№ исх: 414 от: 31.03.2012
|
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2012 жылғы « »
№ қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің
2012 – 2016 жылдарға арналған стратегиялық жоспары
1-бөлім. Миссия мен пайымдау
Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) миссиясы – дене шынықтыру және спорт саласында мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында тиімді мемлекеттік басқаруды және салааралық, өңіраралық үйлестіруді қамтамасыз ету.
Пайымдау – бәсекеге қабілетті спорт құмар ұлтты қалыптастыру.
2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау
1. Дене шынықтыру және спортпен айналысу
арқылы қазақстандықтардың саламатты өмір салтын қалыптастыру
Реттелетін саланың немесе қызмет аясы дамуының негізгі параметрлері 2011 жылы саланың қызметі «Қазақстан 2030» Қазақстанның стратегиялық даму жоспарын, Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын, сондай-ақ 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын орындауға бағытталды.
2011 жылы 2011 – 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарды іске асыру бойынша халықаралық стандарттар талаптарына жақындау және елде бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорт инфрақұрылымын одан әрі дамытуға және республика спортының материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталған бірқатар ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылды.
Осы кезеңде саланың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру жөнінде жұмыс жүргізілді. Дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге түзетулер енгізілді. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер әзірленді және бекітілді.
Осы кезеңде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар санының тұрақты өсу үрдісі байқалады. Егер Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың басында 2007 жылы спортпен шұғылданушылар саны ел тұрғындарының (15%-ы) 2,3 млн. адамын құраса, 2008 жылы 2,35 млн. адамға артқан, 2009 жылы 2,4 млн. адам, 2010 жылы 2,8 млн. адам (17,7%), 2011 жылы 3,3 млн. адам немесе 20,0%-ын құраған.
Шетелде бұқаралық спорт бірінші кезекте халықты сауықтырудың, өзін-өзі жетілдіруге қол жеткізудің, өзін көрсетудің және дамытудың тетігі, сондай-ақ зиянды әрекеттерге қарсы күрестің құралы болып табылады. Сондықтан мемлекеттер халықты бұқаралық спортпен айналысуға тартуды негізгі мақсат ете отырып, бұқаралық спортты дамыту мәселесіне ерекше мән береді. Бұқаралық спортты дамыту үдерістерінің: бұқаралық спортты қолдауда мемлекеттің рөлін, сондай-ақ осы саладағы қызметті ұйымдастырудың барлық нысандарының рөлін арттыру, бұқаралық спортты алдын алу және емдік іс-шараларда пайдалану, әлеуметтік жағымсыз құбылыстардың алдын алу, жастарды адамгершілік, эстетикалық және зияткерлік тұрғыда дамытуда спортты пайдалану негізгі сипаттары болып табылады.
Осы үдерістердің ықпалы мыналардан:
1) спорттық думандардан және спорттық қызмет көрсету секторынан;
2) спорттық телерадио хабарларын тарату көлемінің артуынан;
3) халықтың қажеттілігін ескере отырып, дене шынықтыру-сауықтыру инфрақұрылымын дамытудан;
4) қызмет көрсету нысандарының, бұқаралық спорт қызметін көрсету ұсыныстарының әдістері мен құралдарының алуандығынан түсетін табыстың өсуіне әкелді.
Бүгінгі күні бүкіл ел бойынша өткізілетін спорттық-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларының саны артып келеді, тек 2011 жылдың өзінде 18 мыңнан астам бұқаралық-спорттық іс-шара өткізілді, оларға 4,1 млн-нан. астам адам қатысты.
Өткен төрт жыл кезеңінде спартакиадалар, спорт түрлерінен турнирлер, спорттық отбасылар арасында «Бірге жарысамыз» атты жарыстар, бұқаралық жүгірістер, сонымен қатар әрқайсысында 2 млн. астам адам қатысатын президенттік тестілер тапсыру айлықтарын өткізу дәстүрге айналды.
2011 жылы алғаш рет Қазақстанның бүкіл аумағында дәстүрлі халықаралық «Олимпиадалық жүгіру күні», бірінші «Жасөспірімдердің ауылдық спорт ойындары», «Жастар ойыны» бір уақытта басталды.
Ұлттық спорт түрлері белсенді түрде дамып келеді, олар бүгінгі күні 208,4 мыңнан астам адам шұғылданады (2010 жылы – 166 мыңнан астам). Бұған жыл сайынғы чемпионаттар, республикалық және халықаралық турнирлер, соның ішінде Тоғызқұмалақтан бірінші әлем чемпионаты, бірінші «Жастар ойыны», бірінші Жасөспірімдердің ауылдық спорт ойындары, Қазақ күресінен әлем және Азия чемпионаттары, Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін Халық спорты ойындарын өткізу, спорт мектептері мен клубтарында ұлттық спорт түрлерінен бөлімшелердің ашылуы ықпал етті.
Ауыл спортын дамытуда маңызды бастама «Ел Қайраты» республикалық ауылдық дене шынықтыру-спорт қоғамын құру болып табылады.
6769 жалпы білім беру мектептерінде 3 сағаттық дене шынықтыру сабақтары енгізілген, бұл мектептердің жалпы санының 98%-ын құрайды. Республиканың 48 жоғарғы оқу орнында спорт клубтары ашылған.
Елде спорт секцияларында дене шынықтыру ұжымдары 803 мыңнан астам бала немесе жалпы білім беру мектептері оқушыларының жалпы санының 33,0%-ы (2,5 млн. мектеп оқушысы) спортпен шұғылданатын 24 мыңнан астам спорт секциялары жұмыс істейді. Республикада 1725 спорт клубы, соның ішінде 106 балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі клубы, 662 балалар мен жасөспірімдер клубы, 1010 дене шынықтыру-сауықтыру клубы және 164 спорт түрінен кәсіптік клуб жұмыс істейді, онда 376 мың адам шұғылданады.
Өткен үш жылда дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тартылған мүмкімдігі шектеулі адамдар санының өсу серпіні байқалғанын атап өту қажет.
Елімізде халықтың 3%-ын құрайтын 486 мыңнан астам мүгедек тұрады, олардың ішінде 45% адамға спортпен шұғылдануға тыйым салынбаған. Осы санаттағы адамдар арасында 15,5 мың адам дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады, бұл 7,7%-ды құрайды (2010 жылы – 6,5%).
Бүгінгі күні республикада 193 мүгедек спорттың әр түрінен Қазақстан Республикасының спорт шеберлері болып табылады. 2011 жылы 57 адам спорт шебері, 9 адам халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативтерін орындады.
Жыл сайын спортшы-мүгедектер арасында республикалық және халықаралық деңгейде 70-тен астам спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылады және өткізіледі, оған 5 мыңнан астам адам қатысады.
Елде бұқаралық дене шынықтыру-спорттық қозғалысты дамытудың нәтижесі отандық спортшылардың Олимпиада және Азия ойындарындағы, әлем және Азия чемпионаттарындағы жоғары жетістіктері болып табылады.
2011 жылы спорт ғимараттарының саны бүкіл республика бойынша 32 816 бірлікті құрады, олардың ішінде 21 177 бірлік ауылдық жерде орналасқан. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 1550 бірлікке артық, оның ішінде:
1) жүзу бассейндерінің саны 12 бірлікке артты (2009 жылы - 222, 2010 жылы – 231, 2011 жылы – 243);
2) спорт залдарың саны 199 бірлікке артты, 2010 жылы 7 133 бірлік болса, 2011 жылы 7 332 бірлікті құрады;
3) теннис корты 40 бірлікке артты, егер 2010 жылы олардың саны – 276 болса, 2011 жылы – 316-ны құрады.
4) 2011 жылы хоккей корты 100 бірлікке артты, егер 2010 жылы олардың саны – 423 болса, 2011 жылы – 523-ті құрады.
Астана және Алматы қалаларында 7-ші қысқы Азия ойындарын дайындау және өткізу шеңберінде қазіргі заманғы спорт объектілері салынды. Алматыда «Медеу», «Шымбұлақ» және сырғанау мұз айдынын жапсарлас салу арқылы Б.Шолақ атындағы Спорт сарайы толық қайта жаңартылды. Республикада 30 мың орны бар «Астана – Арена» жабық футбол стадионы салынды, «Сарыарқа» республикалық велотрегі «Қазақстан» спорт сарайы жанында тегістелген мұз айдыны, «Алау» коньки тебу стадионы, «Алатау» шаңғы және биатлон кешендерінің стадионы, Алматыда халықаралық шаңғы трамплиндерінің кешені салынды.
Негізгі проблемаларды талдау
Сонымен қатар, дамудың оң үрдістерімен қатар, республикадағы бұқаралық спортты дамытуды тежеп отырған проблемалар да бар:
1. Материалдық-техникалық базаның және спорт инфрақұрылымының төмен деңгейі:
1) ауылда спортты дамыту проблемасы, ең алдымен материалдық-техникалық базаның жоқтығынан ерекше өзекті болып тұр. Ауылдық жерлердегі 4483 спорт залының 3650-і жалпы білім беру мектептерінде орналасқан және оқу сабақтарын өткізу үшін пайдаланылады. Спорт залдарының тек 20,0 %-ында барлық халықтың дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік бар;
2) спорттық ғимараттардың ғана емес, сонымен бірге ұйымдарда, оқу орындарында, халықтың тұрғылықты жері мен бұқаралық демалыс орындарында спорттық мүкәммал мен жабдықтың жетіспеуі де сезіледі.
2. Бұқаралық спорттың нашар дамуы. Халықтың тұрғылықты жері бойынша жұмыс дұрыс жолға қойылмаған, жеткіншіктер клубтарының желісі жеткіліксіз дамыған, қарапайым спорт алаңдары мен тұрғылықты жерлерде және бұқаралық демалыс орындарында спорт ғимараттары дерлік жоқ. Ауылда спортты дамыту проблемасы ерекше өзекті болып отыр. Қазіргі спорт объектілері республика халқының көпшілігі үшін қолжетімсіз болып отыр. Сонымен бірге азаматтардың өздерінің дене шынықтырумен және спортпен жүйелі айналысуға белсене қатыспау мәселесі де өзекті болып отыр.
3. Қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін спорттың ғылыми базасының болмауы, білікті мамандар тапшылығы:
ауылдық жерде спорт бойынша әдіскерлер жоқ. Талдау көрсеткендей, 6998 кентте барлығы 784 әдіскер жұмыс істейді, ол 12,0%-ды құрайды.
Негізгі ішкі және сыртқы факторларды бағалау
Қазіргі факторлық жағдайларды бағалау мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың дене тәрбиесін, оқушылар мен оқу орындары студенттерінің дене тәрбиесін, халық арасында дене шынықтыру-бұқаралық қозғалысты, мүгедектер арасында дене дайындығы мен спортты, спорт резервін және халықаралық дәрежедегі спортшыларды дайындау, дене шынықтыру мен спортты насихаттау жөніндегі шаралар қабылданғаны туралы растады.
Дене шынықтыру мен спортты дамыту жағдайына бірқатар ішкі факторлар, негізінен әлеуметтік-экономикалық және жаһанданумен байланысты факторлар ықпал етеді. Ішкі факторларды қарастыруда мынадай негізгі аспектілерді көрсетуге болады: халықтың дене шынықтыру белсенділігін жеткіліксіз реттеу, бұл спорт орталықтарында бос уақытты өткізуде төленетін жоғары бағалар және спорт ғимараттары санының шектеулігімен түсіндіріледі. Балалар, жеткіншектер және ересек адамдар арасында дене шынықтыру және спорт жеткіліксіз насихатталады.
2. Қазақстандық спорттың әлемдік спорт аренасында бәсекеге қабілеттілігін арттыру
Реттелетін саланы немесе қызмет аясын дамытудың негізгі параметрлері
Пекинде өткен 2008 жылғы ХХIХ жазғы Олимпиада ойындарында 13 олимпиадалық медальға ие болдық, соның ішінде 2 алтын, 4 күміс және 7 қола медаль, бұл бейресми есепте Қазақстанға жалпы командалық 29-орынды қамтамасыз етті. Иеленген медальдардың жалпы саны бойынша бұл Қазақстан құрамасының 1996 жылдан бастап қатысқан барлық кездердегі (Атланта, АҚШ, 1996 жыл – 11 медаль; Сидней, Австралия, 2000 жыл – 7 медаль; Афины, Грекия, 2004 жыл – 8 медаль) үздік жетістігі болып табылады.
2010 жылы қазақстандық спортшылар Ванкувердегі (Канада) ХХI қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Он екі жылдық үзілістен кейін қысқы Олимпиадада күміс медальға қол жеткізілді. Олимпиадада өнер көрсету қорытындылары бойынша 7 қазақстандық атлет әлемнің мықты спортшыларының алғашқы ондығына кірді.
2011 жылғы Әлем чемпионатында, Әлем кубоктерінде, Азия чемпионаттарында, Еуропа чемпионаттарында және спорт түрлерінен халықаралық турнирлерде 797 медаль, оның ішінде 236 алтын, 262 күміс, 299 қола медаль, сонымен катар олимпиадалық емес спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында 67 медальдары,18 алтын, 22 күміс, 27 қола медаль ұтып алынды.
2010 жылы Қазақстанның жастар құрамасы тұңғыш рет Сингапурдағы 1-ші жазғы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарына қатысты, оның қорытындылары бойынша 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медальды иеленді, 204 елдің ішінде 3500 спортшы қатысқан жарыста 24-орынға иелік етті.
2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарына қатысудың қорытындылары бойынша Қазақстан құрамасы 32 алтын, 21 күміс және 17 қола награда ұтып алды, Азия ойындарының рекордын белгілей отырып, бірінші орынды жеңіп алды.
Қабылданған шаралардың арқасында барлық облыс орталықтарында және Астана мен Алматы қалаларында спортшыларды даярлау бойынша кезең-кезеңмен және жүйелі жұмыс қамтамасыз етілді.
Бүгінгі күні олимпиадалық резерв даярлау орталығының 17-сі жұмыс істейді, онда 1265 спортшы спорттық шеберлігін арттырады, 8 республикалық мамандандырылған олимпиадалық даярлау орталығында 984 спортшы өзінің спорттық шеберлігін арттырады және орталықтың 95% спортшысы Қазақстан ұлттық құрама командаларының негізгі, жастар немесе жасөспірімдер құрамасына кіреді.
2007 – 2011 жылдар кезеңінде мектеп жасындағы балалардың дене тәрбиесін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданды.
2007 – 2011 жылдар аралығында мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезеңінде республикада 16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі (БЖСМ) құрылды.
Бүгінгі күні 423 БЖСМ-да 256 мыңнан астам бала немесе оқушылардың жалпы санының 10,6%-ы айналысады.
Сонымен қатар, болашағынан үміт күттіретін 3003 оқушы оқитын спортта дарынды балаларға арналған 11 өңірлік мектеп-интернат және жалпы саны 1191 адамды қамтитын 4 республикалық мектеп-интернат ашылды.
Негізгі проблемаларды талдау
Қазақстандық спорттың әлемдік спорт аренасындағы оң үрдістерімен қатар, бірқатар проблемалар да бар.
1. Материалдық-техникалық базаның және спорт инфрақұрылымының төмен деңгейі:
1) қазіргі жұмыс істеп тұрған олимпиадалық даярлық орталықтары мен олимпиадалық резервті даярлау орталықтарындағы жоғары жетістіктер спортының өзіндік материалдық-техникалық базасы жоқ;
2) республикалық олимпиадалық даярлық орталықтары мен өңірлік олимпиадалық резервті даярлау орталықтарының өзіндік спорттық базалары жоқ. Спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың және жоғары спорт шеберлігі мектептерінің спорттық базалары да талаптарға сәйкес келмейді.
Жоғары спорт шеберлігі мектептерінің проблемалары да осындай – оқу-жаттығу үдіресін ұйымдастыру жеткілікті қаржыландырылмайды, соның салдарынан жоспарланған жарыстар мен жиындарды өткізуге, үй-жайларды жалдауға қаражат жетіспейді.
Жұмыс істеп тұрған спорт ғимараттарының басым көпшілігі техникалық пайдалану жөніндегі жетілдірілген нормативтер мен талаптарға, халықаралық регламенттерге және жарыстар мен оқу-жаттығу үдіресін өткізу қағидаларына сәйкес келмейді.
2. Балалар мен жасөспірімдер спортының нашар дамуы. Бүгінгі күнге дейін салалық спорт клубтарын құру мәселелері шешілген жоқ. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің желісі қазіргі уақытта республиканың мектеп жасындағы балаларының 10,0%-ы ғана айналысуға мүмкіндік тудыра алады. Төмен деңгейдегі материалдық-техникалық база, сапалы спорттық мүкәммал мен жабдықтың болмауы спорт резервін жоғары деңгейде дайындауды ұйымдастыруға мүмкіндік бермейді.
3. Қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін ғылыми базаның болмауы, білікті мамандар тапшылығы:
1) спорт саласында білікті мамандардың өткір жетіспеуі байқалады. Жоғары шеберлік спортында республиканың жетекші жаттықтырушыларының көпшілігі орта жаста, ал олардың орнын толық ауыстыратын мамандар жоқ. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі жалпы білім беру мектептерінің 3%-ы дене шынықтыру пәні мұғалімдері жоқ, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушы-оқытушы құрамының 30%-ы арнаулы білімі жоқ;
2) спорттық ғимараттарды техникалық пайдалану мамандары жоқ, жоғарғы оқу орындары түлектерінің дайындық деңгейі қазіргі заманғы талаптарға жауап бермейді.
Спорт саласы жоғары бәсекелі болып табылады және оқу-жаттығу үдерісін ұйымдастыру, спортшылардың функционалдық және физикалық мүмкіндіктерін арттыру, оларды оңалту және қалыпына келтіру әдістемесіндегі қазіргі заманғы барлық жаңа әзірлемелер стратегиялық материалдар болып табылады, оларды басқа елдерден иелену мүмкін емес.
Бүгін біздің жаттықтырушылар Бүкілодақтық дене шынықтыру ғылыми-зерттеу институты 1983 – 1985 жылдары әзірлеген бағдарламалар мен әдістемелер бойынша жұмыс істейді. Әлемдік аренадағы спортшылар бәсекелестігінің артуына байланысты спорт бойынша мамандардың одан әрі әдістемелік және практикалық қызметі, сонымен қатар бұқаралық спортты және жоғары жетістіктер спортын жалпы дамыту елде өзінің ғылыми базасын құрмай қиынға түседі. Сол себепті республиканың спорт мектептерінде спорт түрлерінен бірыңғай оқу бағдарламаларын енгізу мүмкін болмай отыр, ал ол спорт резерві мен халықаралық дәрежедегі спортшыларды даярлаудың жүйелі жолын қамтамасыз етуге кедергі келтіреді.
Ішкі және сыртқы факторларды бағалау
Ел ішіндегі жағдайды бағалау халықаралық аренада қазақстандық спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін елдегі халықтың дене тәрбиесі жүйесі мен спорттың дамуын жетілдіруді куәландырады, бұл нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге, саланың материалдық-техникалық базасын нығайту мен дамытуға мүмкіндік береді.
Қазіргі факторлық жағдайларды бағалау спорт резервін және халықаралық дәрежедегі спортшыларды жетілдіру, дене шынықтыру мен спортты насихаттау жөніндегі шаралардың қабылданғанын растайды.
Сонымен қатар, саланы дамытуға сыртқы факторлардың ықпал етуі әлемдік аренада артып келе жатқан спортшылардың бәсекесімен сипаталады, бұл отандық спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыру үшін уақтылы шараларды қабылдауды талап етеді.
Сонымен қатар, дене шынықтыру мен спортты дамытудың халықаралық тәжірибесі төмендегіні растайды.
1978 жылғы Халықаралық дене тәрбиесі және спорт хартиясына сәйкес кейінгі енгізілген толықтырулармен бірге түрлі елдер әлеуметтік-экономикалық және саяси құрылысының ерекшеліктеріне байланысты саланы дамытуды мемлекеттік реттеуді айқындайды, атап айтқанда қандай да бір белгілер бойынша кемсітусіз бұқаралық спортпен айналасуға қол жеткізу және спорт ғимараттарының желісін құру.
Сонымен, жақын және алыс шетелдерде саланың даму тәжірибесі: бұқаралық спорт, жоғары жетістіктер спорты, мүгедектер спорты, спорттық инфрақұрылымды дамыту, мамандар даярлау негізгі бағыттары бойынша жүзеге асырылады.
Мысалы, АҚШ-та мектептік, студенттік және бұқаралық спорт толығымен жергілікті биліктің құзыретінде болып табылады. Канада, Франция, Италия, Финляндия және басқа да бірқатар елдерде балалар мен жасөсірімдердің және студенттер спорты шығыстарының негізгі үлесін жергілікті бюджет қаржыландырады. Финляндия мен Норвегияда спортқа бөлінген ақша аударымының 80%-ы жалпыға ортақ пайдаланылатын спорт объектілерін салуға және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталады. Бізде керісінше: 80%-ы шеберлер командасына және тек 20%-ы ғана балалар спортына бөлінеді. Елдің спорттық жүйесі балалар спортына басымдықпен құрылуға тиіс.
Мекемелерде, ұйымдарда және халықтың тұрғылықты жері бойынша дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыруда күрделі проблемалар бар. Ұйымдар экономикалық тұрғыдан орынсыз деген себеппен спорттық және сауықтыру объектілерін ұстаудан бас тартады, дене шынықтыру және спорт мамандарын қысқартады.
Бүгінгі күні бүкіл ел бойынша тек 530 балалар мен жеткіншектер клубы жұмыс істейді, ведомстволық спорт қоғамдарының жұмыс тәжірибесі жоғалған, дене шынықтыру-сауықтыру қызметінің құны қымбаттауда. Талдау көрсеткендей, бағасы жоғары болғандықтан, жастардың көпшілігі спорттық-сауықтыру қызметіне қол жеткізе алмайды.
Мысалы, Финляндияда 54 спорт одағын, 18 аумақтық органды, 4335 спорт клубы мен 1,1 млн. адамды біріктіретін спорт ұйымы жұмыс істейді.
Швецияда «Баршаға арналған спорт» бағдарламасы бойынша жұмысты негізінен 2 мыңнан астам клубқа тиесілі 360 мың ресми тіркелген мүшесі бар Швед гимнастикалық ұйымы жүзеге асырады. Жалпы гимнастика секцияларында 225 мыңнан астам адам шұғылданады.
Жоғары дәрежелі спортшыларды даярлаудың негізін қалаушы спорттық жаттығуларда қазіргі заманғы ғылыми технологияларды пайдалану, сондай-ақ даярлық әдістемесін үнемі жетілдіру болып табылады және елде отандық спорт ғылымының дамуы әлі күнге дейін күрделі проблема күйінде қалып отыр. Республиканың жаттықтырушы-оқытушылар құрамы көбінесе «кеңестік» кезеңде әзірленген әдістемемен жұмыс істейді, көпшілігі спортшыларды жаттықтыру мен қалпына келтірудің қазіргі заманғы әдістерін меңгермеген.
Финляндияда спорт ғылымымен айналасатын ұйымдардың тікелей мемлекеттік қаржыландыруға заңдық тұрғыдан танылған құқығы бар. Бұл ретте дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарды даярлаудағы оқу уақытының кемінде 20%-ы ғылыми ізденістерге арналады. Бұған қоса, мемлекет спорт пен дене шынықтыру жаттығулары саласында ғылыми зерттеулер жүргізілетін кез келген меншік нысанындағы ұйымды қолдайды.
Спорт инфрақұрылымының тұрақты өсу үрдісі байқалғанына қарамастан, негізінен республика бойынша, әсіресе ауылдық жерде спорт ғимараттарының саны жеткіліксіз болып отыр. 7000 ауыл мен кентте 21 177 ғимарат бар, оның ішінде 13943-і, яғни 65,8%-ы жазық ғимараттарды (спорт алаңдарын, алаңдар т.б) құрайды және тек 8,0%ы ғана (1712 бірлік) жабық спорт кешендері, Ақтөбе, облысында халық тығыз орналасқан ауылдық жерлерде спорт кешендері тіпті жоқ. Бүкіл ел бойынша жұмыс істейтін 7 мыңнан астам спорт залының 80%-ы жалпы білім беру мектептерінде, бұл ретте олар спорттық мүкәммәлмен жеткіліксіз жабдықталған және қолданыстағы техникалық пайдалану талаптарына сәйкес емес. Дене шынықтыру және спортты басқару органдарының деректері бойынша спорт залдары мен алаңдарының 40%-ы ағымдағы немесе күрделі жөндеуді талап етеді.
Мысалы, Ресей Федерациясында бес жылдық кезеңге спорт объектілерінің құрылысы, бұқаралық қозғалысты дамыту, жоғары дәрежелі спортшыларды дайындау және т.б. жөнінде мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың бірлескен шараларының кешендерін көздейтін саланы дамытудың федералдық нысаналы бағдарламасы бекітіледі. Мысалы, инфрақұрылымды дамытуға 3 000-нан астам спорт және көп функционалды спорт залының, 1 000 спорт орталығының құрылысы кіреді. Ресейде және ТМД елдерінде де бірінші кезектегі мемлекеттік міндеттер болып дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың үлесін арттыру, спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету, спортшылардың спорттағы шеберліктерін арттыру болып табылады.
Әзірбайжанның спорт объектілерінің қарқынды құрылысы арқылы бұқаралық спортты дамытудағы оң тәжірибесін атап өту қажет.
Дамыған елдерде халықтың дене шынықтыру-сауықтыру ғимараттарымен қамтамасыз ету көрсеткіші 80 – 100%-ды құрайды. Еуропа елдерінде бұқаралық спорт мемлекеттік спорт саясатының басымдығы болып табылатынын атап өту қажет. Атап айтқанда, Германияда халықты спортпен айналысуға тарту үшін жергілікті спорт ұйымдарының құзырындағы 80% жерлерге әртүрлі спорт ғимараттары құрылысына көңіл бөлінеді. Көптеген елдерде практикада мемлекеттік лотереядан спорттық ұйымдардың бюджетіне түсімнің біршама үлесі байқалады.
Сонымен қатар, баршаға арналған спорттың қаржылық ресурс көздері ретінде кәсіпкерлікті дамыту тән. Осы бағытта спорттық қызмет көрсетудің капиталды көп қажет ететінін ескере отырып, осы салада коммерциялық ұйымдарды ұйымдастыру жоғары бастапқы капиталды талап етеді. Осы мақсатта тек табысы жоғары халықтың спортпен айналысу қажеттілігін қамтамасыз етуді болдырмау үшін мемлекет тікелей немесе жанама түрде спорттық коммерциялық ұйымдардың қызметіне қатысады.
Достарыңызбен бөлісу: |