Қ. Сартқожаұлы,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті
Байырғы түрік жазуы: қағанат идеологиясы
Байырғы түрік бітіг жазуының үлкен ескерткіштерін Күлтегін, Біліге қаған, Тұй-ұқұқ, Күллі-чор, Тэс, Теркін, МШУ мәтіндерінің жасалған уақыты белгілі. Мұнда ағаттық жоққа тән. Ал майда жазуларының хронологиясы, дәуірі шамамен көрсетілген. Тым алыс ағат кетпейді.
Орхон ескерткіштерінің бірі Идер кешенінің тұрғызылған уақытын тиянақтау мәселесі ғылым алдында тұрған міндет. Идер кешенінің құрылымын зерттеген В.Войтов оны І Түрік қағанаты дәуіріне жатқызады (б.з. VI-VII ғ.ғ.) [1.27-28]. Кешеннің сыртқы дәліз жолы (рова), сыртқы қорған, орталық алаң, оған орнатылған барық (храм) қыштары, алаңның батыс жағына орналастырған үйметастың ерекшеліктерін алғашқы Түркі қағанаты дәуірінде тұрғызылған Бұғыты кешенімен салыстыра отырып тұжырымын жасаған. Осы топқа Көшөн-тал және Гэндэн-бұлақ кешендері жатады. Біздің ойымызша, Идер кешенінің дәуірін В.Войтов дұрыс анықтаған. Оны ары қарай тереңдете, уақытын шамамен дәл беру жағын қарастыралық.
Кешенді алғаш рет тауып, бірінші, екінші, үшінші реткі қазба жұмысын өз қолымен жүргізіп, план суретін жасаған осы жолдардың авторы кешеннен табылған ағаш қалдықтарын Улан-Батордағы Монголия ҒА-ның физика және техника ғылыми зерттеу институтының лабораториясына беріп анализ жасатқан еді. Лабораторияның 1982 жылғы 15 желтоқсан күнгі 35 нөмірлі хаттамасында углокорбондық анализ нәтижесі баяндалған. Лаборатория анализі б.з. 560-570 жылдар аралығында жерге көмілген ағаш екенін көрсетті [2.18]. Онымен қатар Идер кешенінен табылған ғибадатхананың (храм) төбесін жапқан қыштарды Қытайдың Сүй, Таң (алғашқы, орта, кейінгі замандағы) дәуірінің жабынқыштарымен салғастыра сараптағанымызда Сүй дәуірінің қыштарына ұқсастығы анықталған-ды. Аталмыш зерттеулер мен сараптамалардың нәтижесіне сүйене отырып Идер кешені б.з. 560-570 жылдары тұрғызылған деген тұжырым жасауға мүмкіндік беріп отыр. 1975, 1978, 1982 жылдары Идер кешенінің ғибадатханасының (храм) орнына қазба жұмысын жүргізген кезде жабынқыштардың сынықтарын кешеннің шығыс оңтүстік жағына тасып төккен едік. Кейін 1999 жылы Монгол-Жапонның біріккен экспедициясының археологтары (Монголия тарапынан А. Очир, Д. Эрдэнбаатар, Жапон тарапынан Т. Хаяши, Шу Такахама, И. Усуки, Т. Меявки, Т. Хатакеяамалар экспедиция құрамында болған) біздің қазба жұмысымыз кезінде күресін етіп төккен қыш сынықтары мен кірпіш сынықтарының бүтін қалғандарын регистрацияға алу үшін сараптама жүргізген. Сол кезде жабынқыш сынығындағы жазуға тап болған [3.88-90]. Осылайша алғашқы Түркі қағанат дәуірінде жазылған жазу бізге жетті.
Идер кешенінен табылған төрт әріп-кескінінен тұратын бұл жалғыз сөз І Түркі қағанат дәуірінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ байырғы түрік бітіг әліпбиін қолданғанын дәлелдеп берді. Б.з. 552-570 жылдары Түрік қағанатының хан тағында Мұхан-қаған отырған-ды. Осы кезеңге байланысты қытай деректері былай дейді: "Түріктерде "вэнь цзи" (жазу) жоқ. Қажетті әскерлер мен ат-көлік, салық, мал санын ағашқа кертіп (кэму), арнайы ораммен орап, балауыз шамның майын тамызып, оның үстіне алтын ұшты жебемен сенім белгісін (синь ци) – мөр басып таңбалайды" (Бэй-ши 99 бөлім, 2057 б.) [4.229; 5.ІІ.97].
Түркілерден сәл бұрын Кіндік Азияда өз билігін жүргізген Жужандар туралы қытай жылнамасында баяндалады. Онда: "Жужандар ағаш кертіп (кэму), болған оқиғаны белгілейді. Сөйтіп, кейінтінде Шу ци (бітіг жазуы) білетін болды. Қазір (б.з. 470 жылы) оларда зиялылар мол" (Сун-шу 95 бөлім). Осы іспеттес ондаған қытай деректерін алға тартуға болады. Олай болса, қытай жылнамаларында белгілеген көшпелі Жужандар мен Түркілердің "шуци" атты жазуы байырғы түрік бітіг жазуы екені бүгінгі күні дәлелденіп отыр [7.27-34].
Бұл нақты деректер Еуропа мен орыс зерттеушілерінің байырғы түрік жазуы II Түркі қағанаты дәуірінде билік басындағылардың жарлығымен қолдана бастаған деген ұшқары тұжырымына тойтарыс береді.
Байырғы түрік жазуының шығу тегіне қалам тартқан зерттеушілер төмендегідей теориялық ағаттықтарға барды. Онда:
-
Түркі халықтары бітіг жазуын б.з. VI-X ғасырлар арасында ғана қолданған.
-
Бітіг жазуы Түркі қағанатының билік басындағылардың тапсырысымен жасалған. Ғасырлар бойы қолданыста болып сұрыпталмаған, жалғасын тауып дәстүрге айналмаған, уақытша акт іспеттес жоғарыдан таңған дүние [10.49-53].
-
Б.з. VI-VIIғ.ғ-ға дейін түрік бітіг жазуы болмаған деген тұжырым жасап келді.
Ежелгі және байырғы түріктердің шығармашылық потенциалын мүлдем жоққа шығарып, сол арқылы түрік өркениеті деген ұғымды әлем тарихынан сызып тастауды ойластырған бағытта болды. бҰл қорытындыға Г. Клоссон, В.А. Ливщиц, А.М. Щербактардың төмендегі тұжырымдары дәлел бола алады. Г. Клоссон: "…рунического письма как единновременном акт" [8.42]. В.А. Ливщиц: "Представляется вероятным, что руника возникла в результате единовременной сознательной обработки согдийского алфавита, а не как следствие его длительной стихийной трансформации" [9.9], - десе, А.М. Щербак ол екеуінен де асып "…и прежде всего потому, что, выделяясь четкой отработанностью, устойчивостью, наличием относительно строгих орфографических норм, она вместо с тем содержит явно нарочитые, не продиктованные принципиальными соображениями эпизодические отступления от норм издержки. Безусловно, руническая письменность изменялись, но не в направлении упорядочения и совершенствования, а в сторону деградации и полного исчезновения, так как не было обычной графической системой и не была, вообще, единственной системой письма у древних тюрок. …руника была обречена на полное исчезновение, в частности и потому, что структурные особенности ее знаков являлись непреодолимым барьером на пути преобразования курсивное письмо" [10.43], - дейді.
Монголиядан табылған Бұғыты кешеніндегі соғды жазуын (б.з. 580 жыл) Сэврэ (Өмнө-гобь аймағы), Орда-балық ескерткішіндегі (б.з. 832 жыл) соғды жазуларын сөйлете отырып, С.Г. Кляшторный, В.И. Левшицтер ұсынған I Түркі қағанаты тек қана соғды жазуын қолданған, оларға (түріктерге) мәдениетті соғдылар әкелген деген тұжырымына осыдан былай сын көзбен қарауға Идер жазуы дәлел бола алады.
Жоғарыдағы зерттеушілердің дерек ретінде алға тартып отырған ескерткіштері бір ғана соғды жазуымен жазылған болса солай айтуға болар еді. Ақиқатында, ол ескерткіштегі мәтіндер екіден үш түрлі графикамен жазылған. Бұғыты мәтіні брахми, соғды; Сэврэ мәтіні түрік бітіг жазуы мен соғды, Орда-балық мәтіні Қытай, Орхон түркі бітіг графикасымен және сол тілдерде жазылған. Соғды, қытай, брахми мәтіндер түрік тілінде емес, әрқайсысы аталмыш тілде жазылған. Ал Күйіс-толғай мәтіні (б.з. V-VI ғ.ғ.) бір ғана брахми графикасымен жазылған. Мұны дерек ретінде қабылдаған жөн, әрине. Бірақ байырғы түріктер брахми тілінде сөйлеп, сол тілде жазу сызуын, іс-әрекетін жүргізген деген қорытынды жасау ағаттық болар еді.
Б.з.б. ХІV-ХІІ ғасырдан бас алған ежелгі және байырғы түрік бітіг үлгілерінен Орхон жазу үлгісінің ерекшелігі қандай деген сұрақ туады?
Б.з.б. XIV-X ғ.ғ. жасалған "Сарөзен I", б.з.б. VIII-III ғ.ғ. аралығында қолданыста болған сақ (скиф= іч-оғуз), "Сарөзен II", Хунну таңбалары мен жазулары, Орта Азия, Еуропа, Алтай, Оңтүстік Енисей жазуларымен салғастыра қарағанымызда төмендегі ерекшелік анық байқалады [7.89-179]:
1. Алғашқы кезеңдерде (б.з.б. XIV-III ғ.ғ.) таңба орнына қолданған кескіндер сұрыпталып, артық-ауыс сызықтары алынып тасталып, Хунну дәуіріне жеткенде фонемограммалық формаға түскен [7.89-132].
2. Алғашқы кезеңде таңба кескінінде логографиялық сипат басым болса, Орхон дәуірінде одан арылған [7.130-132].
3. Алтай жазу вариантына дейінгі әріп кескіндерінде екі дыбысты беретін буындық таңбалар 30-дан астам болса, Орхон дәуірінде ⊙ (nt/nd), (ld/lt), (nč), (oq/qu), , в (ök/ük), Δ (yq/qy), (eb) деген жеті-ақ кескін қалған. Ол кескіндердің өзі түрік грамматикасының кейбір ерекшеліктерін қамту үшін қолданыста болған. Мысалы: , , кескіндердің созылыңқы дауысты беруге қолданған. ⊙, , кескіндерін түбір морфем үшін қолданып отырған.
4. Идер кешенінің (б.з. 560-570 ж.ж.) жазуынан бастап Орда-балық мәтініне (б.з. 832 ж.ж.) дейінгі барлық жазуларда түрік тілінің сингармонизм заңдылығын ұстана отырып, дауыссыз дыбыстарды жуан және жіңішке айтылу ерекшелігіне сай әріп кескіндерін айырып қолданған [7.153-160].
5. Түріктердің шығысы Сарөзеннен, батысы Дунайға дейін 10000 км, оңтүстігі Тәңіртаудан солтүстігі Сібірге дейін 5000 км аралықта әр түрлі диалектіде сөйлеген. Осы алып Еуразия құрлығын мекен еткен әр түрлі диалектіде сөйлейтін түркі халықтарының тілдік негізгі сипатын, ерекшелігін, тілдік спецификасын байырғы түркі әліпбиіне сіңіріп бере алған.
6. Дыбыс жүйесі, оның түрлері, сөйлем құрау ерекшелігі немесе сөйлем жүйесін көрсете отырып, тілдің грамматикалық құрлысын тұтас бір жүйе ретінде ұстанып, дәстүрлік байырғы түрік канонын жасаған.
7. Сөз арасын бөліп беретін қос нүкте барлық жазуларда сақталған.
8. Майда жазуларда Алтай, Енисей, Талас жазуларындай жүйесіздік байқалмайды. Әрбір әріп кескіндері, жазу жолдары өз-өз орнында.
Бұл ерекшеліктер жоғарыда қытай жылнамаларында, деректерде көрсеткеніндей "түркі зиялылары жеткілікті дайындықта, сауатты болғанын" (Вэй шу. 425.1.1; Сүй-шу 95 бөлім) дәлелдейді.
Қорыта айтсақ, қайнар көзі сонау "Сарөзен I"-ден бас алған (логограмма) байырғы түрік бітіг жазуы Орхон кезеңіне жеткен кезде іргелі реформа жасалғанын жоғарыдағы аталмыш ерекшеліктер көрсетіп отыр.
Іргелі реформа жасаудың саяси және әлеуметтік алғы шарты не болды дегенге қысқаша тоқтала кетелік. Бұмын қаған 545 жылдары түрік текті, аса қуатты тайпалар бірлестігі Тоғыз-Оғузды қол астына қаратып алады. Тоғыз-Оғуз конфедерациясы батысы Ханғай, шығысы Кентай жотасы, солтүстік батысы Байқал көлі, оңтүстігі Ұлы Гоби – Ұлы қорған аралығында немесе 100-110 бойлық, 40-52 ендікте мекен еткен қуатты, әрі адам саны мол, жылқыға аса бай қауымдастық еді. Тоғыз-Оғуздарды біріктіріп алғаннан кейін Бұмын қағанның күш қуаты толысып, өздеріне иелік етіп отырған Жужаньдарға қыр көрсете бастайды. Сөйтіп, 551 жылы Жужаньдарды талқандап, Орталық Азияға Түркі қағанатын орнатып, таққа Ел-етміш қаған деген атпен отырды [5.94-95]. Сол жылы Бұмын қаған дүние салады. Орын тағына Істемі қаған отырады. Істемі қаған билік еткен 2 жылда батысқа жорық жасап, Алтайдан Хазар теңізіне дейінгі шығыс, батыс Түркістанды жаулап алады. Батыс түріктердің өзі бір қағанат көлеміндегі ел болғандықтан Істемі қаған Византия тарихшысы Феофлакт Симокаттаның жазбасында Стемби-Каган (Істемі қаған) деген лауазыммен, Еуропа тарихшыларының жазбасында Дизабул деген атпен Батыс түркі елін билейді. Оның інісі Иркин 553 жылдан, Мухан қаған деген атпен Түрік қағанатының қаған орын тағына отырады.
Мухан қаған дәуірінде қағанат территориясы бұрынғыдан да ұлғаяды. Шығыста отыз-татар (монголдар), татабылар, қидандарды қоластына қаратып, Корей шығанағына дейінгі жерлерді, ондағы халықтарды бағындырады. Оңтүстігінде Ұлы қорғанға дейінгі түркі, монгол, тибет, танғут тайпаларын, батыста Эфтелиттерді (Евті-елі), солтүстікте қырғыз, құрханды қосып алды. Ел басқару жүйесін жаңадан жасап, ічрекі (орталық-ордалық), тардуш (оң қанат), төлес (сол қанат) деп қағанатты әкімшіліктік үш бөлімге бөледі. Тардуш қанатының басшылығын ябғу, төлес қанатының басшылығына шад лауазым береді. Қағанат басшылығындағыларға иерархиялық жүйемен 28 дәрежеде лауазым белгілейді. Армиясын нығайтады. Қарапайым жауынгерлерді "бөрі" деп атап, сүлделі байрақ, бөрі басты ту көтереді [6.96-97]. Ұлттың бас идеологиясы етіп Бөгү дінін (тәңіршілдік) ұстанады. Міне, осындай түбегейлі саяси, әлеуметтік өзгерістер қағанатты, халықты кемелдендірді, ұлттық әліпби реформасын дүниеге әкелді.
Қағанаттың шығыс, оңтүстік, оңтүстік батыс территориясындағы халықтардың көпшілігі егін шаруашылығымен, солтүстік жағындағы халықтар мал және аң шаруашылығымен айналысқан. Осындай алып аймақты бір тақтың қол астында ұстап, салық жинап, қауіпсіздігін қорғау Елбасы Мұхан қағанның иығына түскен ауыр жүк еді.
Бұл ауыр жүкті аттың жалы мен түйенің қомында жүріп, қанжар мен қылыш, сүңгі мен найзаның күшімен ұйыстырып ұстау мүмкін емес. Жоғарыдағы қытай жылнамаларында қадап көрсеткеніндей сауатты, мол зиялылардың қоғамдық белсенділігі мен еңбегі, олардың ұлтжандылығы мен жанкештілігі аса үлкен көмек болған болар. Оның сыртында шығысында ұлы қытай, оңтүстігінде сауатты тибеттер мен таңғыттар, оңтүстік батысында мыңжылдық мәдениет иесі үнділер, Памир мен Сырдың сыртындағы парсылар, батыстағы византиялықтар, таяу шығыстағы арабтардың басқыншылығынан зардап шегіп Жетісуға кіріп келген кірме соғдылардың қай-қайсысы да сауаттанған халықтар. Міне, солардың мәдениеті, үлгісі, зиялыларының еңбегі үлкен рөл атқарғанын жоққа шығара алмаймыз.
Алып аймақты алақанында ұстап отырған Ұлы қағанат (империя) алым-салық, ішкі, сыртқы қатынасты, сауда-саттық, алым-берімді хаттап-шоттап белгілеп отыратын ұлттық жазу-сызуына реформа жасауға кіріскен. Ол әліпбиі батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстіктегі әр түрлі диалектіде сөйлейтін түркі халықтарына ортақ, әрі дыбыс иіріміне сай, бір жүйелілікті ұстанған болуы өмір қажеттілігінен туындаған заңдылық. Әр түрлі диалектіде сөйлейтін түркі халықтарының фонетикалық ерекшелігін терең зерттеп, зерделеген. Соның нәтижесінде қай-қайсысы да өз диалектісінде оқи беретіндей етіп, фонетикасындағы дыбыстардың ерекшелігін әріп кескіндеріне сіңіріп берген. a, e= бір кескінмен; o, u= кескінмен; y, i= деген; ö, ü= деген кескіндермен бере отырып, кескінмен j (û), ž (ж), кескінмен ld/lt; ⊙ кескінмен nd/nt, ⋈ кескінмен rd/rt дыбыстарды белгілеген. Onda=onta; aldy=alty; boldy=bolty; bodun=budun; ötüken=ütünken; jer=jir/zer т.т. оқып кетуге ыңғайлы жасаған (толығы фонетика бөлімінде). Сондықтан да, байырғы түрік бітіг алфавиті түріктердің, түркі тектілердің бір ғана жазуы болғандықтан, осы құдіретті қару арқылы бүкіл түркілердің рухани бірлігін, дүниетанымдық бірлігін қалыптастыруды мұрат тұтып, әріп кескіндерінен бастап бір жүйеге келтірген. Билік жүргізуші Қағанат тілі – Түркі-қыпшақ тілі алып бәйтеректің діңі іспетті асқақтаса, жан-жағынан түркі диалектілері бәйтеректің бұтағындай самсып, сән түзей мәуелеп, бүкіл түркі этносының бай тілін қалыптастыруды сонау елең-алаң ерте орта ғасырда Істемі, Мұхан қағандар осылайша ойлап, іске асыруды ұйымдастыра білген екен. Осы қажеттілікке жауап беріп, ел тізгінін берік ұстай отырып, ежелден келе жатқан байырғы түрік бітіг жазуына билік тарапынан реформа енгізу тапсырылып, іске асқан сияқты.
Алғашқы кезеңдегі қоғам қажеттілігін, сұранысын жақсы түсінген батыстың зерттеушілері, дәл сол дәуірде байырғы түрік бітіг жазуы жаңадан жасалған деген түсінікке берік әрі мығым аяқ тіреді. Соның нәтижесінде төмендегі ұшқары тұжырымдар жасалды. Г. Клоссон: "Поэтому мы пришли к выводу, что он (ДТР-Қ.С.) был создан по приказу какого-либо тюркского правителя в административных целях и, возможно, в большей степени в целях коммуникативных, чем делопроизводства" [8.136] десе, В.А. Лившиц ұсынған тұжырым мынау: "Представляется вероятным, что руника возникла в результате единовременной сознательной обработки согдийского алфавита, а не как следствие его длительной стихийной трансформации" [9.9]. Бұл ғалымдар "жасалуы", "пайда болуы" (возникла) деген етістіктердің орнына "реформа жасалды" десе ешкім қарсы болмас еді. В.А. Лившиц айтып отырғандай "стихийной трансформации" емес, "длительной традиции" болғанына көңіл бөлмеген. Сонау "Сарөзен I, II" [7], Тэвш-уыл [11.216], Шірік-Рабат, Қойқырылған қала, Есік жазулары бұл зерттеушілердің көзіне де қонақтай қоймаған.
Сөйтіп, қағанат (империя) құрылғаннан соң ел есін жиды. Бұрын Қытай, Жужан іспетті империялар мен хандықтың қоластында, рухани езгіде келсе, енді елдің еңсесі көтеріліп, өзіне-өзі келе бастады. Ішпен, сыртпен мәдени байланыс, алыс-беріс күшейді. Халықтың әл-ауқаты да көтеріле бастады.
Міне, осының бәрі түркілік салт-дәстүрді жандандырып, өзгенің алдында ұлттық құндылықтарын көрсетіп, ұлт мәдениетін жасаудың алғы шарттарын пайда болдырды.
Елдің шекарасын кеңейту, орталық ордасын орнату, мәдени-рухани құндылықтарын жаңалап жандандыру сияқты түбегейлі реформалардың барлығы Мұхан қаған ел билеген заманда іске асты.
Түркілердің астанасы болған Орда-балықтан табылған керамикаларды зерттеген ғалым С.В. Киселев Таң империясының алғашқы кезеңіне дөп келетінін анықтаған. Таң империясының алғашқы кезеңнің керамикалары оның алдындағы Сүй империясынікімен бірдей. Олай болса, Орда-балық қаласын I Түрік қағанат заманынан тұрғыза бастаған. Кейін II Түрік қағанат астанасы болды. 750-760 жылдары Біріккен түркі қағанат дәуірінде Ел-етміш Біліге Тұр-айын қағанның жарлығымен соғды, қытай құрлысшыларын алып келіп, қаланы ұлғайтып, жаңғыртты (МШУ IV.7).
Онымен қатар Еуразия көшпелілерінің ата діні Бөгү дінінің беделін көтеріп, реформа жүргізді. Байырғы Түркі қағанатына дейін бөгү діншілдері тауға, үңгірге барып мінәжат етіп тұрған-ды. I Түркі қағанат дәуірінде Мұхан қаған халықтың тәу ететін Бөгү дінінің барықтарын (ғибадатхана) молдап тұрғыза бастаған. Ол ғибадатханалардың орны бүгінгі күнге дейін сақталған. Олар монгол жеріндегі Көшөн-тал, Идер, Сэвжүл, Хүнүй-ғол, Қазақстанның Тарбағатайдағы 6 ғибадатхана (барық), Ақсуаттағы 8 ғибадатхана, т.т. жүздеген ғибадатханаларды айтуға болады. Дін – ұлттың, елдің алтын бағынасы, тұғыр идеологиясы. Ұлттық идеологиясыз ұлттық мемлекет тұрақты болмайтыны түсінікті. Сондықтан Дін институтын бекемдеу үшін Мұхан қаған осындай реформаға барған. Империя орнатып отырған бүкіл халықтық дін өзіндік институтынсыз өмір сүрмейді. Ол институттың іргетасы – жазу. Міне, осындай алғышарттар ежелден келе жатқан байырғы түрік бітіг жазуына реформа жасауға әкелді. Будда – тибет жазуын, Иудей – еврей жазуын, Християн – латын жазуын, Ислам – араб жазуын, Мани – манихей жазуын, Копт – грек жазуын қалыптастыруды тездетсе, дәл осы белгілі діндер іспетті Еуразия көшпелілерінің Бөгү діні байырғы түркі әліпбиін (бітіг) әлемге алып шықты.
Әдебиеттер
-
Войтов В. Древнетюркский понтеон и модель мироздания. -М., 1996.
-
Харжаубай С. 1981-1983 оны хээрийн шинжилгээний тайлан // ТХГБС.
-
Очир А., Эрдэнэбат У. Цэцуухийн бичээс // SA. 1999. Т.Х. -С. 88-90.
-
Бичурин Н.Я. (Иакниф). Собрание сведений о народах, обитавщих в Средней Азии в древних времена. Т.І. -М-Л., 1950.
-
Жунго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. -Пекин, 2003. Т.І, ІІ.
-
Зуев Ю.А. Ранние тюрки: очерки история и идеологии. -А., 2002.
-
Сартқожаұлы Қ. Байырғы түрік жазуының генезисі. -Астана, 2007.
-
Клосон Дж. Происхождение тюркского рунического алфавита // Зарубежная тюркология. -М., 1986.
-
Ливщиц В.А. О происхождении древнетюркской рунической письменности // Археологические исследования древнего и средневекого Казахстана. -А-А., 1980. -С.3-13.
-
Щербак А.М. Тюркская руника. СПб. 2001.
-
Окладников А.П. Петроглифы Центральной Азии. -Л., 1980.
Қысқартылған атаулар
МШУ – Могойн Шинэ-ус ұстыны
SA – Studia arсһеоlogika
ТХГБС – Туухийн хурээлэнгийн гарбичмэлийн сан (Монғолия тарих институтының
қолжазба қоры).
Достарыңызбен бөлісу: |