З¦лымдыќ дараѓЫ



бет2/2
Дата15.08.2022
өлшемі20.47 Kb.
#459952
1   2
ИСРАИЛ САПАРБАЙ АЛГЫСОЗ 2020 тузетилген вариант

Ыр...р...р...р...

Ауылдың аты – ауыл, жаз – жайлау, қыс – қыстау. Қала қашаннан қазымыр. Сонда да кісі баласы қалаға үйір. Урбанизация үрдісі ақыр соңында қазақты қалаға әкеліп тоғытты. Қадым заманнан қанға сіңген қасиет әдірем қалып, таланың тарылса, тағдырың налыса тарпаң мінезді ақын болмысы қамаулы қасқырға айналмағанда қайтсін? Жиырма мен отыздың арасындағы ақын өлеңдерінің тұздығы тым ащылау келіп жатса, бұл – ақиқат.


«Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші. Ал Ақиқатты аттап, не айналып өте алмайсың. Безінсең – безбүйрек боласың, кезіксең – өткір кездікке айналасың. Екінің – бірі. Алмас ақын соның екіншісін таңдап отыр. Өте дұрыс. Атына сайма-сай. Заты да зарлауықтар тұқымынан мүлдем алыс, әурелі де әулекі тірліктен тым-тым әріде жатыр...
Мінсіз адам болмайды, болса, ол – Құдайдан не ары, не бері. Ақынның қайсыбір кездерде пендеге ұқсамайтыны осыдан. Періште де бола алмақ емес. Мінез бен болмыс – екі басқа дүние. Болмыс – абстракциялық ұғым, таным болса, мінез – қарама-қайшылыққа толы. Ол – барынша нақты һәм анық-қанық айғақтың нақпа-нақ өзі. Өзі деп отырғаным—жоғарыдағы өлеңнің иесі. Мысал керек пе? «Кекке» кезек берелік:
Мен – кісінің кейпіндегі Бүркітпін,
Түлететін түйсігімді түртіп түн.
Көлбей ұшып,
Зәре-құтын қашырып,
Көлеңкеммен көкжалдарды үркіттім.


Қоңданғам жоқ қоң етін жеп қоянның,
Тіршілікте өлексеге тояр кім?!
Томағалы басымды ұрып тұғырға
Тоят тілеп...
Түнде шошып ояндым.


...Алпыс екі айласы бар құмар аң,
Сәтін салса, кете алмассың, сірә, аман.
Түлкі-заман, құтырып қал, құтырып,
Қан сорпаңды қансонарда шығарам!

Автор, неге екені белгісіз, өлең атын «Кек» деп атапты. Көңілге қоныңқырамайды. Мына жырда ақынның «МЕН»-і менмұндалап тұр! Бүркіт кейпіндегі кейіпкер, басқасын былай қойғанда, Түлкі-заманға өлердей өш. Әзірге оның «құтырып» қалуына мұрсат беріп отыр. Ия, ал әзірге. Не бүгін, не ертең Қансонар басталады. Омбы қарда түгі үрпиген Түлкінің (заманның) әуселесін сонда көрелік!!! Түлкі – прообраз ғана. Оның ішінде мына біз бармыз, бізден гөрі анау «элита» жақ көбірек бар. Ақын мұны сонау 2004 жылы жазыпты. Көріпкел дерсің?! Иә, айттық қой, ақын затын түсіну қиын деп...


Сол қиын түйінді өзі де шеше алмай жүрген хал-аужайын көргенде («Автопортрет») тағы да таңданыс күйге тап келесіз:


Неге сендім?
Нені ойладым?
Не дедім?
Дәлелге алып дүниенің дерегін?
Өлілер мен тірілерден сыр тартып,
Өмір бойы өзімді іздеп келемін.


Өзіңді-өзің танып-білу – хақ ілім,
Хақ ілімнің аты – иман, заты – дін.
Аллаға тән болса дедім мінезім,
Адамға тән болса дедім ақылым.


...Неге сендім?
Нені ойладым?
Не дедім?
Дәлелге алып дүниенің дерегін?
...Бұ дүниеде неге іздедім өзімді –
О дүниеде айтам оның себебін...

Неге өлең соңы шолтаң ете қалды? Отызға келмей жатып «о дүниесі» несі?


Алда әлі қыры мен сыры қыруар Қырық бар емес пе? Қырық демекші:
«Қырыққа дейін мұртың май,
Қырықтан кейін қыртылбай...», – деп жазғанымыз бар еді кезінде. Жеңіл-желпі экспромт қой, баяғы... Сөйтсек, Алмас «бұ дүние» мен «о дүниенің» арасында адасып жүргенде («Әуре»-ге) түсіп, мына бір мөлтек жыр дүние жарығын көргенге ұқсайды. Әлгі көп сауалдың жауабы да осы болар, сірә:


Жан шырылын жан ұқпай,
Жанталастым ауға түскен балықтай.
Жүк көтердім жүрегіммен мықшыңдап,
Ауырлығы – табыттай.


Алға жылжып ақырын,
Жүргенімді жақтырмады жақыным.
Үлкен дауға ұрынатын түрі бар
Кіп-кішкентай ақылым.


Сүймеген соң сүйгенім,
Жүрегіме алтын ине түйредім.
От пен суға түскен Орта ғасырдың
Ойшылындай күйредім!


Жә, несіне қамығам,
Патша-көңіл түскен жоқ қой тағынан?!
Пенделіктен қол үзетін жол іздеп,
Періштеме жағынам.


Айтылған жоқ айтарым,
Қалың елдің қабағынан байқадым.
...Кісіліктің кілтін тығып тастапты
Менің бала сайтаным...

Сөз жоқ, ақылды өлең! Әр жолын жіліктеп талдауға болатындай. Орта ғасырдың ойшылы... Жүрегімен мықшыңдап тастай ауыр табыт көтерген пәруана... Пенделіктен безініп Періштеге жағынуға бейіл бейбақ... Жап-жас басымен Кісіліктің кілтін таба алмай жүрген бейопа жан... Бас-аяғы төрт-бес шумақта бәрі бар! Иә, есті өлең көз алдымыздағы ақынды ерте есейтіп жібергендей!


Аумағы аса ауқымды емес жыр кітабының, керісінше, тақырып аясы кең. Қалаға сыймай, әдірем қалған «ауылын» қимай жүрген қазақ баласы қанша, Құдай-ау?! Соның бірі – мына Мен, Сен және Алмас ақын. Ауылды тырнақшаға алып отырғанымыз тегін емес. Шынында да, Ол бүгін бар да жоқ, жоқ та бар... Сол ауыл – ауызда ғана, одан қалса, әншінің «әлаулайым» әуезесінде ғана!.. Мына өлеңді оқығанда, сізді қайдам, мына менің өңешіме өксік тығылды. Жаза-жаза Жан азасына ұшырадым. Жазылғам жоқ. Әлі күнге жазагермін. «Ескі жұртты» оқып одан сайын еңсем түсе егілдім, езілдім...егде басыммен. Сіз де оқыңыз. Ностальгияңыз көз жасыңызды сүртуге жарамайды, трагикалық трапезаңыз болмаса!? Алмастың «Ескі жұрты», міне:


Омбының бергі бетінде,
Көкшенің арғы шетінде
Бар еді біздің ескі ауыл,
Жар еді жесір-жетімге.


Өлтірер жан жоқ, о, мені!
(Көзіне ілмес көнені).
Келдім бүгін еске түсіп ескі жұрт,
Келмей-ақ қойған жөн еді!


Құрғыр-ай,
құрғыр,
кім білген,
Құбылады деп күн мүлдем.
Құрдымға кеткен күнді ойлап
қырдың басында
Құлпытас құсап тұрдым мен.


Шертеді шеңгел бір күйді,
Шау тартқан шалғын мүлгиді.
Жусаған жуас жылқыдай
Жусан шөп басын шұлғиды.


Аяқ астында жаншылып
Арманда кетті-ай қанша үміт!..
Жолаушы көзін шұқиды
Жолда өскен жалғыз тал шыбық!


«Орны бар нәрсе оңалар...»,
Оңалар, сонсоң... жоғалар.
Орнына киіз үйлердің
Орнапты кірпіш молалар.


...Омбының бергі бетінде,
Көкшенің арғы шетінде
Бар еді біздің ескі ауыл,
Жоқ қазір жердің бетінде...

...Жарайды, осымен доғарайын. Жүрекке түскен жүк, байқаймын, ауырлап барады. Обалы не керек, аталмыш кітапты бастан-аяқ оқып шықтым. Көп ақындар елу-алпысында жаза алмаған дүниелерді Алмас отызында айтып, жазып тастапты... Менің айтқан-дегенім әзірге осы ғана. Сүбелі бөлімдер әлі алда. Оқырманға да сырлы аяқтан – сыбаға қалдырсақ игі. Қаперіңізге салайын, бұл – бар болғаны менің ғана мөлтек пікірім, әсте жарнама деп жаңылып жүрмегейсіз. Алмас та ақылды жігіт қой, жазары мен базары үнемі оқырман назарында жүрсе, тәубеге тақуаша тән берер деген ағалық бейілдеміз...


Исраил САПАРБАЙ,
ақын, композитор, драматург,
«Платинды Тарлан» тәуелсіз
сыйлығының лауреаты, 
«Парасат» орденінің кавалері.


Алматы. 2020 жыл.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет