаға шауып жүргенін білмеймін. Бірақ, ат суытқандар болды. Сыр бойына түскен қазақ қыстауларын өртеп қайтамыз деп желіккендерді де көрдік. Бірақ, момын ел қозғалған жоқ. Артынан бәрі басылды ғой...

Сағындықтың сөзі көптен көкейін тескен бір сұрағына жауап тауып бергендей, Жанқожа ойланып отыр. Құттық ішінде, бүлік басы Кенжеғұл балалары... Қожамберді де Бәйділда болса, Матығұлда бәле-жала Нұрыбай баласы Тәуірден өрбиді. Жақайымда Толыбай мен Бесбасбайдың аты шығады. Әйдербекте Жәніке-Сары балалары... Бәрі де ру басы билер, батырлар... Қайда ел арасына ылаң салып, өрт тастайтындар да солар... Барымтадан мал жияды. Шын шаруа баққан адамға тыныштық керек. Бұл маңайдағы Шектіде Таңсыққожадан озған байды өз басы білген емес. Бірақ, дау ұстап, ортаға түскен жері жоқ. Онда анадай көп малды ұстап отыра алмас еді...

Жанқожа атқа қонып жатып Сағындыққа бір сөз айтты.

— Ағайындарыңа сәлем айт. Жанназар анау екі байталды алып, ертең біздің ауылға барсын. Жылқыларды таптырып берем!

Сағындық аңырап қала берді.

Х Х Х

Шықыманнан шыққанда тәңертең еді. Күн бата Қамысты көлінің басына құлады.



Бес жылқы, төрт түйе, үш жүз қой... Түйе басы жиырма бес қой, жылқы тұяғы жиырма қойдың есебіне жүрді. Оған үш жүз қой қосылғанда, Ақиректің құны өтеледі.

Қос ағасы Бәркелет. Қалған үшеуінің жасы үлкені Бөгенбайдың Шалқары еді. Бишігеш Итіғұл ерді. Таңсыққожа қой айдасуға он бір жасар Бұйраны қосты. Күлік ішінде ақпан аталығынан. Өз аулының сыбағасына тиген отыз қойды айдасып келген. Енді қарақалпақ биді көріп қайтады.

Итіғұл күңкілдеп жүр. Бар азық екі мес қымыз еді. Ал маңайда ауыл қарасы көрінбейді.

— Он мың қойды айдай алмай жүріп... Азыққа бір тоқтысын да қимайды. Енді құм обамыз ба?

— Бір тоқтыны сойыңдар!

— Барғансын санап бермейміз бе?! Шикіл сары Шалқар шыр етті. — Бір қойды жаныңнан төлейсің бе?

— Қысылып кетсек, Күржібай құдадан аламыз.

Жасы үлкендер қажасып жатқанда, Итігұл құйрығы дермендей қара тоқтыны алып ұрды. Аяғы байлаусыз еді. Тамақтан орып жібергенде, жан ұшырған тоқты тұра қашты. Итіғұл далбалақтап ізінде барады.

Пысық Бұйра шақпақ шағып, тозғақ тұтатты. Итіғұл тоқтының қарнын аршып, етті жілік-жілігімен соның ішіне тоғытып жатыр. Бұл кезде бір арқа қара бұта жанып бітіп, қып-қызыл қоздап тұрған. Итіғұл тамақ қамдауға ұста. Қозды аударып жіберіп, астын щұқырлап, қарынды сонда көмді. Үстіне қызыл шоқты жоталап үйді. Жан-жағына сиырдың қу тезегін қалап қойды.

Басқа жұрт бір тойғанына мәз, жалғыз Шалқар, қашан көзі ұйқыға кеткенше қара тоқтыны жоқтады.

Таң атты. Бәрі де үйірінен айрылған, қозысын қалдырған қой, азан-қазан маңыраған даусы даланы басына көшірді.

Жігіттер жолға түсті. Қара тоқтыны айта-айта Шалқардың да жағы талған. Бәркелет былқ етпейді.

Темірші тауы көрінді. Бергі жақ баурайында қырық-елу қой жайылып жатыр. Бәркелет ат басын солай бұрды. Қой шетінде тыриған арық кара шал, маңдайына күн сала қарайды. Беліне ақ сабау қыстырыпты.

— Ассалаумәликум!

Бәркелет шалды танып тұр. Аты Кәріп. Биыл Шөмішкөлді қыстаған он шақты үй ардана бар еді. Былтыр күз Сыр бойына ертелетіп құлаған ауыл түйеден қол жуады екен. Шөптен тапқан. Қыс жұт болды. Азғандай жылқыдан тағы айрылады. Ауылда бұт артар көлік жоқ. Көктемде Тасарықтың басына жұрт ауыстырып қонып, онан әрі жылжи алмай отырып қалған-ды...

Бәркелет жол мәнісін айтты. Ақиректің өтеуіне шығарылған бес жүз қойдың бір тоқтысы жол бойы қарынға түсті. Кәріптен қарызға қой сұрап тұр.

Кең пейіл шал көне кетті.

Жігіттер мәз болып қалды. Кәріп берген бір қой жүз жылдан кейін алдарынан шығатынын, Ақиректі меншіктенген алтынбай-күліктен ардананың болысы Алданазар жер даулайтынын, ақыры Мәстәтті алып тынатынын, қазір бұлар біліп тұрған жоқ.


Х Х Х
Әнетей тарысын орып тастап, енді Мәтниязды күтіп отыр. Көршісін Жаңадария бойындағы Сағындыққа жұмсайды. Көшке көлік керек... Азғантай дән қапқа түскен соң, жылы күздің басында жылжи береді.

Бидай батыр келіп кеткелі де айдан асты. Он шақты күнде оралмақ еді, қайтып ат ізін салған жоқ. Далада қалып бара жатқан жерді кім сатып алушы, еді? Қартайған Әнетей қашанғы отырады? Бір күні көшеді... Көшпесе, ажалы жетіп өлер. Әйдербектер солай ойлаған болды...

Әнетей оны Мәтниязға да айтып қойып еді. Қазір ұялып жүр. Бүгін көк есектің басына ноқта салды. Ала жаздай құр жүрген есек, қолда тұрмайды. Жалғыз жүрсе, мал да мінез ашады екен. Қырманға әзер түсті.

Есектің ноқтасы шалдың қолында, жетектеп жүр. Гүлбазар мен Типыша кемпір шетке шыққан бауларды қағып алып, ортаға тастайды. Қырманда жұмыс қызды.

— Кемі он бес қап шығады. — Әнетей маңдай терін сыпырды. — Кемпір, түс болды. Көже қамда, дем алайық...

— Мына біреуісі кім?

Жалғыз жаяу, жыртық шапанының етегі далбаң қағып, бүлкілдеп келеді. Гүлбазар жынды адамға ұйғарды. Даусында үрей білініп еді.

— Әй, мынау Өмірқұл ғой! — Әнетей жылап жіберді.

Өмірқұл бұдан бес күн бұрын Жаңадариядан шығады. Кешеден бері елсіз түз, құр сүлдері жетіп отыр.

— Сіздің жалғыз үй Ақиректі бағып қалғаныңды Сағындықтан кеше естігенім жоқ па? Көшсе - алып келейін, қалса - Ақиректі екеулеп күзетейік дедім де жүре бердім...

Көжеге тойып, әл кірген соң Өмірқұлға тіл бітті.

Қалған тарыны бастыру жұмысы ертеңге қалды. Әнетей қонағының қасында, ел амандығын сұрап отыр. Жаңадария, Әмудария бойындағы қарақалпақта Өмірқұлдың білмейтін адамы жоқ, араламаған жері жоқ. Арасында күлдіріп те қояды.

Екі үйдің жаны түн ортасы ауа ұйқыға кетті.

Тәңертең ерте тұрды. Өмірқұл есектің басын ұстайды, Әнетей артынаң қуалайды. Азғантай тары түске шейін бастырылып та болды. Ауыл мәре-сәре еді.

Түс қайтқан. Ақпай жақтан қалың қой шұбырып шығып, бері қарай құлап келе жатыр.

Әйдербектер... Әнетейдің ойында сол тұр еді, Әлі де сеніңкіремей дағдара қарайды.

— Қырман тассын!

Бәркелет анадайдан айқайлай келеді.

Мынау көп мал биге арналған сый-сияпат екенін білгенде, Типыша кемпір жылап жіберді. Оның арманы, ертең үй көшкенде жүк артатын бір түйе еді.

Ақиректі саудаға салған ешкім жоқ, Әйдербектер тап осылай жарылқай қояр деп Әнетей де ойлаған жоқ-ты.

Өмірқұл санын соқты.

— Баяғыда би ағам Таңсыққожадан топырыш торыны мініп қайтқанда-ақ ішім мұздап еді-ау. — Таңдайын қағып, басын шайқап тұр. — Айт жоқ, той жоқ, екі кісі егесіп төрелік айта барған жоқ, қазақ қарақалпаққа тегінен-тегін ат мінгізе ме? Әнетей ағам Таңсыққожаның қанжығасына енді кімді байлар екен деп ойлай-ойлай кетіп едім. Сондағысы Ақирек екен ғой... Қулығына құрық бойламайтын қу бидің құлқынында кеткен есіл Ақирек, уай, уай!

Өмірқұл екі бүйірін таянып уай-уайға басқанда, Шалқар шошып кетті.

— Әй, мына біреуісі жынды емес пе? Басқа жұрт қыран топан күліп жатыр.

— Жер шұрайы Ақирек еді, онан бір айрылдық. Су кеніші Сырдария еді, онан екі айрылдық. Онан артық жамандық бола ма би аға. Мен жыламағанда, кім жылайды.

Өмірқұл ойнап айтса да ойындағысын айтып тұр. Оған Әнетейдің де жүйкесі босады.

Қырмандағы тары жиналмаған күйі қалды.

— Күн кешкірді. Жел де жоқ екен. Ертең ұшырармыз. Өмірқүл, қонақтарды үйге баста!

Би босаған жүйкесін күштеп бекітті. Қазір түсі салмақты қалпы, қонақасы жайын ойлады.

Қазақтар әкелген қойдың біреуі пышаққа жығылды. Әнетей қонақтарды қайтарған жоқ. Қонақасыдан кейін би бата кылды. Бетінде сала-сала із салып шұбырған жас, ақ сақалын жуып тұр еді. Ата қоныс Ақиректің қалып бара жатқанын еске алды. Осы бір қасиетті жердің, ендігі иесі әйдербектің балаларына кұтты қоныс болуын шынымен тілейді. Жан жүйкесі егіліп отыр.

Қазақтар ертелетіп жүріп кетті.

Қыруар малды қалай ұстап тұрарын білмей, Типыша кемпір сасқалақтап жүр. Қырман жайына қалып, қой соңына түсті. Түнде Сағындықтың қорасына иіреді. Өмірі екі сиырды тең сауып көрмеген байғұс, қуаныштан есі шыққан. Кешке сүрнігіп жығылады.

Оған қарап Өмірқұл мәз болады.

Мәтнияз осы қызықтың үстіне келді.

Жылқы батырдың тамы бітіп жакындапты. Онан соң қора-қопсы салады. Тек тарының орағына көмектесе келіп еді.

Оның жиналып болғанын көріп қуанды. Көзі сонан кейін ауылдың сыртында жатқан қойға түсті.

Әнетей малдың жайын айтып отыр.

— Ғайыптан түскен олжа ғой. Мына малдан сыбағаңды ал. Өмірі тең сиыр сауып көрмеген Әнетей, Ақиректі сатып байымайды. — Соны айтқанда би күрсінді. — Азынаулақ дәніміз бар. Құдайға шүкір, алдымызға мал түсті. Жалғыз үй отырып, жынданып кете жаздадық қой. Жаңадарияға жылжиық, шырағым...

— Мен биылша қозғала алмаспын. — Мәтнияздың назары төмен, ақырын үн қатты. — Жылқы батырға кеткен сөзім бар. Қыстауын салып бермей, қалай кетем.

— Онда малдан...

— Мал алмайын. Жылқы батыр тамның ақысына екі сиыр беріп отыр. Ағайын дегенмен, Жаңадариядағы қияттар да қай бір жетісіп отыр дейсің? Тарысына жылқы түсіп, бүлдіріп кетіпті. Онда саған жаны ашитын кімің бар? Өздері тарығып отырған ағайын несін бөліп береді? Менің ақылымды алсаңыз, Үргеніш көшіңіз. Жабы дәуірлеп тұрған көрінеді. Бәлкім келер жылы мен де барып қалармын. Көшетін болсам, Үргеніш асамын. Өзіңіздің қасыңыздан табылармын.

Мәтнияз бір сырын айтпай отыр. Жылқы кіші ұлы Қошқарбайға Күләйімді сұрап, оған өзі келісім беріп қойған. Қазір де қыстау емес, қүдалық жайы бөгеп отыр еді. Мәтнияздың астындағы кұла бие Күләйімнің қарғыбауына келді. Бата бұзбақ қиын іс. Он жасар баласын жат босағаға жылатып тастап тағы кете алмайды. Қашан қыз бойжетіп, құтты орнына қонғанша, Мәтнияз да байлаулы баспақ... Оны айтуға биден қорынып отыр.

Мәтнияздың қазақ арасында қалатынын есіткенде, Әнетей шынымен қынжылды. Екі сиыр алады екен... Онсыз да әйдербектен келген мал жетіп жатыр... Әй, басқа да бір себеп бар-ау. Бала айтпай отыр. Жаңадария бойына жылжу анада бір сөз болған. Мәтнияз ол жолы да сөз ұстатпай, жүрдім-бардым жауап беріп еді. Қайран, момындық-ай! Жаман адам уәдешіл... Момын сорлының сертіне мықтысын қарашы...

— Жалғыз болсам да көшемін! - деді Әнетей қатайып. — Мынау Өмірқұл да келіп отыр. Амалдап жетерміз...

— Оған әуре болмаңыз! - деді Мәтнияз. — Өзім көшіріп апарып, ағайындарыңа қосып қайтамын.

Ертеңіне ескі ырдуан арба жөнелді. Мәтнияз әуелі өз үйін Лайкөлге көшіріп апарып салды. Көз ашқалы іргесі айрылмаған екі үйдің адамдары жылап қоштасты...

Мәтнияз ертең қайтып келіп, бидің үйін көшіріседі. Типыша кемпір көр-жерін жинастырып жатыр. Өмірқұл қой жая кетті.

Сол күні Лайкөлге қарай екінші біреу де бара жатты. Салт атты, сабау қамшылы жалғыз кісі еді.

Қазір екі кісі бас қосса, Жылқы батырдың қыстауын айтады. Ұстасы қарақалпақ. Бекбауыл ақыры шыдай алмай, жолға шыққан.

Алдыңғы күні Қызылдағы Кенжеғұл ауылынан кайтты. Қарақалпақтардың егініне жылқысы түсіп, екі байтал қолды болыпты,,. Қарақалпақтар жылқышы Нұрымбетке апарып, ай таңба куә болып, Кенжеғұл баласы Раманқұл айып тартқан... Жеті жылқы... Бес жылқыға түсіргісі келіп әрі-бері күшке салған Бекбауылды, Жанқожа тыңдамады. Ақымақ! Даладағы қарақалпақта не туыстығы бар деймін-ау. Ағайынның өкпесіне қалды... Бекбауыл бұрын Раманқұлды елемейтін. Нағыз қасқыр беттің өзі екен! Жиырма жаста, ауыздыға сөз бермей тұр. Түбі көресіні сол көрсетер...

Ойы сонда келіп тоқырағанда, Лайкөл де көрінді.

Адасып жүріп ертегідегі хан сарайының үстінен шыққандай Бекбауыл аузын ашып тұр.

Кірер ауызда дәліз. Аржағындағы есікті ашып еді, кең сарайдай бөлме көрінді. Екі қапталда екі ошақ, үстіне қазан қойса, дап-дайын ас үй екен. Ас үйден екі жаққа екі есік ашылады. Әрқайсысы даладай кең бөлмелер... Қабырғасындағы сылағында да бір мін жоқ. Сірә тілімен жалап қойған шығар. Ақ қиыршық топырақпен сылапты. 0, құдірет, Бәлдір ғой саз балшықты тұрғыза алмай әуре болып жүр. Мына қабырғаға ақ топырақты қалай ұстатқанын білер ме едің?

Бұл үйдің дәлізі Бәлдір салып жатқан тамнан артық...

Тамның айналасында қазылған қарықтар... Қораның қарығы екенін Бекбауыл байқап тұр. Екі-үш шошақ нар қамыс үйіп қойыпты. Қораның бір шетін көме бастаған екен. Қамыс қораның қайырды талынан жасаған белдеуіне қарап тұрып, Бекбауыл таңдайын қақты. Бір мін жоқ...

Бекбауылдың есіне қора-жайы түсті.

Бір үйір жылқы берсе де осы қарақалпақты жалдауы керек екен. Бәлдірдің сөзіне сеніп... Қап! Бекбауыл өкінді.

Сөйлесетін ұста қарақалпақ жоқ. Мына там үшін Жылқы батырдың не бергенін де біле алмай қайтты.

Шалбурылды басқа-көзге төпелеп келе жатыр. Бәлдір қолға түссе түтіп жейтіндей, кіжініп қояды.

Лайкөлден Бекбауылдың кыстауына шейін бір көш жер, дарияның бойымен тіке тартты.

Бәлдір жоқ. Жалбыр мыңқылдап желкесін қасиды.

Бекбауылды аттандырып салып, Бәлдір де атқа қоныпты...

— Би көшеді дейді ғой...

— Қап, иттің баласы-ай! — Бекбауыл Жалбырды тартып жіберетіндей, қамшысын оқтап қояды. — Әлгі төбет келсе айт! Ертең тағы келем. Тамды келістірді. Енді қора істесін! Оған шейін тал кесіп қой. Қос белдеу салу керек...

Шалбурылды сауырға бір тартып, жүріп кетті.

Жалбыр салбыраған басын көтерген де жоқ.

Екі күннен кейін келген Бекбауыл есіктің алдында үйіліп жатқан талды көрді. Жалбырға іші жылыды. Аттан түскенде, алдыңғы күнгідей емес сабырлы еді.

Бекбауыл қалшылдап кетті. Ұрынатын қара таппай Жалбырға кіжінеді. Әрі Дәлду... Олай өтсе де, былай өтсе де, ерінін шығарып, әбден жынын келтірді. Ақырып-жекіріп жүріп, Жалбырға қораның орнын тазалатты. Айналдыра қарық қаздырды. Қара келіншек үйден шықпайды. Өзі көмектесуге арланды.

Бәлдір сол жұмыстың қызған кезінде келді. Екі езуі екі құлағында, шабдар аттан түсіп жатыр. Қаперінде түк жоқ-ты.

— Иттің ғана баласы, үш күннен бері қайда жүрсің?

— Бәке, кейімей қоя тұр. Мен әуелі көрген қызығымды айтайын. — Бәлдір ыржиып күлді. — Қырғын болды.

Бекбауылдың көтере берген қамшысы сылқ түсті. Бәлдірдің соңғы сөзінен шошып қалған.

— Үш күннен бері Әнетейдің үйінде...

— Ал?


— Би бүгін Жаңадарияға көшті. Баяғы Өмірқұл лаққы бар ғой, сол келіпті. Екі күннен бері күлкі, езуіміз жиналған жоқ...

— Екі лаққы қосылып лағып кеттік десейші...

— Әнетей күнде бір қой сояды. Ауызымыздан аппақ майды, ағызды. Бүгін бидің қойын айдасып, дарияның аржағына шығарысып салдым...


  • Әнетейдікі қайдағы қой? — Бекбауыл елең етті. — Ауызыңа келгенді оттап тұрсың ғой тағы да...

Айтпақшы, Беке, сен есітпеген екенсің ғой. Әнетей Ақиректі сатып кетті. Бес жүз қой...

— Ақиректі әлде саған сатып кеткен шығар! — Бекбауылдың жыны; құрыстай бастады.

— Маған бес жүз қойды кім берсің. — Бәлдір тыржаңдады. — әйдербектер алыпты...

— Соқ өтірікті!

— Сонша малды Әнетей ұрлап алды деп отырмысың? Өзі айтты. Бәркелет бес жүз қой айдап әкеп беріпті...

Жындының бір айтқаны келмесе, бір айтқаны келеді. Бекбауыл Бәлдірдің шын айтып тұрғанын аңғарды. Бірақ, әйдербектер... Бес жүз қой беріп, Ақиректі сатып алатындары қалай? Қарақалпақтар өзі үшін кетіп жатыр... Жер далада қалды. Қыстау салған қазақтардың қолын қағатын ешкім жоқ...

Әйдербектің сұм билері тегін қой бермейді. Қашанда бір бау жантақтары ішінде жататын еді. Ақиректің қопасы биыл жеті ауылдың жылқысына пана болған екен. Осы бір шұрайлы қонысқа ие болу Бекбауылдың да есебінде бар. Кәпірарықтың тоғанын бұзып, сағасына қыстау салғанда, бір жағында арам ойы жатты. Айтқандай-ақ болды. Қыстан тарығып шыққан қарақалпақтар Ақиректі су алып кеткен кезде, алды-артына қарамай қаша көшкен... Бірақ, Мәстәттің басында Әнетей қала берді. Кәрі түлкі артына бекер қарайламаған екен... Ақыры Ақиректі бұлдапты... Оның сатып кеткісі келіп отырғанын әйдербектер қайдан біліп жүр...

Әнетейде көлік жоқ. Жұрттың соңында қала бергені, жылжи алмай отыр ғой... Бекбауыл солай ойлады. Қарақалпақ батагөй биін далада қалдырмайды. Ақиректен ауған көп қият есін жиған күні іздеп келіп, көшіріп әкетері анық. Сол сәтті аңдып, Көпірарықтың сағасында отырған Бекбауылдың бар еңбегін кәрі қақпас еш қылды. Ақирек әйдербекке бұйырды...

Әнетей көшетін көлік тауып берсе де ырза болар еді әйдербектер бір қора қой айдатқаны қалай?

Оны кейінірек түсінді.

Ерте көктемде Нұрыбай бидің үйінде жақайым Толыбай батыр кездесті. Бекбауылдың қыстау салып жатқаны сөз болды. Қарақалпақтар жаппай көшіп жатыр. Сырдарияның бойындағы иен жер қазақтарға қалды. Қысты күні малын жерге сыйғыза алмай, халық жаппай қысылады. Әлгі хабарға Қарақұмдағы ел де елеңдесіпті. Бәріне де Сыр бойынан бір-бір қыстау керек... Қыстау...

Бекбауылдың қыстауды тездетуіне Толыбайдың сөзі түрткі болды. Қонысқа жайлы қопалы жерді ертерек қамтыған. Жұт болмай тұрмайды. Бір қысылған жылы, қазақтың есіне қарақалпақ қалдырған қыстаулар түсетіні анық. Оның арты дау... Атадан атаның кемдігі жоқ. Бос жерден бес шекті түгел дәметеді... әйдербектер даудан қашып отыр.

Осының ақыры жамандыққа бағып, жер бөліске түсер болса, Әнетейді алга тартады. "Далада қалған жерге ие болғанымыз жоқ, қарақалпақтан сатып алдық" деп қарап отырмақшы.

Бекбауыл бармағын тістеді.

Ит ашуын тырнадан алады. Қарақалпақтың жерін әйдербекке Бәлдір сатып келгендей, тағы да соған ұрынған. Ұстамын деп кеуде қағады. Салған үйінің есігі қисайып жатыр. Төбесінде сылақ жоқ. Күз түсті. Әлі қорасы да қолға алынбапты...

— Батыр-еке, бастағы уәдемізде қора жайын ауызға алғанымыз жоқ. Оны қайдан шығарып жүрсің?

— Жылқының қыстауынан көріп келдім. Қарақалпақ ұста қораны зыңғыратып қойыпты...

— Зыңғыратса, баста келіскен-ді. Мұртына қарай іскегі, сабасына қарай піспегі. Ақысы толық болса, не істелмейді?

— Сен әуелі Жылқы батырдың тамын көріп қайт. Салуы қалай, сылағы қалай? Піспекті сосын айт. Кірсең шыққысыз...

— Ендеше сонда неге қала бермедің?

— Мынау не айтып тұр, ей?!

— Жарын анау Мәтнияз қарақалпақты шақырып алып, тамды қайта салдырарсың. Оттап тұрғаным сол! Мен қолымнан келгенін аяғаным жоқ. Талай қарақалпақтың салған тамын біз де көрген қазақпыз. Менің салған тамымнан артық жері шамалы еді. Өтіп кеткенің шабдар атың болса, қайтып алып үйірге саларсың. Басымды қатырма, шырағым!

Бәлдірмен ерегісіп болмайды. Шамына тисең жолым үйін жалғыз сиырына теңдеп жүре береді. Атты қайтып алсаң, бітіп тұрған үйді өртеп кетуден тайынбайды. Бәлдірмен айтысып, несін аларсың? Өлтірсең, құны бар...

Бекбауыл ақылға келді.

Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ. Бәлдір ер емес пе едің? Басын бастаған екен, аяқтап шықсын. Қыстың көзі қырауда қойды қайда қамамақшы? Қорасыз үй кімге дәнекер? Жалбыр әне бір арқа тал кесіп, дайындап та қойыпты. Қамыс үюлі жатыр... Енді тек қораның іргесін көму ғой...

Бекбауыл мәйкөңкеге басқан соң, Бәлдір де бәлсінді.

— Уай, пәлі! Сонда ол қораның белдеуі қандай? Жылқы батырдың қорасын көріп келдің. Қамыстың екі жағына тал белдеу жүргізіп, арасын қыл арқанмен бекіту керек қой. Оны кайдан таппақпын. Келініңді қырықтырмасам, біздің үйде бір уыс жүн жоқ!

Бәлдірдің бұл сөзінде шындық бар екенін Бекбауыл да мойындады. Тал белдеу өзінен өзі жабыса қалмайды. Әр жерінен қыл арқанмен бекіту керек еді.

— Келінді қырқып, жүнге жарымассың. Азықтарың да таусылған шығар. Әрі кетсе үш күнде, бір қой алып жетемін. Оған шейін қораның қарығын қазып, дайындап қоярсыңдар. Тамның ішкі төбесін сылауды да ойластырғайсың...

— Бәке, қызық екенсің. 0 заманда , бұ заман, тамның төбесін сылағанды қайдан көріп жүрсің?

— Жылқы батырдың...

— Жылқы, Жылқы... Бір айғырды тапқан екенсің! Ол қарақалпақ қулық істеп отыр. — Бәлдір көзге шұқып сөйлейді. — Қысты күні тамға от жағыла ма?

— Там болған соң...

— Қазан асасың. Үйдің ішін бу алады. Рас қой?

Ал?

— Сол кезде төбедегі балшық су болады. Сонан соң былш-былш аяғыңа түседі...

Бекбауыл дағдарып тұр.

— Төбесі құрысын! Қораны бітірші!

Жылқы батырдың қыстауын көріп іші бір күйсе, Бәлдірден есіткен хабары онан да жайсыз тиді. Бекбауыл ойда келе жатыр.

Түн айсыз қараңғы еді. Түс қайтқалы бұлттанып тұр. Әп-сәтте дауыл соғып, алай-түлей қылды. Жел ызғарлы, жалаңаш етке киген жалаң шекпеннен өтіп барады.

Өзінің ішінде де ақ бұрқақ, астыңғы ерінін ауырта тістейді. Әділдігіне баққанда, Ақирек Бекбауылға тиісті еді. Енесей бидің туған жиені... Енесейдің қасында, өмірі асқа жарымаған Әнетей би кім еді? Оның Ақирекке билік жүргізетін жөні жоқ. Әйдербектің қызылына жығылып, қияс істің басына барыпты, Мұнда арамзалық жатыр...

Бекбауылдың тәсілінде, арамзалықтың қарымтасы арамзалықпен қайтады. Азғантай әйдербекті іштен шалудың амалын қарастырды. Қазақ қолданатын әдіс, қасын тіккен адамының малын барымталайды. Бұрын-соңды Өтеген-Нұрымбет тұқымы ондай оңай олжадан ауызданып көрген жоқ-ты. Ағайын ауыз бірлігін қасиеттейтін батагөй шалдар, бала-шағаны тиып ұстап, адамдарын аштырмайтын. Нұрымбеттің көзі тірі тұрғаңда, Бекбауылдың ондай тентектігін бас­қа кішкене түгіл, ат төбеліндей құттықтың шалдары да қолдамайды. Бекбауыл әлгі пікірінен тез қайтты.

Қастықтың басқа түрін табу керек...

Бекбауылды сол қинайды. Қазір қанына қарайған, көкірегі қап-қараңғы түнек еді.

Қыстауға өкпелеп қыңқылдайтындар ертең өзі үшін табылады. Сонда жұрттың назарын Ақирекке қарай аудару керек... Содан соң әйдербектер басын даудан сатып алып көрсін!

Бекбауыл көңілденіп сала берді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет