Тағы бір сарапшымыз Ерлан Жаукин бензин бағасының көтерілу себебін айтып берді. Маманның сөзіне сүйенсек, бензин бағасын арттыруға мәжбүр болған.
– Біріншіден, мұны мәжбүрлі шара деп топшылауға болады. Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына келіп түсетін мұнайдың бағасы қымбаттағандықтан, осылай болып отыруы әбден мүмкін. 2021 жылдың басынан бері мұнай өнімдерін тасымалдау қызметінің құны артқанын да ұмытпау керек. Бұл жерде "мәжбүрлі шара" деп отырғанымыз мынау. Жанармайдың ең төменгі баға дәлізін жер қойнауын пайдаланушылар субсидиялап келген. Яғни, өңделетін шикізаттың бағасына жеңілдіктер жасайтын. Бұл баға мен экспортқа шығатын мұнай бағасының айырмашылығы 50 доллардай болады. Қазір аталмыш жеңілдіктің көлемі 80-130 доллар аралығында болып тұр. Бұл жерде баға мұнайдың қай жаққа жөнелтілетініне қарай құбылады. Жер қойнауын пайдаланушылардың көбі келісімшарт бойынша өндірген мұнайдың 35-45 пайызын ішкі нарыққа өткізу туралы міндет алған. Қазір олар шығарған өнімінің 75-80%-ын ішкі нарыққа беріп отыр. Отандық мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Оның үстіне мұнай өңдейтін жаңа өндіріс көздері іске қосылып жатыр. Тұтас жылмен есептегенде, ішкі нарықтың тұтыну көлемі шамамен 2 млн тоннаға жетіп отыр. Осылайша қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары өңдеуге қажетті шикізатты толық көлемде әрі үлкен жеңілдікпен алып отыр. Есесіне жер қойнауын пайдаланушылар мынадай жайттарды бастан өткеріп жатыр:
− кен орнының сарқылуы салдарынан мұнай алу көлемі түсіп барады;
− мұнай экспорты әлсіреп, оны сатудан түсетін пайда қысқарды;
− ішкі нарыққа субсидияланған бағамен беретін мұнайдың көлемі өсті.
Бір сөзбен айтқанда, мұнай өндірісінің азайып, ішкі нарыққа жеткізу көлемі артқандықтан жер қойнауын пайдаланушылардың кірісі кеміп отыр. Тиімді бағамен экпортталатын өнім көлемі төмендеп, тиімсіз бағамен ішкі нарыққа өткізу көлемі ұлғайған. Қазіргі жағдайда мұнай экспортынан түскен пайда көптеген жер қойнауын пайдаланушының ішкі нарыққа жеңілдікпен мұнай өткізген кездегі шығындарын жаппай отыр, – дейді Ерлан Жаукин.
Ерлан мырза қазақстандық жанармай құю станциялары мен көрші елдердің жанармай құю станцияларындағы баға айырмашылығы да өз әсерін тиігізбей қоймайтынын алға тартты. Сарапшы Ресей Федерациясындағы жағдайды мысалға келтіреді.
– Бүгінде Ресейдің бізбен шекаралас өңірлерінде АИ-92 маркалы бензиннің 1 литрі қазақстандық баламасынан 90-100 теңгеге қымбат. Бұл – біздің бензиннің осы елге ағылуына түрткі болатын жайт. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында осындай жағдайларды байқауға болады. Бензин багы орнатылған ауыр жүк көліктері аталған өңірлердің жанармай бекеттерінен жиі жанармай құяды. Мұндай «фураның» біреуі ғана 4 мың тоннан бензинді алып өтіп, ресейлік жанармай құю станцияларына қымбат бағамен сата алады. Бензин бағасының бұл жолғы қымбаттауын «мәжбүрлі шара» деп отырғанымыз осы. Соның арқасында мұнай өндіру мен оны ішкі нарыққа жеткізудің экономикалық тепе-теңдігін қалпына келтіре аламыз. Біздегі бензиннің көрші елдің нарығына ағылуы ешқандай пайда әкелмейтіні айтпаса да түсінікті. Біздің ойымызша, АИ-92 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы бағасы литріне 170-175 теңге болғаны әділетті, – деді сарапшы.
Жанармайдың жоғарылауы базар бағамына да әсері етуі бек мүмкін. Бүгінде сатушылар мен тұтынушылар жанармай бағасының өсуіне байланысты азық-түліктің бағасы да көтеріліп кете ме деп алаңдаулы.
– Көлік жүргізбесек те бензин бағасының шарықтап кеткенін естіп, азық-түлік бағасына да әсер ететінін біліп отырмыз. Өйткені өңірге азық-түліктің 80 пайыздан астамы қара жолмен яғни көлікпен жеткізіледі. Сатушылардың жеке көлігі болса бір сәрі. Барлығы жалдамалы түрде жеткізіледі. Жанармай қымбаттаған соң жеткізушілердің де қызметі қымбаттай түсетіні айдан анық. Бірақ әзірге базардағы баға тұрақты. Бүгінде халықтың сұранысына ие бірнеше тауарлардың бағасына тоқталып кетейін. Цеснаның 5 келі ұны – 1385 теңге, Ақниет элиталы күріштің 5 келісі – 1460 теңге, Мадина макароны – 495 теңге, Монти печенесінің келісі – 595 теңге, тауықтың қанаттарының келісі – 995 теңге. Бірақ бұл бағалар бензиннің қымбаттауына байланысты көтерілуі бек мүмкін, – дейді Сұлтан сауда орталығының сатушысы Мадина Керімжанова.
Көктем шықса егін шаруашылығына ойысатындардың да көңіл күйі күпті. Олай болатыны да заңдылық. Бензин көтерілген сайын дизель отыны да тұрақтамай тұр. Бірақ энергетика вице министрі Әсет Мағауов ауыл шаруашылығымен айналысушыларды алаңдамауға шақырды.
– Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп көктемгі егін жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды МӨЗ-дерге және ресурс ұстаушыларға бекіту кестесін бекіттік. Кесте аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тоннасына 174 000 теңге Павлодар мұнай-химия зауытынан және «Петро Қазақстан ойл Продакс» бағасымен беріледі. Атырау мұнай өңдеу зауытынан тоннасына 172 000 теңгеден жеңілдетілген дизель бөлінеді. Кесте бойынша бағамен 380 мың тонна дизель отыны қарастырылған, – деді вице-министр.
Жоғарыдағы сарапшылардың пікіріне сүйенсек, бензин бағасы жыл соңына дейін тіпті шарықтап кетуі әбден мүмкін. Елімізде жылына 80 млн теңгеден астам мұнай өндіріліп, шикізат және өңделген күйінде шетелге шығарылып, еліміздің бюджетіне қомақты қаржы түсуде. Әрине, еліміздің алға қарыштап дамуына мұнай экспортының қосқан үлесі ерекше. Алайда табиғат-ананың берген байлығын ұтымды пайдалана алмай отырғанымыз қынжылтады.
Ерасыл ШӘРІБЕК
Достарыңызбен бөлісу: |