№ исх: 1399 от: 30.11.2011
|
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы « »
№ қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған салалық бағдарламасы
1. Бағдарламаның паспорты
Атауы
|
| Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған салалық бағдарламасы |
Әзірлеу үшін негіздеме
|
|
Салалық бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес әзірленген.
|
Бағдарламаны әзірлеуге және іске асыруға жауапты мемлекеттік орган
|
|
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі
|
Мақсаты
|
|
Қазақстан Республикасында дене шынықтыруды және спортты тұрақты дамыту
|
Міндеттері
|
|
Бұқаралық спортты дамыту;
Жоғары жетістіктер спортын дамыту;
Саланың кадрлық әлеуетін даярлау жүйесін жетілдіру
|
Іске асыру мерзімдері (кезеңдері)
|
|
2011 – 2015 жылдар
|
Нысаналы индикаторлар
|
|
Дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамтуды 2010 жылғы 17,4%-дан 2015 жылы 25 %-ға дейін ұлғайту.
Балалар мен жеткіншектердің жалпы саны ішінде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын балалар мен жеткіншіктерді қамтуды 2010 жылғы 9,5%-дан 2015 жылы 12%-ға дейін ұлғайту.
2012 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында өнер көрсету қорытындысы бойынша Халықаралық Олимпиада Комитетінің жалпы командалық ресми емес есебінің рейтингінде Қазақстан 28 орынды алады (2008 жылы – 29 орын)
2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында өнер көрсету қорытындысы бойынша Халықаралық Олимпиада Комитетінің жалпы командалық ресми емес есебінің рейтингінде Қазақстан 23 орынды алады (2010 жылы – 24 орын).
|
Қаржыландыру көздері мен көлемі
|
|
Салалық бағдарламаны қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджет қаражатының, көлемі шегінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылатын болады.
Бағдарламаны 2011 – 2015 жылдары іске асыруға барлығы 108 111849,1 мың теңге:
республикалық бюджеттен 97 459911,1 мың теңге: соның ішінде 2011 ж. – 13246100,0 мың теңге; 2012 ж. – 22444594,0 мың. теңге; 2013 ж. – 32650219,0 мың теңге; 2014 ж. – 29118998,1 мың теңге.
жергілікті бюджеттен: 10 651938 мың теңге; соның ішінде 2011 ж. – 2854744 мың теңге; 2012 ж. – 2505941 мың теңге; 2013 ж. – 2683789 мыңтеңге; 2014 ж – 2 607 464 мың теңге талап етіледі.
|
2. Кіріспе
Салалық бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында және Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес әзірленді.
Салалық бағдарлама халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруға, барлық санаттағы және топтағы тұрғындардың дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануына жағдай жасауға, халықты қолжетімді спорт құрлыстарымен қамтамасыз етуге, спорт саласында кадрларды, сондай-ақ спорт резерві мен халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталған.
-
Ағымдағы ахуалды талдау
Республикада 2007-2010 жылдары саланы дамыту Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылы 28 желтоқсандағы № 230 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында дене шынықтыруды және спортты дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – мемлекеттік бағдарлама) іске асыруға негізделді.
Осы кезеңде саланың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру жөнінде жұмыс жүргізілді. Дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге түзетулер енгізілді. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер әзірленді және бекітілді.
Осы кезеңде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар санының тұрақты өсу үрдісі байқалды. Егер Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың басында 2007 жылы спортпен шұғылданушылар саны ел тұрғындарының (15%-ы) 2,3 млн. адамды құраса, 2008 жылы 2,35 млн. адамға артқан, 2009 жылы 2,4 млн. адам, 2010 жылы 2,8 млн. адам немесе 17,7%-ын құраған.
Шетелде бұқаралық спорт бірінші кезекте халықты сауықтырудың, өзін-өзі жетілдіруге қол жеткізудің, өзін көрсетудің және дамытудың тетігі, сондай-ақ зиянды әрекеттерге қарсы күрестің құралы болып табылады. Сондықтан мемлекеттер халықты бұқаралық спортпен айналысуға тартуды негізгі мақсат етіп қоя отырып, бұқаралық спортты дамыту мәселесіне ерекше мән береді. Бұқаралық спортты дамыту үдерісінде мыналар негізгі ерекшеліктер болып табылады: бұқаралық спортты қолдауда мемлекеттің рөлін, сондай-ақ осы саладағы қызметті ұйымдастырудың барлық нысандарының рөлін арттыру, бұқаралық спортты алдын алу және емдік іс-шараларда пайдалану, әлеуметтік жағымсыз құбылыстардың алдын алу, жастарды адамгершілік, эстетикалық және интеллектуалдық тұрғыда дамытуда спортты пайдалану.
Осы үдерістердің ықпалы мыналардан:
спорттық думандардан және спорттық қызмет көрсету секторынан;
спорттық телерадио хабарларды тарату көлемінің артуынан;
халықтың қажеттілігін есепке ала отырып, дене шынықтыру-сауықтыру инфрақұрылымын дамытудан;
қызмет көрсету нысандарының, бұқаралық спорт қызметін көрсету ұсыныстарының әдістері мен құралдарының алуандығынан түсетін табыстың өсуіне алып келді.
Қазіргі таңда бүкіл еліміз бойынша өткізілетін спорттық-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларының саны артып келеді, тек 2010 жылдың өзінде 17 мыңнан астам бұқаралық-спорттық іс-шара өткізіліп, оған 3,5 млн.-нан астам адам қатысқан.
Өткен төрт жылдық кезеңде спартакиадалар, спорт түрлерінен турнирлер, спорттық отбасылар арасында «Бірге жарысамыз» атты жарыстар, бұқаралық жүгірістер, сонымен қатар, әрқайсысында 2 млн.-нан астам адам қатысатын Президенттік сынақ тапсыру айлықтарын өткізу дәстүрге айналды.
2010 жылы алғаш рет Қазақстанның бүкіл аумағында дәстүрлі халықаралық «Олимпиадалық жүгіріс күні», бірінші «Жасөспірімдердің ауылдық спорт ойындары» бір мезгілде басталды.
Ұлттық спорт түрлері белсенді түрде дамып келеді, онымен қазіргі кезде 166 мыңнан астам адам шұғылданады (2009 жылы – 123 мың адам). Бұған жыл сайынғы чемпионаттар, республикалық және халықаралық турнирлер, соның ішінде тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты, бірінші Жасөспірімдердің ауылдық спорт ойындары, «қазақ күресінен» әлем және Азия чемпионаттары, Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін Халық спорты ойындарын өткізу, спорт мектептері мен клубтарда ұлттық спорт түрлерінен бөлімшелердің ашылуы ықпал етті.
Ауыл спортын дамытуда маңызды бастама «Ел Қайраты» республикалық ауылдық дене шынықтыру-спорттық қоғамын құру болып табылады.
6769 жалпы білім беру мектептерінде 3 сағаттық дене шынықтыру сабақтары енгізілген, бұл мектептердің жалпы санының 98%-ын құрайды. Республиканың 48 жоғарғы оқу орнында спорт клубтары ашылған.
Елде 538 мыңнан астам бала немесе жалпы білім беру мектептері оқушыларының жалпы санының 22,0%-ы (2,5 млн. мектеп оқушысы) спортпен шұғылданатын 24 мыңнан астам спорт секциялары жұмыс істейді. Республикада 1725 спорт клубы, соның ішінде 106 балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі клубы, 530 балалар мен жеткіншектер клубы, 1020 дене шынықтыру-сауықтыру клубы және 113 спорт түрлерінен кәсіби клуб жұмыс істейді, онда 289 мың адам шұғылданады.
Өткен үш жылда дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тартылған мүмкімдігі шектеулі адамдар санының өсу динамикасы байқалғанын атап өту қажет.
Елімізде халықтың 3%-ын құрайтын 486 мыңнан астам мүгедек тұрады, оның ішінде 45% адамның спортпен шұғылдануына тыйым салынбаған. Осы санаттағы адамдар арасында 13 мың адам дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады, бұл 6,5%-ды құрайды (2009 жылы – 6%).
Бүгінгі күні республикада 127 мүгедек спорттың әр түрінен Қазақстан Республикасының спорт шеберлері болып табылады. 2010 жылы 41 адам спорт шебері, 24 адам халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативтерін орындады.
Жыл сайын спортшы-мүгедектер арасында республикалық және халықаралық деңгейде 70-тен астам спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылады және өткізіледі, оған 1,5 мыңнан астам адам қатысады.
Елімізде бұқаралық дене шынықтыру-спорттық қозғалысты дамытудың нәтижесі отандық спортшылардың Олимпиада және Азия ойындарындағы, әлем және Азия чемпионаттарындағы жоғары жетістіктері болып табылады.
Пекинде өткен 2008 жылғы ХХIХ жазғы Олимпиада ойындарында 13 олимпиадалық медалға ие болдық, соның ішінде 2 алтын, 4 күміс және 7 қола медаль, бұл бейресми есепте Қазақстанға жалпы командалық 29 орынды қамтамасыз етті.
Иеленген медальдардың жалпы саны бойынша бұл Қазақстан құрамасының 1996 жылдан бастап қатысқан барлық кездердегі (Атланта, АҚШ, 1996 жыл – 11 медаль; Сидней, Австралия, 2000 жыл – 7 медаль; Афины, Грекия, 2004 жыл – 8 медаль) үздік жетістігі болып табылады.
2010 жылы қазақстандық спортшылар Ванкувердегі (Канада) ХХI қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Он екі жылдық үзілістен кейін қысқы Олимпиадада күміс медальға қол жеткізілді. Олимпиадада өнер көрсету қорытындысы бойынша 7 қазақстандық атлет әлемнің мықты спортшыларының алғашқы ондығына кірді.
Ел спортшылары 2010 жылғы әлем чемпионатында жазғы Олимпиадалық спорт түрлерінен 11 медалды, Азия чемпионаттарында 50 медалды, Азия кубоктарында 6 медалды, Еуразиялық ойындарда 131 медалды иеленді.
2010 жылы Қазақстанның жастар құрамасы тұңғыш рет Сингапурдағы 1 жазғы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарына қатысты, оның қорытындысы бойынша 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медалды иеленді, 204 елдің ішінде 3500 спортшы қатысқан жарыста 24 орынды қамтамасыз етті.
2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарына қатысудың қорытындылары бойынша Қазақстан құрамасы 32 алтын, 21 күміс және 17 қола награда ұтып алды, Азия ойындарының рекордын жасай отырып, бірінші орынды жеңіп алды.
Қабылданған шаралардың арқасында барлық облыс орталықтарында және Астана мен Алматы қалаларында спортшыларды даярлау жөнінде үздіксіз және жүйелі жұмыс қамтамасыз етілді.
Бүгінгі күні 17 олимпиадалық резервті даярлау орталығы жұмыс істейді, онда 1265 спортшы спорттық шеберлігін арттырады, 8 республикалық мамандандырылған олимпиадалық даярлау орталығында 984 спортшы өзінің спорттық шеберлігін арттырады және орталық спортшыларының 95%-ы Қазақстан ұлттық құрама командаларының негізгі, жастар немесе жасөспірімдер құрамасына кіреді. 2007 – 2010 жылдар кезеңінде мектеп жасындағы балалардың дене тәрбиесін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданды.
2007 – 2011 жылдар аралығында мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезеңінде республикада 16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері (БЖСМ) құрылды.
Қазіргі күні 423 БЖСМ-да 240 мыңнан астам бала немесе оқушылардың жалпы санының 10,0%-ы айналысады.
Сонымен қатар, болашағынан үміт күттіретін 3003 оқушы оқитын спортта дарынды балаларға арналған 11 өңірлік мектеп-интернат және жалпы саны 1191 адамды қамтитын 4 республикалық мектеп-интернат ашылды.
Спорт инфрақұрылымын дамытуда оң үдеріс байқалады.
2010 жылы бүкіл республика бойынша спорт ғимараттарының саны 31 мың бірліктен асты, оның 1717-сі жеке меншікте, 20166-сы ауылдық елді мекендерде. 2009 жылмен салыстырғанда барлық объектілер саны 936 бірлікке, ауылдық жерде 721-ге және жеке меншіктегілер саны 690 объектіге көбейді.
2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарын табысты өткізу үшін жабық футбол стадионы, коньки тебу стадионы, республикалық велотрек, сырғанау мұз айдыны бар «Қазақстан» спорт сарайы, К-95 және К-125 халықаралық шаңғы трамплиндерінің кешені, Алматы облысы Талғар ауданы Солдат шатқалындағы шаңғы және биатлон стадионы, Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайы, биік таудағы «Шымбұлақ» спорт базасы, биік таудағы «Медеу» спорттық мұз айдыны сияқты бірегей спорттық объектілер салынды және қайта жаңартылды.
Дене шынықтыру және спорт саласын дамытудағы маңызды мәселе сала үшін кадрларды даярлау болып табылады.
Қазіргі уақытта республикада спорт саласында мамандарды даярлаумен 17 жоғарғы оқу орны айналысады, оның ішінде жаттықтырушы-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыру жөніндегі кәсіби қызметті бір жоғары оқу орны - Қазақ спорт және туризм академиясы жүзеге асырады.
Салада спорт түрлері бойынша 8 748 штаттық жаттықтырушы жұмыс істейді, жаттықтырушы кадрына деген сұраныс бүгінгі таңда әр өңірде 20 – 30%-ды құрайды.
Жалпы алғанда, республикада дене шынықтыру мен спорттың дамуы елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына оң әсер берді.
Халықты бұқаралық спортпен айналасуға тарту дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатындар санының өсуіне алып келді. 7-қысқы Азия ойындарын өткізу халықаралық спорт аренасында қазақстандық спорттың имиджін және бәсекеге қабілеттілігін нығайтты.
3.1. Дене шынықтыру және спорт саласының күшті және әлсіз жақтарын, мүмкіндіктері мен қауіп-қатерлерін талдау
Күшті жақтары
|
Әлсіз жақтары
|
Дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға арналған заңнамалық және нормативтік-құқықтық негіздер
Халықтың барлық әлеуметтік жіктерін, соның ішінде мүгедектерді дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тарту
Спорттық-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру іс-шаралары санының артуы
Ұлттық спорт түрлерін дамыту
Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін ашу
Халықаралық спорт аренасындағы жоғары нәтижелері үшін спортшыларды және жаттықтырушыларды материалдық ынталандыру
Дене шынықтыру және спорт инфрақұрлымының болуы
Үкіметтік емес қоғамдық спорттық ұйымдардың болуы
Спорт саласында үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың белсенді түрде өзара әрекет етуі
|
Барлық дерлік инфрақұрылым ірі қалалар мен елді мекендерде орналасқан
Көптеген спорт ғимараттарының моральдық және физикалық тұрғыдан тозуы
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған құрал-жабдықпен жабдықталған, бейімделген спорт ғимараттарының болмауы
Дене шынықтыру және спорт саласында мемлекеттік-жеке серіктестік, сондай-ак мемлекеттік қолдау тетіктері қалыптастырылмаған
Спорттың ғылыми базасының жоқтығы
Медалдар көп үлеске түсетін спорт түрлерін дамытуға арналған жүзу бассейндері, ату алаңдары, жеңіл атлетика манеждері, велотректер, шаңғы базалары, есу арналары сияқты мамандандырылған спорт ғимараттарының жетіспеушілігі
Спортты насихаттау мен дәріптеу деңгейінің жеткіліксіздігі
Мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру мекемелеріндегі төмен спорттық материалдық база
Республикалық олимпиадалық даярлау орталықтарының жеке оқу-жаттығу базасының болмауы;
Жаттықтырушылар жұмысына еңбек ақының төмен болуы
|
Мүмкіндіктер
|
Қауіп-қатерлер
|
Азиаданың спорт объектілерін тұрғындарды спортпен шұғылдануға тарту үшін пайдалану
Қолда бар спорт инфрақұрылымын бейімдеу арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдарды дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тарту
Дене шынықтыру және спорт саласында мемлекеттік-жеке серіктестікті дамыту
Материалдық-техникалық базаны нығайту – инвентарьмен қамтамасыз ету және спорттық жабдықтармен жарақтандыру
Спорт кадрларын даярлау мен қайта даярлау бағдарламасын жетілдіру
Тұрғындар арасында спортты насихаттау және дәріптеу
Дене шынықтырумен және спортпен белсенді шұғылданатын тұрғындардың үлесін арттыру
Жалпы білім беру мектептерінде дене тәрбиесі даярлығы клубтарын құру
Мектептер мен жоғары оқу орындарында спортпен шұғылдану бойынша сабақтан тыс жұмысты ұйымдастыру
Интернаттарды қайта ұйымдастыру арқылы кәсіби-техникалық ұйымдардың санын ұлғайту
Дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің санын ұлғайту
Арнайы медициналық топтардың санын ұлғайту
Ғылыми-әдістемелік базаны құру және жетілдіру.
|
Спорт инфрақұрылымын тиімсіз пайдалану
Тұрғындардың дене шынықтыруға қызықпауы
Мүгедектер арасында спорттың әлсіз дамуы
Спорт объектлерін ұстау үшін бюджет шығындарының артуы
Компьютерлік ойындар, кино, дискотека сияқты және басқа да ойын-сауық түрлерімен салыстырғанда дене шынықтыру мен спорттың бәсекеге қаблеттілігін төмендеуі
Болашағы бұлыңғыр болуы салдарынан спорт резервінің кетуі
Спорт кадрларын даярлау мен қайта даярлау бағдарламасының ескіруі
Медаль жинағыш спорт түрлерінің нашар дамуы (мамандандырылған спорт ғимараттарының болмауынан)
Спортшылардың шет елдердегі оқу-жаттығу жиындарына арналған бюджет шығысын өсіру
Халықаралық жарыстардағы спорттық нәтижелердің төмен деңгейі
Қазақстандық спорттық командалардың құрамында «легионерлер» санының көбеюі
Жоғары білікті мамандардың басқа салаларға кетуі.
|
Сонымен бірге, талдау көрсеткендей, қазіргі уақытта дене шынықтыру және спорт қазақстандықтардың көпшілігі үшін әлі де болса олардың жеке құндылығына айналмаған және олардың өмір сүру салтында тиісті орнын таппаған.
Тұрғындар денсаулығының төмен деңгейде болуының себебі олардың саламатты өмір салтын сүру және аурудың алдын алу мәселесінде хабардарлығының, сауаттылығының және оларды уәждеудің жеткіліксіздігі болып отыр.
Елде бұқаралық спортты, балалар мен жасөспірімдер спортын және кәсіби спортты қарқынды жағымды дамыту үшін құқықтық жағдайлар жасау қажет, себебі бүгінде мемлекеттің осы саладағы барлық шараларын тұтынушылар бойынша ақшаны бөлу арқылы іске асырылып отырған моделі өзін-өзі ақтамай отыр.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спорт саласында құқықтық база құрылды.
1999 жылы «Дене шынықтыру және спорт туралы» және 2009 жылы «Спорттағы допингке қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияны ратификциалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары қабылданды.
Алайда, заңнамалық актілер деңгейінде спортты қолданыстағы реттеу барлығын қамту сипатына ие бола алмай, осы саладағы қоғамдық қатынастарды толық реттей алмай отыр. Декларативтік нормалардың құқықтық тетіктерден асып кетуі едәуір байқалады, спорт саласында көптеген құқықтық кемшіліктер бар. Мысалы, спорттық жабдықпен және инвентармен жарақтандыру мәселесі жеткілікті регламенттелмеген.
Дене шынықтыруды және спортты дамыту, дене шынықтыру-спорттық қызмет саласына халықты кеңінен тарту үшін тиісті материалдық-техникалық қамсыздандыру қажет.
Спорт инфрақұрылымының тұрақты өсу үрдісі байқалмағанымен, негізінен республика бойынша, әсіресе ауылдық жерде спорт ғимараттарының саны жеткіліксіз болып отыр. 7000 ауыл мен кентте 20166 ғимарат бар, оның ішінде 13134-і, яғни 65,1%-ы жазық ғимараттарды (ашық спорт алаңдарын) құрайды және тек 3%-ы ғана (307 бірлік) жабық спорт кешендері, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының халық тығыз орналасқан ауылдық мекендерінде спорт кешендері тіпті жоқ.
Бүкіл ел бойынша жұмыс істейтін 7 мыңнан астам спорт залының 90%-ы жалпы білім беру мектептерінде, бұл ретте, олар спорттық инвентармен жеткіліксіз жабдықталған және қолданыстағы техникалық пайдалану талаптарына сай емес. Дене шынықтыру және спортты басқару органдарының деректері бойынша, спорт залдары мен алаңдарының 40%-ы ағымдық немесе күрделі жөндеуді талап етеді.
Бұған қоса, республикада жүзу бассейндері, ату алаңдары, жеңіл атлетикалық манеждер, велотректер, шаңғы базалары, есу арналары сияқты мамандандырылған спорт ғимараттарының жетіспеушілігі сезілуде.
Елде мамандандырылған есу базаларының болмауы тұтастай алғанда есу спорты түрлерін дамытуға және жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізуге кері әсерін тигізіп отыр. Бұл спорт түрі медаль көп үлескен түсетін спорт түрінің бірі болып табылады, себебі Олимпиада, Азия ойындарында 16 медаль жиынтығына дейін ұтысқа салынады. Оңтүстік Қазақстан облысында есу базасын салу үшін барлық алғышарттары бар Бадам су қоймасы жұмыс істейді. Қолайлы климаттық жағдайлар оқу-жаттығу үдерісін, сондай-ақ жыл бойы республикалық және халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.
Спорттың кейбір түрлері бойынша республикада спортшыларды Олимпиада ойындарына және басқа ірі халықаралық жарыстарға даялауға арналған техникалық жарақтандырылған заманауи базалар жоқ.
Осыған байланысты, республикалық даярлау орталықтарының жеке оқу-жаттығу базаларының болмауы Қазақстан Республикасының құрама командаларының спортшыларын халықаралық жарыстарға даярлау бойынша оқу-жаттығу, спорттық-әдістемелік қызметті толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Бұл жағдайда бюджеттік спорттық ұйымдар отандық спортшылар мен спорттық командаларды шетелдегі ұзақ мерзімді оқу-жаттығу жиындарымен қамтамасыз етуге мәжбүр болады. Бұған қоса, қазақстандық командалардың шетелдік бәсекеге кабілетті спортшылар мен мамандарды біздің елге осы тектес оқу-жаттығу үдерісін өткізуге шақыруға мүмкіндіктері жоқ.
Тағы да бір шешуді талап ететін проблема балалар мен оқушы жастардың дене тәрбиесі болып табылады.
Республикада мектепке дейінгі жаста 1 млн.-нан астам және мектеп жасындағы 2,5 млн.-нан астам өмір сүреді. Мектепке дейінгі мекемелердің және жалпы орта білім беру мекемелерінің материалдық базасы одан әрі дамытуды, оқушылардың дене шынықтыру бағдарламасын толық көлемде орындауы үшін қажетті спорттық жабдықтармен жарақатандыруды және жаңартуды талап етеді.
Жалпы білім беру мектептерінің 73,2%-ында дене шынықтыру сабағын өткізуге арналған спорт залдары бар. 1156 мектепке дейінгі балалар ұйымдарының 765-інің немесе 66,3%-ының ғана спорт залдары, 32-сінің жүзу бассейіндері бар, соның салдарынан жалпы білім беру мектептеріндегі спорт секцияларында оқушыларды қамту 22%-дан аспайды.
Осы мәселе бойынша халықаралық тәжірибені зерттеу көптеген шет елдерде балалар мен жастардың дене тәрбиесі мен спортын дамытуға ерекше орын берілетіндігін көрсетті.
Айталық, АҚШ-та мектептік, студенттік және бұқаралық спорт толығымен жергілікті биліктің құзыретінде болып табылады. Канада, Франция, Италия, Финляндия және басқа да бірқатар елдерде балалар мен жасөсірімдердің және студенттер спортының шығыстарының негізгі үлесін жергілікті бюджет арқалайды. Финляндия мен Норвегияда спортқа бөлінген ақша аударымының 80%-ы жалпыға ортақ пайдаланудағы спорт объектілерін салуға және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталады. Бізде керісінше: 80%-ы шеберлер командасына және тек 20%-ы ғана балалар спортына бөлінеді. Елдің спорттық жүйесі балалар спортына басымдық беріле отырып құрылуы қажет.
Мекемелерде, ұйымдарда және халықтың тұрғылықты жері бойынша дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыруда күрделі проблемалар бар. Ұйымдар экономикалық тұрғыдан орынсыз деген себеппен спорттық және сауықтыру объектілерін ұстаудан бас тартады, дене шынықтыру және спорт мамандарын қысқартады.
Бүгінгі күні бүкіл ел бойынша тек 530 балалар мен жеткіншектер клубы жұмыс істейді, ведомстволық спорт қоғамдарының жұмыс тәжірибесі жоғалған, дене шынықтыру-сауықтыру қызметінің құны қымбаттауда. Талдау көрсеткендей, бағасы жоғары болғандықтан, жастардың көпшілігі спорттық-сауықтыру қызметіне қол жеткізе алмайды.
Біздің ойымызша, Еуропаның тәжірибесі бойынша қоғамдық ұйымдар құру қажет.
Мысалы, Финляндияда 54 спорт одағын, 18 аумақтық органды, 4335 спорт клубы мен 1,1 млн. адамды біріктіретін спорт ұйымы жұмыс істейді.
Швецияда «Баршаға арналған спорт» бағдарламасы бойынша жұмысты негізінен 2 мыңнан астам клубқа тиесілі 360 мың ресми тіркелген мүшесі бар Швед гимнастикалық ұйымы жүзеге асырады. Жалпы гимнастика секцияларында 225 мыңнан астам адам шұғылданады.
Қоғамда мүгедектер, сондай-ақ зейнеткерлік жастағы адамдар барынша назар аударуды талап етеді. Олармен дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыру үшін арнайы дайындалған кадрлар, ғылыми негізделген ұсынымдар мен әдістемелік әзірлемелер, халықтың осы санаттағы адамдарын дене жаттығуларымен белсенді айналасуға тарту бойынша кеңінен түсіндіру-насихат жұмыстары жетіспейді.
Елде денсаулығы бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдар және қоғамның әлеуметтік қорғалмаған жіктері арасында дене шынықтыру және спортты дамытуды тежейтін бірқатар проблемалар бар, атап айтқанда:
мамандандырылған немесе бейімделген спорттық ғимараттардың, жабдықтардың, инвентардың жоқтығы;
жұмыс істейтін дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық объектілердің мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қол жетімсіздігі;
мүгедектердің сауықтыру және спорттық ұйымдары жүйесінің болмауы;
дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын мүгедектер үшін арнайы қосалқы құралдарды шығаруды қамтамасыз ету;
мүгедектермен дене шынықтыру-оңалту және спорттық жұмыстарды жүргізу үшін мамандарды даярлау, қайта даярлау мен біліктілігін арттыруды ұйымдастыру.
Саланы кадрлық қамтамасыз ету проблемалық мәселе күйінде қалып отыр. Осы мәселенің жай-күйін талдау саладағы кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жүйесінің, дене шынықтыру және жоғары жетістіктер спортының ғылыми базасының әлсіз дамығанын көрсетіп отыр.
Жоғары дәрежелі спортшыларды даярлаудың негізі спорттық жаттығуларда заманауи ғылыми технологияларды пайдалану, сондай-ақ даярлық әдістемесін үнемі жетілдіру болып табылады, және елде отандық спорт ғылымының дамуы әлі күнге дейін күрделі проблема күйінде қалып отыр. Республиканың жаттықтырушы-оқытушылар құрамы көбінесе «кеңестік» кезеңде әзірленген әдістемемен жұмыс істейді, көпшілігі спортшыларды жаттықтыру мен қалпына келтірудің заманауи әдістерін меңгермеген.
Финляндияда спорттық ғылыммен айналасатын ұйымдардың тікелей мемлекеттік қаржыландыруға заңдық тұрғыдан танылған құқығы бар. Бұл ретте дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарды даярлаудың кемінде 20%-ы оқу уақытын ғылыми ізденістерге арналады. Бұған қоса, мемлекет спорт пен дене шынықтыру жаттығулары саласында ғылыми зерттеулер жүргізілетін кез келген меншік нысанындағы ұйымды қолдайды.
Республикада спорт психологтары жоқ деп айтуға болады, спорттың медико-биологиялық қызметі әлсіз дамыған, халықтың әр түрлі жастағы топтарымен және спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің дене шынықтыру-сауықтыру және оқу-жаттығу сабақтарын өткізу әдістемелері жоқ.
Дене шынықтыру кадрларының өздерінің кәсібінен басқа қызмет саласынан кетуі тоқтамай отыр. Бүкіл ел бойынша бүгінгі күні спорттан 1543 әдіскер-нұсқаушы жұмыс істейді, олардың 719-ы ауылдық жерде. Бұл ретте спорт ұйымдарының кадрларға деген сұранысы 962 бірлікті құрайды.
Тәжірибе көрсеткендей, дене шынықтыру және спорт бойынша дипломдары бар мамандардың аз бөлігі ғана жалпы білім беру мектептерінде, БЖСМ, бала бақшаларда, басқа да дене шынықтыру-спорттық мекемелердегі жұмысты таңдайды, бұл төмен жалақы және көрсетілген мамандар санатының әлеуметтік кепілінің болмауының салдары болып табылады.
Осылайша, спортшылардың арасында артып келе жатқан бәсекелестікті, халықаралық спорт ұйымдарының тез өзгеріп тұратын талаптарын ескере отырып, спортшыларды даярлаудың нысандары мен әдістерін тұрақты жетілдіруді, республиканың спортшыларын «жаңа бастаған спортшыдан» халықаралық дәрежедегі шебер деңгейіне дейін тәрбиелеу жүйесін одан әрі дамытуды есепке ала отырып, оқу-жаттығу үдерісін ұйымдастырудың жаңа әдістерін енгізу қажет. Бұл туралы дене шынықтыру және спорт саласында кадрларды оқыту және басқаруды білікті қызметкерлер қамтамасыз ету керек екенін көрсететін халықаралық тәжірибе мен заңнамада да дәлелдеп отыр.
Мысалы, Қытайда дене шынықтыру оқытушысы немесе жаттықтырушы дипломын алудың үш жолы бар:
1. Жалпы білім беру мектебінде 12-жылдық білім алғаннан кейін, жоғарғы спорттық оқу орнында 4-жылдық білім алу керек. Бұл жағдайда «мектеп мұғалімі» біліктілігі бойынша диплом алады.
2. Жалпы білім беру мектебінде 12-жылдық білім алғаннан кейін, жоғарғы оқу орнында 4 жыл оқыған соң және спорт түрлері бойынша екі жылдық арнайы дайындықтан кейін жоғары біліктілік жаттықтырушысы дипломын алады.
3. Барлық деңгейдегі жаттықтырушы жұмысына рұқсатты мұның алдында қаланың немесе провинцияның құрамасында немесе ұлттық құрамада міндетті мүшелігі болған және спорттық интернат негізінде жалпы білім беру мектебінде тоғыз жыл оқыған мамандар ғана алады.
Финляндияда спорт мамандары мен оқытушыларын дайындау 11 дене шынықтыру-спорт орталығы мен оқу орнында жүргізіледі. Виерумяки спорт және дене шынықтыру жөніндегі ірі институтында жақсы спорт орталығы бар, оның қызметінің негізіне «дамыту, өндіру, сату» деген бизнес-идея алынған. Орталықтың жақсы дамыған инфрақұрылымы бар, орталықта 11 штаттық қызметкер мен бір жыл аралығында қажетіне қарай тартылатын 800-ге жуық штаттан тыс адамдар жұмыс істейді. Спорттық мамандарды даярлау мен оқыту жүйесі 3 – 4 жылды көздейді. Орталық өз шығындарының бір бөлігін Білім министрлігі бюджетінің есебінен жабады, мұнда мемлекет дотациялары 10%-ды құрайды, қызметкерлердің жалақысы үшін кірістің 38%-ы жұмсалады.
Дене шынықтыру және спорт күшті сауықтыру факторы, қоғамның бірігуі, жастарды зиянды әрекеттерден аулақ ұстау, аурудың алдын алу, өмір сүру сапасын және оның ұзақтығын арттыру сияқты көптеген әлуметтік-экономикалық мәселелерді шешетін адамның дене тәрбиесі мүмкіндіктерін арттыру құралы болып табылады. АҚШ-та және әлемнің басқа елдерінде спорттың дамуына жасалған талдау, тұрғындардың спортқа деген белсенді ұстанымы БАҚ арқылы жақсы насихаттау нәтижесінде қалыптасатынын көрсетті. Спорттың түрлерін дәріптеу БАҚ-қа және бірінші кезекте теледидарға байланысты болады, ал дене шынықтыру-спорттық қызметпен айналысу өмір сүру мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады.
Соңғы онжылдықта дене шынықтыру және спорт саласындағы ғылыми-ақпараттық ресурстар маңыздылығы жағынан бірінші орынға шыға бастады. Халықаралық сарапшылар осы ресурстарды екі санатқа бөледі – саламатты өмір салтын насихаттау және жаттықтырушының және басқа спорт қызметкерінің жұмысын ақпараттық-ғылыми қолдау. Мұндай бөліп қарау шет елдің жетекші спорттық ғылыми-ақпараттық ұйымдарының қызметінен көрінеді.
Германияда спортты баршаға насихаттау ерекше орын алады, ол әр түрлі кампаниялар мен бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Барлық жобалардың маңызды қаржылай қолдауға ие екендігін ерекше атап өткен жөн. Нәтижесінде жиырма жыл ішінде клубтардың саны 40 мыңнан 80 мыңға дейін, спортпен шұғылданатындар саны 10 млн.-нан 21 млн.-ға дейін, дене шынықтыру жаттығуларымен тұрақты айналысатын адамдар саны 21 млн.-нан 36 млн.-ға дейін артты, яғни халықты бұқаралық спортпен қамту 60%-ға жеткен.
Көптеген мемлекеттерде кәсіпкерлік баршаға арналған спорттың едәуір қаржылық ресурсын құрайды. Алайда мына аспектіні атап өту қажет. Спорттық қызметтің жоғары капиталды талап етуіне орай, аталған салада коммерциялық ұйым құру жоғары бастапқы капиталды талап етеді. Сондықтан да мемлекеттік және жергілікті органдардың қолдауынсыз, кәсіпкерлік ресурстары тек қана халықтың табысы жоғары жіктерінің спортпен шұғылдану сұранысын қанағаттандыруға бағытталатын болады, ал балалар, орташа топ, зейнеткерлер және сол сияқты секторлардың дене тәрбиесімен шұғылдануына мүмкіндігі болмайды. Шет елдерде мемлекеттің тікелей немесе қосымша қатысуы арқылы спорттың коммерциялық ұйымдарының қызметіндегі осы проблема шешімін тапқан.
Республикада спорттық қызметті дамытуды қамтамасыз ету үшін спорттық инвентарлар мен құрал-жабдықтар өндірісін құру, жеке спорт ғимараттарын салу және қайта жаңарту, сондай-ақ аталған саладағы демеушілік пен қайырымдылықты дамыту үшін мемлекеттік қолдау шараларын қарастыру қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |