- Албасты - су тылсымына байланысты әзәзіл пері. Албастылар өзен-көлдердің маңайын мекен етіп, ақ шашы жалбыраған, емшегі арқасынан асып салбыраған ұсқынсыз әйел кейпінде көрінеді. Әдетте, ол жағалауда жайбарақат шашын тарап отырады. Албастылар жансыз заттар мен жануарлар кейпіне енеді деген нанымдар бар. Ең қаскүнем зиянкес албастылар қара, қалғандары сары болады. Олардың қолында әрқашан да сиқырлы кітап, тарақ, күміс теңге жүреді. Албастының күйеуі – әзәзіл Теміртөс сайтан. Ол – орманда мекендейтін пері. Албастылар адамның түсіне еніп, шошытып, ауруға шалдықтырады. Әсіресе, жас босанған әйелдер мен жаңа туған сәбилерге өш.
Жезтырнақ - Жезтырнақ – имек жез мұрынды, үлкен жез тырнақты, сұлу жас әйел кейпіндегі жын-пері тектес мақұлық. Жезтырнақ ғаламат зор қара күш иесі, ащы даусы жер жаңғырықтырады. Өзінің айқайымен ол құстар мен ұсақ хайуанаттарды өлтіре береді. Кейбір мифтік ертегілерде жолы болғыш аңшылар жезтырнақтарды айламен жеңеді. Сондай аңыздардың бірінде іңір қараңғысында бір жас келіншектің алаулатып от жағып отырған аңшының қасына келгені баяндалады. Аңшы оны дәмге шақырады. Ол үнемі, тіпті тамақ жеп отырғанда да мұрнын жеңімен көлегейлей бергеніне қарап әйелдің пері екенін аңғарады. Әйел кеткеннен кейін аңшы оттың қасына бөрене тастап, оны өз киімімен жабады да, мылтығын оқтап, ағаш басына шығады. Түнде жезтырнақ қайтып келіп, бөренені тарпа бас салады, тырнағы ағашқа бойлай кіріп кетеді. Сол кезде аңшы әзәзілді дәл көздеп атып өлтіреді.
Музыка тарихына шолу - Көшпелілердің музыкалық мәдениетінің тамыры өте тереңде жатыр. Жартастардағы суреттерден билеп жүрген адамдардың, таяққа ілінген сылдырмақтарда ойнап тұрған адам бейнелерін кездестіруге болады. Әсілі, көшпелілердегі ең көне музыкалық аспаптар — ұрмалы даңғыра, құрайдан жасалған үрмелі сыбызғы, ілмелі-шертпелі қобыз, домбыра іспеттес қарапайым аспаптар болған. Эпостардағы "адырнасын ала өгіздей мөңіреткен" деп келетін жыр жолдары өнерпаз жауынгердің садағының адырнасын іркіп- тартып музыкалық үн шығаратынын білдірсе керек. Орталық Азия, Сібір, Тибет халықтарында бүгінге дейін кездесетін бір ішекті қобыз осы музыкалық аспаптың көне түрі болуы мүмкін.
- Көне Хорезм жеріндегі Қойкырылған қала деп аталатын дөңгелек бекіністен домбыра сияқты екі ішекті аспапта ойнап отырған адамдардың бейнесі табылған. Зерттеушілердің ойынша, бұл домбыраның көне түрі. Академик В.В.Виноградовтың пікірінше, қазақтың домбырасы мен қырғыздың қобызы сиякты аспап кем дегенде бүдан екі мың жыл бүрын пайда болған, қазақтың қобызы осы күнгі виолончель, скрипкалардың арғы атасы.
Достарыңызбен бөлісу: |